Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w01 1.6. 23—29 бет.
  • Шынайы мәсіхшілік құдіретін көрсетуде!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Шынайы мәсіхшілік құдіретін көрсетуде!
  • 2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Бүгінде Құдай сөзінің өсуі
  • Киелі рухтың бүгінгі күнгі әрекеті
  • Құдай сөзі құлшыныспен қызмет етуге талпындырады
  • Құдайдың сүйіспеншілігі құдіретін көрсетуі керек
  • ‘Құдай сөзі кеңінен тарады’
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Барлық ұлттарға куәлік ету
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
  • Шынайы мәсіхшілердің барлығы да ізгі хабарды уағыздаушылар
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w01 1.6. 23—29 бет.

Шынайы мәсіхшілік құдіретін көрсетуде!

“Иеміздің Ізгі хабары [Ехобаның сөзі, ЖД] осылай кең тарап, құдіретін көрсетті” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 19:20).

1. Мәсіхшіліктің бірінші ғасырда қалай тарағанын суреттеп беріңдерші.

КИЕЛІ РУХТЫҢ күшінің арқасында ертедегі мәсіхшілер Құдай сөзін зор құлшыныспен жариялаған. Бір тарихшы былай деп жазды: “Мәсіхшілік Рим империясында таңғаларлық жылдамдықпен тарады. Жүзінші жылы Жерорта теңізінің бойында орналасқан ауыл-аймақтардың бәрінде мәсіхшілердің қауымдары бар болған болса керек”.

2. Шайтан ізгі хабарға нені қарсы қойды және бұл қалай алдын ала айтылған еді?

2 Шайтан Ібіліс ертедегі мәсіхшілердің уағызын тоқтата алмаған. Бірақ ол ізгі хабардың игі әсеріне басқа нәрсені, атап айтқанда жолдан таюшылықты қарсы қойды. Иса бидай мен бидайық туралы астарлы әңгімесінде жолдан таюшылықтың орын алатынын алдын ала айтқан болатын (Матай 13:24—30, 36—43). Елші Петір де қауымдардан жалған ұстаздар шығып, қауіпті секталардың пайда болатынын ескерткен (2 Петір 2:1—3). Сол сияқты, елші Пауыл да Ехобаның күні келердің алдында жолдан таюшылықтың орын алатынын анық ескерткен болатын (2 Салониқалықтарға 2:1—3).

3. Елшілер дүниеден өткеннен кейін не болды?

3 Елшілер дүниеден өткеннен кейін, Құдайға сенбейтін халықтардың ілімдері мен пәлсапалары ізгі хабарды көмескілендіріп жіберді. Алдын ала айтылғандай, жалған ұстаздар шынайы ілімді бұрмалап, ластап жіберді. Біртіндеп шынайы мәсіхшілікті христиан әлемі деп аталатын мәсіхшіліктің жалған түрі ығыстырып тастады. Киелі кітапты қарапайым адамдардың қолы жетпейтіндей етіп ұстауға тырысатын дінбасылар табы пайда болды. Өздерін мәсіхшіміз деп атаушылардың саны өсіп жатты, бірақ олардың мінажаты таза емес еді. Христиан әлемі аймақтық жағынан да өсіп, құдіретті институтқа және бүкіл Батыстың мәдениетіне әсер ететін күшке айналды, сөйтсе де онда Құдайдың батасы да, рухы да жоқ болатын.

4. Құдайдың ниетінің орындалуына қатысты Шайтанның жоспары неге сәтсіз болды?

4 Ехобаның ниетінің орындалуына кедергі жасауға қатысты Шайтанның жоспары жүзеге аспады. Тіпті жолдан таюшылықтың қара түнегі басқан уақыт аралығында да шынайы мәсіхшілікті ұстанушылар болды. Киелі кітаптың көшірмелерін жасайтындар қате жібермеуге бар күштерін салды. Сол себепті өздерін тәлім беруге қақысы бар деп есептейтіндер Киелі кітаптағы мәліметтің мағынасын бұрмалағанмен, негізінде, Киелі кітаптың өзі өзгертілген жоқ. Иероним, Тиндаль сияқты ғалымдар ғасырлар бойы Құдай Сөзін батылдықпен аударып, таратқан. Миллиондаған адамдар Киелі кітаппен, сондай-ақ, шынайы болмаса да, мәсіхшілікпен танысты.

5. ‘Шынайы білімге’ қатысты Даниял пайғамбар алдын ала не айтты?

5 Ақыр аяғында, Даниял кітабында алдын ала айтылғандай, “шынайы білім көбейді”. Бұл — ‘заманның ақырында’, яғни біз өмір сүріп жатқан уақытта, жүзеге асты (Даниял 12:4, ЖД). Дүние жүзіндегі ақиқатты сүйетін адамдардың шынайы Құдай жөнінде және оның еркі жөнінде тура білім алуына киелі рух мүмкіндік беріп отыр. Ғасырлар бойы жолдан таюшылардың ілімдері жер дүниені жайлағанымен, Құдай сөзі құдіретін көрсетуде! Бүгінгі күні ізгі хабар жер жаһанда жарияланып, адамдарға керемет жаңа дүниеге деген үміт беруде (Забур 36:11). Ал енді қазіргі уақытта Құдай сөзінің қалай өскенін қарастырып көрейікші.

Бүгінде Құдай сөзінің өсуі

6. 1914 жылдың қарсаңында Киелі кітапты Зерттеушілер қандай шындықтарды түсінді?

6 XIX ғасырдың аяғына таман Киелі кітаптағы шындық қазір Ехоба Куәгерлері ретінде белгілі Киелі кітапты Зерттеушілердің шағын тобына дем берген болатын. 1914 жылы Киелі кітап олар үшін жанданды. Олар Құдайдың еркіне қатысты керемет шындықтарды түсінді. Ехобаның сүйіспеншілікпен Ұлын жерге жіберіп, осылайша мәңгілік өмірге жол ашқаны оларға қатты әсер етті. Сонымен қатар олар Ехобаның есімін біліп, оны терең қастерлей бастады, Оның қандай тұлға екенін түсінді. Бұдан кейін олар ‘Құдайға сенбейтін халықтардың дәуренінің’ аяқталғанын, ал бұл болса адамзатқа батасын төгетін Құдай Патшалығының орнайтын уақыты жақын екендігінің белгісі болғанын түсінді (Лұқа 21:24). Қандай керемет ізгі хабар десеңші! Осы күшті шындықты барлығына және барлық жерде жариялау керек болатын. Өйткені әңгіме адамдардың өмірі жайында болып отыр ғой!

7. Бүгінгі күні Киелі кітаптағы шындық қалай құдіретін көрсетуде?

7 Киелі рухпен майланған сол азғантай мәсіхшілерге Ехоба батасын берді. Бүгінгі күні шынайы мәсіхшілікті қабылдағандардың саны алты миллионнан асты. Құдай сөзі аймақтық жағынан да өсті: қазір 235 елде Ехоба Куәгерлері бар. Оның үстіне, Киелі кітаптағы шындық барлық діни және басқа да қарсылықтардың үстінен құдіретін көрсетті. Уағыздау жұмысының көлемді түрде атқарылып жатқаны — Исаның Патша ретінде қатысып отырғанының бұлтартпайтын дәлелдерінің бірі (Матай 24:3, 14).

8. Ехоба Куәгерлерінің өсімі жөнінде кейбіреулер не деді?

8 Тарихшылар бірінші ғасырда мәсіхшіліктің керемет түрде өскенін қалай ескеріп өткен болса, Ехобаның халқының бүгінгі күнгі өсімі жөнінде де көптеген ғалымдар өз пікірлерін айтуда. Құрама штаттарда екі ғалым, бір басылымның авторлары, былай деп жазды: “Соңғы жетпіс бес жыл аралығында Ехоба Куәгерлері таңғаларлық жылдамдықпен өсті... және де дүние жүзі бойынша солай болды”. Шығыс Африкада шығатын бір басылымда Ехоба Куәгерлерін “дүние жүзіндегі ең жылдам өсіп жатқан және аса сыйлы, барлық жерде Киелі кітаптағы ілімді берік ұстанатын дін” деп атаған. Сондай-ақ Еуропада басылып шығатын консервативтік католик журналында “Ехоба Куәгерлерінің үлкен өсімі” жөнінде айтылған болатын. Мұндай өсім ненің арқасында мүмкін болды екен?

Киелі рухтың бүгінгі күнгі әрекеті

9. а) Бүгінгі күні Құдай сөзінің құдіретін көрсетіп жатқандығының басты себебі неде? ә) Ехоба адамдарды өзіне қалай жақындатып тартады?

9 Бірінші ғасырдағыдай, бүгінгі күні Құдай сөзі ең алдымен Ехобаның киелі рухының арқасында құдіретін көрсетуде. Иса былай деген: “Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады” (Жохан 6:44). Бұдан мынадай тұжырым жасауға болады: Ехоба оң ниетті адамдардың жүректеріне үн қатып, оларды қамқорлықпен өзіне жақындатып тартады. Өзінің Куәгерлерінің уағыздау ісі арқылы Ехоба ‘барлық халықтардан қалаулыларды’, яғни бүкіл жер бетіндегі қой іспетті момын адамдарды, өзіне қызмет етуге шақыруда (Нағай 2:6, 7, ЖД).

10. Құдайдың сөзіне қандай-қандай адамдар құлақ асқан?

10 Киелі рух Құдай сөзін жер жүзіне тарату үшін Құдай халқына күш қана беріп қойған жоқ, сондай-ақ алуан түрлі адамдарды ізгі хабарға құлақ асуға талпындырды. Құдай сөзін қабыл алғандардың арасында “әрбір ұлттан, халықтан, тілден” шыққандар бар (Аян 5:9; 7:9, 10). Сондай-ақ олардың арасында байлар да, кедейлер де, жоғары білімі барлар да, сауаты жоқтар да бар. Біреулері Құдай сөзін соғыс немесе қуғын кезеңінде қабыл алса, басқалары бейбіт әрі берекелі кезеңде қабыл алған. Ізгі хабарға түрлі үкімет басшылығының қол астында, мәдениеті алуан түрлі елдерде, концлагерьлер мен салтанатты сарайларда ер кісілер мен әйелдер құлақ асқан.

11. Киелі рух Құдайдың қызметшілеріне қалай ықпал етуде және бүгінгі күні қандай айырмашылық айқын көрінеді?

11 Құдайдың халқы осындай алуан түрлі адамдардан тұратындығына қарамастан, бір-бірімен ынтымақта (Забур 132:1—3). Бұл да Құдайға қызмет етіп жүргендердің бойында киелі рухтың әрекет етіп жатқандығының дәлелі. Құдайдың қызметшілері сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, сондай-ақ басқа да игі қасиеттерді танытулары үшін Құдайдың рухы оларға қатты ықпал етеді (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Бүгінгі күні біз осыдан көп уақыт бұрын Мика пайғамбар алдын ала жазып кеткен пайғамбарлықтың орындалып жатқанын анық көріп отырмыз: “Әділ мен әділетсіздің, Құдайға қызмет ететін адам мен Оған қызмет етпейтін адамның айырмашылығын... көресіңдер” (Малахия 3:18).

Құдай сөзі құлшыныспен қызмет етуге талпындырады

12. Ехоба Куәгерлерінің ізгі хабарды тарату ісіне деген ынтасы қандай және олар өздері атқарып жүрген уағыздау ісін өзгелер қалай қабылдайды деп күтеді?

12 Бүгінгі күнгі Ехоба Куәгерлері — шіркеудің енжар келіп-кетушілері емес. Олар уағыздау ісіне белсенді түрде қатысады. Ертедегі мәсіхшілер сияқты, Патшалыққа қатысты Ехобаның уәделері жөнінде өзге адамдардың көбірек білулеріне көмектесуге тырысып, олар да Құдайдың еркін бар ынталарымен орындайды. Олар киелі рухтың әрекетіне сәйкес Ехобаға қызмет еткісі келетіндерді жинап Құдаймен бірге еңбектеніп жүр. Бұнысымен олар Ехобаның сенбейтіндерге көрсетіп отырған мейірімділігі мен сүйіспеншілігіне еліктейді. Олар мұны адамдардың немқұрайдылығына, келемеждеуі мен қуғындауына қарамай істеуде. Иса өзінің ізбасарларын адамдардың ізгі хабарды әр түрлі қабылдайтындығына дайындаған болатын. Ол былай деді: “Құл қожайынынан үлкен емес”. Мені қудалаған болса, сендерді де қудалайды. Менің сөздерімді ұстанған болса, сендердің де сөздеріңді ұстанатын болады” (Жохан 15:20).

13. Христиан әлеміне жетіспейтін қандай қасиеттер Ехоба Куәгерлерінен анық көрінеді?

13 Ехоба Куәгерлері мен мәсіхшілікті бірінші ғасырда қабылдағандардың арасындағы ұқсастық таңғалдырады. Сол сияқты, Ехоба Куәгерлері мен христиан әлемінің арасындағы айырмашылық та таң-тамаша қалдырады. Бір ғалым ертедегі мәсіхшілердің уағыздау ісіндегі құлшынысы жөнінде жаза келіп, былай деп шағынады: “Егер бүгінгі шіркеудің өміріне уағыздау ісі шомылдыру рәсімінен өткен әрбір мәсіхшінің міндетіне қайта айналатындай етіп, әрі соған сәйкес олардың өмірі сенбейтіндердікінен әлдеқайда салауатты болатындай етіп өзгеріс енгізбесе, біздің алға басуымыз екіталай”. Христиан әлеміне жетіспейтін қасиеттер Ехоба Куәгерлерінен анық көрінеді! Олардың сенімі тірі, шынайы, әрі Киелі кітаптағы шындыққа негізделген, сонымен қатар олар оны бар ынталарымен тыңдағысы келгендердің бәріне айтады (1 Тімотеге 2:3, 4).

14. Иса өзінің қызметіне қалай қараған және бүгінгі күнгі оның шәкірттері қандай көзқарас танытып жүр?

14 Иса қызметіне шындап көңіл қоятын, әрі ол Иса үшін бірінші орында болатын. Иса Пилатқа былай деген: “[Мен] шындыққа куәлік ету үшін осы дүниеге келдім” (Жохан 18:37, сілтемені қара). Құдайдың халқы да қызметтеріне тура осылай көңіл қоюда. Құдайдың қызметшілері Киелі кітаптағы шындықты жүректерінде сақтап, онымен мүмкіндігінше көп адамдармен бөлісу үшін түрлі әдістерді іздейді. Кейде мұндай әдістерден асқан тапқырлық байқалады.

15. Ізгі хабарды жариялауда Ехоба Куәгерлері қалай тапқырлық көрсеткен?

15 Оңтүстік Америка елдерінің бірінде Куәгерлер Амазонка өзенінің салаларының бірімен төмен қарай жылжып отырып адамдарға шындық жөнінде айтатын. Бірақ 1995 жылы елде тәртіпсіздіктер орнап, жай адамдарға өзенмен жүруге тыйым салынады. Киелі кітапқа негізделген басылымдармен әрі қарай да қызығушыларды қамтамасыз етуге белдерін бекем буған Куәгерлер оларды өзеннің ағысымен жібере бастайды. Олар хат жазып, сосын оны “Күзет мұнарасы” және “Ояныңдар!” журналдарымен бірге пластик шөлмектерге салып, өзенге ағызып жіберіп отырады. Осылайша, төрт жарым жыл бойы, жай адамдарға өзенмен жүретін жол ашылғанша, олар солай ете береді. Ехоба Куәгерлерінің әдебиет жіберіп тұрғандары үшін өзеннің жағалауында тұратындар ризашылықтарын білдірді. Бұрын Киелі кітапты үй жағдайында оқыған бір әйел Куәгерлерді көргенде, оларды құшақтай алып, жылап тұрып былай деді: “Мен енді сіздерді көрмейтін шығармын деп ойладым. Ал шөлмектерге салынған әдебиеттерді ала бастағанда, мені ұмытпағандарыңызды түсіндім”. Өзеннің жағалауында тұратын басқа адамдар да журналдарды талай рет оқығандарын айтты. Елді мекендердің көбісінің өздерінің “пошта бөлімшелері”, яғни өзенмен төмен қарай аққан нәрселердің бәрі біраз уақытқа бөгелетін кішігірім иірімдері бар болатын. Қызығушылар “пошта” келген-келмегенін білу үшін сол жерге барып қарайтын.

16. Әрқашан қызмет етуге дайын болғандығымыз қалайша кейде шәкірт дайындауға мүмкіндік тудырады?

16 Ізгі хабардың уағыздалуына бағыт беріп әрі оны қолдап отырған Ехоба Құдай мен оның күшті періштелері (Аян 14:6). Даярлық танытар болсақ, біз үшін шәкірт дайындаудың өзіміз күтпеген керемет мүмкіндіктері ашылады. Найробиде (Кения) екі бауырласымыз өздеріне берілген аймақтағы үйлерді аралап болады. Кенет оларға бір жас келіншек жақындап келіп, толқып тұрып былай дейді: “Мен сіздер сияқты адамдарды кездестіруді сұрап дұға еткен едім”. Ол Куәгерлердің үйіне кіріп әңгімелесуін өтінеді. Тап сол күні онымен Киелі кітапты үй жағдайында зерттеу басталады. Неге бұл келіншек мәсіхшілермен әңгімелесуге асықты екен? Шамамен екі апта бұрын оның кішкентай қызы қайтыс болған болатын. Бір балақайдың қолынан “Өлген сүйіктілер үшін қандай үміт бар?” деген трактатты көргенде, ол оны оқығысы келіп кетіп, балақайдан сұрайды. Балақай бермейді, бірақ трактатты оған Ехоба Куәгерлері сыйлағанын айтады. Көп ұзамай, бұл келіншек рухани жетістіктерге жете бастайды да, оған баласының қазасының жанға салған қайғысын көтеру оңайырақ болады.

Құдайдың сүйіспеншілігі құдіретін көрсетуі керек

17—19. Азаттық төлемін беруімен Ехоба адамзатқа қандай сүйіспеншілік танытты?

17 Бүкіл жер бетінде Құдай сөзінің өсуі Иса Мәсіхтің азаттық төлемі ретінде берген құрбандығымен тығыз байланысты. Азаттық төлемі іспетті, уағыздау ісі де Ехобаның жер бетінде тұратын адамдарға деген сүйіспеншілігінің белгісі. Елші Жохан рухтың жетелеуімен былай деп жазған: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей [“Оған сенім білдірген әркім, жойылмайды”, ЖД], мәңгілік өмірге ие болады” (Жохан 3:16).

18 Азаттық төлемін беруімен Ехоба қандай сүйіспеншілік көрсеткені жөнінде ойлап көріңдерші. Құдай миллиардтаған жылдар бойы ‘жаратылысының Бастауымен’, яғни өзінің қымбатты Ұлымен, тығыз қарым-қатынаста болып, қуанышқа бөленген (Аян 3:14, сілтемені қара). Иса әкесін қатты сүйеді, Ехоба да Ұлын “әлем жаратылмастан бұрын” сүйген (Жохан 14:31; 17:24). Адамдардың мәңгі өмір сүруге мүмкіндік алулары үшін, Ехоба өзінің сүйікті Ұлының өліміне жол берді. Адамзатқа деген мұндай сүйіспеншілік көңілді қалайша толқытады десеңші!

19 Жохан 3:17-де былай делінген: “Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жіберді”. Яғни Құдай өзінің Ұлына соттауды не айыптауды емес, сүйіспеншілікпен құтқаруды тапсырды. Бұл Петірдің айтқан сөздеріне сәйкес келеді: “[Ехоба] ешкімнің де тозаққа түсуін емес [“жойылғанын емес”, ЖД], барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды” (2 Петір 3:9).

20. Құтқарылудың ізгі хабарды уағыздаумен қандай байланысы бар?

20 Заңды түрде құтқарылуға мүмкіндік беруімен, ал бұл болса Оған өте қымбатқа түскен болатын, Ехоба осы мүмкіндікті мейлінше көп адамның пайдаланғанын қалайды. Елші Пауыл былай деп жазды: “Иеміздің атын атап сиына жалбарынған әркім құтқарылады”. Олар Иемізге сенбесе, қалай Оған сиынады? Ол туралы естімесе, қалай сенеді? Оны ешкім уағыздамаса, қайдан естиді?” (Римдіктерге 10:13, 14).

21. Уағыздау ісіне қатысу мүмкіндігіне қалай қарауымыз керек?

21 Дүниежүзілік уағыздау және тәлім беру ісіне қатысу қандай қуанышқа бөлейтінін айтсаңшы! Әрі бұл біз үшін қандай бақыт десеңші! Бұл оңай іс емес, бірақ халқының шындыққа сай адал өмір кешіп әрі ізгі хабарды өзгелерге айтып жүргенін көргенде Ехобаның қалайша қуанатынын айтсаңшы! Сондықтан жағдайларың қандай болмасын, Ехобаның рухы және жүректеріңдегі сүйіспеншілк сендерді осы іске қатысуға талпындырсын. Естеріңде болсын: біздің көз алдымызда дүние жүзі бойынша жүзеге асып жатқан жұмыс жақында Ехоба Құдайдың ‘әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жер’ орнататындығы жөніндегі уәдесін орындайтындығын дәлелдейді (2 Петір 3:13).

Естеріңде ме?

• Неге жолдан таюшылық ізгі хабардың уағыздалуын тоқтата алмады?

• Бүгінгі күні Құдай сөзі қалай құдіретін көрсетуде?

• Құдай рухы бүгінгі күні қалай әрекет етуде?

• Азаттық төлемі мен уағыздаудың арасында қандай байланыс бар?

[24-беттегі диаграмма/сурет]

(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)

ХХ ғасырдағы Патшалықты жариялаушылардың санының өсуі

Жариялаушылардың орташа саны (миллион есебімен)

6,0

5,5

5,0

4,5

4,0

3,5

3,0

2,5

2,0

1,5

1,0

0,5

1900 1910 1920 1930 1940 1950 1960 1970 1980 1990 2000

[27-беттегі суреттер]

ИЕРОНИМ

ТИНДАЛЬ

ГУТЕНБЕРГ

ГУС

[Суреттер рұқсатымен]

Гутенберг және Гус: From the book The Story of Liberty, 1878

[27-беттегі сурет]

Киелі кітапты Зерттеушілер ізгі хабарды жариялауда, 1920 жылдар

[25-беттегі суреттер]

Дүние жүзі бойынша адамдар ізгі хабарға құлақ асуда

[26-беттегі сурет]

Иса Мәсіхтің азаттық төлем ретінде берген құрбандығы іспетті, уағыздау ісі де Құдайдың сүйіспеншілігін паш етеді

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу