Апокалипсис — үрей ме, әлде үміт пе?
«Бүгінде Апокалипсис Киелі кітапта суреттелген бейне ғана емес, болуы әбден мүмкін қатер». (Хавьер Перес де Куэльяр, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы бас хатшысы).
АДАМДАР фильмдер мен кітаптардың аттарынан, газет-журналдардан «апокалипсис» сөзін кездестіргенде нені еске алатын болса, бұл белгілі қоғам қайраткері де апокалипсисті сол мағынада айтып отыр. Бұл сөзді естіген көп адамдар ғарышта болатын астан-кестен өзгерісті елестетеді. Бірақ шын мәнінде «апокалипсис» деген сөз нені білдіреді? Және ең маңыздысы, Киелі кітаптағы Апокалипсис, немесе Аян, деп аталатын кітапта қандай мәлімет бар?
«Апокалипсис» деген сөз «ашылу» немесе «ашу» деген мағынаны беретін грек сөзінен шыққан. Бұл кітап бізге нені ашады? Расында да онда негізінен қорқынышты сот пен жаппай жойылу туралы жазылған ба? Апокалипсис кітабы туралы Франция институтының бір өкілі, тарихшы Жан Делюмо былай деп ойлайды: «Бұл — жұбаныш пен үміт беретін кітап. Адамдар оның апатқа қатысты бөліктеріне ғана ерекше назар аударып, мағынасын тым шиеленістіріп жіберген».
Ертедегі шіркеу және Апокалипсис
Апокалипсис кітабы мен онда суреттелген миллениумға немесе Мәсіхтің жер бетіндегі Мың жылдық патшалығына үміт артуға байланысты ертедегі «христиандар» қандай көзқараста болған? Жан Делюмо былай дейді: «Менің ойымша, алғашқы христиандар жалпы алғанда милленаризмнің орнайтынына сенген... Осы ілімді ұстанған алғашқы христиандардың ішінде әсіресе келесі тұлғалар көпшілікке танымал: Кіші Азияда жасаған Гиераполь епископы Папий... Палестинада дүниеге келіп, шамамен 165 жылы Рим қаласында өлтірілген әулие Юстин Мученик; әулие Иреней; 202 жылы қаза болған Лионның епископы; 222 жылы қайтыс болған Тертуллиан және ұлы жазушы Лактанций».
Тарихи мәліметтерге сәйкес б. з. 161 немесе 165 жылдары Пергамада азаптап өлтірілген Папий жайында «Католик Энциклопедиясында» былай делінеді: «Гиерапольдық эпископ Папий милленаризмді қолдаушы ретінде танымал болған. Ол бұл ілімді елшілердің замандастарынан қабылдағанын айтатын. Мәсіхтің Мың жылдық патшалық туралы үйреткенін Жоханның өзінен білген басқа да „қауым жетекшілері“ туралы Иреней де жазған. Евсевийдің айтуы бойынша... Папий өзінің кітабында өлілердің қайта тірілтілуінен кейін Мәсіхтің мың жыл бойы жер бетіне салтанатты түрде билік жүргізетін уақыты келетінін жазған».
Бұл бізге Апокалипсис, немесе Аян, кітабының алғашқы христиандарға қалай әсер еткені туралы не айтады? Бұл оларды үрейлендірді ме, әлде үміттендірді ме? Бір қызығы, тарихшылар алғашқы христиандарды хилиастар деп атайды. Бұл сөз гректің хи́лиа э́ти («мың жыл») деген сөзінен шыққан. Иә, олардың көбісі жер бетінде мәңгілік жұмақ орнататын Мәсіхтің мың жылдық патшалығына сенген. Киелі кітаптағы Мың жылдық патшалық туралы ерекше айтылатын жалғыз кітап — Апокалипсис, немесе Аян (Аян 20:1—7). Сол себепті Апокалипсис кітабы оларды үрейлендірген жоқ, қайта ғажап нәрселерге үміттендірді. Өзінің «Ежелгі шіркеу және әлем» («The Early Church and the World») кітабында шіркеу тарихын зерттеуші профессор, оксфордтық Сесиль Каду былай деп жазды: «Ақыр аяғында хилиастық көзқарастан бас тартқанымен, ол ұзақ уақыт бойы кең тараған, сондай-ақ оны өте беделді адамдардың кейбіреулері уағыздаған».
Апокалипсис кітабындағы үміттен бас тартудың себебі
Көптеген алғашқы христиандардың, тіпті басым көпшілігінің десе де болар, Мәсіхтің жұмақ орнаған жерге үстінен мың жыл бойы билік жүргізетіне сенгендігіне бұлтартпайтын тарихи дәлелдері бар. Олай болса адамдар ақыр аяғында «хилиастық көзқарастан неге бас тартты»? Уақыт өте келе бұл көзқарас сыналуға лайық болды. Өйткені зерттеуші Роберт Маунстың айтуынша, «өкінішке орай, көптеген хилиастар өздерінің қиялдарына беріліп, байлық пен рақат күй кешуді армандауларында шектен шығып кетті». Бірақ бұл шектен шыққан көзқарасты Мың жылдық патшалыққа деген шын үміттен бас тартпай-ақ жөндеуге болатын еді.
Хилиазммен күресу үшін қарсыластардың қолданған тәсілдері таңғаларлық. «Католик теологиясының сөздігі» («Dictionnaire de Théologie Catholique») Римдік дін басы Гай (II ғасырдың соңы — III ғасырдың басы) туралы былай дейді: «Милленаризмді жоюға тырысқан ол, Апокалипсис [Аян] пен Жохан жазған ізгі хабардың шынайы екендігінен ашықтан-ашық бас тартты». Сонымен қатар, осы сөздікте милленаризмге қарсы жазылған трактаттың авторы, үшінші ғасырда өмір сүрген Александрия епископы Дионисий туралы да айтылады: «Осындай көзқарасты жақтаушылардың әулие Жоханның Апокалипсисіне сүйене алмауы үшін, ол бұл кітаптың шынайы екендігінен ойланбай-ақ бас тартты». Мың жылдық патшалықтың жер бетіне төгетін баталарына үміттенуге деген осыншама ашулы қарсылық, сол кездегі теологтарды итермелеп отырған жасырын күштің болғандығына нұсқайды.
Өзінің «Миллениумді іздеу» («The Pursuit of the Millennium») деп аталатын кітабында профессор Норман Кон былай деп жазды: «Үшінші ғасырда милленаризмге шүбә келтіру үшін алғашқы әрекеттер жасалды. Сол кезде ежелгі шіркеудің ең беделді теологы Ориген болса керек. Ол, Құдай Патшалығын уақыт пен кеңістіктегі емес, тек сенушілердің жүрегіндегі қандай да бір нәрсе ретінде көрсетті». Киелі кітаптан гөрі грек пәлсапасына көбірек сүйенген Ориген, Мәсіхтің Патшалығының баталарына ие болып, жерде өмір сүру үмітін «сенушілердің жүрегіндегі» түсініксіз қандай да бір нәрсеге алмастырып жіберді. Жазушы-католик Леон Гридің сөзі бойынша, «грек пәлсапасының зор әсерінің салдарынан хилиастық көзқарас біртіндеп жоққа шықты».
«Шіркеу үміт артқан хабарын жоғалтып алды»
Грек пәлсапасының ол уақытта христиандықтың күңгірт елесі ғана қалған ілімдермен араласып кетуінің басты себепкері Августин болғаны сөзсіз. Ол шіркеудің дін басыларының бірі болған еді. Алғашында милленаризмді жан-тәнімен қолдаған ол, ақырында болашақтағы Мәсіхтің жер жүзіне жүргізетін Мың жылдық басшылығы туралы пікірлердің бәрінен бас тартып, Аян кітабының 20-тарауы тек астарлап айтылған (аллегория) деген тұжырым жасады.
«Католик энциклопедиясында» былай делінген: «Нәтижесінде Августин Мың жылдық патшалық болмайды деген көзқарасты ұстанатын болды... Оның айтуы бойынша, бұл тараудағы бірінші қайта тірілу — шомылдыру рәсімінен өткен кезде адамның рухани қайта туылатынын білдіреді; ал адамзаттың алты мың жылдық тарихынан соң келетін мыңжылдық, яғни „діни демалыс күні“, бүкіл мәңгілік өмірді білдіреді». «Жаңа Британ энциклопедиясында» былай делінеді: «Августин астарлап айтқан милленаризм шіркеудің ресми іліміне айналды... Лютерандық, кальвиндік және англикандық бағыттардағы протестант реформаторлары Августиннің көзқарастарын өзгертпей ұстанды». Осылайша христиан әлеміндегі шіркеулердің ілімдерін ұстанушылар Мың жылдық патшалыққа деген үмітінен айырылды.
Оның үстіне, швейцар теологы Фредерик де Ружмонның айтуы бойынша, «Мың жылдық патшалыққа сенуден бас тартуымен [Августин] шіркеуге орасан зор зиян келтірді. Өзінің зор беделінің ықпалымен ол шіркеуге қате көзқарас ендіріп, оны жердегі жұмаққа деген үмітінен айырды». Сондай-ақ, неміс теологы Адольф Гарнак Мың жылдық патшалыққа сенуден бас тартудың салдарынан қарапайым халық «өздеріне түсінікті діннен» айырылып, «бастапқы сенім мен үміттің» орнына «түсіну мүмкін емес ілімдердің» пайда болғанына көңіл аударды. Бүгінгі күні көп елдерде қаңырап тұрған шіркеулер — адамдарға өздеріне түсінікті сенім мен үміт керек екендігінің анық дәлелі.
Киелі кітапты зерттеуші Джордж Бизли-Марри өзінің «Аян кітабындағы негізгі ойлар» («Highlights of the Book of Revelation») атты кітабында былай деп жазды: «Көбінесе Августиннің зор ықпалының әсерінен, сонымен қатар милленаризмді көптеген секталар қолдай бастағандықтан, католиктер мен протестанттар осы ілімге қарсы күресте күштерін біріктірді. „Бұл дүниеде адам үшін қандай үміт бар?“ деген сұрақтың ресми жауабы, „Ешқандай“ болды. Мәсіх қайта оралған кезде бұл дүние жойылады да, мәңгілікке аспан мен тозақ қана қалады. Ал онда тарих ұмыт болады... Шіркеу үміт артқан хабарын жоғалтып алды».
Апокалипсис кітабындағы керемет үміт міндетті түрде орындалады!
Ехоба Куәгерлері Мәсіхтің Мың жылдық басшылығына байланысты керемет уәделердің орындалатынына сенімді. Француз теледидарының «2000 жылдың қарсаңындағы Апокалипсис алдындағы үрей» тақырыбына жүргізген сұхбатында француз тарихшысы Жан Делюмо былай деді: «Ехоба Куәгерлері милленаризмнің көзқарасын тура ұстанады. Олар, өте жақында... — әлбетте қандай да бір катаклизмнен кейін — бүкіл адамзат бақытқа бөленетін 1000 жылдық дәуір келетінін уағыздауда».
Елші Жоханға осы дәуір туралы аян берілген еді. Апокалипсис, немесе Аян, кітабында ол былай деп жазды: «Және де мен жаңа аспан мен жаңа жерді көрдім... Және мен аспаннан былай деп жатқан қатты дауысты естідім: Міне Құдайдың шатыры адамдарменен бірге! Ол өз халқымен бірге болады; олар Оның халқы, ал Құдайдың Өзі олардың Құдайы болады. Сонда... Құдай олардың көз жасын сүртеді және өлім енді болмайды; жылау да, зарлау да, ауру да енді болмайды; өйткені бұрынғы өткен» (Аян 21:1, 3, 4).
Осы керемет үмітке мүмкіндігінше көп адамдар ие болу үшін, Ехоба Куәгерлері бүкіл жер жүзінде Киелі кітаптық ағарту ісін жүргізуде. Сіздің де сол үміт туралы көбірек білуіңізге олар қуана көмектеседі.
[6-беттегі сурет]
Папий, Мәсіхтің Мың жылдық патшалығы туралы ілімді тікелей елшілердің замандастарынан қабылдағанына сендірді.
[7-беттегі сурет]
Тертуллиан Мәсіхтің Мың жыл патшалық ететініне сенген.
[Түпдерек]
© Cliché Bibliothèque Nationale de France, Paris
[7-беттегі сурет]
«Мың жылдық патшалыққа сенуден бас тартуымен [Августин] шіркеуге орасан зор зиян келтірді».
[8-беттегі сурет]
Апокалипсис кітабында суреттелген жұмақ — адамзат үшін керемет үміт.