Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 қыркүйек 20—25 бет.
  • “Мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” тапқанда, бірден іске кірісейік

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” тапқанда, бірден іске кірісейік
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • АДАМНЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН БАЙҚАСАҚ, НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?
  • АДАММЕН ЗЕРТТЕУ САБАҒЫН БАСТАҒАНДА НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?
  • АДАМ ҚАУЫМҒА КЕЛГЕНДЕ НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?
  • “Тәлім беру шеберлігін” жетілдірудің тиімді әдістері
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Қызметіңізді қуанышпен атқарыңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Шешімдеріңізден Ехобаға арқа сүйейтініңіз көрінсін
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2023)
  • Беймәлім жайттарға келгенде, қарапайым болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 қыркүйек 20—25 бет.

39-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

54-ӘН Міне, жол!

“Мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” тапқанда, бірден іске кірісейік

“Мәңгі өмірге ыңғай танытқандардың барлығы Исаның ізбасары болды” (ЕЛ. ІС. 13:48).

НЕГІЗГІ ОЙ

Адамдарға зерттеу сабағын ұсынуға, оларды қауым кездесуіне шақыруға асық болуымыз керек.

1. Адамдар ізгі хабарды қалай қабылдап жатады? (Елшілердің істері 13:47, 48; 16:14, 15)

БІРІНШІ ҒАСЫРДА көп адам шындықты ести сала мәсіхші болған (Елшілердің істері 13:47, 48; 16:14, 15 оқыңыз). Қазіргі кезде де кейбір адамдар алғаш естігеннен-ақ ізгі хабарды ұнатып жатады. Ал кейбіреулер бірден болмаса да, уақыт өте жүректері ашылып, шындыққа қызыға бастайды. Қызметте “мәңгі өмірге ыңғай танытқан” осындай адамдарды кезіктіргенде не істеуіміз керек?

2. Шәкірт дайындау ісін немен салыстыруға болады? Түсіндіріңіз.

2 Шәкірт дайындау ісін жеміс-жидек өсірумен салыстыруға болады. Кейбір жемістер ерте піссе, кейбірі кеш піседі. Пісіп тұрғандарын біз бірден теріп аламыз, ал піспегендерін әрі қарай суара береміз. Дәл солай кейбір адамдар шындықты бірден қабылдап, рухани тез өседі. Олар тез арада шомылдыру рәсімінен өту үшін біз барымызды саламыз. Ал кейбіреулерге рухани өсу үшін уақыт қажет. Ізгі хабардың құндылығын түсінгенше біз олардың қызығушылығын арттыра береміз (Жох. 4:35, 36). Қызметте осы екі топ адамды ажырата білсек, оларға қай жағынан көмектесу керектігін де анықтай аламыз. Қазір алғаш барғанда адамның шындыққа деген қызығушылығын байқасақ, не істеуіміз керектігін қарастырайық. Сосын сол адам рухани алға басу үшін қандай көмек көрсете алатынымызды талқылаймыз.

АДАМНЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН БАЙҚАСАҚ, НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

3. Қызметте адамның қызығушылығын байқасақ, не істеуіміз керек? (Қорынттықтарға 1-хат 9:26)

3 Қызметте адамның қызығушылығын байқасақ, оған тез арада өмірге апаратын жолға аяқ басуға көмектесуіміз керек. Сондықтан ондай адамға алғаш барғанда-ақ Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынудан және қауым кездесулеріне шақырудан еш тартынбаңыз (Қорынттықтарға 1-хат 9:26 оқыңыз).

4. Абзацтағы оқиғадан не түйдіңіз?

4 Зерттеу сабағын ұсыныңыз. Қызметте кейбір адамдар зерттеу сабағын өтуге бірден келіседі. Бұған дәлел — Канадада болған оқиға. Бір әйел бауырлас бейсенбі күні әдебиет арбасымен қызмет етіп тұрғанда, бір қыз келіп “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітапшасын алады. Бауырлас оған бұл кітапшамен тегін Киелі кітап зерттеу сабағы өтетінін түсіндіреді. Сонда әлгі қыз зерттеу сабағын бастауға дайын екенін айтады. Соңында екеуі телефон нөмірлерімен алмасады. Бірнеше сағаттан кейін ол қыз хабарлама жазып, бауырластан зерттеуді қашан бастайтындарын сұрайды. Бауырлас оған демалыс күні келе алатынын айтады. Бірақ ол: “Ертең бола ма? Ертең қолым бос”,— дейді. Сөйтіп, олар ертесіне-ақ зерттеу сабағын бастап кетеді. Ал бір күннен кейін, ол жексенбі күнгі қауым кездесуіне келеді. Қазір ол қыз рухани тез өсіп жатыр.

5. Адам зерттеу сабағын бастауға дайын емес екенін байқасақ, не істесек болады? (Суреттерді де қараңыз.)

5 Бірақ адамдардың бәрі бірдей зерттеу сабағын бастауға бірден келісе бермейді. Кейбіріне бұған дайын болу үшін уақыт қажет. Алдымен адамға қызықты болатын тақырыптарды қозғап, онымен пікір алысып жүру керек болады. Оның жағдайын біліп, жақынырақ танысуға тырысқанымыз да маңызды. Осылай адам уақыт өте зерттеу сабағын өтуге дайын болуы мүмкін. Сол кезде оған зерттеу сабағын қалай ұсынған дұрыс? Бұған қатысты кейбір тәжірибелі бауырластардың қандай ой түйгеніне назар аударайық.

Коллаж: 1. Екі ер бауырлас есігінің алдында отырған жасы үлкен ер кісімен сөйлесіп тұр. 2. Екі әйел бауырлас пәтерінің есігін ашып тұрған әйелге “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітапшасын көрсетіп жатыр. Әйел кішкентай ұлын қолына көтеріп алған, тағы бір ұлы қасында тұр.

Суреттегі адамдарға зерттеу сабағын қалай ұсынған тиімді болады деп ойлайсыз? (5-абзацты қараңыз)a


6. Адам тағы да келіп әңгімелесетініңізді түсіну үшін не істесеңіз болады?

6 Көп елдегі бауырластар адамға зерттеу сабағын ұсынғанда “зерттеу сабағы”, “Киелі кітап курсы” деген сөздердің тиімсіз екенін байқаған. Оның орнына “әңгімелесу”, “талқылау” деген сияқты сөздерді қолдану жасырақ екенін көрген. Сондай-ақ адам бұған көп уақытым кетеді екен ғой деп қорқып кетпес үшін, “апта сайын”, “аптасына бір рет” деген сөздерді айтпағаныңыз дұрыс болар. Бірақ адам тағы да келіп әңгімелесетініңізді түсіну үшін былай десеңіз болады: “Көп адам көкейінде жүрген сұрақтарының жауабын Киелі кітаптан тапқан. Киелі кітап көп адам ойлайтындай жай ғана діни кітап емес, онда өмірде пайдасы тиер ақыл-кеңестер де өте көп. Небәрі 10-15 минут бөлсеңіз, сіз де өзіңізге пайдалы болатын біраз нәрсе табасыз”.

7. Көп адам шындықты тапқандарын жиі қай кезде түсініп жатады? (Қорынттықтарға 1-хат 14:23—25)

7 Қауым кездесуіне шақырыңыз. Елші Пауылдың уақытында кейбір адамдар шындықты тапқандарын қауымға келгеннен кейін ғана түсінсе керек (Қорынттықтарға 1-хат 14:23—25 оқыңыз). Бүгінде де жиі солай болып жатады. Қызығушылардың көбісі қауымға келе бастағанның арқасында рухани тез алға басқан. Ал адамды қауым кездесуіне қай кезден бастап шақырған дұрыс? Қауым кездесулері жайлы “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 10-тарауында айтылғанмен, адамды алғаш сөйлескен кезден-ақ қауымға шақыра беруге болады. Оған көпшілікке арналған баяндаманың тақырыбын не сол аптада талқыланатын мақаланың қызықты ойларын айтып өтуге де болады.

8. Адамды қауымға шақырғанда, оған қауым кездесулері жайлы не айтып берсек болады? (Ишая 54:13)

8 Адамды қауым кездесуіне шақырғанда, біздің жиындар басқа діни жиындардан қай жағынан ерекшеленетінін түсіндіріңіз. Бірде қауымға алғаш келген бір зерттеуші әйел “Күзет мұнарасын” жүргізіп тұрған бауырластың барлық адамды атымен атап жатқанын көріп таңғалыпты. Ол тәлімгерінен: “Сонда мына кісі осында отырғандардың бәрін тани ма?”— деп сұрапты. Тәлімгері оған қауымдағылар бір отбасындай екенін, сондықтан бір-бірін жақсы танитынын айтады. Сонда зерттеуші: “Сендерде басқаша екен, біздің шіркеуде ешкім ешкімді танымайды”,— депті (Евр. 2:12; 10:24, 25). Біздің кездесулеріміздің ерекшелігі бұл ғана емес (Ишая 54:13 оқыңыз). Біз қауым кездесулерінде Ехобаға ғибадат етеміз, тәлім аламыз, бір-бірімізге көңіл бөліп, жігерлендіреміз (Евр. 2:12; 10:24, 25). Патшалық сарайында білім алуға бар жағдай жасалған. Ол жерде ешқандай діни рәсімдер жасалмайды. Қауым кездесуі лайықты әрі тәртіппен өтеді (Қор. 1-х. 14:40). Біз саяси бейтарап болғандықтан, қауым кездесулерінде ешқашан саясат талқыланбайды. Пікірталас, айтыс-тартыс деген де атымен болмайды. Адамды қауым кездесуіне шақырғанда, оған “Патшалық сарайында не үшін жиналамыз?” деген видеоны көрсетіңіз. Сонда ол қауымға баруды ұйғарса, қандай жерге барайын деп жатқанын түсінетін болады.

9, 10. Адам қауым кездесуіне келуге қорықпас үшін не істесек болады? (Суретті де қараңыз.)

9 Кейбір адамдар қауым кездесулерімізге келсе, діндеріне кіріп кетемін деп қорқады. Сондықтан адамды шақырған кезде былай деп түсіндіріңіз: біздің есігіміз барлық адамға ашық. Қауымда ешкім сізді ештеңе істеуге мәжбүрлемейді, жай ғана келіп тыңдап кетесіз. Бала-шағаңызды да алып келсеңіз болады. Балаларыңыз қасыңызда отыратындықтан, олар үшін еш алаңдамайсыз (Мұс. 5-ж. 31:12). Ол жерде ешқандай ақша жиналмайды. Өйткені Иса пайғамбар: “Тегін алдыңдар,— тегін беріңдер”,— деген (Мат. 10:8). Не киіп барамын деп те уайымдамаңыз, қарапайым киініп келе беріңіз. Себебі Құдай адамның сырт келбетіне емес, жүрегіне қарайды (Сам. 1-ж. 16:7).

10 Адам қауым кездесуіне келіп жатса, ол өзін бөтенсінбеу үшін ақсақалдармен, бауырластармен таныстырыңыз. Ол қауымдағылардың бауырмалдығын көріп, тағы да келуге ықыласты болуы мүмкін. Қауым өтіп жатқанда адамға Киелі кітабыңызды көрсетіп, не айтылып жатқанын түсіндіріп отырыңыз.

Алдыңғы суреттегі қызығушы әйел Патшалық сарайына келді. Қауымдағы бауырластар оны құшақ жая қарсы алып жатыр. Әйел кішкентай ұлын қолына көтеріп алған, ал екінші ұлы қауымдағы кішкентай баламен сөйлесіп тұр.

Адам қауымға ерте бастан келсе, рухани тез өседі (9, 10-абзацты қараңыз)


АДАММЕН ЗЕРТТЕУ САБАҒЫН БАСТАҒАНДА НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

11. Зерттеушінің уақытына құрметпен қарау деген нені білдіреді?

11 Біреумен зерттеу сабағын бастасаңыз, адамның уақытына құрметпен қараңыз. Мысалы, сіз тұратын жерде кешігіп жүру үйреншікті нәрсе болса да, айтқан уақытыңызда барыңыз. Алғашқы зерттеу сабағы қысқаша өткені дұрыс. Сондай-ақ зерттеу сабақтарын созып жібермеңіз, адам әрі қарай білгісі келіп тұрса да, уақытылы аяқтаңыз. Көп сөйлеп кетуден де сақ болыңыз, қайта, адамды өз ойын айтуға талпындырыңыз (Нақ. с. 10:19).

12. Бірінші сабақтан бастап қандай мақсатқа ұмтылуымыз керек?

12 Зерттеу өтудегі мақсатымыз — адамға Ехоба мен Исаны танып-білуге және оларға деген сүйіспеншілігін оятуға көмектесу. Бұл мақсатыңызға бірінші сабақтан бастап ұмтылыңыз. Зерттеу сабағында өз ойыңызды әлде не білетініңізді айта бермей, адамның назарын Киелі кітапқа аударыңыз (Ел. іс. 10:25, 26). Кезінде елші Пауыл да уағыздағанда көбіне Иса Мәсіхтің тәлімдеріне назар аударған (Қор. 1-х. 2:1, 2). Сондай-ақ ол Құдайға ұнамды қасиеттерді алтын, күміс, бағалы тастарға теңеп, жаңа шәкірттерге сол қасиеттерді дамытудың маңызды екенін айтқан (Қор. 1-х. 3:11—15). Мұндай қасиеттердің қатарына Құдай алдындағы қорқыныш, сенім, даналық, парықтылық та кіреді (Зәб. 19:9, 10; Нақ. с. 3:13—15; Пет. 1-х. 1:7). Сіз де Пауылға еліктеп, тәлім бергенде зерттеушіге сенім дамытуға, Құдайды жақынырақ танып-білуге көмектесіңіз (Қор. 2-х. 1:24).

13. Зерттеу сабағын өткенде қалай шыдамдылық пен түсінік танытсақ болады? (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5) (Суретті де қараңыз.)

13 Тәлім бергенде Исаға еліктеп, шыдамды болыңыз, адамға түсінікпен қараңыз. Зерттеушіңіз бір нәрсені түсінбей жатса, сол тақырыпта тұрып қалмай, әрі қарай жылжи беріңіз. Сұрақтарыңызбен оны ұялтып, ыңғайсыз жағдайға қалдырмаңыз. Ал қандай да бір ілімді қабылдауға дайын болмаса, күштемеңіз. Шындық жүрегіне тамыр жайғанша, жеткілікті уақыт беріңіз (Жох. 16:12; Қол. 2:6, 7). Киелі кітапта адамның сенетін нанымдары бекініспен салыстырылады (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5 оқыңыз). Сол бекіністің күл-талқанын шығаруға асықпаңыз, адам өзі Ехобадан пана іздегенше көмектесе беріңіз (Зәб. 91:9).

Екі ер бауырлас алдыңғы суреттегі жасы үлкен ер кісімен “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабын зерттеп жатыр. Қасындағы шкафта оның әскердегі суреті мен медальдары тұр.

Шындық жүрегіне тамыр жайғанша, зерттеушіге уақыт беріңіз (13-абзацты қараңыз)


АДАМ ҚАУЫМҒА КЕЛГЕНДЕ НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

14. Қауымға бірінші рет келгендерге қалай қарауымыз керек?

14 Ехоба біздің біреуді-біреуден жоғары санап, алалаушылық танытқанымызды қаламайды. Сондықтан біз қауымға бірінші рет келген адамдарды туып-өскен жеріне, ұлтына, қалтасына қарап бөліп-жармауымыз керек (Жақ. 2:1—4, 9). Олай болса, оларды құшақ жая қарсы алу үшін не істесек болады?

15, 16. Қауымға бірінші рет келгендер өздерін жайлы сезіну үшін не істесек болады?

15 Кейбір адамдар Патшалық сарайына ешкім шақырмаса да өздері келуі мүмкін. Ал кейбіреулерге Патшалық сарайының мекенжайын басқа жақта тұратын біреу берген болуы мүмкін. Қауымға сондай адам келіп жатса, қасына барып, танысыңыз. Бірақ бәйек қағып, асты-үстіне түсуден аулақ болыңыз. Оған бірге отыруды ұсынып көрсеңіз болады. Бірге отырған жағдайда Киелі кітабыңызды, талқыланып жатқан мәліметті көрсетіп отырыңыз немесе өзіне жеке данасын берсеңіз де болады. Адамның ыңғайсызданып, қысылып тұрғанын байқасаңыз, көңілін орнықтыруға тырысыңыз. Бірде қауымға алғаш рет келген ер кісі киіміне бола қатты ыңғайсызданған екен. Сонда бір ер бауырлас оған: “Уайымдамаңыз, біз де өзіңіз сияқты қарапайым адамдармыз ғой”,— депті. Кейін шомылдыру рәсімінен өткен сол кісі осы жағдайды әлі күнге дейін жылулықпен еске алады екен. Бірақ адамға көңіл бөлгенде абай болыңыз: жақынырақ танысамын деп жеке өмірін қазбалап кетпеңіз (Пет. 1-х. 4:15).

16 Сондай-ақ біз қауымда әңгімелескенде, түсініктеме бергенде, сахнадан сөйлегенде, Куәгер емес адамдар мен олардың наным-сенімдері жайлы аңдап сөйлеуіміз керек. Олардың көңіліне тиетін не кемсітетін ештеңе айтпағанымыз жөн (Тит. 2:8; 3:2). Мысалы, олардың нанымдары жайлы әрдайым құрметпен сөйлегеніміз дұрыс (Қор. 2-х. 6:3). Көпшілікке арналған баяндама айтатын ер бауырластар осы жағынан әсіресе мұқият болғандары жақсы. Олардың Куәгер емес адамдарды ескеріп, түсініксіз болады-ау деген сөздерді түсіндіріп өткендері де жөн болады.

17. “Мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” тапқанда не істеуіміз керек?

17 Шәкірт дайындау ісі қазір бұрын-сонды болмағандай шұғыл. Сондықтан “мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” жан сала іздеуіміз керек (Ел. іс. 13:48). Сол адамдарды тапқанда, оларға бірден зерттеу сабағын ұсынып, қауым кездесулеріне шақырайық. Осылай оларға “өмірге апаратын” жолға аяқ басуға көмектесейік (Мат. 7:14).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Алғаш барғанда адамның шындыққа деген қызығушылығын байқасақ, не істеуіміз керек?

  • Адаммен зерттеу сабағын бастағанда не істеуіміз керек?

  • Қауымға бірінші рет келгендер өздерін жайлы сезіну үшін не істесек болады?

64-ӘН Егін жинауға қуана атсалысу

a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Екі ер бауырлас есігінің алдында демалып отырған жасы үлкен ер кісімен сөйлесіп тұр, ол кезінде әскери қызметкер болған. Әйел бауырластар екі баласымен қолы тимей жатқан бір әйелге қысқаша уағыздап тұр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу