Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 қаңтар 20—25 бет.
  • Төлемге деген ризашылығыңызды сіз қалай білдіресіз?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Төлемге деген ризашылығыңызды сіз қалай білдіресіз?
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • КИЕЛІ КІТАПТЫ ЗЕРТТЕП ЖҮРГЕНДЕР
  • ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕНДЕР
  • ҚАУЫМНАН ҚОЛ ҮЗІП ҚАЛҒАНДАР
  • ТӨЛЕМГЕ ДЕГЕН РИЗАШЫЛЫҒЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ БІЛДІРЕСІЗ?
  • Ехобаның сүйіспеншілігі бізді мол игілікке жеткізді
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Төлем Ехоба мен Иса жайлы нені айқын етеді?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Біз төлемге зәруміз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Жылдың ең маңызды күніне дайынсыз ба?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 қаңтар 20—25 бет.

23—29 НАУРЫЗ, 2026

18-ӘН Төлемге ризашылық

Төлемге деген ризашылығыңызды сіз қалай білдіресіз?

“Бізді талпындырушы күш — Мәсіхтің сүйіспеншілігі” (ҚОР. 2-Х. 5:14).

НЕГІЗГІ ОЙ

Төлемге деген ризашылығын әр адам әртүрлі білдіре алады.

1, 2. Исаның төлем құрбандығы бізді не нәрсеге талпындыру керек және неге? (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15) (Суретті де қараңыз.)

АЛДЫҢҒЫ мақалада айтқанымыздай, сіз қираған үйіндінің астында жатырсыз делік. Бірақ бір кезде біреу келіп, сізді үйіндінің астынан шығарып, құтқарып алады. Сонда сіз “бұл үйіндінің астында қалып қойған жалғыз мен емес қой, бұлар талай адамды құтқарып жатыр” деп, аман қалғаныңызды қалыпты санап, солай болу керек деп ойлайсыз ба? Әрине, жоқ! Сіз өзіңізді құтқарған адамға барып, оған алғысыңызды жаудырып, бұл жақсылығы үшін өмір бақи қарыздар болып өтетініңізді айтарыңыз сөзсіз.

2 Өткен мақаланы еске түсірсек, біз күнәнің құрсауынан өздігімізден ешқашан да шыға алмаймыз. Қуанышымызға орай, Исаның төлем құрбандығы бізді құтқарды! Соның арқасында 1) күнәларымыз кешіріледі, 2) үмітіміз пайда болды және 3) Құдаймен татумыз. Осылай төлем өмірдің рақатын мәңгі көретін жұмаққа есік ашты! Көңіл қоятын жайт — Иса өмірін адамдарды сүйгендіктен қиды. Ол жерге келмей тұрып та “адам баласын ерекше жақсы көрді” (Нақ. с. 8:30, 31). Елші Пауыл Мәсіхтің сүйіспеншілігі “бізді талпындырушы күш” екенін айтқан (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15 оқыңыз). Бұл деген сөз, Исаның сүйіспеншілігі бізді төлемнің қадірін түсініп, ризашылық білдіруге талпындыру керек.

Алдыңғы мақаладағы суретте бейнеленген ер адамды құтқарушы қираған үйіндінің астынан шығарып алып жатыр.

Бір рет өмірімізді құтқарған адамға өмір бақи риза болсақ, онда күнә мен өлімнің құрсауынан біржола құтқарған Ехоба мен Исаға қаншалықты риза болуымыз керек десеңізші! (1, 2-абзацты қараңыз)


3. Неге әр адам төлемге деген ризашылығын әртүрлі білдіруі мүмкін?

3 Төлемге деген ризашылығымызды қалай білдірсек болады? Бұл сұраққа әр адам өз жағдайына байланысты әртүрлі жауап беруі мүмкін. Мысалы, Киелі кітапты зерттеп жүрген, шомылдыру рәсімінен өткен және қауымнан қол үзіп қалған адамдарды алайық. Олар өз жағдайына байланысты төлемге деген ризашылықтарын әртүрлі білдіре алады. Қалай екенін осы мақаладан көрейік.

КИЕЛІ КІТАПТЫ ЗЕРТТЕП ЖҮРГЕНДЕР

4. Киелі кітап зерттеушілері қай мағынада Ехобаның назарында?

4 Егер сіз Киелі кітапты зерттеп жүрсеңіз, мына жайт туралы ойланып көріңіз: сіздің ізгі хабарға құлақ асқан себебіңіз — Ехобаның өзі сізді өзіне жақындатып тартты (Жох. 6:44; Ел. іс. 13:48). Киелі кітапта айтылғандай, “адамның жүрегін Ехоба тексеріп сынайды”. Бұл деген сөз, сіз Ехобаның назарындасыз, ол сіздің жүрегіңізді көреді. Оны танып-білу үшін қаншалықты күш салып жүргеніңізді ол байқайды. Оның заң-талаптарына сай келу үшін қандай өзгерістер жасап жатқаныңызды да көріп, сол үшін қуанып отырады (Нақ. с. 17:3; 27:11). Ехобамен осындай тығыз қарым-қатынаста болғаныңыз тек төлемнің арқасы екенін ұмытпаңыз (Рим. 5:10, 11). Ешқашан бұны қалыпты санап, солай болу керек деп қабылдамаңыз.

5. Зерттеушілер елші Пауылдың кеңесіне қалай құлақ асса болады? (Філіпіліктерге 3:16)

5 Киелі кітап зерттеушілері төлемге деген ризашылықтарын қалай білдіре алады? Мұның бір жолын елші Пауыл айтып кеткен. Ол: “Неге қол жеткізсек, сол бағыттан ауытқымай өмір сүре берейік”,— деп жазған (Філіп. 3:16). Сіз Пауылдың осы кеңесіне құлақ асып, өмірге апаратын жолдан ауытқымай, тек алға баса беріңіз. Бұл жолда әлдененің не әлдекімнің сізге тосқауыл болуына жол бермеңіз (Мат. 7:14; Лұқа 9:62).

6. Зерттеушілерге не нәрсе қиынға соғуы мүмкін және ондай кезде олар не істесе болады? (Мұсаның 5-жазбасы 30:11—14) (Суретті де қараңыз.)

6 Киелі кітапты зерттеп жүргенде сізге қандай да бір ілімге сену қиын болатын шығар. Ондай кезде зерттеу сабағын тоқтатуға асықпаңыз. Сол ілім жайлы тағы да жан-жақты оқып көріңіз және сол ілімді түсінуге көмектесуін сұрап, Ехобаға дұға етіңіз (Зәб. 86:11). Бірақ содан кейін де сол ілімді қабылдау қиын болып жатса, бұл тақырыпты қоя тұрып, келесі тақырыптарды зерттей беріңіз. Ал егер Ехобаға ұнамайтын нәрселерден бас тарту қиынға соғып жатса, ондай кезде де еш берілмеңіз. Ехоба күнәкар пендеден қолынан келмейтін нәрсені ешқашан талап етпейді. Сондықтан Құдайдың заң-талаптарына сай өмір сүру қолыңыздан келеді (Мұсаның 5-жазбасы 30:11—14 оқыңыз). Оның үстіне, Ехобаның өзі сізге көмектесемін дейді (Ишая 41:10, 13; Қор. 1-х. 10:13). Олай болса, Ехобаға көбірек сенім артыңыз. Қолыңыздан келмей жатқан дүниелерді көп ойлай бермеңіз. Оның орнына, Ехобаның жасаған жақсылықтары, мысалы төлем, жайлы ойланыңыз. Осылайша сіздің Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз артады. Ал Құдайды сүйетін адамға оның өсиеттерін “орындау қиын емес” (Жох. 1-х. 5:3)a.

Бір ер адам “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 40-сабаған оқып отыр. Үстелде бір қорап темекісі және темекі қалдықтары салынған күлсауыт тұр.

Ехоба мүмкін емес нәрсені ешқашан талап етпейді. Заң-талаптарына сай өмір сүруге бізге өзі көмектеседі. (6-абзацты қараңыз)


7. Кішкентайынан шындықта өсіп жатқан балалар не жайлы ой жүгіртсе болады?

7 Кішкентайынан шындықта өсіп жатқан балалар да — Киелі кітап зерттеушілері. Балалар, сендер ата-аналарыңның өміріндегі ең қымбат зерттеушілерісіңдер. Киелі кітапта: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— делінген (Жақ. 4:8; Шеж. 1-ж. 28:9). Демек, сен Ехобаға жақындайтын болсаң, ол да саған жақындайды. Бірақ сен ата-анам Куәгер болғандықтан ғана Ехоба менімен дос болғысы келеді деп ойлама. Өйткені Ехоба әрбір адамды жеке-жеке өзіне жақындатып тартады. Ол сені де өзіне жақын тартып, сенімен дос болғысы келеді. Бірақ Ехобамен жеке дос бола алатының тек төлем құрбандығының арқасы. Сондықтан бұны қалыпты санап, солай болу керек деп қабылдама (Рим. 5:1, 2). Биыл Еске алу кешінің қарсаңында Иса сен үшін өмірін қиғаны жайлы ой жүгіртіп көрші. Түйген ойларың сені алдыңа мақсат қойып, соған ұмтылуға талпындырсын. Осылай сен Ехобаға төлем үшін ризашылығыңды білдіре аласыңb.

ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕНДЕР

8. Шомылдыру рәсімінен өткендер төлемді бағалайтындарын қалай көрсеткен?

8 Егер сіз шомылдыру рәсімінен өткен болсаңыз, онда төлемге деген ризашылығыңызды талай рет көрсетіп қойдыңыз. Мысалы, сіз Ехобамен дос болып, оның заң-талаптарына сай келу үшін, өмірде көп өзгеріс жасадыңыз. Исаның берген тапсырмасын орындап, өзгелерге ізгі хабарды айта бастадыңыз. Кейін өміріңізді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өттіңіз. Ехобаға қызмет еткеніңіз үшін талай қуғын-сүргінге де шыдаған боларсыз (Тім. 2-х. 3:12). Мұның бәрі Ехобаны жақсы көретініңізді және төлем құрбандығын бағалайтыныңызды көрсетеді (Евр. 12:2, 3).

9. Шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілер үшін қандай қауіп бар?

9 Бірақ шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілер үшін бір қауіп бар. Олар уақыт өте төлемнің қадірін ұмытып, бағаламай кетуі мүмкін. Бұған не себеп болып жатады? Бұны түсіну үшін бірінші ғасырдағы Эфес қауымын еске алайық. Бұл қауым көп жағдайда табандылық танытқан және Иса оларды сол үшін мақтады. Бірақ ол артынан: “Саған айтар наразылығым бар: сен алғашқы сүйіспеншілігіңді жоғалтып алдың”,— деді (Аян 2:3, 4). Исаның сөздерінен көретініміздей, мәсіхшінің ғибадаты бірте-бірте жай ғана әдетке айналып кетуі мүмкін. Ондай адам дұға етіп, қауымға барып, қызметке шығып жүре береді. Бірақ ол мұны сүйіспеншіліктің қозғауымен емес, істеу керек деп істейді. Егер сіз Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіздің бұрынғыдай емес екенін байқасаңыз, не істесеңіз болады?

10. Пауылдың Тімөтеге берген кеңесіне сіз қалай құлақ ассаңыз болады? (Тімөтеге 1-хат 4:13, 15)

10 Елші Пауыл Тімөтені Құдайға деген ғибадаты жайлы ой жүгіртіп тұруға және қызметін зейін қойып атқаруға талпындырған (Тімөтеге 1-хат 4:13, 15 оқыңыз). Пауылдың кеңесіне құлақ асып, сіз де қызметіңізді бар жүрекпен атқару туралы ойланып көріңіз (Рим. 12:11). Мысалы, қауым кездесулерін бар зейінмен тыңдау қиынға соғып жүргенін байқасаңыз, тыңғылықты дайындалуға көбірек уақыт бөліп көрерсіз. Ал жеке зерттеуіңізді оңаша әрі тыныш жерде өткізсеңіз болады. Бұл сізге еш нәрсеге алаңдамай, жақсылап ой жүгіртуге мүмкіндік береді. Осылай сіз жеке зерттеудің көбірек пайдасын көресіз. Отын салып отырғанда от жалындай түсетіні сияқты, бұл істер сізге Ехобаның бар жақсылығына, соның ішінде төлемге деген ризашылығыңызды жандандырып отырады. Сондай-ақ Еске алу кешінің алдындағы апталарда Ехоба куәгері болғанның арқасында басқа адамдарда жоқ қандай баталарға кенеліп жүрсіз — сол туралы ой жүгіртіңіз. Осылай етсеңіз, Ехобамен дос болуға жол ашқан төлемнің қадірін ұмытпай, қашанда бағалап жүресіз.

11, 12. Рухани істерді атқаруға кейде зауқыңыз соқпаса, бұл Ехоба сізді киелі рухынан айырды дегенді білдіре ме? Түсіндіріңіз. (Суретті де қараңыз.)

11 Кейде рухани істермен айналысуға аса ықыласыңыз болмаса, Ехоба мені киелі рухынан айырды деп ойламаңыз. Бұл орайда елші Пауылдың қорынттықтарға айтқан сөзін еске алсақ болады. Ол: “Өз еркіме қарсы істесем де, ол бәрібір жүктелген міндетім болып қала береді”,— деген (Қор. 1-х. 9:17).

12 Көргеніміздей, Пауылдың да уағыздауға аса ықыласы болмаған кездері болған. Бірақ ол бұған қарамады. Зауқы соқса да, соқпаса да қызметін тоқтамай атқара берді. Сіз де солай етіңіз. Көңіліңіз қанша қаламай тұрса да, рухани істерді атқара беріңіз. Ехобаға дұға етіп, “бойыңызда ықылас оятып, күш беруін” сұраңыз (Філіп. 2:13). Ең бастысы, тоқтамай әрекет ете берсеңіз, көп ұзамай-ақ ықыласыңыз қайта жанданады, Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз де бұрынғыдай жалындай түседі.

Қызметте жүрген екі әйел бауырластың бірі көңілсіз. Қолындағы коляскіде баласы жатыр. Ал екінші әйел бауырлас оны иығынан қағып, жігерлендіріп жатыр.

Зауқыңыз соқпаса да, рухани істерді атқара беріңіз (11, 12-абзацты қараңыз)


13. “Сенім жолындамыз ба, жоқ па” — оны қалай тексеріп тұрсақ болады?

13 Қорынттықтарға 2-хат 13:5-те: “Сенім жолындасыңдар ма, жоқ па — соны тексеріп тұрыңдар, әрі кім екендеріңе көз жеткізу үшін өздеріңді үнемі тексеріп отырыңдар”,— делінген. Осы сөздерге сай, біз өзімізді арагідік тексеріп тұруымыз керек. Бұл үшін былай деп ойлансақ болады: мен Құдай Патшалығын өмірімде бірінші орынға қойып жүрмін бе? (Мат. 6:33). Ойын-сауық түрін таңдағанда, жамандықты жек көретінімді көрсетемін бе? (Зәб. 97:10). Қауымның бірлігі мен татулығын нығайтып жүрмін бе, әлде әлсіретіп жүрмін бе? (Ефес. 4:2, 3). Ал Еске алу кеші кім үшін өмір сүріп жүргенімізді тексеріп алуға жақсы мүмкіндік. Әдетте Еске алу кешінің қарсаңында біз үшін өмірін қиған Исаның төлем құрбандығы жайлы көп ойланамыз. Осы уақытты пайдаланып, біз өзіміз үшін емес, Мәсіх үшін өмір сүріп жүргенімізге көз жеткізіп алсақ боладыc.

ҚАУЫМНАН ҚОЛ ҮЗІП ҚАЛҒАНДАР

14. Кейбір мәсіхшілердің қауымнан қол үзіп қалуына не себеп болып жатады?

14 Кейбір мәсіхшілер, тіпті Ехобаға ұзақ жыл қызмет еткен бауырластардың өзі, қауымға келмей кетіп, Құдайдың отарынан алыстап жатады. Бұған не себеп болуы мүмкін? Кейбір бауырластар “күнделікті тұрмыс уайымына” беріліп, Ехобаға қызмет етуге күштері қалмай қалады (Лұқа 21:34). Ал кейбірі қандай да бір бауырластың сөзіне не әрекетіне ренжіп, қауымға келмей қояды (Жақ. 3:2). Сондай-ақ қателік жасап қойып, көмек сұрауға ұялғаннан қауымға келмей кететіндер де бар. Осы не басқа себеппен сіз де қауымнан қол үзіп қалған болсаңыз, онда сіздің төлемге деген ризашылығыңызды білдіруге мүмкіндігіңіз бар. Мұны қалай істей аласыз, қазір соны көрейік.

15. Ехоба отарынан алыстап кеткен қойларына қалай қарайды? (Езекиел 34:11, 12, 16)

15 Ехоба отарынан алыстап кеткен қойларына қалай қарайтынын білесіз бе? Ехоба оларды ешқашан тастап кетпейді. Керісінше, оларды өзі іздеп тауып, қамқорлап, отарына қайтару үшін бәрін жасайды (Езекиел 34:11, 12, 16 оқыңыз). Ехоба сізге де солай қарайды. Осы мақаланы оқып отырғаныңыздың өзі Ехобаға жүрегіңіз бұрып тұрғанын көрсетеді. Кезінде жүрегіңізді көріп, сізді шындыққа алып келген Құдай мұны көрмейді дейсіз бе?! Әрине, көреді. Сондықтан ол сізді отарына қайтарғысы келеді!

16. Қауымнан қол үзіп қалған бауырластар Ехобаға қайта оралу үшін не істесе болады? (Суретті де қараңыз.)

16 “Ехобаға қайта орал” деген кітапшада жазылған мына сөздерге ден қойыңызшы: “Қайта оралғаныңызда, Ехобаның құшақ жая қарсы алатынына сенімді болыңыз. Ол сізге сарыуайымнан арылуға, жаралы сезіміңіздің сауығуына және ар-ұжданыңызды тазартып, жантыныштығын табуға көмектеседі. Сонда бауырластармен бірге Ехобаға қызмет етуге деген ықыласыңыз қайта жанданады”. Мынаны да ұмытпаңыз: ақсақалдар сізге қашанда көмектесуге дайын. Киелі кітапта айтылғандай, олар “желден қорғайтын сая, Жаңбырлы дауылдан бассауғалайтын пана” (Ишая 32:2). Сіздің төлем құрбандығын бағалайтыныңызға және сол үшін Ехобаға ризашылығыңызды білдіргіңіз келетініне еш күмәніміз жоқ. Сондықтан Ехобаға қайта оралу үшін не істесем болады деп ойланып көріңізші (Ишая 1:18; Пет. 1-х. 2:25). Мысалы, Патшалық сарайында өтетін қауым кездесуіне келе аласыз ба? Ақсақалдардың біріне жолығып, Ехобаға қайта оралуға көмектесуін сұрап көргіңіз келер ме еді? Олар қандай да бір бауырласты тағайындап, сізбен белгілі бір уақытқа дейін зерттеу сабағын өтуді ұсынуы мүмкін. Ехобаға дұға етіп, осы қадамдарды жасап көрсеңіз, Ехоба сізге міндетті түрде батасын береді.

Қолына Киелі кітап ұстаған ер кісі Патшалық сарайының маңында тұр. Ол бір-бірін жылы қарсы алып жатқан бауырластарға қарап тұр.

Ехобаға қайта оралу үшін не істесем болады деп ойланып көріңізші (16-абзацты қараңыз)


ТӨЛЕМГЕ ДЕГЕН РИЗАШЫЛЫҒЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ БІЛДІРЕСІЗ?

17, 18. Биыл Еске алу кешінің қарсаңында не туралы ой жүгіртсек болады?

17 Иса айтқандай, төлемге “сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жох. 3:16). Төлем берілгендіктен ғана Ехоба бізді күнә мен өлімнен арылтып, мәңгі өмір сыйлайды. Бұны ешқашан қалыпты санап, солай болу керек деп ойлап кетпейік (Рим. 3:23, 24; Қор. 2-х. 6:1). Еске алу кешінің қарсаңында Ехоба мен Исаның бізге танытқан зор сүйіспеншілігі жайлы ой жүгіртейік. Бұл бізді олардың сүйіспеншілігіне ризашылық білдіруге талпындыратын болады.

18 Сонымен, төлемге деген ризашылығыңыз сізді не істеуге талпындырды? Мақаланың басында айтқанымыздай, әр адам өз жағдайына байланысты төлемге деген ризашылығын әртүрлі білдіре алады. Бірақ бәріміз мынаған сенімді бола аламыз: “енді өздері үшін емес, өздерінің игілігі үшін өлген... Мәсіх үшін өмір сүріп” жүргендерге Ехоба міндетті түрде батасын береді (Қор. 2-х. 5:15).

... ТӨЛЕМГЕ ДЕГЕН РИЗАШЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛАЙ БІЛДІРЕ АЛАДЫ?

  • Киелі кітапты зерттеп жүргендер

  • Шомылдыру рәсімінен өткендер

  • Қауымнан қол үзіп қалғандар

14-ӘН Жердің жаңа Патшасын даңқтайық!

a Киелі кітаптан білгендеріңізді өмірде қолдану үшін, “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабындағы әр сабақтың соңында болатын “Мақсат” деген қоршаудың көмегімен мақсаттар қойып, соларға жетуді үйреніңіз.

b Қандай мақсаттар қоюға болатынын білу үшін, “Жастар, “құтқарылуға ұмтыла беріңдер” деген мақаланы оқып көрсең болады (“Күзет мұнарасы”, 2017 жыл, желтоқсан).

c Ехобаның жасаған жақсылығын бағаламай кетпес үшін не істеу керектігін “Құдайға қызмет етуге сізді не талпындырады?” (ор.) деген мақаладан оқып көріңіз (“Күзет мұнарасы”, 1995 жыл, 15 маусым).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу