Басқарушы кеңес заңды тұлға болып табыла ма?
ПЕНСИЛЬВАНИЯ Күзет Мұнарасы, Киелі кітап және Трактаттар Қоғамының жыл сайынғы жиналысы 1885 жылдың қаңтар айынан бері өткізіледі. ХІХ ғасырдың аяғында майланған мәсіхшілерді жинау жүргізіліп жатқан болатын, сондықтан корпорацияның директорлары мен ресми қызметтегі адамдары көкте өмір сүруге үміті барлардың қатарынан болатын. Кейінгі уақыттарда айтарлықтай өзгерістер болған жоқ.
Десе де, бір өзгеріс жасалды. 1940 жылы “басқа қойлардың” қатарына жататын әрі сол уақытта Қоғамның заң жөніндегі кеңесшісі ретінде қызмет ететін Хейден Ковингтон бауырласымыз Қоғамның директорларының бірі ретінде сайланды (Жохан 10:16). Ол 1942—1945 жылдары Қоғамның президентінің орынбасары қызметін атқарды. 1945 жылы Ковингтон директор қызметін қалдырды, өйткені ол уақытта Пенсильвания корпорациясының барлық директорлары мен ресми қызметтегі адамдары Ехобаның еркіне сәйкес майланған мәсіхшілердің қатарынан болуы керек деп есептелетін. Хейден Ковингтонның директорлар кеңесіндегі орнына Лайман Суингл, ал президенттің орынбасары ретінде Фредерик Френц сайланды.
Неге Ехобаның қызметшілері Пенсильвания Күзет Мұнарасы, Киелі кітап және Трактаттар Қоғамының барлық директорлары мен ресми қызметтегі адамдары майланған мәсіхшілердің қатарынан болуы керек деп есептеген? Өйткені ол уақытта Пенсильвания корпорациясының директорлар кеңесі мен ресми қызметтегі адамдары және тек майланғандардан тұратын Ехоба Куәгерлерінің Басқарушы кеңесі бір деп есептелетін.
Тарихи мәні бар жыл сайынғы жиналыс
1944 жылдың 2 қазанында Питтсбургте болған жыл сайынғы жиналыста Пенсильвания корпорациясының мүшелері корпорацияның жарғысына алты түзету жасады. Корпорацияның жарғысына сәйкес, дауыс беруге арналған акциялар Қоғамның жүргізіп жатқан ісін қолдау үшін садақа бергендерге ғана жіберілетін. Үшінші түзетуде бұл ереже өзгертілді. Осы жыл сайынғы жиналыс жөнінде есеп берілгенде былай деп ескерілді: “Қоғамның мүшелерінің саны бес жүз адаммен шектелетін болады... Таңдалып алынғандардың бәрі Қоғамның толық уақытты қызметшісі немесе Ехоба Куәгерлері қауымының [қауым жиналысының] толық уақытты емес қызметшісі болуы керек және Иеміздің рухын танытуы тиіс”.
Осы уақыттан бастап Қоғамның директорларын — Патшалықтың мүддесіне арнап садақаға қанша ақша бергеніне қарамастан — Ехобаға толық берілген адамдар сайлайды. Бұл Ишая 60:17-де біртіндеп жақсару туралы алдын ала айтылған сөздерге сәйкес келеді: “Саған қола орнына алтынды, темір орнына күмісті, ағаш орнына қоланы, тас орнына темірді иелікке беремін. Сенің басқарушың етіп бейбітшілікті және бақылаушыларың етіп шындықты тағайындаймын”. “Басқарушы” мен “бақылаушылар” жөнінде айтуымен бұл пайғамбарлық Ехобаның халқындағы ұйымдастыру тәртібіндегі жақсартуларға нұсқайды.
Ұйымды теократиялық құрылым етудегі маңызды қадам Даниел 8:14-те айтылған ‘екі мың үш жүз кеш пен таңның’ аяғында жасалды. Осы уақыт аралығында “киелі орын тазаланды”.
Бірақ 1944 жылы өткен тарихи мәні бар жыл сайынғы жиналыстан кейін шешілмеген бір маңызды сұрақ қалды. Ол кезде Басқарушы кеңес пен жеті адамнан тұратын Пенсильвания корпорациясының директорлар кеңесі бір деп есептелетін. Бұл — Басқарушы кеңестің қатарына жетіден артық майланған мәсіхшілердің кіруіне болмайды дегенді білдірді ме? Сонымен қатар бұл, директорларды корпорацияның мүшелері сайлайтын болғандықтан, соңғылар әрбір жыл сайынғы жиналыста Басқарушы кеңестің мүшелерін сайлап отырды дегенді білдіреді емес пе? Сонымен, Пенсильвания Күзет Мұнарасы, Киелі кітап және Трактаттар Қоғамының директорлары мен ресми қызметтегі адамдары және Басқарушы кеңестің мүшелері бір адамдарды білдіре ме, жоқ әлде олар басқа-басқа адамдар ма?
Тағы да бір естен кетпес жыл сайынғы жиналыс
Бұл сұрақтарға 1971 жылы 1 қазанда өткен жыл сайынғы жиналыста жауап берілген болатын. Баяндамашылардың бірі “адал және саналы қызметшінің” басқарушы кеңесі Пенсильвания Күзет Мұнарасы, Киелі кітап және Трактаттар Қоғамынан жүздеген жылдар бұрын пайда болғанын атап өтті (Матай 24:45—47). Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында — Пенсильвания корпорациясынан он сегіз ғасыр бұрын — басқарушы кеңестің іргетасы қаланған болатын. Алдымен басқарушы кеңес жеті адамнан емес, он екі елшіден тұрған. Кейінірек олардың саны көбейген болса керек, өйткені ‘Иерусалимде елшілер мен қауым жетекшілері’ басшылықты қолдарына алған болатын (Елшілердің істері 15:2).
1971 жылы тап сол баяндамашы Күзет Мұнарасы Қоғамының мүшелері майланғандардан тұратын Басқарушы кеңеске кімнің кіретінін сайлау арқылы шеше алмайтындығын түсіндірді. Неге? “Өйткені “саналы қызметшінің” басқарушы кеңесін адамдар тағайындамайды,— деді баяндамашы.— Оны... Иса Мәсіх — шынайы мәсіхшілер қауымының Басы, “адал және саналы қызметшінің” Иесі әрі Қожайыны — тағайындайды”. Ал бұдан Басқарушы кеңестің мүшелерін қандай да бір заңды тұлғаны құрайтын адамдар тағайындай алмайды деген тұжырым жасауға болады.
Мұнан кейін баяндамашы маңызды мәлімдеме жасады: “Басқарушы кеңестің Қоғамның директорлар кеңесінен айырмашылығы — оның ресми қызметтегі адамдары, атап айтқанда, президенті, президенттің орынбасары, хатшы қазынашысы мен оның көмекшісі жоқ. Басқарушы кеңестің тек төрағасы ғана бар”. Көп жылдар бойы Пенсильвания корпорациясының президенті Басқарушы кеңестің басты мүшесінің қызметін де атқарып келді. Ол уақыттан бері көп нәрсе өзгерді. Тәжірибесі немесе қабілеттері бірдей болмаса да, енді Басқарушы кеңестің мүшелерінің жауапкершіліктері бірдей болады. Баяндамашы былай деп қосты: “Басқарушы кеңестің кез келген мүшесі Қоғамның... президенті болмай-ақ, оның [Басқарушы кеңестің] төрағасы бола алады... Басқарушы кеңестің төрағасы ретінде оның мүшелері кезекпен тағайындалады”.
1971 жылы өткен естен кетпес жыл сайынғы жиналыста Басқарушы кеңестің киелі рухпен майланған мүшелері мен Пенсильвания корпорациясының директорларының арасындағы айырмашылық айқын көрсетілді. Осыған қарамастан, Басқарушы кеңестің мүшелері Қоғамның директорлары мен ресми қызметтегі адамдары ретінде қызмет етулерін жалғастыра берді. Алайда бүгінде мынадай сұрақ көтеріліп отыр: Пенсильвания Күзет Мұнарасы, Киелі кітап және Трактаттар Қоғамының директорлары міндетті түрде Басқарушы кеңестің мүшелері болу керек деген пікір Киелі кітапқа негізделген бе?
Жоқ, Киелі кітапқа негізделмеген. Пенсильвания корпорациясы Ехоба Куәгерлері қолданып отырған жалғыз заңды тұлға емес. Басқалары да бар. Олардың бірі — Нью-Йорк Күзет Мұнарасы, Киелі кітап және Трактаттар Қоғамы. Аталмыш Қоғам біздің Құрама Штаттардағы жұмысымызды жеңілдетіп отыр. Директорлары мен ресми қызметтегі адамдарының көпшілігі ‘басқа қойлардың’ қатарынан болғанмен, бұл корпорацияға Ехоба батасын беріп отырғандығында күмән жоқ. Ұлыбританияда Киелі кітапты Зерттеушілердің Халықаралық Бірлестігі бар. Басқа елдерде Патшалық мүддесін қолдау үшін басқа заңды тұлғалар қолданылуда. Олардың барлығы бірлесе отырып, бүкіл жер шарында ізгі хабардың уағыздалуына ат салысып, осы істе белгілі бір рөл атқаруда. Олардың қайда орналасқанына немесе директорлары мен ресми қызметтегі адамдарының кім екендігіне қарамастан, бұл органдарды Басқарушы кеңес теократиялық түрде басқарып әрі қолданып отыр. Яғни, олардың әрқайсысына Патшалық мүддесінің өрге басуына қатысты тапсырмалар берілуде.
Осындай заңды тұлғаларымыз бізге аз көмек тигізіп жатқан жоқ. Олар Құдай Сөзінің талап ететініндей жергілікті заңдар мен өзіміз тұрып жатқан елдің заңдарын орындауымызға мүмкіндік беріп отыр (Еремия 32:11; Римдіктерге 13:1). Заңды органдар Киелі кітаптар, кітаптар, журналдар, брошюралар және басқа да әдебиеттерді басып шығаруға мүмкіндік жасауда, осының арқасында Патшалық туралы хабарды тарату жұмысы жеңілдеуде. Сонымен қатар бұл органдар меншік құқығы, жапа шеккендерге көмек көрсету, конгрестер өткізу үшін жалға жай алу және тағы сол сияқты заңға қатысты мәселелерді шешуде. Біз осындай заңды органдарымыздың атқарып жатқан қызметіне ризашылығымызды білдіреміз.
Ехобаның есіміне аса ерекше мән берілуі
1944 жылы Пенсильвания Күзет Мұнарасы, Киелі кітап және Трактаттар Қоғамының жарғысының ІІ бабына осы корпорацияның атқаратын міндеттерін айқындай түсу үшін түзетулер енгізілген болатын. Түзетілген жарғыға сәйкес, Қоғамның мақсаттарының ішінде келесі басты мақсат бар: “Құдіреті күшті ЕХОБА Құдайдың есімі, сөзі және үстемдігі жөнінде куәлік етіп, Иса Мәсіхтің басшылығымен Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды барлық халықтарға уағыздау”.
“Адал... қызметші” 1926 жылдан бастап Ехобаның есіміне аса ерекше мән беретін болды. Әсіресе Киелі кітапты Зерттеушілер Ехоба Куәгерлері деген атауға ие болған 1931 жыл ерекше жыл болды (Ишая 43:10—12, Синодтық аударма). Құдайдың есімі ерекше аталатын Қоғамның басылымдарына “Ехоба” (1934), “Сенің киелі есімің қастерленсін” (1961) және “Халықтар Менің Ехоба екенімді білетін болады”. Қалайша?” (1971) деген кітаптарды жатқызуға болады.
1960 жылы ағылшын тілінде толық басылып шыққан “Киелі Жазбалардың Жаңа Дүние Аудармасы” ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл аудармада Еврей Жазбаларындағы тетраграмматон кездескен жерлердің бәрінде Ехобаның есімі тұр. Сондай-ақ бұл аудармада Грек Жазбаларында Құдайдың есімі 237 рет кездеседі. Онда мәтінді мұқият сараптан өткізгеннен кейін, Құдайдың есімі тұруы керек жерлерге қойылған. Өзінің “қызметшісіне” және оның Басқарушы кеңесіне дүние жүзі бойынша Ехобаның есімін жариялау үшін, алуан түрлі баспа құралдары мен заңды органдарды қолдануға Ехобаның мүмкіндік беріп отырғанына біз дән ризамыз.
Құдай Сөзінің таралуына қолғабыс ету
Ехобаның халқы Құдайдың есімі туралы әрдайым куәлік еткен, әрі куәлік етіп жүр де. Сондай-ақ олар миллиондаған Киелі кітап пен Киелі кітапқа негізделген басылымдарды басып шығарып, оларды тарату арқылы әрдайым Құдай Сөзін қорғауда. ХХ ғасырдың басында Күзет Мұнарасы Қоғамы Бенджамин Уилсонның “The Emphatic Diaglott” басылымына авторлық құқық алды. Аталмыш басылым Мәсіхшілердің Грек Жазбаларының жолма-жол жасалған грекше-ағылшынша аудармасы болатын. Киелі кітапты Зерттеушілер 500 беттік қосымшамен “Король Яковтың Киелі кітабын” басып шығаратын. Ал 1942 жылы Қоғам парақтарының жиегінде түсіндірмелері бар “Король Яковтың Киелі кітабын” басып шығарды. Қоғам 1901 жылы жарық көрген және ішінде Ехобаның есімі қолданылған “American Standard Version” аудармасын басып шығара бастады. Ехобаның есімі 1972 жылы Қоғам басып шығарған Стивен Баингтонның “Тірі ағылшын тіліндегі Киелі кітабында” да қолданылған.
Ехоба Куәгерлері қолданатын заңды органдар Киелі кітаптың осы аудармаларының барлығының басылып шығуы мен таратылуына қолғабыс болған. Алайда Күзет Мұнарасы Қоғамы мен “Жаңа Дүние Аудармасымен” айналысатын Комитетті құрайтын Ехоба Куәгерлерінің майланған табымен иін тіресе еңбек ететіндігі ерекше ескере кететін нәрсе. Қазіргі уақытта 38 тілде толықтай немесе жартылай “Киелі жазбалардың Жаңа Дүние Аудармасының” 106 400 000 данасы басылып шыққанына біз қуаныштымыз. Күзет Мұнарасы, Киелі кітап және Трактаттар Қоғамы расында да Киелі кітап қоғамы болып табылады!
‘Адал қызметші’ Қожасының “бүкіл меншігін қараушы” болып тағайындалған. Қожасының меншігіне Нью-Йорк штатындағы бас басқарма және қазіргі уақытта дүние жүзінде әрекет етіп отырған 110 филиал кіреді. Қызметші табының мүшелері өздеріне сеніп тапсырылған нәрсені қалай қолданғандары үшін есеп беретінін біледі (Матай 25:14—30). Алайда, бұл — “қызметшінің” “басқа қойлардың” қатарындағы жарамды бауырластарға заңға және әкімшілік қажеттіліктерге қатысты жұмыстарды сеніп тапсыруына кедергі болмайды. Қайта, Басқарушы кеңестің мүшелеріне бұл “дұға етіп, Құдай сөзіне қызмет ету” үшін көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді (Елшілердің істері 6:4).
Әзірге дүниедегі жағдай заңды органдарды қолдануға мүмкіндік беріп отыр, сондықтан осындай мүмкіндік барда “адал және саналы қызметшіні” білдіретін Басқарушы кеңес осы мүмкіндікті әрі қарай да пайдалана бермек. Мұндай органдарды қолдану қолайлы, сөйтсе де біздің ісіміз оларға толық тәуелді емес. Заңды органдардың қайсыбірін мемлекет басшылары таратып жіберсе де, уағыздау ісі жалғаса береді. Тіпті қазірдің өзінде біздің ісімізге шектеулер қойылған және ешқандай заңды органдар жоқ елдерде де Құдай Патшалығы туралы хабар жарияланып жатыр, шәкірттер дайындау жұмысы жүріп жатыр әрі теократиялық өсім де байқалып отыр. Бұлай болуының себебі — Ехоба Куәгерлері сенімнің “тұқымын егеді” және суарады, ал “өсіріп отырған Құдай” (1 Қорынттықтарға 3:6, 7).
Біз Ехобаның әрі қарай да өзінің халқына рухани және материалдық жағынан қамқорлық ете беретініне сенеміз. Ехоба мен Оның ұлы Иса Мәсіх әрі қарай да аспаннан басшылық етіп, Құдай Патшалығы туралы хабарды уағыздау жұмысын бітіру үшін қажетті көмекті бере бермек. Біз, яғни Құдайдың қызметшілері, атқарып отырған іс ‘әскери жасақтармен де, күшпен де емес, Тәңірдің рухымен’ жүзеге асып отыр (Зәкәрия 4:6). Сондықтан біз Құдайдан көмек сұраймыз, әрі Ехобаның берген күшінің арқасында бізге заманның ақырында атқаруға тапсырған ісін бітіре алатынымызды білеміз.