Шынайы мәсіхшілердің барлығы да ізгі хабарды уағыздаушылар
“Тәңірге арнап ән айтыңдар, Оның есімін дәріптеңдер, күн сайын Оның құтқаратындығы туралы ізгі хабарды жариялаңдар” (ЗАБУР 95:2, СА).
1. Адамдар қандай ізгі хабарды естуі керек және осы хабарды таратуда Ехоба Куәгерлері қандай үлгі көрсетуде?
БАҚЫТСЫЗДЫҚ жағдайлар күн сайын болып жатқан осы дүниеде, жақында соғыстың тоқтатылып, қылмыс, аштық және қанаушылықтың жойылатыны жөніндегі Киелі кітаптың хабарын білу шын мәнінде жұбаныш болып табылады (Забур 45:10; 71:3, 7, 8, 12, 16). Бұл әркім де естуге тиіс ізгі хабар. Солай емес пе? Ехоба Куәгерлері солай деп ойлайды. Олар барлық жерде “бақыттың жақсы хабарын” жариялаушылар ретінде танымал (Ишая 52:7). Рас, көптеген Куәгерлер ізгі хабарды құлшына жариялап жүргендері үшін қуғынға ұшырауда. Алайда олар шын жүректен өзгелердің қамын ойлайды. Құлшыныс пен табандылықтың қандай керемет үлгісі десеңші!
2. Ехоба Куәгерлерінің құлшына қызмет етуінің бір себебі не?
2 Ехоба Куәгерлерінің құлшынысы бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді еске салады. Олар жайында Рим-католик шіркеуінің “Оссерваторе романо” деген газетінде былай деп әділ айтылған еді: “Алғашқы мәсіхшілер шомылдыру рәсімінен өте сала Ізгі хабарды таратуды өздерінің міндеті ретінде сезінетін. Құлдар Ізгі хабарды ауыздан ауызға тарататын”. Ехоба Куәгерлері не себепті сол алғашқы мәсіхшілер сияқты құлшына қызмет етеді екен? Біріншіден бұл ізгі хабар Ехоба Құдайдан келген. Құлшыныс танытуға бұдан артық себеп болуы мүмкін бе? Олар өздерінің уағыздау ісі арқылы Забур жыршысының келесі сөздерін қабыл алғандарын білдіреді: “Тәңірге арнап ән айтыңдар, Оның есімін дәріптеңдер, күн сайын Оның құтқаратындығы туралы ізгі хабарды жариялаңдар” (Забур 95:2, СА).
3. а) Ехоба Куәгерлерінің құлшыныс танытуының екінші себебі не? ә) ‘[Құдайдың] құтқаруына’ не жатады?
3 Забур жыршысының сөздері Ехоба Куәгерлерінің құлшына қызмет етуінің екінші себебін есімізге салады. Олар таратып жүрген хабар құтқарылу жөнінде. Кейбір адамдар өмір жағдайын жақсарту үшін медицинада, экономика және басқа да салаларда еңбек етуде және олардың мұндай әрекеттері мақтауға тұрарлық. Дегенмен де адамдар бір-бірі үшін ‘[Құдайдың] құтқаруымен’ салыстырғанда болымсыз ғана нәрселер жасай алады. Иса Мәсіх арқылы Ехоба кішіпейіл адамдарды күнәдан, ауру-сырқаудан және өлімнен құтқарады. Сөйтіп олар мәңгі өмір сүретін болады! (Жохан 3:16, 36; Аян 21:3, 4). Құдайдың құтқаруы бүгінде мәсіхшілер жариялап жүрген “керемет істердің” қатарына жатады. Бұл әрекеті арқылы олар келесі сөздерге қосылуда: “[Құдайдың] даңқын халықтар арасында, керемет істерін тайпалар арасында жариялаңдар; Өйткені Тәңір ұлы да мақтауға тұрарлық, Ол барлық өзге құдайлардан қаһарлы” (Забур 95:3, 4, СА).
Мәсіхтің үлгісі
4—6. а) Ехоба Куәгерлерінің құлшына қызмет етуінің үшінші себебі не? ә) Ізгі хабарды уағыздау ісіне байланысты Иса қалай құлшыныс танытты?
4 Ехоба Куәгерлерінің құлшына қызмет етуінің үшінші себебі де бар. Олар Иса Мәсіхтің үлгісіне еліктейді (1 Петір 2:21). Кемелді адам болған ол, ‘жарлыларға ізгі хабарды жеткізу’ тапсырмасын бар ынтасымен орындаған болатын (Ишая 61:1; Лұқа 4:17—21). Осылайша ол ізгі хабарды таратушы болды. Ол бүкіл Ғалилея мен Яһудеяны аралап, “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды” уағыздады (Матай 4:23). Сондай-ақ, көп адамдардың ізгі хабарды қабылдайтынын білгендіктен, шәкірттеріне былай деді: “Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!” (Матай 9:37, 38).
5 Өзінің дұғасына сай Иса өзгелерді ізгі хабарды уағыздау ісіне дайындады. Уақыт өте келе елшілерін жұмсап, оларға былай деді: “Аралай жүріп: “Құдай Патшалығының жер бетінде орнайтын кезі таяп қалды!” деп уағыздаңдар”. Олардың уағыз айтқаннан гөрі сол күндердегі әлеуметтік қиындықтарды жеңілдететін бағдарламалар жасағандары тиімді болар ма еді? Немесе саясатқа араласып, сол кездегі сыбайлас жемқорлықпен күресулері керек па еді? Әрине жоқ. Иса ізгі хабарды уағыздаушы мәсіхшілердің бәрінің нақты немен айналысулары керек екенін көрсетті: “Аралай жүріп... уағыздаңдар” (Матай 10:5—7).
6 Кейінірек Иса шәкірттерінің тағы бір тобын жұмсап, оларға былай деп жариялаңдар деді: “Құдай Патшалығының араларыңда орнайтын кезі таяп қалды!” Шәкірттері ізгі хабарды уағыздау сапарынан оралып, қандай жетістіктерге жеткендерін хабарлау үшін келгенде Иса шексіз қуанышқа кенеліп, былай деп дұға етті: “Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайларды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды білімсіздерге ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін” (Лұқа 10:1, 8, 9, 21). Ертеде балық аулап, егін егіп, тағы да басқалай қажырлы еңбек еткен Исаның шәкірттері халықтың арасындағы жоғары білімді дін басыларымен салыстырғанда бала сияқты көрінетін. Алайда олар ең керемет ізгі хабарды жариялауды үйренді.
7. Иса көкке көтеріліп кеткен соң оның шәкірттері ізгі хабарды бірінші кезекте кімге уағыздады?
7 Иса көкке көтеріліп кеткен соң да шәкірттері құтқарылу туралы ізгі хабарды таратуды әрі қарай жалғастыра берді (Елшілердің істері 2:21, 38—40). Бірінші кезекте кімге уағыздады екен? Құдайды білмейтін халықтарға барды ма екен? Жоқ, олар бірінші кезекте 1 500 жылдан аса уақыт бойы Ехобаны білетін Исраил халқына уағыздады. Олардың соншама уақыт Ехобаға ғибадат етіп келген елге уағыз айтқандары дұрыс болды ма екен? Иә, Иса оларға былай деген еді: “Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар” (Елшілердің істері 1:8). Өзге халықтар сияқты исраилдіктер де ізгі хабарды естуі керек еді.
8. Бүгінгі Ехоба Куәгерлері Исаның бірінші ғасырдағы шәкірттеріне қалай еліктейді?
8 Сол сияқты бүгін де Ехоба Куәгерлері бүкіл жер бетінде уағыз айтуда. Олар Жохан көрген, ‘әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа... Құдайдың мәңгілік жеңісі туралы Ізгі хабары’ бар періштемен бірге қызмет атқаруда (Аян 14:6). 2001 жылы олар 235 елдер мен аймақтарда белсенді түрде уағыз айтты. Оның ішінде христиан аталмыш елдер де бар. Христиан әлемінің шіркеулері тамырын терең жайған елдерде Ехоба Куәгерлерінің уағыз айтып жүргендері бұрыс па? Кейбіреулер солай деп ойлайды және тіпті мұны “қойларды ұрлау” деп қарастырулары да мүмкін. Алайда, өзі жерде болған кездегі қарапайым яһудилерге байланысты Исаны қандай сезім билегені Ехоба Куәгерлерінің есінде. Дінбасылары болса да, Иса оларға ізгі хабарды тайсалмай уағыздады. Оның, “оларға... жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара болатын” (Матай 9:36). Ехоба мен Оның Патшалығы туралы білмейтін кішіпейіл адамдарды кездестірген кезде, олар қандай да бір діннің мүшесі деп есептелетіндіктен ғана Ехоба Куәгерлері ізгі хабарды айтпаулары керек пе? Исаның елшілері сияқты біз де жоқ деп жауап береміз. Ізгі хабар “барлық ұлттарға” түгел уағыздалуы керек (Марқа 13:10).
Ертедегі мәсіхшілердің барлығы да ізгі хабарды уағыздаған
9. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымында уағыз айтуға кімдер қатысты?
9 Бірінші ғасырда уағыз айту ісіне кімдер қатысты екен? Деректерге жүгінер болсақ, мәсіхшілердің барлығының ізгі хабарды уағыздаушы болғанын көруге болады. У. С. Уильямс былай деп жазған болатын: “Ертедегі шіркеу мүшелерінің барлығы... Ізгі хабарды уағыздағаны жалпыға белгілі”. Б. з. 33-жылындағы Алғашқы өнім мейрамы кезінде болған оқиғаға байланысты Киелі кітапта былай делінген: “Бәрі [ерлер мен әйелдер] Киелі Рухқа кенеліп, Оның оларға берген дарынына қарай бөтен тілдерде сөйлей бастады”. Ізгі хабарды уағыздаушылардың ішінде ерлер мен әйелдер, жастар мен кәрілер, құлдар мен еріктілер болды (Елшілердің істері 1:14; 2:1, 4, 17, 18; Жоел 2:28, 29; Ғалаттықтарға 3:28). Көптеген мәсіхшілер қуғын көріп, Иерусалимнен қашуға мәжбүр болғанда, “бытырап кеткен сенушілер ел аралап, Ізгі хабарды таратып жүрді” (Елшілердің істері 8:4). Арнайы тағайындалған аз ғана адам емес, ‘бытырап кеткен сенушілердің’ барлығы ізгі хабарды таратты.
10. Яһудилердің діни және саяси жүйесі жойылмас бұрын қандай екі тапсырма орындалды?
10 Мәсіхшіліктің алғашқы жылдарының бәрінде осылай болды. Иса былай деп пайғамбарлық еткен болатын: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді” (Матай 24:14). Бірінші ғасырда сол сөздер орындалып, Рим әскерлері яһудилердің діни және саяси жүйесін жойып жібермес бұрын ізгі хабар кеңінен жарияланды (Қолостықтарға 1:23). Сондай-ақ, шәкірттерінің барлығы Исаның келесі өсиетін де орындады: “Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!” (Матай 28:19, 20). Ертедегі мәсіхшілер, кейбір қазіргі уағыздаушылар сияқты, кішіпейіл адамдарды Исаға сенуге шақырып, басшылықсыз қалдырып кетпей, әрі қарай Құдайға қалай қызмет етуді үйретті. Яғни оларды мәсіхші болуға дайындады, қауымдарға біріктірді және ізгі хабарды уағыздап, шәкірттер дайындауға үйретті (Елшілердің істері 14:21—23). Бүгінгі Ехоба Куәгерлері де солай етуде.
11. Бүгінде адамзат үшін ең керемет ізгі хабарды кім жариялауда?
11 Көптеген Ехоба Куәгерлері бірінші ғасырда өмір сүрген Пауыл, Барнаба және басқалардың үлгісіне еліктеп, миссионер ретінде өзге елдерде қызмет атқарып жүр. Олардың қызметі шынында да пайдалы болуда, өйткені олар жергілікті саясатқа араласпайды немесе өзге де нәрселердің ізгі хабарды уағыздауға кедергі жасауына жол бермейді. Олар Исаның: “аралай жүріп... уағыздаңдар”,— деген тапсырмасын бар ынтасымен орындап жүр. Алайда Ехоба Куәгерлерінің басым көпшілігі өзге елдерде миссионер қызметін атқарып жүрген жоқ. Олардың көбі осы дүниелік жұмыстар істеп, нанын тауып жеп жүр, ал өзгелері болса әлі де мектепте оқиды. Кейбіреулерінің бала-шағасы бар. Дегенмен, Куәгерлердің барлығы өздері білген ізгі хабарды уағыздауға қатысады. Жасы да, кәрісі де, ері де, әйелі де, барлығы Киелі кітаптағы келесі шақыруды қуанышпен қабыл алуда: “Уақыттың тығыздығын сезіне отырып, сөзді қолайлы уақытта да, қолайсыз уақытта да уағызда” (2 Тімотеге 4:2, ЖД). Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты, олар да ‘Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатпауда’ (Елшілердің істері 5:42). Олар адамзат үшін ең керемет ізгі хабарды жариялауда.
Дінге кіргізу ме, әлде ізгі хабарды уағыздау ма?
12. Бүгінде өз дініне кіргізуге байланысты қандай көзқарас қалыптасқан?
12 Бүгінде кейбіреулер өз дініне кіргізу зиянды деп айтады. Шіркеулердің дүниежүзілік кеңесі басып шығарған бір құжатта тіпті “өз дініне кіргізу күнә” делінген. Неліктен? Бір діни басылымда былай делінген: “Православие шіркеуінің тарапынан болған көптеген наразылықтардың салдарынан, “өз дініне кіргізу” деген күштеп енгізу деген түсінікке айналды” (Catholic World Report).
13. Өз дініне кіргізудің зиян екеніне қандай дәлелдер келтірер едіңдер?
13 Өз дініне кіргізу зиянды ма? Солай болуы мүмкін. Иса дін мұғалімдері мен парызшылдардың дінге кіргізуі зиян тигізгендігін айтқан болатын (Матай 23:15). Иә, “дінге күштеп кіргізу” дұрыс емес. Мысалы Иосиф Флавийдың айтуы бойынша, Маккавей Иоанн Гиркан идумейлерді бағындырған кезде, оларға “сүндетке отырып, яһудилердің заңдарын ұстанған жағдайда ғана өз елдерінде қалуға рұқсат еткен”. Егер олар яһудилердің қол астында өмір сүргілері келсе, олардың діндерін де ұстанулары керек еді. Тарихшылардың айтуы бойынша, б. з. сегізінші ғасырында ұлы Карл солтүстік Еуропадағы өзге дінді ұстанатын саксондықтарды жаулап алып, қатыгездікпен күштеп өз дінін қабылдатқанa. Саксондықтар мен идумейлер сол діндерді қаншалықты шын көңілмен қабылдады дейсің. Мысалы, идумейлердің патшасы Ирод Құдайдың Мұса арқылы берген заңын шын көңілмен жақсы көрді дейсің бе? Ол нәресте Исаны өлтіргісі келген жоқ па еді? (Матай 2:1—18).
14. Христиан әлемінің кейбір миссионерлері өз дініне кіргізу үшін адамдарға қандай қысым жасайды?
14 Дінге күштеп енгізу бүгін де кездесе ме? Кейбір түрлерін кездестіруге болады. Кейбір мәлімет көздеріне сәйкес, христиан әлемінің кейбір миссионерлері өз дініне кіреді ау дегендерге шет елде білім алуға ұсыныс жасайды. Тағы біреулері болса, аштық қысқан босқындарды бір үлес тамақ үшін уағыз тыңдауға мәжбүр етеді. 1922 жылы Православие шіркеуі епископтарының съезінде жасалған мәлімдемеге сәйкес, “кейде біреулер өзгелерді материалдық заттармен қызықтыру арқылы және әр түрлі жолдармен мәжбүр ету арқылы өз дініне кіргізеді”.
15. Ехоба Куәгерлерінің ісін неліктен осы күнгі түсініктегі дінге кіргізу деп есептеуге болмайды? Түсіндіріңдер.
15 Адамдарды дінін өзгертуге мәжбүрлеу дұрыс емес. Сондықтан да Ехоба Куәгерлері мұндай әрекетке бармайдыb. Демек олардың ісі осы күнгі түсініктегі дінге кіргізу емес. Олар бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты ізгі хабарды барлық адамдарға уағыздайды. Өз еркімен ниет білдірген адамдар Киелі кітапты зерттеу арқылы көбірек білім алуға шақырылады. Мұндай қызығушылық білдірген адамдар Киелі кітапқа негізделген тура білімге сүйене отырып, Құдайға және Оның ниетіне сенім танытуды үйренеді. Нәтижесінде олар құтқарылу үшін Ехобаның есімін шақырады (Римдіктерге 10:13 (СА), 14, 17). Ізгі хабарды қабылдай ма, жоқ па, оны әркім өзі шешеді. Ешкімге де қысым көрсетілмейді. Күштеп өз дініне кіргізгеннен еш пайда болмас еді. Құдай қабыл алуы үшін, әркім шын ниетімен ғибадат етуі керек (Заңды қайталау 6:4, 5; 10:12).
Қазіргі уақыттағы ізгі хабарды уағыздау ісі
16. Қазіргі уақытта Ехоба Куәгерлерінің ізгі хабарды уағыздау ісі қалай қанатын кең жаюда?
16 Қазіргі уақытта Ехоба Куәгерлерінің Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау ісі арқылы Матай 24:14-те жазылған пайғамбарлық кең көлемде орындалуда. Ізгі хабарды уағыздау ісінде қолданатын олардың көпшілікке танымал құралы “Күзет Мұнарасы” журналы болып табыладыc. 1879 жылы бір ғана тілде шыққан Күзет мұнарасының алғашқы басылымының 6 000-ға жуық данасы таратылды. 122 жыл өткен соң, 2001 жылы, оның таралымы 141 тілде 23 042 000 данаға дейін жетті. Басылымның таралымының өсуі, Ехоба Куәгерлерінің ізгі хабарды уағыздау ісінің қарқынының өсуімен қатар жүрді. Он тоғызыншы ғасырдағы ізгі хабарды уағыздау ісіне әр жылы жұмсалған бірнеше мың сағат пен 2001 жылы уағыздау ісіне жұмсалған 1 169 082 225 сағат уақытты салыстырыңдаршы. Және де әр ай сайын орта есеппен 4 912 702 Киелі кітапты тегін зерттеу сабағы өткені жайында ойланайықшы. Қаншама керемет істер атқарылған десеңші! Бұл іске 6 117 666 белсенді Патшалықты жариялаушылар ат салысты.
17. а) Бүгінде адамдар қандай жалған құдайларға табынады? ә) Тіліне, ұлтына және әлеуметтік жағдайына қарамастан барлық адамдар не жөнінде білуге мұқтаж?
17 Забур жыршысы былай деген болатын: “Өйткені халықтардың құдайлары — жалған құдайлар, ал Тәңір көкті жаратқан” (Забур 95:5, СА). Бүгінгі діннен безген дүниенің адамдары ұлтшылдыққа, ұлттың елтаңбасына, әйгілі адамдарға, материалдық заттарға және тіпті байлыққа да құдайдай сиынады (Матай 6:24; Ефестіктерге 5:5; Қолостықтарға 3:5). Мохандас К. Ганди бір жолы былай деген еді: “Бүгінде Еуропалықтар христиан деген атты бекерге жамылып жүргеніне, олардың шын мәнінде байлыққа қызмет ететінін сеніммен айта аламын”. Ізгі хабар барлық жерде бірдей таратылуы керек екені анық. Тіліне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлық адам Ехоба мен Оның ниеті жөнінде білуі керек. Біз барлық адамдардың Забур жыршысының сөздерін қабылдағандарын қалаймыз: “Тәңірді мадақтап, құрметтеңдер; Тәңірдің есімін мадақтаңдар” (Забур 95:7, 8, СА). Ехоба Куәгерлері Ехоба туралы біліп, Оны лайықты түрде мадақтаулары үшін өзгелерге көмектесуде. Олардың көмегін қабыл алғандар зор игілік көруде. Олар қандай игіліктер көруде екен? Бұл игіліктер келесі мақалада талқыланады.
[Сілтемелер]
a Католик Энциклопедиясына сәйкес, Реформация кезінде адамдарды күштеп дінге кіргізгенде, латын тілінде, елді кім басқарса, оның қандай дінді ұстанатынын да сол шешеді дегенді білдіретін ұран қолданылатын.
b 2000 жылы қарашаның 16 жұлдызында өткен Құрама Штаттардағы халықаралық дін бостандығы жөніндегі кеңестің жиналысына қатысушылардың бірі күштеп өз дініне кіргізуге тырысатындардың ісі мен Ехоба Куәгерлері атқарып жүрген істің айырмашылығын атап көрсетті. Ол, Ехоба Куәгерлері келіп уағыз айтқан кезде адамдардың жай ғана “бұл мені қызықтырмайды” деп, есіктерін жауып алуларына болатынын айтты.
c Журналдың толық атауы: “Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды”.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Ехоба Куәгерлері неліктен ізгі хабарды құлшына уағыздайды?
• Неліктен Ехоба Куәгерлері тіпті христиан әлемінің шіркеулері тамырын терең жайған жерлерде де уағыз айтады?
• Неліктен Ехоба Куәгерлерін бүгінгі түсініктегі өз дініне кіргізушілер деп айтуға болмайды?
• Қазіргі уақытта Ехоба Куәгерлерінің ізгі хабарды уағыздау ісі қалай қанатын кең жаюда?
[19-беттегі сурет]
Иса ізгі хабарды құлшына уағыздап, өзгелерді де соған дайындады
[20-беттегі сурет]
Бірінші ғасырдағы қауым мүшелерінің барлығы да ізгі хабарды уағыздаған
[21-беттегі сурет]
Адамдарды дінін өзгертуге мәжбүрлеу дұрыс емес