Спиртті ішімдіктерге байланысты қиыншылықтар. Қариялар қалай көмектесе алады?
АРТЫҚ ішуді қою үшін қолынан келгеннің барлығын да істеуге тырысты. Бірақ ештеңе көмектеспеді. Қауымдағы қариялармен сөйлескен кезінде, олар шын ықыластарын білдіріп, оған ұстамдылыққа байланысты Жазбаларға негізделген кеңес берді. Бірақ олардың әрекеттері нәтижесіз болды. Оның қиыншылығының тамыры тереңде болып шықты. Ол маскүнем еді.
Мұндай жағдайларда өте маңызды сұрақ туындайды: спиртті ішімдіктер ішуге байланысты қиыншылықтары бар бауырластарына қариялар қалай көмектесе алады?
Әрине, Киелі жазбалар маскүнемдікті еш қоштамайды. Сондай-ақ, мәсіхші бақылаушыларға маскүнемдікке салынған және ол үшін өкінбейтін адамдардың мәсіхшілер қауымында қалмауын қадағалау міндеті жүктелген; ондай адамдар қауымнан шығарылуға тиіс (1 Қорынттықтарға 5:11—13; Ғалаттықтарға 5:19—21). Бірақ қариялар ең алдымен ішімдікті шамадан тыс ішетін, бірақ ол үшін өкініш білдіретін адамдарға көмектесуге ықыласы болулары керек. Сондықтан егер ішкілікке салынған бауырласымыз келіп көмек сұраса, қариялар не істеулері керек?
Ең алдымен, абайсызда тым көп ішіп қойған адам мен мас болғанша ішуді әдетке айналдырғанның, яғни маскүнемдіктің, арасында айырмашылық бар екенін атап өткен жөн. Бір жолы тым көп шарап ішіп қойып, мас болып қалған Нұхты естеріңе түсіріңдерші (Жаратылыс 9:20, 21). Нұхтың маскүнем болмағаны анық. Жазбалардың басқа еш жерінде оның мас болғаны жазылмаған (Еврейлерге 11:7, салыстыр).
Сол себепті осындай мәселемен бауырластары алдына келген қарияның келесі нәрселерді анықтап алғаны жақсы: бұндай жағдай бір-ақ рет болды ма? Ол адам мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін абай болуға тырыса ма? Ол өзінің қателігін ашық мойындай ма және Құдайдың кешіріміне ие болуға тырыса ма? Болған жағдай айналасындағыларға қатты әсер етпеді ме екен? Егер осы және өзге де осы сияқты сұрақтардың жауаптары жақсы болса, қариялардың “ілтипаттылық танытып”, сүйіспеншілікпен ұстамдылық танытуға қатысты кеңес беріп, бұрыс нәрсені қайта қайталамауға деген шешімін нығайтқаны жеткілікті (Ғалаттықтарға 6:1).
Ал егер әлденеше рет мас болған болса, немесе айналасындағыларға жаман аты шыққан болса ше? Ондай жағдайда мәселені төрешілер комитеті қарауға тиіс. Дегенмен, көмек көрсету үшін қариялар ол адам шын мәнінде маскүнем бе, жоқ па, соны анықтағандары дұрыс.
Маскүнемдік
Оны анықтағандары бір нәрсені өзгерте ме? Иә, өзгерткенде қандай! Мақаланың басындағы оқиғадан көргеніміздей, егер адам маскүнем болса, оған аз ішу жөнінде кеңес бергеннің пайдасы болмаса керек. Неліктен? Өйткені нарколог мамандардың көпшілігі маскүнемдерге ішкіліктен толық бас тартуға кеңес береді, өйткені олар ішімдік аузына тисе болғаны, көбінесе өздерінің қанша ішкенін қадағалай алмайды.
Оның үстіне көптеген адамдар өздерінің маскүнем екенін мойындамайды. Ондай адамдарды бұрыс істеріне өкінбейтін, түзелмейтін маскүнемдердің санатына қосуға бола ма? Міндетті түрде емес. Маскүнемдердің әдетте өз жағдайын тура бағалай алмайтынын естен шығармаған дұрыс. Олардың тәніне, санасына, сезіміне және рухани күйіне байланысты азап шегіп жүргенін ұмытпаған жөн. Сол себепті оларға ішімдікке байланысты қиыншылықтары бар екенін көре білулеріне көмектесу оңай емес.
Осындай жағдайға кезіккен кезде қариялардың келесі сұрақтардың үстінен ой жүгірткендері абзал.
Адамның шын мәнінде маскүнем екенін қалай білуге болады? “Ояныңдар!” журналының 1992 жылғы шілде айының 8 жұлдызындағы нөміріндегі “Маскүнемдер мен олардың отбасына көмек” деген тақырыпқа берілген бірнеше мақалаларды көрулеріңе болады (ор.). Ол мақалаларда маскүнемдіктің белгілері суреттелген.
Қырағы болыңдар! Кей кездері маскүнемдік жасырын қиындық болуы мүмкін. Мысалы, бір қауымда бір әйел бауырласымыз қатты жан күйзелісіне түсуіне байланысты көмек сұрап қарияларға келеді. Бірақ қариялардың шын ниетпен көмектесуге тырысқандарына қарамастан, жан күйзелісінен арыла алмайды. Алайда кейінірек қариялар оның ішімдікке байланысты қиындықтарының барын біледі. Оған көмектесуге тырысқан қариялар оның маскүнем екенін анықтайды. Қариялардың маскүнемдікпен күресуге байланысты көмектерін қабыл алған соң, оның көңіл күйі қайта қалпына түседі.
Маскүнем адамның ішімдікке байланысты қиыншылығының бар екенін көруіне қалай көмектесуге болады? “Біздің ойымызша сен тым көп ішетін сияқтысың” деген сияқты сөздерді айтудан сақ болыңдар. Мұндай сөздерді естігенде маскүнем адам өзін одан бетер қорғай түсуі мүмкін. Оның орнына адамның ішу әдеті мен оның салдарын көрсететін нақты деректер келтіруге болады. Үнімізден оның қамын ойлайтынымыздың байқалғаны өте маңызды. Мысалы, былай деп айтуға болады: “Сенің жағдайың бізді қатты мазалайды. Бізді... сияқты жағдайлар мазалайды”.
Кезінде өзі маскүнемдіктен арылған бір қария мынадай ұсыныс жасайды: “Мен адамның жұмыс орнында немесе үй-ішінде қандай қиыншылықтар туғанын анықтағанның пайдалы екенін түсіндім. Содан соң ойландыратын сұрақтар арқылы оның қиыншылықтарының барлығының да себебі ішімдік екенін көруіне көмектесуге болады. Бір кісімен болған келесі әңгімені есіме түсіп отыр:
— Сенің ішкеніңнің отбасыңның өміріне әсері бар ма?
— Жоқ, неге болуы керек.
— Әйеліңмен ұрысасың ба?
— Иә.
— Ұрысуларыңның себебі сенің ішкеніңе байланысты емес пе?
— Жоқ.
— Жақсы, әйеліңмен ұрысқан кездеріңде ішіп алған ба едің?
— Ым-м-м... иә.
Әр түрлі қиыншылықтарды талқылаған соң мен оның қиыншылықтары әр жағдайда дерлік ішкеніне байланысты болғанын көруіне көмектесе алдым”.
Кәсіби көмек қажет пе? Маскүнем адамға кәсіби көмек қажет болуы мүмкін. Әрине, қариялар қандай да бір нақты емді ұсынбайды, қандай ем қабылдайтыны адамның өз еркінде. Сондай-ақ ол адамның кәсіби көмектен бас тартқанына бола өкініш білдірмейді деп шешуге болмайды. Сөйткенмен де табандылық қажет. Ол адам ең маңыздысы бұл мәселенің оның мәсіхшілер қауымының мүшесі ретінде Ехобаның оң ықыласына ие болуымен байланысты екенін анық түсінуі қажет.
Қауымнан шығару керек пе? Бұл келесі жайларға байланысты: ол адамның өзі ішетініне қалай қарайды? Мүмкін сендердің төзімділікпен және табандылықпен шындыққа көзін ашуға тырысқандарыңа қарамастан саналы түрде ішуін тоқтатпайтын болар? Осыған байланысты бір кітапта жұмыс берушілерге көңіл қоярлық кеңес берілген:
“Егер адам ішуін тоқтатқысы келмейтініне сенімді болсаңдар, ойланбастан оны жұмыстан шығарып жіберулеріңе болады... Жұмыстан шығарған ол адам үшін жасалған жақсылық болуы мүмкін. Бұл жағдай оның ішкенін қоюына түрткі болуы мүмкін” (Alcoholics Anonymous). Сол сияқты, адамның спиртті ішімдікке деген көзқарасы бұрыс болғандықтан қауымның тазалығын сақтау үшін оны шығарып жіберу қажет болса, бұл оның ішкілікті қоюы үшін қажетті “түрткі” болуы мүмкін.
Егер оның ішуді қойғысы келетініне сенімді болсаңдар не істеуге болады? Егер ол адам көрсетілген көмекті қабыл алуға келісетін болса, оның шын мәнінде ішуді қойғысы келетінін көру үшін біраз уақыт керек болуы мүмкін. Мүмкін кәсіби ем көмек болар. Әрине, ол адам қиындықты шешу үшін тек кәсіби ем қабылдаудың жеткіліксіз екенін түсінуі керек.
Әдетте оған үздіксіз, әсіресе рухани, көмек қажет. Өткен уақытта ол жан күйзелісін немесе ашуын басу үшін, не болмаса жұмыстағы және өзге де қиыншылықтарды ұмыту үшін ішкілікке салынған болуы мүмкін. Сол себепті қазір қиыншылықтарды шешуге деген көзқарасын өзгертуі үшін сендердің көмектерің қажет болуы мүмкін. Оның үстіне, оны ұзақ уақыт бойы өзін кінәлаудан немесе өзіне сенімсіз болудан туған жағымсыз сезім билеуі мүмкін. Ол дұғада Ехобаға жақындау үшін өзін лайықсыз санап, Құдаймен арасында сенімді қарым-қатынасын қайта қалпына келтіру үшін сендердің көмектеріңе мұқтаж болуы мүмкін. Құдай Сөзіне негізделген жұбататын сөздермен бірге сендердің онымен бірге және ол үшін айтқан дұғаларың оның қорқынышы мен күмәнін сейілтедіa (Жақып 5:14—16).
Аяғын сындырып алған адамға әдетте біраз уақыт көмек қажет. Сол сияқты, ішкілікті қою үшін күресіп жүрген адамға да таяныш, яғни жаны аши білетін және мұқият тыңдай алатын адам, қажет. Сендер ондай адамға көмектесуге дайынсыңдар ма?
“Қариялар да, өзге көптеген бауырластар да маған келіп тұрды. Олардың сүйіспеншілік танытқаны мен түсіне білгендері үшін ризашылығымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қандай керемет, мен енді қайтадан Ехобаға дұға ете алатын болдым. Қандай жеңілдік десеңші!” — деп түсіндірді ішкілікті тастау үшін күрескен бір бауырласымыз.
“Бауырластарым маған қандай жолдармен көмектеспеді десеңші! Олар тіпті жиналыста олардың жанында отыруыма ұсыныс жасады, өйткені мен жиналысқа келуге қорқатынмын. Бір бауырласымыз өте көп көмек көрсетті. Маған аса қажет болған кезде ол барлық ісін қалдырып келетін. Мен оның сүйіспеншілігі мен шыдамдылығына өте ризамын”,— деді маскүнемдікпен күресінде көмек көрсетілген тағы бір Куәгер.
Кей жағдайларда ішкілікті қою үшін күресіп жүрген адамның маскүнемдікті жеңген адаммен сөйлескені пайдалы болар еді. Неліктен? Өйткені мұндай адам маскүнемдікпен күресу үшін қаншалықты күш салу керек екенін түсінеді және бұл үшін қандай қадамдар жасау керек екенін де біледі. Одан да маңыздысы — оған қарап маскүнем адам қиыншылықты жеңуге болатынын көреді. Көптеген өсиеттерден гөрі, маскүнем үшін көз алдында тұрған үлгі бағалы.
Егер ол ішуді қайтадан бастаса ше? Олай болуы мүмкін. Тағы да келесі сұрақтарды қоюға болады: болған жағдайға оның өзі қалай қарайды? Оның ішкілікке байланысты қиыншылығын шын мәнінде жеңгісі келетініне сенімдісіңдер ме? Мақсатына жету үшін бұдан да көп күш салуы керек екенін түсіне ме? Егер солай болатын болса, оған жанашырлық пен көмек қажет.
Сонымен, маскүнем болғаны үшін ғана адамды міндетті түрде қауымнан шығарып жіберу қажет емес. Егер ол шынымен қойғысы келсе, мүмкіндік беру керек. Бірақ егер ол өзінің іс-әрекетімен шын мәнінде қойғысы келмейтінін көрсетсе не істеуге болады? Ал егер мас болғанша ішуін қоймаса және мүмкіндігінше көрсетілген көмектің бәрінің нәтижесі болмаса ше? Онда Пауылдың 1 Қорынттықтарға 5:11—13 тармақтардағы сөздеріне сәйкес оны қауымнан шығарып жіберу керек.
Ішкілікке байланысты қиыншылығы бар адамдарға көмектесу үшін көрегендік, шыдамдылық және табандылық қажет. Бұл жерде бауырластарға тек қана “өзіңді қолыңа ал” немесе “егер Ехобаны сүйсең, ішкілікті қоясың” деп айтқанмен іс бітпейді.
Ең дұрысы — маскүнемдіктің болмысын, яғни оның не екенін және адамды қандай күйге түсіретінін, түсінуге тырыс. Естеріңде болсын: әдетте маскүнем өзінің ондай екенін мойындамайды. Ол көмектен бас тартады. Сендер олардың ішкілікке байланысты қиыншылығының бар екенін және көмекке мұқтаж екенін көре білуіне көмектесулерің керек. Ол адамға әрдайым көмек көрсетіп, тірек бола білулерің керек. Бірақ сендердің мақсаттарың күш салуға тұрарлық. Солай емес пе?
Маскүнемдікті жеңуі үшін көмек көрсетілген бір әйел бауырласымыз былай деді: “Қариялар сүйіспеншілік танытып, маған жандары аши білді. Мен оларды жібергені үшін Ехобаға күнделікті ризашылығымды білдіремін. Менің қазір ақыл-есім ояу. Және Ехобамен таза ар-ұжданмен сөйлесе аламын. Сондай-ақ мен қауым кездесулерінің барлығына барамын және бұл мені қуанышқа бөлейді”. Иә, мұндай адамдар Құдайдың отарын бағу үшін бар ынта-жігері мен күшін салып жүрген қарияларға қаншалықты риза десеңші! (1 Петір 5:1, 2).
[Сілтеме]
a “Дананың тілі — ‘қажығандарды жігерлендіреді’” деген мақаланы қараңыз. “Күзет мұнарасы”, 1 маусым, 1982 жыл (ағ.). Бұл мақала жағымсыз сезім мен ойдың әсерінен күйзеліске үшырап жүргендерге қариялардың қалай көмектесе алатынын көрсетеді.