27 ШІЛДЕ—2 ТАМЫЗ, 2026
56-ӘН Шындық жолын таңда
Студент кезіңде рухани мықты бол
“Неге қол жеткізсек, сол бағыттан ауытқымай өмір сүре берейік” (ФІЛІП. 3:16).
НЕГІЗГІ ОЙ
Оқуға түскенде рухани мықты болып қалуға көмектесетін төрт принципті қарастырамыз.
1, 2. а) Оқуға түскеннен кейін де не істей беруің керек? ә) “Сол бағыттан ауытқымай өмір сүре беру” деген нені білдіреді? (Філіпіліктерге 3:16)
КЕЙБІР бауырластар жақсы жұмыс тауып, Ехобаға алаңсыз қызмет ету үшін, мектептен кейін оқуға түсуді жөн көруі мүмкін. Сен де мектеп бітірген соң оқуға түсуді шешсең, онда Ехобамен достығыңды сақтауға ерекше мән беруің керек (Жақ. 4:8а). Мектеп қабырғасында талай сынақтардан сүрінбей өтіп, Ехобаға адал қызмет еткеніңдей, оқуға түскенде де “сол бағыттан ауытқымай өмір сүре беруің” керек (Філіпіліктерге 3:16 оқыңыз).
2 “Сол бағыттан ауытқымай өмір сүре беру” деп аударылған сөздер грек тілінде жиі сарбаздардың сап түзеп жүруіне қатысты айтылады. Бұл деген сөз, сен оқуға түскеннен кейін бауырластармен бір сапта қатар жүріп, сол саптан шығып қалмауың керек. Қазір осы орайда саған көмек болатын Киелі кітаптағы төрт принципті қарастырамыз. Сен ол принциптерді жақсы білесің, бұрыннан соларға сай өмір сүріп те жүрсің. Енді сен сол принциптерді оқуға түскенде де, оқуыңды бітіргеннен кейін де ұмыт қалдырмай, орындай беруің керек.
РУХАНИ КЕСТЕҢНЕН АЙНЫМА
3. Оқуға түскенде сақ болатын қандай жайт бар?
3 Сақ болатын жайт. Оқуға түссең, уақытың бұрынғыдан әлдеқайда тығыз болады. Ақыры түскен соң оқуымды жөндеп оқиын деген мақсатың болары анық. Бірақ сақ болмасаң, сабағымды үлгеремін деп Ехобаға деген қызметің шет қалып кетуі мүмкін. Тіпті қауымға бару, қызметке шығу, Киелі кітапты күнде оқу, дұға ету сияқты рухани істерге салғырт қарай бастауың мүмкін (Аян 2:4).
4. “Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектену” деген нені білдіреді? (Қорынттықтарға 1-хат 15:58)
4 Қорынттықтарға 1-хат 15:58 оқыңыз. Әдетте велосипед қозғалыста болса ғана құламайды. Тура солай, сен де рухани құламай, нық тұру үшін, “Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектенуің” керек. Бұл рухани істерге анда-санда уақыт бөлуді білдірмейді. Бұл Иеміздің ісін бәрінен де маңызды санап, әрқашан басты орынға қоюды білдіреді. Сондықтан өзіңе “мен бірінші кезекте Ехобаның қызметшісімін, содан кейін ғана студентпін” деп қара (Мат. 22:37). Саманта деген қыз бауырлас былай дейді: “Егер сабағым Ехобаға қызмет етуіме кедергі ететін болса, бірден оқудан шығып кетемін деп өз-өзіме о баста уәде беріп қойдым”.
5. Ехобаның ісінде белсенді болып қала беру үшін не істеуің керек?
5 Алдын ала дайындал. Оқуың басталғанда рухани істерді әрқашан бірінші орынға қою үшін қазірден дайындал. Қауымнан қалмау, уағызға шығып тұру, Киелі кітапты күнде оқу сияқты маңызды істер шет қалып кетпес үшін алдын ала жоспарла (Ешуа 1:8; Мат. 28:19, 20; Евр. 10:25). Мектепте оқып жүргенде рухани істерге қалай уақыт тапқан едің, соны есіңе түсір. Әлде уақыт таппай, рухани істердің бірін істеп, бірін істемей жүрген кезің болды ма? Болған болса, оған не себеп болды? Енді студент кезіңде рухани істерді бірін қалдырмай атқару үшін не істейсің, соны ойланып көр. Студенттік шағыңда ең маңызды істерді ешқашан назарыңнан тыс қалдырма, Ехобаның ісінде барынша белсенді бол. Сабағымды қайткенде де жақсы оқуым керек деп, Ехобамен достығыңды құрбан етіп жүрмеa (Мат. 6:24).
6. Өз-өзіңді қалай тексеріп тұрсаң болады? (Суретті де қараңыз.)
6 Оқып жүргенде өз-өзіңді ара-тұра, қажет болса ай сайын, тексеріп тұр. Рухани істер әлі де басты орында тұр ма, жоқ па — соған көз жеткізу үшін өзіңнен былай деп сұра: Қауымға бірде барып, бірде бармай жүрмін бе? Қауымға үнемі кешігіп барамын ба? Қауым кезінде сабағымды ойлап отырамын ба? Қауымға тек онлайн қатысамын ба? Киелі кітап оқуым, дұға етуім сиреп кетті ме? Уағызға өзімді қинап шығамын ба? Қызметте жүргенде қашан үйге қайтамын деп асығып тұрамын ба? Осы сұрақтардың бір-екеуіне болса да “иә” деп жауап берсең, жағдайды түзеу үшін дереу шара қолдан. Оқуыңның рухани істердің орнын басып кетуіне ешқашан жол берме.
Оқуыңның рухани істердің орнын басып кетуіне жол берме (6-абзацты қараңыз)
“САНАҢДЫ САҚТА”
7. Оқуға түскенде сақ болатын тағы қандай жайт бар?
7 Сақ болатын жайт. Кейбір оқу орындарында эволюция, атеизм сияқты осы дүниенің “пәлсапасын әрі бос, алдамшы ойларын” үйретеді (Қол. 2:8). Одан қалса, мұғалімдер де “өз өмірің өз қолыңда, тек өз күшіңе сен” деп қоймай айтып жатады. Бір ер бауырлас студент кезін еске алып былай дейді: “Сабақта тек кәсібіңді емес, не ойлап, не қою керектігін де үйретіп жатады. Кейбір нәрселер тіпті Ехобаның ойына қайшы келеді. Өмірде табысты болуың тек өзіңе байланысты деп санаңа құя берсе, Құдайды ұмытып кетеді екенсің. Менің де Ехобаға сенім артпай, өз күшіме сеніп кеткен кезім болды”.
8. “Санаңды сақтағаның” қаншалықты маңызды? (Нақыл сөздер 5:1, 2)
8 Нақыл сөздер 5:1, 2 оқыңыз. Киелі кітаптың “санаңды сақта” деп ескертуі бекер емес. Өйткені Шайтан сенің ақыл-ойыңды билеп алғысы келеді (Пет. 1-х. 5:8). Санаңды қорғамайтын болсаң, Шайтанның дүниесі ойыңа күмән ұялатып, сеніміңді шайқалтуы мүмкін. Жоғары оқу орындарында үйрететін эволюция мен атеизм сияқты ілімдердің де, дұрыс пен бұрысқа қатысты көзқарастардың да еш қисыны жоқ. Адамдар бұны қанша жерден “жоғары білім” деп атаса да, бұл білім “Құдайдың көз алдында ақымақтық” екенін ұмытпа (Қор. 1-х. 3:18—20).
9. Санаңды өзгелердің ықпалынан сақтау үшін не істеуің керек?
9 Алдын ала дайындал. Санаңды сақтау үшін, Киелі кітапта айтылғандарға қаншалықты сенетініңе оқуың басталмай тұрып көзіңді жеткізіп ал. Ол үшін мына сұрақтар жайлы ойланып көр: Құдайға не үшін сенесің? Киелі кітап Құдайдың Сөзі екенін қайдан білесің? Адамдардың айтқанына емес, Киелі кітаптағы талаптарға сай өмір сүру неге дұрыс деп ойлайсың? Мектепте эволюция жайлы өткенде Жаратушы бар екеніне күмәнданып қалған кезің болған ба? Сыныптастарың Құдайға ұнамайтын нәрселерді істеп жатқанда, оларға қосылғың келген кез болды ма? Болған болса, сеніміңді нығайту үшін не істейсің, соны қазірден ойлан. Студент кезіңде өзгелердің сөздері мен істері көкейіңе күмән ұялатпас үшін, санаңды барынша сақтаb (Тім. 2-х. 2:16—18).
10. Ой-санаңды үнемі қорғап жүру үшін не істесең болады?
10 Оқып жүргенде өз-өзіңді ара-тұра тексеріп тұр. Өзіңнен былай деп сұра: Айналамдағы Құдайға сенбейтін адамдардың дұрыс емес қылықтарын құптап кеткен жоқпын ба? Сабақта осы дүниенің даналығын үйретіп жатқанда, бұның бос, алдамшы ойлар екенін түсінемін бе? Адамзаттың проблемаларын тек Құдай Патшалығы шешетініне әлі де сенемін бе? Студент кезіңде ой-санаңды сақтау үшін Құдай Сөзін оқып, ой жүгірт, білгендеріңді өмірде қолдан. Осылай Киелі кітаптағы сөздердің шындық екеніне көз жеткізіп отырсаң, ешкім де ой-санаңды билеп-төстеп, өз дегенін істете алмайды (Тім. 1-х. 4:15).
“УАҚЫТЫҢДЫ БАРЫНША ТИІМДІ ПАЙДАЛАН”
11. Оқуға түскенде сақ болатын тағы қандай жайт бар?
11 Сақ болатын жайт. Күнде-күнде оқуға барып-келу, үй жұмыстарын жасау көп уақытыңды алады. Сессия, дипломдық жұмыс кезінде тіптен қолың тимей кетеді. Уақытыңды дұрыс пайдаланбайтын болсаң, ештеңеге үлгермей, әбден стреске түсіп, шаршап кетуің мүмкін. Сондықтан сабағыңа ғана емес, өзіңе де уақыт бөліп, денсаулығың мен эмоциялық күйіңді ойлағаның дұрыс.
12. Сабақтан бөлек қандай істерге уақыт табуың керек? (Ефестіктерге 5:15, 16)
12 Ефестіктерге 5:15, 16 оқыңыз. “Уақытыңды барынша тиімді пайдалану” оңай болмауы мүмкін. Өйткені сенің сабақтан тыс қаншама маңызды істерің бар. Сен отбасыңмен, бауырластармен араласуың қажет (Зәб. 133:1; Нақ. с. 18:1). Рухани істерді де үнемі басты орынға қоюың керек (Мат. 6:33). Бәлкім, жұмыс істейтін шығарсың. Отбасындағы міндеттерің тағы бар. Денсаулықты күту үшін жеткілікті демалып, жаттығу жасау да маңызды (Уағ. 4:6; Тім. 1-х. 4:8). Бұның бәрін үлгеріп, тең ұстап жүру үшін уақытыңды жақсылап жоспарлауың керек.
13. Уақытыңды барынша тиімді пайдалану үшін не істеуің керек?
13 Алдын ала дайындал. Киелі кітапта айтылғандай, табысқа жеткің келсе, жоспар керек (Нақ. с. 21:5). Сондықтан оқуың басталмай тұрып маңызды істерді қашан атқаратыныңды ойластырып, күн тәртібіңді шамалап жасап қой. Мектепте оқып жүргенде уақытыңды қалай жоспарлаған едің? Маңызды істердің бірін үлгеріп, бірін үлгермей жүрген кезің болды ма? Болған болса, оған не себеп болды? Енді студент кезіңде бәрін үлгеру үшін не істейсің, соны ойланып көр. Студенттік шағыңда ештеңеге үлгермей, уақыт қыспағына түспес үшін, уақытыңды дұрыс жоспарла. Ұмытпа, уақыт сенің емес, сен уақыттың қожайынысыңc.
14. Өз-өзіңді қалай тексеріп тұрсаң болады?
14 Оқып жүргенде өз-өзіңді ара-тұра тексеріп тұр. Өзіңнен былай деп сұра: Күн тәртібін құрғанда тынығып алуға, жаттығу жасауға жеткілікті уақыт бөліп жүрмін бе? Қауымдағы бауырластармен араласуға уақыт тауып жүрмін бе? Үй тапсырмаларын уақытында орындаймын ба? Егер көбіне үлгермей жүрсем, бұл неден: істерім шынымен көп болғаннан ба, әлде сосын істеймін деп кейінге қалдырып жүргеннен бе? Сенің осы сұрақтарға берген жауабыңмен үйдегілер келісер ме еді? Егер жақсырақ жоспар құру керектігін байқасаң, я болмаса жоспарды ұстану үшін өз-өзіңді тәртіпке келтіру қажет екенін түсінсең, дереу іске көш. Қаласаң, уақытын тиімді пайдаланып жүрген бауырластардан кеңес сұрап көрсең болады (Нақ. с. 11:14).
“ДАНАМЕН ЖҮРГЕН ДАНА БОЛАР”
15. Оқуға түскенде сақ болатын тағы қандай жайт бар?
15 Сақ болатын жайт. Ертең оқуға барғанда, группаластарың сені сабақтан кейін анда-мұнда шақыра бастайды. Сол кезде қызығып, сен де олармен барғың келуі мүмкін. Бұл түсінікті-ақ. Өйткені сабақта күні бойы бірге отырған соң, олармен ортақ тақырыптарың да, бір-біріңді түсінетін тұстарың да көп болады. Алайда абай болмасаң, бауырластардан гөрі группаластарыммен ортақ нәрсе көбірек деп ойлап кетуің мүмкін. Бірақ сендерде ең маңызды нәрсе ортақ емес қой: олар сен сияқты Ехобаға сенбейді, Ехобаның көңілінен шығуды ойламайды. Егер олармен көп уақыт өткізетін болсаң, олардың көзқарасы ертелі-кеш саған да әсер етеді (Қор. 1-х. 15:33). Төрт жыл электрик мамандығын оқыған Майкл мұнымен келіседі. Ол былай дейді: “Мен аптасына бес рет, күніне сегіз сағат практикада жүретінмін. Қасымдағы группаластарымның қыздар жайлы әңгімелеріне, тыңдайтын біртүрлі әндеріне, балағат сөздеріне құлағым үйреніп кеткені сонша — уақыт өте онда тұрған не бар деп ойлай бастадым”.
16. Нақыл сөздер 13:20-дағы сөздерден қандай ой түйеміз?
16 Нақыл сөздер 13:20 оқыңыз. Киелі кітапта “данамен жүрген дана болатыны, ақылсызбен араласқан жапа шегетіні” айтылған. Бұдан шығатын түйін: араласатын адамдарың саған я жақсы, я жаман жағынан әсер етеді. Сондықтан саған тек жақсылық тілейтін, сен сияқты Ехобаны жақсы көретін адамдармен дос бол (Зәб. 101:6, 7; 119:63).
17. Жаман ортадан аулақ жүру үшін не істеуің керек?
17 Алдын ала дайындал. Группаластарыңмен тым жақын болып кетпес үшін не істейтініңді қазірден ойластыр. Трентон деген ер бауырлас былай дейді: “Группаластарыммен сәлемім түзу. Бірақ мен оларға достарым деп емес, жай группаластарым деп қараймын. Сондықтан сабақтан тыс уақытта олармен араласпаймын”. Группаластарыңмен жақын болып кетпес үшін сен не істейсің? Мектепте оқып жүргенде сыныптастарыңмен тығыз араласып кетпес үшін не істеген едің? Олармен жақын араласып кеткен кезің болды ма? Болған болса, студент кезіңде қайтадан солай болып жүрмес үшін не істейсің, соны ойланып көр. Студенттік шағыңда “данамен жүрген дана болар” деген сөздерді есте ұстап, Ехобаны жақсы көрмейтіндермен тығыз араласып кетпеd.
18. Өз-өзіңді қалай тексеріп тұрсаң болады? (Суретті де қараңыз.)
18 Оқып жүргенде өз-өзіңді ара-тұра тексеріп тұр. Өзіңнен былай деп сұра: Группаластарыммен тығыз араласып кеткен жоқпын ба? Олардың әдеттері, сөздері, көзқарастары маған әсер етіп жатқан жоқ па? Сенің осы сұрақтарға берген жауабыңмен Ехоба келіседі деп ойлайсың ба? (Зәб. 1:1). Оқып жатқан ортаң саған кері әсер етіп жатқанын байқасаң, жағдайды түзеу үшін дереу шара қолдан. Жақын достарды Ехобаны бар жүрегімен жақсы көретіндердің арасынан тауып, солармен аралас. Ал группаластарыңмен бірге оқып жүргеніңді пайдаланып, оларға Ехоба жайлы айтсаң болады. Оларға сен куәлік бермесең, кім береді?!
Группаластарыңа куәлік беруден тартынба (18-абзацты қараңыз)e
ДАЙЫН ЖҮР
19. Студент кезіңде болатын сынақтарға қалай алдын ала дайындалсаң болады? Мысал келтір.
19 Мынадай жағдайды мысалға келтірейік. Әдетте тауға шығатын адам алдын ала дайындалады. Тауға шығу оңай болу үшін денесін шынықтырып, жаттығады. Әртүрлі ауа райына сай киімін дайындайды. Мақсатын да, яғни қай жерге баратынын да жақсы біледі. Ол тауға шыққанда қандай қиын жағдайлар болуы мүмкін екенін бүге-шігесіне дейін білмесе де, діттеген жеріне жетуге осы дайындықтың өзі жеткілікті. Сен де оқу басталмай тұрып дайындал. Сеніміңді алдын ала шыңдап, нығайт. “Құдай берген сауыт-сайманмен түгел жабдықтал”. Мақсатыңды, яғни не үшін оқуға түсіп жатқаныңды жақсы біл. Ал мақсатың осы дүниеде табысты болу емес, Ехобаға қызмет етіп, оны дәріптеу болсын (Ефес. 6:11—13; Қор. 1-х. 9:26, 27; 10:31).
20. “Сенім жолындасың ба, жоқ па — соны тексеріп тұру” үшін не істесең болады?
20 Киелі кітап бізді: “Сенім жолындасыңдар ма, жоқ па — соны тексеріп тұрыңдар, әрі кім екендеріңе көз жеткізу үшін өздеріңді үнемі тексеріп отырыңдар”,— деп талпындырады (Қор. 2-х. 13:5). Осы мақалада көрсетілгендей, студент кезіңде өз-өзіңді былай деп тексеріп тұруды ұмытпа: Рухани кестемді ұстанып жүрмін бе? Осы дүниенің даналығынан санамды сақтап жүрмін бе? Уақытымды барынша тиімді пайдаланып жүрмін бе? Кіммен көбірек араласып жүрмін — Ехобаны жақсы көретіндермен бе, әлде жақсы көрмейтіндермен бе? Өзіңді осылай тексеріп тұрғаның тек оқып жүргенде емес, жұмыс істегенде де, басқа жағдайларда да пайдалы. Алда сені қандай сынақтар тосса да, сеніміңде берік тұр. Сонда Ехоба саған батасын беріп, сені нағыз бақытты өмірге жеткізеді! (Нақ. с. 3:5, 6).
87-ӘН Келіп, сергіп қалыңдар!
a jw.org сайтынан “Жастардың сауалдары. Шомылдыру рәсімінен өткен соң не істеуім керек? (1-бөлім). Жақсы әдеттеріңнен айныма” деген мақаланы оқып көр.
b 2019 жылғы “Күзет мұнарасының” мамыр айындағы санынан “Осы дүниенің даналығына” алданып қалмаңыз” деген мақаланы оқып көр.
c jw.org сайтынан “Жастардың сауалдары. Уақыт жетпейді, не істеймін?” деген мақаланы оқып көр.
d “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының “Жақсы дос — асыл қазына” деген 48-сабағын оқып көр.
e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Шаштараз мамандығын оқып жүрген қыз бауырлас ыңғайлы сәтті пайдаланып, курстас қызына куәлік беріп жатыр.