20—26 СӘУІР, 2026
49-ӘН Ехобаның жүрегін қуантайық
Шомылдыру рәсіміне қарай нық қадам басыңыз
“Міне, қазір ерекше ықыласқа ие болатын кез. Міне, қазір құтқарылатын күн” (ҚОР. 2-Х. 6:2).
НЕГІЗГІ ОЙ
Қазіргі уақыт — Ехобамен дос болып, шомылдыру рәсімінен өтуге ең қолайлы уақыт.
1. а) Неге шомылдыру рәсімі өмірдегі ең дұрыс шешім? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?
СІЗ Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өттіңіз бе? Онда сіз Құдайдан “таза ар-ұждан сұрап”, оның қызметшілерінің қатарына қосылдыңыз (Пет. 1-х. 3:21). Сондай-ақ сіз шомылдыру рәсімінен өтпеген қаншама жастарға, қаншама қызығушыларға тамаша үлгісіз! Осы себепті де шомылдыру рәсімінен өткеніңіз өміріңіздегі ең дұрыс шешім! Ал егер сіз әлі шомылдыру рәсімінен өтпеген болсаңыз, сізге не кедергі? Кейде Ехобаны жақсы көріп тұрсақ та, оның еркін орындағымыз келсе де, күнәларымыз кешіріліп, Құдайдың ықыласына ие болу үшін шомылдыру рәсімінен өту керектігін түсінсек те, бізді бірдеңе ұстап тұрады (Ел. іс. 2:38—40). Сізбен де солай ма? Мұндайда не көмек болатынын білу үшін үш жайтты қарастырайық: 1) Кейбіреулер шомылдыру рәсімінен өтуден не үшін тартыншақтайды? 2) Ехобаның күні жақын екенін неге есте мықтап ұстаған жөн? 3) Мүмкіндігінше тезірек шомылдыру рәсімінен өтудің қандай пайдасы бар?
КЕЙБІРЕУЛЕР ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТУДЕН НЕ ҮШІН ТАРТЫНШАҚТАЙДЫ?
2. Кейбіреулер шомылдыру рәсімінен өтуден не себепті тартыншақтайды?
2 Кейбіреулердің шомылдыру рәсімінен өтуден тартыншақтайтын себебі — қорқады. Мысалы, Ехобаға қызмет еткісі келсе де, оның көңілінен ешқашан шыға алмаймын деп қорқатындар бар. Сіз де шомылдыру рәсімінен осы себептен аяқ тартып жүрсеңіз, мынаны ұмытпаңыз: Ехоба сізден кемелді бол деп күтпейді, ең бастысы, жан-тәніңізбен ғибадат етсеңіз, ол соған қуанады. Осыны растайтын Киелі кітаптағы тармақтарды жиі оқып тұрыңыз (Зәб. 103:13, 14; Қол. 3:23). Ал егер қарсылықтарға кезігемін деп қорықсаңыз, Ехобаға дұға етіп, мен де зәбүр жыршысы сияқты батыл болайыншы деп сұраңыз. Ол: “Ехоба менің жағымда; мен еш қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?!”— деп берік сеніммен айтқан (Зәб. 118:6).
3. Кейбіреулердің шомылдыру рәсімінен өтпей жүруіне тағы не себеп? (суретті де қараңыз.)
3 Кейбіреулердің Ехобаны жақсы көрсе де, шомылдыру рәсімінен өтпей жүретін себебі — әлі көп нәрсені білмеймін деп ойлайды. Ал шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болу үшін қанша білім қажет? Бұны түсіну үшін Киелі кітаптағы бір оқиғаны қарастырайық. Елші Пауыл мен Сыйлас қамауда отырғанда, жер қатты сілкініп, түрменің іргетасы шайқалып кетті. Сол кезде Пауыл мен Сыйлас түрме бастығы мен оның үй ішіне уағыздады. Сонда олар түрменің есіктерін ашып, қызметшілерін босатқан Құдайдың өзі екенін түсінді. Бұдан бөлек, олар сол түні елшілерден Ехоба мен Иса жайлы тәлім алды. Оларға осы білгендері де жеткілікті болды. Сөйтіп, түрме бастығы “кідірместен бүкіл үй ішімен бірге шомылдыру рәсімінен өтті” (Ел. іс. 16:25—33). Бұл оқиғадан не түйеміз? Егер сіз Ехобаны білсеңіз, оны бар жүрегіңізбен жақсы көрсеңіз, Киелі кітаптағы негізгі шындықтарды түсінсеңіз, күнәларыңызға өкінсеңіз және Құдайдың заң-талаптарына сай өмір сүруге бекінсеңіз, онда сіз шомылдыру рәсімінен өтуге дайынсыз (Мар. 12:30).
Пауыл мен Сыйластан ізгі хабарды естіген соң, түрме бастығы “кідірместен бүкіл үй ішімен бірге шомылдыру рәсімінен өтті” (3-абзацты қараңыз)
4. Кейбіреулердің шомылдыру рәсімінен өтпей жүруіне тағы не себеп болуы мүмкін? (Суретті де қараңыз.)
4 Кейбіреулердің Ехобаға ұнамды болғысы келсе де, шомылдыру рәсімінен өтпей жүретін тағы бір себебі — бұл үшін көп құрбандыққа бару керек деп уайымдайды. Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, “шығынды есептеп”, арты не боларын ойлау дұрыс-ақ (Лұқа 14:27—30). Бірақ кейбіреулер Құдайға қызмет ету үшін неден бас тартуға тура келеді деп, соған тым көп мән беріп жатады. Мысалы, шындықты кішкентайынан білген Кэндис деген әйел бауырлас Киелі кітапты ересек кезінде зерттей бастаған. Ол былай дейді: “Ехобаға не ұнайтынын, не ұнамайтынын жақсы түсінетінмін. Бірақ осы дүниені де қимадым. Ехобаға ұнамайтын істерден бас тарту қиын бола ма деп уайымдадым”. Ал кейбіреулер Ехобаның жоғары талаптарына сай өмір сүре алмаймын деп қорқады. Олар “шомылдыру рәсімінен өтуін өтіп алып, ертең ауыр күнә жасап қойып, қауымнан аластатып жіберсе қайтемін? Одан да өтпей-ақ қойғаным жақсы” деп ойлайды. Сізді де осы жайттар уайымдатса, не істесеңіз болады?
Кейбіреулер Құдайға қызмет ету үшін неден бас тартуға тура келеді деп, соны көп уайымдайды (4-абзацты қараңыз)
5. Шомылдыру рәсімінен өту жайлы ойланғанда не нәрсеге көбірек мән беруіміз керек? (Матай 13:44—46)
5 Әдетте бір зат сатып аларда біз тек бағасына ғана назар аудармаймыз ғой, сол заттың сапасына да мән береміз. Сапасының өте жақсы екенін көрсек, қанша қымбатқа түссе де, шығындануға дайынбыз. Тура солай, шомылдыру рәсімінен өту жайлы ойланғанда қандай құрбандықтарға баратыныңызға ғана мән бермеңіз, Ехобамен достығыңыз қаншалықты құнды екені жайлы көбірек ойланыңыз. Кезінде Иса осыған назар аударып, екі мысал келтірген (Матай 13:44—46 оқыңыз). Екі мысалда да адам аса құнды зат үшін өзінде бардың бәрін сатып жіберген. Сіз де аса құнды зат тауып алдыңыз, бұл — Патшалық жайлы шындық. Бұл шындық құрбандыққа баруға тұра ма деп күмәндансаңыз, Исаның осы екі мысалы жайлы жақсылап ой жүгіртіңіз. Ол үшін мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз: Патшалық жайлы ізгі хабардың құнды екеніне шынымен сенемін бе? Ехобамен достығым, жарқын үмітім, қамқор бауырластарым мен үшін қаншалықты қымбат? Бұл сұрақтардың жауабы шындықтың бағасын түсінуге және шомылдыру рәсімінен өтуге не кедергі болып жүргенін анықтауға көмектеседі.
6. Жүрегімізде шындықтың тұқымы өніп шығу үшін не істеуіміз керек?
6 Иса диқан туралы мысал келтіріп, кейбір адамдар жүрек күйлеріне байланысты рухани өспейтінін түсіндірген. Ал “таза да ізгі жүректі адамдар” Патшалық хабарына құлақ асып, мол өнім беретінін айтқан (Лұқа 8:5—15). Егер жүрегіңіз Құдайдың қалауын орындайын ба, әлде өзімнің қалауымды ма деп екіге бөлініп тұрса, Құдайдан көмек сұраңыз. Ехоба сізге өзінің басшылығына мойынсұнуға дайын “жаңа жүрек” бере алады. Сондықтан оған дұға етіп, шындықтың тұқымы өніп шығу үшін жүрегімді жұмсақ етші деп өтініңіз (Езек. 18:31; 36:26 сілт.).
7, 8. Кейбір жастар шомылдыру рәсімінен өтуге не себепті талпынбайды? (Суретті де қараңыз.)
7 Ехобаны жақсы көрсе де, шомылдыру рәсімінен өтуден тартынатын жастар да бар. Бұған кейде өзгелердің ықпалы себеп болуы мүмкін. Мысалы, кейбір мұғалімдер “жас кездеріңде жүріп қалыңдар, бәрін көріп қалыңдар” деп ақылдарын айтып жатады. Осылай тіпті Ехобаның заң-талаптарына қайшы істерге итермелеуі мүмкін. Бірақ бұндай ақыл-кеңестерге құлақ асатын болсаң, қателіктер жасап, опық жеп қаласың (Зәб. 1:1, 2; Нақ. с. 7:1—5). Өзіңді бұл қауіптен қорғау үшін, зәбүр жыршысының Ехобаға айтқан мына бір сөздеріне ден қой: “Сенің ескертулерің жайлы ой жүгіртемін, Сондықтан барлық ұстаздарымдікінен де мол түсінікке иемін” (Зәб. 119:99).
8 Кейде балаларының шомылдыру рәсімінен өтпей жүргеніне ата-аналардың өздері себепші болып жатады. Кейбір ата-аналар балаларының білім алып, жақсы жұмысқа тұруын көбірек ойлап кетеді. Ал кейбірі балаларының рухани мақсаттар қойып, соған ұмтылуына аса көңіл бөлмейді. Егер сен шомылдыру рәсімінен өтемін деген мақсатыңды ата-анаң қолдайды-ау деп ойласаң, олармен бұл жайлы сөйлесіп, көмек сұрап көр. Бірақ мынаны ұмытпа: ата-анаң қолдасын-қолдамасын, сен қанша жаста болсаң да, Ехобамен дос бола аласың (Нақ. с. 20:11).
Ата-анаңмен шомылдыру рәсімі жайлы сөйлесіп көруден тартынба (8-абзацты қараңыз)
9. Кейбіреулердің шомылдыру рәсімінен өтуді кейінге ысыруына не себеп болуы мүмкін?
9 Кейбіреулер шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болса да, біреулердің көңіліне қарап асықпауы мүмкін. Мысалы, достарыңыз “бізді күте тұр, шомылдыру рәсімінен бірге өтеміз” дейтін шығар. Жақын адамыңызбен бір күнде шомылдыру рәсімінен өтіп жатсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді, әрине. Бірақ бұл шомылдыру рәсімінен өтуді кейінге ысыруға себеп пе? Есіңізде болсын, Ехобаға бағышталғанда уәде беретін сізсіз. Сондықтан шомылдыру рәсімінен қашан өтетініңізге өзгелер әсер етпеу керек (Рим. 14:12).
ЕХОБАНЫҢ КҮНІ ЖАҚЫН ЕКЕНІН НЕГЕ ЕСТЕ МЫҚТАП ҰСТАҒАН ЖӨН?
10. Кейбіреулердің рухани қадамдар жасауға әрекеттенбеуі неден?
10 Кейбіреулердің рухани қадамдар жасауға әрекеттенбейтін бір себебі — Ехобаның күні келгенше әлі біраз уақыт бар деп ойлайды. Бірақ бұлай ойлау дұрыс па? Иса шәкірттерін былай деп ескерткен: “Дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді” (Лұқа 12:40).
11. Ехобаны жақсы таныған сайын, не нәрсеге асық боламыз және неге? (Зәбүр 119:60)
11 Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге бізді сүйіспеншілік талпындыру керек. Сүюші Құдай Ехобаны танып-біле берген сайын, оның заң-талаптары біздің пайдамыз үшін екенін түсініп, оларды жақсы көре бастаймыз. Ал жақсы көргенде, орындауға асық боламыз (Зәбүр 119:60 оқыңыз). Ехобаның өсиеттерін орындауды кейінге қалдырмаудың тағы бір маңызды себебі бар: шәкірт Жақып айтқандай, біз ертең не болатынын білмейміз. “Дұрыс әрекет еткіміз” келсе, мұны қазір істеуіміз керек. Өйткені ертеңгі күн келе ме, келмей ме — кім білсін (Жақ. 4:13—17).
12. Жүзімдік жайлы мысалдан қандай ой түйеміз?
12 Ал Исаның жүзімдік жайлы мысалы ше? Ол күні бойы жұмыс істегендер мен соңғы сағатта келгендер бірдей жалақы алатынын айтқан жоқ па еді? Бұл рас. Бірақ соңғы сағатта келгендер неге ертерек келмегенін еске түсірейікші. Олар күні бойы жұмыс істегісі келмей, жұмыстан қашқан жоқ, жай оларды “ешкім жалдамаған”. Бірақ жүзімдік иесі шақырғаны сол еді, олар бірден білек сыбана жұмысқа кірісті (Мат. 20:1—16). Бүгінде Иса бізді өзінің шәкірті болып, Патшалық жайлы уағыздауға шақырып жатыр. Біз де бұл шақыруды естіген бойда іске кірісуіміз керек.
13. Лұттың әйелінен қандай сабақ аламыз?
13 Рухани қадамдар жасауды кейінге шегеріп жүргендер Ехобаның күні жақындаған сәтте бәрін тастап, өзгере саламын деп ойлауы мүмкін. Бірақ олар қысылтаяң уақытта бұның қаншалықты қиын екенін түсініп, сан соғып қалуы ғажап емес. Мұны жақсы білген Иса шәкірттерін: “Лұттың әйелін есте ұстаңдар!”— деп ескерткен (Лұқа 17:31—35). Лұттың әйелі Құдайдың үкіміне ұшыраған Содом мен Ғомораның міне-міне жойылатынын білді. Соны біліп тұрса да, ол артында қалған дүниесін қия алмады (Мұс. 1-ж. 19:23—26). Осы жағдайдан тағы бір түйеріміз, Ехоба адамның өзгергенін мәңгі күтіп отырмайды. Оның күні белгіленген уақытта келеді, сол кезде құтқарылуға апаратын есік жабылады және ешқашан қайтып ашылмайды (Лұқа 13:24, 25).
14. Орындалып жатқан пайғамбарлықтарға мән бергеніңіз неге маңызды?
14 Әлемде болып жатқан жағдайлар Киелі кітаптағы заманның ақырына қатысты пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын дәлелдейді. Бұл жағдайлар тура сіз тұратын жерде болып жатпаса да, оларға мән бергеніңіз жөн. Пайғамбарлықтардың орындалып жатқанына қарап, сіз уақыттың аз қалғанын түсінуіңіз керек. Мысалы, бірінші ғасырда елші Петір мәсіхшілерді: “Барлық нәрсенің соңы таяп қалды. Сондықтан байыппен ойланыңдар”,— деп талпындырған (Пет. 1-х. 4:7). Петір “соңы” деп Иерусалим қаласы мен ондағы ғибадатхананың жойылатынына нұсқаса керек. Бір қызығы, Петір бұл сөздерін Иерусалимдегі емес, одан тыс жатқан аймақтардағы мәсіхшілерге жазған (Пет. 1-х. 1:1). Бұл жағдай бастарына түспесе де, олар пайғамбарлықтың дәл орындалғанын көріп, Ехоба басқа да уәделерін орындайтынына көздері жетсе керек. Сіз де Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалып жатқанына ден қойсаңыз, Ехобаның күні жақындап қалғанын түсініп, тезірек шомылдыру рәсімінен өтуге талпынасыз.
15. Ехобаның күніне дайын жүру үшін не істеуіміз керек? (Петірдің 2-хаты 3:10—13)
15 Ал екінші хатында елші Петір Ехобаның күніне дайын жүру үшін не істеуіміз керектігін айтқан. Бірінші ғасырда Ехобаның күні әлдеқайда алыс еді, соның өзінде Петір мәсіхшілерді Ехобаның күнін “естерінде мықтап ұстап жүруге” талпындырған (Петірдің 2-хаты 3:10—13 оқыңыз). Біз де Ехобаның күні өте жақын екенін естен шығармауымыз керек. “Жүріс-тұрысымыз қасиетті, ал іс-әрекетіміз Құдайға шын берілген адамдарға тән болу” үшін бар күшімізді салатын болсақ, сол күнге дайын жүргенімізді көрсетеміз. Сіз де Ехобаға ұнамды болуға ұмтылсаңыз, ол бұған қалай қуанады десеңізші! Ал өміріңізді оған бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтсеңіз, қуанышында тіптен шек болмайды!
ТЕЗІРЕК ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТУДІҢ ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР?
16. Шомылдыру рәсімінен қашан өткен дұрыс? (Қорынттықтарға 2-хат 6:1, 2) (Суреттерді де қараңыз.)
16 Шомылдыру рәсімінен қашан өткенім дұрыс деп ойланып жүрген болсаңыз, бұл қадамды жасаудың ең қолайлы уақыты — дәл қазіргі уақыт (Қорынттықтарға 2-хат 6:1, 2 оқыңыз). Мысалы, эфиопиялық қызметкердің оқиғасын алайықшы. Філіптен ізгі хабарды естіген соң, ол дереу шомылдыру рәсімінен өтуі керектігін түсінді. Ол “әлі біраз білім алуым керек шығар”, я болмаса “әлі алда су болады ғой, шомылдыру рәсімінен сол кезде өте саламын” демеді. Керісінше: “Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар?”— деп, еш кідірместен шомылдыру рәсімінен өтті (Ел. іс. 8:26, 27, 35—39). Содан кейін “ол қуанышы қойнына сыймай өз жолымен кетті”. Не деген керемет үлгі!
Эфиопиялық қызметкерден үлгі алыңыз, қазіргі қолайлы уақытты пайдаланып, еш кідірмей шомылдыру рәсімінен өтіңіз (16-абзацты қараңыз)a
17. Сіз не нәрсеге сенімді болсаңыз болады?
17 Егер сіз шомылдыру рәсімінен өтуге қорқып жүрсеңіз, Құдайдың заң-талаптарына сай өмір сүре аламын ба деп уайымдасаңыз, бұл шешімімді жақындарым қолдамайды деп ойласаңыз, бұның бәрін Ехобаның көмегімен жеңуге болатынын ұмытпаңыз. Ехоба сізге қашанда көмектесуге дайын (Рим. 2:4). Сіз шомылдыру рәсімінен өтіп, Құдайдың алдында таза ар-ұжданға ие болсаңыз, бұған ешқашан өкінбейсіз, артта қалдырған нәрселердің бәрі маңызсыз болып қалады (Філіп. 3:8, 13). Керісінше, шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін сіз “алдағы нәрселерге ұмтыласыз”. Осылай Ехоба өзінің бағышталған қызметшілеріне уәде еткен сыйларға сіз де ие боласыз (Ел. іс. 3:19).
38-ӘН Құдай саған күш береді
a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Эфиопиялық қызметкер Філіпке шомылдыру рәсімінен өтуге дайын екенін айтқанындай, зерттеуші қыз да ақсақалдарға шомылдыру рәсімінен өтуге ықыласы бар екенін айтып жатыр.