Өзімізді Құдайға арнағанымызға сай өмір сүру
1 Шомылдыру рәсімінен жақында өттіңдер ме, жоқ әлде көп уақыт болды ма, өмірлеріңдегі сол маңызды оқиға естеріңде болар. Шомылдыру рәсімінен өткеніміз түпкі мақсатымызға жеткенімізді білдірмейді. Бұл қызметке арнаған өміріміздің басы ғана болып табылады. Ол мәңгілікке ұласуы мүмкін (1 Жох. 2:17). Өзімізді Құдайға арнағанымызға сай өмір сүруге не жатады?
2 Мәсіхтің үлгісіне еліктеу: Шомылдыру рәсімінен өткен соң, Иса ‘Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялап’, ‘өзінің қызметін бастады’ (Лұқ. 3:23; 4:43). Сол сияқты өзімізді Ехобаға арнағанымыздың белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өткен кезімізде, біз тағайындалған ізгі хабардың қызметшілері боламыз. Өмірге қажетті заттарды табуға көп уақыт пен күш жұмсауымыз керек болар, дегенмен, біздің басты міндетіміз — мәсіхші ретіндегі қызметіміз (Мат. 6:33). Жан-тәнімен байлық пен мәртебеге ұмтылудың орнына өзін Құдайға арнағандар елші Пауыл сияқты ‘қызметтерін құрметтейді’ (Рим. 11:13). Ехобаға қызмет ету мүмкіндіктеріңді жоғары бағалап, қызметтеріңді құрметтеуге бар күштеріңді салып жүрсіңдер ме?
3 Иса сияқты біз де ‘Шайтанға қарсы тұруымыз’ керек (Жақ. 4:7). Шомылдыру рәсімінен өте салысымен Исаны сынағаны сияқты, Шайтан бүгінгі өзін Ехобаға арнаған қызметшілерді де сынайды (Лұқ. 4:1—13). Шайтан билеген әлемнің қоршауында өмір сүріп отырғандықтан, біз ойымызды ластап, жүрегімізді бұзатын нәрселерден аулақ болып, өзімізді тәртіпке салып отыруымыз керек (Нақ. с. 4:23; Мат. 5:29, 30). Мәсіхшілерге ‘Иеміздің және жындардың да дастархандарына бірдей қатысуларына болмайтыны’ ескертіледі (1 Қор. 10:21). Сол себепті біз көңіл көтерудің зиянды түрлерінен, жаман ортадан және интернеттің қауіпті жақтарынан сақ болуымыз керек. Сонымен қатар жолдан тайғандар таратып отырған мәліметтерден аулақ болуымыз қажет. Шайтанның осы және өзге де әдістерінен сақ болғанымыз, өзімізді Ехобаға арнағанымызға сай өмір сүруімізге көмектеседі.
4 Ехобаның шараларының пайдасын көріңдер: Өзімізді арнағанымызға сай өмір сүруімізге көмектесу үшін, Ехоба өзінің Сөзін берді және мәсіхшілер қауымын ұйымдастырды. Киелі кітапты күнделікті оқып, Ехобаға дұға етуді әдетке айналдырыңдар (Еш. 1:8; 1 Сал. 5:17). Қауым кездесулеріне қатысып, қуанышқа кенеліңдер (Заб. 121:1). Ехобадан қорқып, оның заңдарын ұстанатын адамдармен қатынасыңдар (Заб. 118:63).
5 Ехобаның көмегімен өздеріңді оған арнағандарыңа сай өмір сүріп, мәңгі қызмет ете аласыңдар (Заб. 21:26, 27; Філіп. 4:13).