Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w00 1.10. 24—29 бет.
  • “Қарапайымдарда даналық бар”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Қарапайымдарда даналық бар”
  • 2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Пауыл — ‘нөкер’ және ‘басқарушы’
  • Тағайындалған орнымызға қарапайымдылықпен қарау
  • Гедеон — әкесінің үйіндегі “ең кішісі”
  • Қарапайымдылық пен парасаттылық таныту
  • Иса — қарапайымдылықтың ең керемет үлгісі
  • Исаның қарапайымдылығына еліктеңдер
  • Қарапайымдылық өз құнын жоғалтқан жоқ
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Ақсақалдар, Гедеоннан үлгі алыңыздар
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Сыналғанда қарапайымдылық сақтайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Кішіпейіл де қарапайым болыңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w00 1.10. 24—29 бет.

“Қарапайымдарда даналық бар”

“Тәңірдің сенен нені талап ететіні айтылған... Құдайдың алдында кіші пейілділікпен [“қарапайымдылықпен”, ЖД] жүру” (МИКА 6:8).

1, 2. Қарапайымдылық деген не және оның менмендіктен қандай айырмашылығы бар?

КӨПШІЛІГІНЕ таныс елші өзгенің көңілін өзіне аудармауға тырысады. Исраилдің ер жүрек биі өзін әкесінің үйіндегі ең кішісі деп атайды. Бұрын-соңды өмір сүрген адамдардың арасындағы ең ұлы адам өзінің билігінің шексіз емес екендігін мойындайды. Осылардың әрқайсысы қарапайымдылық танытқан.

2 Қарапайымдылық — менмендікке мүлдем қарама-қарсы қасиет. Қарапайым адам өзінің қабілеттері мен қасиеттерін дұрыс бағалайды, әрі мұндай адам атаққұмарлықтан аулақ. Көкірек көтеріп, менменсіп бөсудің орнына, қарапайым адам өзінің шектеулі мүмкіндігін әрқашан дұрыс бағалай біледі. Сондықтан мұндай адам өзгелерді сыйлайды, әрі олардың көңіліне қарап, көзқарасымен санасады.

3. Қай мағынада “қарапайымдарда даналық бар?”

3 “Қарапайымдарда даналық бар”,— деп Киелі кітапта бекер айтылмаған (Нақыл сөздер 11:2). Қарапайым адам — дана, өйткені ол өзін ақырында масқара ететін менмендік рухынан аулақ ұстап, Құдайға ұнамды жолмен жүреді (Нақыл сөздер 8:13; 1 Петір 5:5). Киелі кітапта қарапайым болудың даналыққа жататынын дәлелдейтін, Құдайдың қызметкерлері туралы жазылған бірқатар мысалдар бар. Бірінші абзацта келтірілген үш мысалды қарастырып көрелік.

Пауыл — ‘нөкер’ және ‘басқарушы’

4. Пауыл қандай мәртебелі қызмет атқарған?

4 Алғашқы мәсіхшілердің арасында Пауыл көпшілігіне таныс адам болған, әрі неге олай болғанын әбден түсінуге болады. Қызмет жолында ол теңізбен де, құрлықпен де жүріп отырып мыңдаған шақырым шерлерді шарлап өтіп, көптеген қауымдардың негізін қалаған. Оның үстіне, Ехоба Пауылға аяндар, сондай-ақ бөтен тілдерде сөйлеу қабілетін берген (1 Қорынттықтарға 14:18; 2 Қорынттықтарға 12:1—5). Сонымен қатар Пауыл, Құдайдың киелі рухының жетелеуімен, қазіргі уақытта мәсіхшілердің Грек Жазбаларының бөлігі болып табылатын он төрт арнау хат жазған. Басқа елшілерге қарағанда Пауыл анағұрлым көп еңбек етті деп күмәнданбастан айтуға болады (1 Қорынттықтарға 15:10).

5. Өзі туралы қарапайым ойда екендігін Пауыл қалай көрсеткен?

5 Пауыл мәсіхшілердің істерінің алдыңғы шебінде жүргендіктен, бәлкім, әлдекім оны атақ пен даңққа малынып, тіпті қолында билік барын өзгелерге паш еткен деп пайымдар. Бірақ Пауыл олай етпеген, өйткені ол қарапайым болған. Ол өзін “елшілердің ішіндегі ең лайықсызымын” деп атап, “елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі мен Құдайдың қауымын қуғындадым” деген (1 Қорынттықтарға 15:9). Бұрын мәсіхшілерді қуғындаушы болған Пауыл, қызметте мәртебелі міндеттерге ие болуды былай қойғанда, оның Құдаймен қарым-қатынаста болуының өзі тек Құдайдың рақымының арқасында екенін ешқашан ұмытпаған (Жохан 6:44; Ефестіктерге 2:8). Сондықтан Пауыл өзінің қызметте үлкен жетістіктерге жеткендігі оны өзгелерден жоғарылатпайды деп түсінген (1 Қорынттықтарға 9:16).

6. Қорынттықтармен қарым-қатынасында Пауыл қалай қарапайымдылық танытқан?

6 Пауылдың қарапайымдылығы әсіресе оның қорынттықтармен қарым-қатынасынан байқалады. Олардың кейбіреулері өздері көрнекті бақылаушы дейтіндерге, олардың арасында Аполлос, Кефа және Пауылдың өзі де бар, орынсыз таңдай қағып, қайран қалатын болса керек (1 Қорынттықтарға 1:11—15). Бірақ Пауыл қорынттықтардан мақтауды сұрап алмаған және олардың осылай таңдай қағып, тамсанып отырғандарын өз мүддесі үшін қолданбаған. Оларға келген кезде ол ‘шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқ’. Керісінше, өзі жайында да, серіктері жайында да ол былай деген: “Бізге Мәсіхтің нөкерлері, әрі Құдай Өзінің ашып білдірген құпия хабарын басқаруды сеніп тапсырғандары ретінде қарау керек”a (1 Қорынттықтарға 2:1—5; 4:1).

7. Қалай Пауыл біреуге сөгіс берген кездің өзінде де қарапайымдылық танытатын болған?

7 Пауыл, тіпті біреуге сөгіс пен кеңес беру керек болған кездің өзінде де қарапайымдылық танытатын. Ол елшілік дәрежесін пайдаланып басқаларға сес көрсетпейтін, қайта Құдайдың ‘мол мейірім төккеніне’ және мәсіхшілердің ‘сүйіспеншіліктеріне’ сүйене отырып олардан өтініп сұранатын (Римдіктерге 12:1, 2; Філимонға 8, 9). Пауыл неге бұлай етті? Өйткені ол бауырластарының ‘сенімдеріне өктемдік еткен жоқ’, қайта өзін олармен ‘бірге еңбектенуші’ деп есептеді (2 Қорынттықтарға 1:24). Бірінші ғасырдағы қауымдардың Пауылды соншама жақсы көргендігі оның қарапайымдылығының арқасында екендігі сөзсіз (Елшілердің істері 20:36—38).

Тағайындалған орнымызға қарапайымдылықпен қарау

8, 9. а) Неге біз өзіміз жайлы қарапайымдылықпен ойлауымыз керек? ә) Жауапкершілігі барлар қалай қарапайымдылық таныта алады?

8 Пауыл бүгінгі күнгі мәсіхшілерге керемет үлгі қалдырған. Бізге қандай жауапты іс тапсырылмасын, ешқайсымыз өзімізді өзгелерден жоғары қоймауымыз керек. ‘Кімде-кім шын мәнінде өзгелерден артық болмай тұрып, ерекшемін деп көкірегін көтерсе,— деп жазды Пауыл,— сол өзін алдайды’ (Ғалаттықтарға 6:3). Неге? Өйткені “бәрі де күнә жасап, Құдайдың ұлылығынан құр алақан қалған” (Римдіктерге 3:23; 5:12). Иә, бәріміз де Адамнан күнә мен өлімді мұра еткенімізді біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Ерекше орынға тағайындалғандығымыз бізді күнәкар күйімізден құтқармайды (Екклесиаст 9:2). Пауылдың жағдайындағыдай, адамдар тек Құдайдың рақымының арқасында ғана, лайық болмаса да, Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болуға, одан қала берсе, ерекше қызметке тағайындалуға мүмкіндік ала алады (Римдіктерге 3:12, 24).

9 Осыны түсінгендіктен, қарапайым адам қандай да бір орынға тағайындалғанына дандайсып, менменсіп кетпейді, жетістікке жеткеніне де мақтанбайды (1 Қорынттықтарға 4:7). Ол кеңестер мен нұсқауларды қожайын ретінде емес, бірге еңбек етуші ретінде береді. Қандай да бір тапсырманы орындауда жетістікке жеткен адам өзгелердің мақтағанын күтпеуі керек немесе бауырластарының өзіне тамсана қарағанын өз басының мүддесі үшін қолданбауы керек (Нақыл сөздер 25:27; Матай 6:2—4). Нағыз мақтау адамның өзінен емес, өзгеден шығады, әрі оны сұрап алмайды. Ал егер бізді біреу мақтайтын болса, біз өзіміз туралы тиістісінен артық ойламауымыз керек (Нақыл сөздер 27:2; Римдіктерге 12:3).

10. Көзге түсе бермейтін адамдардың қалайша “сенімге бай” болуы мүмкін екендігін түсіндіріп беріңдерші.

10 Егер бізге қандай да бір жауапкершілік жүктелген болса, қарапайымдылық өзіміздің қауымда алатын орнымызға шектен тыс көңіл аудара бермеуімізге және өзгелерде қауым біздің күш салуымыз бен қабілетіміздің арқасында ғана өркендеп жатыр деген ой тудырмауымызға көмектеседі. Мысалы, әлдекім дарынды тәлімгер делік (Ефестіктерге 4:11, 12). Алайда қарапайымдылық — қауым жиналысында алатын кейбір аса маңызды тәлімнің сахнадан берілмейтінін түсінуімізге көмектеседі. Мысалы, жалғыз басты ата-аналардың балаларын ертіп Патшалық Сарайына үзбестен келуі; немесе, үнемі жабырқап жүретін адамның, өзін түкке тұрғысыз сезінетіндігіне қарамастан, әрдайым кездесулерге келіп жүруі; не болмаса, мектепте де, басқа жерлерде де жаман нәрсенің әсер ететініне қарамастан, ұл-қыздардың рухани өсіп жатқандығы бізді жігерлендіреді емес пе? (Забур 83:11). Бәлкім, бұл адамдар көптің көзінен таса болар. Олардың әділдігінің қалай сыналып жүргенін білетіндер кемде-кем. Сөйтсе де, олардың да, үнемі көзге түсіп жүргендердей, “сенімге бай” болуы әбден мүмкін (Жақып 2:5). Сайып келгенде, ақыр аяғында адам Ехобаның мақұлдауына адалдығын сақтап қалу арқылы ие болады ғой (Матай 10:22; 1 Қорынттықтарға 4:2).

Гедеон — әкесінің үйіндегі “ең кішісі”

11. Құдайдың періштесімен сөйлескенде Гедеон қалай қарапайымдылық танытты?

11 Гедеон деген Манаса руынан шыққан ер жүрек жас жігіт Исраил тарихындағы аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүрген. Құдай халқының мадияндықтардың қанауында болғанына жеті жыл толған еді. Алайда Ехобаның өз халқын азат ететін уақыты келді. Гедеонға періште келіп былай деді: “Ер азамат, Тәңір саған жар!” Гедеон қарапайым болатын, сондықтан күтпеген жерден мақтау алғанына масаттанбады, қайта, періштеге ілтипатпен былай деді: “Мырзам, егер Тәңір бізге жар болса, неге біз осы нәрселердің бәріне ұшырадық?” Періште мән-жайды түсіндірді де, Гедеонға былай деді: “Исраилді мадияндықтардың қолынан құтқар”. Бұған Гедеон қалай жауап берді екен? Бұл тапсырманы ұлттық қаһарман болудың керемет мүмкіндігі ретінде қарастырып, пайдалана кетудің орнына, Гедеон былай деп жауап қатты: “Тәңірім! Мен Исраилді қалай құтқарамын? Міне, Манаса ұрпағынан шыққан руым да кедей, өзім де әкемнің үйіндегі ең кішісімін”. Неткен қарапайымдылық! (Қазылар 6:11—15).

12. Өзіне тапсырылған істі орындағанда Гедеон қалай парасаттылық танытты?

12 Ұрысқа жібермес бұрын Ехоба Гедеонды сынады. Қалайша? Гедеонға әкесінің жалған тәңір Бағалға арнап құрбандық шалып жүрген орнын күл-талқан етіп, ал оның жанындағы киелі деп есептелетін ағашты шауып тастау бұйырылған болатын. Бұл тапсырманы орындау үшін батылдық керек еді, бірақ Гедеон аталмыш тапсырманы орындағанда да қарапайымдылық пен парасаттылық танытты. Гедеон бұл істі жұрттың көзінше емес, ешкім байқамайды-ау деген уақытта, түн жамылып істеді. Оның үстіне, Гедеон тапсырманы аса сақтықпен орындады. Ол өзімен он құл ертіп алды, бәлкім, олардың кейбіреулері қарауылдап тұрып, ал басқалары оған құрбандық шалатын орынды бұзуға және талды шабуға көмектескен болса керекb. Қалай болған күнде де, Ехобаның батасының арқасында, Гедеон тапсырманы орындап шықты, ал уақыт өте келе Құдай оны мадияндықтардан Исраилді құтқару үшін қолданды (Қазылар 6:25—27).

Қарапайымдылық пен парасаттылық таныту

13, 14. а) Қандай да бір орынға тағайындалғанда біз қалай қарапайымдылық таныта аламыз? ә) А. Х. Макмиллан бауырласымыз қарапайымдылық танытудың қандай керемет үлгісін көрсетті?

13 Гедеонның қарапайымдылығы бізді көп нәрсеге үйретеді. Мысалы, біз қандай да бір міндетті атқаруға тағайындалғанда ең алдымен не жөнінде ойлаймыз? Осы міндеттің бізге әкелер беделі мен мәртебесі жөнінде ме? Жоқ әлде, қарапайымдылықпен дұға етіп, бұл тапсырманы орындай алатын-алмайтындығымыз жөнінде ме? 1966 жылы жердегі сапарын бітірген бауырласымыз А. Х. Макмиллан осы мәселеге қатысты керемет үлгі қалдырған. Бір күні Күзет Мұнарасы Қоғамының бірінші президенті Ч. Т. Расселл өзі жоқ кездерде басшылықты кімнің қолына алғаны дұрыс екендігі жөнінде бауырласымыз Макмилланның ойын сұрайды. Керемет мүмкіндік туып тұрса да, содан кейінгі кездескен кездерінің ешқайсысында бауырласымыз Макмиллан бірде-бір рет өзінің кандидатурасын ұсынбайды. Ақыр аяғында, Расселл осы міндетті қабыл алу үшін Макмилланның ойлануын өтінеді. “Мен сілейіп бір орында тұрып қалдым,— деді көп жылдар өткен соң бауырласымыз Макмиллан.— Мән-жайдың бәрін ой таразысына салып салмақтап-саралап, қолымнан келгенше оған көмек беруге қуанышты екендігімді айтпас бұрын, мен біраз уақыт дұға етіп жүрдім”.

14 Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Расселл қайтыс болды да, Күзет Мұнарасы Қоғамының президентінің орны бос қалды. Расселл уағыздау ісімен соңғы сапарға шыққанда Макмилланның басшылықты қолына алғанын ескеріп бір бауырласы былай деді: “Мак, президенттің орнын алуға сен үшін керемет мүмкіндік туып тұр. Расселл сапарда болған уақытта сен оның арнайы өкілі болдың, әрі ол бізге сенің айтқандарыңның бәрін орындауды бұйырған. Ол кетті де, қайтып оралмады. Енді, басшылықты сенің қолға алғаның дұрыс.” Макмиллан: “Жоқ, бауырым, бұл мәселеге бұлай қарауға болмайды. Бұл Тәңірдің ісі, сондықтан оның ұйымында сен оның өзі тағайындаған орында боласың; бұл орынның маған арналмағанына мен сенімдімін”,— деп жауап берді. Сосын Макмиллан бұл орынға басқа адамды ұсынды. Гедеон сияқты, ол да өзі жөнінде қарапайым ойда еді. Біз де өзіміз туралы осылай ойлауымыз керек.

15. Уағыздап жүргенде қалай парасаттылық танытуға болады?

15 Өзімізге тапсырылған істі орындаған кезде біз де қарапайым болуымыз керек. Гедеон бостан-босқа жауларының ашуын шығармауға тырысып, парасаттылық танытқан. Уағыздау қызметінде адамдармен сөйлескенде, біздің де қарапайымдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн. Рас, біз рухани соғыс жүргізіп, “бекіністер” мен “ой-пікірлерді” талқандаудамыз (2 Қорынттықтарға 10:4, 5). Алайда біз асқақтап сөйлемеуіміз керек немесе олардың біздің хабарымызға өкпелеуіне ешқандай себеп бермеуіміз керек. Керісінше, біз олардың көзқарасын сыйлап, бәрімізге ортақ тақырыпқа баса көңіл аударып, өзіміз таратып жүрген хабардың жағымды жағына көбірек көңіл аударғанымыз дұрыс (Елшілердің істері 22:1—3; 1 Қорынттықтарға 9:22; Аян 21:4).

Иса — қарапайымдылықтың ең керемет үлгісі

16. Өзі туралы қарапайым ойда екендігін Иса қалай көрсетті?

16 Қарапайымдылықтың ең керемет үлгісін Иса қалдырғанc. Әкесімен тығыз қарым-қатынаста болғандығына қарамастан, Иса кейбір мәселелерді шешу өзінің билігінде емес екендігін мойындаған (Жохан 1:14). Мысалы, Жақып пен Жоханның анасы осы екі ұлын Исаның Патшалығында екі жағына отырғызуын сұрағанда, ол: “Өзімнің оң жағым мен сол жағыма отырғызу Менің еркімде емес”,— деген (Матай 20:20—23). Басқа бір жағдайда Иса былай деп ашық мойындаған: “Мен өздігімнен ештеңе істей алмаймын... өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындаймын” (Жохан 5:30; 14:28; Філіпіліктерге 2:5, 6).

17. Өзгелермен араласқанда Иса қалай қарапайымдылық танытатын?

17 Иса кемелсіз адамдардан барлық жағынан артық болатын, оның әкесі Ехоба оған ешкімде жоқ билікті берген. Бірақ, осыған қарамастан, ізбасарларымен қарым-қатынасында Иса қарапайымдылық танытқан. Иса өзінің біліктілігімен оларды өзінің аузына қаратуға тырыспаған. Ол зейінді болған, әрі жанашырлықпен олардың адамға тән қажеттіліктеріне көңіл қоятын (Матай 15:32; 26:40, 41; Марқа 6:31). Иса өзі кемелді болғанымен, өзгелерден кемелділік күтпейтін. Ол шәкірттерінің қолынан келмейтін нәрсені талап етпейтін және ешқашан оларға шамадан тыс ауыртпалық артпайтын (Жохан 16:12). Сондықтан, онымен араласқандардың көпшілігі жандарына тыныштық тапқаны таңғаларлық нәрсе емес! (Матай 11:29).

Исаның қарапайымдылығына еліктеңдер

18, 19. Исаның қарапайымдылығына біз а) өзіміз жайлы ойлағанда және ә) басқалармен қарым-қатынасымызда қалай еліктей аламыз?

18 Егер бұрын-соңды өмір сүрген адамдардың арасындағы ең ұлысы қарапайымдылық танытқан болса, онда біздің қарапайым болуымыз керектігінде сөз жоқ. Кемелсіз адамдар қолдарында толық биліктің жоқ екендігін мойындай бермейді. Бірақ мәсіхшілер Исаға еліктеп, қарапайым болуға тырысады. Олар қойылған талаптарға сай келетіндерге қандай да бір міндеттер жүктеуге өркөкіректіктің тосқауыл болуына жол бермейді; олар басшылықты қолына алған адамдарға паңдана қарап, олардың басшылығын қабыл алмай қоюдан аулақ. Олардың бірлесе қызмет етуге деген ынтасы қауымдағы істің “әдеп пен тәртіп” сақтай отырып атқарылуына ықпал етеді (1 Қорынттықтарға 14:40).

19 Сонымен қатар қарапайымдылық біздідің өзгелерден ақылға қонымды нәрсені күтуімізге және олардың қажеттіліктерін ескеруімізге талпындырады (Філіпіліктерге 4:5). Бәлкім, біздің өзгелерде жоқ қабілеттеріміз бен қасиеттеріміз бар болар. Бірақ, егер бізге қарапайымдылық тән болса, өзгелердің үнемі біздің көңілімізден шығатындай етіп әрекет етуін күтпейміз. Барлық адамдардың мүмкіндіктері шектеулі екенін білгендіктен, қарапайымдылық танытып, өзгелердің кемшіліктеріне кешірімді боламыз. Петір былай деп жазған: “Ең бастысы бір-біріңді шынайы сүйіңдер, сондай сүйіспеншілік адамдардың көптеген күнәларын кешіреді” (1 Петір 4:8).

20. Менмендікке деген кез келген бейімділікті қалай жеңуге болады?

20 Өзіміз көз жеткізгендей, қарапайымдарда даналық бар екен. Бірақ өз бойларыңнан менмендікке деген бейімділіктің бар екендігін сезетін болсаңдар ше? Мұңаймаңдар! “Құлыңды менмен әрекеттерден сақта, олар маған үстемдік етпесін”,— деп дұға еткен Дәуіттің үлгісіне еліктеңдер (Забур 18:14). Пауыл, Гедеон, ал ең бастысы, Иса Мәсіх сияқты адамдардың сеніміне еліктеу арқылы, біз “қарапайымдарда даналық бар” деген сөздердің рас екендігіне көз жеткіземіз (Нақыл сөздер 11:2).

[Сілтемелер]

a “Нөкерлері” деп аударылған грек сөзі үлкен кемелерде төменгі қабатта отырып ескек есетін құлды білдіреді. Ал ‘басқару сеніп тапсырылғандарға’ жауапкершілігі көбірек жұмыс жүктелетін: мысалы, мал-мүлікке бас-көз болу. Сөйтсе де, ‘басқару сеніп тапсырылғандардың’ қожайындарының көбісі оларды ескек есетін құлдармен тең деп есептейтін.

b Гедеонның парасаттылығы мен сақтығын қоян жүректік ретінде қарастырмауымыз керек. Оның ер жүректігі Еврейлерге 11:32—38 тармақтарда дәлелденген. Ол жерде Гедеонның ‘қайраттаныпып, ұрыс-шайқаста батыл болғаны’ туралы айтылған.

c Қарапайымдылық өзінің мүмкіндігін дұрыс бағалауды да білдіретіндіктен, Ехобаны қарапайым тұлға деуге болмайды. Сөйтсе де ол кіші пейілді. Забур 18:35-те (ЖД) біз былай деп оқимыз: “Сенің кіші пейілділігің менің даңқымды арттырады”.

Естеріңде ме?

• Қарапайымдылық деген не?

• Пауылдың қарапайымдылығына біз қалайша еліктей аламыз?

• Гедеонның үлгісінен біз қарапайымдылық жөнінде не біле аламыз?

• Қарапайымдылықтың ең көрнекті үлгісін Иса қалай көрсеткен?

[25-беттегі сурет]

Пауыл өзінің қарапайымдылығымен бауырластарының сүйіспеншілігіне ие болған.

[26-беттегі сурет]

Гедеон Құдайдың еркін орындауда сақтық танытқан.

[28-беттегі сурет]

Құдайдың Ұлы Иса Мәсіх барлық жағдайда қарапайымдылық танытқан.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу