Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 мамыр 8—13 бет.
  • Ар-ұжданыңызды Киелі кітап принциптерімен тәрбиелеңіз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ар-ұжданыңызды Киелі кітап принциптерімен тәрбиелеңіз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • АР-ҰЖДАН ДЕГЕН НЕ?
  • АР-ҰЖДАНДЫ ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕЙМІЗ?
  • ЖАҒДАЙЫҢЫЗҒА САЙ КЕЛЕТІН ПРИНЦИПТЕРДІ ТАБУДЫ ҮЙРЕНІҢІЗ
  • АР-ҰЖДАНЫҢЫЗ ДҰРЫС ТӘРБИЕЛЕНІП ЖАТЫР МА?
  • Ар-ұжданыңызды Құдай заңдары мен принциптеріне сай тәрбиелеңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
  • Ар тазалығы Құдай алдында бағалы
    Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз
  • Ар-ұжданыңды қалай таза сақтай аласың?
    Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар
  • Қалай дұрыс шешім қабылдауға болады?
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 мамыр 8—13 бет.

13—19 ШІЛДЕ, 2026

127-ӘН Қандай адам болуым керек?

Ар-ұжданыңызды Киелі кітап принциптерімен тәрбиелеңіз

“Әркім өз жүгін өзі көтереді” (ҒАЛ. 6:5).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ар-ұжданымыз бізді дұрыс жолға бағыттау үшін, оны Киелі кітап принциптерімен тәрбиелеуіміз қажет.

1, 2. а) Ехоба Адам мен Хауаға қандай сый берді? ә) Адам мен Хауа Ехобаға ризашылықтарын қалай білдірсе болар еді?

ЕХОБА адам баласына ерекше сый берген. Бұл — ерік бостандығы. Жануарлар әлемін алсақ, олар тек түйсікпен өмір сүреді. Технологиялар да алдын ала салынған бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Ал адамдар не істеп, не қоятынын өздері шешіп, өздері таңдай алады. Киелі кітаптан білетініміздей, Ехоба алғашқы жұпты өзіне ұқсас етіп жаратты (Мұс. 1-ж. 1:26, 27). Адам мен Хауа саналы жаратылыс болғандықтан, Ехоба оларға өз бетінше әрекет етуге еркіндік берді.

2 Ехоба Адам мен Хауаға не істеу керектігін тәптіштеп айтып жатпады. Бар болғаны жерді өңдеңдер, өсіп-өніп көбейіңдер деп тапсырды. Кейін бір ғана қарапайым шектеу қойып, айтқанына мойынсұнуды өтінді (Мұс. 1-ж. 1:28; 2:16, 17). Ехобаның осыншама еркіндік беріп қойғаны Адам мен Хауаны ризашылық білдіруге талпындыру керек еді. Олардың Ехобаны жақсы көріп, оның еш салмақ салмайтын бұйрықтарын орындап, жүрегін қуантып жүретіндей жөні бар еді (Нақ. с. 23:15).

3. Адам мен Хауа ерік бостандығын қалай пайдаланды?

3 Өте өкініштісі, Адам мен Хауа ерік бостандығын теріс пайдаланып, Ехобаға мойынсұнбауды таңдады. Бұлай еткен себебі — олар Ехобаны емес, өздерін жақсы көрді (Мұс. 1-ж. 3:1—7). Сол таңдауларының ащы салдарын біз әлі күнге дейін көріп келеміз (Рим. 5:12).

4. а) Ғалаттықтарға 6:5-ке сай, біз не істеуге мәжбүрміз? ә) Бұл мақалада не жайлы қарастырамыз?

4 Бүгінде өмір күрделі әрі шиеленісіп кеткен. Біз неше түрлі жағдайға кезігетіндіктен, күндегісін күнде үлкенді-кішілі шешімдер қабылдауға мәжбүрміз (Ғалаттықтарға 6:5 оқыңыз). Сол шешімдеріміз бен таңдауларымыз Ехобаға ұнасын десек, не істеуіміз керек? Ең алдымен, оның көмегіне мұқтаж екенімізді түсінуіміз керек (Нақ. с. 16:3; Ерм. 10:23). Кемелді болған Исаның өзі Құдайдан көмек іздеген (Евр. 5:7). Ал біз кемелді емеспіз, сондықтан Ехобаның көмегіне тіптен зәруміз. Ехоба бізге ерік бостандығымен қатар, дұрыс шешім қабылдауға көмек болсын деп ар-ұждан да берген. Қазір сол жайлы қарастырайық.

АР-ҰЖДАН ДЕГЕН НЕ?

5. а) Ар-ұждан дегеніміз не? ә) Ар-ұждан бізге не үшін қажет? (Римдіктерге 2:14, 15)

5 Өмірде дұрыс шешім қабылдау үшін ерік бостандығының болғаны жеткіліксіз. Бізге шешім қабылдарда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көрсетіп отыратын ар-ұжданның көмегі қажет. Ар-ұждан дегеніміз — іштей дұрыс пен бұрысты ажырата білу сезімі. Ар-ұждан “барша адамда”, тіпті Құдайды білмейтіндерде де бар (Қор. 2-х. 4:2). Ар-ұждан ішімізде отырған төреші секілді, ол іс-әрекеттерімізге баға беріп, бізді айыптайды не ақтайды (Римдіктерге 2:14, 15 оқыңыз). Біз нені бұрыс деп есептесек, ар-ұждан соны бізге істетпес үшін дабыл қағып ескертеді (Сам. 1-ж. 26:8—11). Сондай-ақ, керісінше, нені дұрыс деп санасақ, бізді соны істеуге талпындырып, қозғау салып отырады.

6. Ар-ұжданды тәрбиелеп отырмаса не болады?

6 Бірақ ескеретін бір жайт бар: біз кемелсіз болғандықтан, ар-ұжданымыз да кемелсіз. Көрген тәрбиеміз, мәдениетіміз, күнәкарлығымыз оған да ықпал етеді. Киелі кітапта “әлсіз”, “арамдалған”, “сезімсіз”, “бүлінген” ар-ұждан болатыны жайлы айтылады (Қор. 1-х. 8:12; Тит. 1:15; Тім. 1-х. 4:2; Евр. 10:22). Бұзылып қалған таразы заттың салмағын дұрыс көрсетпейтініндей, мұндай ар-ұждан жақсы мен жаманды дұрыс ажырата алмайды. Ар-ұжданымыз жақсы төреші болу үшін біз оны таза сақтап, тәрбиелеуіміз қажет (Пет. 1-х. 3:16). Ал бұны қалай істесек болады?

АР-ҰЖДАНДЫ ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕЙМІЗ?

7, 8. а) Ар-ұжданды қалай тәрбиелесек болады? ә) Киелі кітаптағы принциптер бізге қалай бағыт-бағдар береді? Мысал келтіріңіз. (Суретті де қараңыз.)

7 Ар-ұжданды тәрбиелеу үшін Киелі кітапты үнемі оқып, Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты көзқарасын біле беруіміз қажет. Алдыңғы мақалада айтылғандай, Киелі кітапта жазылған заңдар нақты жағдайларға ғана қатысты болғандықтан, оларды әрбір жағдайға қатыстыра алмайсың. Сондықтан Ехобаның көзқарасын жақсырақ түсіну үшін, біз заңдардың астарындағы принциптерді де көре білуіміз керек (Ишая 55:9).

8 Мынадай жағдайды елестетіп көріңіз. Бір саяхатшы құлазыған елсіз далада келе жатыр. Жол көрсететін ешқандай белгілер де, адам ізі де жоқ. Әрине, мұндайда күн мен жұлдыздарға қарап, саяхатшы жалпы қай бағытта жүру керектігін түсіне алады. Бірақ қолында картасы болса және сол картада алдынан шығатын таулар мен өзендердің суреті болса, ол басқа жолға түсіп кетпей, діттеген жеріне адаспай жетеді. Осы мысалды өзімізге қатыстырсақ, біздің діттеген жеріміз — Ехобаның ықыласы. Жол көрсететін картамыз — Киелі кітап. Ал картадағы суреттер болса Киелі кітаптағы принциптер сияқты. Саяхатшы картадағы таулар мен өзендердің суретіне қарап, жолды адаспай тауып баратынындай, біз де Киелі кітаптағы принциптерге сай жүріп-тұрсақ, тура жолдан ауытқымай, діттеген жерімізге дәл жетеміз, яғни дұрыс шешім қабылдап, Ехобаның ықыласына ие боламыз.

Елсіз далада жүрген саяхатшы дұрыс келе жатқанына көз жеткізу үшін картадағы белгілерге қарап жатыр.

Киелі кітаптағы принциптерге сай жүріп-тұрсақ, тура жолдан ауытқымай, діттеген жерімізге дәл жетеміз (8-абзацты қараңыз)


9. Римдіктерге 9:1-ден көрінетіндей, ар-ұжданды тәрбиелеуге тағы не көмектеседі?

9 Ар-ұжданды дұрыс тәрбиелеу үшін бізге тағы киелі рух қажет (Римдіктерге 9:1 оқыңыз). Киелі рух бізге Ехобаның көзқарасын түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ бойымызда ықылас оятып, Ехобаның еркін орындауға күш береді (Філіп. 2:13). Ал Ехобаның киелі рухына ие болу үшін не істеуіміз керек?

10. Ехобаның киелі рухына ие болу үшін не істеуіміз керек? (Лұқа 11:10, 13)

10 Киелі рух сұрап дұға етіңіз (Лұқа 11:10, 13 оқыңыз.) Киелі рухын беруге келгенде Ехобаның қолы ашық (Жох. 3:34). Киелі рухтың жетелеуімен жүруге дайын адамға ол киелі рухын үйіп-төгіп береді (Нақ. с. 1:23; Жақ. 1:5). Ар-ұжданды тәрбиелеу үшін тағы не істеуіміз керек?

11. а) Біз үшін бәрінен де не маңызды? ә) Неге біз ар-ұжданымызды дұрыс тәрбиелеуге ерекше мән беруіміз керек?

11 Ехобаның көңілінен шығуды ойлаңыз (Нақ. с. 8:34, 35). Ехобаның көңілінен шығу біз үшін бәрінен де маңызды. Әр шешім қабылдағанда Ехобаға не ұнайды деп ойланатын болсақ, ар-ұжданымыз тәрбиелене береді. Санаң Ехобаның ойымен үндесіп тұрса, ал жүрегің Ехобаның көңілін ойлап тұрса, дұрыс тәрбиеленген ар-ұждан деген сол. Қазіргі өмір шиеленісіп кеткенін ескерсек, ар-ұжданымызды дұрыс тәрбиелеуге ерекше мән беруіміз керек. Біз Киелі кітапта нақты айтылмаған қаншама жағдайларға кезігеміз. Қалай демаламын, не жұмыс істеймін, қандай білім аламын, кіммен араласамын — мұның бәрі шешімді талап ететін жағдайлар. Күнделікті өмірде қабылдап жүрген бұл шешімдеріміз Ехобаның көңілінен шығып жатқанына сенімді болу үшін не істеуіміз керек? (Қор. 2-х. 1:12).

12. Ар-ұжданымыз бізді дұрыс шешімге бағыттап жатыр ма, жоқ па — оны қалай білсек болады? (Ефестіктерге 5:10)

12 Киелі кітапты оқығанда ой жүгіртіңіз (Зәб. 49:3). Киелі кітапты оқып жатқанда, Ехобаның көзқарасын түсінуге көмектесетін принциптерді табуға тырысыңыз (Ефестіктерге 5:10 оқыңыз). Егер Киелі кітап принциптерін іздеп табатын болсақ, күрмеуі қиын жағдайларда ар-ұжданымыз бізді дұрыс шешімге бағыттап жатыр ма, жоқ па — соны көре аламыз (Нақ. с. 2:4—9, 11—13). Принциптер бізге қажет кездері ар-ұжданымызды түзеп, дұрыс бағытқа бұрып отыруға көмектеседі (Евр. 5:14).

13. Шешім қабылдарда неден аулақ болуымыз керек? Мысал келтіріңіз.

13 Шешуін шешіп алып, артынан сол шешімге сай келетін принципті іздеп жүрмеңіз. Б. з. б. 607 жылы Иерусалим күйрегеннен кейін Яһуда жерінде қалған исраилдіктерді еске алайықшы. Олар Еремиядан: “Ехоба Құдайыңыз бізге қай жолмен жүру керектігін, не істеуіміз керектігін айтсыншы”,— деп өтінді (Ерм. 42:3—6). Бірақ олар Мысырға баратындарын алдын ала шешіп қойған еді. Ехобаның Еремия арқылы айтқан нұсқауы ұнамағанда, олар Құдайдың айтқанын емес, өз дегенін істеді. Мұның арты жақсылыққа апармады (Ерм. 42:19—22; 43:1, 2, 4). Олай болса, біз де шешуін шешіп алып, артынан Ехобаның ойын білуге тырыспайық. Керісінше, алдымен Киелі кітап принциптерін тауып, кейін соған сай шешім қабылдайық.

14. Киелі кітап принциптеріне сүйеніп шешім қабылдағанымыз неге маңызды?

14 Киелі кітап принциптеріне сүйеніп шешім қабылдаңыз (Мат. 7:24—29; Жақ. 1:23—25). Киелі кітап принциптеріне сүйеніп шешім қабылдағанда, біз киелі рухтың өзімізге әсер етуіне жол береміз. Киелі рухтың жетелеуімен жүруге дайын адамға Ехоба киелі рухын үзбей береді (Ел. іс. 5:32). Ал егер киелі рух Ехобаға ұнамды нәрсені істеуге қозғау салғанда, оны елемейтін болсақ, киелі рухқа “қарсы шығып”, оны “ренжітеміз” (Ефес. 4:30; Ишая 63:10; Ел. іс. 7:51). Мұндай кезде Ехоба бізден киелі рухын алып қоюы мүмкін (Зәб. 51:11; Сал. 1-х. 5:19). Мұны ойлаудың өзі қорқынышты! Біз киелі рухтың беретін күшіне аса мұқтажбыз (Ефес. 3:16).

ЖАҒДАЙЫҢЫЗҒА САЙ КЕЛЕТІН ПРИНЦИПТЕРДІ ТАБУДЫ ҮЙРЕНІҢІЗ

15, 16. а) Жағдайымызға сай келетін принциптерді қалай тапсақ болады? ә) Зерттеушіңізге темекіні тастауға көмектесетін қандай Киелі кітап принциптері бар?

15 Жағдайыңызға сай келетін Киелі кітап принциптерін табудың бір жолы — ізденіс құралдарын қолдану. Мысалы, темекісін тастай алмай жүрген зерттеушіңіз сізге: “Темекі шегуге болмайтыны Киелі кітаптың еш жерінде айтылмаған ғой. Оның дұрыс емес екенін қайдан білесің?”— десе, не деп жауап бересіз? Зерттеушіңіз темекі шегу Ехобаға ұнамайтынын түсіну үшін, оған Киелі кітаптан принциптерді табуды үйретіңіз. Оны “Ехоба куәгерлерінің онлайн кітапханасына” кіруге талпындырыңыз. Іздеу жолағына “темекі” не “темекі шегу” деп жазса, осы тақырыпқа қатысты мақалалар тізіліп шығады. Зерттеушіңіз солардың ішінен “Темекі шегуге қатысты Құдайдың көзқарасы қандай?” деген мақаланы оқып көрсе болады (2014 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 маусымдағы санын қараңыз). Сол мақалада темекі шегуге қатысты Ехобаның көзқарасын айқындайтын тармақтар мен принциптер келтірілген.

16 Қазір сол принциптердің бесеуіне тоқталайық. 1) Біз өлімге апаратын зиянды әдеттердің құлы болмауымыз керек (Рим. 6:16). 2) Ағзамызға зиянын тигізетін нәрселерден аулақ болғанымыз жөн (Қор. 2-х. 7:1). 3) Ехоба біздің оған бүкіл жан-тәнімізбен қызмет еткенімізді қалайды (Мат. 22:37). 4) Өзгелерге зиян келтіретін істерден аулақ болуымыз керек (Мат. 22:39; Қор. 1-х. 10:24). 5) Дұрыс нәрсені істеуге Ехобаның өзі күш береді (Філіп. 4:13). Киелі кітапта темекі жайлы бірде-бір сөз айтылмаса да, зерттеушіңіз осы принциптердің көмегімен Ехобаның темекіге қалай қарайтынын түсіне алады.

17. Үйленейін деп жүрген бауырластар үйлену тойына қатысты Киелі кітап принциптерін қалай тапса болады?

17 Үйленейін деп жүрген бауырластар тойларын жоспарлағанда Киелі кітап принциптеріне жүгінсе болады. Ол үшін “Ехоба куәгерлерінің онлайн кітапханасына” кіріп, іздеу жолағына “үйлену” деп терсе, пайдалы мақалалар тізіліп шығады. Сол мақалаларда тойды жоспарлағанда көмек болатын кем дегенде алты принцип бар. 1) Үйлену тойы бастан-аяқ Ехобаға мадақ әкелетіндей өту керек (Қор. 1-х. 10:31, 32). 2) Тойға киетін киіміміз тым көзге түсетіндей емес, қарапайым болғаны жөн (Тім. 1-х. 2:9; Пет. 1-х. 3:3, 4). 3) Шайтанның дүниесіне еліктеп, дүние-мүлікке мақтанудан аулақ болуымыз керек (Жох. 1-х. 2:15, 16). 4) Той тәртіппен өту үшін, бәрін алдын ала жақсылап ойластыруымыз қажет (Қор. 1-х. 14:40). 5) Тойда ішімдікке сылқия тою, ырду-дырду деген болмау керек (Ғал. 5:21). 6) Тойда бас-көз болатын біреуді тағайындап қойған жөн (Жох. 2:8, 9).

18, 19. а) Киелі кітап принциптерін табуға көмектесетін тағы қандай құрал бар? ә) Мейрамдарға қатысты мәселелерде дұрыс шешімге келу үшін бұл құралды қалай қолдансақ болады? (“Киелі кітап принциптерін табуды үйреніңіз” деген қоршауды қараңыз.)

18 Біздің қолымызда “Мәсіхшілік өмірде қажет тармақтар” деген тағы бір пайдалы құрал бар. Бұл кітапта әртүрлі тақырыптар қарастырылады. Әр тақырыптың ішінде сұрақтар мен тармақтар келтірілген. Сол тармақтарды оқып, зерттейтін болсақ, принциптерді оңай табамыз. Мысалы, қандай да бір мейрамға қатысуға болатын-болмайтынын білмесек, “Мейрамдар” деген тақырыпты ашып көрсек болады. Онда “Мәсіхшілер тойламайтын мейрамдар” деген тақырыпша бар.

19 Бұл тақырыпшаның астында мынадай сұрақ келтірілген: “Жалған дінмен байланысы бар мейрамдарға қатысу неге дұрыс емес? (Қор. 1-х. 10:21; Қор. 2-х. 6:14—18; Ефес. 5:10, 11)”. Содан кейін мәсіхшілер тойлауға болмайтын мейрамдардың бірнешеуі аталған. Әрі қарай “Ұлттық мейрамдар” деген тағы бір тақырыпша бар. Мысалы, Тәуелсіздік күні, Жеңіс күні, Президент күні деген сияқты мейрамдарға қатысуға бола ма деген сұрақ туса, сонда келтірілген тармақтарды қарастырсақ болады. Сонда Ехобаның көзқарасын түсініп, дұрыс таңдау жасай аламыз. Ар-ұжданымызды дұрыс тәрбиелеуге көмектесетін осындай керемет құралдар беріп жатқаны үшін Ехобаға да, оның ұйымына да алғысымыз шексіз!

Киелі кітап принциптерін табуды үйреніңіз

“Мәсіхшілік өмірде қажет тармақтар” кітабында Киелі кітап принциптері өте көп. Осында келтірілген сол кітаптағы кейбір тақырыптарды отбасылық ғибадатта талқылап, Киелі кітап принциптерін тауып көріңіз.

  • Ақша

  • Бейтараптық

  • Жаман істер

  • Кешіру

  • Көңіл көтеру

  • Осы дүниемен дос болу

  • Өтірік айту

  • Порнография

  • Пұтқа табыну

  • Түсініспеушілікті шешу

  • Шынайы дін мен жалған дінді араластыру

  • Шыншылдық

  • Ішімдік

АР-ҰЖДАНЫҢЫЗ ДҰРЫС ТӘРБИЕЛЕНІП ЖАТЫР МА?

20. Ар-ұжданымыздың дұрыс тәрбиеленіп жатқанын неден білеміз?

20 Ар-ұжданымыз дұрыс тәрбиеленіп жатыр ма, жоқ па — бұны ерік бостандығын қалай қолданып жатқанымыздан білеміз. Ар-ұжданымыз дұрыс тәрбиеленсе, біз әрдайым дұрыс таңдау жасап, Ехобаның еркіне сай дұрыс шешімдер қабылдаймыз. Олай болса, ар-ұжданымызды тәрбиелеу үшін Ехобадан киелі рух сұрай берейік. Киелі рухтың өзімізге әсер етуіне жол беріп, оның қозғауына сай әрекет етейік. Киелі кітап принциптерін қолданып, ар-ұжданымызды дұрыс жолға бағыттап отырайық. Ехоба сыйлаған ерік бостандығы мен ар-ұжданды дұрыс қолданатын болсақ, өмірімізде Құдай Сөзінің құдіретін көреміз (Тім. 2-х. 3:16, 17; Евр. 4:12).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Ар-ұждан деген не?

  • Ар-ұжданды қалай тәрбиелесек болады?

  • Шешім қабылдағанда Киелі кітап принциптерінің қандай көмегі бар?

135-ӘН Ехобаның шақыруы: “Ақылды бол, балам”

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу