Мьянма (Бирма)
АЗИЯНЫҢ алып елдері Үндістан мен Қытайдың арасында орналасқан Мьянма елі — бір-біріне ұқсамайтын көріністерге толы жерa. Ең үлкен қаласы Янгон (бұрынғы Рангун) көп қабатты ғимараттарымен, халыққа лық толы дүкендерімен және ығы-жығы көліктерімен мақтанып тұрғандай. Ал қала сыртында буйволдармен жер жыртып, шетелдіктерге таңырқай қарайтын ауыл тұрғындары өмір сүреді. Мұндай жерлерде уақыт тоқтап қалғандай көрінеді.
Бүгіндегі Мьянма кешегі күнгі Азияны еске салады. Мұнда ойлы-қырлы жолдармен салдырлаған автобустар базарға өнім таситын арбалар мен жайылымдарда ешкі бағып жүрген малшылардың жанынан селкілдеп өтеді. Мьянмадағы ер адамдардың көпшілігі әлі күнге дейін өздерінің ұлттық белдемшелерін (лонджи) киіп жүреді. Әйелдер беттеріне ағаш қабығынан жасалған паста (танака) жағады. Мұндағы адамдар өте діншіл. Буддаға ғибадат ететіндер монахтарды атақты адамдардан да артық құрметтейді. Сондай-ақ олар күн сайын жұқа алтын қағаздарды тарту ретінде Будданың жалтылдаған мүсіндеріне жапсырады.
Мьянмалықтар мейірімді, ізетті әрі сондай әуесқой. Елде негізгі сегіз ірі этникалық топ және олардан тараған кем дегенде 127 топ бар. Әр топ өзінің тілімен, киімімен, тағамымен және мәдениетімен ерекше. Адамдардың көбісі сонау мұзды Гималай тауларынан бастау алып, жылымшы Андаман теңізіне дейін созылған Иравади (Айярвади) деген ірі өзеннің (ұзындығы 2170 км) жағасындағы кең орталық жазықтықта шоғырланған. Миллиондаған адамдар өзеннің кең атырауы мен Бангладеш, Қытай, Үндістан, Лаос және Таиландпен шектесетін таулы аймақтарды бойлай қоныстанған.
Мьянмадағы Ехоба куәгерлері шамамен 100 жыл бойы берік сенім мен табандылық танытып келеді. Елде зорлық-зомбылық пен саяси төңкерістер орын алғанда, олар бейтараптық сақтап қалды (Жох. 17:14). Материалдық қиындықтар мен діни қудалауларға және халықаралық бауырластықпен байланыстарының шектеулі болғанына қарамастан, Ехобаның халқы Құдай патшалығы туралы ізгі хабарды талмай уағыздап келді. Төменде олардың жүрекке жылы тиетін оқиғалары баяндалады.
Мьянмадағы Ехоба куәгерлері шамамен 100 жыл бойы берік сенім мен табандылық танытып келеді
Уағыз ісінің басталуы
Тарихта өшпес із қалдырған 1914 жылы екі ағылшын, Хендри Кармайкл мен оның ізашар серігі, кемемен Янгонның ыстық жағалауына келіп түсті. Екеуі Бирмада уағыз ісін бастау мақсатымен Үндістаннан осы елге жол тартқан болатын. Бұл істі атқару оңай емес еді, себебі олардың аумағы бүкіл елді қамтыды.
“Егер жұмаққа да ақша беріп кіремін деп ойласаң, әрине”
Хендри мен оның серігі уағыз ісін Янгоннан бастады. Олар көп ұзамай Патшалық туралы хабарға шынайы қызығушылық білдірген Бертрам Марселин мен Вернон Френч деген екі үнді-ағылшын ер кісіні кездестірдіb. Бұл екеуі бірден мәсіхшілер әлемімен байланыстарын үзіп, достарына бейресми куәлік ете бастады. Сөйтіп, аз уақыт ішінде Бертрамның үйінде 20 шақты адам “Күзет мұнарасы” журналының көмегімен Киелі кітапты зерттеуге жүйелі түрде жиналатын болдыc.
Янгондағы жариялаушылар, 1932 жыл
1928 жылы Бирмаға Үндістаннан ұлты ағылшын Джордж Райт келді. Бұл ізашар елді бес ай бойы аралап, Киелі кітапқа негізделген көптеген әдебиеттер таратып шықты. Сол шындық тұқымдарының арасында 1920 жылы шыққан “Қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адамдар ешқашан өлмейді!” деген кітапшаның болғаны сөзсіз. Бұл кітапша бирма тіліне аударылған ең алғашқы әдебиетіміз еді.
Екі жылдан кейін Клод Гудмэн және Рональд Типпин есімді ізашарлар Янгондағы бауырластардың шағын тобын іздеп келді. Бұл топ кездесулерді үзбей өткізіп жүргенімен, ешқандай уағыз ісін ұйымдастырмаған болатын. “Біз бауырластарды жексенбі сайын уағызға шығуға талпындырдық,— деді Клод.— Бір ер бауырлас өзінің орнына уағыздау үшін ізашарларға ақша берсем бола ма деп сұрады. Сонда Рон оған: “Егер жұмаққа да ақша беріп кіремін деп ойласаң, әрине”,— деп жауап берді”. Мұндай тіке айтылған сөздер топтың уағыз ісіне қатысуына қозғау салды. Көп ұзамай Клод пен Рональдтың қызметке шығатын көптеген серіктері пайда болды.
“Рейчел, мен шындықты таптым!”
Сол жылы Рон мен Клод Янгондағы теміржол бекетінің бастығы болған Сидни Кутті кездестірді. Сидни “кемпірқосақ” деп те аталып кеткен түрлі түсті он кітаптан құралған жинақты алды. Солардың біріндегі бірнеше тарауды оқып болған соң, ол әйеліне: “Рейчел, мен шындықты таптым!”— деп жар салды.
Сидни Жазбаларды мұқият зерттейтін адам еді. Ұзақ уақыт бойы миссионер болған, ал қазір Британ филиалында қызмет ететін оның қызы Норма Барбер былай дейді: “Әкем өзіне жазбалардың көрсеткіш кітабын құрастырып алды. Киелі кітап ілімдерін түсіндіретін қандай да бір жазба орнын тапқанда, оны керекті тақырыпшаның астына жазып қоятын. Әкем бұл кітабын “Ол қай жерде жазылған?” деп атады”.
Сидни (ортасында) Жазбаларды мұқият зерттейтін адам еді. Ол және әйелі Рейчел (сол жақта) басқалармен Киелі кітаптағы хабармен бөлісті
Сидни Киелі кітапты зерттеп қана қоймай, ондағы хабарды өзгелерге де айтқысы келді. Сөйтіп, ол Бирмада Куәгерлердің бар-жоғын сұрап Үндістандағы филиалға хат жазды. Көп ұзамай оған әдебиет салынған бір үлкен қорап пен бауырластардың есімдері жазылған тізім жіберілді. “Әкем солардың әрқайсысына хат жазып, бір күнге үйге келіп кетулерін өтінді,— дейді Норма.— Кейінірек бес-алты ер бауырлас үйге келіп, қалай бейресми куәлік беруге болатынын үйретті. Ата-анам дереу әдебиеттерді достары мен көршілеріне таратуға кірісті. Сондай-ақ олар барлық туыстарымызға хаттар мен әдебиеттер жіберді”.
Мандалай қаласында тұратын Сиднидің әпкесі Дейзи Десуза інісінің хаты мен “Патшалық — дүние үшін үміт” деп аталатын кітапшаны алғанда, бірден інісіне хат жазып, Киелі кітап пен көбірек әдебиет салып жіберуін сұрады. “Қуанышы қойнына сыймаған анам сол кітапшаны таң атқанша бас көтермей оқып шықты,— дейді оның қызы Филис Цатос.— Сосын ол алты баласын жинап алып: “Мен шіркеуге енді бармайтын болдым, өйткені шындықты таптым!”— деп қуана мәлімдеді”. Кейінірек Дейзидің күйеуі мен балалары да шындықты қабылдады. Бүгінде Десуза әулетінің төрт ұрпағы Ехоба Құдайға адал қызмет етуде.
Қайсар ізашарлар
1930 жылдардың басында құлшынысты ізашарлар ізгі хабарды солтүстіктегі басты теміржол желісінің бойымен Янгон қаласынан Қытай шегарасына жақын жатқан Мьичина қаласына дейін жеткізді. Сонымен қатар олар Янгонның шығысы мен батысында орналасқан өзен жағалауындағы Моламьяйн (Молмин) және Ситуэ (Акяб) қалаларында да уағыздады. Нәтижесінде Моламьяйн мен Мандалайда аз уақыт ішінде кішігірім қауымдар пайда болды.
1938 жылы Бирмадағы уағыз ісіне бақылау жүргізу Үндістан филиалынан Австралия филиалына өтті. Сөйтіп, Бирмаға Австралия мен Жаңа Зеландиядан ізашарлар келе бастады. Сол бір адал да қайсар бауырластардың арасында Фред Пейтон, Гектор Оутс, Франк Дьюар, Мик Энгель мен Стьюарт Кельти бар еді. Бұл бауырластардың барлығы да нағыз ізашарлар болатын.
Франк Дьюар
Фред Пейтон былай деген еді: “Бирмада өткен төрт жылдың ішінде мен елдің көп бөлігінде уағыздадым. Осы уақыт аралығында безгек, сүзек, дизентерия және тағы басқа ауруларға шалдықтым. Күні бойы қызметте болатынмын және жиі түнейтін жер таппай қалатынмын. Бірақ Ехоба әрдайым қажетімнің барлығымен қамтамасыз етіп, киелі рухы арқылы күш беріп отырды”. Жаңазеландиялық өжет бауырлас Франк Дьюар болса: “Мен бұзақыларға да, көтерілісшілерге де, қоқан-лоқы көрсеткен шенеуніктерге де кезіктім. Бірақ бір байқағаным, егер ілтипаттылық, жұмсақтық, кішіпейілділік пен парасаттылық танытсаң, көптеген қиын жағдайлардан құтылуға болады екен. Көп ұзамай жұрттың көпшілігі Ехоба куәгерлерінің басқаларға зиян келтірмейтін адамдар екенін түсінді”,— деді.
Әдетте елде тұрып жатқан иммигранттар жергілікті халыққа менсінбей қарайтын. Бірақ ізашарлар олардан қатты ерекшеленетін, өйткені олар адамдарға құрмет пен сүйіспеншілік танытатын. Тіке сөйлеп, араздасуға дайын тұратындардан гөрі жұмсақ әрі ілтипатты адамдарды жақсы көретін қарапайым бирмалықтарға мейірбан ізашарлар ұнайтын. Ізашарлар сөздері мен істері арқылы Ехоба куәгерлерінің шынайы мәсіхшілер екенін паш етті (Жох. 13:35).
Елеулі конгресс
Ізашарлар келгеннен кейін бірнеше ай өткен соң, Австралия филиалы Янгонда конгресс өткізуді жоспарлады. Конгрестің өтетін орны ретінде Янгон қала сарайы таңдалды. Бұл баспалдақтары мәрмәрдан, зәулім есіктері қоладан жасалған кең сарай еді. Конгреске делегаттар Таиланд, Малайзия және Сингапурдан келді. Оған қоса, Австралия филиалында қызмет ететін Алекс Магилаврей бауырлас Сиднейден бір топ бауырласты ертіп келді.
Соғыстың қара бұлты төніп тұрған шақта, “Дүниежүзілік соғыс таяп қалды” деп аталатын көпшілікке арналған баяндаманың болатыны кеңінен жарияланды. Бұл жұрттың зор қызығушылығын оятты. “Мен ешқашан залдың осылай тез тола кеткенін көрген емеспін,— деді Фред Пейтон.— Алдыңғы есіктерді ашқаным сол еді, қаулаған жұрт баспалдақтармен залға топырлап кірді. Он минут өтпей-ақ, 850 орынды залдың іші 1000-нан астам адамға толғанда, ине шаншар жер қалмады”. Ал Франк Дьюар болса былай деп қосты: “Бізге алдыңғы есіктерді жабуға тура келіп, тағы 1000 адам сыртта қалып қойды. Соның өзінде кейбір тапқыр жігіттер залдың бүйіріндегі кішкентай есіктерден кіріп кетті”.
Бауырластар осындай үлкен қызығушылық танытылғанына ғана емес, тыңдаушылардың сан алуандығын көріп те қайран қалды. Өйткені олардың ішінде көптеген жергілікті этникалық топтың мүшелері бар еді. Жергілікті тұрғындардың көбісі будда дінін қатты ұстанғандықтан, бұған дейін олардың арасында шындыққа қызығушылық білдіргендер өте аз болатын. Ал өздерін мәсіхшіміз дейтін жергілікті тұрғындар болса — көбінесе кайян (карен), качин және чин этникалық топтары — ізгі хабар әлі жете қоймаған алыс аймақтарда тұратын. Жергілікті халықты құрайтын “егіндік” енді жинап алуға дайын тұрғандай болды. Көп кешікпей, Киелі кітапта пайғамбарлық етілген әр ұлттан шыққан “ұлы жамағатқа” Бирмадағы көптеген этникалық топтар да кірмек-тін (Аян 7:9).
Кайян халқынан шыққан алғашқы шәкірттер
Кайян халқынан шыққан алғашқы шәкірттер: (сол жақта) Чу Мей (Дейзи) мен (оң жақта) Хнин Мей (Лили)
1940 жылы Руби Гоф есімді ізашар әйел бауырлас Янгонның шетіндегі Инсейн деген қалашықта уағыздаған болатын. Бір күні Руби ізгі хабарға ешкімнің аса қызығушылық танытпағанын көріп: “Ехоба, үйге қайтпас бұрын, ең болмағанда, бір “қой” табайыншы”,— деп дұға етті. Сонда келесі үйден-ақ кайян халқына жататын Хмуе Чинг есімді баптист әйелді кездестірді. Ол Патшалық туралы хабарды ұйып тыңдады. Сөйтіп, Хмуе Чинг пен оның қыздары Чу Мей (Дейзи) мен Хнин Мей (Лили) Киелі кітапты зерттеп, тез рухани өсе бастады. Алайда Хмуе Чинг көп ұзамай қайтыс болды. Кейінірек оның кіші қызы Лили кайян халқынан алғашқы болып Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өтті. Кейінірек Дейзи де шомылдыру рәсімінен өтті.
Лили мен Дейзи құлшынысты ізашарлар болып, арттарынан мәңгілік мұра қалдырды. Бүгінде олардың жүздеген Киелі кітап зерттеушілері мен ұрпақтары Мьянмада және басқа да елдерде Ехобаға қызмет етіп жүр.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі арпалыс
1939 жылы Еуропада бұрқ еткен Екінші дүниежүзілік соғыс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Соғыстың аласапыран тұсында Бирмадағы мәсіхшілер әлемінің дінбасылары отарлық билікті әдебиеттерімізге тыйым салуға итермеледі. Сонда Янгондағы әдебиет қоймасына жауапты Мик Энгель бауырлас бір американдық шенеунікке жолығып, екі тоннаға жуық әдебиетті әскери жүк машиналарына тиеп, Бирма жолы арқылы Қытайға жеткізуге рұқсат қағазын алды.
Фред Пейтон мен Гектор Оутс әдебиеттерді Қытай шегарасына жақын орналасқан Лашио қаласындағы бекетке жеткізді. Олар Қытайға баратын көліктерді бақылайтын офицерге жақындап, жүк тиеуге орын сұрады. Сонда ол бұлқан-талқан болып: “Не дейді?! Мұнда күн астында құрып бара жатқан әскери жабдықтар мен медициналық керек-жарақты тез жеткізу үшін көлік таппай тұрғанда, сендердің түкке тұрғысыз трактаттарыңа орын қайда?!”— деді. Фред үндемей тұрды да, сөмкесінен рұқсат қағазын шығарып, офицерге көрсетті. Сөйтіп, оған Янгондағы билік басынан келген бұйрықты орындамаса, істің насырға шабуы мүмкін екенін айтты. Сонда офицер бауырластарға жүргізушісі бар шағын жүк машинасы мен барлық керек-жарағын берді. Олар 2400 шақырымдай жол жүріп, оңтүстік-орталық Қытайдағы Чунцин (Чанкин) қаласына жетті. Сол жерде олар құнды әдебиеттерді таратып, тіпті Қытай ұлттық үкіметінің президенті Чан Кайшидің өзіне куәлік берді.
Билік органдары қоймаға келгенде, ол жерден түк таппады
Ал 1941 жылдың мамыр айында Үндістандағы отарлық билік әдебиеттерімізді тәркілеу үшін Янгонға жеделхат жіберді. Телеграф кеңсесінде жұмыс істейтін екі ер бауырлас әлгі жеделхатты көріп қалып, бұл туралы дереу Мик Энгельге хабарлады. Ал Мик болса Лили мен Дейзиге айтып, үшеуі асығыс қоймаға барды. Олар сонда қалған 40 қорап әдебиетті әкетіп, Янгонның төңірегіндегі қауіпсіз үйлерге жасырды. Билік органдары қоймаға келгенде, ол жерден түк таппады.
1941 жылдың 11 желтоқсанында Жапонияның Перл-Харборға жасаған шабуылынан үш күн өткен соң, жапондар Бирмаға бомба жаудыра бастады. Сол демалыс күні Куәгерлердің кішігірім тобы Янгон орталық теміржол вокзалының үстіндегі шағын пәтерге жиналды. Жазбаларға негізделген талқылаудан соң, Лили пәтердегі ваннада салтанатты түрде шомылдыру рәсімінен өтті.
Шамамен үш айдан кейін жапон әскері Янгонға кіргенде, қаңырап бос қалған қаланы көрді. Өйткені жүз мыңнан аса адам Үндістанға қашып кеткен болатын. Олардың мыңдағаны жол үстінде аштықтан, қажып-шаршағаннан, аурудан қаза тапты. Отбасымен бірге қашып шыққан Сидни Кут бауырлас Үндістан шегарасына жақын қалғанда, церебралды безгектен көз жұмды. Тағы бір бауырласты жапон сарбаздары атып өлтірді. Ал өзге біреуі үйіне бомба түскенде, әйелі мен туыстарынан айырылды.
Бирмада санаулы ғана Куәгер қалды. Лили мен Дейзи Мандалайға жақын қыратта орналасқан Пин-У-Лвин (Мемьо) деген тыныш қалаға көшті. Сол жерде олар шындық тұқымын септі, ал бұл кейінірек өз жемісін берді. Ал үшінші Куәгер Сирил Гей болса Таравадиға қоныс тепті. Янгонның солтүстігінен 100 шақырымдай жердегі осы кішкентай тыныш ауылда ол соғыс біткенше тұрды.
Шаттықпен қайта қауышу
Соғыс аяқталғанда, Үндістанға қашып кеткен бауырластардың көбісі Бирмаға орала бастады. 1946 жылдың сәуіріне қарай, Янгондағы қауымда бар-жоғы сегіз белсенді жариялаушы бар еді. Осы жылдың соңына таман қауымдағы жариялаушылардың саны 24-ке жеткенде, бауырластар конгресс өткізуді шешті.
Екі күндік конгресс Инсейн қаласындағы бір оқу орнында өткізілді. “Үндістаннан оралғанымда көпшілікке арналған бір сағаттық баяндамамен шығатынымды білдім,— деп есіне алды шындықты 1932 жылы Янгонда естіген Тео Сириополос.— Осыған дейін мен Үндістандағы кездесулерде бес минуттық екі-ақ баяндамамен шыққан едім. Дегенмен конгресс өте жақсы өтті және оған 100-ден аса адам қатысты”.
Осыдан бірнеше апта өткен соң, шындыққа қызығушылық білдірген кайян халқының көсемі қауымға Алоуннан жер берді. Өзен жағасындағы бұл жер Янгонның орталығына жақын орналасқан еді. Ол жерге бауырластар бамбуктан 100 шақты адам сиятын Патшалық сарайын соқты. Қауымның қуанышында шек болмады. Соғыстан аман қалған бауырластар сенімдерін сақтап қалды және уағыз ісіне білек сыбана кірісуге дайын болды.
Алғашқы миссионерлердің елге аяқ басуы
Жоғарыда: алғашқы миссионерлер Хьюберт Смедстад, Роберт Керк, Норман Барбер және Роберт Ричардс Төменде: (артқы қатарда) Нэнси Десуза, Милтон Хеншель, Нейтан Норр, Роберт Керк, Теренз Десуза, (алдыңғы қатарда) Рассил Мобли, Пенелопа Джарвис-ваг, Филис Цатос, Дейзи Десуза, Василий Цатос
1947 жылдың басында Янгонның кемежайына бір топ бауырлас жиналды. Қуанышқа толы олар Бирмаға Ғалақад мектебін бітіріп келген алғашқы миссионер Роберт Керкті қарсы алмақ еді. Содан көп ұзамай Норман Барбер, Роберт Ричардс және Хьюберт Смедстад есімді тағы үш миссионер келді. Олардың арасында соғыс кезінде Үндістанда ізашар болып қызмет еткен Франк Дьюар да бар еді.
Миссионерлер соғыстан күлі көкке ұшқан қалаға келді. Сансыз ғимараттардың құр қаңқасы қалған еді. Мыңдаған адам жол бойына тізілген бамбуктан жасалған лашықтарды пана етті. Жұрт көше бойында тамақ пісіріп, кір жуып, сонда өмір сүрді. Соған қарамастан оларға Киелі кітаптағы шындықты үйрету үшін келген миссионерлер жергілікті жағдайларға бейімделіп, қызметке қызу кірісіп кетті.
1947 жылдың 1 қыркүйегінде қала орталығына жақын Сигнал Пагода Роуд көшесіндегі миссионерлер үйінде Күзет мұнарасы қоғамының филиалы құрылды. Филиал бақылаушысы болып Роберт Керк тағайындалды. Содан кейін Янгон қауымы Алоундағы бамбуктан соғылған Патшалық сарайынан Богалай Зей Стриттегі бір пәтерге көшті. Бұл пәтер әкімшіліктен, яғни Британия отарлық үкіметі орналасқан зәулім мекемеден, бірнеше минуттық жерде орналасқан еді. Сол кезде бұл биліктің санаулы күндері ғана қалған болатын.
Азамат соғысының басталуы
1948 жылдың 4 қаңтарында Британия билікті жаңадан құрылған Бирма үкіметіне тапсырды. 60 жыл бойы отарлық биліктің қол астында болып келген Бирма сол күні тәуелсіздік алды. Алайда елде азаматтық соғыс басталып кетті.
Түрлі этникалық топтар тәуелсіз штаттар құру үшін күрес жүргізсе, жекеленген әскери және қылмыстық топтар көп аумақтарға билік ету үшін таласты. 1949 жылдың басына қарай елдің көп бөлігі көтерілісшілердің қол астында болды. Янгонның шет-шетінде де соғыс бұрқ ете түсті.
Соғыс өршіген уақытта бауырластар асқан сақтықпен уағыздады. Филиал Сигнал Пагода Роудтағы миссионерлер үйінен 39-шы Стритке көшірілді. Қауіпсіз аймақта орналасқан бұл үлкен пәтердің қасында бірнеше шетелдік елшілік және жаяу 3 минутта жетуге болатын бас пошта бар еді.
Бирма әскері көтерілісшілерді тауларға қарай қуып, билікті біртіндеп өз қолына алды. 1950 жылдардың ортасына қарай, елдің көп бөлігіне үкімет қайтадан билік жүргізе бастады. Алайда азаматтық соғыстың бітетін түрі жоқ еді. Елде күні бүгінге дейін азаматтық соғыстың небір түрі орын алып келді.
Бирма тілінде уағыздау және тәлім беру
1950 жылдардың ортасына дейін Бирмадағы бауырластар көбінесе ағылшын тілінде уағыздады. Бұл тілді үлкен қалалар мен елді мекендердегі білімді адамдар ғана білетін. Бірақ миллиондаған басқа адамдар тек бирма (мьянма), кайян, качин, чин және тағы басқа жергілікті тілдерде сөйлейтін. Оларға ізгі хабарды қалай жеткізуге болатын еді?
1934 жылы Сидни Кут бір кайян мұғаліміне бірнеше кітапшамызды бирма және кайян тілдеріне аудартты. Кейінірек басқа жариялаушылар “Құдай шыншыл” деген кітапты және бірнеше кітапшаны бирма тіліне аударды. Ал 1950 жылы Роберт Керк “Күзет мұнарасындағы” зерттеуге арналған мақалаларды аудару үшін Ба У есімді бауырласты шақыртты. Қолмен жазылған аудармалар жазу машинкасымен теріліп, Янгондағы коммерциялық баспаханаларда басып шығарылды. Сөйтіп, қауым кездесулеріне келгендерге таратылды. Кейін филиал аударма жұмысын тездету үшін бирма қарпі бар жазу машинкасын сатып алды.
Ба У (сол жақта) “Күзет мұнарасындағы” мақалаларды бирма тіліне аударды
Сол кездегі аудармашылар бірталай қиындықтарға кезікті. Мысалы, Ба У бауырлас аудармамен айналыса алмай қалған кезде, бұл істі жалғастырған Нейга По Хан былай деп есіне алады: “Мен отбасымды асырау үшін күндіз жұмыс істеп, ал түннің бір уағына дейін бұлыңғыр электр шамының жарығында отырып, мақалаларды аударатынмын. Ағылшын тілін жетік білмегендіктен, аударма тура шықпаған болуы да мүмкін. Бірақ біз журналдарымызды мүмкіндігінше көп адамның оқығанын қатты қаладық”. Роберт Керк бауырлас Дорес Радж деген қыз бауырласқа “Күзет мұнарасын” бирма тіліне аударуды ұсынғанда, ол қатты толқып кетіп, өзін ұстай алмай жылап жіберді. “Менің тек орта білімім ғана болды және аудару ісімен бұрын-соңды айналысып көрмеген едім,— дейді Дорес.— Алайда Керк бауырлас мені тырысып көруге талпындырды. Сөйтіп, Ехобаға дұға етіп алдым да, жұмысқа кірістім”. Бүгінде, арада 50 жылдай өтсе де, Дорес әлі күнге дейін Янгон Бетелінде аудармашы болып қызмет етуде. Қазір 93-ке келген Нейга По Хан бауырлас та Бетелде қызмет етіп, Патшалық ісінің алға жылжуына белсене қолдау көрсетіп келеді.
1956 жылы Нейтан Норр бауырлас “Күзет мұнарасының” бирма тілінде жарық көргенін хабарлады
1956 жылы Бирмаға дүниежүзілік бас басқармадан Нейтан Норр бауырлас келіп, “Күзет мұнарасы” бирма тілінде жарық көргенін хабарлады. Сондай-ақ ол миссионерлерді нәтижелі қызмет ету үшін бирма тілін үйренуге талпындырды. Оның сөздері миссионерлерге қатты әсер етіп, олар тілді үйренуге бұрынғыдан да көп күш салды. Келесі жылы Бирмаға бас басқармадан Фредерик Френц бауырлас келді. Ол бес күн бойы өткен конгресте негізгі баяндамашы болды. Ол бауырластарды қызмет аясын кеңейтуге шақырды. Бұл үшін ізашарларды сол өңірдегі басқа да қалалар мен қалашықтарға жіберу керектігін айтты. Мұндай шараның пайдасын бірінші болып көрген аумақ Бирманың бұрынғы астанасы әрі елдегі екінші үлкен қала Мандалай еді.
Мандалайдағы жемісті қызмет
1957 жылдың басында Мандалайға жаңа алты арнайы ізашар келді. Ол жерде жаңадан отау құрған Роберт Ричардс пен оның кайян әйелі Бейби қызмет етіп жүрген еді. Алайда ізашарларға бұл қалада уағыздау оңайға соқпады. Өйткені Мандалай буддизмнің басты орталығы болып табылады, әрі мұнда Бирмадағы будда монахтарының шамамен жартысы тұрады. Дегенмен ізашарлар ежелгі Қорынт қаласындағыдай, мұнда да Ехобаның “адамдары көп” екенін түсінді (Ел. іс. 18:10).
Солардың бірі 21 жасар качин студенті Робин Зауджа еді. Ол былай деп есіне алады: “Бір күні таңертең үйіме Роберт пен Бейби Ричардстар келіп, өздерін Ехоба куәгеріміз деп таныстырды. Олар Исаның тапсырмасына сай, ізгі хабарды үйден үйге уағыздап жүргендерін айтты (Мат. 10:11—13). Хабарларымен бөліскен соң, маған өздерінің мекенжайымен қоса бірнеше кітап пен журнал қалдырып кетті. Сол кеште мен бір кітапты алып, оны таң атқанша оқып тастадым. Ертесіне-ақ Роберттің үйіне барып, бірнеше сағат бойы оған сұрақтарымды жаудырдым. Ол әр сұрағыма Киелі кітаптан жауап беріп отырды”. Содан көп ұзамай Робин Зауджа качин халқынан бірінші болып шындықты қабылдады. Кейінірек ол солтүстік Бирмада бірнеше жыл бойы арнайы ізашар ретінде қызмет етіп, 100-ге жуық адамға шындықты білуге көмектесті. Қазір оның қызы мен ұлы Янгондағы Бетелде қызмет етіп жатыр.
Тағы бір құлшынысты шәкірт 17 жасар Прамила Гелиара еді. Ол шындықты жақында ғана Янгонда естіген болатын. Прамила былай дейді: “Әкем джайнизмді ұстанғандықтан, жаңа сеніміме қатты қарсылық көрсетті. Ол екі рет Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерімді жағып жіберді, бірнеше рет елдің көзінше ұрып-соқты. Бұған қоса қауым кездесулеріне баруды доғаруым үшін үйге қамап қоятын. Ол тіпті Ричардс бауырластың үйін түгелдей өртеп жіберетінін айтып қорқытты! Бірақ мені сенімімнен айыра алмайтынын көргенде, ол қарсылық көрсетуін бірте-бірте доғарды”. Прамила университеттегі оқуын тоқтатып, құлшынысты ізашар болды, ал кейіннен аудандық бақылаушы болған Данстан Онейлге тұрмысқа шықты. Содан бері ол 45 адамға шындыққа келуге көмектесті.
Мандалайда уағыз ісі алға жылжып жатқан кезде, филиал миссионерлер мен ізашарларды Патейн (Басейн), Калемьо, Бамо, Мьичина, Моламьяйн және Мьей (Мерги) сияқты басқа да қалаларға жіберді. Ехобаның бұл іске батасын бергені анық, өйткені осы қалалардың әрқайсысында мықты қауымдар пайда болды.
Миссионерлердің елден қуылуы
Уағыз ісі алға жылжып жатқанымен, елде барған сайын саяси және ұлтаралық шиеленістер өрши түсті. Ақыры, 1962 жылдың сәуірінде үкімет басына әскерилер келді. Жүз мыңдаған ағылшындар мен үнді-ағылшындар Үндістан мен Бангладешке (сол кезде шығыс Пәкстан) жер аударылды. Ал шетелдіктер елге кіру үшін 24 сағаттық визаға ғана қол жеткізе алды. Осылайша Бирма басқа елдер үшін өз есігін жауып қойды.
Елдегі жағдайдың осылай өзгергені бауырластарды біраз уайымдатты. Әскери үкімет діндер саясатқа еш араласпаса ғана, діни бостандық беретінін уәде етті. Бірақ мәсіхшілер әлемінің миссионерлері саяси мәселелерге араласуын жалғастыра берді. Ақырында, бұған әрі қарай төзе алмаған үкімет 1966 жылдың мамыр айында барлық шетелдік миссионерлерге елден кетуді бұйырды! Куәгер миссионерлер саясатқа мүлдем араласпаса да, көп кешікпей олар да елден қуылды.
Бұл жергілікті бауырластарға ауыр соққы болғанымен, олар жігерлерін жасытпады. Өйткені Ехоба Құдайдың өздерімен бірге екенін білді (Заң. қ. 31:6). Десе де кейбір бауырластар енді Патшалық ісі қалай жалғасын табады деп уайымдады.
Ехобаның басшылығы көп ұзамай айқын болды. Бұрында аудандық бақылаушы болған әрі филиалда қызмет етіп біраз тәжірибе жинаған Морис Радж тез арада филиал істерін бақылауға тағайындалды. Үнді болса да, Морис басқа үнділермен бірге жер аударылмаған еді. Ол былай деп түсіндіреді: “Бірнеше жыл бұрын мен Бирма азаматтығын алу үшін арыз жазған болатынмын. Бірақ азаматтық куәлігімді алу үшін маған 450 кьятd жетпей қалды, сондықтан біраз күте тұруды шештім. Бір күні бұрынғы жұмысымның қасынан өтіп бара жатқанымда, компания бастығы мені көріп қалды. Ол дауыстап: “Радж, келіп ақшаңды алып кет. Жұмыстан шыққанда берілетін еңбекақыңды алуды ұмытып кетіпсің”,— деді. Ол ақша тура 450 кьят екен.
Кеңседен шыққан соң, бұл ақшаны қажетімнің қайсысына жаратсам екен деп ойладым. Бірақ бұл дәл азаматтық куәлігімді алуға қажетті сома еді. Сондықтан Ехобаның бұл ақшаны тап осы мақсатта қолданғанымды қалайтынын түсіндім. Бұл ең дұрыс шешім еді. Басқа үнділер Бирмадан қуылып жатқанда, мен Бирма азаматы болғанымның арқасында елде қалып, елді емін-еркін аралап, елге әдебиеттер әкеліп, уағыз ісіндегі басқа да маңызды тапсырмаларды орындай алдым”.
Морис пен Данстан Онейл әр қауым мен оқшау топтарды жігерлендіру үшін бүкіл елді аралауға шықты. Морис былай дейді: “Біз бауырластарға: “Уайымдамаңдар, Ехоба бізбен бірге. Егер оған адал болсақ, ол бізге көмектеседі”,— дедік. Ехоба бізге шынында да көмектесті! Көп ұзамай көптеген жаңа арнайы ізашарлар тағайындалып, уағыз ісі бұрынғыдан да жылдам тарады”.
Содан бері шамамен 46 жыл өтсе де, бүгінде филиал комитетінің мүшесі болып табылатын Морис әлі де қауымдарды нығайту үшін Мьянманы аралап тұрады. Көне Исраилдегі қарт Халеп сияқты, оның Құдай ісіндегі құлшынысы еш бәсеңдемеген (Ешуа 14:11).
Ізгі хабардың Чин штатына жетуі
Арнайы ізашарлардың аяғы тиген алғашқы аймақтардың бірі Бангладешпен және Үндістанмен шегаралас жатқан таулы аймақ Чин штаты еді. Британияның отарлық билігі кезінде баптист миссионерлері мұнда уағыз жүргізгендіктен, бұл аумақ өздерін мәсіхшіміз деп есептейтіндердің отаны болып табылады. Сондықтан Чин тұрғындарының көбісі Киелі кітапқа және Киелі кітапты үйретушілерге зор құрметпен қарайды.
Кезінде сарбаз, ал кейін арнайы ізашар болған Лал Чана 1966 жылдың аяғына таман Фаламға келді (бұл сол кезде Чин штатындағы ең үлкен қала болған). Сол жерде ол Данстан мен Прамила Онейлдерге және бұрын сарбаз болып, жақында ғана су рәсімінен өткен Зен Тумға қосылды. Осы құлшынысты жариялаушылар қызығушылық танытқан бірнеше отбасын кездестіріп, көп ұзамай кішкентай болса да белсенді қауым құрды.
Келесі жылы Зен Тум Фаламның оңтүстігіндегі Хакха қаласына көшіп, сол жерде ізашарлық қызметті бастап, шағын топ құрды. Кейін ол бүкіл Чин штатында уағыздап, сондағы Ванхна, Суркуа, Гангода және басқа да аймақтарда қауымдар құруға көмектесті. Бүгінде, арадан 45 жыл өтсе де, Зен Тум туған ауылы Ванхнада арнайы ізашар ретінде белсенді қызмет етуде.
Зен Тум Хакхадан кеткенде, оның орнына 20 жасар арнайы ізашар Дональд Дьюар келді. Оның ата-анасы Франк пен Лили (бұрын Лили Мей) Дьюарлар жақында жер аударылған еді. Сондықтан 18 жасар інісі Самуил Дональдтің қасына көшіп келді. “Біз қаңылтырдан жасалған кішкентай лашықта тұрдық. Оның іші жазда сондай қапырық, ал қыста өте суық болатын,— дейді Дональд.— Бірақ мен үшін әсіресе қиын болғаны жалғыздық сезімі еді. Мен үнемі қызметке жалғыз шығатынмын әрі жергілікті хакха чин тілінде әрең сөйлейтінмін. Кездесулерге Самуил екеуміз және бір-екі бауырлас қана келетін. Бірте-бірте еңсем түсіп, тіпті өзіме тапсырылған қызметті доғарсам ба деген ой келді.
Шамамен сол уақытта “Жылнамадан” Малавидегі бауырластардың қатты қуғын-сүргін кезінде адалдық сақтағандары туралы жан тебірентерлік оқиғаны оқыдымe. Сонда өзімнен: “Жалғыздыққа шыдай алмай жатсам, қудалауға қалай төтеп бермекпін?”— деп сұрадым. Сөйтіп, бар уайымымды Ехобаға айтып, біраз жеңілдеп қалдым. Сондай-ақ Киелі кітап пен “Күзет мұнарасындағы” мақалаларды оқып, ой жүгірткенім де маған күш берді. Ал күтпеген жерден Морис Радж пен Данстан Онейл келгенде, алдымда бейне бір екі періште тұрғандай көрінді! Мен бірте-бірте қуанышыма қайта кенелдім”.
Кейін Дональд аралаушы бақылаушы болып қызмет етіп жүргенде, өзінің тәжірибесін алыс аймақтардағы куәгерлерді жігерлендіру үшін қолданды. Оның Хакхадағы еңбегі де жеміссіз қалмады. Бүгінде Хакха қаласы өзінің өркендеп жатқан қауымын мақтан тұтады және мұнда жүйелі түрде конгрестер өткізіліп тұрады. Хакхадағы қауым кездесулеріне барып тұрған екі жариялаушы Джонсон Лал Ванг пен Дэниел Санг Ка құлшынысты арнайы ізашарлар болды. Олар ізгі хабарды Чин штатының көп бөлігіне таратуда зор үлес қосты.
“Таулы жерлермен жүру”
Чин штаты теңіз деңгейінен 900—1800 метр биіктікте орналасқан. Оның кейбір шыңдары 3000 метрге дейін жетеді. Көптеген тауларды ну ормандар басқан. Онда биік тик ағаштары, әсем қылқанжапырақтылар, түрлі түсті таураушандар, нәзік те әдемі орхидеялар көптеп кездеседі. Бұл ғажап өлкенің табиғаты жабайы болғандықтан, жол жүру қиынға соғады. Мұндағы қалалар бір-бірімен ирелеңдеген топырақты жолдар арқылы қосылған. Жауын-шашын не көшкін болғанда, бұл жолдармен жүру тіптен мүмкін емес. Шалғайдағы ауылдардың көбісіне тек жаяу жетуге болады. Алайда бұл кедергілер ізгі хабарды мүмкіндігінше көп адамға жеткізуге бел буған Ехобаның қызметшілеріне еш бөгет болған жоқ.
Чин штатында күйеуі екеуі аудандық қызметте болған Ай Ай Зит былай деп есіне алады: “Мен Иравадидің жазық атырауында өскендіктен, Чиннің әсем тау жоталарын көріп, таң-тамаша болдым. Алғаш рет тауға шыққанымда, шабыттана өрмелей жөнелдім, бірақ төбесіне жеткенде әлсіреп, ентігіп қалдым. Ал бірнеше тауға көтеріліп-түскеннен кейін шаршағаным сонша — өлетін шығармын деп ойладым. Алайда уақыт өте келе таулы жерлермен асықпай, күшімді үнемдей отырып, жүруді үйрендім. Көп ұзамай, алты не одан да көп күнге созылатын сапардың барысында күніне 32 шақырым жер жүре алатын болдым”.
Сол жақта: Матупидегі қауымның мүшелері Хакхадағы конгрестерге бару үшін 270 шақырым жол жүретін
Біраз жылдар бойы Чин штатындағы бауырластар әртүрлі көлікті, соның ішінде есек, ат, велосипедті қолданды. Тек соңғы кездері ғана мотоциклді, адам тасымалдайтын кузовты машинаны және таулы аймақта жүре алатын көліктерді пайдалана бастады. Бірақ көбінесе олар жаяу жүреді. Мысалы, Матупидің жан-жағындағы ауылдарға жету үшін, Джоу Уин мен Дейвид Зама есімді арнайы ізашарлар тау-таудан асып, көп шақырым жер жүріп өтетін. Ал Матупидегі қауым өздерінен 270 шақырымнан астам жердегі Хакхада өтетін конгрестерге бару үшін жолға 6—8 күн жұмсап, қайтарда да сонша күн жол жүретін. Жол-жөнекей олар әсем тауларды жаңғырта Патшалық әндерін шырқайтын.
Мұндай қиын жолда бауырластар таулы аймақтағы қолайсыз ауа райының кесірінен қиындықтарға кезігіп қана қоймай, құжынаған масалар мен жан түршіктіретін түрлі жәндіктерге де таланатын. Әсіресе жауын-шашынды кезеңде қиын болатын. Аудандық бақылаушы Мин Луин былай дейді: “Бірде орманнан өтіп бара жатып, аяғыма қарап қалсам, сүліктер жорғалап барады екен. Оларды жұлып алып тастағаным сол еді, тағы екеуі шығып келе жатыр. Сонда құлап жатқан бір ағаштың үстіне секіріп шықтым, алайда қаптаған сүлік ағашқа өрмелей бастады. Зәре-құтым қалмай, орманнан зыта жөнелдім. Жол бойына шыққанда, үстіме қарасам, бүкіл денеме сүліктер жабысып алыпты”.
Оң жақта: облыстық бақылаушы Гумджа Ноу әйелі Нан Лумен Чин штатындағы қауымдарды аралап жүрді
Алайда Чин штатында жол жүрушілерге қиындық тудыратын тек сүліктер емес. Мьянмада қабан, аю, қабылан, жолбарыс та кездеседі. Оған қоса, кейбір мәлімет көзіне сай, мұнда улы жыландардың дүниенің басқа еш жерінде кездеспейтін небір түрі бар. Чин штатында қауымдарды аралап жүрген облыстық бақылаушы Гумджа Ноу мен әйелі Нан Лу далада түнейтін кездері жабайы аңдардан қорғану үшін, айналасына шеңбер қылып от жағып қоятын.
Бұл табанды жариялаушылар арттарынан өшпес мұра қалдырды. “Олар Ехобаға бар күш-қуаттарымен қызмет етті,— дейді Морис Радж.— Чин штатынан кетіп қалса да, олар қайта оралуға дайын еді. Олардың сіңірген еңбектері шынында да Ехобаға мадақ әкелді!” Чин штаты адамдар өте сирек қоныстанған өңірлердің бірі болса да, мұнда жеті қауым және бірнеше оқшау топ бар.
“Мьичинада ешқандай “қой” табылмады”
1966 жылы бірнеше арнайы ізашар Қытайға жақын орналасқан Качин штатындағы Мьичина қаласына келді. Бұл кішкентай көркем қала Иравади өзенінің кең бұрылысында орналасқан. Алты жыл бұрын осында аз уақыт қана уағыздаған Роберт пен Бейби Ричардстар: “Мьичинада ешқандай “қой” табылмады”,— деген еді. Алайда жаңадан келген ізашарлар бұл жерден шындыққа сусаған жандарды тапты.
Солардың бірі 19 жасар баптист Мие Маунг болатын. Ол Киелі кітапты түсінуге көмектесуін сұрап Құдайға дұға етіп жүрген еді. Мие былай дейді: “Бір ізашар менің жұмысыма келіп, Киелі кітап зерттеуді ұсынғанда, төбем көкке жетті. Бұл дұғама жауап болғанын түсіндім. Інім Сан Ай екеуміз аптасына екі реттен зерттеп, рухани тез өстік.
Бізге Уилсон Зейн деген керемет тәлімгер көмектесті. Ол не істеуіміз керектігін айтып қана қоймай, тіпті іс жүзінде де көрсетті! Жаттығулар мен көріністер арқылы біз Киелі кітапты тиімді қолдануды, батылдықпен уағыздауды, қарсылыққа кезіккенде қалай жауап беруді және қауымдағы тапсырмаларды дайындап, айтып жеткізуді үйрендік. Уилсон Зейн әр тапсырмамызды тыңдап, қай жағынан жақсаруға болатынына қатысты кеңестер беретін. Оның мейіріммен тәлім бергені бізді рухани мақсаттарға ұмтылуға талпындырды.
“Бүгінде теміржол бойындағы Намти, Хопин, Монин, Ката қалаларында өркендеп жатқан қауымдар бар”
1968 жылы Сан Ай екеуміз ізашарлық қызметті бастағанда, Мьичинадағы ізашарлардың саны сегізге жетті. Біздің алғашқы зерттеушілеріміз анамыз бен жеті бауырымыз болды. Бәрі де кейін шындықты қабылдады. Сондай-ақ біз Мьичина — Мандалай теміржолының бойындағы қалалар мен ауылдарда уағыздадық. Сапарымыз 1—3 күнге созылатын. Сепкен тұқымымыз кейіннен өз өнімін берді. Бүгінде сол теміржол бойындағы Намти, Хопин, Монин, Ката қалаларында өркендеп жатқан қауымдар бар”.
Сан Ай Мьичинадағы іскерлер аумағында уағыздап жүргенде, үкімет мекемесінде жұмыс істейтін Пум Рам есімді качин баптисін кездестірді. Пум Рам шындықты қуана қабылдады. Ол Гималай тауларының етегіндегі Путао қалашығына көшіп барып, сол жерде көптеген туысқандарына уағыздады. Көп кешікпей, қауым кездесулеріне 25 адам қатыса бастады. Ізашар бола жүріп, Пум Рам әйелі мен жеті баласына және басқа да көптеген туыстарына шындыққа келуге көмектесті. Қазір ол Мьичинада ізашар әрі ақсақал ретінде қызмет етуде.
Қалып қойған вагондар
1969 жылғы конгреске арнайы пойызбен Янгоннан Мьичинаға бара жатқан Куәгерлер
Качин штатындағы рухани өсім жылдам болғандықтан, филиал 1969 жылғы “Жер бетіндегі тыныштық” деп аталатын халықаралық конгресті әдеттегідей Янгонда емес, Мьичинада өткізуді шешті. Конгресс делегаттарын Янгоннан Мьичинаға, яғни солтүстікке қарай 1100 шақырым жерге жеткізу үшін, филиал Бирма теміржолынан алты вагон жалдауға рұқсат сұрады. Бұл ерекше жайт еді. Себебі Качин штаты көтерілістердің ордасы болатын әрі бұл аймаққа кіріп-шығу қатаң бақыланатын. Осыған қарамастан теміржол басшылары өтініштеріне оңай келісім бергенде, бауырластар бұған таңғалды.
1969 жылы Мьичинада өткен “Жер бетіндегі тыныштық” атты халықаралық конгресте болған ақсақалдар. Артқы қатарда: Франсис Вайдопау, Морис Радж, Тин Пей Зан, Мие Маунг. Ортаңғы қатарда: Данстан Онейл, Чарли Ауи Зейн, Ауи Тин Швей, Уилсон Зейн, Сан Ай. Алдыңғы қатарда: Маунг Кар, Дональд Дьюар, Дэйвид Абрахам, Робин Зауджа.
Делегаттар мінген пойыз Мьичинаға келетін күні Морис Радж бен бір топ бауырлас оларды қарсы алу үшін вокзалға келді. Морис былай дейді: “Күтіп тұрғанымызда, қасымызға теміржол бастығы жүгіріп келді де, қазір ғана жеделхат алғанын айтты. Онда билік органдарының біздің делегаттар мінген алты вагонды ажыратып, Мандалай мен Мьичинаның арасында қалдырып кеткені жазылған екен. Пойыз қосымша вагондарды өрге қарай тарта алмаған көрінеді.
Енді қайттік? Ойымызға бірінші келгені конгресті басқа күнге ауыстыру болды. Алайда ол үшін қайтадан біраз жерден рұқсат алып, бірнеше апта күту керек еді. Ехобаға жалбарынып дұға айтып тұрғанымызда, пойыз вокзалға келіп тоқтады. Біз өз көзімізге өзіміз сенбедік: бауырластарымыз мінген вагондардың алтауы да түгел екен! Делегаттар мәз-мейрам болып, бізге қол бұлғап жатты. Не болғанын сұрағанымызда, олардың біреуі: “Олар алты вагонды ажыратып тастады, бірақ біздікін емес!”— деді”.
“Олар алты вагонды ажыратып тастады, бірақ біздікін емес!”
Мьичинадағы конгресс керемет өтті. Бағдарлама барысында бирма тілінде жаңа үш әдебиеттің және ағылшын тілінде бес әдебиеттің жарық көргені хабарланды. Бұдан үш жыл бұрын, миссионерлер елден қуылғанда, Бирмаға келетін рухани ас-судың ағысы бәсеңдеп қалған еді. Ал енді ол тасқындап аға бастады!
Нага халқына тәлім беру
Мьичинадағы конгрестен төрт ай өткен соң, филиал Камтидегі бір пошта қызметкерінен хат алды. Камти қаласы Бирма — Үндістан шегарасының солтүстік-батысында, биік қыраттың етегінде өзенді бойлай орналасқан. Бұл өңірде нага халқы тұрады. Олар кезінде адам басын алатын қаныпезерлер болған әртүрлі тайпалардан құралған. Бұрын жетінші күн адвентисі болған Ба Ий есімді әлгі пошта қызметкері өз хатында рухани көмек сұраған еді. Филиал оған дереу екі арнайы ізашар Аунг Найн мен Уин Пейді жіберді.
Уин Пей былай дейді: “Камти аэродромына келіп қонғанда, тек белдерін орап алған сұсты нага жауынгерлерін көріп, қатты қобалжып кеттік. Ба Ий бізді қарсы алу үшін алдымыздан жүгіріп шықты. Содан дереу бізді қызығушылық білдірген адамдарға ертіп апарды. Көп ұзамай-ақ бес адаммен зерттеу сабағын бастадық.
Биак Мойя (артқы қатардың оң жақ шетінде) мен Камтидағы қауым. Нагалар тұратын аумақта уағыз ісі басталған кез
Алайда жергілікті билік иелері бізді сол жердегі көтерілісшілермен байланысы бар баптист пасторлары деп ойлап қалды. Саясатта бейтараптық сақтайтынымызды айтып, қанша сендіріп бақсақ та, олар бір айдың ішінде сол жерден кетуді бұйырды”.
Үш жылдан кейін, билік басына жаңа басшылар келгенде, бұрынғы ізашарлардың орнына 18 жасар Биак Мойя деген ізашар келді. Арадан көп уақыт өтпей, Ба Ий поштадағы жұмысын тастап, ізашарлық қызметті бастады. Кейіннен мұнда басқа да ізашарлар келді. Құлшынысы жалындаған бұл ізашарлар Камтиде аз уақыт ішінде қауым құрды. Сондай-ақ жақын маңдағы ауылдарда бірнеше шағын топ ұйымдастырды. Биак Мойя былай деп есіне алады: “Нага халқынан шыққан бауырластар білімі жоқ, сауатсыз еді. Бірақ олар Құдай сөзін жақсы көретін және әдебиеттеріміздегі суреттерді шебер қолданып, құлшына уағыздайтын. Олар көптеген тармақтар мен Патшалық әндерін жатқа білетін”.
Бүгінгі таңда Камтиде жүйелі түрде облыстық конгрестер өткізіліп тұрады. Делегаттар бұл жерге кемемен 15 сағатта жетуге болатын сонау оңтүстіктегі Хоумалин қаласынан да келеді.
“Алтын үшбұрыштағы” қарсылық
Осы аралықта уағыз ісі елдің басқа жағында, Қытай, Лаос және Таиландпен шектесіп жатқан таулы аймақта, таралып жатты. “Алтын үшбұрыштың” жүрегі болып табылатын бұл аймақ — қыратты әрі шұрайлы алқабы мол сұлу өңір. Алайда бұл жерде апиын өсіру, көтерілістер мен басқа да заңсыздықтар кең етек алған. Осы тұрақсыз аумақта ізашарлар шындықты сақтықпен, абайлап жеткізуге тырысты (Мат. 10:16). Әйтсе де олардың уағыз ісіне қарсылық көрсеткен бір топ бар еді, ол мәсіхшілер әлемінің дінбасылары болатын.
Робин Зауджа мен Дэйвид Абрахам деген ізашарлар Шан штатындағы тіршілігі қарбалас Лашио қаласына келгенде, жергілікті дінбасылар оларды көтерілісшілер деп айыптады. Робин былай деген еді: “Бізді ұстап, түрмеге алып кетті. Ол жерде полицейлерге үкімет басындағылар берген құжаттарымызды көрсеттік. Сөйтіп тұрғанда, ішке бір майор кіріп келді. “Қалайсыз, Зауджа мырза?! Ехоба куәгерлері Лашиоға да келіп қалған ба?!”— деді ол. Бұл майор менің бұрынғы сыныптасым болып шықты. Ол бізді дереу босатып жіберді”.
Екі ізашар бірден іске кірісіп кетті. Көп кешікпей айтарлықтай үлкен қауым құрылып, ал кейінірек Патшалық сарайы тұрғызылды. Екі жыл өткен соң, бұл екі ізашар жергілікті әкімшілікке апарылды. Сол жерде 70 әскери қызметкер, тайпа көсемдері мен дінбасылары жиналды. “Ашулы дінбасылар бізге жұртты діни әдет-ғұрыптарын тастауға мәжбүрлеп жүр деген жала жапты,— деді Робин.— Жиын төрағасы бізге сөз бергенде, өзімді қорғап сөйлеу үшін Киелі кітапты қолдануға рұқсат сұрадым. Ол келісті. Мен ішімнен тез дұға еттім де, жалған діндегі әдет-ғұрыптарға, әскери қызмет пен ұлттық рәсімдерге қатысты Киелі кітапта не айтылғанын түсіндірдім. Сөзімді аяқтағанымда, төраға орнынан тұрып, Бирма заңы бойынша барлық дін өкілдері еркін ғибадат ете алатынын мәлімдеді. Ол бізді жіберіп, уағыз ісін жалғастыра беруімізге рұқсат етті. Бұл дінбасылары үшін күтпеген шешім еді”.
Кейінірек Қытай шегарасына жақын бір кішкентай Монгпо деген ауылда бір топ ашынған баптистер Патшалық сарайын өртеп жіберді. Бұл қастық әрекеттері жергілікті Куәгерлерді шошыта қоймағанын көргенде, олар бір арнайы ізашардың үйін өртеп жіберді. Сондай-ақ басқа да бауырластардың үйлеріне барып, қоқан-лоқы көрсете бастады. Бауырластар сол жердің билеушісіне жүгініп еді, ол баптистерді қолдады. Ақырында бұл іске үкімет араласып, бауырластарға жаңа Патшалық сарайын ауыл шетіндегі бұрынғы орнына емес, оның дәл орталығына соғуға рұқсат етті!
Оңтүстікке қарай, “Алтын үшбұрышпен” шектесіп жатқан, Кайян штатындағы шалғай таулы аймақта орналасқан Лато ауылында да Грегорий Сарило католик шіркеуінің тарапынан қатты қарсылық көрді. “Ауылдың діни қызметкері өз отарына менің көкөніс еккен бақшамды жойып жіберуді бұйырды,— дейді Грегорий.— Сосын олар маған ас-ауқат тарту етпек болды, бірақ досым оның уланғанын ескертті. Бірде діни қызметкердің жақтастары келесі күні қай жолмен жүретінімді сұрады. Бірақ сол күні басқа жолмен жүрдім. Осылай маған тұтқиылдан тап беріп, өлтірмек болғандардың қолынан аман қалдым. Өміріме бірнеше рет қастандық жасалғанын биліктегілерге айтқанымда, олар әлгі діни қызметкер мен оның жақтастарына мені жайыма қалдыруды қатаң ескертті. Осылайша Ехоба мені “жанымды алмақ” болғандардан қорғап қалды” (Заб. 34:4).
Бейтараптық сақтау
Бірнеше жылдан кейін Бирмадағы бауырластарымыз адалдықтарын сақтауда тағы бір қиындыққа кезікті. Елде ұлтаралық соғыстар мен саяси қақтығыстар орын алғанда, олардың бейтараптығы сыналды (Жох. 18:36).
Оңтүстіктегі Танбузаят қаласында (Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде соғылған темір жол бекетімен танымал қала) бүлікшілер мен үкімет әскерлерінің арасында соғыс жүріп жатқан еді. Соғыс болып жатқан жерде қалып қойған Хла Аунг есімді арнайы ізашар былай дейді: “Әскерилер түн ішінде ауыл-ауылдарды аралап, соғыс заттарын тасыту үшін ер адамдарға мылтық кезеп, айдап әкететін. Осылай кеткендердің көбісі қайта оралмады. Бір күні түнде Дональд Дьюар екеуміз үйде сөйлесіп отырғанда, әскерилер келіп, біздің ауылды аралай бастады. Әйелім дереу айғайлап ескерткенінің арқасында, біз орманға қашып үлгердік. Осылай әрең қашып құтылғаннан кейін, келесі жолы әскерилер келген жағдайда тез жасырынып қалу үшін, үйде арнайы тығылатын жер дайындап қойдым”.
Раджан Пандит деген арнайы ізашар Танбузаяттан оңтүстікке қарай орналасқан Тавой деген қалаға келгенде, сол маңдағы ауылда бірнеше зерттеу сабағын бастады. Бұл ауыл көтерілісшілердің ордасы еді. “Бір күні ауылдан қайтып келе жатқанымда, әскерилер мені ұстап алып, соққыға жықты. Олар мені бүлікшілердің жағында деп ойлады,— деді Раджан.— Мен Ехоба куәгері екенімді айтқанымда, олар менен Тавойға қалай келгенімді сұрады. Оларға естелік ретінде сақтап жүрген ұшақ билетімді көрсеттім. Бұл менің ұшақпен келгенімді растады. Ал бүлікшілер ешқашан ұшақпен ұшпайтын. Сонда олар мені ұруын қойып, босатып жіберді. Алайда мен зерттеу өткізіп жүрген ер кісіні де әскерилер сұрақтың астына алыпты. Ол кісі біздің жай ғана Киелі кітапты зерттеп жүргенімізді айтып, менің сөздерімді растапты. Содан соң әскерилер мені жайыма қалдырды, тіпті кейінірек олардың кейбіріне журнал апарып тұратын болдым”.
Кейде қала басшылары бауырластарға бейтарап болмай, ұлттық рәсімдерге не сайлауға қатысуға қысым жасайтын. Янгоннан 130 шақырым жердегі жағажайда орналасқан Залун қаласының басшылары сол жердегі Куәгерлерді сайлауға қатысуға мәжбүрлемек болды. Алайда бауырластар бұлай етуден бас тартып, көзқарастарын Киелі кітап бойынша түсіндіріп берді (Жох. 6:15). Сонда қала басшылары аудандық әкімшілікке шағымданды. Бірақ аудандық әкімшілік Ехоба куәгерлерінің саяси бейтараптық сақтайтындары туралы толықтай хабардар болатын. Сондықтан бауырластар сайлауда дауыс беруден еш қиындықсыз босатылды.
Бирма—Үндістан шегарасындағы Кампат деген қалада Куәгерлердің 23 баласы туға тағзым етуден бас тартқаны үшін, директор оларды мектептен шығарып жіберді. Директор қала судьясы мен әскербасын қоса алғанда, жиналған бір топ билік органдарының алдына екі ақсақалды шақыртты. “Біз Жазбаларға негізделген көзқарасымызды түсіндіргенде, олардың кейбіреуінің бізге қарсы екендері анық көрінді,— дейді сол ақсақалдардың бірі Пол Кай Кан Танг.— Сонда біз оларға Ехоба куәгерлеріне туға тағзым ету рәсімі кезінде “үндемей және құрмет ретінде жай тұрып тұруға” рұқсат берілгені туралы үкіметтің шешімін көрсеттік. Отырғандардың таңғалғаны сонша — не дерлерін білмей қалды. Алайда өз-өздеріне келген соң, әскербасы директорға мектептен шығарылған оқушыларды қайта алуды бұйырды. Сондай-ақ директор бұл шешімнің көшірмесін мектептің әр бөліміне таратып берді.
Бүгінде Мьянма үкіметінің жоғары дәрежелі билік басшылары Ехоба куәгерлерінің саяси бейтараптық сақтайтындарын жақсы біледі. Иса Мәсіх алдын ала айтып кеткендей, Киелі кітап принциптерін берік ұстанғандарының арқасында Ехобаның қызметшілері керемет куәлік бере алды (Лұқа 21:13).
Әскери қызметтегілердің мәсіхші болуы
Мьянманың бүгінгі күнгі аумалы-төкпелі тарихында оның көптеген азаматтары әскери қызметте не бүлікшілердің қатарында болған. Олардың кейбірі бірінші ғасырдағы Рим әскерінің жүзбасы болған Корнел сияқты, “Құдайдан қорқатын діншіл адамдар” (Ел. іс. 10:2). Шындықты біле түскен сайын, Ехобаға ұнамды болу үшін олар өмірлерінде көп өзгерістер жасаған.
Құдай Сөзінің азаттыққа жетелейтін күші бұл екі ер кісіні жеккөрушіліктің шырмауынан босатып, сүйіспеншілік арқылы біріктірді
Солардың бірі — теңіз офицері болған Хлон Манг. Моламьяйнда қызмет бабымен жүргенде шындықты білген ол былай дейді: “Мен ізгі хабарды естіген бойда оны басқаларға айтқым келді. Алайда әскери қызметтен кетуді ойлап жүргенімде, маған бір бақуатты Батыс еліндегі оқу орнында әскери білім алып, қызмет сатысымен жоғарылауға мүмкіндік берілді! Бірақ Құдайдың ісіне атсалысуға бел буып, қызметтен кету жайлы арыз бергенімде, бастықтарым таңғалды. Сөйтіп, мен Ехобаға қызмет ете бастадым. Қазір шамамен 30 жыл өтсе де, дұрыс шешім қабылдағаныма сенімдімін. Шынайы Құдайға қызмет етуден артық мәртебе бар ма?”
Айк Лин (сол жақта) мен Са Тан Тун Аунг (оң жақта) джунглидағы бірнеше сұрапыл соғыста бір-біріне қарсы шайқасқан
Ла Банг Гам есімді кісі госпитальда емделіп жатқанда, Робин Зауджа оған “Жоғалып, қайта табылған жұмаққа дейін”f деген кітапты көрсетті. Ла Банг Гам бұл кітапты қатты ұнатып қалып, оны өзіне алғысы келді. Бірақ бұл Робин бауырластың жалғыз кітабы болғандықтан, ол Ла Банг Гамға кітапты бір түнге ғана бере алатынын айтты. Робин келесі күні қайтып келгенде, Ла Банг Гам жарқын дауыспен: “Міне, кітабыңыз. Енді менің өз кітабым бар!”— деді. Сөйтсе, ол түні бойы көз ілместен 250-беттік кітапты бірнеше дәптерге толығымен көшіріп алыпты! Көп ұзамай Ла Банг Гам әскери қызметтен кетті. Ол “Жұмақ” кітабын қолданып, көп адамға шындыққа келуге көмектесті.
Шан штатындағы таулы өңірде Бирма әскерінің капитаны Са Тан Тун Аунг пен біріккен Ва штатының әскер басшысы Айк Лин джунглидағы бірнеше сұрапыл соғыста бір-біріне қарсы шайқасқан болатын. Алайда соғысты доғару жайлы келісімге келген соң, бұл екеуі де Шан штатына қоныстанды. Кейіннен екеуі екі жақта шындықты біліп, әскери қызметтерін тастап, шомылдыру рәсімінен өтті. Кезінде қас жау болған бұл екеуі аудандық конгресте кездесіп, бір-бірімен бауырлас ретінде құшақ жая көрісті! Құдай Сөзінің азаттыққа жетелейтін күші оларды жеккөрушіліктің шырмауынан босатып, сүйіспеншілік арқылы біріктірді (Жох. 8:32; 13:35).
“Әртүрлі адамдармен” пікір алысу
Бирмадағы жариялаушылардың саны 1965—1976 жылдар аралығында 300 пайызға дейін өсті. Шындықты жаңадан қабылдағандардың көбісі мәсіхшілер әлемінен шыққан болатын. Ехоба “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайтынын” бауырластар білетін (Тім. 1-х. 2:4). Сондықтан 1970 жылдың ортасынан бастап олар Бирмадағы буддизм, индуизм және анимизм сияқты басқа да дінді ұстанатын адамдарға уағыздау үшін көбірек күш салды.
Мьянмада дәстүрлі киімдерін киген буддист монахтарын жиі кездестіруге болады
Алайда бұның көптеген қиындықтары бар еді. Буддистер Құдай не Жаратушы бар деген ұғымды қабылдамайтын, индустар болса миллиондаған құдайларға сенеді, ал Бирмадағы анимистер наттар деп аталған құдіретті рухтарды құрмет тұтады. Ырымшылдық, бал ашу және спиритизм бұл діндерде кең таралған. Сенушілердің көбісі Киелі кітапты қасиетті кітап ретінде мойындайды. Бірақ онда не жазылғанын және оның неге үйрететінін біреулері аздап білсе, өзгелері бұдан мүлдем бейхабар.
Дегенмен бауырластар Құдай Сөзінің кез келген адамның жүрегіне әсер ете алатынын білген (Евр. 4:12). Олар жай ғана Құдай рухына арқа сүйеп, адамдардың жүрегіне әсер ететін әрі өзгерістер жасауға талпындыратын қисынды дәлелдер келтіру арқылы “тәлім беру шеберлігін” қолданулары керек еді (Тім. 2-х. 4:2).
Ұзақ уақыттан бері арнайы ізашар болып қызмет ететін Розалина есімді бауырластың буддистермен сөйлескенде қандай қисынды дәлел келтіретінін қарастырып көрейік. Ол былай дейді: “Буддистерге Жаратушының бар екенін айтқанда, олар жиі “Ал Жаратушыны кім жаратты?” деген сұрақ қояды. Буддистер адамның жаны жануарларға өтеді деп сенетіндіктен, оларды ойландыру үшін үй жануарларын мысалға келтіріп, былай деп сұраймын:
— Үй жануары өзінің иесі бар екенін біле ме?
— Иә.
— Ал ол иесінің жұмысы, отбасы не шыққан тегі жайлы біле ме?
— Жоқ.
— Тура сол сияқты рухани тұлға болып табылатын Құдай адамдардан өзгеше. Сондықтан біз Құдайдың қайдан бастау алғаны туралы бәрін түсіне аламыз деп ойлағанымыз дұрыс па?
— Жоқ.
“Бауырластардың маған көрсеткен сүйіспеншілігі жаныма жылу берді”
Осылай ой жүгірту көптеген ақжүрек буддистерді Құдайдың бар екенін дәлелдейтін басқа да айғақтарды қарастыруға талпындырды. Егер қисынды дәлелдер келтірумен қатар шынайы сүйіспеншілік танытатын болсақ, бұл адамдардың жүрегіне күшті әсер етуі мүмкін. Бұрын буддист болған Оун Твин былай дейді: “Мен буддизмдегі нирвана туралы ілімді жерде жұмақ орнайды деген Киелі кітаптағы уәдемен салыстырдым. Маған жұмақтың болатыны көбірек ұнады. Бірақ шындыққа көп жол апарады деп сенгендіктен, білгендерімді қолдану маңызды деп санамайтынмын. Кейін мен Ехоба куәгерлерінің кездесулеріне бара бастадым. Бауырластардың маған көрсеткен сүйіспеншілігі жаныма жылу берді. Осындай сүйіспеншілік мені шындық деп тапқан нәрселеріме сай өмір сүруге талпындырды”.
Бирмадағы Куәгерлер тобы, 1987 жыл
Әрине, адамдарға діни көзқарастарын өзгертуге көмектесу үшін ілтипаттылық пен шыдамдылық қажет. Кумар Чакрабанидің әкесі индуизм дінін қатаң ұстанатын. Кумар он жаста болғанда, әкесі бетелдік Джимми Зейвиерге баласына оқуды үйретуге рұқсат етті. “Әкем оған дінді емес, тек оқуды үйрет деп ескертті,— дейді Кумар.— Сонда Джимми “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” деген кітаптың балаларды оқуға үйрететін тамаша құрал екенін айтты. Менімен сабақ өтіп болған соң, Джимми әкеме көңіл бөліп, онымен сөйлесуге уақыт арнайтын. Әкем дінге қатысты сұрақтар қоя бастағанда, Джимми оған ілтипатпен: “Киелі кітапта бұл сұрақтарыңыздың жауаптары бар. Бірге іздеп көрейік”,— дейтін. Уақыт өте келе әкем ғана емес, отбасымыздың 63 мүшесі де Ехоба куәгері болды”.
Көтеріліс кезінде өткізілген конгрестер
1980 жылдардың ортасында Бирманың саяси жағдайы барған сайын тұрақсыз бола түсті. Ақырында, 1988 жылы он мыңдаған адам қала көшелеріне шығып, үкіметке қарсы көтерілді. Алайда әскерилер бұл көтерілісті бірден басып-жаншыды. Содан елдің көп бөлігіне әскери тәртіп орнатылды.
Бетелде қызмет ететін Джоу Уин былай деп есіне алды: “Билік органдары қатаң коменданттық сағат орнатып, бес адамнан артық жиналуға тыйым салды. Сонда біз жақындап қалған облыстық конгрестерді өткізе алар ма екенбіз деп уайымдадық. Десе де Ехобаға сенім арта отырып, біз Янгон әкімшілік округінен 1000 адам жиналатын конгресс өткізуге рұқсат сұрадық. Екі күннен кейін бізге рұқсат берілді! Бұл рұқсат қағазын басқа аудандардағы билік басындағыларға көрсеткенімізде, олар да көп кешіктірмей өз аудандарында конгрестердің өткізілуіне рұқсат берді. Ехобаның қолдауымен барлық конгрестер керемет өтті!”
Олар қауым кездесулерін қалдырмады
1988 жылы болған көтерілістен кейін, Бирманың экономикалық жағдайы күннен күнге қиындай түсті. Десе де бауырластар Патшалық ісін бірінші орынға қою арқылы Құдайға деген берік сенімдерін көрсетті (Мат. 6:33).
Мысалы, шалғай жердегі Сагайн деген ауылда тұратын Чин Кан Далдың оқиғасын қарастырайық. “Біз Тахан қаласында өтетін облыстық конгреске барғымыз келді. Ол жерге жету үшін қайықпен және жүк көлігімен екі күн жүру керек еді,— дейді ол.— Біз үйде болмаған кезде, тауықтарымызға қарайтын ешкім болмады. Бірақ біз Ехобаға сенім артып, конгреске кеттік. Үйге қайтып келсек, 19 тауығымыз жоқ болып шықты. Бұл біз үшін қаржы жағынан ауыр соққы болды. Алайда бір жылдан кейін біздегі аз ғана тауықтың саны 60-тан асты. Сондай-ақ басқа ауыл тұрғындарының тауықтары індеттен қырылып қалғанда, біздің тауықтарға түк те болған жоқ”.
Янгонның солтүстік-батысынан 64 шақырым жерде орналасқан Джонша деген кішкентай ауылда тұратын тоғыз баласы бар Аун Тин Ньют пен әйелі Ниен Миа бар назарларын рухани нәрсеге аударған. Аун Тин Ньют былай дейді: “Дастарқанымызда көбінесе күріш ботқасы мен көкөністер ғана болатын. Біздің ақшамыз да, сататын затымыз да болған жоқ. Бірақ біз еш мойымайтынбыз. Мен отбасыма: “Исаның бас тірейтін тұрағы да болмаған. Сондықтан бір талдың астында өмір сүруге не аштан өлуге тура келсе де, мен Құдайға адалдықпен қызмет ете беремін”,— дейтінмін.
“Ехоба менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?” (Евр. 13:6)
Бір күні үйде жейтін тамақ қалмады. Әйелім мен балаларым уайымдаған жүздерімен маған қарады. Оларға нық сеніммен: “Еш уайымдамаңдар, Құдай бізге көмектеседі”,— дедім. Таңертең уағызға шығып келген соң, ұлдарыммен балық аулауға бардым. Бірақ біз бір жеуге ғана жететін балық ұстадық. Балық аулайтын себеттерімізді өзен жағасына жақын өскен су лалагүлдерінің жанына қалдырып, балаларыма: “Кездесуден кейін қайтып келеміз”,— дедім. Сол күні түстен кейін қатты жел тұрды. Қайтып келсек, желден қашқан балықтардың көбісі су лалагүлдерінің астына тығылып-тығылып қалыпты. Себеттерімізді суға салып, өте көп балық ұстап алдық. Сосын оларды сатып, бір аптаға жететін азық-түлік сатып алдық”.
Мьянмадағы бауырластар Ехобаның: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген жүрекке жылы тиетін уәдесінің орындалғанына талай рет куә болған. Сондықтан да олар: “Ехоба менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?”— деп сеніммен айта алады (Евр. 13:5, 6).
Баспа ісіндегі жетістіктер
“Күзет мұнарасы” журналы 1956 жылдан бері мьянма (бирма) тілінде жүйелі түрде басылып келеді. Мьянманың тұрғындары бұл рухани ас-судың көп пайдасын көруде. Этникалық және азаматтық соғыстар мен экономикалық қиындықтар белең алса да, бұл басылымның бірде-бір саны шықпай қалған емес. Бұл журнал қалай басылып келді?
Көп жылдар бойы филиалдағы бауырластар аударылған әдебиеттің бірнеше данасын құзырлы билік органдарына тексеруге беретін. Ол кісілер мәтінді мақұлдаған соң, бауырластар қағаз сатып алуға рұқсат алып, қағаз бен журналдың мәтіндерін жергілікті баспаханаға жіберетін. Ол жерде баспашы әрбір парақты басу үшін мьянма (бирма) әріптерін бір-бірлеп қолмен теретін. Кейіннен бір бауырлас мәтіннің туралығын тексеру үшін бір оқып шығатын. Ал баспашы журналды әбден ескірген баспа құрылғысында басып шығаратын. Журналдың көшірмелері қайтадан тексерушілерге жіберіледі де, олар осы журналды басып шығаруға рұқсат ететін құжат беретін. Біраз тер төгуді қажет ететін мұндай жұмыстар бірнеше аптаға созылатын әрі парақ пен баспаның сапасы да айтарлықтай нашар еді.
Алайда 1989 жылы филиал баспа жұмысын толық өзгерткен жаңа баспа жүйесін алды. Бас басқармада ойлап шығарылған көптілді электронды фототерім жүйесі (MEPS) компьютерлерді, компьютерлік бағдарламаларды және фототерім машиналарын қолданып, әдебиеттерді 186 тілде, оның ішінде мьянма тілінде де, басуға жол ашты!g
“Мьянмада әдебиеттерді басу үшін компьютерлерді бірінші болып қолданған Ехоба куәгерлері екені анық,— дейді жергілікті филиалда қызмет еткен Мие Маунг.— Біздің филиалда салынған әдемі мьянма әріптері қолданылған MEPS жүйесі жергілікті баспа өндірісіне көп өзгерістер енгізді. Адамдар әріптерді қалайша ұқыпты да анық етіп басып шығарғанымызды түсінбей, аң-таң болды!” Сондай-ақ MEPS жоғары сапалы офсеттік баспаны жасауға мүмкіндік берді. Оған қоса MEPS-тің арқасында “Күзет мұнарасын” сырт көзге тартымды ететін жоғары сапалы суреттермен басып шығару мүмкін болды.
Мьянма үкіметі 1991 жылы “Ояныңдар!” журналының басып шығарылуына рұқсат бергенде, бауырластар қатты қуанды. Оқырмандардың да қуанышында шек болмады! Ақпарат министрлігіндегі жоғары дәрежелі шенеунік көптеген оқырмандардың лебіздерін білдіріп, былай деді: “Ояныңдар!” журналы басқа діни әдебиеттерден өзгеше. Онда көптеген қызықты тақырыптар бар, әрі журнал түсінуге оңай тілде жазылған. Ол маған қатты ұнайды”.
Басылып шығатын журналдардың саны соңғы 20 жылдың ішінде шамамен 900 пайызға өсті!
Ай сайын басылып шығатын журналдардың саны соңғы 20 жылдың ішінде 15 000-нан 141 000-ға дейін, яғни шамамен 900 пайызға өсті. Янгонда “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдары көпшілікке таныс әрі бүкіл ел бойынша оларды қуана оқитындар бар.
Жаңа филиал қажет болды
1988 жылы болған көтерілістен кейін, әскери биліктегілер Мьянмадағы қоғамдық және діни ұйымдарды тіркеуден өтуге шақырды. Әрине, біздің филиал мұны қуана жүзеге асырды. Сөйтіп, 1990 жылы 5 қаңтарда үкімет Мьянмадағы “Ехоба куәгерлерінің (Күзет мұнарасы) қоғамын” тіркеуден өткізді.
Бетел ғимаратында артық орын болмады. Әйел бауырлас киімдерді еденде үтіктейтін
Ол кезде бауырластар 39-шы Стриттегі филиалды қаланың солтүстік шетінде орналасқан бақуатты аудандағы Инья Роудқа көшіріп қойған болатын. Ондағы екі қабатты ғимарат шамамен 2000 м2 жерде орналасқан еді. Филиалды осында көшіргенде, бөлмелердің бәрі лық толып, артық орын қалмады. Сол уақытта Мьянмада аймақтық бақылаушы болып қызмет еткен Вив Мориц былай дейді: “Бетел отбасының 25 мүшесі қиын жағдайда қызмет етті. Асүйде тамақ пісіретін пеш болмағандықтан, әйел бауырластар тамақты электр плиткасында пісіретін. Ал кір жуатын бөлмеде кір жуғыш машиналар болмады, сондықтан әйел бауырластар кірді еденде жасалған арнайы шұңқырда жуатын. Бауырластар тамақ пісіретін пеш пен кір жуғыш машина сатып алуды қалайтын, бірақ бұл заттарды шетелден әкелу мүмкін емес болатын”.
Бауырластарға үлкенірек филиалдың керек болғаны анық еді. Сондықтан Басқарушы кеңес екі қабатты ғимаратты бұзып, оның орнына тұрғын үй мен кеңселерден тұратын төрт қабатты жаңа ғимарат соғуға рұқсат берді. Алайда бұл жоспарды іске асыру үшін біраз қиындықтардан өту керек еді. Біріншіден, алты түрлі билік органдарының рұқсатын алу керек еді. Екіншіден, жергілікті құрылысшылар болат қаңқадан ғимарат тұрғызу әдісімен таныс емес-тін. Үшіншіден, ерікті қызметші ретінде басқа елден келетін Куәгерлер елге кіре алмайтын. Төртіншіден, қажетті құрылыс заттарын жергілікті жерден де, шетелден де алуға мүмкіндік болмады. Сондықтан бұл құрылыс жоспары жүзеге аспай қалатындай көрінді. Бірақ бауырластар Ехобаға арқа сүйеді. Егер Ехоба қаласа, жаңа филиал міндетті түрде соғылмақ еді! (Заб. 126:1).
“Билік күшімен де емес, тек менің рухыммен”
Әрі қарай не болғанын филиалдың заң бөліміндегі Джоу Уин былай деп айтып берді: “Ғимаратты тұрғызу жайлы арызымыз Діни істер министрлігін қоса алғанда, бес-алты үкімет басындағылардың алдынан өтті. Содан кейін Янгон қаласын дамыту комитеті төрт қабатты ғимарат тым биік деп, арызымызды қайтарып берді. Арызды екінші рет бергенімізде, қайтадан рұқсат ала алмадық. Филиал комитеті мені берілмеуге талпындырды. Сөйтіп, Ехобаға жалбарына дұға еттім де, арызды қайта бердім. Бұл жолы бізге рұқсат берілді!
Содан біз Иммиграция министрлігіне бардық. Ол жердегі билік басындағылар шетелдіктердің елге тек жеті күндік туристік визамен ғана кіре алатынын айтты. Бірақ шетелден келетін тәжірибелі ерікті қызметшілеріміз осы құрылысқа қатысатындарға заманауи құрылыс техникасын үйрететінін айтқанда, олар шетелдік бауырластарға алты айға виза берді!
Сауда министрлігіне барғанымызда, барлық шетелдік тауарларға тыйым салынғанын білдік. Десе де биліктегілерге жобамыз жайлы мағлұмат бергенде, олар қолымызға шетелден құны бір миллион АҚШ долларынан асатын құрылыс материалдарын кіргізуге рұқсат ететін қағазды ұстатты. Ал бұл шетелдік тауарларға салынатын алым-салық ше? Қаржы министрлігіне жолыққанымызда, олар бізге құрылыс материалдарын елге ешқандай салық төлемей-ақ кіргізуге рұқсат етті! Осындай және басқа да көптеген жолдармен біз Құдайдың: “Күш-қуатпен де емес, билік күшімен де емес, тек Менің Рухыммен ғана табысқа жетесің!— дейді Әлемнің Иесі”,— деген сөздерінің шындығына көз жеткіздік (Зәк. 4:6).
Шетелдік және жергілікті бауырластар бірге жұмыс істеді
1997 жылы ерікті қызметшілер құрылыс алаңына жиналды. Құрылыс материалдарының көбісін Австралиядағы бауырластар сыйлады, сондай-ақ Малайзия, Сингапур және Таиландтан басқа да керек-жарақтар келіп жатты. Осы жобаны бақылауға көмектескен Брюс Пикеринг былай дейді: “Австралиядан келген бірнеше ер бауырлас ғимараттың болат қаңқасын толықтай өз елдерінде алдын ала жасап, Мьянмаға келгенде, оны бөлшек-бөлшегімен құрастырып, болтпен бекітті. Бөлшектердің бәрі бір-біріне сақадай сай келді!” Басқа ерікті қызметшілер Германия, Грекия, Жаңа Зеландия, Құрама Штаттар, Ұлыбритания және Фиджи елдерінен келді.
Жергілікті жариялаушылар 30 жылдан кейін бірінші рет шетелдік бауырластармен көрісе алды. Дональд Дьюар былай деп есіне алады: “Бұл бізді қатты тебірентіп жіберді, тура түс көріп жатқандай болдық. Қонақтардың рухани күйі, сүйіспеншіліктері және жанқиярлық рухтары бізді қатты жігерлендірді”. Басқа бауырлас болса былай деді: “Сондай-ақ біз құрылысқа қатысты түрлі нәрселерді үйрендік. Осыған дейін шам ғана қолданып келген бауырластар электр жарығын өткізуді үйренді. Тек желпуіш қолданғандар болса, кондиционер орнатуды үйреніп алды. Біз тіпті тоқпен істейтін құралдарды қолдануды үйрендік!”
Мьянмадағы Бетел
Ал Мьянмадағы бауырластардың сенімі мен сүйіспеншіліктері шетелдік ерікті қызметшілердің жүректерінде терең із қалдырды. “Бауырластардың тұрмысы нашар болса да, пейілдері кең еді,— дейді Брюс Пикеринг.— Көбісі бізді қонаққа шақырып, отбасыларымен бірнеше күн жеуге болатын соңғы тамақтарымен бөлісті. Олардың үлгісі бізге өмірде шын мәнінде ең маңыздысы — отбасы, Құдаймен қарым-қатынас, бауырластығымыз және Ехобаның баталары екенін есімізге салды”.
2000 жылдың 22 қаңтарында Ұлттық театрда өткен арнайы жиында жаңа филиал ғимараттарының бағышталуы өтті. Басқарушы кеңестен келген Джон Баррдың бағыштауға арналған баяндамасын тыңдаған бауырластардың қуанышында шек болмады.
Жаңа Патшалық сарайларын соғу
Жаңа филиалдың соғылуы аяқталып қалғанда, бауырластар назарларын тағы бір шұғыл қажеттілікке, Патшалық сарайларын соғуға, аударды. 1999 жылы Жапониядан Нобухико мен жұбайы Айя Кояма келді. Нобухико филиалда Патшалық сарайларын соғу бөлімін құруға көмектесті. Ол былай дейді: “Біз бауырластармен бүкіл ел бойынша кездесулер өтетін жерлерді мұқият қарап шықтық. Ол үшін автобуспен, ұшақпен, мотоциклмен, велосипедпен, кемемен және жаяу жүретінбіз. Бізге жиі үкіметтен жолсапарға рұқсат алып отыру қажет болды, өйткені кей жерлерде шетелдіктерге кіруге тыйым салынған еді. Жаңа Патшалық сарайлары қажет жерлерді тапқанымызда, Басқарушы кеңес бізге ресурстары шектеулі елдерге арналған бағдарлама бойынша құрылысқа қажетті қаржы бөлді”.
Янгонның шет жағында орналасқан Шипита деген қалада алғашқы жаңа Патшалық сарайын соғу үшін шақырылған ерікті қызметшілер тобы жиналды. Шетелдік және жергілікті бауырластардың бірге жұмыс істеп жатқанын көріп, сол жердегі полиция қызметшілері аң-таң болды. Олар шетелдіктермен бірге жұмыс істеуге рұқсаттың бар-жоғын сұрау үшін бастықтарымен келіп, құрылысты бірнеше рет тоқтатып қойды. Ал құрылысты сырттан бақылаған кейбіреулер болса бауырластарды мақтады. Бір ер кісі таңғалып: “Мен бір шетелдіктің дәретхана тазалап жатқанын көрдім! Шетел адамының мұндай жұмыс істегенін бұрын-соңды көрмеппін. Сендер шынымен де өзгешесіңдер!”— деді.
Бауырластар жаңадан соғылған Патшалық сарайына кемемен жетеді
Осы арада Мьянма—Таиланд шегарасында орналасқан Тачилейк деген қалада басқа құрылыс тобы жаңа Патшалық сарайын соғуды бастап кетті. Таиландтағы көптеген Куәгерлер Мьянмадағы бауырластармен бірге құрылыс ісіне қатысу үшін күнде шегарадан өтетін. Әртүрлі тілде сөйлейтіндеріне қарамастан, бұл екі топ бірлесіп жұмыс істеді. Ал шегарада бұған мүлдем қарама-қайшы жағдай орын алды. Патшалық сарайының құрылысы аяқталып қалғанда, екі елдің әскери топтары бір-бірімен соғыса бастады. Патшалық сарайының төңірегінде бомбалар мен оқтар қарша борады, бірақ олардың ешқайсысы да Патшалық сарайына тимеді. Соғыс басылғаннан кейін, жаңа ғимаратты бейбітшіліктің Құдайы Ехобаға бағыштау үшін Патшалық сарайына 72 адам жиналды.
1999 жылдан бері Патшалық сарайын соғу топтары бүкіл ел бойынша 65-тен аса Патшалық сарайын соқты
1999 жылдан бері Патшалық сарайын соғу топтары бүкіл ел бойынша 65-тен аса жаңа Патшалық сарайын соқты. Бұл жергілікті жариялаушыларға қалай әсер етті? Көзіне қуаныштан жас алып, ризашылығын білдірген бір әйел бауырлас былай деді: “Мен ешқашан біздің осындай Патшалық сарайымыз болады деп ойламаппын! Енді мен қызығушылық білдірген адамдарды кездесулерге шақыру үшін одан да бетер күш салатын боламын. Ехоба мен оның ұйымына бізге көрсеткен мейірімділігі үшін үлкен ризашылығым шексіз!”
Миссионерлердің келуі
Ондаған жылдар бойы басқа елдермен байланысын үзген Мьянма 1990 жылдары шетелдіктерге біртіндеп өз есігін аша бастады. Сондықтан жергілікті филиал үкіметтен миссионерлердің елге қайта келуіне рұқсат сұрады. Ақыр соңында, 2003 жылдың қаңтарында Жапониядан келген Ғалақад мектебінің түлектері Хироши мен әйелі Джунко Аоки соңғы 37 жылдың ішінде Мьянмаға келген алғашқы миссионерлер болды.
Хироши мен әйелі Джунко Аоки соңғы 37 жылдың ішінде Мьянмаға келген алғашқы миссионерлер болды
“Елде шетелдіктер аз еді. Сондықтан үкімет басындағылар уағыздауымыздың мақсатын дұрыс түсінбей қалмауы үшін, бізге қызметте парасаттылық таныту керек болды,— дейді Хироши.— Алғашында қызметімізді жергілікті бауырластардың қайта баруларына және зерттеу сабақтарына барудан бастадық. Көп ұзамай мьянмалықтардың Құдай жайлы сөйлесуді ұнататынын аңғардық. Қызметке шыққан алғашқы күні-ақ, таңертең, біз бес Киелі кітап зерттеу сабағын бастадық!”
“Біз жиі Ехобаның басшылығын көретінбіз,— деп қосты Джунко.— Бірде Мандалайға жақын жердегі зерттеу сабағынан қайтып келе жатқанымызда, мотоцикліміздің дөңгелегі жарылып қалды. Мотоциклді жақын маңдағы зауытқа итеріп апарып, дөңгелегімізді жөндеуге көмек сұрадық. Күзетші Хирошиға мотоциклімен ішке кіруге рұқсат етті. Бірақ маған күзетшілер отыратын үйшікте күте тұруға тура келді. Сондағы бір күзетші маған сұрақтар қоя бастады.
— Мұнда не істеп жүрсіздер?— деп сұрады ол.
— Достарымызға келген едік,— дедім.
— Не үшін? Діни кездесуге ме?— деді ол қоймай.
Ниетіне күмәнданғандықтан, оның сұрағына жауап қайырмадым.
— Ашығын айтыңыз! Қай ұйымнан келдіңіз?— деді ол қайтпастан.
Мен сөмкемнен “Күзет мұнарасының” бір данасын шығарып, оған көрсеттім.
Ол: “Мен мұны білген едім!”— деп қуана айқайлап жіберді. Сосын әріптестеріне бұрылып: “Қараңдар! Ехоба куәгерлерін бізге жіберу үшін періште олардың дөңгелектерін жарып тастаған ғой!”— деді.
Ол сөмкесінен Киелі кітап пен бір трактатымызды шығарды. Сөйтсе, ол бұрын Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеген екен. Бірақ Мандалайға көшіп кеткеннен кейін, олармен байланысын үзіп алыпты. Біз бірден онымен Киелі кітап зерттеу сабағын бастадық. Кейін оның кейбір әріптестері де зерттей бастады”.
2005 жылы Мьянмаға Филиппинде өткен Қызметті жетілдіру мектебін (қазір Салтбасты ер бауырластарға арналған Киелі кітап мектебі деп аталады) бітіріп келген тағы төрт миссионер келді. Сол ер бауырластардың бірі Нельсон Хунио көп миссионерлер кезігетін бір қиыншылықпен — туған үйіне деген сағыныш сезімімен — күресті. Хунио былай дейді: “Мен жатар алдында жиі жылап тұрып Ехобаға дұға айтатынмын. Бірде бір қамқор ер бауырлас маған Еврейлерге 11:15, 16-дағы сөздерді көрсетті. Ол жерде Ыбырайым мен Сараның Урдағы бұрынғы үйлерін аңсай бермей, бар назарларын Ехобаға қызмет етуге аударғандары туралы айтылған еді. Осы тармақты оқығаннан кейін, мен жыламайтын болдым. Қайта, тағайындалған жеріме өзімнің үйім ретінде қарай бастадым”.
Көбісіне жақсы әсер еткен үлгілер
Бірінші ғасырда елші Пауыл Тімөтеге мынадай кеңес берген: “Менен естігендеріңді адал кісілерге сеніп тапсыр, сонда олар да өзгелерге тәлім беруге қабілетті болады” (Тім. 2-х. 2:2). Миссионерлер осы принципке сай әрекет етіп, Мьянмадағы қауымдарға Ехобаның халқы дүниежүзі бойынша қолданатын теократиялық әдістерді үйретуге күш салды.
Мысалы, миссионерлер жергілікті жариялаушылардың Киелі кітапты зерттеушілерге сұрақтың жауабын тікелей кітаптан оқып беруді үйрететінін байқаған. Мьянмадағы мектептерде көбінесе осындай әдіс қолданылады екен. Джоумар Убина былай дейді: “Біз шыдамдылықпен жариялаушыларға адамның ойы мен көзқарасын білуге көмектесетін сұрақтар қоюға талпындырдық. Олар кеңеске қуана құлақ асты және соның нәтижесінде жемісті тәлімгерлер болды”.
Сонымен қатар миссионерлер көп қауымда бір ғана ақсақал не қызмет көмекшісі бар екенін байқады. Тағайындалған сол бауырластардың кейбірі адал және еңбекқор болғанымен, қауымға өктемдік етуге бейім болатын. Адамға тән бұндай бейімділік бірінші ғасырда да орын алса керек. Елші Петір қауым ақсақалдарын: “Өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарын... бағыңдар; сондай-ақ Құдайдың меншігіне өктемдік етпей, қайта, отарға үлгі-өнеге болыңдар!”— деп шақырған (Пет. 1-х. 5:2, 3). Миссионерлер бұл ер бауырластарға қалай көмектесе алды? “Біз барынша мейірімді, жұмсақ әрі ашық жүзді болу арқылы жақсы үлгі көрсетуге тырыстық”,— дейді Бенджамин Райес. Бауырластар бірте-бірте олардың жақсы үлгісіне еліктей бастады. Нәтижесінде көп ақсақалдар өзгеріп, отарға анағұрлым жанашырлықпен қарайтын болды.
Аудармадағы жетістіктердің әкелген пайдасы
Жылдар бойы Мьянмадағы бауырластар XIX ғасырда мәсіхшілер әлемінің бір миссионері буддист монахтарының көмегімен аударған Киелі кітапты қолданып келді. Бұл аудармада пали тіліндегі көнерген сөздер қолданылған, әрі ол түсінуге өте қиын еді. Ал 2008 жылы мьянма тіліндегі “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасы” жарық көргенде, бауырластардың төбелері көкке жетті. “Тыңдаушылар ұзақ уақыт қол соғып тұрды, ал жеке данасын алғанда, кейбіреулері тіпті көздеріне қуаныштан жас алды. Бұл жаңа аударма анық, қарапайым және тура еді. Тіпті буддистердің өздері бұл кітаптың түсінуге жеңіл екенін айтты”,— дейді Морис Радж. Бұл аударма шығарылғаннан кейін көп ұзамай, елдегі Киелі кітап зерттеу сабақтарының саны 40-тан астам пайызға өсті.
Бүгінде, арада 50 жылдай өтсе де, Дорес Радж әлі күнге дейін аудармашы болып Янгон Бетелінде қызмет етуде
Басқа көптеген тілдердегідей, мьянма тілінің екі түрі қолданылады: көне санскрит пен пали тілдерінен шыққан ресми тіл және күнделікті тұрмыста қолданылатын ауызекі тіл. Адамдар осы екі тілде де сөйлейді және жазады. Біздің бұрынғы әдебиеттерде ресми тіл қолданылып келген. Алайда қазір бұл тіл көпшілік үшін түсінуге қиын. Осыны ескере отырып, жақында жергілікті филиал әдебиеттерді күнделікті тұрмыста қолданылатын және көп адамдар оңай түсіне алатын тілге аудара бастады.
Мьянма филиалындағы аударма топтары
Бұл жаңа әдебиеттердің әсері бірден байқалды. Аударма бөлімінің бақылаушысы Зан Твей У былай дейді: “Бұрын адамдардың көбісі: “Әдебиеттерің өте сапалы, бірақ оның ішінде не жазылғанын түсіне алмаймыз”,— дейтін. Ал қазір олардың қуанғаннан жүздері жайнап, әдебиеттерімізді бірден оқуға кіріседі. Көп адамдар қуаныштан: “Бұл әдебиетті түсіну сондай оңай!”— деп жатады”. Тіпті қауым кездесулерінде берілетін түсініктемелер де жақсара түсті, өйткені қазір кездесуге келушілер әдебиеттерімізде не жазылғанын анық түсінетін болды.
Қазіргі уақытта аударма бөлімінде 26 аудармашы қызмет етеді. Олар мьянма, хакха чин және сго кайян деген үш тілге аударады. Сондай-ақ әдебиеттеріміз жергілікті 11 тілге аударылған.
“Наргис” дауылы
2008 жылдың 2 мамырында “Наргис” дауылы сағатына 240 км жылдамдықпен Мьянмаға жойқын соққы берді. Бұл сұрапыл дауыл Иравади атырауынан бастап Таиландтың шегарасына дейін көптеген адамның өмірін жалмап, біраз жерді қиратып кетті. Дауыл екі миллионнан астам адамға кесірін тигізді және мерт болған не із-түзсіз жоғалғандардың саны шамамен 140 000-ға жетті.
Мыңдаған Ехоба куәгерлеріне де бұл дауыл әсер етпей қоймады, бірақ бір қуаныштысы, бәрі де аман қалды. Көбісі жаңадан соғылған Патшалық сарайларын паналап, өмірлерін сақтап қалды. Иравади атырауының жағасында орналасқан Ботингон ауылында 20 Куәгер мен ауылдың басқа да 80 тұрғыны Патшалық сарайының төбесіне шығып, шатырдың астында тоғыз сағат бойы отырған. Қауіп төндірген тасқын су үйдің төбесіне дейін жетті де, кейін қайтты.
Май Син У жаңадан соғылып жатқан үйінің жанында тұр
Құрылыс бригадасы ерлі-зайыпты Тун Хин бауырластармен бірге “Наргис” дауылынан кейін олардың қалпына келтірілген үйлерінің алдында тұр
Филиал өзен сағасындағы қатты зардап шеккен аймақтарға жедел түрде көмек көрсетуші топты жөнелтті. Бұл топ мәйіттерге толы, астан-кестені шыққан жерлерден өтіп, Ботингонға азық-түлік, су және дәрі-дәрмек жеткізді. Олар бұл аймаққа көмек көрсетушілердің арасынан бірінші болып жеткен топ еді. Жергілікті бауырластарды керек-жарақпен қамтамасыз еткен соң, көмек көрсетушілер оларды Жазбаларға негізделген баяндамаларымен жігерлендірді. Сондай-ақ бауырластарға Киелі кітап пен әдебиеттер таратып берді, өйткені олардың барлық заттары дауыл кезінде суға ағып кеткен еді.
Үлкен көлемде көмек көрсету жұмыстарын жүргізу үшін, филиал Янгон мен Патейнде апатқа ұшырағандарға көмек көрсету комитеттерін құрды. Бұл комитеттер дауылдан зардап шеккендерге су, күріш және басқа да ең қажет деген заттарды жеткізу үшін жүздеген ерікті қызметшілерді жинады. Сонымен қатар олар дауылдың кесірінен қирап қалған не қатты зақымданған Куәгерлердің үйлерін соғып беру үшін жер-жерге баруға дайын құрылыс бригадаларын да ұйымдастырды.
Ерікті қызметшілердің бірі Тобиас Лунд былай дейді: “Әйелім София екеуміз Май Син У деген 16 жасар қызды кездестірдік. Ол отбасындағы жалғыз жариялаушы екен. Май Син У қираған үйінен қалған үйінділердің арасында Киелі кітабын күн көзіне кептіріп отыр екен. Ол бізді көргенде күлімсіреді, алайда көзінен моншақтап жас тамып тұрды. Көп ұзамай бастарына сары каска киген құрылыс бригадаларымыздың бірі құрал-саймандарымен және құрылыс материалдарымен келіп, оның отбасына жап-жаңа үй тұрғызып берді. Көршілер бұған таңғалды. Адамдар аймақтарындағы көз тартарлық жерге айналған құрылыс алаңын бірнеше күн бойы тамашалаумен болды. Олар: “Біз мұндайды ешқашан көрген емеспіз! Сендердің ұйымдарыңның бірлігі мен сүйіспеншілігі сондай мықты екен. Біз де Ехоба куәгері болғымыз келіп кетті”,— деп жатты. Бүгінде Май Син Удың ата-анасы мен туған бауырлары қауым кездесулеріне барып, жақсы рухани қадамдар жасауда”.
Көмек көрсету жұмыстары айлар бойы жүргізілді. Бауырластар тонналап гуманитарлық көмек жеткізді және 160 үй мен 8 Патшалық сарайына жөндеу жұмыстарын жүргізді не жаңадан тұрғызды. “Наргис” дауылы Мьянмаға қайғы-қасірет алып келді, бірақ адамдар осы қиын шақта Құдай халқын біріктіретін және Ехобаның есіміне даңқ әкелетін сүйіспеншілікті анық көре алды.
Ұмытылмас оқиға
2007 жылдың басында Мьянма филиалына бір ерекше хат келді. Осыдан бір жыл бұрын әйелі Джанетпен филиалға келген Джон Шарп былай дейді: “Басқарушы кеңес Янгонда халықаралық конгрестің өткізілуін ұйымдастыруды сұрады. 2009 жылы өтетін бұл конгреске он мемлекеттен жүздеген шетел делегаттары келетін болды. Бұл филиалымыздың тарихында болмаған жайт еді!”
Джон сөзін жалғап былай деді: “Бізде көптеген сұрақтар туындады. Осындай үлкен жиын өткізуге болатын ғимарат таба аламыз ба? Конгреске алыс аймақтарда тұратын жариялаушылар келе ме? Келсе, олар қайда тоқтайды? Олар конгреске қалай жетеді? Отбасыларын азық-түлікпен қамтамасыз ете ала ма? Мьянма үкіметі ше? Олар мұндай жиын өткізуге рұқсат бере ме?” Осы сияқты кедергі болатын жайттар бітпейтіндей көрінді. Әйтсе де біз Исаның: “Адамдар үшін мүмкін емес нәрселер Құдай үшін мүмкін”,— деген сөздерін еске алдық (Лұқа 18:27). Содан Құдайға үміт арта отырып, нақты жоспарлар құра бастадық.
Көп кешікпей біз конгресс өткізетін жер таптық. 11 000 адам сыйдыратын әрі кондиционері бар Мьянманың ұлттық жабық стадионы қала орталығына жақын орналасқан еді. Біз дереу басшыларға ғимаратты жалдауға өтініш жаздық. Бірнеше ай өтіп, конгреске санаулы апталар қалған еді. Ал бізге әлі де рұқсат берілмеген болатын. Сосын бір жаңалықты естіп аң-таң болдық. Стадион әкімшілігі тура конгресс өтетін күндері ғимаратта кик-боксинг жарысын өткізуді жоспарлап қойған екен! Басқа ғимарат табуға уақытымыз қалмағандықтан, біз табандылық таныта отырып, мәселені шешу үшін жарысты ұйымдастырушымен және көптеген билік иелерімен келіссөздер жүргіздік. Ақырында ұйымдастырушы жарысты кейінге қалдыруға келісті, бірақ бұл үшін жарысқа қатысатын 16 кәсіпқой кик-боксер өз келісімшарттарын өзгертулері керектігін айтты. Спортшылар ғимаратта Ехоба куәгерлері арнайы конгресс өткізгісі келетіндерін білгенде, олар бұған бір ауыздан келісті”.
Филиал комитеті: (солдан оңға қарай) Джоу Уин, Хла Аунг, Джон Шарп, Дональд Дьюар және Морис Радж
Филиал комитетінің бір мүшесі Джоу Уин былай дейді: “Бірақ бізге стадионды қолдану үшін әлі де үкіметтің рұқсаты қажет еді, ал олар өтінішімізден төрт рет бас тартқан болатын! Біз Ехобаға дұға айтып алдық та, Мьянма еліндегі барлық стадионды бақылайтын басшыға жолықтық. Конгреске екі-ақ апта қалғанда, бізге бірінші рет мұндай жоғары дәрежелі үкімет басшысымен кездесуге мүмкіндік берілді. Қуанышымызға орай, ол бізге рұқсат берді!”
Мұның бәрінен бейхабар мыңдаған делегаттар бүкіл Мьянмадан және шетелдерден Янгонға ұшақпен, пойызбен, кемемен, автобуспен, көлікпен және жаяу жол тартқан еді. Мьянмадағы көптеген отбасылар конгреске бару үшін айлар бойы ақша жинады. Бауырластардың басым көпшілігі дәнді-дақылдар өсірді, басқалары шошқа асырады, кейбіреулері киім тіксе, кейбірі өзеннен алтын іздеп ақша тапты. Олардың көбісі өмірлерінде үлкен қаланы да, шетелдіктерді де көрмеген еді.
Солтүстік Мьянмадан келген 1300-ден астам делегат Мандалайдағы теміржол вокзалына жиналды. Олар Янгонға апаратын арнайы пойызға үлгеру керек еді. Бір топ бауырлас Нага жоталарынан алты күн бойы жол жүріп келді. Олар қолдан жасалған мүгедек арбалары сынып қалған екі жариялаушыны жол бойы арқалап келген екен. Вокзал платформасына тоқтаған жүздеген бауырластар бір-бірімен араласып, күліп-ойнап, Патшалық әндерін шырқады. Бауырластарды тасымалдауға көмектескен Бум Чин Кай былай дейді: “Бәрі ерекше толқып жүрді. Біз оларға тамақ, су және ұйықтайтын матрастар бердік. Ақырында пойызымыз келгенде, ақсақалдар әр топты өз вагондарына мінгізді. Соңында дауыс зорайтқыштан: “Ехоба куәгерлерінің пойызы аттанып барады!”— деген дауыс естілді. Ешкім қалып қоймағанына көз жеткізу үшін платформаны тез қарап шықтым да, пойызға секіріп міндім!”
Осы арада шетелден келген 700 делегат Янгондағы қонақүйлерге жайғасып жатты. Ал 3000-нан астам мьянмалық делегат қайда орналаспақ еді? Пәтер бөлімінде қызмет еткен Мин Луин былай дейді: “Ехоба Янгондағы Куәгерлерді бауырластарына қамқорлық етуге қозғау салды. Кейбір отбасылар үйлеріне 15 адамға дейін қонақ алды. Олар жергілікті билік иелеріне қонақтарын тіркеуге қажетті ақшаны төледі, сондай-ақ делегаттарға таңғы астарын беріп, күнде стадионға апарып-әкеліп отырды. Делегаттардың көбісі Патшалық сарайларына тоқтады, тағы жүздегендері бір үлкен зауытта түнеп жүрді. Бірақ қанша тырысқанымызбен, әлі 500-дей делегатқа тоқтайтын жер қажет еді. Біз бұл мәселені стадион әкімшілігіне айтып түсіндіргенімізде, олар делегаттардың стадионда қонуына рұқсат етті. Бұл ерекше жайт болды!”
“Ехоба Янгондағы Куәгерлерді бауырластарына қамқорлық етуге қозғау салды”
2009 жылғы “Сергек болыңдар!” деген халықаралық конгресс бауырластардың сенімін нығайтты және Янгон тұрғындарына керемет куәлік болды
Стадионның күйі нашар болғандықтан, 350-ден аса ерікті қызметшілер ғимаратты конгреске дайындау үшін он күн бойы еңбек етті. Конгрестің бақылаушысы Тай Уин бауырлас былай дейді: “Біз ғимаратты түгел тазалап, сырладық және су құбырларын, электр жабдықтарын, кондиционерлеу жүйелерін жөндедік. Біздің ерен еңбегіміз басқаларға жақсы куәлік болды. Стадионды басқарған армия офицері: “Рақмет! Рақмет сендерге! Сендер жыл сайын стадионымды қолдансын деп Құдайға дұға ететін боламын!”— деп ризашылығын білдірді”.
2009 жылы 3—6 желтоқсан аралығында өткен конгреске 5000-нан астам адам қатысты. Конгрестің соңғы күнінде делегаттардың көбісі түрлі-түсті ұлттық киімдерін киіп келді. Бұл көздің жауын алатын көрініс болды. “Бағдарлама басталмай жатып бәрі бір-бірімен құшақтасып, көздеріне жас алып жатты!”— деді бір әйел бауырлас. Басқарушы кеңес мүшесі Геррит Лёш соңғы дұғаны айтып болған соң, конгреске қатысушылардың барлығы бірнеше минут бойы шапалақтап, қол бұлғап тұрды. 86 жастағы бір бауырлас көпшіліктің сезінген қуанышын білдіріп: “Мен өзімді жаңа дүниеде жүргендей сезіндім!”— деді.
Көптеген билік иелеріне де конгресс қатты әсер етті. Солардың бірі: “Бұл бір ерекше жиын екен. Ешкім балағаттап, арека пальмасының жаңғағын шайнап не темекі шегіп жүрген жоқ. Әртүрлі ұлттан шықса да, бәрі бір-бірімен тату. Мұндай адамдарды ешқашан кездестірмеппін!”— деді. Морис Раджтың айтуынша, “тіпті Янгонның әскербасы бізге өзі де, қызметтестері де мұншалықты әсерлі жиынды ешқашан көрмегендерін айтты”.
Көптеген делегаттар бір ерекше жайтқа куә болғандарын растады. Бір жергілікті бауырлас былай деді: “Конгреске келмей тұрғанда, біз халықаралық бауырластық туралы тек еститінбіз. Енді өз көзімізбен көрдік! Бауырластардың бізге танытқан сүйіспеншіліктерін ешқашан ұмытпаймыз!”
“Конгреске келмей тұрғанда, біз халықаралық бауырластық туралы тек еститінбіз. Енді өз көзімізбен көрдік!”
“Пісіп, жинауға дайын тұр”
Шамамен 2000 жыл бұрын Иса өзінің шәкірттеріне: “Егіндікке көз салыңдар, ол пісіп, жинауға дайын тұр”,— деген (Жох. 4:35). Бүгінде Мьянмаға қатысты осылай деуге болады. Қазіргі уақытта елде 3790 жариялаушы бар. Бір жариялаушыға 15 931 адамнан келетінін ескерсек, жинайтын егін расында да көп! 2012 жылы өткен Еске алу кешіне 8005 адамның келгені керемет өсімнің болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Бангладешке шегаралас жатқан жағалаудағы Рекайн штаты бұның бірден-бір дәлелі. Ол жерде шамамен төрт миллион халық тұрады, бірақ бірде-бір Ехоба куәгері жоқ. Морис Радж былай дейді: “Бізге осы ауданда тұратын адамдар әдебиеттер сұрап, Құдай жайлы білгілері келетінін айтып, ай сайын хат жазып жібереді. Сондай-ақ Мьянмада көптеген буддистер, соның ішінде әсіресе жастар, шындыққа қызығушылық білдіруде. Сондықтан біз егін Иесінен көбірек жұмысшылар жіберуін өтініп сұраудамыз” (Мат. 9:37, 38).
“Біз егін Иесінен көбірек жұмысшылар жіберуін өтініп сұраудамыз”
Шамамен 100 жыл бұрын екі қайсар ізашар буддист діні кеңінен таралған осы елге алғаш рет ізгі хабарды жариялады. Содан бері әртүрлі этникалық топтардан шыққан мыңдаған адам шындықты қабылдады. Қатыгез қақтығыстарға, саяси төңкерістерге, кең етек алған кедейлікке, діни қудалауға, халықаралық оқшаулану мен табиғи апаттарға қарамастан, Мьянмадағы бауырластар Ехоба Құдайға және оның Ұлы Иса Мәсіхке деген шын берілгендіктерін көрсетті. Олар әрі қарай да Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауға және “бәріне шыдамдылықпен және қуанышпен төзуге” белдерін бекем буған (Қол. 1:11).
a Мьянма бұрын Бирма деп аталған. Бұл атау елдегі ең үлкен этникалық топ болып табылатын бамар (бирма) тайпасының құрметіне қойылған. Елде көптеген этникалық топтар тұрғандықтан, 1989 жылы бұл мемлекеттің атауы Мьянма Одағы деп өзгертілді. Біз 1989 жылға дейінгі оқиғаларға қатысты Бирма атауын, ал кейінгі жылдарға қатысты Мьянма атауын қолданатын боламыз.
b Үнді-ағылшын деп ататегі үнді және британдық адамдарды атайды. Британ билігі кезінде мыңдаған үнді-ағылшындар Бирмаға қоныс аударған болатын. Кейіннен бұл жер “Британ Үндістанының” құрамына енді.
c Бертрам Марселин Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өткен Бирмадағы ең бірінші адам болған. Ол өмірінің соңына дейін адалдығын сақтап, 1970 жылға таман Бирмада қайтыс болды.
d Бұл сол кезде 95 АҚШ долларына тең әжептәуір сома еді.
e “Ехоба куәгерлерінің 1966 жылғы жылнамасының” (ағ.) 192-бетін қараңдар.
f Ехоба куәгерлері басып шығарған, бірақ қазір басылмайды.
g Бүгінде MEPS-тің көмегімен әдебиеттерді 600-ден аса тілде басып шығару мүмкін болып отыр.
Ехоба бізге жол ашып берді
МОРИС РАДЖ
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1933
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1949
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: 50 жылдан астам уақыт бойы Мьянмада толық уақытты қызметші болған. Осы жылдардың көбісінде филиал бақылаушысы ретінде қызмет еткен. Ол қазір де филиал комитетінде қызмет етедіh.
◆ 1988 жылы Янгонда мыңдаған адамның саяси реформаны талап еткен ереуілі қаланы дүр сілкіндірді. Осындай дағдарыс орын алып жатқанда, әскерилер төңкеріс жасап, елдің көп бөлігіне соғыс жағдайын енгізді. Мыңдаған көтерілісшілер қаза болды.
Сол айда біз Нью-Йорктегі дүниежүзілік бас басқармаға филиалдың жылдық есебін өткізуіміз керек еді. Бірақ әдеттегі байланыс арналарының барлығы үзіліп қалғандықтан, есепті шетелге жіберудің еш амалы болмады. Кейіннен АҚШ елшілігі өзінің дипломатиялық поштасын шетелге тікұшақ арқылы жіберейін деп жатқанын білдім. Сонда маған есепті сол поштаға қосып жіберу туралы ой келді. Мен ең жақсы деген костюмімді киіп, галстугімді тағып, елшілікке қарай жол тарттым.
Жаңбырдан кейін су болып жатқан көшелер арқылы көлікпен келе жатқанымда, қаланың ерекше тыныш екенін байқадым. Көп ұзамай жолды бөгеп жатқан үлкен бөренені көрдім. Сөйтіп, көлігімді жолдың шетіне қойып, әрі қарай жаяу кеттім.
Елшіліктің қақпасына жақындағанымда, ішке кірмек болған жүздеген адамның айғайлап жатқанын көрдім. Бірақ жүздері суық сарбаздар жолды бөгеп тұрды. Мен сәл кідірдім де, ішімнен дұға айтып алдым. Бір адам менің жақсы киінгенімді көріп: “Мына кісі елшілікте жұмыс істейтін сияқты ғой”,— деп айғайлап жіберді. Сонда мен тобырдың арасынан сығылысып өтіп, құлыптаулы тұрған елшіліктің қақпасының алдына келдім. Денелі келген бір жауынгер маған күдікпен қадала қарады.
Ол маған: “Кімсің, саған не керек?”— деп зекіді.
“Мен елшімен кездескім келеді. Америкаға жөнелту керек өте маңызды хабарым бар”,— дедім.
Ол маған ала көзімен тесіле қарап тұрды. Кенеттен ол қақпаны жұлқып ашты да, мені ішке кіргізіп алды. Сосын ентелеп тұрған адамдардың алдынан қақпаны сарт еткізіп жауып қойды.
“Соңымнан ер”,— деді ол жақтырмаған даусымен.
Елшіліктің есігінің алдына келгенде, сарбаз мені әбден шаршап тұрған бір қызметкерге тапсырды. Ол менен не үшін келгенімді сұрады.
“Мен Күзет мұнарасы қоғамының жергілікті филиалынан бір өтінішпен келіп тұрмын. Осы айда Нью-Йорктегі бас басқармаға бір маңызды есепті жіберуім керек еді. Соны дипломатиялық пошталарыңызбен бірге жібере аласыздар ма?”— деп сұрадым. Құнды хатымды оған беріп жатып: “Кешірім өтінем, бірақ хатқа жабыстыратын маркам жоқ”,— деп қостым.
Құнды хатымды оған беріп жатып: “Кешірім өтінем, бірақ хатқа жабыстыратын маркам жоқ”,— дедім
Ол біраз ойланып тұрып, маған бірнеше сұрақ қойды. Сосын есепті міндетті түрде жіберетінін айтты. Кейін мен бұл есептің бас басқармаға өз уақытында жеткенін білдім.
h Радж бауырластың өмірбаяны 2010 жылдың 1 желтоқсанындағы “Күзет мұнарасында” (ор.) жарық көрген.
Қарсылықтарға қарамастан шындықты қабылдаған судья
МАНГ ЧУНГ
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1934
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1981
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Танымал мектеп директоры және судья болған, кейінірек құлшынысы зор ізашар ретінде қызмет еткен.
◆ АЛҒАШ рет бір ізашар маған “Күзет мұнарасын” ұсынғанда, оған: “Менің журнал оқитын уақытым жоқ. Жұмысым бастан асады”,— дедім. Алайда темекіні көп шегетіндіктен, парақтары темекі орауға жарап қалар деген оймен журналды алдым.
Темекіні орауға журналдың бір парағын жұлып алғанымда, бекерге ысырап болмас үшін оны алдымен оқып шығайын деп ойладым. Осылайша “Күзет мұнарасымен” танысып, оны оқуды жақсы көріп кеттім. Оқығандарым темекіні тастауға және өмірімді Құдайдың әділ талаптарына сай келтіруге талпындырды. Көп кешікпей мен шомылдыру рәсімінен өттім.
Шомылдыру рәсімінен өткен соң ауылға қайтып келгенімде, пастор мен шіркеу басшылары бұрынғы дініме оралуым үшін маған ақша ұсынды. Бірақ мен бас тарттым. Сонда олар шомылдыру рәсімінен өтуім үшін Куәгерлер маған ақша төледі деп жұртқа өтірік айтты. Олардың жапқан жаласы мені сескендірген жоқ. Шынайы Құдайды біліп, оған қызмет ету мен үшін мақтаныш болды.
Ехоба табандылығыма батасын берді
АЙ ШИ
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1952
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1998
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Бұрын діни дәрежесі жоқ католик уағыздаушысы болып, кейінірек шындықты қабылдады.
◆ МЕН көп жылдар бойы “Алтын үшбұрыштың” орталығында діни дәрежесі жоқ католик уағыздаушысы болдым. Ехоба куәгерлерімен кездескенде, Киелі кітапты шеберлікпен қолданатындарын көріп, олармен зерттеуге келістім.
Кейін жексенбі сайын таңертең шіркеуде уағыз айтып, ал түске қарай Патшалық сарайында өтетін кездесулерге қатысатынмын. Біраз уақыт өткен соң, шіркеудегі уағызымда Киелі кітаптың шын мәнінде неге үйрететінін қосып айтатын болдым. Бірақ дінбасы да, шіркеуге келушілер де мұны жақтырмады. Кейіннен католик уағыздаушысы болудан бас тартқанымда, олар мені сот алдына апарып, ауылдан қуып жібермек болды. Судья оларға менің еркін түрде ғибадат етуге құқым бар екенін айтты. Алайда әйелім: “Кет! Сөмкеңді де, Киелі кітабыңды да алып кет!”— деп айғай салып, қарсыласуын тоқтатпады. Оның ашуланғанына мен ешқашан қарсы сөз айтпайтынмын. Мен әрі қарай да балаларым мен әйелімнің қамын ойлауды жалғастыра бердім. Қуанышыма орай, Ехоба танытқан табандылығыма батасын берді. Бүгінде әйелім Чери мен балаларым Ехобаға қуанышпен қызмет етуде.
Менің күдігім толықтай сейілді
ГРЕГОРИЙ САРИЛО
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1950
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1985
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Бұрында шіркеуде жұмыс істеген. Ехоба куәгерлерін жалған пайғамбарлар деп ойлаған.
◆ МЕН жылдар бойы ауылымдағы шіркеу істерінде жетекшілік еткен құлшынысты Рим католигі болдым. Сол кездері шіркеу жетекшілерінің азғындыққа көз жұмғанын, аруақтарға құрбандық ұсынғанын және спиритизммен айналысқанын көрдім. Олардың екіжүзділігі мен үшін жеркенішті болды, сондықтан шіркеудегі қызметімнен кетіп қалдым. Алайда католик дініндегі нанымдарымнан бас тартпадым.
1981 жылы мен Ехоба куәгерлерімен кездестім. Олардың Киелі кітапты білгені маған қатты әсер етіп, зерттеу сабағына келістім. Бірақ олардың үйрететін ілімдеріне күдікпен қарағандықтан, оларды үнемі сынайтынмын. Олар байсалдылықпен сұрақтарыма Киелі кітаптан жауап беретін.
Мен Ехоба куәгерлерінің айтқандары бір жерден шығатынына көз жеткізу үшін облыстық конгреске бардым. Үзіліс кезінде байқамай сөмкемді орындығымның астында қалдырып кетіппін. Оның ішінде жеке куәлігім, ақшам және басқа да құнды заттарым бар еді. Сөмкемді біреу ұрлап кеткеніне сенімді болдым. Бірақ бауырластар мені: “Уайымдамаңыз, қайтып барғанда сөмкеңіз сол жерде тұрады”,— деп сендірді. Орныма жүгіріп барсам, ол шынында да сол жерде екен! Сол сәттен бастап Ехоба куәгерлеріне қатысты күдігім толықтай сейілді.
Мен “теңдесі жоқ” байлыққа ие болдым
СА ТАН ТУН АУНГ
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1954
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1993
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Кезінде буддист монахы болған, сосын әскери қызмет атқарған. Шындықты қабылдаған соң, ол көп жыл ізашар болып қызмет еткен.
◆ МЕН буддист отбасынан шықтым және біраз уақыт буддист монахы болдым. Жаратушының не Құдайдың бар екеніне сенбейтінмін. Бірде өзін мәсіхшімін деп есептейтін досым мені өз шіркеуіне шақырды. Сонда адамзаттың көкте Әкесі бар екенін білдім. Сол көктегі Әке туралы біліп, оған жақындауды қатты қаладым.
Монах ретіндегі қызметім аяқталған соң, әскерге кеттім. Қызметімді атқарып жүріп, күнде не болғанын жазу үшін күнделік арнадым. Мен әрдайым “Көктегі Құдай Әке” деген сөздермен жазып бастайтынмын. Кейінірек шіркеу пасторы болу үшін әскерден кетпек болдым, бірақ бастықтарым мені жібермеді. Уақыт өте келе капитан атағына ие болдым. Бұндай дәрежелі қызмет атақ-даңқ пен билікке ие болып, баюға мүмкіндік берді. Бірақ мен рухани аш екенімді іштей сезетінмін.
1982 жылы мен Ту Аунгқа үйлендім. Оның әпкесі Ехоба куәгері болатын. Ол бізге “Жоғалып, қайта табылған жұмаққа дейін” деген кітапты берді. Онда Құдайдың есімі Ехоба екені айтылған еді. Алайда бұған күмәнданып, әйелім Ту Аунгқа: “Егер мьянма Киелі кітабынан Ехоба деген есімді көрсетсең, Ехоба куәгері боламын!”— дедім. Ол Киелі кітабынан әрі-бері іздеп еді, таба алмады. Бірақ оның Куәгер досы Мэри еш саспады. Ол маған дереу Ехоба деген есімді көрсетті! Ақырында әйелім және балаларыммен бірге Куәгерлердің кездесулеріне бара бастадым, зерттеуге де келістім.
Киелі кітапты біле түскен сайын, Құдайға қызмет етуге деген ықыласым да күшейе түсті. 1991 жылы тағы да әскери қызметтен кету жайлы арыз бердім. Алайда бұл жолы Ехоба куәгері болғым келгендіктен еді. Әйтеуір екі жылдан кейін қызметтен босатылдым. Сол жылы әйелім екеуміз шомылдыру рәсімінен өттік.
Отбасымды асырау үшін мен базарда азық-түлік сата бастадым. Туыстарым мен достарым әскери қызметтегі мансаптан бас тартып, осындай төмен деп есептелетін жұмыс істеп жүргендіктен, маған ақымақсың дейтін. Бірақ Мұсаның Құдайға қызмет ету үшін перғауынның сарайынан кетіп, қойшы болғанын есіме алатынмын (Мыс. ш. 3:1; Евр. 11:24—27). Кейінірек өте бағалы мақсатыма қол жеткізіп, жалпы ізашар болдым.
Әскери достарымның кейбірі дәрежелі қызмет пен зор дәулетке қол жеткізді. Ал мен болсам “теңдесі жоқ” байлыққа, көктегі Әкемді біліп, оған қызмет етуден келетін баталарға, ие болдым (Ефес. 2:7). Бүгінде төрт жиенім толық уақытты қызмет етіп жүр, ал үлкен ұлым Мьянма Бетелінде қызмет атқарады.
Көрсеткен мейірімділіктері жүрегімді жібітті
ЗОУ БАУМ
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1954
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1998
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Бұрын есірткі сатумен айналысқан және шындыққа қарсы болған, алайда кейін Ехоба куәгерлерінің мейірімділігі оның жүрегін жібіткен.
◆ ӘЙЕЛІМ Лу Май Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастағанда, мен оған қатты қарсылық көрсеттім. Оның әдебиеттерін дәретханаға лақтырып жібердім, ал Куәгерлерді үйден қуып шықтым.
Бүгінде Ехобаға барынша қызмет ету арқылы “уәдемде” берік тұрып келемін
Кейінірек есірткі сатумен айналысып, соның кесірінен түрмеге түстім. Түрмеде өткен бір түннен кейін Лу Май маған Киелі кітапты, оған қоса көптеген жазба орындары келтірілген жігерлендіретін хат жазып беріп жіберді. Ол кейін де осындай хаттар жазып тұрды. Уақыт өте келе Киелі кітаптағы кеңестерге сай өмір сүргенімде, түрмеге түспес едім деп ойладым.
Бір күні түрмеге мен күтпеген екі адам келді, олар Ехоба куәгерлері еді. Олар әйелімнің өтінішімен маған жолығып, жігерлендіру үшін екі күн жол жүріп келген екен. Бұл кездесу маған қатты әсер етті. Туыстарымның ешбірі маған келген жоқ еді, ал Куәгерлер кезінде қатты қарсылық көрсеткеніме қарамастан келді.
Көп ұзамай мен сүзек ауруына шалдығып, ауруханаға түсіп қалдым. Алайда емделуге ақша болмады. Шамамен сол кезде әйелім жіберген басқа бір Куәгер келді. Ол маған жаны ашып, емделуіме ақша берді. Сонда мен бұрын істегендерім үшін ұялып, қатты қысылдым. Содан кейін өз-өзіме Ехоба куәгері боламын деп ант бердім. Бес жылдан кейін түрмеден босатылған соң, мен өз уәдемде тұрдым.
Мен бұғыдай секіретін боламын!
ЛИАН САНГ
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1950
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1991
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Бұрын сарбаз болған және шайқаста екі аяғынан айырылған. Қазір қызмет көмекшісі болып қызмет етеді.
◆ МЕН Чин штатындағы таулы аймақта орналасқан Матупи деген шалғай ауылда туып-өстім. Менің отбасым құдіретті рухтарға сенетін. Біз бұл рухтар аймағымыздағы белгілі бір ормандар мен тауларда мекендейді деп ойлайтынбыз. Отбасымызда біреу ауыра қалса, үйдегі құрбандық орнына тағамдар қойып, құрбандығымызды қабылдасын деп рухтарды шақыратынбыз. Өйткені құдіретті рухтар ауруды жазып жібереді деп сенетінбіз.
21 жасқа толғанымда, әскерге кеттім. Содан кейінгі жылдары 20 шайқасқа қатыстым. 1977 жылы коммунист көтерілісшілері біздің Шан штатындағы Мусай деген қалаға жақын орналасқан лагерімізге шабуыл жасады. Шайқас 20 күнге дейін толастамады. Ақырында бүлікшілерге қарсы шабуылға шықтық, сол кезде мина басып кеттім. Есімді жиып аяғыма қарасам, қу сүйектер ғана қалған екен. Екі аяғым оттай қызып, өзім қатты шөлдеп жаттым, бірақ қорықпадым. Мені тез арада ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер екі аяғымды кесіп тастады. Төрт айдан кейін мен ауруханадан шығып, үйге оралдым.
Жұмақта бұғы сияқты секіріп қана қоймай, қуаныштан жүгіріп, шауып жүретін боламын!
Әйелім Сейн Ай екеуміз Мандалайға жақын Сагайн деген қалаға көшіп кеттік. Мен күн көру үшін бамбуктан орындық тоқумен айналыса бастадым. Сол жерде баптист пасторын кездестіргенімде, ол екі аяғымнан айырылғаным Құдайдың еркімен болғанын айтты. Кейін әйелім Сейн Ай екеуміз Ребекка деген ізашарды кездестірдік. Ол болашақта жерде орнайтын жұмақта аяғым қалпына келетінін айтты. Көп ұзамай біз Киелі кітапты зерттей бастадық, бірақ пастормен емес, Ребеккамен!
Содан бері 30 жыл өтті. Қазір Сейн Ай екеуміздің жеті баламыз бар, барлығы да шомылдыру рәсімінен өткен. Біз Пин-У-Лвин деген әдемі қаланың жанындағы кішкентай ауылда тұрамыз. Таудың төбесіндегі бұл қала Мандалайдан шамамен 65 шақырым жерде орналасқан. Мен Пин-У-Лвиндегі қауымда қызмет көмекшісі болып қызмет етемін. Ал екі ұлым мен бір қызым жалпы ізашар. Әйелім екеуміз балаларымызды шындықта өсіру үшін көп күш салдық, олардың осы рухани тәрбиені қабылдағандарына қуанамыз.
Мен мүгедектерге арналған арбамен жүріп, үнемі өз ауылымда уағыздаймын. Кездесулерге мотоциклдің артына отырып барамын. Сондай-ақ ағаштан жасалған екі тұғырды қолданып, “жаяу” да жүремін.
Менің ең сүйікті тармағым — Ишая 35:6. Ол жерде: “Ақсақ адам енді бұғыдай секіреді”,— делінген. Аяғым қайта қалпына келетін уақытты қалай аңсаймын десеңдерші! Сонда мен бұғы сияқты секіріп қана қоймай, қуаныштан жүгіріп, шауып жүретін боламын!
Аянбай еңбектенетін аралаушы бақылаушылар
Бауырластарын рухани нығайту үшін аралаушы бақылаушылар түрлі көрініске толы осы елдің о шетінен бұ шетіне дейін талмай еңбектенеді. Олар өз қызметін қалай атқарады? Сонау Нага жоталарындағы қауымдарды аралайтын бір аудандық бақылаушымен бірге сапарға аттанайық. Мин Луин мен әйелі Лал Лун Момей сапарлары жайлы былай деп жазып жіберді: “Түске таман әйелім екеуміз Калемьодан шығып, лық толы жүк көлігіне сығылысып міндік. Азық-түлік пен көгөніске толы қораптардың арасынан аяқ басатын жерді әрең таптық. Қасымыздағы басқа жолаушылар көліктің артына жабысып, кейбірі төбесіне шығып алған. Көлігіміз ойлы-қырлы жолдармен секіріп келеді, ал ішіндегі бұрқыраған шаңнан көз аша алмайсың. Біз шаңға тұншығып қалмас үшін аузымызды орамалмен жауып алдық.
Екі сағаттан соң жағада орналасқан Калайва қаласына келіп жеттік. Біз бұл жерден кемеге отыруымыз керек. Кемеміз келгенше сол жердегі дүкен иелеріне және басқа да жолаушыларға куәлік етеміз. Олардың көбісі Ехоба куәгерлері жайлы мүлдем естімеген. Көп кешікпей кемеміз келгенде, жолаушылар түсіп, басқа жолаушылар бос орындарға жайғасу үшін кемеге асығып мінеді. Онда 100-ге жуық адам сығылысып кіргенде, кеменің іші толып кететіні сонша, аударылып кетуі ғажап емес. Ал суға құлап кеткен жағдайда сөмкелеріміз су бетіне қалқып шығу үшін олардың ішіне пластик бөтелкелерді салып аламыз.
Бес сағаттан кейін Молайк қаласына жетіп, бір кішкентай қонақүйде түнеп шықтық. Келесі күні сапарымыз таңғы 5-те жалғасты. Қазір құрғақшылық маусымы болғандықтан, өзен саяз, сол себепті кемеміз су астындағы құм қайраңға төрт рет тұрып қалды. Мен де басқа ер кісілермен бірге шығып, кемені итерістім. 14 сағаттық жолдан кейін күшіміз таусылып, Хоумалин қаласына жеттік. Жергілікті қауым бізді қарсы алу үшін күтіп отыр екен. Олардың күлімдеген жүздерін көргенде, бойымызға қайта күш бітті. Бүгін кешке олармен әңгіме-дүкен құрамыз. Ал ертең 15 сағаттық жердегі Камти қаласына жол тартуымыз керек.
Біз таңертеңмен тағы да жолға шықтық. Бүгін кемеде адам онша көп емес, табиғат көрінісі де өзгеше. Кемеміз өзеннен алтын іздеп жүрген жүздеген ауыл тұрғындарының жанынан ағысқа қарсы әрең жүзіп келеді. Ақырында Камтиге әбден шаршап-шалдығып жеткенімізде, ол жерде бізді қарсы алатын ешкім болмады. Сапармен келетініміз жайлы жазған хатымыз жергілікті қауымға жетпей қалған көрінеді. Содан біз мотоцикл тоқтатып, жергілікті Патшалық сарайына қосылып соғылған үйге бардық та, төсекке құладық.
Келесі күні таңертең Патшалық сарайына уағыздауға арналған кездесуге келген жергілікті 25 жариялаушымен көрістік. Олардың көбісі Үндістанға дейін созылып жатқан тауларда тұратын нага халқынан шыққан. Бәріміз де учаскеге аттандық. Биік қыраттың етегінде орналасқан бұл қаланың жан-жағын өзен қоршап тұр. Уағызға шыққан серігім екеуміз бамбуктан жасалған үйге келіп, қожайынын дауыстап шақырдық. Үйден нагалық ер кісі шығып, ішке кіруімізді өтінді. Жұбайы екеуі Патшалық хабарын мұқият тыңдап, әдебиетімізді қуана алды. Өздерін мәсіхшіміз деп есептейтін нага халқының көбісі ізгі хабарды зор ықыласпен тыңдайды. Кешке таман біз сол аптада өткізілетін қауым кездесулерінің алғашқысына бардық.
Олардың күлімдеген жүздерін көргенде, бойымызға қайта күш бітті
Бір жеті өткен соң, өзенді кесіп өтіп, 12 жариялаушысы бар Синтей деген кішкентай қалаға бардық. Сондай-ақ үш оқшау топқа да сапар жасадық. Олардың ең қашық орналасқаны 11 шақырым жерде. Баяндама айтып, бірге уағыздау үшін осы үш топтың әрқайсысына жаяу барамыз. Мұндағы жариялаушылар өте кедей тұрады, әрі көбісі безгекпен және туберкулезбен ауырады. Бұған қоса, олар қатты діни қуғынға кезігеді. Осыған қарамастан бұл жариялаушылардың құлшынысы зор. Жексенбі күнгі көпшілікке арналған баяндамаға 76 адам келгенін көргенде, қуанышымызда шек болмады. Олардың көбісі осында жету үшін бірнеше сағат бойы жаяу жүріп келген еді.
Біздің қайтатын уақытымыз тез келіп қалды. Ехобаға деген сүйіспеншіліктерін талай рет дәлелдеген осы қымбатты бауырластарымызбен қимастықпен қоштастық. Оңтүстікке қарай бет алған кемеде біз олардың берік сенімін ойға аламыз. Олар кедей болса да, рухани бай еді! Осы бауырластармен қайта қауышуды асыға күтеміз”.
Мен бүкіл дүниежүзіне уағыздағым келеді!
САГАР РАЙ
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1928
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1968
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Медальдармен марапатталған сарбаз шындықты қабылдаған және қатты қудалауға қарамастан уағыздаған.
◆ МЕН Мьянманың оңтүстік-шығысындағы таулы аймақ болып табылатын Шан штатында дүниеге келдім. Отбасым Непалдағы гуркх тайпасынан шыққан. Біз индуизм дінін ұстанумен қатар, рухтарға да сиынатынбыз. Гуркх тайпасы қатаң ұстанған әдет-ғұрыпқа сай, мен де әкем мен төрт ағам сияқты сарбаз болдым. Бирма әскерінде 20 жыл бойы қызмет еттім және өте көп шайқасқа қатыстым. Бір таңғаларлығы, ешқашан ауыр жарақат алмаппын.
“Күзет мұнарасын” алғаш рет оқығанымда, Киелі кітапқа сай, жалғыз шынайы Құдай Ехоба екенін білдім. Бұл менің қызығушылығымды оятты. Мен индуизм дінін ұстанғандықтан, миллиондаған құдайларға сенетінмін! Ехоба деген есімді непал, хинди, бирма және ағылшын тіліндегі бірнеше сөздіктен қарап шықтым. Сөздіктердің барлығында Ехоба деген Киелі кітаптағы Құдай екені жазылған еді.
Кейін әйелім Джоутимен бірге Патейн қаласына көшіп бардым. Ол жерде Франк Дьюар есімді миссионер маған Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынды. Джоути екеуміз де зерттеу сабағына келістік. Көп ұзамай Ехобаның жалғыз шынайы Құдай екеніне көзіміз жетті және жалғыз оған ғана ғибадат етуді шештік. Біз бұрынғы дініміздегі пұттарды ешкім таба алмас үшін Патейн өзеніне лақтырып жібердік (Заң. қ. 7:25; Аян 4:11).
Көп ұзамай әскери қызметімді тастап, бала-шағаммен бірге туған жеріме көшіп бардым. Ол жерде біз Куәгерлердің шағын тобына қосылдық. Олар бізге қалай уағыздау керектігін үйретті. Уақыт өте келе орманнан құрылыс материалдарын жинап, үйімнің алдына кішігірім Патшалық сарайын соқтық. Гуркх қоғамдастығының комитеті бұған ашуланып: “Саған индустардың жерінде мәсіхшілердің “шіркеуін” соғуға кім рұқсат етті? Адамдардың өз діні бар, оларға уағыздаушы болма”,— деп қарсылық білдірді.
Гуркх комитеті жергілікті билік басындағыларға шағымданғанда, олар менен: “Рай мырза, сіз өзіңіз тұратын жерде уағыздап, адамдарды мәсіхші болуға көндіріп жүрсіз бе?”— деп сұрады.
Сонда оларға: “Мен Ехоба куәгерімін. Мен тек бұл жерде ғана емес, бүкіл дүниежүзіне уағыздағым келеді! Ал олар діндерін өзгерте ме, жоқ па, мұны өздері шешеді”,— деп жауап бердім.
Соңғы 40 жылдың ішінде Джоути екеуміз 100-ден аса адамға шындықты білуге көмектестік
Қуанышқа орай, билік басындағылар бізге еркін уағыздай беруге рұқсат етті. Соңғы 40 жылдың ішінде Джоути екеуміз 100-ден аса адамға шындықты білуге көмектестік. Олардың көбісі қазір арнайы ізашар, аралаушы бақылаушы не бетелдік болып қызмет етеді. Сондай-ақ балаларымыздың көбісі өз отбасыларымен Ехобаға адал қызмет етіп жүргені бізді қатты қуантады.
Мен “Ехобаның Патшалығын” таба алмай жүрмін
СОУ ЛУИН
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1960
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 2000
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Бұрын буддист болған, “Ехобаның Патшалығы” жайлы журналдарымыздан оқып, сонда барғысы келген.
◆ ТАИЛАНДТЫҢ шегарасына жақын орналасқан Тачилейк қаласындағы жұмысыма бара жатқанымда, жол бойынан бірнеше “Күзет мұнарасы” журналын тауып алдым. Журналда Ехобаның Патшалығының қол астындағы керемет баталар туралы жазылған екен. Мен буддист болғандықтан, Ехоба жайлы ешқашан естімеген едім. Сол себептен “Ехобаның Патшалығы” деген Африкадағы бір ел шығар деп ойладым. Сол елді атластан іздеп, таба алмадым. Басқа адамдардан да сұрап едім, ешкім білмейді екен.
Кейін жұмысымдағы бір жас жігіттің Ехоба куәгерлерімен зерттеп жүргенін білдім. Мен одан: “Ехобаның Патшалығын қайдан табуға болатынын айта аласың ба?”— деп сұрадым. Ехобаның Патшалығы көктегі үкімет екенін және жерге жұмақ орнататынын білгенімде, қатты таңғалдым әрі қуандым. Содан мен шашымды қиып, арека пальмасының жаңғағын шайнауды және есірткі қабылдауды доғарып, буддизм дініндегі әдет-ғұрыптардан бас тарттым. Қазір Ехобаның Патшалығының қол астында өмір сүруге деген ықыласым бұрынғыдан да зор! (Мат. 25:34).