11—17 МАМЫР, 2026
7-ӘН Ехоба — біздің панамыз
Бүкіл әлемнің Әміршісі Ехобаға сенім артыңыз
“Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, Бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін” (ЗӘБ. 83:18).
НЕГІЗГІ ОЙ
Біз әлемнің Әміршісі Ехобаға толықтай сенім артуымыз керек. Қазір де, болашақта да ол бізді көмексіз қалдырмайды.
1. Әйүптің басына қандай қасірет түсті?
СЕНІМІН серік еткен Әйүптің өмірі әп-сәтте астан-кестен болды. Ол балаларынан, денсаулығынан, жиған-тергенінен айырылып, түксіз қалды. Бұл аздай, оның адамдар алдында да қадір-қасиеті жоғалды. Дос санап жүргендер қолдаудың орнына, оны сөзбен түйреп, жерден алып, жерге салды. Өмірлік серігі әйелінің өзі түңіліп кеткеннен оған: “Құдайға лағынет айт та, өле қал!”— деді (Әйүп 2:9; 15:4, 5; 19:1—3). Қасіретке көміліп, үмітің үзілгенде, жүрек түбінде мынадай ой еріксіз тууы мүмкін: “Құдай адамдардың жағдайын ойлай ма өзі, әлде оған бәрібір ме?” Бәлкім, бұндай күдікті ой Әйүптің де санасында жылт еткен болар.
2, 3. Басымызға қиын күн туғанда қандай ой келуі мүмкін және Әйүп кітабынан не білеміз?
2 Біз “ерекше қиын уақытта” өмір сүріп жатырмыз (Тім. 2-х. 3:1). Осындай алмағайып заманда біздің де Әйүп сияқты қиындықтардан көз ашпай кетуіміз ғажап емес. Қиындықтар жан-жақтан анталағанда, төзіміміз таусылып, “Ехоба неге көмектеспейді, менің жағдайым оған бәрібір ме?” деп ойлана бастауымыз мүмкін.
3 Осындай ой сізге де келген бе? Ехобаның қамқор екеніне күмәндана бастасаңыз, сеніміңізді қайтадан нығайтуға болады. Әйүптің өмірінен көретініміздей, Ехоба адал қызметшілерін ешқашан жалғыз қалдырмайды. Әйүп кітабына үңілсек, Ехоба жайлы екі маңызды жайтты аңғаруға болады: 1) Ол — бәрінен жоғары тұрған әлемнің Әміршісі. 2) Ол не істеймін десе де өзі біледі, оған ешкім тосқауыл бола алмайды. Өз қызметшілерін қорғауға да оның құдіреті жетеді.
“ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА ШАЙТАН ДА БОЛДЫ”
4. Әйүп кітабында айтылған көктегі жиналыста тағы кім болды?
4 Бірде Құдай ұлдары Ехобаның алдына жиналды. Киелі кітап “олардың арасында Шайтан да болғанын” айрықша атап көрсетеді (Әйүп 1:6). Киелі кітапта Шайтан деген есім осы кезде бірінші рет аталады. Шайтан “қарсылас” дегенді білдіретінін ескерсек, оның Құдай ұлдарынан неге бөлек аталғаны түсінікті-ақ. Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тен көретініміздей, Ехоба о баста-ақ Шайтанды “әйелдің”, яғни көктегі рухани жаратылыстардың қатарына қоспай, бөлек атады. Содан бастап Шайтан Ехобаның ұлы деп аталудан қалып, Құдайдың да, оның көктегі және жердегі отбасының да қас жауына айналды.
5. Көкте өткен жиналыс бізге нені аян етеді?
5 Көкте өткен сол жиналыста қандай мәселе талқыға түскенін Ехоба Киелі кітапқа бүкпей жаздырды. Соның арқасында біз Шайтанның қаншалықты жауыз әрі барып тұрған жалақор екенін көреміз (Әйүп 1:9; Аян 12:10 салыстырыңыз). Көктегі бұл жағдай Ехоба жайлы да маңызды жайтты аян етеді: бар билік қолында тұрса да, ол билігін әділ жүргізеді. Ехоба әлемнің Әміршісі болғандықтан, оның еркінен тыс ешкім де ештеңе істей алмайды.
ЕХОБА ШЕКТЕУ ҚОЮҒА ҚҰЗЫРЛЫ
6. Көктегі жиналысты кім басқарды? (Әйүп 1:7, 8)
6 Әйүп 1:7, 8 оқыңыз. Көктегі жиналыста сөз тізгіні Ехобада болды. Ол өзі бірінші сөз бастап, Шайтанға: “Қызметшім Әйүпке назар аудардың ба?”— деп сұрақ қойды. Осы сұрақтан Ехоба Шайтанның Әйүпке қатысты арам пиғылын алдын ала білгенін аңғарамыз. Қазір ең жоғары билік иесі Ехоба өзінің адал қызметшісін қорғау үшін не істегенін көрейік.
7. Әйүп 1:10, 11-ге сай, Шайтан не нәрсеге меңзеді?
7 Әйүп 1:10, 11 оқыңыз. Ехоба Әлемнің Әміршісі болғандықтан дұрыс деп тапқанын істеуге құзырлы (Ерм. 32:17; Дан. 4:35). Соған қарамастан, Шайтан Ехобаның іс-әрекетін сынға алып, оған қарсы сөйлеуге дәті барды. Ол Ехоба Әйүпке бар байлықты үйіп беріп, оның ғибадатын сатып алып отыр дегенге меңзеді. Осылай Ехоба өз билігін теріс пайдаланып отыр дегісі келді. Шайтан Әйүпті де Ехобаға тек пайда көздегеннен қызмет етіп жүр деп айыптады. Бұл мәселені Ехоба қалай шешті?
8, 9. Ехоба Шайтанның еркіндігін қалай шектеп қойды және неге? (Әйүп 1:12) (Суретті де қараңыз.)
8 Әйүп 1:12 оқыңыз. Ехоба Шайтанға өз сөздерін дәлелдеуге рұқсат берді. Бірақ Ехоба барлық періштелердің көзінше оған: “Тек [Әйүптің] өзіне тиіспе!”— деп қатаң бұйырды. Ехоба белгілеген бұл шегарадан аттап басуға Шайтанның құқы жоқ еді. Сондықтан ол Әйүпке Ехобаның айтқанынан асып, артық ештеңе істей алмады. Бұл жағдайда Ехоба өзінің билігі мен құдіретін қолданып, адал қызметшісін қорғап қалды, өз есімін де ақтап алды. Бүгінде де ештеңе өзгерген жоқ. Шайтан Ехоба сызып берген шегара ішінде ғана әрекет етеді.
9 Сөйтіп, Шайтанның арам ойы іске аспады. Әйүп мінсіздігінен таймай, көктегі Әкесіне адал болып қалды (Әйүп 1:22). Бірақ Шайтан сонда да Әйүпті жайына қалдырғысы келмеді.
Ехоба бүкіл періштелердің алдында Шайтанға өз сөздерін дәлелдеуге рұқсат берді (8, 9-абзацты қараңыз)
10. Шайтанның Әйүпті тағы да сынауына Ехоба не үшін жол берді? (Әйүп 2:2—6)
10 Әйүп 2:2—6 оқыңыз. Шайтан Әйүпті еш аямай, жанын одан сайын азапқа салды. Бұл жолы ол Әйүп өз өмірі үшін Құдайға лағынет айтып, одан теріс айналып кететінін айтты. Бұнысы өтірік екенін дәлелдеу үшін, Ехоба Шайтанға өз дегенін істеуге рұқсат берді. Бірақ Ехоба қайтадан нақты шек қойып: “Тек оны өмірінен айырма!”— деп бұйырды. Шайтан бұл жолы да Ехобаның бұйрығын бұлжытпай орындап, Әйүптің жанын алмады. Көргеніміздей, Ехоба адал қызметшісін Шайтанның қолына бере салмады. Шайтан Әйүпке ойына келгенін істемес үшін, Ехоба шегара қойып, жағдайды өз бақылауында ұстап отырды. Осылай Ехоба өзінің бәрінен жоғары тұрған Құдай Тағала екенін көрсетті.
ЕХОБА ӘЙҮПТІҢ ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТІНЕ НҮКТЕ ҚОЙДЫ
11. Ехоба Әйүпті қалай жарылқады? (Әйүп 42:10—13)
11 Әйүп 42:10—13 оқыңыз. Әйүп өліспей беріспейтіні анық болғанда, Ехоба Шайтанның зымиян әрекеттерін бірден тыйды. Ол адал қызметшісінің қайғы-қасіретіне нүкте қойып, жағдайын қалпына келтірді. Ехоба Шайтанның бұдан былай Әйүпті тура осылай сынақтың астына алуына жол бермеді. Ол Әйүпті өмірінің соңына дейін жарылқап, мол батасына бөледі. Бұл жолы да Шайтан Ехобаға ештеңе дей алған жоқ. Өйткені оның Ехобаға уәж айтуға да, оны тоқтатуға да еш қақысы жоқ еді.
12. Бүгінде Ехоба өзіне сенім артқан қызметшілерін қалай құтқарып келеді? Мысал келтіріңіз.
12 Ехоба өз билігін қолданып қызметшілерін құтқарып қалған жағдайлар біздің заманымызда да болған. Мысалы, 1945 жылы Германиядағы концлагерьде болған 230 Ехоба куәгері бірталай шақырымды жаяу жүріп өткен. Сарбаздар оларды кемелерге отырғызып, теңізге батырып жібермекші болған. Бұл оқиға “өлім шеруі” деген атпен танылған. Жолда өліммен арпалысқан 230 Куәгер түгел аман қалды. Артта қалған сол күндер жайлы олар былай деп жазды: “Оты лаулаған пешке тасталғандай болсақ та, үстімізден күйіктің де иісі шыққан жоқ. Өйткені Ехобаның өзі күш беріп, бізді мызғымастай берік етті”. Олар тағы былай деп жазды: “Біз өзімізді арыстанның орынан аман шыққандай сезіндік. Енді біздің бар тілегіміз — Ехобаға мәңгі бақи қызмет ету. Біз үшін одан асқан сый жоқ!” (Даниял 3:27; 6:22 салыстырыңыз).
13. Басымызға қиындық түскенде не нәрсеге сенімді болуымыз керек? (Суреттерді де қараңыз.)
13 Қиындықтар жан-жақтан анталағанда, біз де тура бір арыстанның орына түсіп кеткендей күй кешуіміз мүмкін (Пет. 1-х. 5:8—10). Кейде тіпті тағатымыз таусылып, “Бұның бәрі біте ме өзі?” дейтін шығармыз. Сондай сәттерде Әйүппен болған жағдайды естен шығармауымыз керек. Әйүптің оқиғасынан анық көретініміздей, Ехобаның қайғы-қасіретті тоқтатуға құзыры да, құдіреті де жетеді. Ол басымызға түскен қиындықтарға болашақта нүкте қояды, қажет болса қазір де тоқтата алады. Мынаған да сенімді болайық: Ехоба осы зұлым дүниенің жойылатын күнін белгілеп қойған. Ехобаға ешкім де, ештеңе де кедергі бола алмайтындықтан, сол күн нақ уақытында келеді, бір күнге де кешікпейді!
Ехоба адал қызметшілерін азапты күндерден азат етеді (13-абзацты қараңыз)
ЕХОБА АДАЛ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІН ЕРЕКШЕ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ
14, 15. Ехобаның өз қызметшілеріне қатысты ниеті мен қалауы қандай? (Әйүп 14:15) (суретті де қараңыз.)
14 Әйүп 14:15 оқыңыз. Адал қызметшілері Ехобаға ерекше қымбат. Қымбат болғаны сонша — оларды өмірден өтсе де ұмытпайды. Болашақта ол өлім ұйқысына кеткен адал қызметшілерін тірілтіп, оларға қайтадан өмір сыйлайды. Осылай көктегі Әкеміз өлімнің салған жарасын біржола жазады (Ишая 65:17).
15 Әйүп Шайтан билеген дүниеде өмір сүріп жатса да, Ехоба оған батасын үйіп-төгіп берді. Оның денсаулығын оңалтып, үй ішін құт-берекеге толтырды. Негізі, бұл Ехобаның баталарының шет пұшпағы ғана. Әйүптің көретін баталары әлі алда! Ехобаның Әйүпке бәрін артығымен жасағаны бір нәрсені аңғартады: Ехоба өз қызметшілерінің өмірден ләззат алып, бақытты ғұмыр кешкенін қалайды. Бұндай өмірді ол қызметшілеріне уәде етіп те қойған (Аян 21:3, 4). Біздің мәңгі бақи өмірдің рақатын көргенімізді бүкіл әлемнің Әміршісі өзі қалап, өзі ниет етіп тұрса, бұдан асқан жұбаныш бар ма?! Олай болса, басымызға күн туғанда осы үмітіміз бізге күш бергей!
Шайтанның сынақтарынан кейін, Ехоба Әйүп пен оның әйелін жарылқап, молынан батасын төкті (14, 15-абзацты қараңыз)
16. Әлемнің Әміршісі Ехобаға толықтай сенім артуға тағы қандай себеп бар?
16 Әйүп ұзақ та қанағаттандырарлық өмір кешіп, ақырында дүние салды. Бірақ әлемнің Әміршісі әрі Құдіреті шексіз Құдай Ехобаның өлімге де әмірі жүреді (Мұс. 5-ж. 32:39). Болашақта өзі дұрыс деп тапқан уақытта Ехоба Әйүпті де, көруді аңсап жүрген басқа қызметшілерін де қайта тірілтеді. Оған ешкім де, ештеңе де бөгет бола алмайды! (Рим. 8:38, 39).
ЕХОБАҒА ТОЛЫҚТАЙ СЕНІМ АРТЫҢЫЗ
17. Шайтан Ехобаның халқын ешқашан жоя алмайтынына неге сенімдіміз?
17 Әйүп кітабы мына бір шындықты тайға таңба басқандай дәлелдейді: бізде Ехобаға сенім артуға толық негіз бар. Бүгінде Құдай халқының аман жүргені тек Ехобаның арқасы. Саны тоғыз миллионға жеткен Ехоба куәгерлері — Ехоба бүкіл әлемнің Әміршісі екеніне сөзсіз дәлел! Ехобаның халқына қарсы жасалған ешбір қару жеңіске жетіп жатқан жоқ, біз бұған талай куәміз (Ишая 54:17). Темірдей қуатты халықтар мен ықпалы мықты діни ұйымдар Ехобаның халқын қорғансыз көріп, көздерін құртуға қанша тырысып бақты, бірақ бұларынан түк шыққан жоқ. Ехобаның шынайы Құдай екенін, ал Шайтанның өтірікші екенін жарияға жар салып жүрсек те, ешкім аузымызға қақпақ бола алмайды. Тіпті Ехобаның жолында жанымыздан айырылсақ та, бұл Шайтанның жеңгені емес. Өйткені Ехоба өмірден өткен адал қызметшілерін міндетті түрде тірілтіп алады (Ошия 13:14).
18. Неге біз болашаққа зор сеніммен қараймыз?
18 Шын өмірде болған Әйүптің оқиғасын естен шығармай, ой жүгіртіп тұрсақ, болашаққа сеніммен қараймыз. Зор алапатта Шайтан мен оның жақтастары Құдай халқын оңай жемтік көріп, оларға бас салатын болады. Бірақ Шайтан Құдай халқына оңалмастай соққы бере алмайды. Өйткені Ехоба Әйүптің күндеріндегідей бұл кезде де жағдайды түгелдей өз бақылауында ұстайды. Ехоба Шайтанның адамзатқа жасаған бар қиянатына соңғы нүкте қоятын күн, міне, келіп қалды! Жақында Иса Шайтан мен оның жын-перілерін бұғаулап, оларды 1000 жылға түпсіз тұңғиыққа лақтырады (Лұқа 8:31; Аян 20:1—3). Ал 1000 жылдан кейін Шайтан мен оның жағына шыққандардың бәрі мәңгіге жойылады (Аян 20:10). Осылай Ехобаның “әйелдің ұрпағы [Шайтанның] басын мыжиды” деген сөздері жүзеге асады (Мұс. 1-ж. 3:15; Рим. 16:20).
19. Ехобаға толықтай сенім артатындарды қандай өмір күтіп тұр? (Суретті де қараңыз.)
19 Ехобаның адал қызметшілері тағатсыздана күтіп жүрген жаңа дүние бақыт пен шаттыққа толы болады. Бұл өмір біз ойлағаннан да ғажап болмақ! Ехоба бізге: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”,— деп уәде етеді (Аян 21:5). Бұл сөздер жүзеге асқанда, өмір қандай болатынын бір сәт елестетіңізші. Бүкіл адамзат Шайтан мен жын-перілердің ықпалынан босап, өмірлерінде алғаш рет кең тыныс алады. Жанға жай беретін бұл не деген ғажайып күй болады десеңізші! Уайым, қайғы-мұң, ұйқымыз қашқан мазасыз түндер — бұның бәрі ұмыт болады. Айналамыздағы адамдар жандарына батқан ауруларынан айыққанда, көз сенбес небір кереметтерге куә боламыз. Бәрін айт та, бірін айт, өмірден өткен жақындарымызды қайта көріп, құшағымызға аламыз. Осылай біз Ехоба әуел бастан ниет еткен таңғажайып өмірдің дәмін татамыз!
Ехобаның адал қызметшілері азапты күндерін ұмытып, Ехобаның батасына шомылып өмір сүреді (19-абзацты қараңыз)
20. Қиындықтарға мойымас үшін біз не істеуіміз керек?
20 Соңғы күндері өмір сүріп жатқандықтан, біз әлі талай қиындықтар көруіміз мүмкін. Солардың бәрін еңсеру үшін, біз әлемнің Әміршісі Ехоба Құдайымызға толықтай сенім артуымыз керек. Олай болса, Ехобаның сүйіспеншілігі мол Әке екенін, ал Шайтанның барып тұрған жалақор екенін дәлелдей берейік. Әлемнің Әміршісі Ехоба құдіретті қолымен жасайтын жаңа дүниені зор сеніммен күтейік. Өйткені ол бақытқа толы өмірге адал қызметшілерін жеткізуді аңсап жүр!
153-ӘН Мені батыл етші