Апокалипсис кітабындағы «ізгі хабар»
«Содан кейін мен, жер бетінде өмір сүріп жатқан барлық... халыққа жариялауға арналған, мәңгі Ізгі хабары бар, аспанның қақ ортасында ұшып бара жатқан басқа бір періштені көрдім» (АЯН 14:6).
1. Апокалипсис кітабы Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған деп сенгендерімен де, Ехоба Куәгерлерін неліктен «апокалипсистік секта» деп атауға болмайды?
ӨЗГЕЛЕРДІҢ айып тағуына қарамастан Ехоба Куәгерлерін «апокалипсистік секта» немесе «ақыр заманды уағыздап жүрген секта» деуге болмайды. Иә, олар Апокалипсисті, немесе Аян кітабын, Құдай Сөзінің бір бөлігі ретінде санайды. Аян кітабында құдайсыздардың сотталатыны туралы хабардың бар екені рас. Сөйткенмен де, Құдайдың қызметшілері халықтарға куәлік еткенде, негізінен Киелі кітапта жазылған керемет үмітке назар аударады. Бұл үміт туралы Апокалипсис, немесе Аян, кітабында да жазылған. Сонымен, олар бұл кітаптағы пайғамбарлық сөздерге еш нәрсе қоспайды, еш нәрсені алып та тастамайды (Аян 22:18, 19).
Ізгі хабарды жариялаушылар
2. Ехоба Куәгерлері өздерінің уағыздау қызметінде қандай тармақтарды жиі қолданады?
2 Ехоба Куәгерлері халықтарға куәлік етулерінің Киелі кітаптық негізі ретінде Исаның келесі сөздерін жиі қайталайды: «Патшалық туралы осы Ізгі хабар бүкіл жер бетінде жарияланып, барлық халықтарға куәлік болады; содан кейін [осы заманның] ақыры болады» (Матай 24:14). «Патшалық туралы ізгі хабар» деген не екен? Ехоба Куәгерлерінің көпшілігі, жауап ретінде, Аянкітабының 20-шы және 21-ші тарауларындағы Мәсіхтің мың жылдық басшылығы мен оның Патшалығы немесе үкіметі туралы және өлім де, жылау да, ауру да «енді болмайтын» адамзат қоғамы туралы айтылатын тармақтарды келтірер еді (Аян 20:6; 21:1, 4).
3. Ехоба Куәгерлерінің бүкіләлемдік қызметі қандай тапсырмаға сай келеді?
3 Шын мәнінде Ехоба Куәгерлері арқылы осы ізгі хабарды жариялап жүрген — бейнелеп айтылған аспан жаршысы. Оның міндеті де Аян кітабында суреттелген: «Содан кейін мен, жер бетінде өмір сүріп жатқан барлық тайпаға, руға, тілге және халыққа жариялауға арналған, мәңгі Ізгі хабары бар, аспанның қақ ортасында ұшып бара жатқан басқа бір періштені көрдім» (Аян 14:6). Бұл «мәңгі ізгі хабарға» «Әлемнің патшалығы Тәңіріміз бен оның Мәсіхінің патшалығы болғаны» жайлы және Ехоба белгілеген «жерді құртқандарды [«құртып жатқандарды», ЖД] құртатын уақыт» келгені жайлы жариялау жатады (Аян 11:15, 17, 18). Расында да ізгі хабар емес пе?
Аян кітабындағы бізге арналған хабар
4. а) Аян кітабының 1-тарауында қандай негізгі шындықтар жазылған? ә) Ізгі хабардың пайдасын көргісі келгендер не істеулері керек?
4 Аян кітабының 1-тарауында Ехобаның «қазір бар, бұрын болған және болашақта келетін бүкіл әлемді Билеуші... Альфа және Омега» екендігі көрінеді. Ал оның Ұлы Иса Мәсіх бұл тарауда «адал куәгер, қайта тірілгендердің тұңғышы, әрі жердегі патшалардың әміршісі» ретінде суреттелген. Онда Иса туралы тағы былай делінген: «Бізді сүйіп, Өзінің Қаны арқылы күнәларымыздан тазартып арылтқан» (Аян 1:5, 8). Сонымен, Аян кітабы алғашқы тармақтарынан бастап құтқарылу туралы негізгі шындықты баяндайды. «Жер бетінде өмір сүріп жатқандар» осы жарияланып жатқан ізгі хабардың пайдасын көрулері үшін, Ехобаны бүкіл әлемнің қожасы ретінде мойындап, Исаның біз үшін қанын төккеніне сенім білдірулері керек. Сонымен қатар олар Ехобаның Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, жер жүзінің Әміршісі етіп тағайындағанына сенулері керек (Забур 2:6—8).
5. Аян кітабының 2-ші және 3-ші тарауларынан Мәсіх туралы не білеміз?
5 Келесі екі тарауда Мәсіх Иса өзінің жердегі шәкірттерінің қауымдарының аспандағы сүюші Бақылаушысы ретінде суреттеледі. Б. з. І ғасырында Кіші Азиядағы мәсіхшілердің таңдап алынған жеті қауымына арналған шиыршықта, жігер беретін сөздермен қатар, қазіргі күні де маңызды қатаң нұсқаулар да жазылған. Қауымдарға арналған сәлемхаттар әдетте мынадай сөздермен басталады: «Мен сенің істеріңді білемін» немесе «Сенің істерің мен көрген азаптарыңды... білемін» (Аян 2:2, 9). Иә, шәкірттерінің қауымында не болып жатқанын Мәсіх анық білген. Ол кейбіреулерін сүйіспеншілігі, сенімі, қызмет барысындағы еңбегі, төзімділігі және оның есімі мен сөзіне деген адалдығы үшін мақтаған. Ал басқаларын Ехоба мен оның Ұлына деген сүйіспеншіліктерінің суып қалуына жол бергендері, азғындыққа салынғандары, бұтқа табынғандары немесе жолдан тайып секталарға бөлінгендері үшін сөккен.
6. Аян 4-тарауда жазылған аян адамдардың нені түсінуіне көмектеседі?
6 Аян 4-тарауда Ехобаның аспандағы тағының әсерлі көрінісі суреттеледі. Ол Ехобаның даңқын және оның болашақта қолданатын аспаннан басқаратын құрылымын біраз түсінуімізге мүмкіндік береді. Бастарында тәждері бар, тақтары Әлемдегі ең жоғарғы тақты қоршап тұрған әміршілер Ехобаға тәжім етіп: «Тәңірім, Сен, даңқ пен құрметті және күшті қабыл алуға лайықсың, өйткені барлығын Сен жараттың, барлығы Сенің еркіңмен тіршілік етеді әрі жаратылған»,— деп жариялауда (Аян 4:11).
7. а) Періште жер тұрғындарын не істеуге шақыруда? ә) Біздің ағарту ісіміздің маңызды бөлігі не?
7 Бұның бүгінгі күнгі адамдар үшін қандай да бір маңызы бар ма? Міндетті түрде. Егер олар Мың жылдық патшалық орнаған кезде өмір сүргілері келсе, онда «аспанның қақ ортасында ұшып бара жатқан... періштенің» сөзіне құлақ салулары керек. Ол былай дейді: «Құдайдан қорқыңдар, Оны даңқтаңдар, өйткені Оның соттайтын уақыты келді» (Аян 14:6, 7). Ехоба Куәгерлері атқарып жүрген Киелі кітаптық ағарту ісінің негізгі мақсаттарының бірі — «жер бетінде өмір сүріп жатқандардың» Ехобаны біліп, оған мінажат етулеріне және оны Жаратушы ретінде мойындап, жоғарғы әділ билігіне қуанышпен бағынуларына көмектесу.
Құрметке лайық Тоқты
8. а) Аян 5-ші және 6-шы тарауларда Мәсіх қалай суреттелген? ә) Ізгі хабарды тыңдаушылардың бәрі бұл аяннан не біле алады?
8 Келесі Аян 5-ші және 6-шы тарауларда Иса Мәсіх жеті мөрмен бекітілген кітапты ашуға, яғни бейнелеп айтқанда біздің уақытымызда болып жатқан уақиғаларды айтып беруге лайық болып табылған Тоқты ретінде суреттеледі. (Жохан 1:29, салыстырыңыз.) Бұл бейнелі түрдегі Тоқтыға аспаннан шыққан дауыстар былай дейді: «Сен кітапты алып, оның мөрлерін бұзып ашуға лайықсың; өйткені Сен құрбан болып, Өзіңнің қаның арқылы әр ру мен тілден, ұлт пен халықтан шыққан біздердің төлемімізді төлеп, Құдайға арнадың. Сөйтіп біздерді Құдайымызға патшалар мен дін қызметкерлері еттің; енді біз жерде [«жер бетіне», ЖД] патшалық етеміз» (Аян 5:9, 10). Бұл көрініс, Мәсіхтің төгілген қанының арқасында барлық халықтардан шыққан кейбір адамдардың онымен бірге аспанда болып, «жер бетіне патшалық етуге» шақырылғандығына үйретеді. (Аян 1:5, 6, салыстырыңыз.) Әрі қарай Аянда олардың нақты саны көрсетіледі.
9. Аян 6-тарауда Мәсіх қалай суреттелген?
9 Тағы бір көріністе Мәсіх, басында тәжі бар, ақ атты, «жеңімпаз ретінде жеңіске жету үшін» шыққан салт атты ретінде суреттеледі. Бақытымызға орай, ол Апокалипсистегі басқа үш салт аттылар арқылы суреттелетін бақытсыздықтардың салдарын «жеңеді». Ол салт аттылар орасан шабыспен — әсіресе бетбұрыс жылы болған 1914 жылдан бастап — адамзатқа соғыс, аштық және өлім алып келіп жатыр (Аян 6:1—8). Құдайдың Тоқтысы — Мәсіхтің адамзаттың құтқарылуы мен Ехобаның керемет ниеттерінің орындалуындағы ерекше рөлі — Ехоба Куәгерлерінің Киелі кітаптық ағарту ісінде баяндалатын негізгі тақырыптардың бірі.
10. а) Аян 7-тарауда қандай маңызды хабар жазылған? ә) Патшалыққа ие болатындар туралы Мәсіх не айтты?
10 Аян 7-тарауда шын мәнінде ізгі хабар жазылған. Иса «кішкентай қора» деп атағандардың санын Аян кітабынан ғана табуға болады. Тоқтының Әкесі оларға Патшалықты тапсырады (Лұқа 12:32; 22:28—30). Ехоба Құдай оларға өзінің рухы арқылы таңба салды (2 Қорынттықтарға 1:21, 22). Аянды көрген елші Жохан былай деп куәлік етеді: «Мен маңдайларына Құдайдың таңбасы салынғандардың саны жүз қырық төрт мың екенін естідім; олар Исраилдің барлық руларынан еді» (Аян 7:4). Бұл нақты санды келесі тараулардың бірі растайды. Онда аспандағы Сион тауында Тоқтымен бірге патшалық ету үшін шақырылғандардың — «жерден құны төленіп алынғандардың» — саны тура сонша екені айтылған (Аян 14:1—4). Христиан әлемінің шіркеулері бұл санды белгісіз, көмескі етіп түсіндіреді. Алайда ол туралы Киелі кітапты зерттеуші Э. В. Буллингердің айтқан сөздері қызық. Ол былай деген: «Бұл жай ғана нақты дерек: осы тараудағы белгісіз саннан айырмашылығы — белгілі сан екені көрсетілген».
11. а) Аян 7-тарауда қандай ізгі хабар жазылған? ә) «Ұлы жамағатты» қандай болашақ күтіп тұр?
11 Буллингер қандай белгісіз сан туралы айтқан? Елші Жохан 9-тармақта былай деп жазған: «Содан кейін қарасам, барлық тайпа мен рулардан, халықтар мен тілдерден ешкім санай алмайтын ұлы жамағат адамдар... тұрды» (Аян 7:9). Бұл ұлы жамағат адамдар кімдер, біздің уақытымызда олар Құдай алдында қандай дәрежеге ие және болашақта оларды не күтіп тұр? Апокалипсистің жауабы жер тұрғындары үшін ізгі хабар болып табылады: «Бұлар үлкен апаттан келгендер; олар өздерінің киімдерін Тоқтының қанымен жуып, ағартты». Мәсіхтің төгілген қанына сенгендерінің арқасында олар «үлкен апат» кезінде аман қалады. Мәсіх «оларды... өмір суының бұлақтарына жетелейді де, Құдай олардың көз жасын сүртеді» (Аян 7:14—17). Иә, қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адамдар осы зұлым дүние жойылған кезде аман қалатын сансыз көп жамағаттың қатарына қосыла алады. Патша Иса Мәсіхтің Мың жыл билік ететін кезінде олар сол патшалықтың азаматтары болып, Мәсіх оларды жердегі мәңгі өмірге жетелейді. Бұл ізгі хабар емес пе?
«Оның үкімдері шынайы да әділ»
12, 13. а) Аян 8—19-тарауларда не туралы айтылады? ә) Бұл пайғамбарлықтар ақ ниетті адамдарды неліктен алаңдатпауы керек?
12 Аян 8—19-тарауларда жазылғандар Апокалипсистің ұлы апаттарды болжайтын кітап деп аталуының негізгі себептері болып табылады. Бұл тарауларда Шайтанның дүниесінің әр түрлі бөліктеріне шығарылған қорқынышты (керней үндерімен, жаралармен және Құдайдың қаһарына толы тостағанмен бейнеленген) үкімдер жазылған. Алдымен жалған дін («ұлы Бабыл»), содан соң, жабайы аңдармен бейнеленген құдайсыз саяси жүйе сотталады (Аян 13:1, 2; 17:5—7, 15, 16)a.
13 Бұл тарауларда Шайтан мен жын-перілерінің жер аймағына қуылып, аспанның тазаруы суреттеледі. 1914 жылдан бері болып жатқан көз көріп, құлақ естімеген апаттардың болу себебін осымен ғана түсіндіруге болады (Аян 12:7—12). Ол тарауларда сонымен қатар Шайтанның жердегі зұлым дүниесінің жойылуы бейнелі түрде суреттеледі (Аян 19:19—21). Ақ ниетті адамдар осындай оқиғалардан қорқуы керек пе? Жоқ, өйткені Құдайдың үкімдерін орындап жатқан аспандағы әскерлер былай деп қуанады: «Аллилуя! Құтқару, салтанатты ұлылық, құдірет пен күш Құдайымызда! Өйткені Оның үкімдері шынайы да әділ» (Аян 19:1, 2).
14, 15. а) Қазіргі зұлым дүние қалай әділ жазасын алады? ә) Неліктен Апокалипсис кітабының осы бөлігі ақ ниетті адамдар үшін қуануға себеп болуы керек?
14 Ехоба жерді, оны құртып жатқандардан тазартпайынша, әділ дүние орнатпайды (Аян 11:17, 18; 19:11—16; 20:1, 2). Бірақ, бұны жүзеге асыру үшін адамзаттың немесе үкіметтің билігі де, күші де жоқ. Тек Ехоба мен ол тағайындаған Патша және Би — Мәсіх Иса ғана бұны әділдікпен жүзеге асыра алады (2 Салониқалықтарға 1:6—9).
15 Апокалипсисте Ехобаның қазіргі зұлым дүниені жоюға ниеттенгені анық көрсетілген. Бұл «барлық сорақылықтарға жаны күйзеліп, қасірет шегіп жатқан» адамдар үшін қуануға себеп болуы керек (Езекиел 9:4). Сондай-ақ, олар ізгі хабарды жариялаушы періштенің «Құдайдан қорқыңдар... өйткені Оның соттайтын уақыты келді; көк пен жерді... Жаратқанға сәжде етіңдер» деген шақыруына үн қосудың қазір қаншалықты маңызды екенін көре білулері керек (Аян 14:7). Бұл адамдар «Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаға куәгер болып жүрген» Ехоба Куәгерлерімен бірге Құдайға мінажат етіп, қызмет атқарсын! (Аян 12:17).
Даңқты Мың жылдық басшылық
16. а) Христиан әлемінің шіркеулері Мәсіхтің Мыңжылдық патшалығына деген үміттен неліктен бас тартты? ә) Неліктен Ехоба Куәгерлері үлгілі дұғадағы тілек орындалатынына сенімді?
16 Аян кітабының 20—22-тарауларынан біз Мәсіхтің Мың жылдық патшалығына үміт артудың Киелі кітаптық негізін табамыз. Аспан мен жердегі мәңгі бақыттың бастамасы болатын мың жылдық кезең туралы Киелі кітаптың осы жерінде ғана ашық айтылады. Христиан әлемінің шіркеулері Мәсіхтің Мың жылдық патшалығына үміт артудан бас тартты. Шіркеу ұстанып жүрген ілімдерге сәйкес әділдер аспанға кетеді де, күнәкарлар тозаққа түседі. Осылайша олардың догмаларында жердегі жұмаққа орын қалған жоқ. Құдайдың еркінің «аспанда болғандай жерде де... орындалуы» туралы өтініш жазылған үлгілі дұға христиан әлемінің шіркеу мүшелерінің көпшілігі үшін өз мәнін жоғалтты (Матай 6:10). Бірақ Ехоба Куәгерлері туралы олай деп айтуға болмайды. Олар Ехоба Құдайдың жерді «бекер жаратпағанына», оны «өмір сүру үшін» жасағанына кәміл сенеді (Ишая 45:12, 18). Сонымен, ежелгі пайғамбарлық, үлгілі дұға және Апокалипсис кітабындағы Мәсіхтің Мың жылдық патшалығына деген үміт бір-біріне сәйкес келеді. Мың жылдық патшалық кезінде Құдайдың еркі Мәсіх арқылы тура аспандағыдай жерде де орындалады.
17. «Мың жыл» деген сөз тіркесін тура мағынасында түсіну керек екенін неден көруге болады?
17 «Мың жыл» деген сөз тіркесі Аян кітабының 20:1—7-тарауының алғашқы жеті тармағында алты рет кездеседі. Көңіл қоюға тұрарлық нәрсе, грек тіліндегі мәтінде бұл сөз төрт рет айқындылық артиклімен кездеседі. Ал бұл, христиан әлемінің көптеген түсінік берушілері бізді сендіргісі келгендей белгісіз ұзақ уақытқа емес, нақты мың жыл екендігіне нұсқайды. Мың жылдық патшалық кезінде не болады? Біріншіден, барлық осы уақыт бойы Шайтан еш әрекет ете алмайтын болады. (Аян 20:1—3; Еврейлерге 2:14, салыстырыңыз.) Қандай қуанышты хабар десеңізші!
18. а) Мәсіхтің Мың жылдық патшалығын неліктен сот «күні» деп атауға болады? ә) Мың жыл өткен соң не болады?
18 «Мәсіхпен бірге мың жыл патшалық» ететіндерге «соттау құқығы берілетін» болғандықтан, бұл кезең іс жүзінде мың жылдық сот «күні» болады. (Аян 20:4, 6; Елшілердің істері 17:31, салыстырыңыз; 2 Петір 3:8). Өлгендер қайта тіріліп, «үлкен апаттан» аман өткендермен бірге, сол кездегі іс-әрекеттеріне сай әділдікпен сотталатын болады (Аян 20:12, 13). Мың жыл өткен соң Шайтан аз уақытқа босатылып, адамзат соңғы рет сыналатын болады. Содан соң, Шайтан өзінің жын-перілерімен және өзіне ерген жердегі бүлікшілермен бірге мәңгіге жойылады (Аян 20:7—10). Сынақтан өткен адамдардың аттары «өмір кітабына» мәңгіге жазылып, жұмақ орнаған жерде Ехобаға мінажат етіп және қызмет атқарып, мәңгі бақытты өмір кешетін болады (Аян 20:14, 15; Забур 36:9, 29; Ишая 66:22, 23).
19. а) Аян кітабында жазылған керемет уәделердің міндетті түрде орындалатынына неліктен күмәнданбауға болады? ә) Келесі мақалада не туралы айтылады?
19 Міне, Апокалипсис кітабында осындай ізгі хабар жазылған. Бұл — адамдар айтқан бос уәде ғана емес. Елші Жохан былай деп жазды: «Сонда тақта отырған: „Енді бәрін де жаңадан жаратамын“,— деді. Ал маған қарап: „Мұны жазып қой, бұл сөздер сенуге тұрарлық шынайы!“ — деп қосты» (Аян 21:5). Осы пайғамбарлық ізгі хабардың орындалғанын көру үшін не істеуіміз керек? Құдайға ұнамды болғысы келгендер үшін Аян кітабында көптеген өсиеттер жазылған. Келесі мақала көрсететіндей, осы өсиеттерге құлақ асар болсақ қазір де шексіз бақытқа кенелеміз және мәңгілік бақытты боламыз.
[Сілтеме]
a Аянды толық түсіну үшін Күзет Мұнарасы Қоғамы 1988 жылы басып шығарған «Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!» кітабын қараңыз, ағ.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Аян кітабының 4—6 тарауларында жазылған қандай негізгі шындықтар ізгі хабардың маңызды бөлігі болып табылады?
• Аян кітабының 7-тарауында қандай ізгі хабар жазылған?
• Аян кітабында жазылған үкімдер ақ ниетті адамдарды неліктен алаңдатпауы керек?
• Мәсіхтің Мың жылдық патшалығы қай мағынада сот «күні» болады?
[20-беттегі сурет]
Патша Иса Мәсіх жерді соғыс, аштық және өлім атаулыдан толығымен арылтады.