30 НАУРЫЗ—5 СӘУІР, 2026
76-ӘН Мадақтау құрбандығын ұсынамыз
Шындықты шырайын келтіріп айтыңыз
“Шындықтың Құдайы Ехоба” (ЗӘБ. 31:5 СІЛТ.).
НЕГІЗГІ ОЙ
Бұл мақалада шындықты қалай айтуымыз керектігін талқылаймыз.
1. Ехоба Құдаймен дос болғысы келетін адам не істеу керек?
ӘДЕТТЕ Ехоба куәгерлері бір-бірімен танысқанда, “Шындыққа қалай келдің?” деп сұрап жатады. Біреулері “кішкентайымнан шындықта өстім” деп жауап берсе, біреулері “пәленінші жылы шындыққа келдім” деп жатады. Бұндай жауаптар Киелі кітаптағы шындық өмірімізге түбегейлі ықпал еткенін көрсетеді. Шындықты өмір жолы етіп таңдаған себебіміз — біз Ехоба Құдаймен дос болғымыз келді. Ал Ехобамен дос болғысы келетін адам міндетті түрде шындықты сүйіп, соған сай өмір сүру керек. Мұның бір жолы — әрқашан шындықты айтып, адал әрекет ету (Зәб. 15:1—3).
2. а) Жұрт Исаны қандай адам деп білген? ә) Исаның айтқан хабары адамдарға қалай әсер етпек еді?
2 Иса әрқашан шындықты айтқан. Тіпті оның айтып жүрген хабарын жақтырмаған қастастарының өзі оны шыншыл адам деп білген (Мат. 22:16). Иса шындықты адамдар әртүрлі қабылдайтынын көрсету үшін шәкірттеріне: “Мен ұлын әкесінен, қызын шешесінен, ал келінін енесінен ажыратуға келдім”,— деген (Мат. 10:35). Ол ізгі хабарды естіген адамдар шындықты сүйетіндер мен сүймейтіндер болып екі топқа бөлініп кететінін жақсы білген (Сал. 2-х. 2:9—11). Сондықтан жаны қанша қалап тұрса да, ол адамдардың бәрі ізгі хабарға құлақ асады деп ешқашан күтпеген (Мат. 23:37).
3. Бұл мақалада не туралы қарастырамыз?
3 Адамдар жақтырсын-жақтырмасын, Иса сияқты біз де тек шындықты айтамыз, өтірік дегенге жоламаймыз. Сондай-ақ біз адамдарға Киелі кітаптағы шындықты айтамыз. Өкінішке қарай, бұл шындықты да естігісі келетіндер кемде-кем. Алайда біз айту керек екен деп, шындықты шырылдатып айтудан аулақпыз. Бұл мақалада біз шындықты қандай ниетпен, қалай және қашан айтуымыз керектігін талқылап, шындықты шырайын келтіріп айтуды үйренеміз. Бірақ алдымен шындықты қайдан іздеуіміз керек деген маңызды сұрақтың жауабын алайық.
ШЫНДЫҚТЫ ҚАЙДАН ІЗДЕУІМІЗ КЕРЕК?
4. Неге Ехоба шындықтың қайнары деп айта аламыз?
4 Ехоба — шындықтың қайнары. Оның айтқан сөзінің бәрі — шындық! Мысалы, оның дұрыс пен бұрысқа қатысты орнатқан заң-талаптары шынайы (Зәб. 19:9; 119:142, 151). Болашақты айтқанда да еш жаңылмайды, айтқандарының бәрі тура орындалады (Ишая 55:10, 11). Берген сертінен де ешқашан таймайды (Мұс. 4-ж. 23:19). Себебі Ехобаның “өтірік айтуы мүмкін емес” (Евр. 6:18). Ехобаның “Шындықтың Құдайы” деп аталғаны неткен орынды! (Зәб. 31:5 сілт.).
5. “Шындықтың Құдайын” іздеп-табу неге қиын емес? Түсіндіріңіз. (Елшілердің істері 17:27)
5 Кейбір адамдар Құдай жоқ, бар болған күннің өзінде оған жақындау мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ шындығында бұл олай емес. Мысалы, бізді қоршаған табиғат әлемі Құдайдың бар екенін сөзсіз дәлелдейді емес пе?! (Рим. 1:20). Елші Пауылдың грек ойшылдарына айтқанындай, Құдай адамдардың оны іздеп-тауып алғанын қалайды және “ол әрқайсысымыздан алыс емес” (Елшілердің істері 17:27 оқыңыз). Оның үстіне, шындықты іздеп жүрген кішіпейіл жандарды Ехоба өзі жақындатып тартады (Жох. 6:44).
6. Киелі кітапта қандай шындықтар жазылған және сол шындықтарды сіз не үшін бағалайсыз?
6 “Шындықтың Құдайын” іздеп-табудың тағы бір жолы — Киелі кітапты оқып-зерттеу. Бұл кітапты адамдар Құдайдың рухының жетелеуімен жазған (Пет. 2-х. 1:20, 21). Бұл деген сөз — Киелі кітаптың әрбір сөзі шындық әрі ол сенім артуға тұрарлық. Мысалы, Киелі кітапта тіршілік атаулы қалай пайда болғаны айтылған (Мұс. 1-ж. 1:1, 26). Бүкіл адамзаттың не үшін күнәкар екені және неге олар қайғы-қасірет пен өлімнен көз ашпайтыны да баяндалған (Рим. 5:12; 6:23). Болашақта Құдайдың Ұлы Иса “өтіріктің әкесі” Шайтанның бүкіл адамзатқа тартқызған зардабын тоқтататыны да нақты айтылған (Жох. 8:44; Рим. 16:20). Бұл ғана емес, Исаның зұлымдарды жоятыны, өмірден өткен адамдарды қайта тірілтетіні, бүкіл жер бетін жұмаққа айналдыратыны, күнәкар адамзатты кемелділікке жеткізетіні де Киелі кітапта тайға таңба басқандай анық мазмұндалған (Жох. 11:25, 26; Жох. 1-х. 3:8). Бұның бәрі — кәміл сенуге тұратын бұлтартпас шындықтар. Ехобаның бізге осындай асыл шындықтарды бүкпей ашқаны және сол шындықтарды өзгелерге айтуды тапсырғаны зор мәртебе емес пе?! (Мат. 28:19, 20).
ШЫНДЫҚТЫ ҚАНДАЙ НИЕТПЕН АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК?
7, 8. Шындықты қандай ниетпен айтатынымызға мән беру неге маңызды? Түсіндіріңіз. (Марқа 3:11, 12) (Суреттерді де қараңыз.)
7 Мақаланың басында айтқанымыздай, Ехобаның досы болғымыз келсе, біз тек шындықты айтуымыз керек. Бірақ біздің шындықты айтқанымыз ғана емес, шындықты қандай ниетпен айтатынымыз да Ехобаға маңызды. Мысалы, Исаның заманында болған бір жағдайды алайықшы (Марқа 3:11, 12 оқыңыз). Ол кезде Иса Ғалилея теңізінің маңында қалың жұртқа уағыздап жатқан еді. Сонда жұрт арасындағы бойын жын билеген адамдар Исаның алдына жығылып: “Сен Құдай Ұлысың!”— деп айғайлап жатты. Олардың айтқандары шындық болса да, Исаға бұл мүлдем ұнамады. Өйткені олар бұл шындықты арам пиғылмен айтып жатты. Олардың көздегені адамдардың сеніміне кіріп алып, кейін оларды Ехобадан алыстату еді. Иса олардың бұл арам пиғылын көріп тұрғандықтан, оларға өзі жайлы айтуға қатаң тыйым салды.
8 Осы жағдайдан анық көретініміздей, шындықты қандай ниетпен айтатынымызға Ехоба қатты мән береді. Олай болса, шындықты таза ниетпен айту, яғни өзімізге атақ-даңқ іздеу үшін емес, Ехобаны мадақтау үшін айту қаншалықты маңызды десеңізші! (Мат. 5:16; Елшілердің істері 14:12—15 салыстырыңыз).
Шындықты үйреткенде, зерттеушінің назарын кімге аударасыз? (7, 8-абзацты қараңыз)
9. Біз неден аулақ болуымыз керек және неге?
9 Біз қандай жағдайда шындықты өзімізге атақ-даңқ іздеу үшін айтуымыз мүмкін? Мысалы, мынадай жағдайды елестетіп көрейік. Қауымда жауапты ер бауырлас құпия мәліметті бізге сеніп айтады. Бірақ біз сол құпия мәліметті өзгелерге жайып салдық делік. Ертеңгі күні олар біз айтқан мәліметтің растығына көздері жеткенде, көп құпия мәлімет білетін сенімді адам екен деп бізге ерекше қарай бастауы мүмкін. Бұдан біздің адамдар алдында абыройымыз артатын шығар, бірақ Құдайдың алдында емес (Нақ. с. 11:13). Өйткені ол біздің құпия мәліметті ашқанымызды да, шындықты дұрыс емес ниетпен айтқанымызды да еш құптамайды.
ШЫНДЫҚТЫ ҚАЛАЙ АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК?
10. Сөзіміз “жағымды” болу керек деген нені білдіреді? (Қолостықтарға 4:6)
10 Қолостықтарға 4:6 және сілтемесін оқыңыз. Елші Пауыл Қолостағы мәсіхшілерге: “Сөздерің әрқашан жағымды... болсын”,— деп кеңес берген. Бұнымен ол не айтқысы келді? Бұл сөздердің түпнұсқа тілдегі мағынасына үңілсек, біз сөзіміздің пайдаға асатындай болуын ғана емес, мейіріммен әрі ізетпен айтылуын да ойлауымыз керек.
11, 12. Неге Киелі кітаптағы шындықты абайлап айтуымыз керек? Мысал келтіріңіз. (Суреттерді де қараңыз.)
11 Өзгелерге Киелі кітаптағы шындықты айтқанда, сөзіміздің жағымды болғаны маңызды. Білетініміздей, Киелі кітап өткір семсермен салыстырылады. Оның жан мен рухты айыратын, яғни жүректегі ой-ниетті аян ететін құдіреті бар (Евр. 4:12). Егер Киелі кітапты шебер қолдануды білмесек, адамның көңіліне тиіп кетуіміз, тіпті жанжал тұтатып жіберуіміз ғажап емес.
12 Мынадай жағдайды елестетіп көріңіз. Сіз қызметте Құдайға бар жүрегімен сеніп, күнде дұғасын айтып жүрген, жылда отбасымен арқа-жарқа болып Жаңа жыл тойлайтын адамды кездестіресіз. Сіз бірден Киелі кітапты ашып жіберіп, дұғаны олай емес, былай айту керек, Жаңа жыл жалған діннен шыққан деп дәлелдеуін дәлелдей аласыз (Ишая 44:14—20; Қор. 2-х. 6:14—17). Бірақ бірінші барғанда-ақ шындықты тарс еткізіп айтсаңыз, бұл Киелі кітапты шебер қолдандыңыз деп айтуға келер ме еді?!
Шындықты шырайын келтіріп айтудың шебері болыңыз (11, 12-абзацты қараңыз)a
13. Сөзіміз “тұздалған” болу керек деген нені білдіреді?
13 Сондай-ақ Пауыл сөзіміздің дәмді, яғни тұздалған болу керектігін айтқан. Бірақ бұл тұз қосып шындықтың дәмін өзгертуіміз керектігін, яғни адамдардың көңіліне тимес үшін шындықты жасырып я бұрмалап айтуымыз керектігін білдірмейді. Пауыл шындықты адамдарға дәмді қылып, яғни тартымды қылып айтуға талпындырғысы келген (Әйүп 12:11). Бірақ бұл оңай болмауы мүмкін. Кәдімгі тамақтың өзін алайықшы. Әдетте біз тамақтың тұзын көріп, өзімізге дәмді болып көрінсе, өзгелерге де дәмді болады деп ойлаймыз. Тура солай біз айтқан сөзіміз бәрінің құлағына жағып жатыр деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ негізінде бұл олай емес. Мысалы, бір өңірлерде барлық адамға, тіпті өзінен үлкен кісілерге ойын тіке айта салу қалыпты жайт саналады, бірақ басқа өңірлерде бұны тәрбиесіздік деп қабылдауы мүмкін. Сол себептен де Пауыл бізді “әркімге қалай жауап беру керектігін білуге” талпындырған. Олай болса, біз айтатын сөзімізді өзімізге дәмді болатындай емес, өзгелерге дәмді болатындай тұздап отыруымыз керек.
ШЫНДЫҚТЫ ҚАШАН АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК?
14. Иса шәкірттеріне бар білгенін үйретуге тырысқан ба? Түсіндіріңіз.
14 Исаның сөздері әрқашан жағымды болған. Ол ізбасарларын мейіріммен көп нәрсеге үйреткен (Мар. 6:34). Бірақ олардың білмейтіні әлі де көп еді. Иса бар білгенімді үйретіп қалайын демей, олардың мүмкіндігін ескерген. Ол кейбір шындықтарды түсіну оларға әлі ерте екенін жақсы түсінген. Сол үшін ол шәкірттеріне: “Сендерге айтарым әлі де көп, бірақ қазір оларды түсіне алмайсыңдар”,— деген (Жох. 16:12). Біз Исадан қандай үлгі алсақ болады?
15. Біз зерттеушімізге бар білетінімізді бір дегенде айта салуымыз керек пе? Түсіндіріңіз. (Нақыл сөздер 25:11) (Суретті де қараңыз.)
15 Исаның үлгісінен байқағанымыздай, біз шындықты біледі екенбіз деп, бар білетінімізді бір дегенде айта салмауымыз керек. Біз де Иса сияқты адамдардың жағдайын ескеруіміз қажет. Жоғарыда мысалға келтірілген ер кісіні еске алайықшы. Біз оны жыл сайын отбасымен арқа-жарқа болып Жаңа жыл тойлайды дегенбіз. Сіз оған Жаңа жылға бір-екі апта қалғанда келіп, онымен зерттеу сабағын бастадыңыз делік. Егер сіз “бұл мейрам жалған діннен шыққан, ол Құдайға ұнамайды, сондықтан бұл мейрамды мүлдем тойлауға болмайды” деп осы уақытта айтсаңыз, бұл шындық ол кісіге жағымды бола ма? Әрине, кейбір зерттеушілер Киелі кітаптан білгендерін бірден түсініп, бірден іске асырып жатады. Бірақ кейбір зерттеушілерге бұл үшін уақыт қажет. Егер біз шындықтарды зерттеушіміз дайын болғанда, яғни түсіне алатын кезінде айтсақ, ол рухани өсіп, алға басады (Нақыл сөздер 25:11 оқыңыз).
Шындықты қашан және қанша айту керектігін Исадан үйреніңіз (15-абзацты қараңыз)
16. Зерттеушіміз “шындық жолында жүрсін” десек, не істеуіміз керек?
16 Өзгелерге Ехоба туралы шындықты үйрету бізге көп қуаныш сыйлайды! Зерттеушіңіз “шындық жолында жүрсін” десеңіз, өзіңіз оған үлгі болыңыз (Жох. 3-х. 3, 4). Құдай Сөзінде жазылған уәделерге сенетініңіз әрбір шешіміңізден, әрбір әрекетіңізден көрініп тұрсын. Шындықты айтқанда, ниетіңіз таза болсын. Шындықты үйреткенде, сөзіңіз жағымды болсын. Шындықты мейіріммен, ізетпен және адам қабылдауға дайын болған уақытта айтыңыз. Сондай-ақ бар мадақты әрдайым Ехобаға жаудырыңыз. Осылай сіз Шындықтың Құдайына ғибадат етіп жүргеніңізді көрсетесіз.
160-ӘН “Ізгі хабар!”
a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бірінші суретте ер бауырлас отағасының шырша безендіріп жатқанын көріп, оған Жаңа жыл жалған діннен шыққаны жайлы мақала көрсетіп жатыр. Ал екінші суретте ер бауырлас үй иесіне жақсы әке болуға қатысты мақаланы көрсетіп жатыр. Бұл екі тәсілдің қайсысы тиімдірек деп ойлайсыз?