Неге біз өзімізден ақылға қонымды нәрсені күткеніміз жөн?
ҮМІТІМІЗДІҢ ақталып, талабымыздың жанғаны көңілімізге қандай қанағат береді десеңші! Алайда, көпшілігіміздің армандарымыз бен үміттеріміз өзіміз қалағандай орындала бермейді. Ал көп түңілістердің кезекті біріне тап болғанда қынжылып, өзімізге де, тіпті өзгелерге де, ашулана бастаймыз. Бір дана адам: “Көп күттірген үміт жүректі сыздатады”,— деп тура айтқан (Нақыл сөздер 13:12).
Біздің түңілуімізге нендей нәрселер себеп болады? Өзімізден ақылға қонымды нәрсені күтуді қалай үйренуге болады? Ал ең маңыздысы, осылай етуіміздің біз үшін қандай пайдасы бар?
Үміттене күту мен түңілу
Зымырап бара жатқан мына заманда көпшілігіміз уақыттан қалмауға тырысамыз. Бірақ қаншама көп күш салсақ, соншама аз нәрсе істейтіндейміз. Қазіргі заманның бізге қойған талабы күшті, және біз қандай да бір нәрседе мақсатымызға жете алмасақ, өзімізді кінәлай бастаймыз, тіпті өзгелердің сенімін ақтай алмадық деген ойға да келуіміз мүмкін. Өзі ана болғандықтан бала тәрбиелеудің қаншалықты қиын екенін білетін синтия былай деді: “Мен балаларымды жазалағанда бірізділік сақтай алмайтындығыма, керек десең, оларға тіпті дұрыс тәрбиелей алмай жатқаныма түңілемін”. Ал Стефани деген жас өспірім өзінің оқуы жөнінде былай деді: “Мені істегім келген істің бәрін істеуге уақыттың жетпейтіндігіне күйінемін”.
Егер адам тым жоғары нәрсені мақсат ететін болса, онда барлық нәрседе кемелділікті күтуге бейім болып кетуі мүмкін, ал бұның ақыры әдетте қатты түңілуге әкеліп соғады. Бен деген үйленген жас жігіт былай деп мойындады: “Мен өзімнің іс-әрекетімді, ойымды немесе көңіл-күйімді салмақтап-саралаған сайын, кейбір жағдайларда басқаша, жақсырақ әрекет етуге болатындығын байқаймын. Мен әрдайым барлық нәрсенің кемелді болғанын күтемін, ал мұның ақыры көңіл-күйімнің бұзылып, түңілуіме әкеліп соғады”. Ал мынау Гейл деген тұрмыс құрған мәсіхшінің сөздері: “Өзіне тым жоғары талап қоятын адам сәтсіздіктің болуын тіпті есепке де алмайды. Біз керемет ана, керемет әйел болғымыз келеді. Өзімізге көңіліміз толу үшін, біз еңбегіміздің нәтижесін көруіміз керек. Сол себепті, күш салғандағы еңбегіміз бекер болып шыққанда, түңілеміз”.
Денсаулықтың нашарлауы мен кәрілік те түңілуге себеп болуы мүмкін. Бұрынғы күш-қуаты мен қажыр-қайратынан айырыла бастағандықтан, адам өзінің дәрменсіздігін байқайды да, бұрынғысынан да бетер көңіліне қаяу түседі. “Сау кезімде оп-оңай істеп жүрген қарапайым істерді енді тап солай істей алмайтындығыма қатты қынжылатынмын”,— деп налыды Елизабет.
Сонымен, жоғарыда келтірілген мысалдардан не нәрсенің себебінен түңілетінімізді байқауға болады. Мұндай сезімдерге ерік беретін болсақ, бізді өзгелер бағаламайды деген ойға келуіміз мүмкін. Алайда көңілімізге қаяу түскенде жұбаныш табуға және өзімізден ақылға қонымды нәрсені күтуге не нәрсе көмектеседі?
Ақылға қонымды нәрсені күту
Ең алдымен, Ехобаның парасатты әрі жанашыр екендігін есте ұстаңдар. Забур 102:14 келесі сөздерді есімізге салады: “Өйткені Ол біздің неден тұратынымызды біледі, топырақ екеніміз Оның есінде”. Ехоба біздің қабілетіміздің неге жететінін және мүмкіндігіміздің шектеулі екенін білгендіктен, бізден қолымыздан келетін нәрсені ғана талап етеді. Оның осындай талаптарының бірі — ‘Құдайдың алдында кіші пейілділікпен жүру’ (Мика 6:8).
Сонымен қатар Ехоба бізді өзіне дұға етуге шақырады (Римдіктерге 12:12; 1 Салониқалықтарға 5:17). Бізге дұға қалайша көмектесе алады? Дұға біздің ойымызды тұрақты етіп, көңілімізді орнықтырады. Шын жүректен дұға етуіміз біздің көмекке зәру екендігімізді мойындайтынымызды көрсетеді, яғни бұл біздің кіші пейілді әрі бойсұнғыш екендігіміздің белгісі. Ехоба біздің дұғаларымызға киелі рухын беру арқылы жауап беруге даяр. Ал Оның киелі рухының игілікті жемісі: сүйіспеншілік, қайырымдылық, кең пейілділік, ұстамдылық (Лұқа 11:13; Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сонымен қатар дұға біздің қобалжыған көңілімізді басып, өзімізге деген қанағатсыздық сезімінен арылтады. Елизабеттің сөздеріне қарағанда, дұға арқылы “теңдесі жоқ жұбаныш алуға болады”. Кевин де осыған ұқсас ой айтты: “Қиындықтарды жеңу үшін, мен Ехобаға жүрегіме кіші пейілділік ұялатып, парасатты ақыл-ой беруін сұрап дұға етемін. Ехоба мені ешқашан қалдырмайды”. Елші Пауыл дұғаның қаншалықты құнды екенін білген, сондықтан мынадай кеңес берген: “Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып, тілекпен, шүкіршілікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7). Иә, Ехобамен қарым-қатынаста болу өзімізден де, өзгелерден де ақылға қонымды нәрсе күтуімізге көмектеседі.
Бірақ кейде біреудің бізді жұбатқанына аса зәру болатын кездер болып тұрады. Мұндайда дер кезінде айтылған сөз қандай жақсы! Рухани толысқан жақын досымыздың айтқан сөздері, кейде, көңілімізге қаяу түсірген немесе толғантып жүрген мәселеге басқаша қарауға көмектеседі (Нақыл сөздер 15:23; 17:17; 27:9). Түңіліп, жабырқаушылықпен күресіп жүрген ұл-қыздар ата-аналарының берген кеңесі байсалдылық сақтауға көмектесетініне көздері жетуде. Канди ризашылықпен былай деді: “Ата-анамның сүйіспеншілікпен берген кеңестерінің арқасында мен анағұрлым парасатты, байсалды болдым, енді менімен араласу да жағымдырақ”. Иә, Нақыл сөздер 1:8, 9-дағы: “Ұлым, әкеңнің тәлімін тыңда, анаңның өсиетін елеусіз қалдырма. Өйткені сен үшін олар — басыңа киер керемет гүлдесте, мойныңа тағар керемет алқа болады”,— деген ескерту қандай орынды десеңші!
Тым көп нәрсені талап ететін адамның ой-пікірі бір мәтелде жақсы айтылған: “Өмір сенің өлшеміңе сәйкес пішіледі деп күтсең — өмірден түңілесің”. Мұндайдан аулақ болу үшін ойымызды түзеуіміз керек. Кіші пейілділік пен қарапайымдылық, басқа сөзбен айтқанда мүмкіншілігіміздің шектеулі екендігіне деген дұрыс көзқарас, бізді байсалдылыққа әрі өзімізден ақылға қонымды нәрсені күтуге үйрететін болады. Римдіктерге 12:3 бізге ‘өзіміз туралы тиістісінен артық ойламауды’ ескертеді. Ал Філіпіліктерге 2:3 кіші пейілді болып, басқаларды өзімізден жоғары қоюға шақырады.
Жоғарыда әңгіме етілген Елизабет өзінің ауруын ойлап қатты налитын. Істің мәнісіне Ехобаның көзқарасымен қарап, Оның біздің қызметімізді ұмытпайтынын түсініп, көңіліне жұбаныш тапқанға дейін, Елизабетке уақыт қажет болды. Колин ауыр науқастың салдарынан үйден шыға алмай қалған болатын. Алғашқыда ол сау кезіндегіге қарағанда қазіргі қызметі түкке тұрғысыз деп ойлайтын. Бірақ 2 Қорынттықтарға 8:12 сияқты Жазба орындарының үстінен ой жүгіртудің арқасында ол мұндай сезімдерден арылды. Аталмыш тармақта былай делінген: “Біреу беруге ынталы болса, оның тарту-таралғысы қолындағы жоғына емес, барына қарай ризашылықпен қабылданады”. “Менің тарту-таралғым болмашы ғана болғанымен,— дейді Колин,— мен әлі де болса бір нәрсе тарту ете аламын ғой, әрі Ехоба осы болмашы нәрсені бағалайды”. Еврейлерге 6:10 мынаны есімізге салады: “Оның атына бола... қызмет етіп істеген сүйіспеншілікке толы еңбектерің мен істеріңді ұмытатындай, Құдай әділетсіз емес“.
Онда, өзімізден ақылға қонымды нәрсені күтіп жүрген-жүрмегенімізді қалай анықтауымызға болады? Өзімізден былай сұрауымызға болады: “Менің өзімнен күткен нәрсем Құдайдың менен күткеніне сай келе ме?” Ғалаттықтарға 6:4-те былай делінген: “Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, жетістіктерін мақтан ете алады”. Исаның келесі сөздері естеріңде болсын: “Мойынтұрығым ыңғайлы, ауыртпалығым жеңіл”. Иә, бізге, мәсіхшілерге, мойынтұрық салынған, бірақ ол “ыңғайлы” әрі “жеңіл”, сондай-ақ егер біз мойынтұрығымызды дұрыс алып жүруге үйренер болсақ, Иса бізді рақаттандыруға уәде еткен (Матай 11:28—30).
Ақылға қонымды нәрсені күтудің беретін баталары
Киелі кітаптағы кеңестерге құлақ асып, оларды қолданар болсақ, өзімізден ақылға қонымды нәрсені күтуді үйренеміз, әрі біз бұның жемісін қазіргі уақытта ғана емес, көп жылдар бойы жейміз. Біріншіден, бұл біздің денсаулығымызға жақсы әсер етеді. Ехобаның өсиетінің қалай пайдаға асқаны жөнінде Дженнифер былай деді: “Мен өмірге қажетті көп күш-қайрат пен жігер алдым”. Нақыл сөздердің 4:21, 22 тармақтары Ехобаның сөздерін көзден таса етпей, жүрегімізде сақтауға талпындырады, “өйткені, кім оларды тауып алса, олар ол адам үшін — өмір, әрі бүкіл тәніне күш-қуат береді”.
Екіншіден, бұл біздің ой-санамыз бен сезімімізге жақсы әсер етеді. “Құдай Сөзінің ой-санам мен жүрегіме әсер етуіне жол берген кезде, мен өзімді анағұрлым бақытты сезінемін”,— деді Тереза. Рас, біз өмірде әлі талай рет түңілеміз. Бірақ бізге мұндай сезіммен күресу оңайырақ болады. Жақып 4:8-де: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деген үндеу жазылған. Сонымен қатар Ехоба өмірімізде кездесетін қиындықтарға төтеп бере алуымыз үшін күш беруге уәде етеді және тыныштық сыйлау арқылы ол бізге батасын береді (Забур 28:11).
Егер біз өзімізден ақылға қонымды нәрсені күтетін болсақ, рухани жағынан байсалды боламыз. Бұл да — Құдайдың батасы. Біз өмірдегі анағұрлым маңыздырақ нәрселерге көңіл қоятын боламыз (Філіпіліктерге 1:10, ЖД). Мақсаттарымыз ақылға қонымды әрі орындауға болатындай болып, бізді қуанышқа бөлеп, көңілімізге қанағат беретін болады. Оның үстіне, бар көңілімізбен өзімізді Ехобаға сеніп тапсыратын боламыз, өйткені оның барлық нәрсені біздің игілігімізге айналдыратынын білеміз. Петір мынаған шақырған: “Сонымен, Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсыныңдар; Өзі белгілеген уақыты жеткенде сендерді жоғарылатпақ” (1 Петір 5:6). Біз үшін Ехобаның бізді даңққа бөлегенінен артық сый бар ма?!
[32-беттегі суреттер]
Өзімізден ақылға қонымды нәрсені күтуді үйренетін болсақ, жабырқап, түңілген шақтарда күресу оңайырақ болады.