Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 қаңтар 14—19 бет.
  • Біз төлемге зәруміз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Біз төлемге зәруміз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ТӨЛЕМНІҢ АРҚАСЫНДА КҮНӘЛАРЫМЫЗ КЕШІРІЛЕДІ
  • ТӨЛЕМНІҢ АРҚАСЫНДА ҮМІТІМІЗ БАР
  • ТӨЛЕМНІҢ АРҚАСЫНДА ҚҰДАЙМЕН ТАТУМЫЗ
  • ТӨЛЕМ — ЕХОБАНЫҢ МЕЙІРІМДІЛІГІНІҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ
  • Төлем Ехоба мен Иса жайлы нені айқын етеді?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Төлемге деген ризашылығыңызды сіз қалай білдіресіз?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Ехобаның сүйіспеншілігі бізді мол игілікке жеткізді
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Ехобаның кешіріміне шексіз ризамыз!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 қаңтар 14—19 бет.

16—22 НАУРЫЗ, 2026

20-ӘН Сен Ұлыңды қидың

Біз төлемге зәруміз

“Өлімге жетелейтін осы тәнімнен мені кім құтқарады?” (РИМ. 7:24).

НЕГІЗГІ ОЙ

Төлемнің арқасында күнәларымыз кешіріледі, үмітіміз пайда болды және Құдаймен татумыз.

1, 2. Неге адамзат көмекке зәру? (Римдіктерге 7:22—24) (Суретті де қараңыз.)

ЕЛЕСТЕТІП көріңіз: үйіңіз жермен-жексен болып қирап, сіз үйіндінің астында қалдыңыз делік. Тірі қалған күнде де, үйіндінің астынан өздігіңізден шыға алмайсыз. Қолыңыздан бар келері — біреу-міреу келіп құтқарар деген үмітпен жан даусыңызбен айғайлап, көмек сұрау ғана.

2 Біз де тура осындай жағдайдамыз. Алғашқы адам Құдайға қарсы шыққанда, күнәкарға айналды. Кейін оның күнәкарлығы ұрпағына да өтті. Осылайша барша адамзат күнәнің құрсауына түсті, басқаша айтқанда, қираған үйіндінің астында қалды. Біз бұл үйіндінің астынан өздігімізден ешқашан да шыға алмаймыз. Бұл күйімізді елші Пауыл Римдіктерге арналған хатында жақсы сипаттаған (Римдіктерге 7:22—24 оқыңыз). “Өлімге жетелейтін осы тәнімнен мені кім құтқарады?” деген сөздерінен Пауылдың жанайқайын байқаймыз. Пауыл айтқандай, күнә адамды өлімге жетелейді (Рим. 6:23). Бұл деген сөз, біреу келіп құтқармаса, адамзат құрдымға кетеді!

Жарақат алған бір ер адам қираған үйіндінің астында жатыр. Ол қолын созып көмек сұрап жатыр.

Қираған үйіндінің астында қалған адам көмекке зәру болатынындай, біз де күнәнің құрсауынан босау үшін көмекке зәруміз (1, 2-абзацты қараңыз)


3. Төлем құрбандығы бізді қай мағынада құтқарды?

3 Пауыл “Өлімге жетелейтін осы тәнімнен мені кім құтқарады?” деп қаншалықты шарасыз екенімізді айтқаннан кейін, ол үміт отын жағатын мынадай сөздер айтқан: “Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет!” (Рим. 7:25). Бұл жерде Пауыл төлем құрбандығыa жайлы айтқан. Иә, Исаның төлем құрбандығы бізді құтқарды! Төлемнің арқасында 1) күнәларымыз кешіріледі, 2) үмітіміз пайда болды және 3) Құдаймен татумыз. Қазір осы үш жайтқа ерекше тоқталайық. Осылай “үмітіміздің бастауы” — Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз артады (Рим. 15:13). “Төлемі арқылы азат еткен” Исаға да ризашылығымыз арта түседі (Қол. 1:14).

ТӨЛЕМНІҢ АРҚАСЫНДА КҮНӘЛАРЫМЫЗ КЕШІРІЛЕДІ

4, 5. Неге әрбір адам төлемге мұқтаж? (Уағыздаушы 7:20)

4 Күнәларымыз кешірілу үшін біз төлемге мұқтажбыз. Жер басып жүрген әрбір адам бірде болмаса бірде күнә жасайды (Уағыздаушы 7:20 оқыңыз). Күнәлардың кейбірі ауыр болып келеді. Мысалы, Мұса Заңы бойынша азғындық жасаған не кісі өлтірген адам өлімге кесілетін болған (Мұс. 3-ж. 20:10; Мұс. 4-ж. 35:30, 31). Әрине, көбіміз соншалықты ауыр күнәлар жасамайтын шығармыз. Бірақ қандай болмасын, күнәнің аты — күнә. Кезінде зәбүр жыршысы Дәуіт: “Тіліммен күнә жасамау үшін, Аяғымды аңдап басатын боламын”,— деген (Зәб. 39:1). Бұдан көретініміздей, біз сөйлеп отырып-ақ күнә жасай береміз (Жақ. 3:2).

5 Мысалы, сіздің бірдеңе айтып алып, бекер айттым деп қалған кезіңіз болған ба? Я болмаса істерін істеп алып, артынан бармақ тістеп қалған кезіңіз ше? “Менімен бұндай жағдай болмаған” деп бірде-бір адам айта алмайды. Киелі кітапта: “Егер күнәсізбіз десек, өз-өзімізді алдағанымыз және бізде шындықтың болмағаны”,— делінген (Жох. 1-х. 1:8).

6, 7. Күнәларымызды кешіруге заңды негіз болу үшін Ехоба не істеді? (Суретті де қараңыз.)

6 Ехоба әділ болғандықтан, оған күнәларды кешіруге заңды негіз керек еді. Сондықтан ол күнәларымызды кешіруге негіз болсын деп төлем құрбандығын берді (Ефес. 1:7). Бірақ бұл енді Ехоба күнәға бейжай қарайды, күнә жасаймыз ба, жоқ па — оған бәрібір дегенді білдірмейді. Өйткені Ехоба күнә атаулыға мүлдем төзбейді (Ишая 59:2).

7 Мұса Заңы талап еткендіктен, исраилдіктер күнәлары өтелу үшін құрбандыққа мал шалған (Мұс. 3-ж. 4:27—31; 17:11). Бұл құрбандықтар құны әлдеқайда жоғары құрбандықтың, яғни Исаның төлем құрбандығының көрінісі болған. Исаның төлем құрбандығы Ехобаның күнәларды кешіруіне заңды негіз берді. Бұл құрбандықтың құны қаншалықты жоғары болғанын Пауылдың қорынттықтарға жазған хатынан көруге болады. Ол Қорынттағы мәсіхшілердің бұрынғы ұятты қылықтарын тізіп шыққаннан кейін, былай деген: “[Сендер] тазардыңдар, қасиетті болдыңдар, әрі Иеміз Иса Мәсіхтің атымен және Құдайымыздың рухымен әділ деп жарияландыңдар” (Қор. 1-х. 6:9—11).

Исраилдік отбасы әкелген қойларын ғибадатханада діни қызметкерге беріп жатыр.

Құрбандыққа шалынған мал құны әлдеқайда жоғары құрбандықтың, яғни Исаның төлем құрбандығының көрінісі еді (6, 7-абзацты қараңыз)


8. Биыл Еске алу кешінің қарсаңында не жайлы ой жүгіртсеңіз болады?

8 Биыл Еске алу кешінің қарсаңында арнайы уақыт бөліп, Ехобаның кешірімі жайлы ой жүгіртіп көріңіз. Мысалы, төлем беріліп қойғандықтан, сізге бұрын жасаған қателігіңізді ойлап, өзіңізді жазғыра берудің еш қажеті жоқ. Бірақ кейде “Ехоба мені кешірсе де, өз-өзімді кешіре алмаймын” деген ой келе ме? Солай болса, мынаны естен шығармаңыз: біреуді кешіру-кешірмеу тек Ехобаның құзырында. Сондай-ақ ол сот жүргізуге билікті Исаға берген. Бұл деген сөз, Ехобаның кешіріміне кім ие болатынын шешетін сіз емес. Ехоба бұндай билікті ешбір адам баласына бермеген. Киелі кітапта: “Егер Құдайдың өзі сияқты нұрда жүрсек,.. оның Ұлы Исаның қаны бізді барлық күнәдан тазартады”,— делінген (Жох. 1-х. 1:6, 7). Киелі кітаптағы басқа ілімдерге қалай сенсек, осы сөздерге де тура солай сенуіміз керек. Төлем заңды негіз беретіндіктен, Ехоба күнәларыңызды кешіретініне еш күмәніңіз болмасын. Оның үстіне, Киелі кітапта Ехоба күнәларды “кешіруге дайын” Құдай екені айтылған (Зәб. 86:5).

ТӨЛЕМНІҢ АРҚАСЫНДА ҮМІТІМІЗ БАР

9. Киелі кітаптағы “күнә” деген сөз нені білдіреді? (Зәбүр 51:5)

9 Киелі кітаптағы “күнә” деген сөз күнә жасауды ғана емес, күнәкарлықты да білдіреді. Адам “ана құрсағына біткен сәттен-ақ күнәкар” болады (Зәбүр 51:5 оқыңыз). Күнәкарлығы адамды жаман істерге итермелеп қана қоймайды, ол адамды бірте-бірте қалжыратып, ауруға, қарттыққа, түбінде өлімге душар етеді. Дүние есігін енді ашқан сәбидің ешқандай күнә жасамаса да ауырып қалатыны, кейде тіпті қайтыс болатыны, міне, осы күнәкарлықтан. Жақсы бол, жаман бол, әрбір адам қасірет шегіп, ақырында өлім құшады. Күнәкарлық Адам атаның күллі ұрпағына берілгендіктен, бәріміз осындай мүшкіл халдеміз.

10. Адам ата мен Хауа ана күнәкар адамға айналғанда не күй кешті?

10 Кемелді болған Адам ата мен Хауа ана күнәкар адамға айналғанда не күй кешкенін елестетіп көрейікші. Олар Құдайға қарсы шығып, “жүректерінде жазулы” заңды бұзған сәтте іштей біртүрлі болып қалғандары анық (Рим. 2:15). Бұл жағымсыз күй оларға таңсық болса керек. Содан олар жалаңаш денелерін жауып, тура бір қылмыскер секілді жасырынып қалды (Мұс. 1-ж. 3:7, 8). Осы кезде олар өмірлерінде бірінші рет өздерін кінәлі, беймаза, ұятты сезінді. Іштегі бұл күйден олар өле-өлгенше құтылған жоқ (Мұс. 1-ж. 3:16—19).

11. Біз күнәкарлықтың қандай салдарын тартып жатырмыз?

11 Адам ата мен Хауа ана сияқты біз де күнәкарлықтың салдарын тартып жатырмыз. Жанымызды азапқа салатын жағымсыз сезімдер, тәнімізді азаптайтын ауру-сырқаттар — бұның бәрінің түпкі себебі күнәкарлық. Жағдайымызды оңалтуға қанша тырысып бақсақ та, қолымыздан ештеңе келер емес. Бұның себебі неде? Киелі кітапта “жаратылыстың бос әурешілікке... бағынғаны” айтылған (Рим. 8:20). Жекелеген адамдар ғана емес, бүкіл адамзат бос әурешілікке салынған. Мысалы, адамдар қоршаған ортаны қорғауға, қылмыспен күресуге, кедейлікті тоқтатуға, жержүзінде бейбітшілік орнатуға қанша уақыттан бері күш салып келеді. Бірақ, көріп жүргеніміздей, бұның бәрі бос тірлік. Олар қанша тырысса да, бұл мәселелердің түйіні шешіліп жатқан жоқ. Қуанышқа орай, біз шарасыз күйде емеспіз, төлемнің арқасында бізде үміт бар.

12. Төлемнің арқасында қандай үмітіміз бар?

12 Төлемнің арқасында “жаратылыстың күнә мен өлімнің құлдығынан босауға... үміті бар” (Рим. 8:21). Құдай уәде еткен жаңа дүниеде біз төлемнің толықтай игілігін көретін боламыз. Сонда ауру-сырқау дегенді білмей, он екі мүшеміз сау болады, жан дүниеміз құлазып, күйзеліске де түспейміз. Өзімізді кінәлі, беймаза, ұятты сезінудің не екенін ұмытамыз. Сондай-ақ бос әурешілік деген болмайды, қолға алған әрбір ісіміз тек өрге домалайды. Біз үшін төлем берген Иса Мәсіх, “Тыныштық бекзадасы”, билік еткен уақытта адамзат бұрын шеше алмай келген мәселелердің түйіні біржола шешіліп, бүкіл жер бетінде мамыражай тыныштық орнайды (Ишая 9:6, 7).

13. Биыл Еске алу кешінің қарсаңында тағы не жайлы ой жүгіртсеңіз болады?

13 Биыл Еске алу кешінің қарсаңында күнәкарлықтан азат болғанда өміріңіз қандай болатыны жайлы ой жүгіртіңіз. Ойлап көріңізші, күнде таңертең еш жерің ауырмай, ештеңені уайымдамай ояну бір бақыт емес пе?! “Ертең не болар екен, аш қалмаймын ба, тірі жүрем бе, жақындарым аман-есен бола ма” деген уайым мен қорқыныш ешқашан тынышыңызды ұрламайды. Мынаны да ойлаңызшы, үмітіңіздің арқасында сіз қазірдің өзінде көп адамда жоқ жантыныштығына кенеліп жүрсіз. “Жаныңыздың зәкірі іспетті болған бұл үміт сенімді әрі берік” (Евр. 6:18, 19). Зәкір кемені дауылдарда ұстап тұратынындай, үміт те сеніміңізді шайқалтпай, сізге қиын шақтарда нық тұруға көмектеседі. Сондай-ақ сіз үмітіңіздің ақталатынын білесіз. Өйткені Ехоба “өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сенесіз” (Евр. 11:6). Төлем болмағанда тыныштық жоқ дүниеде жантыныштығына кенелу, жарқын болашаққа үміттену мүмкін болмас еді!

ТӨЛЕМНІҢ АРҚАСЫНДА ҚҰДАЙМЕН ТАТУМЫЗ

14. Күнә Құдаймен қарым-қатынасымызға қалай әсер етті және неге?

14 Адам ата мен Хауа ана күнә жасаған сәттен бастап адамзат Құдайдан ажырап, одан алшақтап кетті. Киелі кітапта айтылғандай, осылай олар Құдайдың жауына айналды (Рим. 8:7, 8; Қол. 1:21). Бұлай болған себебі — Ехоба барлық жағынан кемелді әрі мінсіз. Сондықтан күнә атаулы оған мүлдем жат. Киелі кітапта Ехоба жайлы мынадай сөздер бар: “Сенің көзің тым таза, сондықтан озбырлыққа қарап тұра алмайсың, Зұлымдыққа жаның төзбейді” (Абқ. 1:13). Күнәнің кесірінен Құдай мен адамдар арасында түпсіз терең шыңырау пайда болды. Сондықтан көпір болмаса ешбір адам Құдайға жақындап, онымен дос бола алмайды. Қуанышымызға орай, Исаның төлем құрбандығы көпір іспетті болып, Құдаймен татуласуға жол ашты.

15. Иса қай мағынада бізді Құдаймен татуластыратын құрбандық болды?

15 Киелі кітапта Иса “бізді Құдаймен татуластыратын құрбандық” екені айтылған (Жох. 1-х. 2:2). Иса қай мағынада бізді Құдаймен татуластыратын құрбандық болды? Төлем Ехобаға өз әділдігінен аттамай, күнәкар адамдармен татуласуға заңды негіз берді. Соның арқасында адамдар Құдаймен қайтадан дос бола алады (Рим. 3:23—26). Ехоба тіпті Исаға дейін өмір сүрген адал қызметшілерін болашақта берілетін төлемнің негізінде “әділ деп санады” (Мұс. 1-ж. 15:1, 6). Өйткені ол Исаның өз өмірін төлем ретінде беретініне сенімді болды (Ишая 46:10). Бүгінде біздің Құдаймен тату болғанымыз тек төлемнің арқасы!

16. Биыл Еске алу кешінің қарсаңында тағы не туралы ой жүгіртсеңіз болады? (Суретті де қараңыз.)

16 Биыл Еске алу кешінің қарсаңында Құдаймен татулығыңыз туралы да ой жүгіртіңіз. Иса айтқандай, сіз Ехобаны “Әке” деп атайтын шығарсыз (Мат. 6:9). Кейде тіпті оны “Досым” деп атарсыз. Біз Ехобаны “Әкеміз”, “Досымыз” деп атағанда, мұны асқан құрметпен, асқан кішіпейілділікпен айтуымыз керек. Қанша дегенмен біз күнәкармыз. Ехобамен дос болып жүргенім жақсы қасиеттерімнің я атқарып жатқан еңбегімнің арқасында деп ешқашан ойламайық. Төлем болмағанда, біз Ехобамен дос болмақ түгілі, оған бір елі де жақындай алмас едік. Ұмытпайық, Ехоба бізді өзімен “[Исаның] азап бағанасында төгілген қаны арқылы” татуластырды (Қол. 1:19, 20). Осындай жоғары құнның арқасында біз күнәкар болсақ та Құдаймен тату-тәтті қарым-қатынастамыз.

Рим сарбаздары Исаны азап бағанасына шегелейін деп жатыр. Екі сарбаз Исаны екі қолынан ұстап тұр, үшіншісінің қолында балға мен шеге бар.

Исаның өлімі арқылы ғана адамдардың Құдаймен татуласуына жол ашылды (16-абзацты қараңыз)


ТӨЛЕМ — ЕХОБАНЫҢ МЕЙІРІМДІЛІГІНІҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ

17. Төлем Ехобаның “аса мейірімді Құдай” екенін қалай паш етеді? (Ефестіктерге 2:4, 5)

17 Төлем Ехобаның “аса мейірімді Құдай” екенін паш етеді. Ол “күнәларымыздың кесірінен өлі болған біздерді тірілтті” (Ефестіктерге 2:4, 5 оқыңыз). Қираған үйіндінің астынан көмекке шақырып жатқан адам сияқты, бүгінде “мәңгі өмірге ыңғай танытқан” кішіпейіл жандар өздерінің шарасыз күйде екендерін түсініп, көмек іздеуде (Ел. іс. 13:48). Ехоба көмекке шақырып жатқан сол адамдардың Патшалық жайлы ізгі хабарды естуіне жағдай жасап жатыр. Соның арқасында олар Ехоба Құдай мен оның Ұлы Иса жайлы біле алады (Жох. 17:3). Кезінде алғашқы жұп күнә жасағанда, Шайтан Ехобаның ниетін орта жолдан тоқтаттым деп ойлаған болса, ол оңбай қателесті.

18. Төлем жайлы ой жүгірткенде нені есте ұстауымыз керек?

18 Төлем жайлы ой жүгірткенде оның бірінші кезекте не үшін берілгенін есте ұстауымыз керек. Төлем бізді құтқару үшін ғана берілді деп қарастырмағанымыз жөн. Ехоба төлемді берген басты себебі Шайтанның Едем бағында көтерген даулы сұрағын шешу екенін ұмытпайық (Мұс. 1-ж. 3:1—5, 15). Төлемнің арқасында Ехоба есімін бар жаладан тазартып, киелі етеді. Адамзатты өлім мен күнәдан құтқаруымен ол өзінің сүйіспеншілігі мол Құдай екенін паш етеді. Ал бізге, күнәкар пенделерге, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеуге мүмкіндік беріп жатқаны Ехобаның рақымын көрсетеді (Нақ. с. 27:11). Осындай баға жетпес төлем үшін Ехобаға қалай ризашылық білдірсек болады? Бұл жайлы келесі мақалада қарастырамыз.

ҚАЛАЙША ТӨЛЕМНІҢ АРҚАСЫНДА...

  • күнәларымыз кешіріледі?

  • үмітіміз бар?

  • Құдаймен татумыз?

19-ӘН Иеміздің кешкі асы

a СӨЗ МӘНІ: Төлем — біреуді құлдықтан не тұтқыннан босату үшін төленетін құн. Исаның төлем құрбандығы мойынсұнғыш адамдарды күнә мен өлімнің құлдығынан азат етеді.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу