Шындық жүректеріңе ұялады ма?
“Ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар” (РИМДІКТЕРГЕ 12:2).
1, 2. Бүгінгі күні шынайы мәсіхші болу неліктен оңай емес?
ОСЫ СОҢҒЫ ‘қиын-қыстау күндері’ шынайы мәсіхші болу оңай емес (2 Тімотеге 3:1). Мәсіхтің ізімен жүру үшін күнәкар дүниені жеңу керек (1 Жохан 5:4). Мәсіхші жолы туралы Исаның не айтқанын есімізге түсірейікші: “Тар қақпадан кіріңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл, онымен жүретіндер көп. Ал шынайы өмірге апаратын қақпа да, жол да тар, соны табатындар аз ғана”. Сондай-ақ Иса: “Маған еріп, шәкірт болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге күн сайын дайын болып Менің жолыммен жүрсін!” — деген еді (Матай 7:13, 14; Лұқа 9:23).
2 Өмірге апаратын тар жолды тапқан мәсіхші енді осы жолдан таймау үшін күш салуы керек. Неліктен күш салу қажет? Өйткені өзін Құдайға арнап, шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшіні шайтан нысанаға алып, қастық жасап, әр түрлі айла қолдана бастайды (Ефестіктерге 6:11). Ол біздің әлсіз жерлерімізді байқап, оларды біздің рухани күйімізді әлсірету үшін пайдалануға тырысады. Ол Исаның өзін азғыруға тырысқан болса, бізді тыныш қалдырады екен деп күтуімізге болмайды. (Матай 4:1—11).
Шайтанның айла-тәсілдері
3. Шайтан Хауаның ақыл-ойына қалай күмән септі?
3 Шайтанның қолданатын зымиян әдістерінің бірі — ойымызға күмән себу. Ол біздің рухани сауыт-сайманымыздан әлсіз жерлер іздейді. Ең алғашқыда ол бұл әдісті Хауаға қарсы қолданған еді. Ол Хауадан: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?” — деп сұраған еді (Жаратылыс 3:1). Басқа сөздермен айтсақ, ол былай деп сұрады: ‘Құдайдың сендерге осындай шек қоюы шынымен мүмкін бе? Осындай жақсы нәрсені сендерге бермегені қалай? Неге олай істеді екен? Сол жемісті жеген күні міндетті түрде көздерің ашылып, Құдай іспетті жақсы мен жаманды білетіндеріңді Құдай біледі ғой!’ Осылайша, шайтан күмән септі де, оның өсіп-өнуін күтті (Жаратылыс 3:5).
4. Бүгінгі күні кейбіреулердің жүрегінде қандай күмән пайда болуы мүмкін?
4 Шайтан бұл әдісін бүгінгі күні қалай қолданады? Егер біз Киелі кітапты оқуға, жеке зерттеуге, дұға етуге және мәсіхшілердің қызметі мен жиналыстарына жете көңіл бөлмейтін болсақ, өзгелердің біздің ойымызға күмән себуіне жол беріп қоюымыз мүмкін. Мысалы мыналар сияқты: “Мұның Иса үйретіп кеткен шындық екенін қайдан білеміз?” “Осы күндер шынында да соңғы күндер ме? Қазір біз XXI ғасырда өмір сүріп отырмыз ғой” “Һармагеддонның табалдырығында тұрмыз ба, жоқ әлде ол әлі алыс болашақта бола ма?” Егер осы сияқты күмәндар пайда болатын болса, оларды сейілту үшін не істеуімізге болады?
5, 6. Егер күмән пайда болса не істеуіміз керек?
5 Жақып: “Ал егер кейбіреулерің даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол береді де; Тәңіріміз еш жазғырмай-ақ бәріне жомарттықпен бере салады. Тек шүбәланбай, сеніммен сұрауларың керек. Күмәнданған адам жел айдап, соқтығысқан теңіз толқынына ұқсас. Мұндай кісі Жаратқан Иеден бір нәрсе аламын деп күтпесін: ол екі ойлы, барлық іс-әрекетінде тұрақсыз адам”,— деп, біз үшін пайдалы кеңес жазып қалдырған болатын (Жақып 1:5—8).
6 Сонда біз не істеуіміз керек? Біз, дұға арқылы, сенім мен түсінік беруін және кез келген сұрақтар мен күмән туған нәрселерді жеке зерттеудегі талпынысымызды қолдауын ‘Құдайдан сұрауымыз’ керек. Сондай-ақ, Ехобаның қажетті көмекті беретініне еш күмәнданбай, сенімі берік бауырластарымыздан көмек сұрауымызға да болады. Сонымен қатар Жақып: “Құдайға мойынсұныңдар! Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді. Құдайға жақындаңдар, сонда Ол сендерге жақындайды”,— деген еді. Иә, Киелі кітапты зерттеу және дұға ету арқылы Құдайға жақындаған кезде біздің күмәндарымыздың бәрі де сейіледі (Жақып 4:7, 8).
7, 8. Мінажаттың Иса үйреткен түрін анықтауға болатын негізгі белгілер қандай және бұл белгілерді кімдерден көруге болады?
7 Мысалы үшін, ретінде келесі сұрақты алайық: Құдайға Исаның үйретіп кеткен тәліміне сай мінажат етіп жүргенімізді қайдан білеміз? Бұған жауап беру үшін қандай белгілерді қарастыруымыз керек? Киелі кітап шынайы мәсіхшілердің бір-бірін шынайы сүюлері керек екенін айтады (Жохан 13:34, 35). Олар Құдайдың Ехоба есімін киелі тұтулары керек (Ишая 12:4, 5; Матай 6:9). Сондай-ақ олар Құдайдың есімін жариялаулары керек (Мысырдан көшу 3:15; Жохан 17:26).
8 Құдайдың Сөзі болып табылатын Киелі кітапты қастерлеу — шынайы мінажаттың тағы бір ерекшелігі. Ол — Құдайдың қасиеттері мен еркі туралы жазылған ерекше кітап (Жохан 17:17; 2 Тімотеге 3:16, 17). Сондай-ақ шынайы мәсіхшілер адамға жұмақ орнаған жердегі мәңгілік өмірге үміт беретін жалғыз нәрсе — Құдай Патшалығы туралы жариялайды (Марқа 13:10; Аян 21:1—4). Олар осы дүниенің азған саясаты мен ластанған өмір жолынан өздерін аулақ ұстайды (Жохан 15:19; Жақып 1:27; 4:4). Кім бүгінгі күні осы нәрселерді іс жүзінде орындап жүр? Деректерге сүйенер болсақ, Ехоба Куәгерлері ғана орындап жүр.
Күмән сейілмесе не істеуге болады?
9, 10. Ұзаққа созылған күмәнды сейілту үшін не істей аламыз?
9 Егер күмәнымыз сейілмесе ше? Ондай жағдайда не істеуіміз керек? Жауабын дана Сүлеймен патша береді: “Ұлым менің! Егер менің сөздерімді қабыл алып, өсиеттерімді өзіңде сақтасаң, сөйтіп даналықты мұқият тыңдап, жүрегіңді ой жүгіртуге бұрсаң; егер білімді шақырып, даналықты өтінсең; егер оны күміс іздегендей іздейтін болсаң және қазынаны тапқандай іздеп тапсаң, Тәңірдің алдындағы қорқынышты жете түсініп, Құдай туралы білімді табасың” (Нақыл сөздер 2:1—5).
10 Ғажап ойлар емес пе? Егер Құдайдың даналығына шынайы көңіл қоюға дайын болсақ, “Құдай туралы білімді табамыз”. Иә, оның сөздерін қабылдауға және сақтауға дайын болсақ, Әлемнің Әміршісі туралы білімге қол жеткізуге болады. Бұл дұға арқылы және жеке зерттеу арқылы Құдайға жақындауды білдіреді. Оның Сөзінде жазылған құпия қазына кез келген күмәнымызды сейілтіп, шындықтың жарығын көруімізге көмектесе алады.
11. Елішәның қызметшісі қалай күмән білдірді?
11 Құдайдың үрейленіп, жүрегін күмән билеген қызметшісіне дұғаның қалай көмектескенінің айқын үлгісін 4 Патшалық 6:11—18 тармақтардан көруге болады. Елішәның қызметшісіне рухани көре білу қабілеті жетіспеді. Ол сириялық әскердің қоршауында қалған Құдайдың пайғамбарын қорғау үшін ол маңда аспан әскерінің болғанын түсінбеді. Қорқып кеткен қызметші: “Әттеген-ай! Мырзам, енді не істедік?” — деп айқайлап жіберді. Бұған Елішә қалай жауап берді екен? “Қорықпа, өйткені олардың жанындағылардан гөрі, біздің жанымыздағылар көп”. Бірақ ол бұған қызметшісінің көзін қалай жеткізді? Ол аспан әскерін көре алған жоқ еді ғой.
12. а) Қызметшінің күмәны қалай сейілді? ә) Егер күмәнданатын болсақ, оны қалай сейілтуімізге болады?
12 “Елішә дұға етіп: “Тәңірім! көруі үшін, көзін ашшы оның”,— деді. Сонда Тәңір қызметшінің көзін ашты да, ол Елішәның айналасындағы бүкіл тау үсті аттар мен отқа оранған соғыс арбаларына толы екенін көрді”. Осылайша, Ехоба қызметшіге Елішәны қорғап тұрған аспан әскерін көрсетті. Бірақ біз бүгін Құдайдың дәл осылай көмектесуін күтпеуіміз керек. Зерттеп, сенімін нығайтуы үшін пайғамбардың қызметшісінің қолында толық Киелі кітаптың болмағанын ұмытпаңдар. Ал бізде Киелі кітап бар. Егер біз оны мұқият зерттейтін болсақ, дәл солай біздің де сеніміміз нығаяды. Мысалы, біз көктегі тағында отырған Ехобаны суреттейтін біраз мәліметтердің үстінен ой жүгірттік делік. Олай еткен болсақ, бүгінгі күні бүкіл дүние жүзінде жүріп жатқан ағарту жұмысына ат салысып жүрген қызметшілерін қолдап отырған Ехобаның көктегі ұйымы бар екенінде еш күмәнымыз қалмайды (Ишая 6:1—4; Езекиел 1:4—28; Даниел 7:9, 10; Аян 4:1—11; 14:6, 7).
Шайтанның қастық іс-әрекеттерінен сақтаныңдар!
13. Шындықты берік ұстануға деген талпынысымызды әлсірету үшін Шайтан қандай әдістер қолданады?
13 Бізді рухани жағынан және шындықты берік ұстануға деген талпынысымызды әлсірету үшін Шайтан тағы қандай әрекет жасайды? Әр түрлі өнегесіздікке итереді. Бар ықыласы жыныстық қатынасқа ауған бүгінгі дүниеде роман (жұбайына деген опасыздықтың сыпайы бейнесі) немесе бір түндік көңілдестік (міндет жүктемейтін азғындық) деген нәрселер уақытты қызықты өткізу үшін неден болса да тайынбайтын рақат қуған ұрпақ үшін күнделікті жағдай болды. Кинофильмдер, теледидар, бейнефильмдер осындай өмір жолын дәріптейді. Порнография кеңінен тараған, әсіресе интернетте. Порнографияға әуес болған өте қауіпті (1 Салониқалықтарға 4:3—5; Жақып 1:13—15).
14. Кейбір мәсіхшілер қалайша шайтанның қастық іс-әрекеттерінің құрбаны болды?
14 Кейбір мәсіхшілер өздерінің әуестіктеріне бой алдырып, порнографияның жасырын немесе тіпті ашық түрлерін көру арқылы ой-саналары мен жүректерін былғаған. Олар шайтанның азғыруына елігіп, қақпанға түсіп қалды. Осылай еткен адамдар көбінесе рухани кеме апатына ұшырауда. Мұндай адамдар “жамандық істеуге келгенде сәбидей кінәратсыз” болып қала алмады. Олар “ұғынуға келгенде ересектей кемелді” болмады (1 Қорынттықтарға 14:20). Әр жыл сайын мыңдаған адамдар Құдай Сөзінде жазылған принциптер мен нормаларды берік ұстанбаудың зардабын шегуде. Олар “Құдай берген “рухани қару-жарақтың” бәрін асынып”, оны сақтауды елеусіз қалдырды (Ефестіктерге 6:10—13; Қолостықтарға 3:5—10; 1 Тімотеге 1:18, 19).
Барды бағалай біліңдер
15. Кейбіреулер үшін рухани мұраларын бағалау неліктен қиын болуы мүмкін?
15 Иса: “Ақиқатты біле түсесіңдер [білесіңдер, ЖД], ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді”,— деген еді (Жохан 8:32). Мәсіхшілердің басым көпшілігі өткен өмір жолдары мен діни ұйымдарын тастаған. Сол себепті олар шындық арқылы келген бостандықты көбірек бағалауға бейім болуы мүмкін. Бірақ, шындықта туып-өскен кейбір жастарға рухани мұраларын бағалау қиын болуы мүмкін. Олар ешқашан жалған діннің немесе тек рақатқа талпынған нашақорлық пен өнегесіздік жайлаған осы дүниенің бөлігі болған емес. Нәтижесінде олар біздің рухани жұмағымыз бен шайтанның зұлым дүниесінің айқын айырмашылығын көрмеуі мүмкін. Кейбіреулері тіпті бір нәрседен құр қалмадым ба деген оймен азғыруға бой алғызып, осы дүниенің уын татып көруі мүмкін (1 Жохан 2:15—17; Аян 18:1—5).
16. а) Өзімізге қандай сұрақтар қоюымызға болады? ә) Бізді не нәрсеге үйретіп, не істеуге шақырып отыр?
16 Ауру мен қиналудың не екенін білу үшін шынымен саусағымызды отқа тығуымыз керек пе? Өзгелердің өмірінің ащы сабағынан үйренуімізге болмай ма? Қандай да бір нәрседен құр қалмадым ба деген оймен осы дүниенің ‘батпағына’ аунап көруіміз керек пе? (2 Петір 2:20—22). Петір: “Өткен кезде сендер ұзақ уақыттарыңды Оған [Құдайға] мойынсұнбайтындарға ұнайтынды жасап өткіздіңдер: өмірлерің жүгенсіздік, нәпсіқұмарлық, маскүнемдік, ырду-дырду ойын-сауықтар, мас жын-ойнақтармен және Құдайға жек көрінішті жалған тәңірлерге құлшылық етумен өтіп келді”,— деп, бірінші ғасырда өмір сүрген, ертеде шайтан дүниесінің бөлігі болған мәсіхшілердің есіне салған болатын. Бүлінген өмірдің қандай болатынын көру үшін бізге осы дүниенің “азғын өмір салттарын” бастан кешудің қажеті жоқ екені анық (1 Петір 4:3, 4). Керісінше, бізді Киелі кітапқа негізделген білім беру орталығы болып табылатын Патшалық Сарайларында Ехобаның жоғары өнегелілік нормаларына үйретуде. Және онда біз күш-қуатымызды шындықта жүргенімізге көзімізді жеткізуге және шындықты өмір жолымыз етуге жұмсауға шақырылудамыз (Ешуа Набын 1:8; Римдіктерге 12:1, 2; 2 Тімотеге 3:14—17).
Біз босқа Куәгерлер аталмаймыз
17. Біз қалайша Ехобаның нәтижелі Куәгерлері бола аламыз?
17 Егер шындық жүрегімізге ұялаған болса, кез келген қолайлы сәтті пайдаланып, ол туралы өзгелерге айтатын боламыз. Бұл ықылас білдірмегендерді күштеп тыңдатуға тырысамыз дегенді емес, ұялмай өзімізді Ехоба Куәгерлері ретінде танытуды білдіреді (Матай 7:6). Егер біреу шын көңілмен сұрақтар қойып немесе Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді алып, шамалы болса да қызығушылық білдірсе, өз үмітімізді онымен бөлісуге дайын боламыз. Әрине, бұл үшін, қайда болсақ та — үйде, жұмыста, мектепте, дүкенде немесе демалыс орындарында — өзімізбен бірге қандай да бір әдебиеттердің болғаны жөн (1 Петір 3:15).
18. Өзіміздің мәсіхші екенімізді ашық айтқанымыз қалайша өмірімізде пайдалы болуы мүмкін?
18 Өзіміздің мәсіхші екенімізді анық білдіретін болсақ, шайтанның айлалы шабуылдарына қарсы қорғанышымызды күшейтеміз. Ехоба Куәгерлері жұмыс істейтін жерлерде біреудің туған күнін, Мәсіхтің туған күнін атап өтетін болса немесе лотерея ойындары болса, бірге жұмыс істейтін адамдардың: “Оны мазаламай-ақ қойыңдар. Ол — Ехобаның Куәгері”,— дегендерін жиі естіп жатамыз. Дәл осы себептен адамдар біз болған жерде ұятсыз әзілдерді көбінесе айтпауы да мүмкін. Осылайша өзгелерге мәсіхшілер ретіндегі ұстанатын көзқарасымызды білдіргеніміздің пайдасы зор. Елші Петір бұған ерекше көңіл аударған болатын: “Егер жақсылық жасауға ынталы болсаңдар, кім сендерге нұқсан келтірмек? Тіпті әділдік үшін азап шегетін болсаңдар да, соларың арқылы жарылқанасыңдар (“бақыттысыңдар”, 1 Петір 3:13, 14, сілтемені қара)”.
19. Соңғы күндері өмір сүріп отырғанымызды қайдан білеміз?
19 Шындықты өзіміздің өмір жолымыз еткеннің тағы бір пайдасы қазіргі уақыттың осы дүниенің соңғы күндері екендігіне сенімді болатынымызда. Біз Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың көбісінің біздің уақытымызда орындалып жатқанын білетін боламызa. Соңғы ғасырдағы болған жан түршіктірерлік оқиғалар Пауылдың “соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады” деген ескертуінің растығының дәлелі (2 Тімотеге 3:1—5; Марқа 13:3—37). Жақында бір газетте басылып шыққан XX ғасырға қатысты мақала “Ол тағылық дәуірі болып есте қалады” деп аталды. Бұл мақалада: “1999 жыл ең қанқұйлы ғасырдың екінші жартысындағы ең қанқұйлы жыл болды”,— деп айтылды.
20. Қазір қандай іспен шұғылданатын уақыт?
20 Қазір толқитын уақыт емес. Халықтарға куәлік ретінде бүкіл дүние жүзінде жүріп жатқан бұрын-соңды болмаған Киелі кітапқа негізделген ағарту ісіне Ехобаның батасын төгіп отырғаны осының анық дәлелі (Матай 24:14). Шындықты өз өмір жолың етіп, ол туралы өзгелерге айтып жеткіз. Сенің мәңгілік болашағың қазіргі істеріңе байланысты. Қолын қусырып отыратындар Ехобаның батасына лайық емес (Лұқа 9:62). Керісінше, қазір — “табанды, сенімдеріңнен айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істейтін болыңдар! Өйткені Иемізбен жүріп атқарған еңбектеріңнің бекер еместігіне көз жеткіздіңдер”,— деген сөздерге құлақ асатын уақыт (1 Қорынттықтарға 15:58).
[Сілтеме]
a “Күзет мұнарасының” 2000 жылғы 1 сәуірдегі нөмірінің 7, 8-беттерін қараңдар. 13—18 абзацтарда 1914 жылдан бері соңғы күндері өмір сүріп отырғанымызды көрсететін салмақты алты дәлел қарастырылған.
Естеріңде ме?
• Күмәндарды қалай сейілтуімізге болады?
• Елішәның қызметшісінің мысалынан не нәрсеге үйрене аламыз?
• Өнегелілікке байланысты қандай еліктірулерге үнемі қарсы тұруымыз керек?
• Неліктен өзіміздің Ехобаның Куәгері екендігімізді анық танытуымыз керек?
[19-беттегі сурет]
Көрініс көргенінің арқасында Елішәның қызметшісінің күмәны сейілді
[20-беттегі суреттер]
Үнемі Киелі кітапты зерттеп, дұға еткеніміз күмәндарды сейілтуімізге көмектеседі
[21-беттегі сурет]
Біз Ехобаның жоғары өнегелілік нормаларына мына Бениндегі сияқты Патшалық Сарайларында үйренудеміз