9-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
51-ӘН Біз Құдайға бағышталдық!
Шомылдыру рәсімінен өтуге ештеңе тосқауыл болмасын
“Неге кідіріп тұрсың? Бар да, шомылдыру рәсімінен өт” (ЕЛ. ІС. 22:16).
НЕГІЗГІ ОЙ
Самариялықтардың, тарстық Саулдың, Корнелдің және қорынттықтардың жағдайы адамға шомылдыру рәсімінен өтуге ештеңе де кедергі бола алмайтынын дәлелдейді.
1. Шомылдыру рәсімінен өтуге қандай келелі себептер бар?
СІЗДЕН бар жақсысын аямаған, тіпті өмір сыйлаған Ехоба Құдайды жақсы көресіз бе? Жақсы көрсеңіз, бұны дәлелдегіңіз келер ме еді? Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтсеңіз, бұдан асқан дәлел болмайды. Осы екі қадамды жасаған жағдайда Ехоба сізді өз отбасына қабылдап, өз меншігі санайды. Ойлап көріңізші, Ехоба қасыңызда әрдайым бағыт-бағдар беріп, қамқорлап жүретін Әкеңіз әрі Досыңызға айналады (Зәб. 73:24; Ишая 43:1, 2). Бағышталу мен шомылдыру рәсімінен өтудің тағы бір батасы — мәңгі өмір сүруге деген үмітіңіз болады (Пет. 1-х. 3:21).
2. Бұл мақалада не қарастырамыз?
2 Шомылдыру рәсімінен өтуіңізге қандай да бір кедергі бар ма? Бар болса, еш мойымаңыз. Өйткені бұған дейін миллиондаған адам көзқарастарын да, жүріс-тұрыстарын да өзгертіп, шомылдыру рәсімінен өткен. Бүгінгі таңда олар Ехобаға қуанышпен әрі зор құлшыныспен қызмет етіп жүр. Қазір І ғасырда шомылдыру рәсімінен өткен кейбір адамдардың жағдайын қарастырайық. Олардың қандай кедергілерге кезіккендерін және олардан не үйрене алатынымызды көрейік.
САМАРИЯЛЫҚТАР ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТТІ
3. Шомылдыру рәсімінен өту үшін самариялықтар қандай кедергілерге кезіккен болуы мүмкін?
3 Исаның заманында өмір сүрген самариялықтар Яһудеяның солтүстігіндегі Сихем мен Самария қалаларында кең таралған діни сектаның мүшелері болған. Олар Құдайдан келген деп тек Мұсаның бес кітабын мойындаған, сондай-ақ Ешуа кітабын бедел тұтқан көрінеді. Демек, самариялықтар шомылдыру рәсімінен өту үшін Құдай Сөзі жайлы білімдерін толықтыру қажет еді. Олар Мұсаның 5-жазбасы 18:18, 19-дағы Құдайдың уәдесін білгендіктен, Мәсіхтің келетініне сенген (Жох. 4:25). Десе де шомылдыру рәсімінен өту үшін уәде етілген Мәсіх ретінде олар Исаны мойындауы қажет еді. Қуанышқа орай, “самариялықтардың көбісі” Исаның Мәсіх екеніне сенді (Жох. 4:39). Ал кейбіреуіне самариялықтар мен яһудилердің арасындағы қанға сіңген алалаушылықтан арылуға тура келген шығар (Лұқа 9:52—54).
4. Елшілердің істері 8:5, 6, 14-ке сай, самариялықтар Філіптің хабарын қалай қабылдады?
4 Самариялықтарға шомылдыру рәсімінен өтуге не көмектесті? Філіп самариялықтарға “Мәсіх жайлы уағыздағанда”, олардың кейбірі “Құдай сөзін қабыл алған” (Елшілердің істері 8:5, 6, 14 оқыңыз). Філіп яһуди болса да, олар оның хабарынан бас тартпады. Бәлкім, олар Мұсаның жазбасындағы “[Құдай] ешкімді алаламайды” деген сөздерді естеріне алған шығар (Мұс. 5-ж. 10:17—19). Қалай болған күнде де, олар Філіптің Мәсіх жайлы “айтқандарын ұйып тыңдады” және Філіпті Құдай жібергенін мойындады. Філіп олардың алдында науқастарды емдеп, жындарды қуып көптеген кереметтер жасады (Ел. іс. 8:7).
5. Самариялықтардан не нәрсеге үйренсек болады?
5 Самариялықтар Філіпті яһуди болғаны үшін жақтырмай, айтып жатқан сөздері құлағымызға ерсі деп оны тыңдамай қойса болар еді. Бірақ алалаушылық пен білімнің аздығы оларға шомылдыру рәсімінен өтуге кедергі болмады. Киелі кітапта айтылғандай, “олар Құдай Патшалығы мен Иса Мәсіхтің есімі жайлы ізгі хабарды жариялаған Філіпке сеніп, ерлері де, әйелдері де шомылдыру рәсімінен өте бастады” (Ел. іс. 8:12). Самариялықтар Філіптің айтқандары шындық екеніне көздері жеткенде, еш кідірместен шомылдыру рәсімінен өтті. Ал сіз ше? Құдай Сөзінің шындық екеніне, Ехоба куәгерлерінің арасында алалаушылық жоқ екеніне және олар бір-бірін шын жақсы көретініне көзіңіз жетті ме? (Жох. 13:35). Жеткен болса, батыл әрекет етіңіз. Ехоба сізге міндетті түрде батасын төгеді.
6. Рубеннің жағдайынан қандай ой түйдіңіз?
6 Германияда тұратын Рубен Куәгерлердің отбасында өскен. Бірақ бала кезінде ол Ехобаның шын мәнінде бар екеніне күмәнданған. Оған күмәндарын сейілтуге не көмектесті? Ол Ехоба жайлы білімінің аз екенін түсініп, көбірек жеке зерттеу жүргізген. “Зерттеу кезінде әсіресе күмәнданған нәрселеріме көп көңіл бөлдім. Эволюция тақырыбын тіпті бірнеше рет зерттеп шықтым”,— дейді Рубен. “Қамқор Жаратушы бар ма?” (ор.) деген кітап Рубеннің ой-санасын төңкеріп жіберген. Оның тіпті “Ехоба шынымен де бар екен ғой!” деп айтып қалған кездері болған. Ал дүниежүзілік бас басқармаға экскурсияға барғанда, ұйымдағы ынтымақ-бірлікті көріп, дүниежүзілік бауырластықты бағалай түскен. Сөйтіп, Рубен 17 жасында шомылдыру рәсімінен өтті. Егер сізде де күмән болса, әдебиеттерімізді зерттеп, шындыққа көз жеткізіңіз. Өйткені күмәнді “тура білім” ғана жеңеді (Ефес. 4:13, 14). Ал жер жүзіндегі Ехоба куәгерлерінің арасындағы татулық жайлы көріп-естіп жүргендеріңіз және өз қауымыңызда сүйіспеншілік сезіп жүргеніңіз дүниежүзілік бауырластыққа деген ризашылығыңызды арттырады.
САУЛ ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТТІ
7. Саул қандай ойын өзгертуі керек еді?
7 Тарстық Саул иудаизм дінін ұстануда алдына жан салмады, ол яһудилер арасында беделді, оқыған-тоқыған адам болды (Ғал. 1:13, 14; Філіп. 3:5). Яһудилер мәсіхшілерді жолдантаюшылар деп қудалағанда, Саул да олардың қыр соңына түсті. Ол тіпті осылай Құдайдың еркін орындап жүрмін деп ойлады (Ел. іс. 8:3; 9:1, 2; 26:9—11). Исаны мойындап, мәсіхші ретінде шомылдыру рәсімінен өту үшін Саулдың өзі осындай қуғын-сүргінге дайын болу керек еді.
8. а) Саулға шомылдыру рәсімінен өтуге не көмектесті? ә) Елшілердің істері 22:12—16 тармақтарға сай, Анани Саулға қалай көмектесті? (Суретті де қараңыз.)
8 Саулға шомылдыру рәсімінен өтуге не көмектесті? Ұлылыққа бөленген Иса көрінгенде, Саул көз жанарынан айырылды (Ел. іс. 9:3—9). Ол үш күн бойы ораза тұтып, болған жағдай жайлы ой жүгіртсе керек. Сонда Исаның Мәсіх екеніне, оның ізбасарлары шынайы дінді ұстанатынына оның көзі жетті. Сондай-ақ Степанның өлімін құптағаны үшін ар-ұжданы мазалаған шығар (Ел. іс. 22:20). Үш күн өткен соң Анани есімді шәкірт келіп Саулдың көз жанарын қайтарды. Анани онымен жылы-жұмсақ сөйлесті, кейін оны еш кідірместен шомылдыру рәсімінен өтуге талпындырды (Елшілердің істері 22:12—16 оқыңыз). Саул Ананидің сөзіне кішіпейілділікпен құлақ асып, жаңа өмірге аяқ басты (Ел. іс. 9:17, 18).
Біреу сізді шомылдыру рәсімінен өтуге талпындырса, Саул сияқты әрекет етесіз бе? (8-абзацты қараңыз)
9. Саулдан қай жағынан үлгі алсақ болады?
9 Саулдан көп жағынан үлгі алуға болады. Ол өркөкіректікке салынып не адам алдындағы қорқынышқа беріліп, шомылдыру рәсімінен өтпей қойса болар еді. Бірақ ол кішіпейілділікпен Иса жайлы шындықты қабыл алып, өмірін түбегейлі өзгертті (Ел. іс. 26:14, 19). Қуғын-сүргінге кезігетінін білсе де, мәсіхші болудан қорықпады (Ел. іс. 9:15, 16; 20:22, 23). Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де ол Ехобаға арқа сүйеді, оның сынақ кезінде көмексіз қалдырмайтынына сенді (Қор. 2-х. 4:7—10). Сіз де шомылдыру рәсімінен өткен соң қиындықтар мен сынақтарға кезігуіңіз мүмкін. Бірақ сенімді болыңыз, Құдай мен Мәсіх сізді қиындықта ешқашан жалғыз қалдырмайды (Філіп. 4:13).
10. Аннадан қай жағынан үлгі алғыңыз келер еді?
10 Шығыс Еуропада тұратын Анна күрд халқынан шыққан. Анасы шомылдыру рәсімінен өткен соң, Анна әкесінің рұқсатымен тоғыз жасында Киелі кітапты зерттей бастайды. Көп туыстарымен бір үйде тұрғандықтан, Анна олардың тарапынан біраз қысым көреді. Өйткені олар ата-бабаның дінінен бас тарту бүкіл әулетті масқаралайды деп есептейді. 12 жасында Анна шомылдыру рәсімінен өткісі келіп, әкесінен рұқсат сұрайды. Әкесі одан: “Бұл сенің жеке шешімің бе, әлде біреу сені қыспақтап жатыр ма?”— деп сұрағанда, Анна: “Мен Ехобаны жақсы көремін, сол үшін өткім келеді”,— дейді. Сөйтіп, әкесі оған шомылдыру рәсімінен өтуге рұқсат етеді. Анна шомылдыру рәсімінен өткен соң, туыстары оны жақтырмай, келеке-мазақ етеді. Тіпті олардың бірі: “Ехоба куәгері болғанша, темекі шегіп, жезөкше болып кеткенің жақсы еді”,— депті. Осындай қиын шақта Аннаға не көмектесті? “Ехоба маған көп күш берді, ата-анам да үнемі қолдап жүрді”,— дейді Анна. Ол Ехоба көмектескен жағдайларды жазып жүріпті. Оның көмегін ұмытпас үшін жазғандарын арагідік оқып жүреді екен. Егер сіз қарсылықтарға кезігемін деп қорықсаңыз, Ехоба сізге де көмектесетінін естен шығармаңыз (Евр. 13:6).
КОРНЕЛ ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТТІ
11. Корнелге шомылдыру рәсімінен өтуге не кедергі болуы мүмкін еді?
11 Киелі кітаптағы Корнелдің жағдайынан да үйренеріміз көп. Ол Рим әскерінде жүз сарбаздың үстінен қарайтын жүзбасы болған (Ел. іс. 10:1). Сондықтан оның қоғамдағы беделі де, әскери шені де жоғары болған болса керек. Корнел “мұқтаждық көргендерге көп жақсылық жасаған” (Ел. іс. 10:2). Ол ізгі хабарды есту үшін Ехоба оған елші Петірді жіберді. Корнелге лауазымды қызметі шомылдыру рәсімінен өтуге кедергі болды ма?
12. Корнелге шомылдыру рәсімінен өтуге не көмектесті?
12 Корнелге шомылдыру рәсімінен өтуге не көмектесті? Корнел “бүкіл үй ішімен Құдайдан қорқатын діншіл адам болатын”. Сондай-ақ ол “Құдайға үнемі жалбарынып дұға ететін” (Ел. іс. 10:2). Петірден ізгі хабарды естіген соң, ол үй ішімен Мәсіхке сеніп, бірден шомылдыру рәсімінен өтті (Ел. іс. 10:47, 48). Дау жоқ, Корнел отбасымен бірге Ехобаға ғибадат ету үшін өмірін өзгертуге дайын болды (Ешуа 24:15; Ел. іс. 10:24, 33).
13. Корнелден қай жағынан үлгі аламыз?
13 Саул сияқты Корнел де атақ-дәрежесін ойламай, бірден шомылдыру рәсімінен өтті. Сізге де шомылдыру рәсімінен өту үшін қандай да бір үлкен өзгеріс жасау керек пе? Егер солай болса, Ехобаның өзі сізге көмектесетінін ұмытпаңыз. Киелі кітап принциптері бойынша өмір сүремін деген ынтаңыз болса, Ехоба сізге міндетті түрде батасын береді.
14. Цуёсидің оқиғасынан қандай ой түйдіңіз?
14 Жапонияда тұратын Цуёси деген ер бауырласқа шомылдыру рәсімінен өтуге жұмысындағы бір жайт кедергі болған. Ол гүл шоғырларын жасауды үйрететін Икэнобо мектебінде директордың көмекшісі болып жұмыс істеген. Директоры кейде жерлеу рәсімдеріне арнап гүл шоғырларын жасап, буддистік салт-жораларға қатысқан. Ал қолы бос болмаған кездері орнына Цуёсиді жіберген. Бірақ Цуёси Киелі кітапты зерттеп жүргенде өлім жайлы шындықты біледі. Сонда ол бұндай жұмыспен шомылдыру рәсімінен өте алмайтынын түсінеді. Сөйтіп, ол буддизммен байланысты салт-жораларға мүлдем жоламаймын деп белін бекем буады (Қор. 2-х. 6:15, 16). Кейін бұл шешімі жайлы директорымен сөйлеседі. Директоры оған ешбір діни рәсімдерге араласпай, тек өз жұмысын атқаруға рұқсат береді. Киелі кітапты бір жыл зерттеген соң, Цуёси шомылдыру рәсімінен өттіa. Егер сізге Ехобаның ықыласына ие болу үшін жұмысыңызды ауыстыруға тура келсе, ол сізді де, отбасыңызды да қамқорлайтынына сенімді болыңыз (Зәб. 127:2; Мат. 6:33).
ҚОРЫНТТЫҚТАР ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТТІ
15. Қорынттықтарға шомылдыру рәсімінен өтуге не кедергі болуы мүмкін еді?
15 Ежелгі Қорынт қаласының тұрғындары байлықтың соңынан қуып, азғын өмір кешкен. Олар Құдайға ұнамайтын істердің небір түрімен айналысқан. Осындай ортада жүріп Ехобаға бет бұру ешкімге де оңайға соқпасы анық еді. Бірақ елші Пауыл Қорынтта Иса Мәсіх туралы ізгі хабарды уағыздағанда, “көптеген қорынттықтар сеніп, шомылдыру рәсімінен өтті” (Ел. іс. 18:7—11). Кейін Иеміз Исаның өзі де Пауылға аян беріп: “Бұл қалада менің адамдарым көп”,— деді. Сөйтіп, Пауыл Қорынтта тағы бір жарым жыл уағыздады.
16. Қорынттықтарға кедергілерді жеңуге не көмектесті? (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5)
16 Қорынттықтарға шомылдыру рәсімінен өтуге не көмектесті? (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5 оқыңыз). Мәсіх жайлы ізгі хабарды қабылдаған соң, қорынттықтар Құдай Сөзі мен киелі рухтың арқасында өмірлерін түбегейлі өзгертті (Евр. 4:12). Маскүнемдік, ұрлық, гомосексуализм сияқты жаман әдеттерінен арылу олардың қолдарынан келді (Қор. 1-х. 6:9—11)b.
17. Қорынттықтардан қай жағынан үлгі алсаңыз болады?
17 Жаман әдеттері қандарына әбден сіңіп кетсе де, қорынттықтар ешқашан мәсіхші бола алмаймыз деп ойламаған. Қайта, олар мәңгілік өмірге апаратын тар жолмен жүруге бар күштерін салды (Мат. 7:13, 14). Сіз де шомылдыру рәсімінен өтуге кедергі болып тұрған қандай да бір жаман әдетіңізді қоя алмай жүрсеңіз, еш берілмей, күресе беріңіз. Ехобаға жалбарынып, киелі рухын сұраңыз. Сонда Құдайдың көмегімен жамандыққа деген әуестігіңізді жеңе аласыз.
18. Мониканың оқиғасынан қандай ой түйдіңіз?
18 Грузияда тұратын Моника деген жасөспірім қыз шомылдыру рәсімінен өту үшін Құдай құптамайтын кинолар мен әуендерден бас тартқан, жаман сөз айтатын әдетін де қойған. Ол былай дейді: “Мен Ехобаға көп дұға еттім. Дұрыс нәрсені істегім-ақ келетінін көріп тұрғандықтан, Ехоба маған әрдайым көмектесіп жүрді”. Ақыры Моника әдеттерін жеңіп, 16 жасында шомылдыру рәсімінен өтті. Сізге де жаман әдетіңіз Ехобаға қызмет етуге кедергі болса, өзгеру үшін Ехобадан күш сұрай беріңіз. Өйткені ол киелі рухын жомарттықпен беретін Құдай (Жох. 3:34).
СЕНІМІҢІЗ БОЛСА, ТАУДЫ ДА ҚОПАРА АЛАСЫЗ
19. Таудай кедергілерді жеңуге сізге не көмектеседі? (Суретті де қараңыз.)
19 Ехоба сізді жақсы көреді және отбасына қосылғаныңызды қалайды. Оның көмегімен сіз кез келген кедергіні жеңе аласыз. Бірде Иса шәкірттеріне: “Егер қыша дәніндей сенімдерің болып, мына тауға: — Бұл жерден ана жерге көш,— десеңдер, ол көшеді. Қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмайды”,— деген (Мат. 17:20). Бұл сөздерді естіп тұрған шәкірттер Исаны небәрі бірнеше жыл ғана танитын. Демек, оларға сенімдерін әлі де нығайту қажет еді. Бірақ Иса оларға азғантай сенімдері болса, Ехоба тіпті таудай кедергілерді жеңуге көмектесетінін айтқан. Сеніміңіз болса, сіз де Ехобаның көмегімен тауды да қопара аласыз!
Ехоба сізді жақсы көреді және отбасына қосылғаныңызды қалайды (19-абзацты қараңыз)c
20. Осы мақалада қарастырған І ғасырдағы және бүгінгі таңдағы мәсіхшілердің үлгісі бойыңызда қандай ықылас оятты?
20 Шомылдыру рәсімінен өтуге сізге нақты не кедергі болып тұрғанын түсінсеңіз, бірден әрекет етіп, сол кедергіні жеңуге бар күшіңізді салыңыз. І ғасырдағы және бүгінгі таңдағы мәсіхшілерден үлгі алыңыз. Олардың үлгісі Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге деген ықыласыңызды арттырсын. Ұмытпаңыз, шомылдыру рәсімінен өту — өмірдегі ең дұрыс шешім!
38-ӘН Құдай саған күш береді
a Цуёси Фудзии бауырластың өмірбаянын оқу үшін, 2005 жылғы “Ояныңдар!” журналының (ор.) 8 тамыздағы санынан 20—23 беттерді қараңыз.
b jw.org сайтынан “Шомылдыру рәсімінен өтуіңе не кедергі?” деген видеоны көріңіз.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бауырластар шомылдыру рәсімінен өткендерді қуана қарсы алып жатыр.