Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • yb13 8—41 бет.
  • Өткен жылдың айтулы оқиғалары

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Өткен жылдың айтулы оқиғалары
  • 2013 Ехоба куәгерлерінің жылнамасы
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Сатылған және сатып алынған мүліктер
  • Бруклиндегі көзге түсетін белгі
  • Ізгі хабардың тарауы
  • Әртүрлі адамдарға көмектесу
  • Мыңдаған адам оқу мен жазуды үйренді
  • Мадақтау әндері көп тілде шырқалуда
  • Шалғай аймақтағы аударма кеңселері
  • Жаңалықтар Дүниежүзінен келген хабар
  • Филиалдардың бағышталуы Ехобаны даңқтауда
  • Заң мәселелері жөніндегі есеп
  • Заң мәселелері жөніндегі есеп
    2014 жылғы Ехоба куәгерлерінің жылнамасы
2013 Ехоба куәгерлерінің жылнамасы
yb13 8—41 бет.

Өткен жылдың айтулы оқиғалары

Ехобаның жердегі ұйымы үнемі алға басып отырады. Біз сіздерді соңғы айларда болған қызықты жаңалықтармен таныс болуға шақырамыз.

Сатылған және сатып алынған мүліктер

Дүниежүзілік бас басқарма жаңа жерге көшіріледі

2009 жылдың шілде айында Ехоба куәгерлері өздерінің бас басқармасын жаңа жерге көшіру мақсатымен Нью-Йорк штатынан (АҚШ) жер телімін сатып алды. Көлемі 102 гектарды құрайтын аталмыш жер Ехоба куәгерлері 1909 жылдан бері қолданып келе жатқан Бруклиндегі ғимараттардың солтүстік-батысынан 80 шақырым жерде орналасқан.

Жаңа ғимараттарда шамамен 800 бетелдік жұмыс істеп, сонда тұратын болады. Ол жерде кеңсе, қойма, шеберхана ғимараттары және төрт тұрғын үй болады. Сондай-ақ Ехоба куәгерлерінің бүгінгі күнгі тарихы жайлы шағын мұражай ашу да жоспарланып отыр.

Сатып алынған жердің 18 гектарын ғимараттар құрайтын болады, ал қалған орманды және сулы-батпақты жерлер сол күйінде қалмақ. Ол жерде ешқандай үлкен газондар болмайды. Қайта, ғимараттар сол жердің орманды өлкесімен үйлесіп көрінетін болады. Сәулетшілер ғимараттардың құрылысын электр қуаты мен табиғи ресурстар үнемделетіндей етіп жобалаған. Осының арқасында пайдалану шығыны азаяды және қоршаған орта көп өзгеріске ұшырамайды. Мысалы, ғимараттардың шатыры аязға төзімді әрі күтімді көп қажет етпейтін өсімдіктермен жабылмақ. Бұл жаңбырдан ағатын суды азайтады және ғимарат ішіндегі температураны бірқалыпты етіп сақтайды. Ал кеңселер күн сәулесінің арқасында жарық болып тұратындай етіп соғылмақ. Сондай-ақ суды үнемдеп қолдануға да көп мән берілді.

Бас басқарманы көшіруге не түрткі болды? Бұрын тек Бруклинде басып шығарылған Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттер қазір басқа елдердегі филиалдарда да шығарылады. 2004 жылы Құрама Штаттардағы баспа және жөнелту бөлімдері Бруклиннің солтүстік-батысынан шамамен 145 шақырым жерде орналасқан Уолкилге (Нью-Йорк штаты) көшірілді. Сонымен қатар шығын көлемі де есепке алынды. Бруклиндегі ескі әрі бір-бірінен алыс орналасқан ғимараттарды қолдану мен күтіп ұстау қымбатқа түсуде. Ал бір жерде шоғырланған ғимараттарға көшудің арқасында біз ерікті садақаға түскен қаржыны тиімдірек пайдалана аламыз.

Филиалдардың біріктірілуі

2012 жылдың қыркүйегінде Ехоба куәгерлерінің 20-дан аса филиалы үлкенірек филиалдарға көшірілді. Мұндай өзгерістер жасауға түрткі болған негізгі екі себеп бар:

1. Заманауи технологиялар жұмысты жеңілдетті. Соңғы жылдары байланыс жүйесі мен баспа ісіндегі жетістіктер үлкен филиалдардағы жұмысшылар қажеттілігін азайтты. Үлкен филиалдарда адамдар саны азайып қалғандықтан, басқа елдердегі кішігірім филиалдарда қызмет ететіндер үшін бөлмелер босады.

[13-беттегі таблица]

Енді тәжірибелі Куәгерлер тобы Киелі кітаптық ағарту ісін бақылауды негізгі филиалдарда отырып жүргізе алады. Мысалы, Коста-Рика, Сальвадор, Гватемала, Гондурас, Никарагуа және Панама елдеріндегі уағыз ісін бақылау Мексикадағы филиалдың қарамағына өтті. Сондықтан бұл елдердегі филиалдар жабылып, сонда қызмет еткен Бетел отбасының 40 мүшесі Мексикадағы филиалға тағайындалды. Ал қалған 95 мүшесі өз елдерінде толық уақытты қызметті бастады.

Орталық Америкадағы осы елдерде қалған бетелдіктер болса Мексика филиалының бақылауымен өз елдеріндегі аударма кеңселерінде қызметтерін әрі қарай да жалғастыра береді. Мысалы, Панамадағы 20 шақты аудармашы Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді жергілікті тілдерге аударады. Ал Гватемаладағы 16 Куәгер әдебиеттерді жергілікті төрт тілге аударады. Мұндай біріктірудің нәтижесінде Орталық Америкадағы бетелдіктердің саны 300-ден 75-ке қысқарды.

2. Уағыз ісіне қатысатын толық уақытты қызметшілер көбейе түседі. Біріктірудің арқасында кішігірім филиалдарда қызмет еткен бауырластар енді бар назарларын ізгі хабарды уағыздауға аудара алады. Бетелден кейін танапта қызмет етуге тағайындалған Африкадағы бір ер бауырлас былай дейді: “Алғашқы айларда жаңа жағдайларға бейімделу үшін өмір салтымды өзгерту қиын болды. Алайда күн сайын уағызға шығу маған шексіз қуаныш пен баталар әкелді. Қазір мен 20 адаммен Киелі кітап зерттеу сабақтарын жүргіземін және олардың кейбірі қауым кездесулеріне келіп жүр”.

Бруклиндегі көзге түсетін белгі

Ехоба куәгерлерінің бас басқармасы ғимаратының төбесінде 40 жылдан астам уақыт бойы тұрған биіктігі 4,6 метрлік қызыл әріптер Нью-Йорк қаласының тұрғындары үшін таныс нәрсеге айналған. Көбісі осы әріптердің төбесіндегі уақыт пен ауа температурасын көрсететін тақтаға қарап үйреніп қалған.

Алғаш рет бұл тақтаны ғимараттың бұрынғы иесі 70 жыл бұрын қойған болатын. Ехоба куәгерлері 1969 жылы осы ғимаратты сатып алғаннан кейін бұл тақтаны қазіргідей етіп өзгерткен еді.

Бауырластар жанып тұратын “Watchtower” (“Күзет мұнарасы”) деген жазудың әріптерін орнатуда (1970 жыл)

Бұл көрсеткіш анағұрлым тиімді әрі тура болу үшін бірнеше рет өзгертілген болатын. 1980 жылдардың ортасында ауа температурасы Фаренгейт шкаласы бойынша ғана емес, Цельсий өлшемі бойынша да ауысып көрсетіліп тұратын болды.

Бұл тақтаны Бруклиндегі пәтерінен көре алатын Ибони былай деді: “Жұмысқа барар алдында уақыт пен ауа райын білу үшін терезеге қарай салған сондай ыңғайлы. Бұл маған жұмысқа кешікпей баруға және ауа райына сай киінуге көмектеседі”.

Бұл тақта тағы 40 жыл бойы бұрынғысынша тұра бере ме? Ехоба куәгерлерінің бас басқармасы басқа жерге көшірілуге жоспарланып жатқандықтан, бұны ғимараттың жаңа иесі шешіп жатар.

Ізгі хабардың тарауы

Манхэттен үшін жаңа нәрсе

2011 жылдың қараша айында бір топ Ехоба куәгері көзге түсетін үстелдер мен арбаларды қолданып, Манхэттен тұрғындарын Киелі кітап хабарымен таныстырды. Бұл бастама Нью-Йорк қаласының өте қарбалас және ескі ауданы Манхэттеннің оңтүстік бөлігінде жүргізілді. Аудан төрт бөлікке бөлінді. Әр бөліктің бірнеше жерінде жергілікті ізашарлар Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерге толы үстелдер мен арбаларды қолданып, жолаушыларға куәлік берді. Стенділердің көбісі күн сайын он мыңдаған адам өтетін вокзалдардың ішіне не маңына қойылды.

Ізашар ерлі-зайыптылар Нью-Йорк қаласындағы Грэнд-цэнтрал вокзалында әдебиеттердің арнайы стендін қолданып журналдарды ұсынуда

Адамдар бұл жерлерден Киелі кітапқа қатысты көптеген сұраққа жауап таба алады. Кідіргісі келмейтіндер болса әдебиетті өздерімен алып кетіп, оны кейінірек оқи алады. Әдебиеттер көп тілде қолжетімді, бірақ қалаған тілде әдебиет жоқ болып шықса, оған тапсырыс беріп, бірнеше күннен кейін алып кетуге болады.

Қалың жұртшылық та, биліктегілер де бұл бастамаға оң көзбен қарады. Бір полиция қызметкері: “Неге бұрыннан бері осылай етпегенсіңдер? Сендерде адамдарға ең қажет нәрсе бар ғой”,— деді. Бір ер адам “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымын көргенде, кілт тоқтады. Ол метрода бірнеше адамның осы кітапты оқып отырғандарын көріп, оны қайдан алғандарын білгісі келіпті. Енді ол мұны біледі.

Бір жас жігіт алты апта бойы жұмысына барар жолда осындай бір үстелдің жанынан күн сайын өтіп жүрді. Ақырында ол тоқтап: “Маған көмек қажет”,— деді. Сонда Куәгерлер оған қуана көмектесті. Олар жас жігітке Киелі кітаптың бір данасын беріп, қалай пайдалы болатындай етіп оқу керектігін түсіндірді. Рухани тақырыптарға сөйлесу үшін тоқтап, қызығушылық білдірген жолаушылар да болған. Сөйтіп, сегіз айдың ішінде 1748 адам Киелі кітапты зерттеуге ықылас білдірді. Ал 2012 жылдың маусымына дейін өткен бұл науқанның арқасында 27 934 журнал мен 61 019 кітап таратылды.

Көлемі қысқарғанмен, көбірек тілге аударылмақ

2013 жылдың қаңтарынан бастап “Ояныңдар!” мен ұсынуға арналған “Күзет мұнарасы” журналдары 32 беттен 16 бетке қысқарды. Журналдарда бұрынғыға қарағанда мәлімет аз болатындықтан, енді аудармашылар оларды көбірек тілге аудара алады. Бүгінде “Ояныңдар!” басылымы 98 тілге, ал “Күзет мұнарасы” 204 тілге аударылады. Зерттеуге арналған “Күзет мұнарасы” болса 32 беттік болып қала береді.

Бұрын журналдарда басылып келген кейбір айдарлар енді тек www.jw.org веб-сайтымызда ғана шығады. Олардың ішінде ұсынуға арналған “Күзет мұнарасындағы” “Жастарымызға арналған”, “Киелі кітаптан білгенім” айдарлары мен Ғалақад мектебі туралы мақала, ал “Ояныңдар!” журналындағы “Отбасына арналған викторина” мен “Жастардың сауалдары” айдарлары да бар.

Бұған қоса, тек веб-сайтымызда кездесетін мақалалар топтамасында Киелі кітап пен Ехоба куәгерлеріне қатысты сұрақтарға қысқа да нұсқа жауаптар жазылған. Басылып шығатын әдебиеттерді де ғаламтордан жүктеуге болады. Компьютерден не мобильді құрылғыдан болсын, www.jw.org сайтына кірушілер 440-тан астам тілге аударылған әдебиеттерімізге оңай қол жеткізе алады.

Әлдеқайда жақсарған веб-сайтымыз

Бірнеше ай бұрын Нью-Йорктегі дүниежүзілік бас басқармада қызмет ететін ондаған Ехоба куәгері www.jw.org сайтын әлдеқайда қызықты және компьютер не ұялы телефон арқылы қолдануға ыңғайлы ету үшін жұмыс істеді. Бұған қоса, олар төмендегі екі мақсатты есте ұстай отырып, біраз өзгерістер жасады.

1. Веб-сайттарымызды біріктіру. Ехоба куәгерлерінің үш веб-сайты www.jw.org деген бір ресми сайтқа біріктірілді. Қалған www.watchtower.org және www.jw-media.org веб-сайттары өз жұмысын тоқтатты. Веб-сайттардың біріктірілуі әдебиеттер не Ехоба куәгерлері туралы білгісі келген адамдарға іздеген мәліметтерін бір жерден табуға мүмкіндік береді. Мысалы, бұл сайттан Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді оқуға, тыңдауға не басып шығаруға болады.

2012 жылдың 28 тамызында жаңадан құрастырылған www.jw.org веб-сайты іске қосылды

2. Қосымша мәлімет енгізу. Жаңартылған веб-сайтта Киелі кітап туралы сұрақтардың жауаптары бар, сондай-ақ онда Ехоба куәгерлерінің уағыздау ісі, филиалдары, Патшалық сарайлары мен конгрестері туралы да мәлімет жазылған. “Жаңалықтар” деген бөлімде дүниежүзі бойынша бауырластарымызға қатысты оқиғалар баяндалады. Сондай-ақ ол жерде отбасыларға, жасөспірімдерге және балаларға арналған қызықты айдарлар да бар.

Күн сайын жүз мыңдаған адам біздің әдебиеттерімізді онлайн оқуда. Олар басылымдардың аудио, EPUB, PDF форматтарын және ым тіліндегі видео файлдарын жарты миллионға жуық рет жүктеп алған. Сондай-ақ күніне жүздеген адам Киелі кітап зерттеу сабақтарын өтуге өтініш білдіреді.

Әртүрлі адамдарға көмектесу

Екі метрлік Киелі кітап

Ағылшын, испан, итальян және тағы басқа тілдердегі 20-дан 28 томға дейін жететін Брайль қарпінде жазылған толық “Жаңа дүние аудармасы” кітап сөресінде кем дегенде 2 метр жерді алады! Бұл бедерлі нүктелі Киелі кітапқа қарағанда, Брайль форматындағы басқа нұсқалар азырақ орынды талап етеді. Мысалы, Брайль белгілерін құрайтын көтеріліп-түсетін бедерлі нүктелері бар тасымалды құрылғы зағип адамдарға жазуға және электронды түрдегі мәліметке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал басылған мәтінді экраннан дауыстап оқитын бағдарламаның көмегімен зағип адамдар әдебиеттерді тауып, оны тыңдай алады.

100 жылдан аса уақыт бойы Куәгерлер зағиптарға арнап Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер басып шығаруда. Бүгінде олар 19 тілде қолжетімді. Қызығушылық білдірген зағип адамдарға осындай әдебиеттер тегін берілгенмен, олардың көбісі ерікті садақа беріп жатады.

Шри-Ланкада тұратын Энтони Бернард отбасылық ғибадатты өткізу үшін ағылшын Брайль қарпіндегі Киелі кітабын қолданады

Куәгерлер мәтінді Брайль қарпінде көп тілге ауыстырып жазуға мүмкіндік беретін компьютерлік бағдарлама ойлап шығарды. Белгілі бір тілдегі әріптерді Брайль қарпіне аударатын кесте дайын болғаннан кейін, бұл бағдарлама мәтінді сол тілдегі Брайль қарпінде жазады. Сондай-ақ ол әдебиеттерді зағип кісілерге оқуға ыңғайлы болатындай етіп жасайды. Автоматты түрдегі бұл өңдеу әдебиеттерді, оның ішінде Киелі кітапты да, Брайль қарпі бар кез келген тілде, тіпті латын қарпі қолданылмайтын тілде, шығаруға мүмкіндік береді.

Осыған дейін конгрестерде жаңа басылым жарық көргенде, тыңдаушыларға Брайль қарпіндегі жаңа әдебиетке кейінірек тапсырыс беруге болатыны хабарланатын. 2011 жылы Құрама Штаттардағы филиал қауымдардағы зағип адамдардан қай конгреске баратындарын және әдебиеттерді қандай түрде (бедерлі нүктелі түрінде, тасымалды құрылғыға не экраннан оқу бағдарламасына арналған электронды түрде) алғылары келетіндерін сұрастырды.

Зағиптар қатысқан облыстық конгрестерге бедерлі нүктелі қаріппен жазылған әдебиеттер жіберілді. Осының арқасында олар жаңа әдебиеттерді басқалармен бір уақытта алды. Электронды түрін алғысы келгендерге әдебиеттер конгрестен кейінгі аптада ғаламтор арқылы жіберілді.

Зағип бір әйел бауырлас былай дейді: “Әдебиеттерді басқалармен бірге алу мен үшін үлкен мәртебе болды. Забур 36:4-те Ехоба жүрек қалауын орындайтыны айтылған. Осы аптада ол менің қалауымды орындады!” Ал басқа зағип бауырлас көзіне жас алып былай деді: “Осындай қамқорлық көрсеткені үшін Ехобаға көп рақмет!”

Мыңдаған адам оқу мен жазуды үйренді

2011 жылы Ехоба куәгерлері 5700-ден астам адамға сауат ашуға көмектесті. Кейбір елдерде бұл істің қалай жүргізілгені туралы төменде жазылған:

Гана. Соңғы 25 жылдың ішінде біз 9000-нан аса адамға оқу мен жазуды үйреттік.

Замбияда өткен сауат ашу сабағы

Мозамбик. Соңғы он бес жылдан аса уақытта 19000-нан астам адам оқуды үйренді. Сол мектепте тәлім алған Фелизарда бауырлас былай деді: “Енді басқаларға Киелі кітаптан тармақ оқып бере алатыныма қатты қуанамын. Бұрын бұл мен үшін сондай қиын болатын”.

Соломон аралдары. Филиалдағы бауырластар былай деп жазды: “Бұрын оқшау аймақтарда тұратындардың мектепке баруға мүмкіндіктері болмаған. Оның үстіне қыз балалардың көбісі мектепте білім алмайтын. Сондықтан сауат ашу сабақтары әсіресе әйел адамдарға зор пайдасын тигізді. Бұл сабақтар аяқталған соң, көп адамда өздеріне деген сенімділік пайда болды”.

Замбия. 2002 жылдан бері 12 000-ға жуық адамның оқу мен жазу қабілеттері жақсарды. 82 жасар Агнэс бауырлас былай дейді: “Конгресте сауат ашуға көмектесетін сыныптардың ашылғаны хабарланғанда, мен оған қуана-қуана жазылдым. Бірінші сабақта мен өз атымды жазуды үйрендім!”

Мадақтау әндері көп тілде шырқалуда

Ехоба куәгерлері Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді 600-ге жуық тілге аударады. 135 әннен тұратын ән кітапшасын толығымен аудару оңай іс емес. Десе де үш жылдың ішінде “Ехобаға ән шырқайық” деген жаңа ән кітапша 116 тілге тәржімеленді. Ал 55 әннен тұратын нұсқасы 55 тілге аударылды. Сондай-ақ басқа да көптеген тілге аудару жұмысы басталып қойды.

Соломон аралдары. Бауырластар пиджин-инглиш тілінде ән шырқауда

[25-беттегі сурет]

Ән кітапшасын аударатындардың басты мақсаты — әннің сөздерін әдемі де мағыналы әрі есте қалатындай етіп жеткізу. Сондай-ақ адам мадақтау әндеріндегі әрбір тіркестің мән-мақсатын бірден ұғып алу үшін олардың қарапайым болғаны абзал. Қандай тілде болмасын, әннің сөздері мен әуені өлеңді айтып тұрған адам өзі шығарғандай, бір-бірімен үйлесім тауып, төгіліп айтылу керек.

Бұл мақсатқа қалай қол жеткізілуде? Аудармашылар әннің сөздерін ағылшын тілінен сөзбе-сөз аудара салмайды, қайта, түпнұсқадағы маңызды ойды жеткізетіндей жаңа өлең жолдарын жазады. Олар әр әннің астарында жатқан Жазбаларға негізделген ойды барынша сақтап қалуға тырысады және түсінуге жеңіл, есте сақталатын жалпыға таныс тіркестерді қолданады.

Біріншіден, ағылшын тіліндегі әннің тікелей аудармасы жасалады. Сосын өлең жазуға қабілеті бар Куәгер аударылған мәтінді сәнді де мәнді өлең жолдарына айналдырады. Аударма тобы мен түзетушілер өлеңді тексеріп, жазба орындарының Киелі кітаптағы шындықты тура ашатынына көз жеткізеді. Ән кітапшамызды аудару үлкен еңбекті талап етсе де, төрткүл дүниедегі Ехоба куәгерлері ана тілдерінде мадақтау әндерін шырқағанда зор қуанышқа бөленеді.

Шалғай аймақтағы аударма кеңселері

Аян кітабында біздің күндеріміздегі майланған мәсіхшілер адамдарды “өмір суын” тегін алуға шақыратыны пайғамбарлық етілген (Аян 22:17). Бұл шақыру “әрбір... халықтан, тілден шыққан” адамдардың бәріне де қатысты (Аян 7:9). Осы күнге дейін көп аудармашылар өз филиалдарында қызмет ететін. Алайда өздері аударатын тілде сөйлейтіндер елдің басқа аймағында тұратын. Бұл оларға өз тілдерін әрдайым дамытып отыруға және оқырмандардың жүрегіне жететіндей етіп аударуға қиындық тудыратын. Қазір аударма топтарының көбісі өздері аударатын тілде сөйлейтін аймаққа көшірілді. Осы өзгеріс олар үшін көп бата әкелді. Аудармашылардың келесідей лебіздері соның айқын дәлелі.

Мексикадағы майя тілінің аудармашысы: “Мен өзімді туған топырағына, табиғи ортасына қайта отырғызылған өсімдіктей сезіндім”,— дейді. Оңтүстік Ресейде қызмет ететін аудармашы болса былай дейді: “Өз тіліңде сөйлейтін аймақтағы кеңседе отырып қызмет ету — аудармашылар үшін нағыз жұмақ. Теледидарда, кітаптарда және ғаламторда қолданылатын тіл адамдардың күнделікті өмірде қолданатын тілінен өзгеше. Сондықтан адамдардың қалай сөйлейтіндерін есту аударманың табиғи шығуына зор септігін тигізеді”.

“Мен өзімді туған топырағына, табиғи ортасына қайта отырғызылған өсімдіктей сезіндім”

Конгодағы чилуба аудармашысы былай дейді: “Күн сайынғы тірліктерімізбен айналысқанда, мысалы дүкенге барғанда, көршілерімізбен сөйлескенде және уағызға не қауым кездесулеріне барғанда, өз тілімізде сөйлейміз. Біз аударғанымызды өзіміз зерттейміз және чилуба тіліндегі әдебиеттерді қызметте қолданамыз. Соның арқасында аудармашылар қолданған тілді адамдардың қалай түсінетінін біле аламыз”.

Угандадағы олуконзо тілінің аудармашысы былай дейді: “Біз сөйлейтін және аударатын тілде жүргізілетін қауым кездесулеріне бару — бір ғанибет! Ал өзіміздің ана тілімізде сөйлейтін адамдарға уағыздау қызметтен көп қуаныш алуға көмектеседі”.

[27-беттегі карта]

Сондай-ақ аудармашылар қызмет ететін жергілікті қауымдар да мұның көп батасын көре алады. Майя тілінің аудармашылары туралы бір әйел бауырлас былай дейді: “Аудармашылардың сөздері бізге жігер береді және олар біз үшін керемет үлгі болып табылады. Бетелдің бір бөлігі бізбен бірге сияқты, бұл бір ерекше жайт”.

Кисумудағы (Кения) луо тілінің аударма тобы

Мұндай өзгеріс аудармашыларды да жігерге бөледі. Кениядағы аудармашы былай дейді: “Лао тілінде шыққан әдебиеттер өте аз болғандықтан, бұл жердегі адамдар өздерінің ана тілінде мұндай сапалы әдебиеттер көреміз деп ойламаған да. Сондықтан олар әдебиеттерді қуана-қуана алады. Ал мұны көру маған жігер береді. Сондай-ақ бұл аударма ісіндегі қызметімді әрі қарай да атқара беруге және қолымнан келгеннің бәрін істеуге талпындырады”.

Осы аудармашылардың көбісі жылдар бойы, тіпті ондаған жыл бойы филиалда қызмет етіп келді. Олардың Ехобаның қойларының мүддесін өздерінікінен жоғары қоюға деген ықыластары мен жалындаған рухтары мақтауға тұрарлық. Ехоба да олардың мұндай қызметтеріне батасын төгетіні сөзсіз. Оңтүстік Африкада қызмет ететін Хосе есімді аудармашы көпшіліктің сезінген қуанышын білдіріп былай деді: “Аударма кеңселерін ұйымдастыру — Басқарушы кеңес қабылдаған керемет шешім. Біз Бетелде қызмет еткенде қуанышты болатынбыз, ал аударма кеңселеріне көшкенде одан бетер қуанышты болдық”.

Жаңалықтар Дүниежүзінен келген хабар

“Бауырластар бізге қамқорлық көрсетті”

2012 жылдың 3 маусымында, жексенбі күні Нигерияда қайғылы әуе апаты орын алды. 153 жолаушысы бар ұшақ Нигерияның Лагос деген үлкен қаласының шет жағындағы халық шоғырланған жерге келіп құлады. Оның ішінде болған адамдардың бәрі мерт болды. Сондай-ақ ұшақ құлаған маңда қанша адам қаза тапқаны да белгісіз.

Нигерия, Лагос. Ұшақ апатынан кейін

Коллинз Эвей мен оның отбасы үш қабатты үйдің соңғы қабатында тұратын. Құлаған ұшақ тура солардың үйін қиратып өтті. Осы апат болып жатқан кезде олар Патшалық сарайындағы қауым кездесуінде отырған еді.

Күндізгі сағат 3:35-тің кездерінде “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуінде отырған Коллинз бен оның әйелі Чиниере ұялы телефондарына бірнеше рет қоңырау шалынғанын байқады, алайда жауап бермеді. Көп ұзамай қауым аяқталған соң, Чиниере қоңырауға жауап берді. Көршілері оған үйінің жанып жатқанын айтты. Сол жерге жеткенде Эвейлер құлаған ұшақты көреді. Ұшақ олардың үйлерін қиратып барып, келесі үйдің жанына құлап, сол жерде өртке ораныпты.

Чиниере былай дейді: “Егер біз үйде болғанда, әрине, тірі қалмас едік. Апаттан кейін бізде қауымға киіп барған киімдерімізден басқа ештеңеміз қалмады, алайда, ең бастысы, жанымыз аман қалды. Аудандық бақылаушы бірден көмек көрсету комитетін құрды және бауырластар бізге қамқорлық көрсетті. Біз оларға дән ризамыз”.

Ал Коллинз былай дейді: “Менің Куәгер болғаныма қарсылық еткен туыстарым өз ойларын өзгертті. Олардың бірі былай деді: “Сендердің Ехоба Құдайларың дұғаларыңды естіді. Оған қызмет етуді доғармаңдар, себебі ол сендерге көмектесіп жатыр”. Ал басқа бір кісі: “Құдайға деген қызметтеріңде не істесеңдер де, оны әрі қарай да шын жүректен істей беріңдер”,— деді. Біз осы оқиғадан Ехобаның қамқорлығын көрдік. Мен сондай бақыттымын”.

Парламент діни тіркеуден өткізуді мақұлдады

Венгрия, Будапешт. Бауырластар туристер кездесетін жердің бәрінде куәлік етеді

2012 жылы 27 ақпанда Венгрия үкіметі Дін туралы Заңға өзгеріс енгізіп, Ехоба куәгерлерін тіркелген діни бірлестік ретінде мойындады. Бұл заңды статус Венгрияда ізгі хабардың таратылуында үлкен көмек болмақ. Сондай-ақ Ехоба куәгерлеріне салық төлемеуге, ерікті садақалар алуға және түрмелер мен ауруханаларда Киелі кітап хабарымен бөлісуге мүмкіндік береді.

Ерекше өткен Еске алу кеші

Намибияның Ранду қаласына жақын орналасқан ауылда Еске алу кешіне қатысқан арнайы ізашар сол кездесу жайлы баяндап берді. Ауылда қызығушылық танытқандар болғандықтан, бауырластар Еске алу кешін бірінші рет жергілікті руманио тілінде өткізуді шешті. Арнайы ізашар былай деп жазып жіберіпті: “Ашық аспан астында өткен кездесудің орны өте әдемі болды: толған ай, май шамдар мен батареямен істейтін екі шам айналаны жарық етіп тұрды”. Бұл келушілерді Ехобаға жақындата түсті. Осы аймақта наурыз айынан бастап бір ғана жариялаушы уағыздаса да, Еске алу кешіне 275 адам келді!

Филиалдардың бағышталуы Ехобаны даңқтауда

Орталық Африка Республикасы мен Чад еліндегі Ехобаның ұйымының тарихында 2011 жылдың 19 қарашасы ерекше орын алды. Бұл күні Орталық Африка Республикасында жаңадан соғылып біткен Бетел ғимараттарының алдында 269 бауырлас жиналды. Құдайға деген қызметте қолданылатын жаңа Бетел ғимараттарын Ехобаға бағыштау үшін Басқарушы кеңестің мүшесі Сэмюэл Хердтің келгені бір ғанибет болды. Бағдарлама барысында Орталық Африка Республикасында 1947 жылы, ал Чад елінде 1959 жылы басталған уағыздау ісінің тарихы баяндалды. Содан кейінгі баяндамада ғимараттардың құрылысы қалай жүргізілгені және аяқталғаны жайлы егжей-тегжейлі айтылды. Көптеген елден жолданған сәлемдерді қабылдаған соң, тыңдаушылар Херд бауырластың бағышталуға арналған баяндамасын тыңдады. Бетел отбасының 42 мүшесі сегіз аударма кеңсесі, кір жуатын бөлме, асүй мен асхана сияқты қажетті бөлмелердің соғылғанына қатты риза болды. 22 жатын бөлмеге қоса, қабылдау бөлмесі, администрация және жөнелту бөлімдері бар Бетел отбасы аянбай еңбек ете алады.

Бұл Конгода алғаш рет өткен филиалдың бағышталуы еді

Джексон бауырлас Киншасада (Конго) бағышталуға арналған баяндама айтты

Сенбі, 2012 жылдың мамыр айының 26-шы жұлдызында Конгодағы (Киншаса) Ехоба куәгерлері үшін тарихи оқиға орын алды. Сегіз жыл бойы жүргізілген құрылыс және жөндеу жұмыстарынан кейін филиал ғимараттарының бағышталу салтанаты өтті. Бұл өте ерекше оқиға болды. Өйткені елде филиалдың бар болғанына шамамен 50 жылдай уақыт өтсе де, бұл Конгода өткен алғашқы бағышталуға арналған бағдарлама еді. Басқарушы кеңестен келген Джеффри Джексон бауырлас бағышталуға арналған баяндамасын Бетел аумағында жиналған 2422 адамның алдында айтты. Тыңдаушылардың көпшілігі 40 жылдан астам уақыт бұрын шомылдыру рәсімінен өткен бауырластар еді. Бұл кездесуге 23 елден 117 қонақ келді. Конгода көп жыл бойы қызмет еткен миссионерлер тыңдаушылармен жігерлендірерлік оқиғаларымен бөлісті. Барлығының да бұл ғимараттарды Ехобаға қызмет ету үшін қолдануға қуаныштары мен ықыластары зор болды.

Заң мәселелері жөніндегі есеп

2011 жылдың 30 маусымында Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот (АҚЕС) Франция еліндегі Ехоба куәгерлерінің құқығы бұзылды деген қаулы қабылдады. Өйткені Франция үкіметі Ехоба куәгерлеріне 1993—1996 жылдар аралығында жасалған ерікті садақаға 60 пайыздық салық салды. Сот екі жақты да мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды. Алайда үкімет жоғары көлемде салынған салық заңға қайшы емес деп, райынан қайтпағандықтан, бейбіт келісімге келу мүмкін болмады. Содан 2012 жылдың 5 шілдесінде АҚЕС Франция үкіметіне салықтың “барлық салдарын” жоюды бұйырды. Сөйтіп, үкімет салық салынғанда тәркіленген 4590295 евро (5749440 АҚШ доллары) ақшаны қайтарумен қоса (сондай-ақ ақшаны тәркілеген уақыттан бастап қосылған өсімақы бар), сот шығынын өтеуге кеткен 55 000 евроны (68890 АҚШ доллары) Куәгерлерге төлеу керек болды.

Эритреядағы Ехобаның адал қызметшілері бейтараптық сақтағандары үшін азаматтықтарынан айырылуда (Ишая 2:4). Соңғы 17 жылда көп Куәгер қамауға алынды. Қазіргі уақытта 50 шақты ер және әйел бауырласымыз, оның ішінде қарт әйел бауырластар да, балалар да, тіпті екі жасар бүлдіршіндер де түрмеде отыр. Өкінішке қарай, 2011 жылдың шілде айында Мисгина Гебретинсае бауырлас Эритреядағы түрмеде қайтыс болған бірінші Куәгер болды. Ол қайтыс болар алдында оңаша қамауға алынып, бір апта бойы темір контейнерде отырған болатын. Кейін ол “беймәлім” себеппен қайтыс болды деп мәлімделді. Біздің бейбітсүйгіш болмысымыз бен бейтараптықты ұстанғанымыз Эритрея үкіметіне деген құрметімізді еш кемітпейтінін түсіндіру үшін бауырластар билік басындағылармен кездесуге талмай күш салуда.

Үндістан. Бауырластарымыздың бірі абақтыға алынар алдында сот ғимаратының алдында тұр

Үндістандағы Ехоба куәгерлері уағыздау кезінде топ болып қатыгездік көрсететіндерден әлі де жапа шегуде. Ерлер мен әйелдерге, кішкентай балаларға, тіпті 60 жасар әжей мен бір жарым жасар сәбиге де, қорлық сөздер айтылып, күш көрсетілген. Кейбірін шешіндіріп тастаған және өліммен қорқытқан. Ал полиция қызметкерлерінің бұған қол қусырып отырғандары мен алалаушылық танытқандары Ехоба куәгерлерінің жағдайын одан бетер қиындатты. Қорлық көрсетушілерді жауапқа тартудың орнына, олар Куәгерлерге жалған қылмыстық айып тағып, қамауға алған. Жиі сот ісі қарастырылғанға дейін тұтқындалғандардан бостандыққа шығу үшін кепілге үлкен сомада ақша талап етеді әрі полицейлер оларды сөзбен қорлап, жәбірлейді және медициналық көмек көрсетпей, ас-сусыз қалдырады. Бұдан кейін, олар ақталып шыққанша жылдар бойы соттан көз ашпайды. Сондықтан бауырластарымызға көмегі тиер деген үмітпен Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссияға бірнеше рет адам құқығының бұзылғаны жөнінде шағым жазылды.

Түркия. Фети Демирташ бауырлас басынан өткерген қиындықтарға қарамастан, әрі қарай да құлшыныспен уағыздауда

2011 жылдың қараша айында АҚЕС Түркия үкіметі Юнус Ерчептің ар-ұждан бостандығына шек қойды деген шешімге келді. Ехоба куәгері болып табылатын Юнус Ерчеп діни көзқарасының негізінде әскерге барудан бас тартқаны үшін сотталып, қамауға алынған болатын. 1998 жылдан бері Ерчеп бауырлас әскери борышын өтеуге 39 рет шақырылған және 30-дан астам рет сотқа тартылған. Ерчеп бауырласқа айыппұл салумен қатар, оны түрмеге қамаған. Сондай-ақ ол “діни паранойяға ұшыраған” деп психиатриялық ауруханаға жатқызылған.

2004 жылдың қазан айында Ерчеп бауырлас АҚЕС-ке арыз жазды. Сот өз шешімінде “арыз беруші, Ехоба куәгері ретінде, әскерге барудан өз пайдасы не ыңғайы үшін емес, берік ұстанатын діни көзқарасының негізінде бас тартқанын” айтты.

Түркиядағы тағы бір Ехоба куәгері Фети Демирташ 2005 жылы әскерге шақырылып, оған барудан бас тартқан болатын. Ол тұтқындалып, соққыға жығылды және қуғындалды. Сондай-ақ 554 күнге түрмеге қамалып, 2007 жылы ғана бостандыққа шықты. Демирташ бауырлас Киелі кітапқа негізделген нанымдарынан бас тартпағандықтан, оған психикалық ауруы бар деген нақтама қойылмақ болған. Түркияға қарсы шешімінде АҚЕС Демирташ бауырластың Түркияның билігі тарапынан адам төзгісіз қиянат көргенін және оның ар-ұждан бостандығы аяқ асты етілгенін мәлімдеді.

АҚЕС-тің шығарған бұл екі шешімі 2011 жылдың шілде айында (“Баятян Арменияға қарсы”) қабылданған елеулі шешімге ұқсас болды. Ол шешімде АҚЕС-тің ең жоғарғы Палатасы Еуропалық Конвенцияның діни көзқарастың негізінде әскерге барудан бас тартатындардың құқығын қорғайтынын жария етті. Бұл сот қаулысы Еуропа Кеңесіне кіретін барлық елдерге, оның ішінде Түркияға да, қатысы бар.

Сондай-ақ “Букаратян Арменияға қарсы” және “Цатурян Арменияға қарсы” деген сот істерінде де діни көзқарасының негізінде әскерге барудан бас тартқан бұл екі Ехоба куәгерінің діни бостандығы шектелгенін айтып, АҚЕС тағы да Арменияға қарсы шешім қабылдады. Осы шешімдерді мәлімдеу барысында Сот “Баятян Арменияға қарсы” ісі бойынша қабылданған елеулі сот шешімін айтып өтті.

Десе де Арменияға қарсы қабылданған осы маңызды шешімдерге қарамастан, үкімет діни көзқарасының негізінде әскерге барудан бас тартқандарды қуғындауды, айып тағуды және қамауға алуды доғарар емес. 2012 жылдың наурызында үкіметтің қолдауымен “Баламалы қызмет туралы” заңға енгізілген түзетулер парламенттің қарауынан өтуі тиіс. Енді Армения үкіметі АҚЕС-тің қабылдаған шешімдерін жүзеге асырып, діни көзқарасының негізінде әскери қызметтен бас тартқандар ретінде қамауға алынған ер бауырластарымызды босатады деген үміттеміз.

Әзірбайжан билігі Ехоба куәгерлеріне қысым жасауын жалғастыруда. Олар бауырластар діни жиналыстар өтіп жатқан кезде баса көктеп кіріп, оларды тұтқындап, әдебиеттерді сараптамадан өткізіп, шетелден келгендерді елдеріне қайтарып жіберді. Полиция қызметкерлері Куәгерлерді сөздерімен қорлап, жәбір көрсетті. Сондай-ақ үкімет тіркеудің күшін жойып жіберуі де мүмкін еді. Діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі мемлекеттік бөлім Ехоба куәгерлерінің қайта тіркеуден өткізу туралы өтініштерін қабылдамады. Сондықтан полицейлер Куәгерлердің бейбіт түрде өтіп жатқан жиналыстарын қайта-қайта бұзып, уағыз ісіне кедергі жасап, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді елге кіргізуге және таратуға шектеу қойды. Сот Ехоба куәгерлеріне әдебиеттер таратқаны және діни жиналыстарға барғаны үшін үлкен айыппұл салған. Мысалы, бір әйел бауырласқа Ганджа қаласында өткен жиналысқа барғаны үшін 1909 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынған. Осындай әрекеттер Адам құқықтары туралы Еуропалық конвенция кепілдік берген еркін түрде ғибадат ету құқығын бұзатындықтан, Әзірбайжандағы Ехоба куәгерлерін жәбірлеу мен қуғындауды тоқтату мақсатымен АҚЕС-ке көптеген арыздар жіберілді.

Ресейдің түрлі жерлеріндегі құқық қорғау органдары Ехоба куәгерлерінің мазаларын алып, қуғындауларын тоқтатар емес. Сондай-ақ олар сот өкілдеріне қысым көрсетіп, Куәгерлерді атқарып жүрген қызметтері үшін соттатуға тырысады. Көпшіліктің сынына ұшыраған экстремизм туралы заңға негіздеп, Ресей соты Ехоба куәгерлерінің кем дегенде 64 әдебиетін экстремистік деп жариялады. Жақында прокурор “Ұлы Ұстаздан үйренейік” деген Иса Мәсіх туралы балаларға арналған кітапты экстремистік деп жариялануын талап етті. Сондай-ақ сот Ресейдің көп бөліктерінде Ехоба куәгерлерінің ресми веб-сайтын жауып тастаған. Олар құқық қорғау органдарына қауым мүшелерін жасырын бақылаумен қатар, бейнебақылау жүргізуге және поштамен жіберілген хаттарын құпия түрде оқуға рұқсат берген. Сондықтан полицейлер Куәгер көршілерін жақтырмайтын үй тұрғындарына үнемі сұрақтар қойып, Куәгерлердің үйлерін тінтіп, әдебиеттері мен жеке заттарын тәркілейді. Ал Куәгерлерді көліктерінен, көшеде жүрген не пойыздан түскен жерлерінен тұтқындайды. Полиция қызметкерлері қауым кездесулерін бұзып, ақсақалдарды қауымдағы рухани бақташылық істері үшін қуғындаған. Ал кейбір аймақтарда прокурорлар соттың Ехоба куәгерлерінің жергілікті діни ұйымдарын тарату туралы бұйрығына қол жеткізу үшін тырысып бағуда.

2012 жылдың мамыр айында Таганрог қаласындағы 17 Куәгерге сенімдерімен бөліскендеріне бола қылмыстық әрекет ұйымдастырып, оған қатысты деген айып тағылды. Экстремистік деген күдікпен 2009 жылы осы аймақта соттың бұйрығымен Ехоба куәгерлерінің жергілікті діни ұйымдарын таратылып, Патшалық сарайы тәркіленді. Патшалық сарайын қолдана алмағандықтан, Куәгерлер жеке үйлерде не жалға алынған ғимараттарда жиналып тұрған. Алайда бүгінде билік органдары елдегі бірлесіп ғибадат етуді біржола тоқтатуға тырысуда. 2012 жылдың шілдесінде Сібірдің Чита қаласындағы ізашар ерлі-зайыптыларға сенімдерімен бөліскен кезде экстремистік әдебиет деп табылған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабын таратып, басқаларды жеккөрушілікке үйретіп жүр деген айып тағылды. Олардың әрқайсысына жаза ретінде 200 сағаттан мәжбүрлеме еңбек ету үкімі шығарылды. Бірақ олар бұл шешімге қатысты шағым беруде.

АҚЕС Ресейге қарсы екі сот ісінде (2007 жылы “Кузнецов пен басқалар Ресейге қарсы” және 2010 жылы “Мәскеудегі Ехоба куәгерлері Ресейге қарсы”) Ехоба куәгерлерінің жеңіске жеткенін жарияласа да, Ресей билігі бұл беделді соттың шешіміне немқұрайдылықпен қарауда. Сондықтан Ресей билігі Ехобаның халқын қуғындауын тоқтатып, оларға “Құдайға шын беріліп, салиқалы болып, тыныш та бейбіт өмір сүруге” мүмкіндік берер деген үмітпен Ехоба куәгерлері АҚЕС-тің қарастыруына тағы 19 арыз жазып жіберген (Тім. 1-х. 2:2).

Оңтүстік Кореяда жас ер бауырластар мәсіхшілік бейтараптық сақтағандары үшін әлі де түрмеге жабылуда. Ай сайын шамамен 45 жас ер бауырлас сотталып, бір жарым жылға түрмеге қамалуда. Нәтижесінде, қазіргі уақытта Кореяда 750-ге жуық ер бауырлас бас бостандығынан айырылған. Бұл дүниежүзіндегі басқа елдерге қарағанда сенімі үшін қамауға алынған ең көп Куәгер саны болып табылады. 1950 жылдан бастап шамамен 17 000 Ехоба куәгері, жалпы алғанда, 32 000 жылдан аса уақытын түрмеде өткізген.

2012 жылы билік басындағылар діни көзқарасының негізінде әскерге барудан бас тартқандарға қысым көрсетуді күшейтті. Бұл елде резервтегі ер адамдар әскерге баратын жастан өтіп кетсе де, белгілі бір уақытқа әскери дайындықтан өтуге шақырылып тұрады. Осыған дейін резервте тұратын мұндай қызметшілер әскери дайындықтан өтуден бас тартса, оларға тек айыппұл салынатын. Ал енді олар бұл үшін түрмеге жабылатын болды. Жылдар барысында мұндай шақырулар бірнеше рет болатындықтан, резервтік әскери міндетті орындаудан бас тартатындар бірнеше рет сот ісіне тартылатын болады. Мысалы, осы себеппен 2011 жылдың қараша айында Сан Хоу Джунгке сегіз айға қамауға алынуға үкім шығарылған болатын. Кейін 2012 жылдың маусымында ол қайтадан сотталып, бұл жолы оны алты айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Ол екінші сот ісінен кейін бірден қамауға алынды және 29 күннен кейін кепілге ақша төлеп шығарылды. Қазір ол екінші үкімге қатысты жазған шағымының жауабын күтуде. Шағымы қанағаттандырылмаған жағдайда ол 14 айға түрмеге қамалатын болады.

Оңтүстік Кореяда ай сайын 45-ке жуық жас ер бауырлас сотталып, бір жарым жылға қамауға алынады

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті бірнеше рет Оңтүстік Кореяны адамның ар-ұждан бостандығына деген құқығын бұзғаны үшін айыптаған болатын. Осы комитетке және Оңтүстік Кореяның конституциялық сотына мәселені шешу үшін жаңадан жіберілген арыздардың жауабы күтілуде.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу