50-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
48-ӘН Күнде Ехобамен бірге жүрейік
Кішіпейіл Құдайымыз Ехобаға еліктейік
“Сүйікті балалары ретінде Құдайға еліктеңдер” (ЕФЕС. 5:1).
НЕГІЗГІ ОЙ
Бұл мақалада Ехоба сияқты кішіпейіл болудың төрт жолын білеміз.
1. Ехобаның кішіпейілділігі несімен таңғалдырады?
“АДАМНЫҢ кім екенін білгің келсе, қолына билік бер” демекші, адам қолына билік тисе, жиі көкірек керіп кетеді. Бұнымен сіз де келісетін шығарсыз. Ал Ехоба қанша асқақ, құдіретті болса да, өте кішіпейіл (Зәб. 113:5—8). Ехобаның тұла бойы тұнған кішіпейілділік. Оның бойында көкіректіктің титтей де нышаны жоқ. Бұл мақалада біз Ехобаның асқан кішіпейілділігін паш ететін төрт асыл қасиетіне назар аударамыз. Сондай-ақ Әкесінің кішіпейілділігіне Иса қалай еліктегенін талқылаймыз. Осы екі жайтты жақсылап ұғып алсақ, Ехобамен достығымыз нығаяды және оған еліктеп, кішіпейіл бола түсеміз.
ЕХОБА АДАМДЫ ӨЗІНЕ БАУРАП АЛАДЫ
2. Зәбүр 62:8-ден Ехоба жайлы не білуге болады? ( суретті де қараңыз.)
2 Басқаларға жоғарыдан қарайтын көкірек адамға әдетте ешкім жолағысы келмейді. Біреулер ондай адамға бірдеңе айтып, бірдеңе сұраудан қорқады, я болмаса ол адамнан мүлдем бойын аулақ ұстайды. Ал біздің көктегі Әкеміз Ехоба өте кішіпейіл. Сондықтан біз оған тартылып тұрамыз. Оның өзі бізді бар уайымдарыңды, жүрек сырларыңды маған ақтарып айтыңдар деп шақырады (Зәбүр 62:8 оқыңыз). Баласын жақсы көретін әке баласын уайымдап, оның не істеп, не ойлап жүргенін білгісі келеді. Тура солай Ехоба да өз қызметшілерінің уайымын, толғаныстарын тыңдағысы келеді. Ол қызметшілерінің дұғасын жақсы көретіні сонша — көбісін Киелі кітапқа жаздырған. Біздің Ехобаға еш қысылмай, емін-еркін дұға ете алатынымыз неткен ғанибет! (Ешуа 10:12—14; Сам. 1-ж. 1:10—18). Бірақ біздің Ехобаға дұға етуге өзімізді лайықсыз сезінетін кезіміз болып жатады. Ондай кезде не істесек болады?
Кішкентай бала ұшақпен ойнап жүріп вазаны құлатып алғанда, әкесі Ехобаға еліктеп, оны сабырмен тыңдап отыр (2-абзацты қараңыз)
3. Неге Ехобаға дұға етуден ешқашан тартынбауымыз керек?
3 Ехобаға дұға етуге лайықсызбын деген ой бізге дұға етуге кедергі болмау керек. Бұлай деуге қандай негіз бар? Исаның адасқан ұл жайлы мысалын еске алайықшы. Ұлы ұяттан өртеніп, әкемнің бетіне қалай қараймын деп, басын салбыратып үйіне келе жатады. Ол алыста келе жатқанда-ақ, әкесі оны көріп, аяп кетеді. Сөйтіп, “алдынан жүгіріп шығып, бауырына басып, елжірей сүйеді” (Лұқа 15:17—20). Ехоба — тура сондай Әке. Күнәнің ауыр жүгі еңсесін езіп, уайымнан салы суға кеткен қызметшісі дұға еткен бойда-ақ, Ехоба оған бар көңілін қойып, ұйып тыңдайды (Ерм. з. 3:55—57). Қызметшісінің бұндай күйін көріп, жаны ашитыны сондай — мысалдағы әкедей алдынан жүгіріп шығып, оны жұбатып, жақсы көретініне сендіреді (Ишая 57:15). Кішіпейіл болмаса, Ехоба осылай етер ме еді?! Қауымыңыздағы ақсақалдар, Куәгер туыстарыңыз бен бауырластарыңыз еңсеңізді көтеріп, демеу беріп жатса, Ехобаның өзі сізді жұбату үшін “алдыңыздан жүгіріп шықты” деп біліңіз (Жақ. 5:14, 15). Ұмытпаңыз, Ехоба сіздің одан бір елі де ажырағаныңызды қаламайды.
4. Неге Исаның қасында адамдар өздерін еркін сезінген?
4 Иса Ехобаға қалай еліктейді? Иса жерде болғанда Әкесі сияқты өте кішіпейіл болған. Адамдар оның қасынан шықпағаны да содан. Олар өздерін еркін сезініп, еш қысылмай сұрақтарын қоя берген (Мар. 4:10, 11). Иса ойларын сұраған кезде де олар ойындағысын қорықпай ашық айтқан (Мат. 16:13—16). Ал қателескен кездерінде Иса ашуланатын болды ғой деп уайымдамаған. Өйткені оның мейірімді, шыдамды, кешірімді екенін білген (Мат. 17:24—27). Иса тура Әкесі сияқты болғандықтан, шәкірттері оған қарап Ехобаны жақыннан тани түскен (Жох. 14:9). Олар қатал, өркөкірек, қастарына адам жуытпайтын діни жетекшілерге Ехоба мүлдем ұқсамайтынын, керісінше, кез келген адамды өзіне жақын тартатын кішіпейіл Құдай екенін түсінді.
5. Өзгелер бізге тартылып тұрсын десек, неге кішіпейіл болуымыз керек?
5 Біз Ехобаға қалай еліктесек болады? Адам кішіпейіл болған сайын, өзгелер онымен араласуға үйір келеді. Кішіпейілділіктен жұрдай адам өркөкірек келеді, ешкімді көре алмайды, кешіре алмайды. Ондайлардан әдетте адамдар безіп кетеді. Ал кішіпейіл адам мейірімділігімен, шыдамдылығымен, кешірімділігімен кім-кімді де өзіне тартып тұрады (Қол. 3:12—14). Бұл орайда әсіресе ақсақалдар мұқият болуы қажет. Өйткені қауымдағы бауырластар оларға жолығудан, көмек сұраудан тартынбау керек. Бірақ ақсақалдар бауырластардың арасында жүрмесе, бұл қалай мүмкін?! Сондықтан ақсақалдар келелі себеп болмаса, қауымға онлайн емес, Патшалық сарайына келіп қатысқандары жөн. Сондай-ақ бауырластармен бірге үйме-үй уағыздағандары жақсы. Бауырластар қауымындағы ақсақалдарды жақсы танитын болса, қажет кезде оларға еш қысылмай, емін-еркін жолыға алады.
ЕХОБА ИЛІККІШ
6, 7. Қай кезде Ехоба қызметшілерінің айтқанына құлақ асып, иліккіштік танытқан? Мысал келтіріңіз.
6 Өркөкірек адам айтқаным айтқан деп, ешкімге дес бермейді. Біреудің ойын елеп-ескеріп, илігу дегенді де білмейді. Ал Ехоба бәрінен дана, бәрінен жоғары болса да, кішірейіп, илігеді. Бұны Киелі кітаптағы екі оқиғадан көруге болады. Біріншісі — Мұсаның әпкесі Мәрияммен болған жағдай. Бірде Харон екеуі Ехоба өзінің өкілі етіп қойған Мұсаға қарсы сөйлеп, күңкілдеді. Осылай Мәриям Ехобаның өзіне қарсы шықты. Сонда Ехоба қатты ашуланып, оны алапеске ұшыратты. Бұны көріп Харон Мұсадан араша түсуін сұрап жалынды. Ал Мұса Ехобаға жалбарынып, Мәриямды сауықтыруын сұрады. Сол кезде Ехоба айтқанынан қайтпай, өз дегенінде тұрып алды ма? Көкірек болғанында, бәлкім, солай етер ме еді?! Бірақ Ехоба кішіпейіл болғандықтан, райынан қайтып, Мәриямды құлантаза айықтырды (Мұс. 4-ж. 12:1—15).
7 Ал екінші жағдай — Езекия патшамен болған жағдай. Ехоба пайғамбарын жіберіп, науқастанып жатқан патшаның жақын арада өлетінін айтады. Сонда Езекия патша жылап тұрып дұға етіп, Ехобадан өзін айықтыруын сұрайды. Ехоба патшаға рақым танытып, оның өмірін 15 жылға ұзартады (Пат. 2-ж. 20:1, 5, 6). Қызметшісіне жаны ашып, тілеуің болсын деп иліге салғаны Ехобаның кішіпейілділігінің көрінісі емес пе?!
8. Исаның иліккіш екені неден көрінеді? Мысал келтіріңіз. (Марқа 3:1—6)
8 Иса Ехобаға қалай еліктейді? Иса Әкесі сияқты иліккіш. Мысалы, жерде болғанда ол ешқашан заң деп қатып қалмаған. Мұқтаж жанды көрсе, көмектесуге асыққан. Ол мейірімсіз діни жетекшілердің қарсылығына қарамастан, Демалыс күні де адамдарды сауықтырып жүрген (Марқа 3:1—6 оқыңыз). Қазір қауымның басы болып отырған Иса әлі де иліккіш. Қауымда біреу ауыр күнә жасап қойса, ол сол адамның түзелуіне мүмкіндік беріп, шыдаммен күтеді (Аян 2:2—5).
9. Иліккіш екенімізді қалай көрсетсек болады? (Суреттерді де қараңыз.)
9 Біз Ехобаға қалай еліктесек болады? Біз де кішіпейілділік танытып, Ехоба сияқты иліккіш болуды үйренуіміз қажет (Жақ. 3:17). Мысалы, ата-аналар балаларының шама-шарқын ескеріп, қолдарынан келмейтін нәрсені талап етпегендері жөн. Бұл жағынан кезінде Жақып жақсы үлгі қалдырған (Мұс. 1-ж. 33:12—14). Сондай-ақ ата-аналардың балаларын басқа балалармен салыстырмағаны дұрыс. Қауымдағы ақсақалдардың да иліккіш болғандары жөн. Мысалы, ақсақалдар бірге отырып шешім қабылдағанда, өз дегендерінде тұрып алмай, Киелі кітапқа қайшы келмеген жағдайларда көпшілікке қосылып, иліге білгендері жөн болады (Тім. 1-х. 3:2, 3). Негізі, бәріміз де біреумен ойымыз бір жерден шықпай қалғанда, адамның көзқарасын түсініп, жағдайға оның тұрғысынан қарап көруге тырысуымыз керек (Рим. 14:1). Осылай Ехобаға барынша еліктей берсек, “[иліккіш] екенімізді жұрттың бәрі көретін болады” (Філіп. 4:5 сілт.).
Иліккіш ата-ана балаларынан қолдарынан келмейтін нәрсені талап етпейді (9-абзацты қараңыз)
ЕХОБА ШЫДАМДЫ
10. Ехоба өзінің шыдамды екенін қалай көрсетті?
10 Өркөкірек адам шыдамсыз келеді. Күту дегенді жаны сүймейді. Ал Ехоба — шыдамдылықтың нағыз шынайы үлгісі! Нұхтың заманында ол зұлымдарды жойғанша 120 жыл күтуге дайын болды (Мұс. 1-ж. 6:3). Соның арқасында Нұх ұлдарын өсіріп, кеме соғып үлгерді. Кейінірек Ехобаның атынан келген бір періште де асқан шыдамдылық танытты. Ыбырайым Содом мен Ғомораның жойылуына қатысты сұрақтар қойғанда, періште оның сөзін бөлмей, әрбір сұрағына жауап беріп тұрды. Бәлкім, оның орнында өркөкірек біреу болғанда, мені сұрақтың астына алуға қалай дәтің барды деп ашуланар ма еді?! Бірақ бұл періште Ехобаның өзі сияқты өте шыдамды еді (Мұс. 1-ж. 18:20—33).
11. Петірдің 2-хаты 3:9-ға сай, қазір Ехоба не үшін шыдамдылық танытып жатыр?
11 Ехоба қазір де зор шыдамдылық танытып жатыр. Осы дүниені жоямын деп белгілеп қойған уақытын ол сабырмен күтіп отыр. Ехоба сол күнді амалсыздан күтіп отырған жоқ, оның өз ойлағаны бар. “Ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Петірдің 2-хаты 3:9 оқыңыз). Ехобаның шыдамдылығының арқасында бүгінде миллиондаған ақжүрек жандар Құдайымызды танып-біліп, онымен дос болып жатыр. Алдағы уақытта тағы да миллиондаған адам арамызға қосылады деп үміттенеміз. Бірақ Ехобаның да шыдамының шегі бар. Ол адамдарды қанша жақсы көрсе де, олардың зұлымдығына мәңгі шыдап отыра бермейді (Абқ. 2:3).
12. Иса Ехобаның шыдамдылығына қалай еліктейді?
12 Иса Ехобаға қалай еліктейді? Ехоба ғана емес, Иса да ғасырлар бойы шыдамдылық танытып келеді. Ол Шайтанның Ехобаны да, оның адал қызметшілерін де қаралап, қоймай жала жауып келе жатқанын өз көзімен көріп жүр (Мұс. 1-ж. 3:4, 5; Әйүп 1:11; Аян 12:10). Адамдардың қайғы-қасіреттен көз ашпай, қиналып жүргеніне де куә. “Ібілістің істерін талқандайтын” уақытын Иса қаншалықты тағатсыздана күтіп жүргенін ойлап көріңізші (Жох. 1-х. 3:8). Шайтанды жоюға қанша асық болса да, Иса Ехобаның әмірін күтіп отыр. Өйткені бұл күннің қашан келетінін шешуге Ехоба ғана құзырлы екенін ол кішіпейілділікпен мойындайды (Ел. іс. 1:7).
13. Иса елшілеріне қалай және не үшін шыдамдылық танытты?
13 Елшілеріне қалай қарағанынан да Исаның шыдамды екені байқалады. Мысалы, олар араларында кім ұлы деп қайта-қайта дауласа берген. Сонда Иса бұлар адам болмайды деп, қолын бір сілтей салмай, олардың өзгеретініне сеніп, шыдамдылық танытты (Лұқа 9:46; 22:24—27). Біздің де бір қателікті қайта-қайта жасап қоятын кезіміз болады. Сондай кезде Патшамыздың кішіпейіл әрі шыдамды екені көңілімізді кәдімгідей орнықтырады, солай емес пе?!
14. Шыдамдылық қасиетін қалай дамытсақ болады?
14 Біз Ехобаға қалай еліктесек болады? Ехобаға ұқсағымыз келсе, “Мәсіхтің ой-санасын” танып-біле беруіміз керек (Қор. 1-х. 2:16). “Мәсіхтің ой-санасын” танып-білудің ең жақсы жолы — Исаның өмірі жайлы Ізгі хабарларды жиі оқып тұру. Сондағы оқиғаларды оқығанда, Иса не істеді, не үшін олай істеді деп ой жүгірткеніміз маңызды. Сондай-ақ Ехобадан Исаға ұқсап кішіпейіл әрі шыдамды болуға көмектесші деп сұрауды ұмытпауымыз керек. “Мәсіхтің ой-санасын” танып-біле берген сайын, біз Ехобаға ұқсай түсеміз. Сонда өзімізге де, өзгелерге де көбірек шыдамдылық танытамыз (Мат. 18:26—30, 35).
ЕХОБА ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ
15. Ехоба қарапайым адамдарды жақсы көретініне мысал келтіріңіз. (Самуилдің 1-жазбасы 2:8)
15 Самуилдің 1-жазбасы 2:8 оқыңыз. Заңғар көкте мекендейтін Әлемнің Әміршісі Ехоба жердегі қарапайым адамдарды елеп-ескеретініне қалай ғана таңданбайсың! Тарихқа үңілсек, Ехоба қаншама қарапайым адамды жоғарылатып, мәртебеге бөлеген. Олардың есімдері біздің ойымызға бірден келе қоймайтын шығар. Бірақ Ехоба олардың атын өшірмей, өз Сөзіне жаздырып қойған. Солардың бірі — Дебора. Бұл әйел бақандай 125 жыл бойы Ысқақ пен Жақыптың үй ішіне адал қызмет еткен. Киелі кітапта Дебораның қандай адам болғаны егжей-тегжейлі айтылмаса да, оның Ехоба үшін де, Жақыптың отбасы үшін де қымбат жан болғанын аңғаруға болады (Мұс. 1-ж. 24:59; 35:8 сілт.). Ғасырлар өте Ехоба қой бағып жүрген Дәуіт деген жас баланы Исраилдің патшасы етіп қойып, мерейін өсірді (Сам. 2-ж. 22:1, 36). Кейін Бетлехемде Мәсіх дүниеге келгені жайлы сүйінші хабарды Ехоба ең бірінші болып далада қой бағып жүрген қойшыларға жеткізді (Лұқа 2:8—11). Ал Жүсіп пен Мәриям нәресте Исаны ғибадатханаға алып келгенде, Ехоба Шимон мен Анна деген жасы ұлғайған қызметшілерін мәртебеге бөледі. Олар көздері тірісінде уәде етілген Мәсіхті көріп қалды (Лұқа 2:25—30, 36—38). Ехоба кішіпейіл де қарапайым адамдарды қаншалықты жақсы көреді десеңізші!
16. Неге Иса қарапайым адамдарды жақсы көрді дей аламыз?
16 Иса Ехобаға қалай еліктейді? Жерде болғанда Иса да Әкесі сияқты өзгелер менсінбейтін қарапайым адамдарды құрметке бөлеген. Патшалық жайлы ізгі хабарды ол “арнайы білімі жоқ қарапайым адамдарға” айтты (Ел. іс. 4:13; Мат. 11:25). Иса қаншама ауру адамды сауықтырды, сауықтырып қана қоймай, оларға құрмет көрсетіп, өз-өздеріне деген қадір-қасиетін де арттырды (Лұқа 5:13). Ұстаздары бола тұра, өлер алдындағы түні елшілерінің аяғын жуып шықты (Жох. 13:5). Ал көкке көтерілер кезде ізбасарларына адам өмірін құтқаратын маңызды іс тапсырды. Осылай Иса сол кездегі шәкірттерін ғана емес, бізді де зор мәртебеге бөлеп кетті! (Мат. 28:19, 20).
17. Өзгелерді жақсы көріп, құрметтейтінімізді қалай көрсетсек болады? (Суретті де қараңыз.)
17 Біз Ехобаға қалай еліктесек болады? Ехоба сияқты біз де адамдарды жақсы көреміз. Сондықтан жағдайына, нәсіліне, біліміне қарамай, тыңдаймын деген адамның бәріне ізгі хабарды уағыздай береміз. Біз бауырластарды да өзімізден жоғары қоямыз. Қабілетіміз қандай болмасын, қандай қызмет атқармайық, оларды үнемі жақсы көріп, құрметтейміз (Філіп. 2:3). Осылай да, басқалай да өзімізді кіші тұтып, “бір-бірімізге бірінші болып құрмет көрсетіп” жүрсек, Ехобаны қуанышқа бөлейміз (Рим. 12:10; Соф. 3:12).
Біз Ехобаның кішіпейілділігіне еліктеп, ешкімді бөліп-жармай, ізгі хабарды барлық адамға айтамыз (17-абзацты қараңыз)a
18. Ехобаның кішіпейілділігіне не үшін еліктегіңіз келеді?
18 Көктегі кішіпейіл Әкемізге барынша еліктей берсек, одан сайын иліккіш әрі шыдамды бола түсеміз және өзгелер бізге тартылып тұрады. Сондай-ақ Ехоба сияқты барлық адамды жақсы көріп, құрметтейтін боламыз. Ендеше, бойымыздағы осындай көркем қасиеттерді шыңдап, Ехобаның алдында көркіміз арта берсін! (Ишая 43:4).
159-ӘН Ехобаны дәріптеңдер
a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Екі әйел бауырлас түрмеде отырған әйелге тәлім беріп отыр. Осылай олар Ехобаның кішіпейілділігіне еліктеп жатыр.