Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 желтоқсан 2—7 бет.
  • Қиналған шағыңызда Әйүп кітабы демеу болсын

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қиналған шағыңызда Әйүп кітабы демеу болсын
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ҚҰДАЙ ӘЙҮПТІҢ ҚАСІРЕТ ШЕГУІНЕ ЖОЛ БЕРДІ
  • ӘЙҮПТЕН ТАБАНДЫ БОЛУДЫ ҮЙРЕНЕМІЗ
  • ӘЙҮП КІТАБЫНЫҢ ҚЫЗМЕТТЕГІ ПАЙДАСЫ
  • Әйүп Ехобаның есімін қадір тұтқан
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Үмітіңді Ехобаға арт”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Әйүп кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Кеңес бергенде Әйүп кітабы жол сілтер көмекшіңіз болсын
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 желтоқсан 2—7 бет.

48-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

129-ӘН Табанды боламыз

Қиналған шағыңызда Әйүп кітабы демеу болсын

“Құдай зұлымдық жасамайды” (ӘЙҮП 34:12).

НЕГІЗГІ ОЙ

Әйүп кітабынан не үшін қайғы-қасірет көретінімізді және қиындыққа кезіккенде қалай табанды бола алатынымызды білеміз.

1, 2. Әйүп кітабын оқудың қандай пайдасы бар?

ӘЙҮП КІТАБЫН соңғы рет қашан оқыған едіңіз? Бұл кітап шамамен 3500 жыл бұрын жазылса да, әлі де әлемдегі ең үздік кітаптардың қатарына кіреді. Оңай әрі көркем тілмен жазылған бұл туынды талайлардың жүрегіне жол тапқан. Бір еңбекте құны жоғалмаған осы кітаптың авторы “көркем әдебиет кемеңгері” деп аталған. Бұл кітапты қағаз бетіне түсірген — Мұса пайғамбар, бірақ оның негізгі авторы — Ехоба Құдай (Тім. 2-х. 3:16).

2 Әйүп кітабы — Киелі жазбалардағы маңызы зор кітап. Бұның бір себебі — бұл кітаптан барлық саналы жаратылыс таңдау алдында тұрғанын, яғни Ехобаға оны жақсы көргеннен қызмет етіп, есімін даңқтай ма, жоқ па — сол сұрақ көтерілгенін біле аламыз. Сондай-ақ Әйүп кітабы Ехобаның сүйіспеншілік, даналық, әділдік пен күш сияқты көркем қасиеттерін аша түседі. Мысал үшін, Киелі кітаптың басқа кітаптарымен салыстырғанда Әйүп кітабында Ехобаның “Құдіреті шексіз Құдай” екені айтарлықтай көп айтылған. Сонымен қатар бұл кітапта көкейтесті көптеген сұрақтардың жауабы жазылған. Мысалы, көптің көкейіндегі “Басымызға түсіп жатқан қиындықтарға Құдай кінәлі ме?” деген сауалдың анық жауабы бар.

3. Әйүп кітабы тағы қай жағынан пайдалы?

3 Адам таудың басына шыққан кезде, жоғарыдан айналасын анық көреді. Тура сол сияқты Әйүп кітабын оқыған адам басына түскен қиындықтарға жоғарыдан, яғни Ехобаның көзімен қарайды. Бұл мақалада біз Әйүп кітабының көмегімен өміріміздегі қиындықтарға дұрыс қарауды үйренеміз. Адамдарға уағыздағанда да бұл кітаптың өте тиімді екенін қарастырамыз. Бірақ алдымен Әйүп пайғамбардың оқиғасы исраилдіктер үшін қай жағынан пайдалы болған болуы мүмкін — соған тоқталайық.

ҚҰДАЙ ӘЙҮПТІҢ ҚАСІРЕТ ШЕГУІНЕ ЖОЛ БЕРДІ

4. Мысырдағы исраилдіктерден айырмашылығы, Әйүп қандай адам болған?

4 Исраилдіктер Мысырда құлдықтың езгісінде жүргенде, Ұз жерінде Әйүп деген кісі өмір сүріп жатты. Мысырдың жеркенішті пұттарына табынып кеткен кейбір исраилдіктерге қарағанда, бұл кісі Ехобаға қалтқысыз ғибадат етіп жүрді (Ешуа 24:14; Езек. 20:8). Ехобаның өзі ол туралы: “Жер бетінде ол сияқты әділ де мінсіз... адам жоқ”,— дегенa (Әйүп 1:8). Оның үстіне, Әйүп дәулеті асып-тасыған “Шығыстағы ең беделді адам” болған (Әйүп 1:3). Бұл әділ кісінің Құдайдың да, адамдардың да ықыласына бөленіп жүргені Шайтанның әбден зығырданын қайнатты!

5. Ехоба Әйүптің қасірет шегуіне не үшін жол берді? (Әйүп 1:20—22; 2:9, 10)

5 Сөйтіп, Шайтан Әйүпке жала жауып, басына қасірет туса, ол Ехобаға ғибадат етуін доғарады деп шықты (Әйүп 1:7—11; 2:2—5). Шайтанның бұл жаласы үлкен дау тудырғандықтан, Ехоба әділ қызметшісін қанша жақсы көріп тұрса да, Шайтанға оны сынап көруге жол берді (Әйүп 1:12—19; 2:6—8). Содан Шайтан Әйүпке бас салды. Оны бар мал-мүлкінен айырып дымсыз қалдырды, бір сәтте он баласын бірдей мерт қылды. Бұны да аз көріп, ол Әйүптің басынан башпайына дейін шиқан қаптатып, жанын әбден азапқа салды. Бірақ бұнысымен қаныпезер Шайтан өз дегеніне жеткен жоқ (Әйүп 1:20—22; 2:9, 10 оқыңыз). Әйүп мінсіздігінен таймағаны үшін Ехоба оны молынан жарылқады. Ол ауруынан айығып, қайтадан бұрынғыдай дәулетті де сыйлы адам болды, тағы да жеті ұл, үш қыз сүйді. Ехоба Әйүптің ғұмырын тағы 140 жылға ұзартып, ол шөберелері мен шөпшектерінің қызығын көрді (Әйүп 42:10—13, 16). Әйүптің бұл оқиғасы — кезінде исраилдіктер де, қазір біз де көп сабақ алатындай үлгі-өнегеге бай оқиға.

6. Әйүптің басынан өткен оқиғасы исраилдіктерге қай жағынан пайдалы болған болуы мүмкін? (Суретті де қараңыз.)

6 Исраилдіктерге тигізген пайдасы. Исраилдіктер Мысырда әбден жәбір көрді. Мысалы Ешуа мен Халепті алсақ, олардың жастық шағы құлдықта өтті. Ал кейін еш жазығы болмаса да, екеуі Ехобаға мойынсұнбаған исраилдіктермен бірге 40 жыл шөл даланы кезіп жүрді. Сол уақыттары исраилдіктер Әйүптің басына қандай қасірет түскенін және Ехоба оны қалай жарылқағанын естіген болуы мүмкін. Егер бұл тұжырым рас болса, сол кездегі исраилдіктер де, олардың кейінгі ұрпақтары да қайғы-қасіреттің артында шын мәнінде кім тұрғанын түсінсе керек. Бұл ғана емес, Ехоба адамдардың қиналуына не үшін жол беретінін және қызметшілерінің адалдығын Ехоба жоғары бағалап, молынан жарылқайтынын да түсінген болар.

Мысырда құл болып жүрген исраилдік бір кісі кірпіш құйып жатып ойланып тұр. Ал артқы жақта мысырлықтар жұмыс істеп жатқан исраилдіктерді ұрып жатыр.

Бұрында құл болған исраилдіктер Әйүп жайлы естіп, одан көп нәрсеге үйренген болуы мүмкін (6-абзацты қараңыз)


7, 8. а) Әйүп кітабынан қайғы-қасіретке қатысты қандай шындықтарды білеміз? ә) Бұл шындықтарды білгеніміздің пайдасы қандай? Мысал келтіріңіз.

7 Бізге тигізетін пайдасы. Бүгінде жақсы адамдардың жазықсыз жапа шегіп жатқанын көріп, көп адам Құдайға сенуден қалған. Руандада тұратын Хейзелменb не болғанын көрейік. Ол бала кезінде Құдайға сенген. Бірақ кейін қиындықтан көз ашпай кеткендіктен, Құдайдан көңілі қалады. Алдымен, әке-шешесі ажырасады, кейін өгей әкесі күн көрсетпейді. Бұл аздай, жасөспірім шағында оны біреу зорлап кетеді. Хейзел жұбаныш тауып қалармын деген үмітпен шіркеуге барады, бірақ ешқандай жұбаныш таппайды. Кейін ол Құдайға былай деп хат жазады: “Мен саған қанша дұға еттім, адамдарға жақсылық жасауға тырыстым. Ал сен маған тек жамандық жібердің. Мен енді саған сенбеймін. Бұдан былай не істегім келсе, соны істеймін”. Хейзел сияқты басына түскен қиындыққа көп адамның Құдайды кінәлайтыны өкінішті-ақ!

8 Ал біз Әйүп кітабынан қайғы-қасіретімізге кінәлі Құдай емес, Шайтан екенін білдік. Сондай-ақ адам қиындыққа душар болса, Құдай оны жасаған жамандығы үшін жазалап жатыр деп ойлау дұрыс емес екенін түсіндік. Өйткені Жазбаларда айтылғандай, “барлығы да қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болып жатады” (Уағ. 9:11; Әйүп 4:1, 8). Тағы бір білгеніміз: сынақтарда адалдығымыздан таймасақ, Ехоба Шайтанға жауап беріп, оның өтірікші екенін дәлелдей алады (Әйүп 2:3; Нақ. с. 27:11). Киелі кітаптағы осындай баға жетпес шындықтарды білгеніміз үшін Ехобаға шексіз ризамыз. Сол шындықтардың арқасында өзіміздің де, жақындарымыздың да неге қиналатынының түпкі себебін білеміз. Жаңа айтылған Хейзел де Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп, қиыншылықтарына Құдай кінәлі емес екенін білді. Ол былай дейді: “Мен қайтадан Құдайға дұға етіп, нендей күй кешіп жатқанымды айттым. Құдайға сенбеймін деп мен ашумен айтқан едім. Бұл оны мүлдем танымағанымнан ғой. Қазір Ехоба мені жақсы көретініне көзім жетті, көңілім тоқ, бақыттымын”. Расында да, Құдай қайғы-қасіретке не үшін жол беретінін білетініміз қандай жақсы! Ал қазір қиындық алқымымыздан алып, жанымызды қысқанда, Әйүптен не үйрене алатынымызды талқылайық.

ӘЙҮПТЕН ТАБАНДЫ БОЛУДЫ ҮЙРЕНЕМІЗ

9. Әйүптің көрген азабын сипаттап беріңіз. (Жақып 5:11)

9 Әйүптің күлдің үстінде жаны қиналып отырғанын елестетіңізші. Табанынан қақ төбесіне дейін іріңді жара басқан байғұстың құр сүлдері қалған. Әбден азып-тозған ол құмыраның сынығын алып, сонымен жарасын қырнап отыр. Ауруы жанына батқаны сондай, ара-арасында өміріне налып, өкпесін айтып қояды. Бірақ Әйүп жай ғана тірі өлік болып отырған бейшара емес еді, ол адалдығынан таймай, табандылық танытып отырған мықты адам болатын (Жақып 5:11 оқыңыз). Әйүптің осындай адам төзгісіз жағдайда табанды болуының сыры неде?

10. Әйүптің Ехобаға ой-сезімдерін ашық айта бергені нені аңғартады?

10 Әйүп Ехобаға ой-сезімдерін ашық та еркін айта берген (Әйүп 10:1, 2; 16:20). Мысалы, Әйүп кітабының 3-тарауында ол жарық дүниеге келген күніне қарғыс айтып, басына түскен қасіреті үшін Ехобаны жазғырған. Ал кейін үш танысы “Құдай сені күнәларың үшін жазалап жатыр” дей бергенде, ол ақталып, өзіне шаң жуытпады. Әйүптің сөздерінен өзін Құдайдан да әділ санағанын аңғаруға болады (Әйүп 10:1—3; 32:1, 2; 35:1, 2). Бірақ өзін ақтаймын деп “ашына сөйлеп”, артық кеткенін Әйүп өзі де мойындаған (Әйүп 6:3, 26). Ал 31-тарауда ол тіпті Құдайдан не үшін әділетсіздік көріп жатқанын түсіндіруді сұраған (Әйүп 31:35). Бірақ Әйүптің Құдайдан жауап талап еткені орынсыз болды. Десе де Әйүптің Ехобаға ойын ашық айта алғаны оны досындай көргенін әрі оның әрдайым әділ әрекет ететініне сенгенін көрсетеді.

11. Ехоба Әйүпке қалай жауап берді?

11 Ақырында, Ехоба Әйүпке боран ішінен жауап берді. Бірақ ол Әйүптің қасірет шегуіне не себеп болғанын айтып түсіндіріп жатпады. Әйүпті өзін сүттен ақ, судан таза санағаны үшін де, ашына сөйлегені үшін де жазаламады. Ехоба оны баласын түзеткен әкедей түзетті. Сонда Әйүп көп нәрсені білмейтінін кішіпейілділікпен мойындап, айтқан ағат сөздері үшін өкінді (Әйүп 31:6; 40:4, 5; 42:1—6). Әйүппен болған бұл жағдай да кезінде исраилдіктерге жақсы сабақ болса керек, бүгінде біздің де алар сабағымыз көп.

12. Әйүптің оқиғасы исраилдіктерге тағы қай жағынан пайдасын тигізген болуы мүмкін?

12 Исраилдіктерге тигізген пайдасы. Мәселен, Мұса жайлы ойлап көрейікші. Оған да көп жағдайда табандылық қажет еді. Мұсаға Исраил халқын бастап алып жүру оңай болмады. Өйткені халық қайта-қайта Ехобаға қарсы шығып, талай рет Мұсаның көңілін қалдырды. Исраилдіктер қит етсе Ехобаға күңкілдеп шығатын. Мұса болса қиындық туындағанда Әйүп сияқты Ехобаның өзіне жүгінетін (Мұс. 2-ж. 16:6—8; Мұс. 4-ж. 11:10—14; 14:1—4, 11; 16:41, 49; 17:5). Мұса Әйүптің жағдайынан тағы бір сабақ алса керек. Уәде етілген жерге кірердің алдында ол “қызбаланып ағат сөйлеп”, Ехобаны ашуландырып алды (Зәб. 106:32, 33). Сол үшін Ехоба оған уәде етілген жерге кіруге рұқсат етпеді (Мұс. 5-ж. 32:50—52). Ехобаның осылай түзеткені ауыр тисе де, Мұса бұған Әйүп сияқты кішіпейілділікпен көнді. Әйүптің оқиғасы Мұсаға ғана емес, басқа да адал исраилдіктерге өмірдегі түрлі қиындықтарда табанды болуға көмектескен болуы мүмкін. Мысалы, олар Ехобаға ой-сезімдерін дұрыс жеткізу, өздерін Ехобадан да әділ санап кетпеу, сондай-ақ Ехоба түзеткенде бірден кішірею маңызды екенін түсініп, көп сабақ алған болар.

13. Әйүптің оқиғасынан табанды болуға қатысты не үйренеміз? (Еврейлерге 10:36)

13 Бізге тигізетін пайдасы. Осы соңғы күндері бізге де табанды болу керек (Еврейлерге 10:36 оқыңыз). Қазір қайсымызды алып қарасаң да, бәріміздің өз қиындығымыз бар. Біріміз аурумен не депрессиямен күресіп жүрсек, біріміздің отбасымызда қиын жағдай болып жатқан шығар. Ал басқамыз жақынымыздан айырылып, жанымыз қиналып жүрген болар. Бұл аздай, жығылғанға жұдырық болып, біреу бірдеңе айтып не істеп көңілімізге тиіп кетуі мүмкін (Нақ. с. 12:18). Әйүп кітабынан білгеніміздей, қиналған кездерімізде біз Ехобаға ішімізде не болып жатқанын ашық айта аламыз. Сол сәттерде ол бізді құлақ түріп тыңдайтынына кәміл сенейік (Жох. 1-х. 5:14). Өзіміз аңдамай Әйүп сияқты “ашына сөйлеп” кетіп жатсақ, Ехоба бұл үшін ашуланбайды, қайта, табанды болу үшін бізге күш пен даналық береді (Шеж. 2-ж. 16:9; Жақ. 1:5). Бірақ Әйүпті түзеткендей, Ехоба бізді де түзетуі мүмкін. Ол бізге өзінің Сөзі мен ұйымы арқылы немесе толысқан достарымыз арқылы кеңес беруі мүмкін. Сондай кезде еш берілмей түзелуге тырысып, Ехобаға әрі қарай да қызмет ете беруіміз керек (Евр. 12:5—7). Ехоба бізді жөнге салғанда Әйүп сияқты кішіпейіл болып, мойынсұнсақ, бұның тек пайдасын көреміз (Қор. 2-х. 13:11). Расында да, біз Әйүптен көп нәрсеге үйрене аламыз. Ал енді адамдарға уағыздағанда Әйүптің оқиғасы қай жағынан пайдалы болатынын қарастырайық.

ӘЙҮП КІТАБЫНЫҢ ҚЫЗМЕТТЕГІ ПАЙДАСЫ

14. Қайғы-қасіреттің не себепті болып жатқанын әдетте адамдарға қалай түсіндіреміз?

14 Біреу сізден “неге адамдар қиналып, азап шегеді” деп сұраған ба? Сіз бұндай сұраққа әдетте қалай жауап бересіз? Бәлкім, сонау Едем бағында не болғанынан бастайтын шығарсыз. Әуелі зұлым періште Шайтанның Адам ата мен Хауа анаға өтірік айтқанын, содан олар Құдайға қарсы шыққанын айтарсыз (Мұс. 1-ж. 3:1—6). Соның кесірінен адамдардың бәрі қасірет шегетінін, ал ақырында өлетінін айтып түсіндірерсіз (Рим. 5:12). Кейін Құдай Шайтанға уақыт беріп отырғанын және адамдарға ізгі хабарды естуге мүмкіндік беріп жатқанын да атап өтерсіз (Аян 21:3, 4). Осылай айтып түсіндірсеңіз, адам толғандырып жүрген сұрағына көңілге қонымды жауап ала алады.

15. Әйүптің оқиғасын келтіріп қайғы-қасіреттің себебін қалай түсіндірсек болады? (Суреттерді де қараңыз.)

15 Адам бізден не үшін қайғы-қасірет көретінімізді сұрағанда, Әйүптің оқиғасын айтып берсеңіз де болады. Алдымен, оның өте маңызды сұрақты көтергенін айтып, бір мақтап алыңыз. Сосын бұл сұрақ кезінде Әйүп деген әділ кісіні де толғандырғанын, ол тіпті басына түскен қасіреті үшін Құдайды жазғырғанын айтып беріңіз (Әйүп 7:17—21). Сонда адам “бұл сұрақ адамдарды баяғыдан-ақ мазалаған екен ғой” деп таңғалып қалуы мүмкін. Содан соң Әйүпке қайғы-қасірет жіберген Құдай емес, Шайтан екенін айтып түсіндіріңіз. Шайтан адам Құдайға қара басын ойлағандықтан ғана ғибадат етеді, ал қиын шақта оны тастап кетеді деп жала жапқанын, сондай-ақ Құдай Әйүпке жамандық жібермегенін, тек Шайтанның оны сынауына жол бергенін түсіндіріңіз. Өйткені Құдай адамның адалдықтан таймай, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдей алатынына сенеді — соны да бір айтып кетіңіз. Әңгіменің соңында Құдай Әйүпті адалдығы үшін молынан жарылқағанын айтып беріңіз. Сонда адам қайғы-қасіретке Құдай кінәлі емес екенін біліп, жұбаныш табуы мүмкін.

Коллаж: 1. Бір әйел өртеніп кеткен үйлердің үйіндісінің арасынан сурет тауып алып, соған қарап жылап отыр. 2. Кейін ол апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығының қасында әдебиет арбасымен қызмет етіп тұрған бауырластардың жанына келіп, сөйлесіп тұр. Әйел бауырлас оған Киелі кітаптан тармақ оқып беріп жатыр.

“Құдай зұлымдық жасамайтынын” Әйүп кітабының көмегімен қалай түсіндіріп берсеңіз болады? (15-абзацты қараңыз)


16. Әйүп кітабы қиналып жүрген бір адамға қалай көмектескенін айтып беріңіз.

16 Әйүп кітабы адамдарға қалай көмектесетініне бір мысал келтірейік. Бұл оқиға 2021 жылы болған. Бір әйел бауырлас телефон арқылы қызмет етіп, адамдарға хабарласады. Ол бірінші Марио деген ер адаммен сөйлеседі. Оған Киелі кітаптан бір тармақ оқып беріп, Құдай біздің дұғаларымызды тыңдайтынын және біз үшін жарқын болашақ дайындап қойғанын айтады. Кейін Мариодан бұған қатысты ойын сұрайды. Сонда Марио өз-өзіне қол жұмсамақ ойы бар екенін және дәл қазір туған-туыстарына хат жазып отырғанын айтады. Сосын ол бауырласқа: “Негізі, мен Құдайға сенемін. Бірақ менімен не болып жатқаны оған бәрібір сияқты. Осы ой маған таңертеңнен бері маза бермей жатыр”,— дейді. Кейін бауырлас Мариоға екінші рет хабарласып, оған Әйүптің оқиғасын айтып береді. Сонда ол Әйүп кітабын толық оқып көргісі келетінін айтады. Сөйтіп, бауырлас оған “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” сілтемесін жібереді. Бұл оқиға немен аяқталды? Марио Құдай адамдардың қамын ойлайтыны жайлы көбірек білгісі келіп, зерттеу сабағын бастайды.

17. Ехоба Әйүп кітабын өз Сөзіне қосқанына не үшін ризасыз? (Әйүп 34:12)

17 Расында да, Құдай Сөзінің әсері қандай күшті! (Евр. 4:12). Жаны қиналып жүргендерге жұбаныш сыйлайтын Әйүп кітабын өз Сөзіне қосқаны үшін Ехобаға шексіз ризамыз! (Әйүп 19:23, 24). Әйүп кітабының арқасында “Құдай зұлымдық жасамайтынына” көзіміз жетті (Әйүп 34:12 оқыңыз). Құдай неге қайғы-қасіретке жол беретінін және қиындыққа кезіккенде қалай табанды бола алатынымызды түсіндік. Қатты қиналып жүрген адамдарды жұбату үшін де бұл кітаптың тиімді екенін көрдік. Ал келесі мақалада біреуге кеңес бергенде Әйүп кітабы қай жағынан тиімді екенін қарастырамыз.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Құдай Әйүптің қасірет шегуіне не үшін жол бергенін түсініп алғанымыз неге маңызды?

  • Әйүптің оқиғасы бізге табанды болуға қалай көмектеседі?

  • Адамдарға уағыздағанда Әйүп кітабының пайдасы қандай?

156-ӘН Сенімім бар

a Әйүп Жүсіп қайтыс болғаннан кейін (б. з. б. 1657 жыл) өмір сүрген. Ехоба мен Шайтанның арасындағы әңгіме және Шайтанның Әйүпті сынағаны Мұса Исраилдің көсемі болмай тұрып (шамамен б. з. б. 1514 жыл) орын алса керек.

b Кейбір есімдер өзгертілген.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу