Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w01 1.6. 18—23 бет.
  • ‘Құдай сөзі кеңінен тарады’

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • ‘Құдай сөзі кеңінен тарады’
  • 2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Шәкірттердің санының өсуі
  • Аймақтық өсім
  • Құдіретін көрсеткен өсім
  • Киелі рухтың әрекеті
  • “Жердің қиыр шетіне дейін”
    “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
  • Шынайы мәсіхшілік құдіретін көрсетуде!
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Құдай рухының бірінші ғасырдағы және бүгіндегі әрекеті
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Барлығы Ехобаны мадақтасын
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w01 1.6. 18—23 бет.

‘Құдай сөзі кеңінен тарады’

“Өзінің сөзін жер бетіне жібереді; Оның сөзі жылдам ағады” (ЗАБУР 147:4).

1, 2. Иса шәкірттеріне қандай тапсырма берді және оған не нәрселер кірді?

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ керемет пайғамбарлықтардың бірі Елшілердің істері 1:8-де жазылған. Көкке көтерілуінен шамалы уақыт бұрын Иса өзінің адал ізбасарларына былай деген болатын: “Киелі Рух өздеріңе қонғанда, Оның құдіретін қабылдайсыңдар, сөйтіп... жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар”. Оларды қандай ауқымды іс күтіп тұрды десеңші!

2 Құдай сөзін дүние жүзіне тарату, сірә, бір шөкім шәкірттер үшін аса ауыр болып көрінсе керек. Бұл істің нендей нәрселерден тұрғанын қарастырып көрелік. Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды адамдардың түсінуіне көмектесу керек болатын (Матай 24:14). Сонымен қатар Иса туралы куәлік ету оның ілімін таратуды және Ехобаның еркіндегі Исаның рөлін түсіндіруді білдіретін. Оның үстіне, шәкірттер дайындап, оларды суға шомылдыру рәсімінен өткізу керек болатын. Әрі бұл іс дүниежүзілік көлемде жүзеге асуы тиіс еді! (Матай 28:19, 20).

3. Иса шәкірттерін неменеге сендірді және өздеріне тапсырылған іске олар қалай қарады?

3 Десе де, Иса шәкірттерін тапсырылған істі атқарғанда киелі рухтың олармен бірге болатынына сендірді. Сондықтан тапсырманың қаншалықты ауқымды екендігіне және қарсыластарының оларды сөйлетпеу үшін бар күштерін салғандарына қарамастан, Исаның ертедегі шәкірттері оның тапсырмасын нәтижелі етіп орындап шықты. Солай болғанын тарих дәлелдеп отыр.

4. Уағыздау және тәлім беру тапсырмасы қалайша Құдайдың сүйіспеншілігін көрсетті?

4 Дүние жүзі бойынша уағыздау мен тәлім беру ісінің жүргізілуі Құдайдың Өзін білмейтін адамдарға деген сүйіспеншілігінің белгісі болды. Бұл олардың Ехобаға жақындауына әрі күнәларының кешірілуіне мүмкіндік берді (Елшілердің істері 26:18). Сондай-ақ уағыздау және тәлім беру ісі Құдай сөзін таратып жүргендерге де Оның сүйіспеншілігін көрсетті, өйткені сол арқылы олар Ехобаға деген берілгендіктерін және жақындарына деген сүйіспеншіліктерін паш ете алатын еді (Матай 22:37—39). Елші Пауылдың мәсіхшілерге тапсырылған қызметті жоғары бағалағаны соншалық — ол оны “қазынаға” теңеді (2 Қорынттықтарға 4:7).

5. а) Ертедегі мәсіхшілердің қызметі жөніндегі бұрмаланбаған дұрыс мәлімет қайда жазылған және онда қандай өсім жөнінде айтылған? ә) Бүгінгі күнгі Құдайдың қызметшілері үшін Елшілердің істері кітабы неге маңызды?

5 Киелі рухтың жетелеуімен шәкірт Лұқа жазған Елшілердің істері кітабынан ертедегі мәсіхшілердің уағыздау ісіне қатысты бұрмаланбаған дұрыс мәліметті табуға болады. Онда таңғаларлық әрі жылдам өсім туралы мәлімденген. Құдай сөзіндегі білімнің осылайша тарағандығы Забур 147:4-те жазылған сөздерді есімізге салады, онда былай делінген: “Өзінің сөзін жер бетіне жібереді; Оның сөзі жылдам ағады”. Киелі рух күш беріп отырған ертедегі мәсіхшілер туралы мәлімдеме бүгінде біз үшін ерекше қызықты, әрі маңызы да зор. Ехоба Куәгерлері бүгінгі күні тап сондай уағыздау және шәкірт дайындау ісін атқаруда, тек анағұрлым ауқымды көлемде. Біз де бірінші ғасырдағы мәсіхшілер кезіккендей қиыншылықтарға кезігудеміз. Ертедегі мәсіхшілерге Ехобаның қалай батасын төгіп, күш беріп отырғанын қарастырғанымыз Оның бізді де қолдайтынына деген сенімімізді нығайтады.

Шәкірттердің санының өсуі

6. Елшілердің істері кітабында өсімге қатысты қандай сөйлемше үш рет кездеседі және ол нені білдіреді?

6 Елшілердің істері 1:8-дің орындалғанын зерттеудің бір жолы — Киелі кітапта үш-ақ рет әрі үшеуі де Елшілердің істері кітабында кішкене түрленіңкіреп кездесетін “Құдай сөзі кеңінен тарады” деген сөйлемшені зерттеу (Елшілердің істері 6:7; 12:24; 19:20). Аталмыш Жазба орындарындағы “Құдай сөзі” деген тіркес ізгі хабарды, яғни әрекет етуге талпындыратын Құдайдан берілген шындықты білдіреді. Бұл — оны қабыл алғандардың өмірін өзгерткен тірі, күшті сөздер (Еврейлерге 4:12).

7. Елшілердің істері 6:7-де көбею неге қатысты қолданылған және б. з. 33 жылындағы Алғашқы өнім мейрамында қандай оқиға болды?

7 Құдай сөзінің кеңінен тарауы жөнінде алғаш рет Елшілердің істері 6:7-де айтылған. Біз былай деп оқимыз: “Сонда Құдай сөзі кеңінен тарап, Иерусалимде Мәсіх жолын қуушылардың саны көбейе берді. Діни қызметкерлердің үлкен бір тобы да Мәсіхке мойынсұнып, сене бастады”. Мұндағы кеңінен тарау шәкірттердің санының көбеюіне қатысты айтылған. Ертеректе, б. з. 33 жылындағы Алғашқы өнім мейрамында, жоғарғы бөлмеде жиналған 120 шәкіртке Құдайдың киелі рухы қонған болатын. Сосын елші Петір көңіл толқытатын баяндама айтып, оны естіп қабыл алған үш мыңдай адам тап сол күні сенушілердің қатарына қосылған-ды. Мыңдаған адамдар Иерусалим мен оның айналасындағы тоғандарға барып, шамамен елу күн бұрын қылмыскер ретінде бөренеге шегеленген Исаның атына шомылдыру рәсімінен өтіп қалайша абыр-сабыр болды десеңші! (Елшілердің істері 2:41).

8. Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан кейінгі жылдары шәкірттердің саны қалай өсті?

8 Алайда бұл тек бастамасы ғана еді. Яһудилердің дінбасыларының уағыздау ісін тоқтату үшін жасаған толассыз әрекеттерінің еш нәтижесі болмады. Олардың өкінішіне орай “Иеміз [Ехоба] күн сайын тағы басқа адамдарды құтқарып, қауымына қосып отырды” (Елшілердің істері 2:47). Көп ұзамай “қауымдағы ер адамдардың саны бес мың шамасында болды”. Бұдан кейін де “көп кісілер — әйелдер мен еркектер топ-тобымен Иеміздің қауымына қосылып жатты” (Елшілердің істері 4:4; 5:14). Бұдан кейінгі кезең жөнінде біз былай деп оқимыз: “Сенушілер қауымы бүкіл яһуди, Ғалилея және Самария аймақтарында тыныш күндерді басынан кешіп, рухани күшейіп, Иемізді қастерлеп, Киелі Рухтың қолдауымен көбейіп жатты” (Елшілердің істері 9:31). Бірнеше жылдан соң, шамамен б. з. 58 жылдары болса керек, ‘сан мыңдағандардың Иемізге сенгені’ жөнінде айтылған болатын (Елшілердің істері 21:20). Ол уақытта басқа ұлттың адамдарынан да сенушілер аз емес-ті.

9. Ертедегі мәсіхшілер туралы не айтар едіңдер?

9 Шәкірттердің саны әсіресе жаңадан қосылғандар арқылы көбейіп отырды. Мәсіхшілердің діні жаңа болса да, қарқынды болатын. Шәкірттер шіркеудің селқос мүшелері емес еді, Ехобаға және оның Сөзіне барынша шын берілген болатын. Олардың кейбіреулері шындықты қатты қудалауда жүрген мәсіхшілерден естіп қабыл алған (Елшілердің істері 16:23, 26—33). Мәсіхшілікті қабыл алғандар оны парасаттылықпен, жете түсініп өз еріктерімен қабылдайтын (Римдіктерге 12:1). Сенушілерді Құдай жолымен жүруге үйрететін. Шындық олардың ой-саналары мен жүректерінде болды (Еврейлерге 8:10, 11). Өздерінің сенімі үшін олар жанын пида етуге даяр болды (Елшілердің істері 7:51—60).

10. Ертедегі мәсіхшілер қандай міндетті мойындарына алатын және біздің уақытымызда бұған қандай ұқсастық табуға болады?

10 Мәсіхшілердің ілімдерін қабылдағандар өзгелерге шындықты айтуға міндетті екендіктерін түсінетін. Ал бұл болса мәсіхшілердің санының көбейе түсуіне ықпал етті. Бір Киелі кітапты зерттеуші былай деді: “Сенімін таратуға тек анағұрлым ынталы немесе ресми түрде тағайындалған ізгі хабарды жариялаушылар ғана қақылы емес еді. Ізгі хабарды жариялау шіркеудің әрбір мүшесінің артықшылығы әрі міндеті болатын... О бастан қауымның барлық мүшелерінің өз еркімен уағыз айтуы мәсіхшілер қозғалысына күшті дем берген болатын”. Әрі қарай ол былай деп жазды: “Ертедегі мәсіхшілер үшін ізгі хабарды жариялау — олардың өмірі болатын”. Бүгінгі күнгі шынайы мәсіхшілер жөнінде де солай деуге болады.

Аймақтық өсім

11. Елшілердің істері 12:24-те қандай өсім жөнінде айтылған және ол қалай жүзеге асқан?

11 Құдай сөзінің тарауы жөнінде екінші рет Елшілердің істері 12:24-те айтылған: “Ал Құдай сөзі кеңінен тарап өсе берді”. Бұл жерде аталмыш сөйлемше аймақтық өсімге қатысты айтылған. Өкімет басшыларының қарсылықтарына қарамастан, мәсіхшілердің ісі жетістіктерге жетті. Алдымен киелі рух шәкірттерге Иерусалимде қонған болатын, сол жерден Құдай сөзі әрі қарай тез тарай бастады. Иерусалимде қуғынға ұшыраған соң, шәкірттер Яһудея мен Самария аймақтарына бытырап кетеді. Мұның нәтижесі қандай болды? “Бытырап кеткен сенушілер ел аралап, Ізгі хабарды таратып жүрді” (Елшілердің істері 8:1, 4). Філіпке бір кісіге куәлік ету тапсырылды, сосын ол кісі шомылдыру рәсімінен өтіп, ізгі хабарды өзімен бірге Эфиопияға алып кетті (Елшілердің істері 8:26—28, 38, 39). Шындық Лүддада, Сарон мен Иоппеде демде тамыр жайды (Елшілердің істері 9:35, 42). Кейінірек елші Пауыл Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан көптеген елдерде қауымдар ұйымдастырып, құрлықпен және теңізбен мыңдаған шақырым қашықтықты жүріп өтті. Ал елші Петір Бабылға аттанды (1 Петір 5:13). Б. з. 33 жылындағы Алғашқы өнім мейрамында киелі рух қонғаннан кейін шамамен отыз жыл өткен соң, елші Пауыл ‘ізгі хабардың аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жарияланғаны’ жөнінде жазды. Бәлкім, ол сол уақыттағы дүниедегі өздеріне белгілі болған халықтар туралы айтқан болса керек (Қолостықтарға 1:23).

12. Мәсіхшілердің қарсыластары Құдай сөзінің аймақтық өсімін қалай мойындады?

12 Құдай сөзінің Рим империясында терең тамыр жайғанын мәсіхшілер ілімінің қарсыластары да мойындаған. Мысалы, Елшілердің істері 17:6-да Грецияның солтүстігіндегі Салоника қаласында қарсыластардың былай дегені жөнінде әңгімеленеді: “Мына бүкіл әлемде төңкеріс жасаушылар мұнда да келіпті!” Кіші Плиний ІІ ғасырдың басында Бітүнияда болған кезінде, Рим императоры Траянға мәсіхшілер туралы жазып, былай деп шағынды: “[Құдай сөзі] қалаға ғана емес, өзінің індетін жақын арадағы ауыл-аймақтарға да таратып жіберді”.

13. Аймақтық өсімнен Ехобаның адамзатқа деген сүйіспеншілігі қалай көрінеді?

13 Осы аймақтық өсімнен күнәларының өтелуіне мұқтаж болған адамзатқа деген Ехобаның терең сүйіспеншілігі көрінеді. Еврей халқынан шықпаған Корнелге киелі рухтың қонғанын көргенде Петір былай деді: “Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды” (Елшілердің істері 10:34, 35). Иә, ізгі хабар барлық халықтарға арналған болатын және Құдай сөзінің аймақтық өсімі Құдайдың сүйіспеншілігіне адамдардың өз лебізін танытуларына мүмкіндік берді. XXI ғасырда Құдай сөзі дүние жүзінің түкпір-түкпірлеріне тарады.

Құдіретін көрсеткен өсім

14. Елшілердің істері 19:20-да қандай өсім жөнінде айтылған және Құдай сөзі ненің үстінен құдіретін көрсетті?

14 Құдай сөзінің өсуі туралы үшінші рет Елшілердің істері 19:20-да жазылған: “Иеміздің Ізгі хабары [немесе Құдай сөзі] осылай кең тарап, құдіретін көрсетті”. “Құдіретін көрсетті” деген тіркеспен аударылып отырған грек түпнұсқасындағы сөз күштің паш етілуі деген ойды білдіреді. Бұған дейінгі тармақтарда ефестіктердің көбісінің сенуші болғандығы жөнінде және сиқырлықпен айналысқан кейбір адамдардың кітаптарын жұрт алдында өртеп жібергені жөнінде әңгімеленген. Осылайша Құдай сөзі жалған діндердің үстінен құдіретін көрсетіп жатты. Сондай-ақ ізгі хабар қудалау және сол сияқты тағы басқа да қарсылықтарға құдіретін көрсетіп жатты. Оны еш нәрсе тоқтата алмады! Бұдан біз бірінші ғасырдағы шынайы мәсіхшілік пен бүгінгі күнгі шынайы мәсіхшіліктің арасында көңіл толқытатын тағы да бір ұқсастықтың бар екенін көреміз.

15. а) Бір Киелі кітап тарихшысы ертедегі мәсіхшілер жөнінде не жазды? ә) Мәсіхші шәкірттер жетістіктерге жетіп жатқандары кімнің арқасында екенін мойындады?

15 Елшілер де, өзге мәсіхшілер де Құдай сөзін құлшыныспен жариялады. Олар жөнінде бір Киелі кітап тарихшысы былай деп ескерді: “Иелері [Иса Мәсіх] жөнінде айтуға адамдардың ынтасы бар болса, олар мұны жүзеге асыру үшін сан алуан әдістер табады. Бізді сол ер кісілер мен әйелдердің қолданған әдістерінен гөрі, танытқан ынта-жігері қайран қалдырады”. Сөйтсе де, ертедегі мәсіхшілер қызметте жеткен жетістіктері тек өздерінің күш салуының арқасында ғана емес екендігін мойындаған. Уағыздау ісін оларға Құдай тапсырған, әрі бұл істі жүзеге асыру үшін оны Өзі қолдап отырған. Рухани өсіретін Құдай. Елші Пауыл Қорынттықтарға жазған хатында осыны мойындаған. Ол былай деп жазды: “Мен... “ектім”, ал Аполлос... “суарды”. Бірақ оны өсірген біз емес, Құдай. Сонымен біз Құдаймен бірге еңбектенушіміз” (1 Қорынттықтарға 3:6, 9).

Киелі рухтың әрекеті

16. Мәсіхші шәкірттердің батылдықпен уағыздаулары үшін киелі рухтың күш беріп отырғаны неден көрінеді?

16 Исаның өз шәкірттерін Құдай сөзінің өсуінде киелі рухтың ерекше орын алатынына, сондай-ақ уағыздау ісінде шәкірттеріне күш беретіндігіне сендіргенін еске түсірейікші (Елшілердің істері 1:8). Бұл қалай жүзеге асқан еді? Алғашқы өнім мейрамында киелі рух қонғаннан кейін көп ұзамай Петір мен Жохан яһудилердің жоғарғы кеңесінің, яғни Иса Мәсіхтің өлім жазасына кесілгеніне жауапты жоғарғы соттың, алдына шақырылған-ды. Беделі жоғары әрі өздеріне дұшпан дықпен қарайтын адамдардың алдында олар зәре-құты қалмай діріл қақты ма? Жоқ, олай еткен жоқ! Киелі рух Петір мен Жоханға күш беріп, олардың батыл сөйлегені соншалық, қарсыластары аң-таң болады, ‘сондай-ақ екеуінің Исаның шәкірті болғанын біледі’ (Елшілердің істері 4:8, 13). Сондай-ақ киелі рухтың әрекетінің арқасында Степан да жоғарғы кеңестің алдында батыл куәлік еткен (Елшілердің істері 6:12; 7:55, 56). Ал бұған дейін киелі рух мәсіхші шәкірттерді батыл уағыздауға талпындырған болатын. Лұқа былай деп жазды: “Олар сиынып болғаннан кейін өздері жиналып отырған жер қозғалып кетті. Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен уағыздады” (Елшілердің істері 4:31).

17. Тағы қандай жағдайларда киелі рух мәсіхшілердің қызметінде көмек көрсеткен?

17 Ехоба өзінің құдіретті киелі рухы арқылы қайта тірілген Исамен бірге уағыздау ісіне басшылық етті (Жохан 14:28; 15:26). Корнелге және оның туыстары мен жақын достарына киелі рух қонғанда, елші Петір еврей халқынан шықпаған сүндеттелмеген кісілердің де Иса Мәсіхтің атына шомылдыру рәсімінен өте алатынын мойындады (Елшілердің істері 10:24, 44—48). Кейінірек, Барнаба мен Саулдың (елші Пауыл) миссионерлік сапарға шығуы үшін киелі рух шешуші рөл атқарған болатын және бұдан кейін киелі рух олардың қайда барып, қайда бармау керектігі жөнінде басшылық беріп отырған (Елшілердің істері 13:2, 4; 16:6, 7). Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілері шешім қабылдағанда да киелі рух басшылық беріп отырған (Елшілердің істері 15:23, 28, 29). Сонымен қатар қауымдағы бақылаушылар да киелі рухтың басшылығымен тағайындалатын (Елшілердің істері 20:28).

18. Ертедегі мәсіхшілер сүйіспеншіліктерін қалай көрсеткен?

18 Оның үстіне, киелі рух сүйіспеншілік сияқты игілікті қасиеттер арқылы мәсіхшілердің бойынан танылатын (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сүйіспеншілік мәсіхші шәкірттерді бір-бірімен бөлісуге талпындыратын. Мысалы, б. з. 33 жылындағы Алғашқы өнім мейрамынан кейін, арнайы Иерусалимдегі шәкірттердің материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру қоры құрылған болатын. Киелі кітапта былай делінген: “Араларында жоқшылық көрген ешкім болған жоқ. Себебі жері немесе үйлері барлар керек болғанда меншіктерін сатып, ақша түсіріп, оны елшілердің алдына әкеліп қойып отырды. Осыдан әркімге керегінше берілді” (Елшілердің істері 4:34, 35). Олар сүйіспеншіліктерін сенушілерге ғана емес, ізгі хабармен бөлісу, сондай-ақ игі істері арқылы өзгелерге де көрсеткен (Елшілердің істері 28:8, 9). Иса өзінің шәкірттерін жан қиярлықпен көрсеткен сүйіспеншіліктері ерекшелендіретінін айтқан болатын (Жохан 13:34, 35). Әрине, бұл аса маңызды қасиеттің — сүйіспеншіліктің — бірінші ғасырда да, қазіргі уақытта да адамдарды Құдайға жақындауға талпындырғаны әрі шәкірттердің санының көбеюіне ықпал еткені сөзсіз (Матай 5:14, 16).

19. а) Бірінші ғасырда Ехобаның сөзі қандай үш бағытта өскен? ә) Келесі мақалада біз нені қарастырамыз?

19 Елшілердің істері кітабында “киелі рух” деген тіркес қырық бір рет кездеседі. Бірінші ғасырдағы шынайы мәсіхшілердің өсуі киелі рухтың күшімен және басшылығымен тығыз байланысты екені анық. Шәкірттердің саны көбейді, Құдай сөзі көптеген аймақтарға кеңінен тарады және сол заманның өзге діндері мен пәлсапаларының үстінен құдіретін көрсетті. Бірінші ғасырда болған өсім мен бүгінгі күнгі Ехоба Куәгерлерінің ісінің арасынан ұқсастық табуға болады. Келесі мақалада біз Құдай сөзінің бүгінгі күні қалайша керемет өсіп жатқанын қарастырамыз.

Естеріңде ме?

• Ертедегі шәкірттердің саны қалай өскен?

• Құдай сөзі қалай аймақтарға кеңінен тараған?

• Бірінші ғасырда Құдай сөзі қалай құдіретін көрсеткен?

• Құдай сөзінің кеңінен тарауында киелі рух қандай рөл атқарды?

[19-беттегі сурет]

Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілеріне киелі рух басшылық беріп отырған

[22-беттегі сурет]

Філіптің эфиопиялық кісіге уағыз айтуы ізгі хабардың аймақтарға таралуына ықпал етті

[20-беттегі сурет рұқсатымен]

Жоғарғы оң жақ бұрыш: Reproduction of the City of Jerusalem at the time of the Second Temple — located on the grounds of the Holyland Hotel, Jerusalem

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу