102-ТАРАУ
Жохан аян көрді
Елші Жохан Патмос аралында тұтқын болып жүрген еді. Сол кезде Иса оған болашақта не болатынын көрсету үшін 16 аянды, немесе бейнені, бірінен соң бірін көрсетті. Бұл аяндарда Ехобаның аты қалай киелі тұтылатыны көрсетілді, сондай-ақ оның Патшалығы қалай келетіні және оның еркі көктегідей жер бетінде қалай орындалатыны ашылды.
Бір аянда Жохан салтанатты тақта отырған Ехобаны көрді. Оның айналасында үстеріне ақ киім, ал бастарына алтын тәж киген 24 ақсақал отырды. Тақтан найзағай жарқылдап, күннің күркірі естіліп тұрды. 24 ақсақал Ехобаға бас иіп, тағзым етіп жатты. Тағы бір аянда Жохан Ехобаға ғибадат етіп жатқан ұлы жамағатты көрді. Олар әртүрлі ұлттан, халықтан және тілден шыққан. Тоқты, яғни Иса, оларды бағып, өмір суына жетелеп жүрді. Кейінірек Жохан тағы бір аян алды. Бұл аянда Иса көкте Патша болып, 24 ақсақалмен бірге билік етуін бастады. Келесі аянда болса Жохан Исаның айдаһармен, яғни Шайтанмен және оның жын-перілерімен соғысқанын көрді. Иса оларды көктен жерге лақтырып жіберді.
Бұдан соң Жохан бір әдемі көріністі — Сион тауында тұрған Тоқты мен 144 000 таңдалғанды көрді. Сондай-ақ ол жердің төңірегінде ұшып жүрген бір періштені көрді. Бұл періште адамдарға: “Құдайдан қорқып, оны дәріптеңдер!”— деп жатты.
Келесі аянда Армагеддон шайқасы көрсетілді. Бұл шайқаста Иса мен оның әскері Шайтанның зұлым дүниесін жеңіп шықты. Соңғы аянда болса Жохан аспан мен жердің арасында керемет тыныштық орнағанын көрді. Шайтан мен оның соңынан ергендер мәңгілікке жойылды. Көк пен жердегілердің бәрі Ехобаның есімін киелі тұтып, тек соған ғана ғибадат етіп жатты.
“Мен әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен әйелдің ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы сенің басыңды мыжиды, ал сен оның өкшесін шағасың” (Мұсаның 1-жазбасы 3:15).