Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 мамыр 14—19 бет.
  • Мектеп бітірген соң не істейсің?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Мектеп бітірген соң не істейсің?
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • МЕКТЕП БІТІРГЕН СОҢ ОҚУҒА ТҮСУІҢ ҚАЖЕТ ПЕ?
  • НЕ ҮШІН ОҚЫҒЫҢ КЕЛЕДІ?
  • АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІН ТАРАЗЫЛА
  • Студент кезіңде рухани мықты бол
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Ата-аналар, балаларыңа қандай болашақ тілейсіңдер?
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Қандай білім өмірде табысты ете алады?
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Өмірге жетелейтін білім
    Біздің патшалық қызметіміз. 2005
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 мамыр 14—19 бет.

20—26 ШІЛДЕ, 2026

133-ӘН Ехобаға жастайыңнан қызмет ет

Мектеп бітірген соң не істейсің?

“Парасатты әр қадамын ойлап басады” (НАҚ. С. 14:15).

НЕГІЗГІ ОЙ

Бұл мақалада оқуға түсуге қатысты дұрыс шешімге келуге көмек болатын Киелі кітап принциптерін, сондай-ақ ескеру керек кейбір маңызды жайттарды қарастырамыз.

1, 2. а) Жастар қандай таңдаудың алдында тұр? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз? (“Сөз мәнін” қараңыз.)

“ӨСКЕНДЕ кім боласың?” деген сұрақты бала кезімізде жиі естідік. Жас бауырласымыз, қазір сен дәл осы сұрақтың алдында тұрған шығарсың. Есіңде болсын, ең күшті өмір жолы — Ехобаға толық уақыт қызмет ету. Дегенмен сен жұмыс істеп, өз-өзіңді асырауың да керек (Сал. 2-х. 3:10). Сондықтан болашақта қандай жұмыс істейтініңді ойлап жүрсең, бұның өте дұрыс.

2 Кейбір жастар болашақта жақсы жұмысқа тұру үшін, мектеп бітірген соң оқуға түсуді шешіп жатадыa. Сенің де сондай ойың бар ма? Бар болса, қандай оқуға түсуді ойлап жүрсің? Осы мәселеде саған көмек болатын кейбір Киелі кітап принциптерін қарастырайық. Бұл принциптер саған жағдайыңа жан-жақты баға беріп, дұрыс тоқтамға келуге көмектеседі. Бұл мақала бірінші кезекте жастарға арналғанмен, қандай да бір мамандықты меңгеруді ойлап жүрген кез келген мәсіхші үшін пайдалы болады. Ата-аналар да мұндағы принциптердің көмегімен балаларын дұрыс жолға бағыттап, оларды алдын ала дайындай алады.

МЕКТЕП БІТІРГЕН СОҢ ОҚУҒА ТҮСУІҢ ҚАЖЕТ ПЕ?

3. Неге кейбір мәсіхшілер оқуға түсуді шешуі мүмкін?

3 Кейбір елдерде оқуға түсіп, білім алмасаң да, жақсы жұмыс тауып, күн көруге болады. Ал кейбір елдерде оқымасаң жалақысы жақсы әрі көп уақыт алмайтын жұмыс табу қиын. Сондықтан кейбір мәсіхшілер уағызға шығуға, ұйымдағы іс-шараларға атсалысуға жағдай жасайтын жұмысы болу үшін оқуға түсуді шешуі мүмкін. Дегенмен оқуға түсіп, кәсіпті меңгеру белгілі бір құрбандықтарды талап етеді және өз қиындықтары да жоқ емес.

4. Оқуға түсу-түспеуді кім шешеді? (Сілтемені де қараңыз.)

4 Киелі кітапта: “Әркімнің жауапкершілігі өз мойнында”,— деп айтылған (Ғал. 6:5 сілт.). Демек, оқуға түсе ме, жоқ па — мұны кәмелетке толған әр мәсіхші өзі шешуі керекb. Бірақ баланың қандай таңдау жасайтыны ата-ананың да жауапкершілігінде (Ефес. 6:1). Бала есейгенде дұрыс таңдау жасау үшін ата-анасы оны кішкентайынан дұрыс жолға бағыттап, дайындауы қажет (Нақ. с. 22:6).

5. Мектептен кейін оқуға түсе ме, жоқ па — бұны бала қай кезден бастап ойлағаны дұрыс және неге? (суретті де қараңыз.)

5 Жастар оқуға түсе ме, жоқ па — соны мектепті бітірмей тұрып шешкені дұрыс. Бірақ нақты бір тоқтамға келмес бұрын, ата-аналарымен ақылдасқаны жөн болады. Бұл неге маңызды? Ата-анасы баласымен бірге отырып әртүрлі мүмкіндіктерді қарастырып, қайсысы дұрыс болатынын алдын ала ойластыра алады. Соған қарай мектепте қандай пәндерге басымдық беру керектігін көре алады. Осылай бала мектептен кейін оқуға түсемін десе де, оқымай бірден жұмыс істеймін десе де, дайын жүреді. Ал бала мектеп бітіргенге дейін нақты бір тоқтамға келе алмаса ше? (Нақ. с. 21:5). Баланың мектепті бітіре салып, оқуға түсіп кетуі шарт емес. Кейбір жастар мектепті бітірген соң жұмысқа тұрып, ізашарлық қызметті бастап кетеді. Ал қандай да бір мамандықты меңгеру үшін білім алу керек пе, жоқ па — оны кейінірек шешіп жатады. Негізі, адам бұл мәселені кез келген уақытта көтеріп, өзі дұрыс деп тапқан шешімге келе алады.

Жасөспірім қыз ата-анасымен оқуға түсу жайлы талқылап отыр. Үстелде оқу орындарының кітапшалары, Киелі кітап және бродкастинг қосылған планшет жатыр.

Қызы оқуға түсуге қатысты дұрыс шешімге келу үшін ата-анасы көмектесіп жатыр (5-абзацты қараңыз)


6. Оқуға түссем деген ойың болса, не істесең болады?

6 Оқуға түссем деген ойың болса, не істесең болады? Ең алдымен, Ехобаға дұға етіп, дұрыс шешімге келуге көмектесуін сұра (Жақ. 1:5). Кейін келесі екі қадамды жасап көр. Біріншіден, өзіңді тексеріп, не үшін оқығың келетінін түсініп ал (Зәб. 26:2). Екіншіден, қарастырып жатқан оқуыңның артықшылықтары мен кемшіліктерін таразылап көр (Нақ. с. 14:15). Қазір осы екі қадамға жеке-жеке тоқталайық.

НЕ ҮШІН ОҚЫҒЫҢ КЕЛЕДІ?

7. Оқуға түскің келсе, не жайлы ойланғаның дұрыс?

7 Көп адам өзіне ұнайтын жұмыс тауып, жақсы жалақы алу үшін оқуға түсіп жатады. Бұндай мақсатпен оқуға түскен жаман ба? Әрине, жоқ (Тім. 1-х. 5:8). Бірақ Киелі кітап бір қауіп бар екенін ескертеді. Абай болмасақ, біз дүние-мүлікке қызығып, ақшаға тым көп сенім артып кетуіміз мүмкін (Нақ. с. 23:4, 5; Тім. 1-х. 6:8—10; Жох. 1-х. 2:17). Өзің мына сұраққа жауап беріп көрші: сен не үшін оқығың келеді? Бай болуды, жұрт алдында абыройлы болып, биіктен көрінуді қалайсың ба? Осындай мақсатпен оқуға түссең, мұның бәрі бос әурешілік екенін түсініп, көңілің қалады және ең өкініштісі, Ехобадан алыстап кетуің мүмкін.

8, 9. а) Мәсіхшілер оқуға қандай мақсатпен түсу керек? (Матай 6:33) ә) Жас бауырластардың айтқан сөздерінен өзіңе қандай ой түйдің?

8 Сонда мәсіхшілер оқуға қандай мақсатпен түсу керек? Егер біз оқуға түсуді шешсек, бұны өз-өзімізді асырап, Ехобаға еш алаңсыз қызмет ету үшін ғана істеуіміз керек (Матай 6:33 оқыңыз). Өйткені біз Ехобаны жақсы көреміз және оған қызмет етуді бәрінен де жоғары қоямыз (Мат. 22:37, 38; Філіп. 3:8).

9 Чилиде тұратын Жозефина деген қыз бауырлас былай дейді: “Менің рухани мақсаттарым болды, сол мақсаттарыма жету үшін ғана оқуға түстім. Сондықтан оқуыма өмірімнің мәні деп қараған жоқпын”. Ал бір жылдық курс оқып алған Морена деген қыз бауырлас былай дейді: “Мен қажеттілік бар жерде қызмет еткім келді. Сондықтан қайда барсам да жұмыс таба алатындай мамандық іздедім. Сөйтіп, шаштараз мамандығын оқып алдым. Кейін біраз жұмыс істеп, азын-аулақ ақша жинадым да, қажеттілік бар жерге көшіп кеттім. Сол жақта қиналмай тез-ақ жұмыс тауып алдым”. Тіс дәрігері мамандығы бойынша бірнеше жыл оқыған Айрис деген қыз бауырлас болса былай дейді: “Білім алғанның арқасында табысты болуын боласың, бірақ одан бақытты болуың екіталай. Ал Ехобаны бірінші орынға қойсаң, табысың да болады, өзің де бақытты боласың”. Расында да, Ехобаға өміріміздің төрінен орын берсек, әрдайым дұрыс жолды таңдаймыз. Ал бұл жол бізді уақытша емес, мәңгілік қуанышқа жетелейді.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІН ТАРАЗЫЛА

10. Мұсаның 5-жазбасы 32:29-да жазылған принцип оқуға қатысты дұрыс шешімге келуге қалай көмектеседі?

10 Ойыңда өзіңе ұнайтын нақты бір мамандық бар шығар. Бірақ сонымен шектеліп қалмай, кеңінен қарап көр, сонда мүмкіндіктердің көп екенін көресің (Нақыл сөздер 18:17 салыстырыңыз). Мысалы, өзіңе ұнайтын мамандыққа жақын не мүлдем басқа саладағы мамандықты да қарап көрсең болады. Бұрынғыға қарағанда қазіргі уақытта білім алудың жолы көп. Қазір онлайн курс деген бар. Арнайы білім алмай-ақ жұмыс табуға болатынын да есте ұстап, соны қарастырып көр. Финляндияда тұратын Жоанна былай дейді: “Мен мектепті бітіре сала жұмыс істеп, ізашар болдым. Мен әртүрлі жұмыстарды істеп көрдім. Көзім жеткені — Ехоба өз қызметшілерін ешқашан қалдырмайды”. Есіңде болсын, әр оқудың өз артықшылығы мен кемшілігі болады. Сондықтан “бұл оқудың артықшылығы көп пе, әлде кемшілігі ме?” деп ойлан (Мұсаның 5-жазбасы 32:29 оқыңыз; Қор. 1-х. 10:23). Қазір оқудың кейбір тұстарына тоқталамыз, соларды өзің таразылап көр.

11. Оқу кестесін ескеру неге маңызды? (Суреттерді де қараңыз.)

11 Оқу кестесі. Күніне қанша сағат оқисың? Оқуға барып-келуге, үй жұмыстарын жасауға қанша уақыт кетеді? Рухани істерге, үй шаруаларына уақытың жете ме? (Філіп. 1:10). Қаншалықты шаршайсың? Қауымға дайындалуға, жеке зерттеуге күшің қала ма? Үндістанда тұратын Джероз есімді ер бауырлас былай дейді: “Оқуды рухани істермен қатар алып жүру қиын болды. Кейде қауымға баруға уақытым да, шамам да қалмайтын. Қазір сонша уақытым мен күшімді бекерге сарп еткенімді ойласам, сол оқуды оқымай-ақ қойғаным дұрыс еді деген ой келеді”. Бірақ көп уақытты алмайтын, үй жұмыстары аз оқулар да болады. Сондай оқуды таңдаған Мозамбиктегі Ребекка былай дейді: “Мен күніне екі-ақ сағат оқитынмын. Соның арқасында сабағымды да, ізашарлығымды да үлгердім”.

Коллаж: Ер бауырлас оқуға түсетін болса, рухани істер мен басқа да жауапкершіліктерін қатар алып жүре ала ма, соны ойланып отыр. 1. Ол қауымда микрофон тасып жүр. 2. Ол үйме-үй уағыздап жүр. 3. Ол кофеханада жұмыс істеп жүр. 4. Ол сабақта отыр.

Оқуға түсу жайлы ойланғанда, басқа да маңызды істерге уақыт қалуын ескер (11-абзацты қараңыз)


12. Оқып жүргенде уақытың барынша тиімді өтсін десең, не жайлы ойлануың керек? (Уағыздаушы 12:1)

12 Оқу мерзімі. Оқуыңды қанша айда, қанша жылда бітіресің? Бұл оқуға түссең, уақытың барынша тиімді өте ме? (Ефес. 5:15—17). Оқып жүргенде жастық шағыңды Ехобаға арнауға мүмкіндігің бола ма? Мысалы, ізашар болып қызмет ете аласың ба? (Уағыздаушы 12:1 оқыңыз). Өзің қалаған мамандықты қысқа уақытта оқып алуға бола ма екен, соны ойланып көр. Бәлкім, университетке көп ақша, көп уақыт кетірмей-ақ сол мамандықты қысқа мерзімді курста меңгеріп алуға болатын шығар. Чилиде тұратын Марио бауырлас былай дейді: “Мен екі жыл курста оқыдым. Университетке қарағанда кәдімгідей арзан болды. Сабағым да аптасына төрт-ақ күн еді. Сондықтан ізашар болып қызмет етуге оқуым еш кедергі болған жоқ”.

13. Үйден жырақта жүріп оқудың қандай қаупі бар?

13 Тұратын жерің. Оқуың үйіңе жақын бола ма? Жоқ әлде басқа қалаға көшуге тура келе ме? Жатақханада тұруың керек бола ма? Егер отбасыңнан жырақта жүріп оқитын болсаң, бұл саған рухани жағынан кері әсер етуі мүмкін екенін ескер. Қасыңда бірге тұратын сенуші емес адамдар саған жаман ықпал етуі мүмкін (Нақ. с. 22:3; Қор. 1-х. 15:33). Мысалы, Мозамбикте тұратын Матиас ақшасы аз, көп уақыт алмайтын курсты бітірген. Бірақ ол сонда да бұл таңдауына өкінеді. Ол былай дейді: “Сол курстың жатақханасында бір жылдай жатып оқыдым. Әр нәрсеге азғырылып, әр күнім бір сынақ еді. Жастарға берер кеңесім — оқуды шешсеңдер, үйден жырақта жүрмейтіндей оқуды таңдаңдар”. Ал ресейлік бір қыз бауырлас: “Жатақханада тұрмай, оқуға үйден қатынағанымның арқасында өзімді көп қауіптен сақтадым”,— дейді. Бәлкім, сен ең тынышы үйде отырып оқу деп, онлайн курстарды дұрыс деп табарсың.

14. Лұқа 14:28-де жазылған принцип оқуға қатысты дұрыс шешімге келуге қалай көмектеседі?

14 Оқудың бағасы. Оқудың бағасы қымбат болмаса я мемлекет ақша бөліп, оқу тегін болып тұрса, оқып алу оңтайлы шешім болуы мүмкін. Бірақ, негізінен, оқуға түсіп, білім алу арзан емес. Сол оқуға түсу үшін қосымша сабақтар өту, репетитор жалдау — бұл да жатқан шығын. Оқуға түсудің қымбат болғаны сонша — кейбір студенттер қарызға батып, соны жылдар бойы төлеп жүреді. Мозамбикте тұратын Адилсон да таңдаған оқуына өкінеді. “Отбасым төрт жыл бойы ішіп-жемей, бүкіл тапқан-таянғанын менің оқуыма берді”,— дейді ол. Оқу таңдағанда былай деп ойланып көр: Бұл оқуға қанша ақша кетеді? Өзім не отбасым сонша ақшаны төлей ала ма? Арзанырақ басқа жолдарын қарастырып көргенім дұрыс па? (Лұқа 14:28 оқыңыз). Қарызға оқитын болсам, қанша уақытта төлеп бітіремін? Ертең сол мамандық бойынша жұмыс істесем, өзімді асырауға да, сол қарыздарды жабуға да жететіндей жалақы аламын ба? (Нақ. с. 22:7).

15. Мамандық таңдағанда жұмысқа тұру жағын да ойлау неге маңызды?

15 Жұмысқа тұру. Сен тұратын жерде не көшіп барғың келетін жерде қандай жұмыстарға сұраныс бар екенін қарап көр. Оқуыңды бітірген соң, мамандығың бойынша жұмыс таба аласың ба? Мынаны ескер: көп оқу орындарында практикаға аса көңіл бөлмей, көбіне теорияны үйретеді. Сондай-ақ психология, мәдениеттану, философия сияқты пәндерге көп мән береді (Қол. 2:8). Үндістанда тұратын бір қыз бауырлас былай дейді: “Жұмыс берушілер тәжірибе болуын талап етеді. Ал менде ешқандай практика болған жоқ. Сондықтан оқыған мамандығым бойынша жұмысқа тұра алмадым”. Ал кейбір жағдайларда білімің, тәжірибең болып тұрса да, мамандықтың өзіне сұраныс аз болады. Орталық Африка Республикасында тұратын Сублим деген ер бауырлас техника жөндеу курсын оқыған. “Біз жақта адамдар бұзылған заттарын өздері жөндеп алады. Сондықтан жөндеумен байланысты жұмыстар өте аз”,— дейді ол.

16. Оқуыңды бітірген соң қандай жұмыс істейтініңе қатысты нені ескергенің дұрыс?

16 Оқуыңды бітірген соң қандай жұмыс істейтініңе қатысты келесі жайттарды ескергенің дұрыс. Ол жұмыс өзіңе ұнай ма? (Уағ. 3:12, 13). Қандай жерде, кіммен істейсің? Қауіпті ме? Стреске толы ма? Бәсекелестікті талап ете ме? Жалақысы қанша? Күн көруге жете ме? Сол жұмыста қалу үшін тағы да оқып, біліктілікті арттырып отыру қажет бола ма? Бәрінен бұрын, ол жұмысты істесең, Патшалықты бірінші орынға қоя аласың ба? (Уағ. 12:13). Әрине, істейтін жұмыс аз болса, таңдап жатпайсың, табылғанын істейсің. Бірақ мамандықты дұрыс таңдайтын болсаң, өзіңе ұнайтын жұмысқа тұра аласың. Үндістанда тұратын Табита деген қыз бауырлас алты ай оқып, тігіншілікті үйреніп алған. Ол былай дейді: “Ізашар болғым келсе, тігіншіден артық жұмыс жоқ деп ойладым. Бұл жұмысқа әрқашан сұраныс бар, жұмыс уақытын өзіме бейімдей аламын, бұл кәсіпті жүргізу үшін көп ақшаның да қажеті жоқ”. Мамандығын жаңылмай таңдағанның арқасында Табитаның ізашарлық қызметін атқаруға жағдай жасайтын тұрақты жұмысы бар.

17. а) Оқуға түсуге қатысты дұрыс шешімге келу үшін тағы не істесең болады? ә) Оқу мәселесінде қандай принциптерді қарастырсаң болады? (“Дұрыс шешімге келуге көмек болатын Киелі кітап принциптері” деген қоршауды қараңыз.)

17 Бұл мақалада біз оқуға түсуге қатысты біраз жайттарды қарастырдық. Тағы бір айтарымыз, бұл мәселеде дұрыс таңдау жасау үшін көп ізден. Оқу орындарына тікелей барып не сайттарына кіріп, көбірек мәлімет жина. Оқығың келетін мамандық бойынша қандай жұмыстар бар екенін қарап көр. Сол мамандықты оқыған не сол мамандық бойынша жұмыс істеп жүрген адамды білсең, онымен ақылдас (Нақ. с. 13:10). Одан бұл оқудың, бұл мамандықтың қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар екенін сұра. Сондай-ақ жұмыс пен рухани істерді қатар алып, Ехобаға қуанышпен қызмет етіп жүрген бауырластармен сөйлесіп көр (Нақ. с. 15:22). Олар қандай да бір оқуға не жұмысқа қатысты ойларын айтар. Кім біледі, олар тіпті өзің мүлдем ойламаған жұмысты айтып қалар.

Дұрыс шешімге келуге көмек болатын Киелі кітап принциптері

  • Оқуға не үшін түскің келеді? (Мат. 6:33; Тім. 1-х. 6:8—10)

  • Күніне қанша сағат оқисың? Үй жұмыстарын жасауға қанша уақыт кетеді? (Філіп. 1:10)

  • Оқуыңды қанша айда, қанша жылда бітіресің? (Ефес. 5:15—17)

  • Қайда тұрасың? (Қор. 1-х. 15:33)

  • Оқуыңа қанша ақша кетеді? (Лұқа 14:28)

  • Оқыған мамандығың бойынша жұмыс істесең, рухани істерді атқара аласың ба және жалақысы күн көруге жете ме? (Уағ. 12:13)

18. Қандай жайтты есте ұстағаның дұрыс?

18 Көргеніңдей, оқуға түсудің артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Сондықтан дұға етіп, жақсылап ойлан. Мына жайтты есіңнен шығарма: оқуға түсіп, білім алсаң, тұрақты жұмысың, жақсы табысың болатын шығар. Бірақ нағыз бақыттың көзі ол емес. Ехобамен дос болса ғана адам шын бақытқа жетеді (Зәб. 16:9, 11). Ехоба ешбір қызметшісін қалдырмайды, жоғары білімі болсын-болмасын, бәрін бірдей қамқорлайды (Евр. 13:5). Егер ойлана келе, оқуға түсемін деп шешсең, онда келесі мақала да саған пайдалы болмақ. Оқып жүргенде рухани мықты болып қалу үшін не істеуің қажет екені сол мақалада қарастырылады.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Ғалаттықтарға 6:5-ке сай, оқуға түсу-түспеуді кім шешеді?

  • Мәсіхшілер оқуға қандай мақсатпен түсу керек?

  • Оқуға түсуге қатысты дұрыс шешімге келу үшін қандай жайттарды ескергенің дұрыс?

45-ӘН Жүрек толғанысы

a СӨЗ МӘНІ: Осы және келесі мақалада “оқуға түсу” деген тіркес қолданылғанмен, ондағы кеңестер мектептен кейінгі кез келген оқуға қатысты. Мысалы, қысқа мерзімді курстар, колледж, университет, кәсіби біліктілікті арттыру курстары және тағы басқа.

b Бұрын басылымдарымызда мәсіхшілер оқуға түсуден бас тартуға шақырылатын. Мысалы, “Ата-аналар, балаларыңа қандай болашақ тілейсіңдер?” деген мақалада оқуға түсудің қандай кері әсері бар екені айтылған (“Күзет мұнарасы”, 2005 жыл, 1 қазан). Оқуға түсудің кері әсері мен кемшіліктері әлі де бар. Дегенмен оқуға түсу-түспеуді әркім өзі шешеді. Бірақ кәмелетке толған әрбір мәсіхші қандай да бір шешімге келмес бұрын дұға етіп, Киелі кітап принциптерін қарастырып, оқуға қатысты маңызды жайттарды ескеруі қажет. Ал бала кәмелетке толмаған жағдайда бұны отағасы істеу керек. Мәсіхші қандай шешімге келсе де, оны ешкім, тіпті ақсақалдар да соттамау керек (Жақ. 4:12).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу