ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Жаман қалауларға берілме
Пауыл деген Құдайдың қызметшісі былай деген: “Дұрыс нәрсені жасағым келгенде, жанымнан жамандық табылады” (Римдіктерге 7:21). Сен де кейде осындай күй кешесің бе? Олай болса, бұл мақала саған жаман қалаулармен күресуге және азғыруларға қарсы тұруға көмектеседі.
Мұны білген жөн
Біз көбінесе басқалар қысым жасағанда жаман әрекетке барып қоямыз. Киелі кітапта: “Жаман орта жақсы әдеттен айырады”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Айналамыздағы адамдар, әлеуметтік желіден көретін не оқитын мәліметтер жаман қалауларымызды оятуы мүмкін. Тіпті соның кесірінен “көпшілікке еріп, зұлымдық жасап” қоюымыз да оп-оңай (Мұсаның 2-жазбасы 23:2).
“Абай болмасақ, адамдарға жағамын, көңілін табамын деп, өзгелер не істесе соны істеп кетуіміз мүмкін” (Джереми).
Былай деп ойланып көр: Адамдар мен жайлы не ойлайды дей берсем, олардың ырқына тез-ақ көніп қалмаймын ба? (Нақыл сөздер 29:25).
Ойтүйін: Құрдастарыңның айтқанына көніп, өз кұндылықтарыңды жоғалтып жүрме.
Былай істеп көр
Не нәрсеге сенесің, соны жақсы біл. Не нәрсеге сенетініңді өзің жақсы түсінбесең, өзгелердің қолында ойыншық боласың. Киелі кітапта: “Бәрін тексеріңдер де, жақсысын ғана берік ұстаныңдар” деген кеңес бар (Салоникалықтарға 1-хат 5:21). Өз нанымдарыңды жақсы білсең, оларды берік ұстанасың әрі оларды аттап, жаман әрекеттерге бармайсың.
Былай деп ойланып көр: Құдайдың заң-талаптарын ұстансам, өзім үшін бұның қандай пайдасы бар?
“Менің байқағаным, жұрттың дегеніне көнбей, өз ұстанымыңа берік болсаң, өзгелер сені көбірек құрметтейді екен” (Кимберли).
Даниял пайғамбардың үлгісі: Жас болса да, Даниял “жүрегінде” Құдай заңын ұстанамын деп шешкен (Даниял 1:8).
Не нәрсеге сенетініңді өзің жақсы түсінбесең, өзгелердің қолында ойыншық боласың
Әлсіз жеріңді біл. Киелі кітапта “жастық шаққа тән қалаулар” жайлы яғни жастардың қалаулары өршіп тұратыны айтылған (Тімөтеге 2-хат 2:22). Бұған жыныстық қатынастан бөлек, біреудің көңілінен шығуды, ешкімге тәуелді болмауды қалау да жатады.
Былай деп ойланып көр: Киелі кітапта: “әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады”,— делінген (Жақып 1:14). Менде көбінесе қандай жаман қалау болады?
Өзіңді мұқият тексер: “Саған әсіресе қандай жаман қалауға қарсы тұру қиын? Сол қалаулармен қалай күресуге болатыны жайлы ізденіс жасап, не істейтініңді жазып қой. Сонда келесі жолы жаман іске азғырылғанда, не істеу керектігін білесің” (Сильвиа).
Дәуіт патшаның үлгісі: Дәуіт кейде өзгелердің ықпалына, өзінің жаман қалауына беріліп қалған. Бірақ ол өз қателігінен сабақ алып, өзгеруге тырысқан. Ол Құдайға: “Уа, Құдайым, кеудеме таза жүрек сала көр, Жаңа да берік рух дарыта көр”,— деп жалбарынған (Зәбүр 51:10).
Ұстамды бол. Киелі кітапта: “Жамандықтан жеңілмеңдер”,— делінген (Римдіктерге 12:21). Сен қалауыңның құлы болуға міндетті емессің. Сенде таңдау бар.
Былай деп ойланып көр: Жаман нәрсе істегім келгенде, қалай өзімді тоқтатып, дұрыс нәрсе істей аламын?
“Мен қалауымның жетегінде кетсем, арты не болады деп ойланамын. Бәлкім, бір сәтке өзімді жақсы сезінетін шығармын. Бірақ кейін өкінерім сөзсіз. Олай болса, бұның маған қажеті қанша!?” (София).
Елші Пауылдың үлгісі: Жоғарыда айтылған Пауыл өзінің жаман қалауларын тізгіндей білген. Ол: “денемді ұрғылап, өзіме құл іспетті бағындырудамын”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 9:27).
Ойтүйін: Тізгін сенің қолыңда, жаман қалауларға берілу-берілмеуді өзің шешесің.
Азғырулар мен қалаулар өткінші. Мелиса есімді 20 жастағы қыз былай дейді: “Мектепте оқып жүргенімде құрдастарымның қысымына, кейбір қалауларыма төтеп беру мүмкін еместей көрінетін. Бірақ қазір олар мен үшін түк те емес. Дәл солай, қазір кезігіп жүрген қиындықтарым да ертеңгі күні болмашы қиындық болып қалады”.