Апокалипсистен үрейленудің себебі неде?
ДІНИ шолушы Дамиан Томпсон «Тайм» журналында былай деді: «Онжылдықтар бойы христиан ескішілдері (фундаменталистері) жақын арада адамзаттың қандай да бір апатқа ұшырайтындығы туралы болжам айтып келді. Ал бүгін, бұл пікірдің шындық ретінде қарастырылуы, сондай-ақ жақын арада ғана оны келеке-мазақ қылған программист, бизнесмен, саясатшылардың өздері де осы пікірді таратып жүргені оларды таңғалдырады». Томпсонның пікірінше, 2000 жылы бола ма деп қауіптеніп отырған бүкіләлемдік компьютер апатының салдарынан, «құдайсыз адамдардың өздері діни фанатизм танытарлықтай» қауіптенуде. Олар мынадай апаттар болуы мүмкін деп ойлайды: «жаппай дүрлігу, үкіметтің шарасыз халі, азық-түлікке байланысты туған бүлік және ұшақтардың көк тіреген көп қабатты үйлерге соқтығысуы».
Сонымен қатар жиі «апокалипсистік» деп аталып жүрген шағын секталардың күдікті іс-әрекеттері жаппай алаңдаушылықты арттыра түсуде. 1999 жылдың қаңтар айында Францияның «Фигаро» газетінің «Иерусалим және апокалипсис жаршысы» деп аталған мақаласында былай делінді: «[Израилдің] қауіпсіздік қызметінің мәліметі бойынша, жүз шақты „милленаристер“ парусияны немесе апокалипсисті күтіп Зәйтүн тауы мен оның айналасына жиналған».
«Британ энциклопедиясының 1998 жылғы жылнамасында» «заманның ақыры туралы уағыздайтын секталар» туралы айтылады («1998 Britannica Book of the Year»). Онда, өзгелермен қатар, «Аспан қақпасы», «Халық ғибадатханасы», «Күн ғибадатханасы» және 1995-жылы Токио метросында улы газ қолдану арқылы 12 адамды өлімге ұшыратып, мыңдаған адамның денсаулығына зиян келтірген «Аум синрикё» («Ең жоғарғы шындық») секталары да аталған. Соңында Чикаго университетінің профессоры, дін маманы Мартина Мартидің сөзі келтірілген: «2000 жылды ойлағанда адамдардың көңілі алай-түлей болып, нәтижесінде түрлі болжамдар мен діни ағымдардың пайда болары сөзсіз. Бұл ағымдардың кейбіреулері өте қауіпті болуы мүмкін. Сол уақытта қол қусырып отыруға болмайтын болады».
Апокалипсис алдындағы үрейдің тарихы
Апокалипсис немесе Аян — б. з. бірінші ғасырының соңында жазылып біткен Киелі кітаптың ең соңғы кітапшасының аты. Бұл кітапта пайғамбарлықтар мен бейнелеп айтылған сөздер көп болғандықтан, «апокалипсистік» деген сын есімді Киелі кітаптағы Аян кітабының жазылуынан көп уақыт бұрын пайда болған белгілі бір шығармалармен байланыстыратын болды. Бұл шығармалардағы қияли бейнелер ежелгі Парсы заманында, тіпті одан да ертерек уақытта кездеседі. Мысалы, бір энциклопедияда былай делінген: «Иудей әдебиетінің апокалипсистік шығармаларындағы қияли бейнелер мен Бабыл мәдениетінің арасында байланыс бары анық» («The Jewish Encyclopedia»).
Иудейлердің апокалипсистік жазбалары б. з. б. екінші ғасырдың басынан б. з. екінші ғасырының аяғына дейінгі аралықта өркендеген. Бұндай шығармалардың пайда болу себебін түсіндіре отырып, Киелі кітапты зерттеуші бір ғалым былай деп жазды: «Иудейлер бүкіл тарихты екі дәуірге бөлген. Олардың бірі — әбден бүлінген қазіргі дәуір... Сондықтан иудейлер бұл дәуірдің аяқталып, Құдай орнататын өте керемет жаңа дәуірдің келуін күтті. Олардың ойынша, бұл — бейбітшілік орнаған, берекелі де әділ алтын дәуір еді... Ескі дәуірдің жаңа дәуірге алмасуы қалай болар еді? Иудейлер бұл өзгеріс ешқашан адамзаттың арқасында болмайды деп есептеді, сол себепті олар Құдайдың араласуын күтті... Құдай келер күнді олар „Тәңірдің күні“ деп атады. Олардың ойынша, бұл — сұмдық уақыт, яғни жаңа дәуірдің басталғанын білдіретін қорқынышты, жойылу және сот болатын уақыт. Бұл пікір апокалипсистік шығармалардың бәрінде кездеседі».
Апокалипсистен үрейленуге себеп бар ма?
Киелі кітаптың Аян кітабында зұлым адамдардың бәрі жойылатын «шексіз Құдіретті Құдайдың ұлы күнінің шайқасы» немесе Һармагеддон туралы айтылады. Содан соң Шайтан түпсіз тұңғиыққа тасталып, Мәсіх адамзатты соттайтын мың жылдық (кейде миллениум деп те аталады) дәуір келеді (Аян 16:14, 16; 20:1—4). Орта ғасырларда бұл пайғамбарлықтың мағынасы бұрмаланып кетті. Өйткені католиктердің «әулиесі» Августин (б. з. 354—430 жылдар) миллениум Мәсіх туылған кезде басталып, қорқынышты сот күнімен аяқталады деп сендірді. Бұл уақыт Августиннің өзін аса мазаламаса керек, бірақ, 1000 жыл жақындаған сайын, үрей күшейе түсті. Тарихшылар орта ғасырларда апокалипсис алдындағы үрейдің қаншалықты кең тарағандығы жайлы әр түрлі пікірде. Бірақ, оның еш негізі болмағаны сөзсіз.
Соған ұқсас жағдайды бүгін де көруге болады. Көптеген діншіл адамдар да, басқалар да апокалипсис 2000 немесе 2001 жылы келеді деп үрейлене күтуде. Бірақ үрейленуге себеп бар ма? Киелі кітаптың Аян немесе Апокалипсис кітабында біз үрейленетіндей хабар жазылған ба? Әлде оған үмітпен қарау керек пе? Бұл жөнінде келесі мақаладан оқып білуіңізге болады.
[4-беттегі сурет]
Орта ғасырларда, апокалипсистен үрейленудің себебі жоқ болып шықты.
[Түпдерек]
© Cliché Bibliothèque Nationale de France, Paris
[3-беттегі сурет рұқсатымен]
Maya/Sipa Press