Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 наурыз 2—7 бет.
  • “Тәлім беру шеберлігін” жетілдірудің тиімді әдістері

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Тәлім беру шеберлігін” жетілдірудің тиімді әдістері
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • АДАМДАРДЫ ОЙЛАҢЫЗ
  • ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ЖҮГІНІҢІЗ
  • АДАМНЫҢ НАЗАРЫН ЕХОБАҒА АУДАРЫҢЫЗ
  • “ТӘЛІМ БЕРУ ШЕБЕРЛІГІН” ЖЕТІЛДІРЕ БЕРІҢІЗ
  • Зерттеушіге шындықта нық тұруға көмектесіңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • “Мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” тапқанда, бірден іске кірісейік
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Шешімдеріңізден Ехобаға арқа сүйейтініңіз көрінсін
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2023)
  • Беймәлім жайттарға келгенде, қарапайым болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 наурыз 2—7 бет.

4—10 МАМЫР, 2026

53-ӘН Уағызға дайын болайық

“Тәлім беру шеберлігін” жетілдірудің тиімді әдістері

“Құдай сөзін уағызда,.. тәлім беру шеберлігін барынша қолдан” (ТІМ. 2-Х. 4:2).

НЕГІЗГІ ОЙ

Үш тиімді әдістің көмегімен тәлім беру шеберлігін шыңдауға болады.

1. Біз не нәрсеге қабілетті болуымыз керек және неге? (Тімөтеге 2-хат 4:2) (Суретті де қараңыз.)

ИСА өзінің ізбасарларына: “Шәкірттер дайындап, оларға... мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер”,— деген (Мат. 28:19, 20). Демек, Исаның әрбір ізбасары үйретуге қабілетті болу керек. Әрине, “мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” Ехобаның өзі жақындатып тартады, періштелер де бізді сол адамдарға бағыттап отырады (Ел. іс. 13:48; Жох. 6:44; Аян 14:6). Дегенмен адамдардың шындыққа құлақ асуы қандай да бір шамада бізге де байланысты. Мұны елші Пауыл мен Барнабаның жағдайынан көруге болады. Киелі кітапта олар жайлы былай делінген: “Иқонияда екеуі яһудилердің мәжілісханасына кіріп, сөз сөйледі. Мұның керемет болғаны сонша — көптеген яһудилер мен гректер сенді” (Ел. іс. 14:1). Байқасақ, Пауыл мен Барнаба тәлім берудің қас шебері болған (Тімөтеге 2-хат 4:2 оқыңыз). Оларға еліктеп, біз де тәлім беру шеберлігін шыңдай беруіміз қажет.

Пауыл мәжілісханада Жазбаларды майын тамызып түсіндіріп жатқанда, адамдар оны ұйып тыңдап отыр. Ал Барнаба Пауылдың қалай тәлім беріп жатқанына сүйсініп отыр.

Тәлім берудің қас шеберлері Иса мен оның шәкірттерінен, соның ішінде Пауыл мен Барнабадан, көп нәрсе үйрене аламыз (1-абзацты қараңыз)


2. Кейбір бауырластар тәлім беру шеберлігін шыңдай алатындарына неге сенбейді?

2 Бірақ кейбір бауырластар тәлім беру шеберлігін шыңдай алатындарына сенбейді. Олар “мектепте жөндеп оқымағанмын”, “табиғатымнан көп сөйлемеймін, бірдеңені түсіндіруге жоқпын” деп өздерін артқа тартып жатады. Мұндай сенімсіздік ежелде Құдайдың адал қызметшілерінде де болған (Мұс. 2-ж. 4:10; Ерм. 1:6). Ал кейбір бауырластар “менің бірде-бір зерттеу сабағым жоқ, қызметте де мені ұйып тыңдайтындар аз, бұл тәлім беру қабілетімнің жоқтығынан шығар” деп көңілдері түсіп жатады. Бірақ біз екі жайтты ұмытпауымыз керек. Біріншіден, біздің айтқан хабарымызға адамдардың бәрі бірдей құлақ аспайды. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, қызметіміздің жемісті болуы бізге ғана байланысты емес, бұл іске Ехоба да, періштелер де атсалысады. Бірақ біз шындықты адамдарға мейлінше тартымды етіп жеткізуге күш сала беруіміз керек. Бұл орайда үш тиімді әдісті қарастырып, тәлім беру шеберлігін қалай шыңдауға болатынын көрейік.

АДАМДАРДЫ ОЙЛАҢЫЗ

3. Неге адамдардың көбі Исаны ұйып тыңдаған?

3 Киелі кітапта айтылғандай, Иса “әрбір адамның жүрегін көрген” (Жох. 2:25). Бұл деген сөз, ол адамдардың ойын, ниетін көре білген. Сондай-ақ Иса адамдардың мұқтаждығын, рухани мүшкіл күйін, діни жетекшілер орнатқан ережелерден олар қалай қиналып жүргенін байқаған (Мат. 9:36; 23:4). Осы байқағандарын Иса Таудағы уағызында тілге тиек еткен. Иса жұрттың көкейінде жүрген мәселелерді қозғағандықтан, адамдардың көбі оның айтқандарын ұйып тыңдады.

4. Адамдарды ойлағанымыз неге маңызды? (Суреттерді де қараңыз.)

4 Біз адамдарды ойлайтын болсақ, олардың жағдайын түсінуге тырысамыз. Олар да Шайтанның зұлым дүниесінде өмір сүріп жатқандықтан, көп қиындық көреді. Олар Құдай уәде еткен жарқын болашақтан мүлдем бейхабар. Мысалы, сіз тұратын аумақта адамдардың жағдайы қандай? Соңғы жаңалықтарда айтылған қандай да бір оқиға олардың көңіліне уайым ұялатқан жоқ па? Ата-аналар балаларының амандығын, қауіпсіздігін ойлап уайымдай ма? Жұмыс таба алмай қиналып жүргендер көп пе? Өзімізге осындай сұрақтар қойып, адамдар қазіргі “ерекше қиын уақытта” еш үмітсіз қалай өмір сүріп жүргендері жайлы ойланып тұрайық. Сонда оларға жанымыз ашып, көмектесуге талпынамыз (Тім. 2-х. 3:1; Ишая 65:13, 14).

Коллаж: Әйел бауырлас қызметке шықпас бұрын аумағындағы адамдар жайлы ойланып отыр. 1. Бір әйел баласын құшақтап отыр, ал ер кісі оған жұдырығын көрсетіп, сес көрсетіп жатыр. 2. Бір әйел темекі шегіп отыр. 3. Егде жастағы әйел дәрігерден денсаулығының нашарлағанын естіп, көңілі түсіп отыр.

Адамдарды ойлап, жағдайын түсінуге тырысыңыз (4-абзацты қараңыз)


5. Иса парызшылдардан несімен ерекшеленді? (Матай 11:28—30)

5 Исаның заманында парызшылдар қарапайым халықты менсінбей, адам құрлы көрмейтін (Мат. 23:13; Жох. 7:49). Ал Иса, керісінше, сол адамдарды жақсы көрді және бұл оның сөзінен, әрекетінен байқалып тұрды. Ол әрдайым адамдарға мейіріммен, құрметпен қарады. Иса “жұмсақ әрі кішіпейіл” болды, оның шебер тәлімгер болуының сыры да осыда еді (Матай 11:28—30 оқыңыз). Біз де Исаға еліктеп, уағызда адамдарға мейіріммен, құрметпен қарауымыз керек.

6. Ізгі хабарға құлақ асқысы келмейтіндерге қалай мейірімділік танытсақ болады?

6 Кейде адамдар хабарымызды тыңдағысы келмейді, тіпті ашуланып, қарсылық көрсетеді. Мұндайда біз сөз таластырудан аулақпыз. Бірақ Иса біздің бұнымен ғана шектелмей, адамдарға мейірімділік танытуымыз керектігін айтқан. Ол: “Өздеріңді жек көретіндерге жақсылық істей беріңдер, қарғайтындарға әрдайым игілік тілеп, өздеріңді қорлайтындар үшін дұға ете беріңдер”,— деген (Лұқа 6:27, 28). Исаның бұл кеңесіне құлақ асу оңай болу үшін, біз адамдардың ізгі хабардан не үшін бас тартып жатқанын түсінуге тырысуымыз керек. Кейбіреулер ізгі хабарды жақтырмай, бізге қарсылық көрсететіні рас. Бірақ кейбір адамдар біз қолайсыз уақытта келгендіктен ғана ізгі хабардан бас тартуы мүмкін. Олар отбасындағы қиындықтардан, қандай да бір уайымнан күйзеліп жүрген болуы мүмкін. Қызметте қандай адамды кезіктірсек те, “сөзіміз әрқашан жағымды да дәмді болу” керек, сондай-ақ біз “әркімге қалай жауап беру керектігін білуіміз” қажет (Қол. 4:6). Адамдарға жанымыз ашып, жағдайларын түсінуге тырыссақ, хабарымызды тыңдамағандарына көңіліміз түспейді, керісінше, сондай адамдарға көмектесу үшін не туралы уағыздасам екен деп ойланамыз.

ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ЖҮГІНІҢІЗ

7. Иса адамдарға қалай тәлім берді? (Жохан 7:14—16)

7 Иса тәлімдерін өз ойына емес, Құдай Сөзіне негіздеген. Оның айтқандары түсінуге жеңіл, оңай есте қалатындай болды. Киелі кітапта айтылғандай, Иса “дін мұғалімдері сияқты емес, билігі бар адамдай тәлім берді”. Бұл жұртты “қайран қалдырды” (Мар. 1:22). Ал дін мұғалімдері Құдай Сөзін ысырып қойып, атақты раввиндердің сөздерін келтіріп тәлім берген. Иса адамдарды білімімен таңдай қақтырамын десе, бұл оған еш қиындық тудырмас еді. Ол көкте жинаған даналығын жайып салса, ең ақылдымын дегендердің бәрі шаңында қалар еді. Бірақ Иса олай етпеді. Ол адамдардың назарын тек Құдай Сөзіне аударып, оларға Құдайдың еркі неде екенін түсіндірген (Жохан 7:14—16 оқыңыз). Осылай Ұлы ұстазымыз бізге озық үлгі қалдырды.

8. Елші Петір Исаға қалай еліктеді?

8 Ертедегі Исаның шәкірттері де Құдай Сөзіне жүгініп тәлім берген. Солардың бірі — елші Петір. Ол арнайы білімі жоқ қарапайым адам болған. Соған қарамастан, б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында ол дүйім жұртты тәлімімен тәнті етті. Петір жиналған жұртқа Киелі жазбалардан үзінділер келтіріп, Иса жайлы пайғамбарлықтарды жан-жақты баяндап берді (Ел. іс. 2:14—37). Нәтижесінде, “оның сөздерін қуана қабылдағандар шомылдыру рәсімінен өтті. Сол күні шәкірттердің қатарына шамамен 3000 жан қосылды” (Ел. іс. 2:41).

9. Тәлім бергенде неге Құдай Сөзіне жүгінуіміз керек?

9 Құдай Сөзінің адамдардың жүрегін қозғайтын күші бар (Евр. 4:12). Сондықтан біз адамдардың назарын Киелі кітапқа аударуымыз керек. Біздің мақсатымыз өз білгендерімізді емес, “Құдай сөзін уағыздау” екенін ұмытпайық (Тім. 2-х. 4:2). Нақыл сөздер 2:6-да: “Даналықты Ехоба сыйлайды, Білім де береді, парықтылыққа да үйретеді”,— делінген. Бұл деген сөз, Жазбаларды ашып тәлім беретін болсақ, Киелі кітап беттерінен Ехобаның өзі сөйлейді (Малх. 2:7). Адамдар Киелі кітап жай кітап емес екенін білуі керек. Өйткені Киелі кітаптың даналығы адамдардың даналығынан әлдеқайда асып түседі. Ол Құдай рухының жетелеуімен жазылған және ондағы білім Жаратушымызға ұнамды жолмен жүруді үйретеді, сондай-ақ мағыналы да бақытты өмірге қол жеткізудің қыр-сырын ашады (Тім. 2-х. 3:16, 17).

10. Зерттеушінің назарын Құдай Сөзіне аудару үшін не істесеңіз болады?

10 Зерттеу сабағына дайындалғанда, зерттеушінің назарын қай тармақтарға аударатыныңызды алдын ала ойластырыңыз. Әр сабақта талқылайтын суреттер мен видеолар көп болғанмен, біздің тәлім беретін басты құралымыз Киелі кітап болып қала береді. Сондықтан зерттеушіңізге маңызды деген тармақтарды оқытып, сол тармақтар жайлы ой жүгіртуді үйретіңіз. Суреттер мен видеоларды талқылағанда да, сондағы Киелі кітап принциптерін зерттеушіңіз түсініп жатыр ма — соған көз жеткізіп отырыңыз. Бірақ сабақ кезінде көп сөйлеудің, әрбір тармақты оқып берудің қажеті жоқ. Зерттеушіңіз тармақты оқыған соң, ол оқығанын түсініп, ойланып алғанша күтіңіз. Қажет болса, тармақты тағы бір рет оқытыңыз. Зерттеу сабағын осылай өткізсеңіз, сіз адаммен зерттеуге арналған басылымның өзін емес, суреттер мен видеоларды емес, Киелі кітапты зерттейсіз (Қор. 1-х. 2:13).

11, 12. а) Қандай жағдайларда шыдамдылық танытқанымыз дұрыс? (Елшілердің істері 17:1—4) (Суретті де қараңыз.) ә) Киелі кітапты білмейтін адамдарды Құдай Сөзімен қалай таныстырсақ болады?

11 Зерттеушіңіз кейбір шындықтарды қабылдай алмай жатса, шыдамдылық танытыңыз. Өйткені әр зерттеушінің қарқыны әртүрлі. Сіз бес саусақтай біліп тұрған шындықтарды зерттеушіңіз бірден ұға қоймауы мүмкін. Оларды түсініп, мәнін ұққанша оған уақыт керек шығар. Кезінде Салоникадағы яһудилер де Пауылдың айтқандарын бірден түсінбеген. Пауыл бірнеше рет “Жазбалардың негізінде пікір алысқаннан” кейін ғана олардың кейбірі шындықты қабылдаған (Елшілердің істері 17:1—4 оқыңыз).

12 Бізге тағы бір жағдайда шыдамдылық қажет. Зерттеушіге сұрақ қойған соң, жауабын асықпай күтіңіз. Қанша сөйлегіңіз келіп тұрса да, оны мұқият тыңдап, ойын түсінуге тырысыңыз. Кейін Ехобаның көзқарасын нақты көрсететін тармақтарды оқып, бірге талқылаңыз. Ескеретін тағы бір жайт: кейбір адамдар Киелі кітаппен мүлдем таныс емес, олар бұл кітапта не жазылғанын да білмейді. Ондай кезде адамға Киелі кітапты баспа жүзінде көрсеткен дұрыс болар. Бұл кітап көптің көкейінде жүрген тақырыптарды қозғайтын кітап екенін көрсету үшін, адамға “Жаңа дүние аудармасының” бастапқы беттеріндегі “Құдай Сөзімен таныстыру” деген бөлікті ашып көрсетсеңіз болады. Мысалы, 15-сұрақтың астындағы бір-екі тармақты оқып, бақытты болу үшін не істеу керектігі Киелі кітапта анық жазылғанын айтып түсіндірсеңіз болады. Сонымен, тоқетері: шебер тәлімгер болғыңыз келсе, Киелі кітаппен сөйлеңіз!

Әйел бауырлас алдыңғы суреттегі темекі шегіп отырған қызбен саябақта зерттеу сабағын өтіп жатыр. Қыз өз ойын айтып жатқанда, әйел бауырлас оны мұқият тыңдап отыр.

Шебер тәлімгер көп сөйлемейді, керісінше, көп тыңдайды (11, 12-абзацты қараңыз)


АДАМНЫҢ НАЗАРЫН ЕХОБАҒА АУДАРЫҢЫЗ

13. Тәлім бергенде адамның назарын кімге аударуымыз керек? Мысал келтіріңіз.

13 Тәлім бергенде біздің мақсатымыз — адамға Ехобаны танып-білуге және онымен дос болуға көмектесу (Жақ. 4:8). Әдетте сахнада өнер көрсетіп жатқан әртістерге жарық түсіп тұратынын байқағансыз ба? Бұл қызметті атқаратын арнайы қызметкерлер бар. Олар әртістер қайда қозғалса, жарықты сонда бұрып отырады. Бірақ олар жарықты ешқашан өздеріне түсірмейді. Тура солай, біз де тәлім бергенде адамның назарын өзімізге емес, Ехобаға аударуымыз қажет.

14. Зерттеушінің назарын Ехобаға аудару үшін не істесек болады?

14 Зерттеушіңізбен сабақ өткенде, оған Ехобаны жақсы көруді үйретіңіз. Сонда Құдайдың жүрегін қуантуға өзі талпынатын болады (Нақ. с. 27:11). Біз зерттеушіміздің “Ехоба куәгері болу үшін талаптарға сай келсем болды” деп ойлағанын қаламаймыз. Ол Куәгер болуға Ехобаны жақсы көргеннен, оған ұнамды болғысы келгеннен талпынса екен дейміз. Мысалы, зерттеушіңіз қандай да бір жаман әдетін тастай алмай жүрсе, оған мынадай сұрақтар қойсаңыз болады: Ехоба бұл нәрсені не үшін жек көреді? Неге ол сіздің бұл нәрсеге жолағаныңызды қаламайды? Бұдан оның сізді жақсы көретіні байқала ма? Осылай зерттеушіңіз Ехоба жайлы ойланған сайын, оны мейірімді әрі қамқор Әке ретінде тани түседі. Ал бұл зерттеушіңіздің Ехобаға ұнайтындай өмір сүруге деген ықыласын оятады.

“ТӘЛІМ БЕРУ ШЕБЕРЛІГІН” ЖЕТІЛДІРЕ БЕРІҢІЗ

15. Тәлім беру шеберлігін жетілдіре беру үшін не істесеңіз болады?

15 Ехобаға дұға етіп, “шебер тәлімгер болу үшін қай жағынан жақсаруым керектігін көрсетші” деп сұраңыз (Жох. 1-х. 5:14). Кейін дұғаңызға сай әрекет жасаңыз. Мысалы, қауымда Ехоба бізге қалай тәлім беру керектігін үйретіп жатқанда, мұқият болыңыз. Сондай-ақ зерттеу сабағына тәжірибелі бауырластарды шақырып тұрыңыз. Кейін зерттеу сабағы қалай өткеніне қатысты ойларын сұраңыз. Мына жайтты да ескеріңіз: өтейін деп жатқан сабақты сіз жақсы білгенмен, зерттеушіңіз әлі білмейді. Сондықтан өтетін сабаққа өзіңіздің емес, зерттеушіңіздің тұрғысынан қараңыз. Зерттеушіңізге ізгі хабардың көркін ашып, адам өміріне әкелетін игілігін көрсетіп, оның қаншалықты құнды екенін жүрегіне жеткізуге тырысыңыз. Осылай сіз оған Ехобамен дос болуға және нағыз бақыттың кілтін табуға көмектесесіз (Зәб. 1:1—3).

16. Тәлім беру шеберлігін жетілдіру неге күш салуға тұратын мақсат?

16 Ехоба туралы тәлім беру — жүрекке қуаныш сыйлайтын ең тамаша істердің бірі. Алдағы жаңа дүниеде тәлім беру ісі бұрын-соңды болмағандай ауқымды болады. Олай болса, тәлім беру шеберлігін қазірден шыңдай берейік. Ізгі хабарды уағыздағанда, адамдарды ойлайық, Құдай Сөзіне жүгінейік және адамның назарын өзімізге емес, Ехобаға аударайық!

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Адамдарды ойлағанымыз неге маңызды?

  • Тәлім бергенде неге Құдай Сөзіне жүгінуіміз керек?

  • Зерттеушінің назарын Ехобаға аудару үшін не істесек болады?

65-ӘН “Алға ұмтыл!”

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу