Менмендіктің нәтижесі — масқаралық
“Менмендік келсе, масқаралық та келер; бірақ қарапайымдарда даналық бар” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 11:2, ЖД).
1, 2. Менмендік деген не және ол қалай бақытсыздықтарға ұшыратады?
КҮНШІЛ леуілік, бір топ адамды бастап, Ехобаның тағайындаған басшылығына қарсы шығады. Мансапқор ханзада әкесінің тағына ие болу үшін, айлакерлікпен жоспар құрады. Шыдамсыз патша Құдайдың пайғамбарының анық айтқан нұсқауына немқұрайды қарайды. Осы исраилдіктердің үшеуіне де тән бір қасиет — менмендік.
2 Менмендік — барлығына ауыр қатер төндіретін, жүректен шығатын қасиет (Забур 18:13). Менмен адам істеуге хақысы жоқ нәрсені істеп, тым көп нәрсені мойнына алады. Мұндай әрекеттің соңы жиі бақытсыздыққа әкеліп соғады. Менмендік патшаларды ойран етіп, ірі мемлекеттерді де құлатқан (Еремия 50:29, 31, 32; Даниел 5:20). Тіпті Ехобаның кейбір қызметшілері де менмендіктің қақпанына түсіп қалып, ойран болған.
3. Менмендіктің қаншалықты қауіпті екенін қалай біле аламыз?
3 Киелі жазбалардағы келесі сөздер бекер айтылмаған: “Менмендік келсе, масқаралық та келер; бірақ қарапайымдарда даналық бар” (Нақыл сөздер 11:2). Киелі кітапта осы нақылдың растығын дәлелдейтін мысалдар бар. Осы мысалдардың кейбіреулерін қарастырғанымыз, еркінсіп шектен шығудың қаншалықты қауіпті екенін көруімізге көмектеседі. Сонымен, күншілдіктің, мансапқорлықтың және шыдамсыздықтың әсерінен жоғарыда аталып өткен үш кісі қалайша менмендік танытып, масқара болғанын қарастырып көрелік.
Қорах — күншіл бүлікші
4. а) Қорах деген кім болған және оның қандай оқиғалардың куәсы болғандығы сөзсіз? ә) Егде тартқан шағында Қорах жаман жағынан аты шулы қандай істің болуына түрткі болды?
4 Леуінің ұлы Қахаттан туған Қорах — Мұса мен Һаронның немерелес ағайыны болатын. Ол ондаған жылдар бойы Ехобаға адал қызмет еткен болса керек. Қорах керемет түрде Қызыл теңізден өткендердің арасында болған, сондай-ақ Синай тауында Ехоба торпақтың мүсініне табынған исраилдіктерге үкім шығарғанда, осы үкімді орындаушылардың арасында Қорахтың да болғаны әбден мүмкін (Мысырдан көшу 32:26). Бірақ Рубен ұрпағынан шыққан Датан, Абитам және Он, сондай-ақ Исраилдің екі жүз елу ру басылары Мұса мен Һаронға қарсы бүлік шығарғанда Қорах олардың басшысы болдыa. Олар Мұса мен Һаронға былай деді: “Жетер енді, сендерге! Бүкіл жамағат қасиетті, әрі Тәңір олардың арасында! Неге сендер өздеріңді Тәңірдің халқынан жоғары қоясыңдар?” (Санақ 16:1—3).
5, 6. а) Неге Қорах Мұса мен Һаронға қарсы бүлік шығарды? ә) Неге Қорах Құдайдың құрылымындағы өзіне тиесілі орнын бағаламаған болуы ықтимал?
5 Біраз жылдар бойына адал болған Қорах неге бүлік шығарды екен? Әрине, Мұса қатал басқарғандықтан емес, өйткені ол “жер бетіндегі барлық адамдардың арасындағы ең жуасы болатын” (Санақ 12:3). Алайда Қорах Мұса мен Һаронды олардың дәрежелерін көре алмай күндегенге ұқсайды, міне, сондықтан ол ана екеуі қатыгездікпен басқарады және өздерін қауымнан жоғары қояды деген әділетсіз сөздер айтқан (Забур 105:16).
6 Бір жағынан, Қорахтың бұлай әрекет етуінің себебі оның Құдайдың құрылымындағы өзіне берілген мәртебелі тапсырманы бағаламағандығында болуы мүмкін. Рас, Қахаттың ұрпағынан шыққан леуілер діни қызметкер емес-тін, бірақ олар Құдайдың заңын үйрететін діни мұғалімдер болатын. Сондай-ақ олар киелі шатырды бір жерден екінші жерге көшіргенде ондағы жиһаз бен аяқ-табақты алып жүретін. Киелі аяқ-табаққа тек діни және құлықтылық жағынан таза адамдардың қол тигізуіне рұқсат етілетін болғандықтан, бұл түкке тұрғысыз тапсырма емес-тін (Ишая 52:11). Сондықтан Мұса Қорахқа сұрақ қойды, оның сұрағының тоқетері мынада еді: “Діни қызметкер болуға ұмтылғандарың өздеріңнің міндеттеріңді тым мардымсыз деп есептегендерің бе?” (Санақ 16:9, 10). Адамды мәртебелі ететін — дәрежеге немесе орынға жету емес, Ехобаның орнатқан тәртібін бұзбай адал қызмет атқару екендігін Қорах түсінбеген (Забур 83:11).
7. а) Мұса Қорах пен оған ерген кісілерге қандай ұсыныс жасады? ә) Қорахтың бүлігі ақырында немен бітті?
7 Мұса, Қорах пен оған ерген кісілерге, ертеңіне таңертең шайыр түтеткіштеріне шайыр салып, қауымның шатырының алдына келуді ұсынды. Қорах пен оған ерген кісілерге шайыр түтетуге болмайтын, өйткені олар діни қызметкер емес еді. Егер олар шайыр түтеткіштеріне шайыр салып әкелсе, бұл олардың өздерін діни қызметкер болуға хақылы деп есептейтіндіктерін көрсеткен болар еді. Сөйтсе де, олардың әлі де болса өз ойларынан бас тартуына алда бір түн бар болатын. Ертеңіне таңертең олар жиналған кезде, Ехоба оларға өзінің әділеттілігіне сай қаһарын төкті. Рубеннің ұрпағынан шыққандарды ‘жер аранын ашып... жұтып қойды’. Қалғандарын болса, Қорахпен қоса, Құдайдан келген өрт жалмады (Заңды қайталау 11:6; Санақ 16:16—35; 26:10). Қорахтың менмендігі оны біржолата масқара етті: ол Құдайдың мақұлдауынан айырылды!
“Көре алмаушылыққа бейімділікпен” күресіңдер
8. “Көре алмаушылыққа бейімділік” мәсіхшілердің арасында қалай байқалуы мүмкін?
8 Қорах туралы жазылған әңгіме біз үшін ескерту болып табылады. Кемелсіз адам баласы ‘көре алмаушылыққа бейім’ болғандықтан, мұндай қасиет мәсіхшілердің қауымында да байқалуы мүмкін (Жақып 4:5, ЖД). Мысалы, біз қауымда жоғары орынға жетуге тым көп көңіл бөлуіміз мүмкін. Өзіміздің атқарғымыз келген істі біреудің атқарып жүргенін көріп, Қорах сияқты, біз де күндеуіміз мүмкін. Немесе бірінші ғасырда өмір сүрген Диотреф деген мәсіхшіге ұқсап кетуіміз ықтимал. Ол елшілердің басшылығын қатты сынайтын, өйткені өзі басшы болуды қаласа керек. Жохан Диотрефтің ‘басшы болуға тырысып жүргені’ туралы ашық жазған (3 Жохан 9).
9. а) Қауымдағы жауапкершілікке қатысты қандай көзқарастан аулақ болуымыз керек? ә) Құдайдың құрылымындағы алатын орнымызға біз қандай дұрыс көзқараста болуымыз керек?
9 Әрине, мәсіхшінің қауымда жауапты іс атқаруға ұмтылуында тұрған оғаш еш нәрсе жоқ. Керек десең, Пауылдың өзі осыған талпындырған (1 Тімотеге 3:1). Бірақ, біз қауымдағы міндеттерімізді өзгелерден ерекшелендіретін белгі ретінде қарастырмауымыз керек, сондай-ақ қосымша міндеттер алғанда, қызмет сатысымен жоғары көтерілдік деп ойламауымыз керек. Исаның келесі сөздерін ұмытпағанымыз абзал: “Қайсыларың үлкен болғың келсе, ол сендерге қызметші болсын; Қайсыларың бірінші болғың келсе, ол сендерге құл болсын” (Матай 20:26, 27). Құдайдың алдындағы біздің құнымыз оның ұйымындағы алатын “шенімізге” қарап бағаланатындай, бізден гөрі көбірек жауапкершілікті мойнына алғандарды күндеу дұрыс емес болар еді. Иса: “Сендердің бәрің де бір-біріңе бауырсыңдар”,— деген (Матай 23:8). Иә, жариялаушылар да, ізашарлар да, жақында ғана суға шомылдырылғандар да, ұзақ уақыттан бері қызмет атқарып келе жатқандар да — яғни, шын жүректен Ехобаға қызмет ететіндердің бәрі де Оның ұйымында бағалы орынға ие (Лұқа 10:27; 12:6, 7; Ғалаттықтарға 3:28; Еврейлерге 6:10). Расында да, Киелі кітаптағы: “Бәрің де арақатынастарыңда әрдайым кіші пейілділік танытыңдар!” — деген кеңесті іс жүзінде орындауға тырысып жүрген миллиондаған адамдармен иін тіресе қызмет ету үлкен бақыт! (1 Петір 5:5).
Абессалом — мансапқор алаяқ
10. Абессалом деген кім болған және патшадан төрелік сұрап келгендерге ол қалай жақсы көрінуге тырысқан?
10 Дәуіттің үшінші ұлы Абессаломның өмір жолы нағыз мансапқорлықтың үлгісі. Бұл зымиян алаяқ, патшадан төрелік етуді сұрап келгендердің алдында жақсы көрінуге тырысқан. Алдымен ол, Дәуітті олардың мұқтаждықтары қызықтырмайды деп сендіретін. Сосын, бұлтаруды қойып, өзінің тікелей мақсатына көшетін. “О, осы жерге мені төре етсе ғой! — дейтін Абессалом.— Дауы мен ауыртпалықтары бар әр адам маған келіп, оларға әділ төрелік айтар едім!” Абессаломның зымияндығында шек жоқ еді. Киелі кітапта былай делінеді: “Біреу оған басын иіп сәлем беру үшін жақындаса, ол қолын созатын да, құшақтап сүйетін. Патшадан төрелік етуді сұрап келген исраилдіктердің бәріне Абессалом осылай ететін”. Мұның нәтижесі қандай болды екен? ‘Абессалом исраилдіктердің жүректерін жаулап алды’ (2 Патшалық 15:1—6).
11. Абессалом Дәуіттің тағын иемденуге қалайша тырысқан?
11 Абессалом әкесінің тағын қалай да иемденуге белін бекем буған еді. Осыдан бес жыл бұрын, Абессалом, қарындасы Тамарды зорлағанын сылтауратып, Дәуіттің тұңғыш ұлы Амнонды өлтірткен болатын (2 Патшалық 13:28, 29). Тіпті сол кезде Абессалом Амнонды өлтіруді болашақ бақталасынан құтылудың жолы деп қарастырып, өзінің түпкі мақсатын көзден таса етпеген болса керекb. Қалай болған күнде де, ыңғайы келген кезде Абессалом өз ойын жүзеге асыра бастаған. Ол өзін бүкіл өлкеге патша етіп жариялауды бұйырды (2 Патшалық 15:10).
12. Абессаломның менмендігі оны қалай масқара еткендігін түсіндіріп беріңдерші.
12 Қандай да бір уақыт аралығында Абессаломның ісі сәтті болды, өйткені “үлкен қаскүнемдік ұйымдастырылып, Абессаломның қасына ағылып келіп жатқан адамдардың саны көбейе түсті”. Ал Дәуіт патша өмірін сақтап қалу үшін қашуға мәжбүр болды (2 Патшалық 15:12—17). Бірақ көп кешікпей Абессаломның жоспарының күлі көкке ұшты: ол Иоавтың қолынан қаза тапты; оның денесін орға тастап, таспен көміп тастады. Ойлап қараңдаршы — патша болуды көксеген мансапқордың денесі адам сияқты көмілмей де қалды!c Абессаломның менмендігі оны нағыз масқаралыққа әкеліп соқты (2 Патшалық 18:9—17).
Мансапқорлықтан аулақ болыңдар
13. Мансапқорлық мәсіхшінің жүрегіне қалайша ұялап алуы мүмкін?
13 Абессаломның билігінің өсуі мен құлдырауы біз үшін сабақ. Бүгінгі зұлым заманда адамдар бастықтарына жағыну үшін жағымпаздануға бейім. Мұндай әрекет өзі жайында жақсы ой қалдыру үшін де, қызметте қандай да жеңілдікке ие болу немесе жоғарылау мақсатымен де жасалады. Мұндай кезде жағымпаз адамдар өздеріне тәуелді адамдарға жақсы көрініп, олардың қолдауына ие болу үшін, асыра сөйлеуі ықтимал. Абай болмасақ мұндай мансапқорлық біздің жүрегімізге де ұялап алуы мүмкін. Бірінші ғасырда кейбіреулер осындай күйге ұшырап қалған болса керек, сондықтан мұндай адамдардан өзгелердің сақ болуы үшін елшілердің қатаң ескерту айтуына тура келген (Ғалаттықтарға 4:17; 3 Жохан 9, 10).
14. Неге біз мансапқорлық пен абырой-атаққа құмарлықтан аулақ болуымыз керек?
14 Өздерін ұлық тұтыұп, “атақ-даңқты көксейтін” қаскүнемдерге Ехобаның ұйымында орын жоқ (Нақыл сөздер 25:27). Киелі кітап: “Тәңір жарамсақ ауыз бен лепірме тілдің бәрін жояды”,— деп ескертеді (Забур 11:4). Абессаломның ауызы жарамсақ болатын. Ол жақсы көрінгісі келген адамдарға жарамсақтанған, әрі мұны жалғыз мақсатты көздеп — құмарта ынтыққан атақ-даңққа жету үшін істеген. Пауылдың: “Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кіші пейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар”,— деген өсиетіне құлақ асатын бауырластықтың арасында жүргенімізге біз қандай қуаныштымыз! (Філіпіліктерге 2:3).
Саул — шыдамсыз патша
15. Бір кездері Саул өзінің кіші пейілді екенін қалай танытқан?
15 Кейінірек Исраилдің патшасы болып тағайындалған Саул бір кездері кіші пейіл болған. Оның жас кезінде болған бір оқиғаны қарастырып көрейікші. Ол жөнінде Құдайдың пайғамбары Самуел жылы лебіз танытқанда, Саул кіші пейілділікпен былай деп жауап берді: “Мен Исраил руларының ең кішісі Буниямин руынан шықтым емес пе? Мен шыққан тайпа да Буниямин руының тайпаларының арасындағы ең кішісі ғой? Сен маған неге мұны айтып тұрсың?” (1 Патшалық 9:21).
16. Саул қалай шыдамсыздық танытты?
16 Алайда, кейінірек, Саул кіші пейілділігінен айырылды. Філістірлермен соғысып жатқан уақытта ол Галгалға қарай шегінеді. Саул сол жерде Самуелдің келіп, құрбан шалу арқылы Құдайдан көмек сұрағанын күтуі керек еді. Самуел белгіленген уақытта келе қоймаған соң, Саул менменсіп, құрбандықты өзі шалады. Ол бітіре бергенде Самуел де келіп жетеді. “Бұл не қылғаның?” — деп сұрады Самуел. Саул: “Халықтың менен тұс-тұсқа тарай бастағанын көрдім, ал сен белгіленген уақытта келмедің... сондықтан құрбандықты өртеуге бел будым”,— деп жауап береді (1 Патшалық 13:8—12).
17. а) Неге бір қарағанда Саулдың әрекеті дұрыс болып көрінеді? ә) Неге Ехоба шыдамсыз әрекеті үшін Саулды айыптады?
17 Бір қарағанға Саулдың әрекеті дұрыс болып көрінуі мүмкін. Расында да, Құдайдың халқына “қауіп төнген” болатын, олар “қыспаққа алынып” қиын жағдайға тап болғандықтан, үрейленуде еді (1 Патшалық 13:6, 7). Жағдай өздігінше ынта білдіріп, әрекет етуді талап етер болса, әлбетте, ынта білдіргенде тұрған ештеңе жоқd. Алайда Ехобаның адамның жүрегінде не барын және оның жасырын пиғылын да білетінін ұмытпалық (1 Патшалық 16:7). Демек Саулдың осылай әрекет еткендегі нағыз пиғылын ол білсе керек. Бұл жөнінде Киелі кітапта ашық айтылмаған. Мысалы, бәлкім, ол Саулдың шыдамсыздығының астарында өркөкіректіктің жатқанын байқаған болар. Сірә, оның — бүкіл Исраилдің патшасының — қаусаған, оның ойынша, жайбасар пайғамбарды күтуге мәжбүр болғандығы Саулды қатты шамдандырған болса керек! Қалай болған күнде де, Саул, Самуелдің кешіккендігі тізгінді өз қолына алуына құқық береді деп ойлап, өзіне берілген анық нұсқауларды елеусіз қалдырды. Мұның нәтижесі қандай болды? Саулдың ынта танытқаны үшін Самуел оны мақтаған жоқ. Керісінше, ол оны мынадай сөздермен айыптады: “Сенің патшалығың баянды болмайды... өйткені сен Тәңірдің бұйырғанын орындамадың” (1 Патшалық 13:13, 14). Тағы да менмендік ақыр аяғында масқара етті.
Шыдамсыздықтан аулақ болыңдар
18, 19. а) Бүгінгі күнгі Құдайдың қызметшілерінің қалайша шыдамсыздық танытып, менменсіп кетуі мүмкін екенін айтып беріңдерші. ә) Мәсіхшілердің қауымындағы жұмысқа қатысты біз нені есте ұстауымыз керек?
18 Құдай Сөзінде Саулдың менмен әрекеті біздің пайдамыз үшін баяндалған (1 Қорынттықтарға 10:11). Бауырластарымыздың кемелсіздігінен оп-оңай шамдана қалуымыз мүмкін. Саул сияқты, біз де істің барлығы нақышына келіп істелуі үшін, барлық іске өзіміз қатысуымыз керек деген оймен, шыдамсыз болып кетуіміз ықтимал. Бауырласымыздың ұйымдастыруға деген жақсы қабілеті бар делік. Ол ұқыпты, ұйымдастыру жұмысына байланысты соңғы нұсқаулардың бәрінен хабардар, оның үстіне, оның баяндама айтуға және тәлім беруге деген қабілеті бар. Сол мезгілде, ол өзгелердің өзіндей мұқият емес екенін сезеді, оның ойынша, олар болар-болмас нәрсе істейді. Бұл оның шыдамсыздық танытуына себеп болуы керек пе? Егер ол болмағанда еш нәрсе орнынан қозғалмай, қауымның істері тоқтап қалар еді деген ойға меңзеп, оның өз бауырластарын айыптауына бола ма? Бұл нағыз менмендік болар еді!
19 Мәсіхшілердің қауымындағы ауызбірлікті сақтайтын не нәрсе? Біреудің ұйымдастыруға қабілеттілігі ме, немесе тиімді еңбек ететіндігі ме? Жоқ әлде білімділігі ме? Әрине, мұның барлығының жұмыстың бір сыдырғы жүруіне ықпал ететіндігі сөзсіз (1 Қорынттықтарға 14:40; Філіпіліктерге 3:16; 2 Петір 3:18). Алайда Иса өзінің шәкірттерінің ең алдымен бір-біріне деген сүйіспеншілігімен танылатындығын айтқан (Жохан 13:35). Міне, сол себепті қамқор қариялар белгілі бір ережелерді ұстанатын болғанмен, олар қауымды қатаң ережеге бағынуды талап ететін кәсіпорын ретінде қарастырмайды, керісінше, оның жылы-жұмсақ қамқорлыққа мұқтаж қойлардан тұратынын есте ұстайды (Ишая 32:1, 2; 40:11). Менменсіп осындай принциптерді елеусіз қалдырудың ақыры алауыздыққа әкеледі. Ал Құдайға ұнамды тәртіпті сақтау татулыққа бастайды (1 Қорынттықтарға 14:33; Ғалаттықтарға 6:16).
20. Келесі мақалада қандай сұрақтар талқыланады?
20 Киелі кітаптағы Қорах, Абессалом және Саул туралы әңгімелер, Нақыл сөздер 11:2-ші тармақта айтылғандай, менмендіктің масқара ететіндігін анық көрсетеді. Бірақ дәл сол тармақта: “Қарапайымдарда даналық бар”,— делінген. Қарапайымдылық дегеніміз не? Бұл қасиеттің мағынасын Киелі кітаптағы қандай мысалдар айқын көрсетеді және оны бүгінгі күні біздер қалайша өз өмірімізде таныта аламыз? Келесі мақалада осы сұрақтар талқыланады.
[Сілтемелер]
a Жақыптың тұңғышы Рубен болғандықтан, оның ұрпақтары Леуіден туған Мұсаның өздеріне басшылық етіп жүргеніне ашуланған болса керек. Оларды Қорах арандатқан болатын.
b Дәуіттің екінші ұлы Далуиа туралы туылғанынан кейін әңгіме қозғалмайды. Бәлкім, ол Абессаломның шығарған бүлігіне дейін қайтыс болып кеткен болса керек.
c Киелі кітап жазылып жатқан уақытта мәйіттің жерленуіне үлкен мән берілетін. Сондықтан, егер мәйіт жерленбей қалса, бұл масқара болып есептелетін және бұл жиі адамның Құдайдың мақұлдауына ие болмағандығын білдіретін (Еремия 25:32, 33).
d Мысалы, Фінехас ондаған мың исраилдіктерді жер құштырған пәлені тоқтату үшін батыл әрекет еткен. Ал Дәуіт ашығып қалған адамдарын өзімен бірге ‘Құдайдың үйіндегі’ Құдайға ұсынылған нандарды жеуге талпындырған. Бірақ бұл екеуінің де әрекеттерін Құдай менмендікке жатқызып, айыптамаған (Матай 12:2—4; Санақ 25:7—9; 1 Патшалық 21:1—6).
Естеріңде ме?
• Менмендік деген не?
• Қорахтың менменсіп әрекет етуіне күншілдік қалайша себепші болды?
• Мансапқор Абессалом туралы әңгімеден біз не білдік?
• Саул танытқан шыдамсыздықтан біз қалайша аулақ бола аламыз?
[20-беттегі сурет]
Саул шыдамсызданып, менмендікпен әрекет еткен.