Өзіңді Құдайға арнағаныңа лайық өмір сүріп жүрсің бе?
“Қандай жүмыс болса да, оны адам баласы үшін... емес, Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәндеріңмен атқарыңдар!” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:23).
1. Осы дүниедегі қолданысында “арналу” сөзі қандай мағынаны білдіреді?
СПОРТШЫЛАР жоғары көрсеткішке қалай қол жеткізеді? Теннис, футбол, баскетбол, бейсбол, жеңіл атлетика, гольф немесе спорттың өзге де барлық түрлерінде үздік спортшы өзін жаттығуға толығымен арнау арқылы ғана ең жоғары көрсеткішке қол жеткізеді. Ол үшін тәндік және психологиялық дайындықтың маңызы зор. Бұл“арналған” деген сөздің анықтамаларының біріне сай келеді. Ол — “бір ойға немесе іске толық берілу”.
2. Киелі кітапта “арналу” сөзі нені білдіреді? Мысал келтір.
2 Ал Киелі кітапта “арналу” сөзі қандай мағынада қолданылады? “Арнау” деген сөз — “бөлек ұстау; бөлек болу; бөліну” дегенді білдіретін еврей етістігіa. Ежелгі Исраилдегі бас діни қызметкер Һарон сәлдесінің маңдай жағына “Құдайға бағышталғанын белгілейтін” алтын тақташаны тағатын болған. Ол “Киелілік Ехобаға тиесілі” деп ойып жазылған таза алтыннан жасалған жалтырап тұратын тақташа еді. Ол, “арналғанының белгісі ретінде басында Құдайдың майлаған майы” бар болғандықтан, бас діни қызметкердің ғибадатхананы ластайтын ештеңе істемеуі керек екенін ұмытпауы үшін қарастырылған болатын (Мысырдан көшу 29:6; 39:30, ЖД; Леуі 21:12, ЖД).
3. Өзімізді Құдайға арнағанымыз біздің мінез-құлық, жүріс-тұрысымызға қалай әсер етуі керек?
3 Осы тармақтардан көріп отырғанымыздай, өзімізді Құдайға арнағандығымызға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бұл адамның өз еркімен Құдайдың қызметшісі болатынын және одан таза мінез-құлық, жүріс-тұрыс талап етілетінін білдіреді. Сол себепті біз елші Петірдің Ехобаның “Қасиетті болыңдар, себебі Мен қасиеттімін” деген сөздеріне неліктен нұсқағанын түсінеміз (1 Петір 1:15, 16). Өзімізді Құдайға арнаған мәсіхшілер ретінде бізге соңына дейін адалдық сақтап, арналғандығымызға лайық өмір сүру міндеті жүктеледі. Ал мәсіхші ретінде өзін Құдайға арнау дегеніміз нені білдіреді?
4. Өзімізді Құдайға арнамас бұрын не істейміз және оны не нәрсемен салыстыруға болады?
4 Ехоба Құдай мен оның еркі және Иса Мәсіх пен оның Құдайдың еркіне байланысты атқаратын рөлі туралы тура білімге ие болған соң, Құдайға шын жүректен, бүкіл жан дүниемізбен, барлық ақыл-ойымызбен және барлық күш-қуатымызбен қызмет етуге әрқайсымыз өз еркімізбен шешім қабылдадық (Марқа 8:34; 12:30; Жохан 17:3). Оны тіпті ант беру, өзін Құдайға қалтқысыз арнау деп те қарастыруға болады. Біз өзімізді Құдайға жай ғана сезімге беріліп арнаған жоқпыз. Біз бұл шешімді дұға ете отырып, мұқият барлық нәрсені салмақтап-саралап, ақыл-ойға салып барып қабылдадық. Яғни, біз өзімізді Құдайға уақытша арнаған жоқпыз. Біз егістікті жырта бастап, біраз жер жүрген соң жұмыс тым ауыр болғандықтан немесе өнім жинайтын уақыт тым алыс көрінгендіктен, не болмаса өнімнің болатын-болмайтыны белгісіз болғандықтан жұмысты тоқтататын адамға ұқсамауымыз керек. Ешқандай қиыншылықтарға қарамастан қолдарына теократиялық жауапкершіліктердің ‘соқасын алғандардың’ кейбір мысалдарын қарастырып көрейікші (Лұқа 9:62; Римдіктерге 12:1, 2).
Олар өздерін Құдайға арнағандықтарынан бас тартқан жоқ
5. Қалайша Иеремия өзін Құдайға толық арнаған қызметші ретінде керемет үлгі қалдырды?
5 Еремия Иерусалимде қырық жылдан астам уақыт пайғамбар ретінде қызмет атқарды (б. з. б. 647 — 607 жылдар) және қызметі оңайға түскен жоқ. Ол өзінің мүмкіндіктерінің шектеулі екенін түсінетін (Еремия 1:2—6). Яһудеядағы қыңыр адамдармен күнделікті жүздесу үшін оған батылдық пен төзімділік қажет болды (Еремия 18:18; 38:4—6). Бірақ Еремия өзін Құдайға арнаған қызметшіге лайық әрекет етуіне күш берген Ехоба Құдайға арқа сүйеді (Еремия 1:18, 19).
6. Елші Жохан біз үшін қандай үлгі қалдырды?
6 ‘Құдай сөзін және Иса Мәсіхтің хабарын уағыздағаны’ үшін қартайған шағында адамға жайсыз Патмос аралына жер аударылған адал елші Жохан туралы не айтуға болады? (Аян 1:9). Ол алпыс жылдай төзімділік танытты және мәсіхші ретінде өзін Құдайға арнағанына лайық өмір сүрді. Ол Рим әскерлері Иерусалимді қиратқаннан кейін де өмір сүрді. Ол Ізгі хабар, Құдайдың жетелеуімен жазылған үш хат және алдын ала көрген Һармагеддон соғысы суреттелген Аян кітабын жазу құрметіне ие болды. Һармагеддонның өзі өмір сүрген уақытта болмайтынын білгенде ол қызметін тастап кетті ме? Жоқ әлде қызметіне селқос қарады ма? Жоқ, ‘іске асатын уақыты таяп қалғанымен’ өзі көрген көріністің кейінірек орындалатынын білген Жохан қайтыс болғанға дейін адалдығын сақтады (Аян 1:3; Даниел 12:4).
Бүгінгі күнгі өзін Құдайға арнаған қызметшілердің үлгілері
7. Бір бауырласымыз мәсіхшілердің өзін Құдайға арнауына байланысты қандай керемет үлгі қалдырды?
7 Біздің заманымызда да мыңдаған адал мәсіхшілер, Һармагеддонға дейін қайтыс болып кетсе де, Құдайға шын берілгендіктерін сақтауға жан-тәнімен талпынған. Олардың бірі Англияда өмір сүрген Эрнест Бивор болатын. Ол 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде Куәгер болды және толық уақытты қызмет атқару үшін фотокорреспонденция саласындағы өркендеп келе жатқан ісін тастады. Мәсіхші болғандықтан бейтарап көзқарас ұстанғаны үшін ол екі жыл түрмеде отырды. Отбасы мүшелері оған қолдау көрсетті. 1950 жылы оның үш баласы Нью-Йорктегі миссионерлер дайындайтын Күзет Мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебінде оқып шығады. Бивор бауырласымыздың уағыз айту ісінде белсенді болғаны соншалық, достары оны Эрни-Һармагеддон деп атаған. Ол өзін Құдайға арнағанына лайық шын берілгендікпен қызмет етіп, 1986 жылы қайтыс болғанға дейін Құдай соғысы Һармагеддонның жақындап келе жатқанын жариялады. Ол өзін Құдайға арнағанын уақытша жасалған келісім деп қарастырмадыb (1 Қорынттықтарға 15:58).
8, 9. а) Франко Франсиско орнатқан тәртіптің кезінде Испаниядағы көптеген жас мәсіхшілер қандай үлгі қалдырды? ә) Өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз дұрыс?
8 Әрқашан да белсенділік танытудың үлгісін Испаниядағы бауырластарымыз да көрсеткен. Франко Франсиско орнатқан тәртіптің барысында (1939 — 1975 жылдар) өзін Құдайға арнаған мыңдаған жас Куәгерлер мәсіхші ретінде бейтараптықтарын сақтады. Олардың көбісі он немесе одан да көп жыл уақытын әскери түрмелерде өткізді. Хесус Мартин атты бір Куәгер жалпы алғанда жиырма екі жыл уақытын түрмеде өткізді. Солтүстік Африкадағы әскери түрмеде болған кезінде оны қатты ұрып-соқты. Мұның бәрін көтеру оңай болған жоқ, бірақ ол сенімінен бас тартпады.
9 Көбінесе бұл жас жігіттер қашан босайтындарын, тіпті босайтын-босамайтындарын да білген жоқ, өйткені оларды әрқашан жаңа үкім күтіп тұрды. Сөйтсе де, олар түрмеде болған кездерінде өздерінің адалдықтарын сақтап, Құдайға қызмет етуге деген белсенділіктерін жоғалтпады. Ақыр аяғында 1973 жылы жағдай жақсарған кезде осы Куәгерлердің көбісі түрмеден босап, бірден толық уақытты қызметке кірісті де, кейбіреулері арнайы ізашар және аралаушы бақылаушылар ретінде қызмет атқарды. Ол кезде олар 30 жастан асқан еді. Олар түрмеде жатқан кездерінде өздерін Құдайға арнағандарына сай өмір сүрді және басым көпшілігі босаған соң да солай өмір сүрдіc. Ал бүгін біз туралы не айтуға болады? Осы шын берілген бауырластарымыз сияқты біз де өзімізді Құдайға арнағандығымызға лайық өмір сүріп жүрміз бе? (Еврейлерге 10:32—34; 13:3).
Өзімізді Құдайға арнағандығымызға деген дұрыс көзқарас
10. а) Өзімізді Құдайға арнағандығымызға қалай қарауымыз керек? ә) Өзіне деген қызметімізге Ехоба қалай қарайды?
10 Өзімізді оның еркін орындау үшін Құдайға арнағандығымызға деген көзқарасымыз қандай? Біз оны өмірімізде бірінші орынға қойып жүрміз бе? Жаспыз ба, жоқ кәріміз бе, некедеміз бе, жоқ салт бастымыз ба, денсаулығымыз жақсы ма, жоқ бір жеріміз ауыра ма, жағдайымызға қарай, өзін Құдайға арнаған адамдарға лайық өмір сүруге талпынуымыз керек. Кейбіреулердің жағдайы ізашар, Күзет Мұнарасы Қоғамының филиалдарында ерікті қызметші, миссионер немесе аралаушы бақылаушы ретінде толық уақытты қызмет атқаруға мүмкіндік беруі мүмкін. Ал кейбір ата-аналардың көптеген уақыты мен күш-жігері отбасының тәндік және рухани мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге кетуі мүмкін. Олардың ай сайын қызметке жұмсайтын салыстырмалы түрдегі аз уақыттарын Ехоба толық уақытты қызмет етіп жүргендердің жұмсайтын көптеген сағаттарына қарағанда аз бағалай ма екен? Жоқ, Ехоба ешқашан да бізден жоқ нәрсені талап етпейді. Бұл принципті елші Пауыл жазған еді: “Біреу беруге ынталы болса, Тәңір оның тарту-таралғысын қолындағы жоғына емес, барына қарай ризашылықпен қабылдайды” (2 Қорынттықтарға 8:12).
11. Біздің құтқарылуымыз неге байланысты?
11 Қалай болған күнде де біздің құтқарылуымыз ешқандай да біздің ісімізге емес, Ехобаның біздің Қожамыз Иса Мәсіх арқылы көрсеткен рақымына байланысты. Пауыл бұны: “Бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды. Бірақ Оның рақымымен Мәсіх төлемдерін төлеп, құтқаруының арқасында олар тегін ақтала алады”,— деп анық түсіндірді (Римдіктерге 3:23, 24). Бірақ біз іс-әрекетеріміз арқылы Құдайдың уәделеріне шын мәнінде сенетінімізді дәлелдейміз (Римдіктерге 3:23, 24; Жақып 2:17, 18, 24).
12. Неліктен өзімізді өзгелермен салыстырмауымыз керек?
12 Құдайға қызмет етуге қанша уақыт жұмсайтынымызды, қанша Киелі кітапқа негізделген әдебиет тарататынымызды немесе қанша Киелі кітапты оқып білу сабағын жүргізетінімізді өзгелермен салыстырудың еш қажеті жоқ (Ғалаттықтарға 6:3, 4). Мәсіхші ретіндегі қызметімізде қанша іс атқарсақ та, бәріміз де Исаның: “Сендер де солай, өздеріңе бұйырғандардың бәрін орындағаннан кейін: “Біз небары түкке тұрғысыз малаймыз, міндетімізді ғана атқардық”,— деңдер”,— деген кіші пейілділікті білдіретін сөздерін ұмытпауымыз керек (Лұқа 17:10). Біз “міндетімізді ғана атқардық” деп іс жүзінде қаншалықты жиі айта аламыз? Сол себепті келесі сұрақ туындайды: Құдай үшін атқарған қызметіміздің сапасы қандай болуы керек? (2 Қорынттықтарға 10:17, 18).
Уақытты босқа өткізбеу
13. Өзімізді Құдайға арнағандығымызға деген көзқарасымыз қандай болуы керек?
13 Әйелдерге, отағаларына, балаларға, ата-аналарға және қызметшілерге кеңес берген Пауыл: “Қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшін... емес, Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәндеріңмен атқарыңдар! Себебі осының ақысы ретінде сендер Иемізден уәде еткен игіліктерін қабылдайтындарыңды білесіңдер. Қызмет ететін қожайындарың — Мәсіхтің Өзі ғой”,— деген болатын (Қолостықтарға 3:23, 24). Ехобаға қызмет етуде орындап жүрген нәрселерімізді біз адамдарда әсер қалдыру үшін істеп жүрген жоқпыз. Біз Құдайға Иса Мәсіхтің үлгісіне сай қызмет етуге тырысып жүрміз. Ол салыстырмалы түрдегі қысқа мерзімге созылған қызметін уақыттың тығыздығын сезіне жүріп атқарған (1 Петір 2:21).
14. Петір соңғы күндерге байланысты нені ескертті?
14 Елші Петір де уақыттың тығыздығын сезінетінін көрсеткен. Өзінің екінші хатында ол соңғы күндері өз құмарлықтарына салынып, Мәсіхтің қайта оралатынына күмән келтіретін келемеждеушілер — жолдан таюшылар мен күмәнданушылар — шығатынын ескертті. Сөйткенмен де, ол: “Кейбіреулер “Ол кешігіп, келмей қалды” деп санағанмен, Иеміз уәдесін орындауын кешіктірмейді! Керісінше, Ол бізге төзімділік танытуда: ешкімнің де тозаққа түсуін емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды! Ұрының табан астынан түсетіні сияқты, Иеміздің қайта оралатын күні [Ехобаның күні, ЖД] де білдіртпей кенеттен келмек”,— деп ескертті. Иә, Ехобаның күні міндетті түрде келеді. Сондықтан Құдайдың уәдесіне деген сеніміміздің шын мәнінде қаншалықты берік екендігі туралы күнделікті ойлануымыз керек (2 Петір 3:3, 4, 9, 10).
15. Өміріміздің әр күніне қалай қарауымыз керек?
15 Өзін Құдайға арнағандарға лайық өмір сүргіміз келсе, әр күні өзіміздің ісімізбен Ехобаны мадақтауымыз керек. Әр күннің соңында сол күнге шолу жасап, Құдайдың есімін мадақтау үшін және Патшалық туралы ізгі хабарды жариялау үшін қандай да бір әрекет еттік деп айта аламыз ба? Мүмкін бұл біздің өнегелі іс-әрекетіміз, жігерлендіретін сөздеріміз немесе отбасы мүшелері мен достарымызға сүйіспеншілікпен көрсеткен қамқорлығымыз болар. Өзгелермен мәсіхшілер ретіндегі үмітімізбен бөлісу мүмкіндігімізді пайдаландық па? Әлдекімнің Құдайдың уәделері туралы мән бере ойлануына көмектестік пе? Рухани қоймамызда, бейнелеп айтқанда, Құдайды мадақтайтын істеріміздің қоры көбейе беруі үшін, күн сайын рухани мағынада өзімізге пайдалы бір нәрсе табайық (Матай 6:20; 1 Петір 2:12; 3:15; Жақып 3:13).
Рухани көру қабілеттеріңді таза сақтаңдар
16. Біздің өзімізді Құдайға арнағандығымызға сай өмір сүруге деген ынтамызды әлсіретуге тырысқан шайтан қандай әдістер қолданады?
16 Біз мәсіхшілер үшін қиындап бара жатқан уақытта өмір сүріп жатырмыз. Шайтан мен оның қызметшілері жақсы мен жаманның, таза мен арамның, өнегелілік пен өнегесіздіктің, әдептілік пен әдепсіздіктің айырмашылығын анықтауды қиындатуға тырысып бағуда (Римдіктерге 1:24—28; 16:17—19). Ол дистанциялық басқару пульті мен компьютердің пернетақтасы арқылы жүрегіміз бен ұғымымызды оңай ластап алуымызды мүмкін етті. Біздің рухани көзіміз тұманданып, немесе көру қабілетіміз бұзылып, оның залым іс-әрекеттерін байқамай қалуымыз мүмкін. Егер рухани нәрселерді бағаламайтын болсақ, өзімізді Құдайға арнағандығымызға сай өмір сүруге деген талпынысымыз әлсіреп, ‘соқа’ ұстаған қолымыз босаңсып қалуы мүмкін (Лұқа 9:62; Філіпіліктерге 4:8).
17. Құдаймен тығыз қарым-қатынасымызды сақтау үшін Пауылдың кеңесі қалай көмектеседі?
17 Сол себепті Пауылдың Салониқадағы қауымға жазған: “Құдай сендердің күнәдан таза жүріп, бүкіл өмірлеріңнің Өзіне бағышталуын қалайды; бұл азғындықтан аулақ жүрулеріңді де білдіреді: әркім өз денесін қасиетпен, құрметпен күте білсін, Құдайды танымайтын ұлттарға ұқсап құмарлықтарға салынбасын”,— деген сөздері біздің уақытқа сай айтылған (1 Салониқалықтарға 4:3—5). Өздерін Құдайға арнағандығына немқұрайды қараған кейбіреулер өнегесіздіктің салдарынан мәсіхшілер қауымынан шығарылды. Олар Құдаймен қарым-қатынастарының әлсіреуіне жол беріп, нәтижесінде өмірлерінде Құдайға ешқандай орын қалдырмады. Пауыл болса былай деген: “Құдай бізді әдепсіз емес, қасиетті өмір сүруге шақырды. Бұған бағынбайтын кісі адамға емес, Құдайға қарсы тұрады. Ол сендерге Өзінің Киелі Рухын берді” (1 Салониқалықтарға 4:7, 8).
Қандай шешімге келдің?
18. Не нәрсеге белді бекем бууымыз керек?
18 Егер өзімізді Ехоба Құдайға арнағандығымыздың маңыздылығын түсінетін болсақ, не нәрсеге белді бекем бууымыз керек? Қызметіміз бен мінез-құлық, жүріс-тұрысымызға байланысты ар-ұжданымызды таза ұстауға. Петір: “Мәсіх жолындағы сендердің ізгі жүріс-тұрыстарың туралы жаман айтып, айыптағандар өздерінің айтқандарынан ұялатындай болу үшін ар-ұждандарыңды таза ұстаңдар”,— деп жігерлендіреді (1 Петір 3:16). Бірақ мәсіхшілерге тән мінез-құлық, жүріс-тұрысымыз үшін азап шегуіміз не қарсылыққа кезігуіміз мүмкін. Құдайға деген сенімі мен шын берілгендігі үшін Мәсіх те қиыншылық көрген. Петір: “Сонымен, Мәсіхтің Өзі тәнімен азап шеккендіктен, сендер де (жақсылық үшін азап шегуге дайын) болыңдар, осындай ой-ниет өздеріңді қорғайтын қалқан іспетті. Тәні азап шегіп жатқан сенуші күнәлы құмарлықтарына берілмейді”,— деген болатын (1 Петір 4:1).
19. Біз туралы не айтылғанын қалаймыз?
19 Шын мәнінде, өзімізді Құдайға арнағандығымызға лайық өмір сүруге бел байлағанымыз бізді рухани жағынан да, моральдық жағынан да, тәндік жағынан да шайтанның науқас дүниесінен қорғайтын болады. Оның үстіне, біз Құдайдың қолдауына ие екендігімізге сенімді боламыз, ал бұл шайтан мен оның қызметшілерінің ұсынатын нәрселерінен әлдеқайда артық. Сондықтан, біз жайында, шындықты алғаш білгендегі сүйіспеншіліктерін жоғалтты деп айтылуына себеп боларлық ештеңе де істемейік. Керісінше, бірінші ғасырдағы Тиятирдағы қауымдағылар сияқты, біз жайында да: “Мен сенің не істегеніңді — сүйіспеншілігің мен сеніміңді, қызметің мен төзіміңді білемін. Қазіргі игі істерің алғашқыдағыдан көбірек”,— деп айтылатын болсын (Аян 2:4, 18, 19). Иә, өзімізді Құдайға арнағандығымызға байланысты жылымшы болмайық, керісінше, ынталы болып соңына дейін ‘рухтарымыз жалындай берсін’, ал ақыры болса жақын (Римдіктерге 12:11; Аян 3:15, 16).
[Сілтемелер]
a 1987 жылдың 15 қыркүйегіндегі “Күзет мұнарасын” қара, 23-бет (ор.).
b Эрнест Бивордың өмірі туралы толығырақ білу үшін “Күзет мұнарасының” 1980 жылғы 15 наурыздағы нөмірін қара, 8—11 беттер (ағ.).
c Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған 1978 жылғы “Ехоба Куәгерлерінің жылнамасын” қараңдар, 156—158, 201—218 беттер (ағ.).
Естеріңде ме?
• Өзімізді Құдайға арнауға не жатады?
• Ежелгі және қазіргі өзін Құдайға арнаған қызметшілердің қандай үлгілері біздің еліктеуімізге лайық?
• Құдайдың алдында атқаратын қызметімізге деген көзқарасымыз қандай болуы керек?
• Құдайға шын берілгендігімізді сақтағымыз келсе, не нәрсеге белді бекем бууымыз керек?
[24-беттегі сурет]
Еремия айналасындағылардың жауыздық іс-әрекеттеріне қарамастан адал болып қалды
[25-беттегі сурет]
Испания түрмелеріндегі мыңдаған жас Куәгерлер адалдықтарын сақтады
[26-беттегі суреттер]
Күн сайын рухани тұрғыдан жағымды бір нәрсеге ие болайық
[27-беттегі сурет]
Эрнест Бивор ынталы мәсіхші ретінде балаларына үлгі қалдырды