Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 желтоқсан 8—13 бет.
  • Кеңес бергенде Әйүп кітабы жол сілтер көмекшіңіз болсын

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Кеңес бергенде Әйүп кітабы жол сілтер көмекшіңіз болсын
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ҮШ ТАНЫСЫНЫҢ ӘЙҮПКЕ КЕҢЕС БЕРУІ
  • ЕЛИХУДІҢ ӘЙҮПКЕ КЕҢЕС БЕРУІ
  • ӘЙҮП КІТАБЫНЫҢ ПАЙДАСЫН КӨРЕ БЕРІҢІЗ
  • Әйүп кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Қиналған шағыңызда Әйүп кітабы демеу болсын
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Әйүптің төзімділігінен үйренейік
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Әйүп Ехобаның есімін қадір тұтқан
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 желтоқсан 8—13 бет.

49-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

44-ӘН Жаны күйзелгеннің дұғасы

Кеңес бергенде Әйүп кітабы жол сілтер көмекшіңіз болсын

“Ал енді, Әйүп, маған құлақ түріңіз” (ӘЙҮП 33:1).

НЕГІЗГІ ОЙ

Әйүп кітабынан кеңес беруге қатысты көп сабақ аламыз.

1, 2. Үш танысы мен Елихуге Әйүпті жұбату неге оңай болмады?

ШЫҒЫСТАҒЫ ең беделді, ең бақуатты Әйүптің бір сәтте түксіз қалғаны жайлы хабар шартарапқа өрт сияқты тез тарады. Бұл хабарды Әйүптің Елифаз, Билдад, Сопар деген үш танысы да естіп, Әйүптің көңілін сұрамақ болып жолға шықты. Бірақ олар Ұз жеріне келіп жеткенде, өз көздеріне өздері сенбеді. Олар Әйүптің күйі соншалықты мүшкіл деп ойламаса керек.

2 Әйүп не көрмеді? Ол ірі қарасынан, қой мен есектерінен айырылды. Қызметшілері мен он баласы бір күнде өлім құшты. Балалары қайтыс болған үй қирап, үйінді болып жатыр. Бұл аздай, Әйүптің денесінің сау жері жоқ, үсті-басын іріңді жара басқан. Осылай күлдің үстінде қайғырып отырған Әйүптің жанына үш танысы келді. Бірақ олар Әйүпті не деп жұбатарын білмей, жеті күн бойы үн-түнсіз отырды (Әйүп 2:12, 13). Оларға Елиху деген жас жігіт те келіп қосылды. Ешкім үндемеген соң, Әйүп өзі сөйлей бастады. Ол дүниеге келген күніне қарғыс айтып, өзіне өлім тіледі (Әйүп 3:1—3, 11). Шынында да, Әйүптің қасіреті ауыр еді. Сондықтан ол жұбанышқа аса мұқтаж болды. Бірақ осы үш кісі Әйүпке мұңдас болып, оны жұбата алар ма екен?

3. Бұл мақалада не талқылаймыз?

3 Сол үш кісі мен Елихудің не айтып, не істегендерін Ехоба Мұсаға жаздырған. Бір мән беретін жайт, Елифаз кейбір сөздерін зұлым рухтың итермелеуімен айтқан көрінеді. Ал Елиху Ехобаның рухының жетелеуімен сөйлеген (Әйүп 4:12—16; 33:24, 25). Сондықтан да Әйүп кітабы кеңес беруге келгенде сабақ алатын да, еліктейтін де тұстарға толы. Бұл мақалада алдымен үш танысы мен Елиху Әйүпке қандай кеңес бергенін және кеңесті қалай бергенін қарастырамыз. Сосын олардан исраилдіктер не үйренген болуы мүмкін, ал біз не үйренеміз — соны талқылаймыз.

ҮШ ТАНЫСЫНЫҢ ӘЙҮПКЕ КЕҢЕС БЕРУІ

4. Үш танысы Әйүпті жұбатты ма? (Суретті де қараңыз.)

4 Киелі кітапта үш танысы “Әйүптің көңілін сұрап, жұбату” үшін келгені айтылады (Әйүп 2:11). Бірақ олар Әйүпті түк те жұбатпады. Неге олай дейміз? Бұлай деуге кем дегенде үш себеп бар. Біріншіден, олар Әйүпті тыңдаған да, жағдайын түсінген де жоқ. Мысалы, олар ештеңені білмей жатып, Әйүпті Ехоба күнәлары үшін жазалап жатыр дедіa (Әйүп 4:7; 11:14). Екіншіден, олар ақылды бір нәрсе айтқандай көрінгенмен, Әйүпке келіп-кетер пайдасы жоқ бос сөздер айтты (Әйүп 13:12). Оның үстіне, олар Әйүптің көңіліне тиетін ащы сөздерді қарша жаудырды. Мысалы, Билдад екі рет Әйүпке “сен көп сөйлейсің” деді (Әйүп 8:2; 18:2). Ал Сопар “сен ақымақсың” дегендей болды (Әйүп 11:12). Үшіншіден, олар Әйүпке дауыс көтермесе де, оны жазғырып, ащы мысқылмен кемсітіп сөйледі (Әйүп 15:7—11). Оларға қарасаң, Әйүпті жұбатуға емес, жазғыруға келген бе деп қаласың.

Әйүптің үш танысының біреуі оған қатты-қатты сөйлеп жатыр, ал қалған екеуі қасында қарап отыр. Оның сөздері онсыз да қиналып отырған Әйүпке ауыр тиіп жатыр.

Біреуге кеңес бергенде әділсініп, соттап кетуден сақ болыңыз. Керісінше, адамға барынша көмектесуге тырысыңыз (4-абзацты қараңыз)


5. Елифаз, Билдад, Сопардың айтқан сөздері қандай теріс нәтиже әкелді?

5 Елифаз, Билдад, Сопар онсыз да әрең отырған Әйүпті жерден алып, жерге салып, жанын әбден қинады (Әйүп 19:2). Үш танысы кінәлаған сайын, Әйүп өзін ақтаймын деп шыр-пыр болды. Сондықтан да ағат сөйледі (Әйүп 6:3, 26). Бұл үш кісі Ехобаның ой қалпын танытпады және Әйүпке жандары ашымады. Осылай өздері аңдамай Шайтанның қолшоқпарына айналды (Әйүп 2:4, 6). Ал қазір осы оқиғадан кезінде исраилдіктер қандай сабақ алған болуы мүмкін, ал біз қандай сабақ аламыз — соны көрейік.

6. Исраил ақсақалдары Әйүптің үш танысынан қандай сабақ алған болуы мүмкін?

6 Әйүптің үш танысынан исраилдіктер қандай сабақ алған болуы мүмкін? Ехоба Исраил халқына заң бергеннен кейін халыққа төрелік етсін деп ақсақалдар тағайындады (Мұс. 5-ж. 1:15—18; 27:1). Сол ақсақалдар халыққа ақыл айтып не төрелік етпес бұрын, адамды мұқият тыңдап алу керек болатын (Шеж. 2-ж. 19:6). Мән-жайды толық білемін деп ойламай, сұрақтар қоюы қажет еді (Мұс. 5-ж. 19:18). Сонымен қатар олар төрелік сұрап келген адамға қатты сөйлемеу керек-тін. Себебі ақсақалдар қабақ шытса не шыдамсызданып кетсе, адам жасқанып, ой-сезімдерін ашық айта алмас еді (Мұс. 2-ж. 22:22—24). Исраил ақсақалдары Әйүптің оқиғасынан хабардар болған болса, Әйүптің үш танысынан көп сабақ алғаны сөзсіз.

7. Исраилде ақсақалдардан бөлек тағы кімдер кеңес бере алатын және олар Әйүптің оқиғасынан қандай сабақ алған болуы мүмкін? (Нақыл сөздер 27:9)

7 Тек ақсақалдар ғана емес, кез келген исраилдік — жас болсын, кәрі болсын, ер не әйел болсын — басқаларға ақыл-кеңес айта алатын. Мысалы, олар біреуге Ехобамен қарым-қатынасын жақсартуға қатысты кеңес беретін немесе бір нәрсені дұрыс істемесе, түзететін (Зәб. 141:5). Осылай кеңес беріп, бір-біріне көмектесу — нағыз достықтың белгісі (Нақыл сөздер 27:9 оқыңыз). Егер исраилдіктер Елифаз, Билдад, Сопар үшеуінің Әйүпке қалай ақыл айтқаны жайлы ойланған болса, біреуге кеңес бергенде не айтып, не істемеу керектігін анық түсінгендері шүбәсіз.

8. Өзгелерге кеңес бергенде неден аулақ болуымыз керек? (Суреттерді де қараңыз.)

8 Әйүптің үш танысынан біз қандай сабақ аламыз? Біз бауырластарымызға қиналған шақтарында көмектескіміз келеді. Бірақ бауырластарымызды жұбатқымыз келсе, Әйүптің үш танысы сияқты болмауымыз керек. Біріншіден, мән-жайды білмей жатып ақыл айтпағанымыз жөн. Екіншіден, Елифаз сияқты өз тәжірибемізге сүйенбей, кеңесімізді Құдай Сөзіне негіздеп беруіміз керек (Әйүп 4:8; 5:3, 27). Үшіншіден, адамға сүйектен өтетін сөздер айтудан аулақ болғанымыз дұрыс. Негізі, Әйүптің үш танысы шындыққа жанасатын сөздер де айтқан. Тіпті елші Пауыл өз хатында Елифаздың сөздерін келтірген (Әйүп 5:13 пен Қорынттықтарға 1-хат 3:19 салыстырыңыз). Бірақ олар Ехоба жайлы көп жалған нәрселер айтты, сондай-ақ сөздерімен Әйүптің көңіліне тиді. Сондықтан Ехоба оларға “сендер... шындықты айтпадыңдар” деп ашуланды (Әйүп 42:7, 8). Сіздің кеңесіңізден кейін адам Ехобаны мейірімсіз, ал өзін Ехобаға керексіз деп ойласа, онда Әйүптің үш танысының жолымен жүргеніңіз. Оларға ұқсағым келмейді десеңіз, Елихуден үлгі алыңыз. Олай болса, Елихудің үлгісіне назар аударайық.

Коллаж: Бір ер бауырлас ұнжырғасы түскен досына кеңес беріп жатыр. 1. Олар есік алдында сусын ішіп, сөйлесіп отыр. Ұнжырғасы түскен досы ішіндегісін ақтарып жатыр, ал ер бауырлас оны мұқият тыңдап отыр. 2. Ер бауырлас Киелі кітапты ашып жатыр. 3. Кейін ол досына мейіріммен кеңес беріп жатыр, ал досы оны ұйып тыңдап отыр.

Кеңес бергенде 1) адамның жағдайын толық түсініп алыңыз, 2) сөзіңізді Құдай Сөзіне негіздеңіз және 3) мейіріммен сөйлеңіз (8-абзацты қараңыз)


ЕЛИХУДІҢ ӘЙҮПКЕ КЕҢЕС БЕРУІ

9. Неге Әйүп әлі де жұбаныш пен түзетуге мұқтаж еді және Ехоба оған қалай көмектесті?

9 Әйүп пен үш танысы ұзақ уақыт сөз таластырды. Үш кісінің көп сөйлегені сонша — олардың айтқан сөздері Киелі кітаптың бақандай 28 тарауын алып жатыр. Бірақ олардың сөздері ашу-ызаға толы болды. Олардың бірде-бір сөзі Әйүптің жанына жұбаныш сыйламады. Сондықтан Әйүп әлі де жұбаныш пен түзетуге мұқтаж болды. Осы жағдайда Ехоба оған қалай көмектесті? Ол Елиху арқылы Әйүпті түзетіп, ақылын айтты. Бірақ Елиху неге осы уақытқа дейін үндемей отырды? “Мен жаспын, Ал сіздер көп жасадыңыздар. Сіздерді сыйлағандықтан тартыншақтадым”,— деді ол (Әйүп 32:6, 7). Елиху жастарға қарағанда үлкен кісілерде даналық та, тәжірибе де көп екенін білетін. Бірақ Әйүп пен үш танысының әңгімесін тыңдағаннан кейін ол үндемей тұра алмады. Ол: “Адамды дана ететін көп жасағандығы ғана емес, Ненің дұрыс екенін білетін де тек қариялар емес”,— деді (Әйүп 32:9). Ал енді Елиху әрі қарай не дер екен?

10. Елиху Әйүпті түзетпес бұрын не істеді? (Әйүп 33:6, 7)

10 Елиху Әйүп пен үш танысының айтқандарын естіп, қатты ашуланды. Бірақ Әйүпті түзетпес бұрын, ол ашуын басып алды (Әйүп 32:2—5). Соның арқасында үш танысы сияқты Әйүпке ауыр сөздер айтқан жоқ. Ол өзін Әйүптен әділ санамады, осылай өзінің нағыз дос екенін көрсетті. Ол Әйүпке: “Міне, Құдайдың алдында мен де өзіңіз сияқтымын”,— деді (Әйүп 33:6, 7 оқыңыз). Тағы бір мән беретін жайт, кеңес бермес бұрын Елиху Әйүптің сөздерін қайталап айтты, осылай оны мұқият тыңдағанын көрсетті (Әйүп 32:11; 33:8—11). Әйүппен сөйлесіп біткенше, ол осы қалпынан еш айнымады (Әйүп 34:5, 6, 9; 35:1—4).

11. Елиху Әйүпті қалай түзетті? (Әйүп 33:1)

11 Елиху Әйүпті түзеткенде, оның қадірін түсірмей, керісінше, құрмет көрсетті. Мысалы, үш танысы Әйүппен сөйлескенде бір де бір рет оның есімін атаған жоқ еді. Ал Елиху болса Әйүппен сөйлескенде оның атын атады (Әйүп 33:1 оқыңыз). Тағы бір көрсеткен құрметі — Елиху Әйүпке өз ойын айтуға мұрша берді. Сөйлегің келіп тұрса да, үндемей отырудың қаншалықты қиын екенін түсінгеннен болар, ол Әйүпті өзі сөзге тартты (Әйүп 32:4; 33:32). Сонымен қатар Елиху Әйүптің қай жерден қателескенін айтып түсіндірді және Ехобаның даналығына, күшіне, әділдігі мен айнымас сүйіспеншілігіне назар аударды (Әйүп 36:18, 21—26; 37:13, 23, 24). Әйүптің кейін Ехобаның кеңесіне құлақ асқаны, сірә, осы Елихудің жақсы кеңесінің арқасы болар (Әйүп 38:1—3). Ал қазір Елихуден исраилдіктер не үйренген болуы мүмкін, ал біз не үйренеміз — соны қарастырайық.

12. Ехоба өз халқына пайғамбарлары арқылы қалай көмектескен және исраилдіктер Елихуден қандай үлгі алған болуы мүмкін?

12 Исраилдіктер Елихуден қандай үлгі алған болуы мүмкін? Ехоба өз халқына тәлім беру үшін және оларды түзету үшін пайғамбарларын жіберіп отырған. Мысалы, билердің заманында Ехоба Дебора пайғамбар арқылы Исраил халқына бағыт-бағдар берген. Самуил пайғамбар да жастайынан халыққа Ехобаның хабарын жеткізіп жүрген (Би. 4:4—7; 5:7; Сам. 1-ж. 3:19, 20). Халықты патшалар билеген кезде де Ехоба пайғамбарларын бірінен соң бірін жіберіп, халыққа дұрыс ғибадат етуді үйретіп отырған. Ал жұрт мойынсұнбаған кезде, Ехоба пайғамбарлары арқылы оларды түзеткен (Сам. 2-ж. 12:1—4; Ел. іс. 3:24). Әйүп кітабындағы Елихудің үлгісіне қарап, адал ерлер мен әйелдер басқаларды түзеткенде не айту керектігін және қалай айту керектігін түсінген болар.

13. Елихуден қай жағынан үлгі алсақ болады?

13 Біз Елихуден қандай үлгі аламыз? Ежелдегі пайғамбарлар секілді біз де адамдарға Киелі кітаптағы Құдай жайлы хабарды жариялаймыз. Сондай-ақ бауырластарымызды сөзімізбен жігерлендіреміз және жұбатамыз (Қор. 1-х. 14:3). Сондықтан тәлім бергенде не біреуді жұбатқанда Елихуден үлгі алсақ болады. Бұған әсіресе ақсақалдардың ерекше мән бергендері дұрыс. Олар барлық кезде, тіпті біреу күйзелгеннен “ашына сөйлеп” қойған кезде де жұмсақтық танытып, мейіріммен сөйлеулері керек (Сал. 1-х. 5:14; Әйүп 6:3).

14, 15. Ақсақалдар кеңес бергенде Елихуге қалай еліктей алады?

14 Мынадай жағдайды елестетіп көрейік. Бір ақсақал қауымдағы бір әйел бауырластың көңілі жабырқаңқы болып жүргенін байқайды. Сөйтіп, ол қасына басқа ақсақалды ертіп, әйел бауырластың жағдайын білуге барады. Әңгіме барысында әйел бауырлас қауымға барса да, қызметке шықса да еш қуаныш алмай жүргенін айтады. Мұндайда ақсақалдар не істей алады?

15 Біріншіден, олар әйел бауырластың жағдайын толық түсіну үшін оған сұрақтар қояды, сосын оны мұқият тыңдайды. Бәлкім, ол “Ехоба мені жақсы көрмейді” деп ойлап жүрген шығар немесе оны “күнделікті тұрмыс уайымы” қажытып жіберген болар (Лұқа 21:34). Екіншіден, ақсақалдар әйел бауырласты мақтайды. Өйткені ол оңай болмаса да қауым кездесулерінен қалмай, уағызға да шығып жүр. Үшіншіден, ақсақалдар жағдайды толық түсініп алғаннан кейін, Киелі кітаптан тармақтар оқып беріп, Ехобаның оны жақсы көретініне көзін жеткізеді (Ғал. 2:20).

ӘЙҮП КІТАБЫНЫҢ ПАЙДАСЫН КӨРЕ БЕРІҢІЗ

16. Әйүп кітабының пайдасын көре беру үшін не істеуіміз керек?

16 Байқағанымыздай, Әйүп кітабынан үйренер өнеге мен алар тәлім-тәрбие мол. Мысалы, алдыңғы мақаладан Ехоба қайғы-қасіретке не үшін жол беретінін және басымызға күн туғанда қалай адал болып қала алатынымызды білдік. Ал осы мақаладан біреуге кеңес бергенде кімнен үйреніп, кімнен жирену керектігін көрдік. Ендігіде біреуге кеңес бермес бұрын, Әйүп кітабынан үйренгендеріңізді неге бір еске түсіріп алмасқа?! Егер Әйүп кітабын оқып шыққаныңызға біраз уақыт болса, осы тамаша кітапты тағы бір оқып шығуды мақсат етіңіз. Өйткені өз заманында пайдалы болған бұл кітаптың бүгінгі таңда да пайдасы мол.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Түзетуге не кеңес беруге қатысты Әйүптің үш танысынан қандай сабақ аламыз?

  • Ал Елихуден қандай үлгі алсақ болады?

  • Әйүп кітабының пайдасын көре беру үшін не істеуіміз керек?

125-ӘН “Мейірімділер бақытты!”

a Ешбір адам Құдайдың алдында әділ бола алмайды және ешқашан оған жаға алмайды деген ойды Елифазға зұлым рух салған көрінеді. Бұл өтірікке сеніп қалғаны сонша — оны бір емес, үш рет қайталап айтқан (Әйүп 4:17; 15:15, 16; 22:2).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу