6—12 ШІЛДЕ, 2026
98-ӘН Рухтың жетелеуімен жазылған Жазбалар
Киелі кітап принциптерін жақсы түсінесіз бе?
“Осылай еткендерің ақыл-ойларыңды іске қосып атқарған қасиетті қызметтерің болмақ” (РИМ. 12:1).
НЕГІЗГІ ОЙ
Принциптердің не екенін түсініп, оларды Киелі кітаптан табуды үйренеміз.
1, 2. а) Неге Киелі кітапты көне кітап дей аламыз? ә) Киелі кітаптың өз тиімділігін жоғалтпауының себебі неде?
КИЕЛІ КІТАП — көнеден келе жатқан кітап. Ол шамамен 3500 жыл бұрын жазыла бастап, 2000 жылдай бұрын жазылып біткен. Сондай көне болғанына қарамай, бұл кітап тиімділігін әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ (Тім. 2-х. 3:16, 17). Бүгінгі заманда миллиондаған адам сондағы дана кеңестердің пайдасын көріп, “Құдай сөзінің тірі, әсері де күшті” екеніне көздері жетіп жүр (Евр. 4:12).
2 Сондай көне кітаптың заманнан қалмай, уақытпен үндесіп келе жатқаны таңғалдырмай қоймайды. Киелі кітаптың өз тиімділігін жоғалтпауының екі себебі бар. Біріншіден, бұл кітапты “даналықтың бірден-бір иесі” тірі Құдай жаздырған (Тім. 1-х. 4:10; Рим. 16:26, 27). Екіншіден, бұл кітаптағы сөздердің астары ешқашан ескірмейтін принциптерге толы. Сондықтан адам қай заманда өмір сүрсе де, қандай қиындыққа кезіксе де, сол принциптердің пайдасын көре береді.
3. Бұл мақалада не қарастырамыз?
3 Киелі кітап принциптері деген не? Киелі кітап принциптерін түсінгеніміз неге маңызды? Киелі кітапты оқып жатқанда принциптерді қалай табуға болады? Бұл мақалада осы үш сұрақтың жауабын аламыз. Сондай-ақ Исаның тәлімдерінің бірнешеуін қарастырып, Киелі кітаптағы принциптердің қаншалықты құнды екенін көреміз.
КИЕЛІ КІТАП ПРИНЦИПТЕРІ ДЕГЕН НЕ?
4. Киелі кітап принциптері деген не?
4 Киелі кітап принциптері деген — Ехобаның көзқарасын түсінуге көмектесетін негізгі шындықтар. Киелі кітаптағы заңдардың бәрі принциптерге негізделген. Кейде принцип заңның астарында емес, заңның өзінде болады (Мат. 22:37). Ехоба әрбір заңды белгілі бір себеппен берген. Сол заңдардың не үшін берілгенін түсінсек, олардың астарындағы принциптерді де түсінеміз. Заңдардан гөрі принциптердің артықшылығы көп. Заңдар нақты бір уақытта, нақты бір жағдайда ғана тиімді. Уақыт өте олар өзгеріп отырады. Ал принциптердің аясы кең. Олар әртүрлі жағдайда, әртүрлі уақытта тиімді (Зәб. 119:111). Сондықтан принциптер ешқашан өзгермейді және ешқашан ескірмейді (Ишая 40:8).
5. Заң мен принциптің айырмашылығын қандай мысалмен түсіндіруге болады? (Суреттерді де қараңыз.)
5 Заң мен принциптің айырмашылығын жақсырақ түсіну үшін мысал келтірейік. Анасы баласына “қазанға жолама!” десе, бұл бұйрық, басқаша айтқанда, заң. Анасының сөзінің астарындағы принцип мынадай: ыстық затқа тиісуге болмайды, бұл қауіпті. Тисең, бір жерің күйіп қалады. Анасының ескертуі қазанға ғана емес, ыстық заттың бәріне, мысалы, от жанып тұрған пешке, қосылып тұрған үтікке, қайнап тұрған шәйнекке де қатысты. Баласы үйде болғанда ғана емес, басқа жерде жүргенде де анасының бұл ескертуінің пайдасын көреді. Әрине, бала есейгенде қазанды да, үтікті де қолданады, бірақ қауіпті екенін түсініп, абайлайды. Көргеніміздей, анасының “қазанға жолама!” деген сөзі уақыт өте күшін жойды, бірақ абайлау керек деген астары қалды.
Уақыт өте заң күшін жояды, ал астарындағы принцип қалады (5-абзацты қараңыз)
КИЕЛІ КІТАП ПРИНЦИПТЕРІН ТҮСІНГЕНІМІЗ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
6. а) Ехоба өз Сөзінде не жаздырған? ә) Ехоба бізге қаншалықты сенім артады?
6 Ехоба бізді жақсы көреді, сондықтан өзімізге не өзгелерге зиянын тигізетін күнәлардан бізді сақтау үшін нақты заңдар берген (Жақ. 2:11). Сондай-ақ ол заңдардың астарындағы принциптерді жақсырақ түсінуіміз үшін, Киелі кітапқа көптеген оқиғалар мен ақыл-кеңестер жаздырған. Соның арқасында біз нақты заң жоқ жерде де дұрыс шешім қабылдай аламыз. Әрбір майда-шүйде нәрсеге заң орнатпай, принциптер беруімен Ехоба бізге еркіндік беріп, сенім артып отыр. Ал біз ерік бостандығын пайдаланып, шешімдерімізбен Ехобаны және оның заңдарын жақсы көретінімізді дәлелдей аламыз (Ғал. 5:13).
7. Киелі кітап принциптерінің пайдасын қандай мысалмен түсіндіруге болады? (Суретті де қараңыз.)
7 Киелі кітап принциптерінің пайдасын түсіну үшін жол ережелерін мысалға келтірейік. Әдетте жолдың жиегінде “жылдамдықты шекте”, “тоқта” деген сияқты тыйым салатын жол белгілері болады. Егер жүргізуші сол белгілерді елемей өтіп кетсе, жол ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылып, айыппұл төлейді. Жолда “тайғақ жол”, “қауіпті бұрылыс” деген сияқты ескерту белгілері де болады. Бұл белгілер жүргізушіні нақты бір әрекетке міндеттемейді. Бірақ жүргізуші бұл белгілерді көргенде қауіп бар екенін түсініп, жағдайға баға береді. Сосын жағдайға қарай көлікті қалай айдайтынын өзі шешеді, мысалы, жылдамдығын бәсеңдетіп, абайлап айдауы мүмкін. Соның арқасында ол апатты жағдайдың алдын алады. Жаңбыр, қар жауғанда да жүргізуші қауіпті түсініп, жағдайға қарай әрекет етеді. Тура солай, тыйым салатын белгілер сияқты Киелі кітапта нақты заңдар бар. Біз оларды бұлжытпай орындаймыз. Сондай-ақ онда ескерту белгілері сияқты принциптер бар. Олар заңдар сияқты нақты бір әрекетті талап етпейді. Бірақ біз принциптерге сүйеніп жағдайға баға бере аламыз. Солардың арқасында қай кезде қалай әрекет еткен дұрыс болатынын түсініп, рухани апаттың, яғни Құдай заңын бұзуға әкелетін жағдайлардың алдын аламыз.
Жолдағы ескерту белгілері сияқты, Киелі кітап принциптері қауіпті алдын ала көре білуге көмектеседі (7-абзацты қараңыз)
8. Римдіктерге 12:1, 2-ге сай, Киелі кітаптағы принциптерді іздеп табудың қандай пайдасы бар?
8 Киелі кітаптағы принциптердің тағы екі пайдасына тоқталайық. Біріншіден, Киелі кітаптағы принциптерді іздеп табатын болсақ, Ехоба қай жағдайға қалай қарайтынын түсінуді үйренеміз. Әдетте біз Киелі кітапты оқығанда сондағы оқиғаларды өзімізге қатыстырып, сабақ алуға тырысамыз. “Ехоба бұл оқиғаны Киелі кітапқа не үшін жаздырды, бұның маған қандай пайдасы бар?” деп ой жүгіртеміз. Осылай біз “ақыл-ойымызды іске қосуды” үйренеміз және Ехобаға не ұнайтынын, не ұнамайтынын ажыратып, “Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткіземіз” (Римдіктерге 12:1, 2 оқыңыз)a.
9. Киелі кітаптағы принциптерге сай әрекет етудің қандай пайдасы бар? (Еврейлерге 5:13, 14)
9 Екіншіден, Киелі кітаптағы принциптерге сай әрекет ететін болсақ, рухани толыса түсеміз және Ехобамен достығымыз нығаяды (Еврейлерге 5:13, 14 оқыңыз). Әдетте ата-аналар бала әртүрлі жағдайда қалай әрекет ету керектігін білсін деп, “бүйтпе, сөйтпе” деп бірталай ережелер орнатып жатады. Бала ата-анам ұрысады, жазалайды деп қорыққаннан ғана тіл алуы мүмкін. Ал Ехоба бізге бала сияқты қарамайды. Ол бізге ересек, толысқан адам ретінде қарағандықтан, ұсақ-түйек ережелер орнатпай, өз бетімізше әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр. Ехоба бізге қаншалықты сенім артады десеңізші! Егер біз Ехобаның еркіне сай дұрыс таңдау жасайтын болсақ, бұл оның жүрегін қуанышқа бөлейді (Зәб. 147:11; Нақ. с. 23:15, 26; 27:11).
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ПРИНЦИПТЕРДІ ҚАЛАЙ ТАБУҒА БОЛАДЫ?
10. Киелі кітаптағы принциптерді қалай табуға болады?
10 Киелі кітаптағы принциптерді табудың бір жолы — Киелі кітапта жазылған оқиғалардан сабақ алу және заңдардың берілген себебін түсіну. Бұл үшін Киелі кітапты оқығанда Ехобадан көмек сұрап дұға етуіміз керек және өзіміз де саналы түрде терең ойлануды үйренуіміз қажет (Нақ. с. 2:10—12). Өзімізге мынадай сұрақтар қойып көрсек болады: “Ехоба бұл заңды не үшін берген? Заңның өзін бұзбасам да, соған жақындау бірдеңе істесем, Ехоба бұған қалай қарайды? Киелі кітапта жазылған бұл оқиғадан қандай сабақ аламын? Оны өмірімде қалай қолдансам болады?” Осылай Киелі кітаптағы оқиғалар мен заңдардың астарында жатқан сабақтар мен себептерді көріп үйренсек, Ехобаның көзқарасын жақсырақ біле түсеміз. Соның арқасында Ехобаның еркіне сай, оны қуантатын шешімдер қабылдайтын боламыз.
11. Иса Таудағы уағызында Ехобаның көзқарасын түсінуді қалай үйреткен? (Суретті де қараңыз.)
11 Ехобаның көзқарасын түсінуге көмектесетін принциптерді қалай табуға болатынын Иса Таудағы уағызында үйретіп кеткен. Ол алдымен заңның өзін келтірді, кейін сол заңды Ехоба не үшін бергенін түсіндіріп, астарындағы принципті көрсетті. Егер біз Иса көрсеткен сол принциптер жайлы ой жүгіртсек, оларды қазіргі заманда қалай қолдануға болатынын және біз үшін қандай пайдасы бар екенін түсінеміз. Қазір Исаның Таудағы уағызынан үш мысал келтірейік.
Иса Таудағы уағызында заңдардың астарында жатқан принциптерді түсіндірген (11-абзацты қараңыз)
12. Матай 5:21, 22-де айтылған заңның астарында қандай принцип жатыр? (Суретті де қараңыз.)
12 Матай 5:21, 22 оқыңыз. “Кісі өлтірме!” Бұл заңның астарында қандай принцип жатыр? Біреуді жек көргеніміз Ехобаға ұнамайды. Біреуді іштей жақтырмау да, жақтырмайтынымызды ашық білдіру де дұрыс емес. Иса біреуді жек көретін адам бұл заңды тікелей бұзбаса да, оның астарындағы принципті бұзатынын айтқан. Демек, “бауырласына ашулануын қоймайтын”, я болмаса “бауырласына тіл тигізетін” адам Құдайдың алдында жауап береді. Түптеп келгенде, кісі өлтіру деген жек көруден басталады емес пе?! (Жох. 1-х. 3:15).
13. Матай 5:21, 22-дегі принципті өмірімізде қалай қолдансақ болады? (Суретті де қараңыз.)
13 Матай 5:21, 22-дегі принцип қазіргі заманда қай жағынан тиімді? Біз біреуге кек сақтаудан, біреуді іштей жақтырмай жүруден аулақ болуымыз керек (Мұс. 3-ж. 19:18; Әйүп 36:13). Әйтпесе сол адамды жек көріп кетіп, оны жаралайтындай бірдеңе істеп қоюымыз ғажап емес (Нақ. с. 10:12). Мысалы, оны өсектеп, тіпті басқаларға оны жаман етіп көрсету үшін өтірік қосып, жала жауып кетуіміз мүмкін (Нақ. с. 20:19; 25:23). Иса бұл принципті айтқан уақытта әлеуметтік желі, мессенджер деген атымен болмаса да, бұл принцип бізге электронды құрылғыларды қолданғанда барынша абай болуды үйретеді. Қазіргі технологиялар дамып кеткен заманда біреудің атына күйе жағу, қорлап, масқара қылу оп-оңай. Біз кісі өлтіруден қалай аулақ болсақ, біреудің беделін түсіріп, абыройын төгуден де солай аулақ болуымыз керек.
(12, 13-абзацты қараңыз)
14. Матай 5:27, 28-де айтылған заңның астарында қандай принцип жатыр? (Суретті де қараңыз.)
14 Матай 5:27, 28 оқыңыз. “Неке адалдығын бұзба!” Бұл заңның астарында қандай принцип жатыр? Ехоба азғындықты ғана емес, соған апаратын азғын ойларды да жек көреді. Иса кімде-кім өз әйелінен басқа бір әйелге құмарта қараса, күнә жасайтынын айтқан. Демек, біз азғын ойларға қайткенде де қарсы тұрып, тоқтамай күресе беруіміз керек (Мат. 5:29, 30). Бұл принцип некедегілерге ғана емес, неке құрмаған салтбастыларға да қатысты.
15. Матай 5:27, 28-дегі принципті өмірімізде қалай қолдансақ болады? (Суретті де қараңыз.)
15 Матай 5:27, 28-дегі принцип қазіргі заманда қай жағынан тиімді? Біз азғын ойларға берілуден барынша аулақ болуымыз керек (Сам. 2-ж. 11:2—4; Әйүп 31:1—3). Толысқан мәсіхші порнографияның кез келген түрінен бойын аулақ ұстайды. Ол “порнографияны жай көргеннен ештеңе болмайды” деп өзін алдамайды. Я болмаса осы дүниеге тән көзқарас танытып, “бұл порнографияның жеңіл түрі ғой, ол күнә емес” деген ойға жол бермейді. Иса технология болмаған заманда өмір сүрсе де, оның айтып кеткен принципінен бүгінде фильмдер, сурет, видеолар арқылы тарап жатқан азғындыққа Ехоба қалай қарайтынын түсінуге болады. Қазіргі уақытта интернетте кең етек алған секстинг, виртуалды жыныстық қатынасқа түсу сияқты істерді Ехоба жек көреді. Егер мәсіхші Иса айтқан принципті есте ұстайтын болса, өзінің жарын алдамай, оған барлық жағынан адал болады (Малх. 2:15). Некедегілер ғана емес, бәріміз де осы принципті есте ұстап, ауыр-жеңіл түрі деп бөліп жатпай, азғындыққа апаратын кез келген нәрсеге жоламауымыз керек (Нақ. с. 5:3—14).
(14, 15-абзацты қараңыз)
16. Матай 5:43, 44-те айтылған заңның астарында қандай принцип жатыр? (Суретті де қараңыз.)
16 Матай 5:43, 44 оқыңыз. “Бауырласыңды сүй”. Бұл заңның астарында қандай принцип жатыр? Ехоба біздің барлық адамды бауырымыздай көріп, жақсы көргенімізді қалайды. Негізі, Мұса Заңында “жауыңды жек көр” деген сөздер жоқ. Яһудилер заңда “бауырласыңды сүй” деп тұрса, демек, яһудилерді ғана жақсы көріп, жауыңды жек көруің керек деп қате ойлаған. Бірақ Иса бұл заңның астарындағы Ехобаның көзқарасын жақсы түсінді. Исаның айтқанынан түйетініміз: біз адамдарды ұлтына, нәсіліне қарап бөлмей, бәрін бауырдай көруіміз керек (Мат. 5:45—48).
17. Матай 5:43, 44-тегі принципті өмірімізде қалай қолдансақ болады? (Суретті де қараңыз.)
17 Матай 5:43, 44-тегі принцип қазіргі заманда қай жағынан тиімді? Иса айтқан принципті есте ұстасақ, біз әлемде болып жатқан соғыстар мен қақтығыстарға қатыспаймыз, ешбір жақты да қолдамаймыз (Ишая 2:4; Миха 4:3). Адам қай ұлттан шықса да, қай дінді ұстанса да, бөліп-жармай бәріне жақсылық жасай береміз (Ел. іс. 10:34, 35). Сондай-ақ біреулер бізге не жақындарымызға әділетсіздік танытып жатса, кешіруге дайын боламыз (Мат. 18:21, 22; Мар. 11:25; Лұқа 17:3, 4).
(16, 17-абзацты қараңыз)
КИЕЛІ КІТАП ПРИНЦИПТЕРІНЕ САЙ ӨМІР СҮРЕ БЕРЕЙІК
18. а) Күнделікті өмірде шешім қабылдағанда не істеуіміз керек? ә) Келесі мақалада не қарастырамыз?
18 Ойлап көріңізші, Ехоба бізге балаға емес, ересек адамға қарағандай қарайды. Ол бізді Киелі кітап принциптеріне сүйеніп, өздері шешім қабылдаса екен дейді (Қор. 1-х. 14:20). Олай болса, күнделікті өмірде шешім қабылдағанда, Ехобаның көзқарасын қаншалықты түсінетінімізге көз жеткізейік (Ефес. 5:17). Қорыққаннан емес, жақсы көргеннен Ехобаның еркіне сай дұрыс таңдау жасайық. Киелі кітап принциптерінен бөлек, бізді дұрыс шешімге бағыттайтын тағы бір көмекшіміз бар. Келесі мақалада сол көмекшіміз ар-ұждан жайлы қарастырамыз.
95-ӘН Таң шапағы жарқырай түсуде
a Нақты заңдар аз болғандықтан, біз көп жағдайда Киелі кітаптағы принциптерге сүйеніп шешім қабылдаймыз. Сондықтан біз әртүрлі принциптердің бір-бірімен байланысын түсініп, оларды өз жағдайымызға қатыстырып үйренуіміз керек. Осылай Ехоба берген ақыл-ойымызды іске қосып шешім қабылдайтын болсақ, оның ықыласына ие болып, батасына кенелеміз. Бірінші ғасырдағы Исаның ізбасарлары мәсіхші болғанға дейін діни жетекшілер орнатып тастаған ережелермен өмір сүрген. Сондықтан оларға да ақыл-ойын іске қосып, принциптерге сай өмір сүруді үйрену керек болған.