Дүниежүзі бойынша уағыздау және тәлім беруМэн, АҚШ. Бауырластарымыз Исаны үлгі тұтып, “балық аулауда”
Мэн, АҚШ. Бауырластарымыз Исаны үлгі тұтып, “балық аулауда”
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕСЕП
ЕЛДЕР 239
ЖАРИЯЛАУШЫЛАР 7 782 346
ҚЫЗМЕТКЕ ЖҰМСАЛҒАН САҒАТ 1 748 697 447
ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ 8 759 988
АФРИКА
ЕЛДЕР 58
ХАЛҚЫ 968 989 710
ЖАРИЯЛАУШЫЛАР 1 312 429
ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ 2 999 639
Түсік жасатудан бас тартты
Саба есімді дүкен иесі Эфиопияның астанасы Аддис-Абебада тұрады. Бір күні екі әйел бауырлас оған түсік жасату жайлы “Ояныңдар!” журналын ұсынады. Саба оларды үйіне кіргізеді де, көзіне жас алып, түсік жасату ойы болғанын айтады. Бұл жайында әңгімелесіп отырғанда қатты толқып кеткендері сонша — үшеуі де көз жастарына ерік беріп, жылап алады. Сол күні Саба баласын алдыртпауды шешіп, күйеуіне бұл шешімінен не себепті айнымайтынын түсіндіреді. Уақыты жеткенде ол дүниеге сүйкімді қыз әкеледі. Ол да өсе келе Киелі кітапты зерттеп, кейіннен шомылдыру рәсімінен өтеді. Қазір қызы — ізашар. Сабаның күйеуі де Киелі кітапты зерттей бастап, біздің бауырласымыз болды. Ал 2012 жылдың сәуір айында олардың тағы екі баласы шомылдыру рәсімінен өтті.
“Онымен сөйлессек бола ма?”
Каоколэнд, Намибия. Зерттеуге арналған қосымша құралдар барлық жастағы адамдарды қызықтырады. “Құдайды тыңдаңыз, сонда мәңгі жасайсыз” кітапшасы бүгінде 452 тілде бар
Эфиопияда қызмет ететін аудандық бақылаушы бір ер бауырласпен үйме-үй уағыздап жүреді. Кезекті үйден бір қызметші әйел шыққанда, олар үйдің ер адамын шақыруды өтінеді. Әйел мұның мүмкін еместігін айтқанда, бауырластар үй иесіне әдебиет қалдырып кетуге ықылас білдіреді. Сонда қызметші әйел үй иесінің рұқсатын алу үшін үйге кіріп кетеді де, қайтып келіп, үй иесінің алдымен әдебиетті көргісі келетінін жеткізеді.
Содан әлгі әйел бір журнал алады да, бірнеше минуттан соң оралып, үй иесінің оны оқып шығуды қалайтынын айтады. Сонда бауырластардың бірі: “Ол кісі сыртқа шыға алмаса, үйге кіріп, онымен сөйлессек бола ма?”— деп сұрайды. Қызметші әйел үй иесінен сұрау үшін қайтадан ішке кіріп кетеді. Бұл жолы іште ұзақ кідіргені сонша — бауырластар ол енді шықпайтын шығар деп ойлайды. Ақыры әлгі әйел шығып, екеуін ішке кіргізеді. Сөйтсе, үй иесі Иргу он жылдан бері төсек тартып, тұра алмақ түгілі отыра алмайтын қарт кісі екен. Қызметші әйелдің кешіккен себебі: оған киінуге көмектесіп, бөлмені жинастырыпты.
Иргу ізгі хабарды қуана тыңдап, Киелі кітапты зерттеуге келіседі. Уақыт өте келе оның беті бері қарап, денсаулығы жақсарады. Иргу төсегінен тұрып, мүгедектер арбасымен әрі-бері жүре алатын болады. Тағы біраз уақыттан соң ол кездесулерге бара бастап, соңғы облыстық конгресте шомылдыру рәсімінен өтті.
Әкесінен қалған кітаптар
Зимбабведе тұратын Кэлвиннің әкесі қайтыс болғанда, ол небәрі төрт жаста еді. Әкесі өлер алдында оған “Жаңа дүние аудармасы” мен “Ишаяның пайғамбарлығы — бүкіл адамзат үшін нұр” деген кітаптың 1-томы салынған бір дорбаны табыстайды. Ол ұлына: “Осы кітаптарды шығарған шіркеуді тауып ал. Өйткені шындық сол жерде”,— деп айтып кетеді.
Кейіннен анасы да дүниеден өткенде, Кэлвинді әжесі қолына алады. Ол тоғыз жыл бойы әжесінің шіркеуіне баруға келіспей, әкесінен қалған кітаптарды шығарған “шіркеуді” күндердің күнінде бәрібір тауып алатынын айтады.
Күндердің күнінде әжесі біздің бір әйел бауырласты кезіктіреді. Әжесі оның Куәгер екенін білмей, өзі барып жүрген шіркеуге барғысы келмейтін бір қырсық немересі бар екенін бауырласқа айтады. Немересі жексенбі күндері үйде қалып, әкесінен қалған кітаптарды оқитын. Бауырласымыз кітаптың қалай аталатынын сұрағанда, ол: “Күзет мұнарасының біртүрлі кітаптары сияқты”,— деп жауап береді.
Әйел бауырласымыз сол жігітпен көріскісі келетінін айтады. Бауырласымызды көргенде, қуаныштан Кэлвиннің төбесі көкке жетеді. Сөйтіп, сол мезетте “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымымен зерттеу сабағын бастап кетеді. Әжесінің қарсылығына қарамастан, қауым кездесулеріне де бара бастайды. Ол шындықтан айырылмауға белді бекем буып, ата-анасымен қауышатын қайта тірілу күнін асыға күтуде. Кэлвин 2012 жылдың тамыз айында шомылдыру рәсімінен өтті.
“Қызмет етіп жүрген Құдайың расында да күшті екен”
Каро Угандада тұрады. Киелі кітапты зерттей бастағаннан бір ай өткенде, сиқыршылықпен айналысатын Мартин есімді күйеуі оған қатты қарсылық көрсетіп: “Сенің кітаптарыңның кесірінен үйге ата-бабамыздың аруағы кірмейтін болды!”— дейтін. Ол Кароны ұрып-соғып, Киелі кітапты зерттеуін доғармаса, өлтіретінін айтып сес көрсетеді. Мартин тіпті отбасын асырауды да қояды. Әйтсе де Каро сабырлық сақтап, өзі еккен бақшаның арқасында отбасын тамақтандырады, тура білім алуды да тоқтатпайды. Кейіннен өміріне шынымен қауіп төнгендіктен, үйден кетуге мәжбүр болады. Күн көру Кароға оңайға соқпаса да, балаларының ауырып қалғанын естігенде, тапқан тиын-тебеніне дәрі алып, апарып береді.
Арада біраз уақыт өткен соң, Кароға күйеуі телефон шалып былай дейді: “Сенің үйге оралғаныңды қалаймын. Қызмет етіп жүрген Құдайың расында күшті екен. Оның сенімен бірге екеніне көзім жетті. Сені үйретіп жүрген кісілерге айтшы: менің де оқығым келеді. Шынымен де өмірімді өзгерткім келеді”. Бұл Мартиннің шын қалауы еді. Қазір олар бірлігі жарасқан бақытты отбасы. 2012 жылдың тамыз айындағы конгресте Мартин де, Каро да шомылдыру рәсімінен өтеді.
Шалғайда қызмет еткен жалғыз жариялаушы
Дэйвид Кениядағы үйінен алыста орналасқан қалада тұрып жүрген кезінде, Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастайды. Бірақ ол белгілі бір себептермен туған ауылы Локичарға, Кенияның солтүстік батысындағы шалғай жерге, оралады. Ең жақын қауымның өзі үйінен 165 шақырым жердегі Лодвар қаласында болатын. Дэйвид төрт жыл бойы Куәгерлермен өте сирек байланысса да, Киелі кітапты зерттеген сол бір қысқа уақытта білгендерін туыстары мен көршілеріне айта бастайды. Олардың кейбірі Киелі кітапты зерттеуге келісіп, Дэйвид бірнеше зерттеу сабағын өткізіп жүреді. 2007 жылы ол Лодвар қаласындағы ер бауырластармен байланысып, бір кездері бастаған зерттеу сабағын қайта жандандырады. Дэйвид айына екі мәрте Лодварға мотоцикл-таксимен немесе шағын автобуспен барып тұрады.
Білімі көбейген сайын, Дэйвидтің қызметтегі құлшынысы да арта түседі. Әлі шомылдыру рәсімінен өтпеген ол үйінің маңында шатырын сабаннан, дуалын балшықтан тұрғызған уақытша “Патшалық сарайында” қызығушылармен кездесулер өткізеді. Алайда Дэйвидтің уағызы барлық ауылдастарына ұнай қоймайды. Сөйтіп, олар оны екі жыл бойы келеке-мазақ етіп, оған тіпті күш көрсетеді. Бірде оған кейбір ауылдастары “Ібіліске табынуды үгіттеп жүр” деген айып тағып, қатты ұрып тастайды. Бірақ Дэйвид сол аймақтағы тәртіп сақшысының көмегіне жүгінеді. Бұдан кейін ауылдастары қудалауын тоқтатады, ал Дэйвид болса уағыздауды жалғастыра береді. Ол былай дейді: “Шындық мен үшін өте қымбат! Ешқандай қарсылық мені тоқтата алмайды”.
2009 жылы Дэйвид шомылдыру рәсімінен өтеді, ал қазір ол — қызмет көмекшісі әрі жалпы ізашар. Сол аймақта Дэйвид пен 15 жасар ұлы ғана жариялаушы болып қызмет етеді. Бірақ 2012 жылдың сәуірінде уақытша “Патшалық сарайында” өткен Еске алу кешіне шамамен 60 адам қатысады.
“Оның қателесіп тұрғанын неге Жазбалардан дәлелдемейсіз?”
Ганада тұратын Джанет есімді жалпы ізашар қоғамдық көлікке мініп, ұзақ жолды “Киелі кітап үйретеді” кітабын оқумен өткізбек болады. Көлікке бір дін уағыздаушысы мініп, уағыз айтады да, жолаушылардан садақа сұрайды. Сонда Джанет оған: “Сіз Исаны Құдай дедіңіз. Олай болса, Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, оған кім тіл қатты?”— деген сұрақ қояды.
Әлгі уағыздаушы: “Бұл — құпия”,— деп жауап береді.
Джанет “Киелі кітап үйретеді” кітабының 4-тарауын ашып, жолаушылардан сонда келтірілген бірнеше тармақты оқып берулерін өтінеді. Сосын Иса мен Құдіреті шексіз Ехоба Құдайдың екі түрлі тұлға екенін түсіндіреді.
Ал уағыздаушы болса оған: “Сен дуашысың!”— дейді.
Сонда жолаушылар: “Сіз оны дуашы дегенше, оның қателесіп тұрғанын неге Жазбалардан дәлелдемейсіз?”— деп Джанетті қорғайды. Ашуланған уағыздаушы келесі аялдамадан түсіп қалады. Джанеттің қасында отырған бір келіншек оған былай дейді: “Мен Ехоба деген Куәгерлер жиналатын шіркеудің атауы деп ойлайтынмын. Құдайдың есімі екенін жаңағы уағыздаушымен болған әңгімеден ғана түсіндім”.
Екеуі біраз әңгімелескен соң, Джанет оның телефон нөмірін алып, онымен тағы да байланысуды уәде етеді. Әлгі әйел болған жағдайды үйіндегі әжесіне де айтып береді. Құдайдың есімі Ехоба екенін біліп, әжесі де қайран қалады. Кейінірек Джанет олармен зерттеу сабағы жалғасу үшін, бауырластарды жібереді. Қазір әлгі келіншек те, әжесі де кездесулерге барып тұрады.
ОҢТҮСТІК ЖӘНЕ СОЛТҮСТІК АМЕРИКА
ЕЛДЕР 57
ХАЛҚЫ 946 087 916
ЖАРИЯЛАУШЫЛАР 3 861 145
ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ 4 196 922
Ол шындықты өзі ойламаған жерден тапты
Боливияда түрме күзетшілері 20 жасар Андрэаны абақтыға күштеп кіргізгенде, ол балағат сөздер айтып, сес көрсетеді. Қатыгез де айбынды бұл қыздың түр-әлпетінің өзі үрей туғызатын. Жалған айып тағылып, сол түрмеге қамалған Лейди есімді Ехоба куәгері болса Андрэадан қорықпайды, керісінше оған жаны ашиды. Лейдидің таңертең ән кітабымыздан дауыстап ән айтатын әдеті бар еді. Андрэа әндерінің бірін естігенде, одан: “Сен Ехоба куәгері емессің бе?”— деп сұрайды.
Перу. Бауырластар таулы аймақтағы Уткубамба жазығында фермерлерге уағыздауда
Лейди өзінің Куәгер екенін айтқанда, Андрэа: “Менің де анам — Ехоба куәгері. Бір кездері мен де онымен бірге қауымға баратынмын. Ол менімен Киелі кітапты зерттейтін еді”,— деп жылап қоя береді. Бұдан кейін екеуі бірнеше күн бойы рухани тақырыптарда сөйлеседі. Ал Андрэаның ісін тыңдау процесі таяғанда, олар Ехобаның көмегі мен басшылығын сұрап бірге дұға етеді. Андрэа бостандыққа шығып, Ехоба жайлы білім алуын жалғастырады. Ол көп ұзамай-ақ шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болды, ал қазір шомылдыру рәсімінен өтуге дайындалып жүр.
Лейди өзінің жалған айыппен қамалған уақытын құр өткізбей, бостандыққа шыққанға дейін 21 зерттеу сабағын жүргізді. Ал қазір сол адамдардың қызығушылығын арттыру үшін аптасына үш рет түрмеге барып тұрады.
Ресми сайтымыздың әсері
2011 жылдың көктем айының бір жексенбісінде Канададағы Патшалық сарайына ұқыпты киінген бір ерлі-зайыпты екі баласымен кіріп келеді. Бауырластар оларды басқа қаладан келген Ехоба куәгерлері екен деп ойлайды. Сол қауымдағы Доминик есімді қызмет көмекшісі мен әлгі отбасының отағасы бір-бірін бірден танып қояды. Доминик әлгі кісімен 17 жыл бұрын Киелі кітапты зерттеген екен. Ал соңғы 2 жыл бойы Марк-Андрэ мен Джози (ерлі-зайыптының есімдері) www.jw.org сайтымыздан “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналын жүктеп, оқып жүріпті. Олар бүкіл отбасымен бірге Патшалық сарайына бару керектігін түсініп, қауымға келген екен. Сөйтіп, олар Киелі кітапты зерттеуге келісіп, кездесулерге үзбей баратын болады. Арада небәрі 2 ай өткенде, отбасылық ғибадат кешін өткізе бастайды. Қазір олар рухани жетістіктерге жетуде. 2012 жылдың мамырында Джози теократиялық қызмет мектебінде өзінің алғашқы тапсырмасымен шықты.
“Осы бала түскі асымен бөлісті, тіпті баскиімін де берді”
2010 жылы Чилиде өткен облыстық конгресте 10 жасар Марсело бір қатарда отырған қарт кісінің ешқандай әдебиеті жоқ екенін байқап қалады.
Ол анасының құлағына: “Мына кісінің Киелі кітабы жоқ екен”,— деп сыбырлайды.
“Ендеше қолыңдағы кітапты оған да көрсетіп отыр”,— деп жауап қатады анасы. Сонда Марсело әлгі Виктор есімді кісінің қасына жайғасады да, әрбір тармақты ашып көрсетіп отырады. Ал түскі үзіліс басталғанда, анасына барып: “Мына кісінің тамағы жоқ екен”,— дейді. Анасы тамағымен бөлісуді ұсынады. Сөйтіп, Марсело әлгі кісіге сэндвич пен ыстық шай береді. Виктор жүрек жалғап алғаннан кейін, Марсело оған есінде қалған тармақтарды көрсетіп береді.
Түстен кейінгі бағдарлама басталғанда күн ысып кетеді. Марсело тағы да анасына бұрылып: “Мына кісінің бас киімі жоқ екен”,— дейді.
Анасы: “Ендеше өзіңдікін бер”,— дейді. Ол солай істейді де. Бағдарлама аяқталғанда Марсело мен Виктор бір-бірімен қоштасады.
Келесі жылдың облыстық конгресінде Марсело Виктордың келген-келмегенін білу үшін оны іздейді. Қуанышына орай, Виктор конгреске келген екен, тіпті мойнына галстук тағып алыпты. Марселоны көре сала, Виктор дауыстап былай дейді: “Мен мына жерге осы баланың арқасында келіп отырмын. Өткен жылы шақыру қағазын алып, конгреске келгенімде, осы бала маған Киелі кітабын көрсетіп отырды, түскі асымен бөлісті, тіпті баскиімін де берді. Ал қазір Киелі кітапты зерттеп жүрмін”. Бүгінде Виктор — шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы.
Тілшінің жылы лебізі
Венесуэладағы атақты тілші газет бетіне өзімен болған жағдайды жазады: бірде ол телефон компаниясының қызмет көрсету бөліміне қоңырау шалып, кеңес сұрайды. Сонда оператор дөрекі жауап беріп, әңгімені қысқа қайырады. Нәтижесінде тілшіге ешқандай көмек көрсетілмейді. Сосын екінші рет қоңырау шалғанда, өзін Мисаилмын деп таныстырған жас жігіт оны мұқият тыңдап, өтінішін тыңғылықты орындайды. Тілші өзінің мақаласында былай деп жазды: “Бұл жігіттің көрсеткен сый-құрметі, көмек беруге деген даярлығы мен қызметтесе білу қабілеті мені қатты таңғалдырды. Оның көмегімен туындаған ақауды жөндеп қана қоймай, келешекте туындауы мүмкін басқа да жағдайларда не істеу керектігін білдім”.
Тілші әйел мақтағанда, ол жігіт өзінің Ехоба куәгері екенін және Иса үйреткендей басқа адамдармен әдепті сөйлесуге тырысатынын айтады. Сонда тілші Мисаилдің бастығымен сөйлесіп, жұмысшысының керемет қызмет көрсеткенін айтып мақтайды. Жазған мақаласында Мисаилдің үлгілі азамат әрі Ехоба куәгері екенін атап өтіп, соңында: “Біздің қоғамымызда мұндай адамдар өте қажет-ақ”,— деп тамамдайды.
“Қыңыр болмаңдар!”
Мехико, Мексика. Бұл елде өткізілетін 1 000 000-нан аса зерттеу сабағының көбісі жариялаушылардың көшеде уағыздауының нәтижесінде басталған
Құлағы естімейтін 15 жасар Габриэла 2011 жылы Эквадорда болған ым тіліндегі облыстық конгресте шомылдыру рәсімінен өтіп, қуаныштан төбесі көкке жетеді. Қуанғаны сонша — дүйсенбі күні мектепке барғанда, мұғалімнен осы жайлы сыныпқа қысқаша хабарландыру айтуға рұқсат сұрайды. Мұғалімі рұқсат еткенде, Габриэла оқушылардың алдында тұрып, ым тілінде ынты-шынтысымен былай дейді: “Өткен жұма, сенбі және жексенбі күндері конгреске барғанымды және сол жерде шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болғанымды хабарлайын деген едім. Біз осы дүниенің ақыры таяп қалған уақытта өмір сүріп жатқанымызды да айтқым келеді. Уақыт өте аз қалды! Шұғыл түрде қажетті өзгерістер жасау керек. Ендеше қыңыр болмаңдар! Құдайдан қорқыңдар!” Сыныптастарына бұл естігендері қатты әсер етеді.
Дәл сол күні түскі үзіліс кезінде Габриэланың қасына бірнеше ай уағыздамай жүрген Кэтти есімді бір Куәгер келеді. Құлағы естімейтін бұл қыз конгресс жайлы сұрастырады. Габриэла оған былай деп ашық айтады: “Бұл бір керемет болды! Қазір мен шомылдыру рәсімінен өткен Куәгермін, сондықтан соңына дейін Ехобаға адал болып қалғым келеді. Сенімен бұдан былай достаса алмаймын, себебі сен Құдайға ұнамды өмір кешпейсің. Егер сенімен достаса берер болсам, бұл менің Құдаймен достық қарым-қатынасыма кері әсерін тигізеді. Сен өзгеруің қажет. Ехобаға дұға айтып, ақсақалдармен сөйлесуің керек. Мен сенің өзгерістер жасап, жақсара алатыныңа сенімдімін”. Габриэла тіке айтса да, жақсы көргендіктен берген кеңесінің арқасында Кэтти ақсақалдармен сөйлесіп, олардың рухани көмегін қабыл алды. Қазір ол қызметін қайта жандандырды.
Ол мұғалімінің компьютерін қолдана тұрды
Құрама Штаттардағы 16 жасар қыз бауырласымыздан сыныптастары өзінің нанымы жайлы айтып беруді сұрайды. Оның қолында ешқандай әдебиет, тіпті Киелі кітап та болмайды. Сыныптастарының сұрақтарына жазбаларды қолданып жауап бергісі келгендіктен, мұғалімінің тасымалы компьютерін қолдана тұруды сұрайды. Сөйтіп, www.jw.org сайтына кіріп, оқушылардың барлық сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, сайтты қалай қолдану керектігін де көрсетеді. Егер Киелі кітапқа қатысты сұрақтар туындап, бірақ қастарында ешқандай Куәгер болмаса, осы сайтқа кіріп, жауап алуға болатынын түсіндіреді. Арада бір апта өткенде, бауырласымыз сыныптастарының сұрағы азайып қалғанын байқайды. Мұның себебін сұрағанда, олар телефондары арқылы сайтқа кіріп тұратындарын айтады. Тіпті әлгі мұғалімі де солай істейді екен!
АЗИЯ МЕН ТАЯУ ШЫҒЫС
ЕЛДЕР 48
ХАЛҚЫ 4 222 869 785
ЖАРИЯЛАУШЫЛАР 674 608
ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ 662 736
Жоспарланған қақтығыстың болмауы
Жерлеу кезінде айтылатын баяндамаға бара жатқан бір топ Куәгер Индонезиядағы бір ауылдың ішімен өтеді. Араларындағы бір ізашар жолдың шетінде тұрған жасөспірімдерді көріп қалады. Қастарына барып әңгімелеседі де, “Құдайды тыңдаңыз, сонда мәңгі жасайсыз” кітапшасын қалдырып кетеді. Біраз уақыттан кейін бір әйел бауырласымыз дәл сол жолмен үйіне қайтып бара жатады. Қолына әлгі кітапшаны ұстаған бір кісі оның қасына келіп, балаларына сол кітапшаны бергені үшін алғысын білдіреді. “Бұл кітапшаның арқасында балаларым аман қалды”,— дейді ол. Алғашқы әңгімені білмеген әйел бауырласымыз не болғанын сұрайды. Әлгі кісі жасөспірімдердің бір ауылға тап бермекші болғанын айтады. Сол аймақтың салтына сай, олар бір досына жасалған қастандық үшін кек қайтармақшы болған екен. Алайда кітапшаны оқыған соң, зұлымдық жасайтындардың болашақтағы жұмақты мұра етпейтінін түсініпті. Содан ашуын басқан олар ойларынан айнып, үйлеріне қайтқан екен. Осылайша кітапшадағы хабар қауіпті қақтығыстың бетін қайтарды.
Трансвеститтің өзгеруі
Шау Кей Ван, Гонконг. Бауырластар базарда куәлік беруде
Рэк Камбоджада дәстүрлі отбасында тәрбиеленеді, бірақ кішкентай кезінен өзі де, егіз сыңары да өздерін қыз деп сезініп, қызға тән қылықтар жасайды. Олар қуыршақтармен ойнап, қыздардың киімін киюді ұнатады. Аналары бұдан қатты қысылып, не істерін білмей дал болады. Егіздер мектепке ұлдар сияқты киініп кеткенімен, мектепте қыздарша киініп алатын. 16 жастарында олар трансвеститтердің сұлулар байқауына қатысып, көңіл көтеру индустриясында көзге ілігеді. Содан олар теледидар шоулары мен комедиялық түсірілімдерге қатысады. Көп ұзамай Рэк гомосексуалдық өмір қалпына көшіп, басқа да трансвеститтермен араласа бастайды.
Рэктің анасы шіркеуге бара бастап, оны да бірге баруға көндіреді. Ол ер адамның киімін киюге келіскенімен, ұзын шашын қимай қояды. Шіркеуде пастор оның қадірін түсіретін сөздер айтып, өмір қалпын күлкі қылады. Осыған қарамастан, Рэк сол шіркеуде Киелі кітапты зерттегісі келеді. Шіркеуге бару үшін ол таң сәріде оянады да, велосипедпен бірнеше шақырым жол жүреді. Шіркеуге келгенінде, пастор кешірім сұрап, оқытқысы келмейтінін айтады. Ал келесі аптада пастор тіпті шықпай қойғанда, оның қатты көңілі қалады.
Содан, Рэк үйіне оралғанда, оның сыңары бір әйелдің келіп, тегін Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынғанын айтады. Ол әйел “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымын қалдырып кетіпті. Содан егіздер әлгі әйел бауырласпен және оның күйеуімен бірге зерттеу сабағын бастайды. Арада 6 ай өткен соң, Рэктің бауыры өмір қалпын өзгертуге дайын еместігін айтып, зерттеуді тоқтатады. Ал Рэк болса Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10-дағы сөздерден қатты әсер алып, не істеу керектігін анық түсінеді. Тыңғылықты зерттеудің, Киелі кітап оқу мен дұға етудің және қауым кездесулеріне барудың арқасында өмірін қалыпқа келтіреді. Оның анасы да зерттеу сабағын бастап, жақсы жетістіктерге жетеді. Ал Рэк шомылдыру рәсімінен өткенде, ол көзіне жас алып былай дейді: “Ұлымның ер адам болып шомылдыру рәсімінен өткенін көру мен үшін зор бақыт!” Қазір Рэк жалпы ізашар болып қызмет етеді.
Бақсының өзгеруі
Бұрындары Ория аруақтарды шақырып, көріпкелдікпен айналысатын және адамдарды емдейтін. Израильдегі Хаифа қаласында арнайы ізашар болып қызмет ететін бір ерлі-зайыпты оны үйме-үй жүргенде жолықтырады. Ория: “Егер айтатындарың Құдай жайлы болса, ішке кіріңдер!”— деп, екеуін үйіне кіргізеді. Ізашарлар үй іші аруақтармен және тылсым күшпен байланысы бар заттарға толы екенін көреді. Ория оларға бір марқұм раввиннің аруағы арқылы Құдайдан хабар алғанын айтады.
“Киелі кітап үйретеді” басылымындағы үй жағдайында зерттеу сабағын өткізу ұсынысы Орияға ұнап қалады. Осыдан небәрі екі күн бұрын ол Құдайға дұға айтып, Киелі кітапты ешқандай раввиндік түсіндірмесіз оқытуы үшін біреуді жіберуін өтінген екен. Арада бір ай өтпей жатып, ол әлгі ізашарлардан: “Осы нанымды ұстанатын басқа да адамдар бар ма?”— деп сұрайды. Сөйтіп, Ория қауым кездесуіне барады, әрі бауырластардың көрсеткен жылулығы мен сүйіспеншілігі оған қатты әсер етеді. Содан ол бірде-бір кездесуден қалмайды.
“Мені шомылдыру рәсімінен өтуге дайындауларыңа екі ай ғана қалды!”
Зерттегеніне екі ай өткенде, Ория алда болатын конгресс жайлы сұрастырып, былай дейді: “Шомылдыру рәсімінен осындай конгрестерде өтпей ме? Олай болса, мені сол рәсімнен өтуге дайындауларыңа екі ай ғана қалды!” Ол алдымен аруақтармен байланысы бар қымбат заттарының бәрін лақтырады. Сосын айналысқан кәсібін тастап, бұрындары өзіне келіп тұрған кісілердің бәріне “Киелі кітап үйретеді” кітабы мен журналдарды ұсынып, куәлік бере бастайды. Ауырып қалған жағдайда да ескі емшараларға жүгінбейді. Бақсы-балгерлікпен күн көруді тоқтатқандықтан, Ория төрт ай бойы еш кіріссіз қалады. Ол теократиялық істерге кедергі жасамайтындай — аптасына төрт күн, алты сағаттан істейтін — жұмыс табуды шешеді әрі сондай жұмысты табады да. Бұған қоса, Ория үлкен үйін сатып, жалға алған шағын үйге көшеді.
Конгресс уақыты таяғанда Ория шомылдыру рәсімінен өтуге лайықты болады, алайда бір апта қалғанда аяғын сындырып алады. Аяғы гипстеулі болса да, ол еш жүрексінбей шомылдыру рәсімінен өтеді. Қазір Ория — құлшынысты жариялаушы. Ол бұрынғы тұтынушыларына куәлік беріп, зерттеу сабақтарын өткізіп жүр.
Діни топтың мүшесі шындықты тапты
Филиппиннің таулы аймақтарында құлағы естімейтін егіздермен Киелі кітап зерттеу сабағы басталады. Бұл егіз бауырлар бойтұмар мен пәле-жаладан қорғайтын мойынорағыштары болса, ешбір қару зияндық келтірмейді деп сенетін діни топтың мүшесі болған. Олар пышақ, қылыш және тапанша іспетті қаруларды қалай қолдану керектігін үйреніп, сол таулы аймақтардағы бүлікшіл топтар арасындағы қақтығыстарға қатысып отырған. Әлгі діни топтың мүшелері егіздердің Киелі кітапты зерттеулеріне қарсы болмайды, себебі олар Куәгерлердің адамды дінін тастауға күштемейтінін білетін.
Бауырластарымыз егіздерді Киелі кітаптан білгендеріне сай өз шешімдерін қабылдауға талпындырады. Егіздердің бірі Құдайға ұнамды түрде қызмет ету үшін қажетті өзгерістер жасай алмаймын деп ойлайды. Ал екіншісі зерттеуді жалғастыра береді. Бауырласымыз оны жігерлендіру үшін Киелі кітапты ашып, ондағы сөздерді ым тілінде түсіндіреді: “Сенің Самуил деген есімің Киелі кітапта бар. Киелі кітаптағы Самуил шынайы Құдай Ехобаға өмірінің соңына дейін қызмет еткен. Сен де Ехобаға адал бола аласың”. Бұл сөздер Самуилдің жүрегіне әсер етеді. Ол: “Менің есімім Киелі кітапта бар болса, мен де Ехобаның жағына шығуым қажет қой”,— деп ойлайды. Сөйтіп, ол таулы аймақтан кететінін әлгі діни топқа айтады да, барлық бойтұмарлары мен бақсылық заттарын өртеп жібереді. Содан ол тез рухани өсе бастайды. Қазір Самуил — шомылдыру рәсімінен өткен Ехобаның қызметшісі. Ол Киелі кітаптағы шындықты басқа да саңырау адамдарға құлшыныспен уағыздап жүр.
Кішкентай баланың қарсылықтарға ұшырауы
Ерденет, Монғолия. Шалғайда тұратын әйел зерттеу сабағын өтуде
Раджив Үндістанның солтүстігіндегі бір ауылда тұрады. 9 жасында төртінші сыныпта оқитын кезінде, оның Ехоба куәгері болып табылатын мұғалімі “Ұлы Ұстаздан үйренейік” кітабын қолданып, балаларды өнегелілікке үйретіп жүреді. Раджив естігендерін жүрегіне тоқып алады да, өмірінде қолдана бастайды. Сөйтіп, әлгі мұғаліміне бұдан былай өтірік айтпайтынын, сыныптастарымен төбелесуді доғарғанын, сондай-ақ түскі үзіліс кезінде тамағын тамағы жоқ балалармен бөліскенін айтады.
“Сіз менің басымды пұтқа игізсеңіз де, жүрегімді ешқашан игізе алмайсыз”
Жұмақ жайында көбірек біле түскенде, осы ізгі хабарды ауылдағы адамдарға және пойызбен жол жүргенде кездестірген жолаушыларға айта бастайды. Бұған ата-анасы ашуланып, баласының ісі үшін жұрттан ұялатын. Олар Ехоба мен Иса жайлы айтуға тыйым салса да, Раджив уағыздауды доғармайды. Сонда ата-анасы оны таяқтап, анасы тіпті жаңа сенімі жайлы басқаларға айтпасын деп, мектептен келе салысымен оның киімдерін тығып қоятын. Жататын кереуетіне де жатқызбай, тамақ мөлшерін де азайтады. Бірақ бұл шаралардың бәрі нәтижесіз болып шыққанда, баланың ойын өзгерту үшін, ата-анасы үйіне діни қызметкерді шақырады.
Діни қызметкер үйлерінде бірнеше күнге тоқтап, Радживті пұтқа бас игізуге тырысып бағады. Бірақ Раджив пұттың жай ғана тас екенін, оның тірі құдай емес екенін айтады. Ал дінбасы болса: “Пұтқа сенім көзімен қарап, оған шын жүректен сенсең ғана оның құдай екенін көре аласың”,— дейді. Сонда Раджив қолына қағаз алып, оған “100 рупи” деп жазады. Сосын оны діни қызметкерге ұстатады да, сол қағазға шоколад сатып алып, қалған ақшасын қайтып әкелуін өтінеді. Діни қызметкер соншалықты ақымақ емес екенін, бұл жай ғана түкке тұрмайтын қағаз екенін айтады. Сонда Раджив: “Егер сіз сенім көзімен қарап, шын жүректен сенсеңіз, бұл қағаздың құндылығын көре білесіз”,— дейді. Ашуға мінген әлгі кісі баланы басынан ұстап алып, пұттың алдына игізеді. Ал Раджив болса былай дейді: “Сіз менің басымды пұтқа игізсеңіз де, жүрегімді ешқашан игізе алмайсыз”. Ақыр соңында діни қызметкер баланы өзгерту мүмкін еместігін және бұл үйде қала берсе, өз сенімін жоғалтып алатынын айтып, кетіп қалады. Бұдан кейін Радживтің ата-анасы баласын басқа мектепке ауыстырады. Бірақ ол Ехоба мен жұмақ жайлы тыңдағысы келген адамдармен сөйлесуді жалғастыра береді. Қазір Раджив 10 жаста. Сенімі мықты болу үшін, ол Құдайға барынша арқа сүйеп жүр.
Ол іздеген кітабын тапты
Лариса Армениядағы кітап дүкендерінің бірінде сатушыға уағыздап жатқанда, бір әйел кіріп келеді де, “Жаңа дүние” Киелі кітабын сұрайды. Сатушы әйел ондай аударманың жоқ екенін, бірақ орнына армян тіліндегі басқа Киелі кітапты бере алатынын айтады. “Ал оны түсіну оңай ма?”— деп сұрайды тұтынушы әйел. Сатушы бір-екі тармақты оқиды да: “Иә, түсінікті сияқты”,— деп жауап береді. Бұған сене қоймаған әлгі әйел “Жаңа дүние” Киелі кітабын тапқысы келетінін айтады. Сонда Лариса сөмкесінен армян тіліндегі Киелі кітабын шығарады да, мұқабасындағы атауын оқуды сұрайды. “Жаңа дүние аудармасы” деп оқыған әйел өзінің іздегенін табады.
Сөйтсе әлгі әйелдің қызы мен күйеу баласы Грекияда Ехоба куәгерлерімен бірге Киелі кітапты зерттей бастаған екен. Олар грек тілін әлі үйренбегендіктен, анасынан келесі жолы келгенде армян тіліндегі “Жаңа дүние аудармасын” әкелуді өтініпті. Бауырласымыз әйелге Киелі кітапты ұстатып жатып: “Мына кітапты оларға беріңіз де, мұның Ехобадан келген сый екенін айтыңызшы”,— дейді. Сосын Киелі кітапты бірге зерттеуді ұсынғанда, әлгі әйелдің қуанышында шек болмайды. Грекияға барып келгеннен соң, зерттеу сабағын бірден бастап кету үшін, олар бір-бірінің телефон нөмірлерін алып қалады.
Еуропа
ЕЛДЕР 47
ХАЛҚЫ 738 679 198
ЖАРИЯЛАУШЫЛАР 1 595 888
ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ 841 260
Ол әмиянды қайтарып берді
Боснияда Нина есімді жалпы ізашар бір сыған отбасымен зерттеу сабағын өтеді. Күндердің күнінде осы отбасының 10 жасар қызы жолда кетіп бара жатып, ішінде ақшасы, несие карточкасы мен құжаттары бар әмиян тауып алады. Шындықты білмегенде, ол мұндай олжаны сый ретінде қарастырар еді, бірақ анасымен ақылдаса келе, әмиянды полицияға өткізуді шешеді. Бұл әрекеті сырт көзден тыс қалмады, себебі әлгі отбасы кедей тұратын, тіпті нан сатып алуға жағдайлары келе бермейтін. Сөйтіп, көзі алақандай болған полиция қызметкеріне әмиянды тапсырғаннан арада 2 сағат өткен соң, бұл отбасы полиция бөлімшесіне қайта шақырылады. Ол жақта әмиянның иесі оларға алғысын білдіріп, сыйақы ұсынады: шамамен 30 АҚШ долларына сай келетін екі күндік жалақының ақшасын қолдарына ұстатады.
Мақаланың атауы оның қызығушылығын оятты
Жогв, Фарер аралдары. 2012 жылы бұл аралдарда қызмет жариялаушылардың жоғарғы саны 118-ге жетті
Боснияда тұратын Нихад есімді бауырлас уағыздау қызметін аяқтап, көлігіне қарай бара жатады. Жақындап қалғанда, көлігінің жанында бір кісінің тұрғанын көреді. Нихад онымен сәлемдескенде, әлгі кісі: “Ғапу етіңіз, мен жай ғана сіздің көлігіңіздің ішінен “Жақсы әке болу үшін не қажет?” деген мақаланы байқап қалдым. Мен осы журналдың бір данасын алғым келеді. Сізді бұл жерде күтіп тұрғаныма бір сағаттай болды. Бұл журналды алуыма бола ма?”— деп сұрайды. Нихад қуана-қуана журналын ұсынады да, әлгі кісіге куәлік берудің мүмкіндігін қалт жібермейді.
Теңізшілер жұбаныш алды
Нидерландтың Роттердам портында уағыздап жүрген ерлі-зайыпты бір танкерге келіп, көңілі жабырқаулы экипажды жолықтырады. Кеменің бас инженері көзіне жас алып, талай қиындықтарды бастан өткеріп, апат болуға сәл-ақ қалғандарын, сондай-ақ көп шығынға ұшырағандарын айтып береді. Сосын: “Біз үшін дұға ете аласыздар ма?”— деп сұрайды. Сонда бауырластарымыз кеме экипажы үшін жігерлендірерлік баяндама айтуға ықылас білдіреді. Келесі күні кешкі сағат жетіде әлгі жариялаушылар басқа екі ерлі-зайыпты бауырластарды ертіп барса, онда экипаждың 16 мүшесінің 15-і жиналған екен. Алғашқы дұғадан соң, бауырласымыз “Апаттар Құдайдың ісі ме?” деп аталатын баяндама айтады. Жариялаушылар өздерімен бірге Киелі кітаптың біраз данасын әкеліп, тыңдаушылардың әрқайсысына тармақтарды ашып отыруға көмектескендіктен, экипаждың барлық мүшесі келтірілген тармақтарды оқи алды. Соңғы дұға айтылған соң, бүкіл экипаж орнында қалып, бауырластармен біраз әңгімелесті. Бұл үшін олар өте разы болды. Олардың бірі: “Құдай біздің дұғамызға жауап берді”,— деді. Теңізшілер Киелі кітаппен қоса, 20 кітап пен басқа да әдебиеттер алып қалды. Ал кеме капитаны болса ішінде 200 АҚШ доллары бар хатқалта табыстап, әдебиеттер үшін садақа берді.
Ол дұғасына жауап алды
Швецияда тұратын Иренне өзінің жазған хатында былай дейді: “Мен 80 жастамын. Сырқатымның кесірінен уағыздау қызметіне шыға алмаймын. Сондықтан Ехобаға дұға етіп, бұрындары өзім барған адамдардың біріне көмектессем, ал ол әңгімелесуге ықыласты болса ғой деп өтіндім.
Содан бір күні телефонымызға қоңырау келіп түсті. Тұтқаны күйеуім алды. Бір әйел: “Кешіріңіз, есімде қалған жалғыз сіздер ғана, сондықтан сіздерге қоңырау шалып тұрмын. Әйеліңіз маған келіп, Құдай Сөзі жайлы айтып бермес пе екен? Мен осыдан 15-20 жыл бұрын зерттегенмін, бірақ марқұм күйеуім қарсы болғандықтан, зерттеуді тоқтатқан едім”,— дейді.
Мен бұл әйелге онымен зерттеген бауырласпен бірге барғаным есіме түсті. Таңғаларлығы, бұл әйел мені есіне алыпты. Қуанышыма орай, біз кездесуге келістік. Содан бері әр апта сайын зерттеу сабағын өткіземіз. Ол Еске алу кеші мен арнайы баяндамаға қатысты. Сондай-ақ қауым кездесулеріне де келіп тұрады. Ехобаның дұғама жауап бергені үшін күніге алғысымды айтамын”.
“Шоколадты садақалар жәшігіне тастай алмадым”
Италияда тұратын 8 жасар Сержо шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болуға дайын екеніне ақсақалдардың көздерін жеткізгісі келеді. Бір күні ол әкесіне еріп, жастары жетпіске келіп қалған ерлі-зайыптының үйіне құлыптарын жөндеуге барады. Сержо өзімен бірге бірнеше журнал алып алады. Ол былай дейді: “Әкем жұмыс істеп жатқанда, мен үй иесіне журналдар ұсындым. Аң-таң болған ол әйелін шақырып, оған журналдарды көрсетті. Мен оларға қайтып келу үшін, екеуінің есімдерін, мекенжайы мен телефон нөмірін жазып алдым. Әйелі осы мәліметтерді берген соң, қолыма үлкен шоколад ұстатты”. Арада бірнеше күн өткен соң, Сержо ақсақалдардың бірімен сол ерлі-зайыптыға қайта барады. Үйдің қоңырауын басқанда, әлгі әйел жауап береді. Сонда Сержо “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабын бергісі келетіндігін айтады. Әйел кітапты қуана-қуана алып қалады да, қолына тағы бір үлкен шоколад ұстатады. Кейіннен Сержо мынаны айтты: “Шоколадты садақалар жәшігіне тастай алмадым, сондықтан мен оны жеп қойдым. Ал ақсақалдар менің жариялаушы болуды қаншалықты қатты қалайтынымды ақыры түсінді”.
Пастор көбірек білгісі келді
Симеон Болгарияның бірде-бір Куәгері жоқ Гурково атты қалашығында пастор болған. Киелі кітапты зерттегенінің арқасында ол Жазбалардағы ілім мен шіркеудің ілімінің арасындағы айырмашылықты көреді. Бір күні пойызда кетіп бара жатқанда, қолына біздің кейбір журналдарымыз тиеді. Симеон Ехобаның шын Құдай екенін және ешқандай Үштік жоқ екенін біліп, қатты таңғалады. Содан ол көбірек білгісі келіп, филиалға және өзі білген шіркеулердің бәріне хат жазады. Оған тек бір ғана шіркеу жауап беріп, “мұндай бос әңгімеге көңіл бөлмеуді” айтады. Ал филиалдағы бауырластар екі Куәгердің сол кісіге баруын ұйымдастырады. Бұл Куәгерлер Казанлык қаласынан сол жаққа жету үшін шамамен 35 шақырым жол жүреді. Сөйтіп, Симеонмен және оның отбасымен зерттеу сабағын бастайды. Симеонға білгендері ұнайды, әрі көршілері мен достарын да зерттеу сабағына шақырады. Содан апта сайынғы Киелі кітап зерттеу сабағына шамамен 25 адам жиналып тұрады. Осы зерттеулердің біріне алғаш рет қатысқан Симеонның 75 жасар көршісі сабақтан соң көзіне жас алып былай деді: “Бір сағаттың ішінде мен 30 жыл бойы шіркеуге барып жүргеннен гөрі көп нәрсені түсіндім”. Казанлыктағы бауырластардың Гурковоға келіп өткізетін ай сайынғы қауым кездесуіне шамамен 60 адам қатысады. Ал Еске алу кешіне 79 адам келді.
“Бір сағаттың ішінде мен 30 жыл бойы шіркеуге барып жүргеннен гөрі көп нәрсені түсіндім”
“Осы өмір жолынан ешқашан таймағайсың”
Украинада тұратын Валя есімді 15 жасар бауырласымыз мұғалімінің мектепке қара түсті киіммен келгенін және жылағанын байқайды. Сөйтсе, анасы қайтыс болыпты. Мұны білген соң, Валя мұғалімін қайта тірілу жайлы тармақтардың көмегімен жұбатқысы келеді. Киелі кітаппен қоса, “Өлген соң адаммен не болады?” және “Жақын адамың қайтыс болғанда” деп аталатын екі кітапшаны алып, сабақтан соң мұғаліміне баруды шешеді. Ол былай дейді: “Мен оны кеңсесінің алдында күтіп тұрғанымда, қатты қобалжыдым. Сондықтан Ехобадан көмек сұрап дұға еттім”.
Валя мұғалімінің кеңсесіне кіргенде, мұғалімі: “Саған не керек еді?”— деп сұрайды.
“Мен сізді жұбатқым келеді, өйткені сіздің қандай күйде екеніңізді жақсы түсінемін. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен де атамды жоғалтқан едім”,— дейді ол.
Грузия. Бауырластар жүзімдікте уағыздап жатыр
Валяның бұлай көңіл бөлгені мұғалімге қатты әсер етеді. Көз жасына ерік беріп, ол туыстарының да, әріптестерінің де мұншалықты шынайы жанашырлық танытпағанын айтады. Сонда Валя Аян 21:3, 4-ті оқиды да, түсіндіріп береді. Бұдан соң мұғалімі Валя ұсынған кітапшаларды алып: “Сен басқаларға ұқсамайсың, сен ерекше қызсың”,— дейді.
Мұның себебін ол былай деп түсіндіреді: “Мен Киелі кітапты оқумен қатар, соған сай өмір сүруге және ата-анамның тілін алуға тырысып жүрмін”.
Кейін Валя мұғалімінің өтініші бойынша оған Киелі кітап пен “Киелі кітап үйретеді” басылымын әкеп береді. Мұғалімі тағы да алғысын білдіріп, оған былай дейді: “Сенің дінің — шынайы дін. Бұған қоса, сені дұрыс нәрсеге үйрететін тамаша ата-анаң бар. Осы өмір жолынан ешқашан таймағайсың”.
Ол қателесіп, басқа нөмірге қоңырау шалды
2011 жылы Грекияның Малакаса қаласында өткен облыстық конгрестің алғашқы күнінде Натали әкесіне қоңырау шалып, конгресс орнына автобуспен қалай жетуге болатынын айтқысы келеді. Бірақ ол қателесіп, басқа нөмірді теріп қояды, ал тұтқаны ешкім көтермейді. Біраздан соң, әлгі нөмірдің иесі телефонынан қабылданбаған қоңырауды көреді де, кім екенін білу үшін қайта қоңырау шалады. Алайда конгресс бағдарламасы басталып кеткендіктен, Натали телефонды өшірмек болады. Бірақ мұның орнына өзі аңдамай қоңырауды қабылдайтын пернені басып қояды. Сонда әлгі кісі конгресс төрағасының баяндамасын тыңдайды. Естігені оның қызығушылығын оятады.
Кейінірек әлгі кісі бауырласымызға: “Сіз кімсіз? Діни қызметкерсіз бе?”— деген хабарлама жазып жібереді. Таңғы бағдарлама аяқталған соң, Натали бұл хабарламаны оқиды да: “Жоқ, мен діни қызметкер емеспін, мен Ехоба куәгерімін. Ал қазір конгресте отырмын”,— деген жауап жазады.
Питтенвим, Шотландия. Порттағы уағыз
Әлгі кісі сенбі күні қайта қоңырау шалып, конгресс әлі де болып жатыр ма, жоқ па, соны сұрайды. Наталидің әкесі оған біраз куәлік бергеннен кейін, ол былай дейді: “Телефон арқылы бірер минут ішінде тыңдаған мәліметтің арқасында көптен бері жанымды мазалап жүрген сұрақтарымның жауабын білдім”. Сөйтсе, оның отбасын жын-перілер мазалайды екен, әрі ол мұның не екенін және не себепті бұлай болып жатқанын түсінбей жүріпті. Сосын: “Бұған дейін Ехоба куәгерлерімен сөйлескім келмейтін, енді мүмкін болса, әлгі лекцияны оқыған кісімен сөйлесуге бола ма екен?”— деп сұрайды.
Сөйтіп, бұл кісі жексенбі күні конгреске келеді. Ол конгресте ұқыпты киінген отбасылар мен жүздері жайнаған адамдарды көреді. Еш жерде қоқыстың жатпағаны, ешкімнің шылым шегіп не балағат сөз айтпағаны оны қатты таңғалдырады. Сонда ол: “Біздің дүниемізде осындай адамдардың бар екенін білмеппін! Өзімді басқа әлемге түсіп кеткендей сезініп тұрмын”,— дейді. Наталидің әкесі оны конгресс төрағасы отырған бөлмеге апарып, онымен жолықтырады. Конгресс те, сұрақтарына алған жауаптары да әлгі кісіге қатты әсер қалдырады. Ол Киелі кітаппен қоса, “Киелі кітап үйретеді” басылымы мен бірнеше журнал алады. Сондай-ақ қайта жолығуға келіседі.
ТЫНЫҚ МҰХИТ АРАЛДАРЫ
ЕЛДЕР 29
ХАЛҚЫ 38 495 300
ЖАРИЯЛАУШЫЛАР 94 924
ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ 59 431
“Естіген әндерімнің ең әдемісі”
Савайи аралында (Самоа) оқушылар сабақты бүкіл мектеп болып жиналып, әнұран айтумен бастайды. Алайда бес жасар Селина мен алты жасар Левай Ехоба куәгері болғандықтан, әнұран айтпайтындарын мектеп меңгерушісіне айтып түсіндіреді. Мұндай жағдайда оқушылар әдетте қатаң жазаланатын. Бірақ мектеп меңгерушісі ол екеуі ұялып, әнұранды бәрібір айтар деген оймен: “Жарайды, егер әнұран айтпасаңдар, онда өз әндеріңді айтыңдар”,— дейді. Сонда Селина мен Левай екеуі соңғы отбасылық кешінде жаттаған 111-әнді шырқап береді. Тыңдап болған соң, мектеп меңгерушісі көзіне жас алып: “Бұл — естіген әндерімнің ең әдемісі. Тағы бір рет шырқап беріңдерші”,— дейді. Олар оның өтінішін орындайды. Сосын мектеп меңгерушісі былай дейді: “Енді сендер біздің емес, өз әндеріңді айтатын боласыңдар”.
“Енді сендер біздің емес, өз әндеріңді айтатын боласыңдар”
Өмір бойы Исаға дұға еткен
Тимор-Лешти. Соғыстың азабын тартқан бұл елде жариялаушылардың саны 9 пайызға өсті
Фиджидегі жергілікті шіркеудің қызметшісі Киелі кітапты зерттеп жүрген бір кісінің сабағына қатысып көруді шешеді. Зерттеу сабағы кезінде ол Исаның Құдай емес екенін біледі. Бұл жайттың оны мазалағаны сонша — түнімен көз ілмей шығады. Мұны көрген әйелі: “Ол адамдарға енді бармай-ақ қойшы!”— дейді. Бірақ естігені ойынан кетпей қойғандықтан, ол келесі аптада зерттеу сабағына тағы да барады. Осылай бірнеше күннен кейін, тіпті өзі Киелі кітапты зерттеуді бастамаса да, ол жұмыс істеп жүрген шіркеуінен шығып кетеді. Бұған туыстары мен шіркеудегі таныстары таңғалып, тіпті ашуланады. Себебі ол шіркеуден кетіп қана қоймай, табысы жақсы жұмысын тастаған еді. Ол Киелі кітаптың көмегімен Иса жайлы шындықты анық түсінеді. Дегенмен өмір бойы Исаға дұға етіп келгендіктен, бұдан былай дұғаларын Ехобаға айту оған қиынға соғады. Арада көп айлар өткізіп, ол кісі ақыры дұғаны Ехобаға айтуды үйренеді. Бүгінде ол адамдарға ізгі хабарды жеткізіп, оларға Ехоба жайында білуге, оны сүюге көмектесіп жүр.
Шағын топ шындықты қабыл алды
Тынық мұхиттың оңтүстігіндегі Макатеа аралында бар-жоғы 62 адам тұрады. Таитидегі Ехоба куәгерлері осы адамдардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандырады. Қазір олар аралдың 9 тұрғынымен телефон арқылы зерттеу сабағын өткізеді. Таитиде өтетін кездесуді тыңдау үшін, шамамен 15 адам зерттеушілердің бірінің үйінде жиналады. Сол зерттеушілердің ішінде шіркеудің тірегі боп есептелетін бір әйел бар. Оны диакон болу болашағы күтіп тұрған еді. Бірақ ол жақында шіркеуіне барып, не себепті қызметін бұдан былай атқара алмайтынын түсіндіреді. Ол әйел затының қауымда тәлім бере алмайтынын Киелі кітаптан көрсетеді. Сондай-ақ Иса Мәсіхтің рөлін, Иеміздің кешкі асының мәнін, әрі оны жексенбі сайын емес, жылына бір рет қана атап өту керектігін түсіндіреді. Тіпті Мәсіхпен бірге көкте 144 000 адам ғана болатынын, әрі солар ғана Еске алу кешінде рәміздерден дәм тататынын да айтып жеткізеді. Оның бұл әрекеті басқа бір әйелге әсер етіп, ол да шіркеуінен кетеді. Қазір ол Куәгерлермен бірге зерттеу сабағын өтіп тұрады.
Шақыруды қабыл алған отбасы
Соломон аралдарында екі ақсақал қауыммен байланысын үзгендерді Еске алу кешіне шақыруды шешеді. Содан олар 1998 жылдан бері кездесуге келмей жүрген Жошуаға барады. Жошуа отбасындағы 20 адаммен бірге екі сағат жол жүріп, Еске алу кешіне келеді. Бауырластардың жылы қарсы алғанын көріп, Жошуа көзіне жас алады. Оның үй ішіндегілерінің көбісі арнайы баяндамаға да келеді. Кездесуден кейін олар ақсақалдарға жолығып, Киелі кітапты зерттеуге ықылас білдіреді. Содан олардың он бесімен зерттеу сабағы басталады.
“Мен бұл сұрақтың жауабын білемін!”
Гуамдағы филиал аймағына қарайтын мыңнан аса аралдардың жүзден астамында адамдар тұрады. Бірақ соның 13 аралы ғана қауым кездесулері өтетін жерге жақын орналасқан. Аралдардың басым көпшілігінде Ехоба куәгерлері ешқашан болмағандықтан, бауырластар сол жаққа барудың амалын іздестіреді. 2012 жылдың сәуірінде жариялаушылардың бір тобы шағын қайықпен шалғай аралдардың бірі Половатқа барады. Половат — сырт әлеммен мүлдем байланысын үзген арал. Бұл жердің ер адамдары белдерін ғана жауып жүреді, каноэ қайықтарын жасайды, аң аулап, жер өңдеумен күн көреді.
Сол жаққа барған жариялаушылардың бірі бір жігіттен: “Өлген соң бізбен не болады?”— деп сұрайды.
Әлгі жігіт: “Мен бұл сұрақтың жауабын білемін!”— дейді де, жүгіріп барып, сөреде тұрған трук тіліндегі “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың” кітабын алып келеді. Ол мазмұнын ашып, “Өлген соң адаммен не болады?” деген 8-тарауды көрсетеді де, осы кітаптан білгендерін ыждағатпен айтып береді.
Кингстон, Норфолк аралы. Бауырлас Квалити Роу көшесінде куәлік беріп тұр
Бұл кітап оның қолына қалай тиді екен? 2009 жылы Трук аралындағы портта жариялаушылар шалғай аралдарға баратын адамдарға уағыздап, “Мәңгі өмір сүре аласың” кітабын таратыпты. Половатқа жол жүргелі жатқан бір кісі бір қорап кітапты қуана алып, оларды көршілеріне де үлестіріп беруге келіскен екен. Сол көршілердің бірі әлгі жас жігіт болып шықты.
Бауырластар үйлеріне қайтпас бұрын, сол жігітті жігерлендіруді көздеп, оған бірнеше рет барады, әрі зерттеудің пайдасын көру үшін не істеу керектігін түсіндіреді. Сондай-ақ тармақтарды қалай табуды және кітабының бос жиегіне негізгі ойларды жазып отыруды үйретеді.
Теледидар да, радио да, газет-журнал мен интернет те жоқ осындай шалғай аралдарға біздің әдебиеттеріміз жетіп, соның арқасында адамдар өз ана тілдерінде шындықты біліп жатқаны қуантады емес пе?!
Үш оққа үш себеп
Папуа—Жаңа Гвинеяда Бугенвиль азаматтық соғысы басталып кеткенде, 20 жасар Анна шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы еді. 1991 жылы орманға қашуға мәжбүр болған Арава қауымына жататын бір топ бауырластың арасында ол да бар еді. Өздерімен бірге аз ғана жүк алған бұл топты алты ересек адам мен жеті бала құрады. Екі жыл бойы олар қаңырап бос қалған үйлерде тұрып, ішер ас іздеумен болды. Қолдарында бар екі кітапты — Аннаның Киелі кітабы мен “Шынайы Құдайға ғибадат ету үшін біріккенбіз” басылымын — қолданып кездесулер өткізіп жүреді. Бірге дұға етіп, Патшалық әндерін айтады әрі кездестірген адамдарға уағыздайды.
Күндердің күнінде көтерілісшілер әскерінің мүшелері оларды тауып алады да, арасындағы екі ер бауырластың өз қатарларына қосылғандарын қалайды. Бірақ бауырластарымыз бас тартқанда, олар мұндай бейтараптық көзқарасты сыйлайды. Бірде сол сарбаздардың бірі Аннаға үш оқты көрсетеді де: “Маған тұрмысқа шық, әйтпесе өлесің!”— дейді. Сонда Анна оған тұрмысқа шықпайтынын түсіндіріп, үш оққа үш себеп келтіреді. Оның ең негізгі себебі — “тек Иеміздің ізбасарына” тұрмысқа шығу керектігі (Қор. 1-х. 7:39). Бұны естіген әлгі сарбаз бұрылып, өз жөнімен кетеді.
“Еш нәрсе, тіпті азаматтық соғыс та Ехобаның ісін тоқтата алмайды”
Бүгінде Анна жалпы ізашар болып қызмет етеді. 2012 жылы Арава қалашығында жариялаушылар жетіспейді деген хабарды естіп, ізашар серіктесімен бірге сол шалғай аймақтағы топқа көмектесу үшін қайта оралады. Бауырластар бұрындары қантөгіс орын алған және көп қиындыққа кезіккен жерге қайта бара жатқан Аннадан қандай сезімде екенін сұрайды. Сонда Анна: “Ол жерге қайта бара жатқаныма қуаныштымын. Еш нәрсе, тіпті азаматтық соғыс та Ехобаның ісін тоқтата алмайды”,— деп жауап қайырады.