32-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
38-ӘН Құдай саған күш береді
Бізге табанды болуға Ехобаның өзі көмектеседі
“Құдайдың өзі... сендерді нығайтып, күшейтеді, негіздеріңді берік етеді” (ПЕТ. 1-Х. 5:10).
НЕГІЗГІ ОЙ
Бізге табанды болуға көмектесу үшін Ехоба төрт амал қарастырған, ал біз солардың бар пайдасын көруге тырысуымыз керек.
1. Неге бәрімізге де табандылық керек және көмекті қайдан күтсек болады? (Петірдің 1-хаты 5:10)
ҚАЙ-ҚАЙСЫМЫЗҒА ДА табандылық керек. Өйткені осы қиын-қыстау соңғы күндері бәріміз де түрлі қиындықтарды бастан кешіп жүрміз. Біріміз аурумен арпалысып жүрсек, біріміз жақын адамымыз өмірден өткеніне көне алмай, қиналып жүрген шығармыз. Ал тағы біріміз отбасымыздан, тіпті үкімет тарапынан қуғын көріп жүрген болармыз (Мат. 10:18, 36, 37). Ал сіз дәл қазір қандай қиындықпен күресіп жүрсіз? Ехоба сізге бұл қиындықтан жеңілмей, соңына дейін табанды болуға күш беретініне сенімді болыңыз (Петірдің 1-хаты 5:10 оқыңыз).
2. Мәсіхшілердің табандылығының сыры неде?
2 Табандылық деген қиыншылықтар мен кедергілерге, сынақтар мен азғыруларға қарамастан, жақсылыққа үміттеніп, соңына дейін берілмеуді білдіреді. Ал мәсіхшілер үшін табандылық деген тек мұндай ерік-жігерді ғана білдірмейді. Оларға табанды болуға Ехобаның өзі көмектесіп, “адам күшінен асқан күш” беріп отырады (Қор. 2-х. 4:7). Бұл мақалада қызметшілеріне табанды болуға көмектесу үшін Ехоба қандай төрт амал қарастырғанын және олардың пайдасын көру үшін не істей алатынымызды талқылаймыз.
ДҰҒА
3. Дұғаны неге ғажап сый деуге болады?
3 Бізге табанды болуға көмектесу үшін Ехоба бір керемет жасады: күнәкар пенде бола тұра, біз Құдаймен емін-еркін сөйлесе аламыз (Евр. 4:16). Ойлап көріңізші, біз Ехобаға кез келген уақытта, кез келген мәселе бойынша, кез келген тілде, кез келген жерде дұға ете аламыз (Жүніс 2:1, 2; Ел. іс. 16:25, 26). Адам жете алмайтын жерде жүрсек те, түрмеде отырсақ та, дұға етуге бізге ештеңе тосқауыл бола алмайды. Қиналып, айтарға сөз таппай қалған кездерде де Ехоба бізді айтқызбай-ақ түсінеді (Рим. 8:26, 27). Расында да, дұға не деген ғажап сый еді!
4. Дұғада табанды болуға көмек сұрау Ехобаның еркіне жата ма? Түсіндіріңіз.
4 Киелі кітапта “еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатыны” айтылған (Жох. 1-х. 5:14). Ал табанды болуға көмек сұрау Ехобаның еркіне жата ма? Әлбетте! Біз соңына дейін адал болып, табанды болып қалсақ, Ехоба Шайтанға жауап бере алады (Нақ. с. 27:11). Сондай-ақ Киелі кітапта “Ехоба өзіне бар жүрегімен берілгендерді қолдауға” асық екені айтылады (Шеж. 2-ж. 16:9). Ендеше, Ехоба бізге табанды болуға көмектесе алатынына және соған асық екеніне сенімді болайық (Ишая 30:18; 41:10; Лұқа 11:13).
5. Дұға жантыныштығына ие болуға қалай көмектеседі? (Ишая 26:3)
5 Уайымымызды айтып Ехобаға дұға еткенде, “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүрегіміз бен ой-санамызды. . . сақтайды”, яғни қорғайды (Філіп. 4:7). Біз не деген бақытты адамдармыз! Осы дүниеде Ехобаны білмейтін адамдар да қиындыққа кезігеді, бірақ олар жантыныштығына ие болу үшін неше түрлі әдістерге жүгінеді. Солардың бірі — медитация. Медитация жасайтын адам беймаза ойлардан арыламын деп, санасын бүкіл ойдан босатуға тырысады. Бірақ сананы ешқандай ойсыз бос қалдыру өте қауіпті. Өйткені бұндай адамға жын-перілер оңай ықпал етеді (Матай 12:43—45 салыстырыңыз). Адамдардың медитациямен не басқа тәсілдермен ие болып жүрген тыныштықтары Ехобаның бізге беретін тыныштығымен салыстыруға да келмейді. Біз әншейін ішімізді босату үшін емес, Ехобаға толықтай сенім артқандықтан дұға етеміз. Оның үстіне, Ехоба бізге уақытша емес, “ұзағынан тыныштық сыйлайды” (Ишая 26:3 оқыңыз). Мысалы, ол Киелі кітаптағы жанымызды жайландыратын шындықтарды үнемі есімізге салып отырады. Ехоба бізді жақсы көретініне, қамқорлайтынына сенгендіктен, бұл шындықтар ой-санамыз бен жүрегімізге сіңіп, көңілімізді орнықтырады (Зәб. 62:1, 2).
6. Дұғаның пайдасын толық көру үшін не істесеңіз болады? (Суретті де қараңыз.)
6 Не істесеңіз болады? Егер қандай да бір қиындықпен күресіп жүрсеңіз, “бар ауыртпалығыңызды Ехобаға артыңыз” және одан тыныштық сұрап дұға етіңіз (Зәб. 55:22). Қиындықтарды дұрыс шешу үшін Құдайдан даналық беруін де өтініңіз (Нақ. с. 2:10, 11). Бірақ дұғада көмек сұрап қана қоймай, Ехобаға рақмет айтуды да ұмытпаңыз (Філіп. 4:6). Қиындықтарды еңсеру үшін ол сізге қалай көмектесіп жатқанын байқауға тырысыңыз және сол үшін ризашылық білдіріп жүріңіз. Қиындықтардың Ехоба беріп жатқан баталарды тұмшалап тастауына еш жол бермеңіз (Зәб. 16:5, 6).
Дұға еткенде, Ехоба сізді тыңдайды. Ал Киелі кітап оқығанда, сіз Ехобаны тыңдайсыз (6-абзацты қараңыз)b
ҚҰДАЙ СӨЗІ
7. Қиындықта табанды болуға Киелі кітаптың қандай көмегі бар?
7 Бізге табанды болуға көмектесу үшін Ехоба өзінің Сөзін берді. Киелі кітапта Ехоба бізді қиындықта жалғыз қалдырмай, көмекке келетініне сендіретін тармақтар өте көп. Солардың біреуіне ғана тоқталайық. Матай 6:8-де Иса: “Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі”,— деген. Иса Ехобаны бәрінен де жақсы білетіндіктен, оның Ехоба жайлы айтқан сөздері қашанда сенімді. Сондықтан басымызға күн туғанда Ехоба қандай көмекке мұқтаж екенімізді білетініне сенімді болайық. Рас, Киелі кітап қиын шақта күш беретін жігерлі сөздерге тұнып тұр (Зәб. 94:19).
8. а) Киелі кітап принциптері қиындықтармен күресуге қалай көмектеседі? Мысал келтіріңіз. ә) Киелі кітап принциптері қажет кезде еске түссін десек, не істеуіміз керек?
8 Киелі кітапта табанды болуға көмектесетін принциптер де өте көп. Бұл кеңестер бізге қиын кезеңде даналықпен әрекет етуге көмектеседі (Нақ. с. 2:6, 7). Мысалы, Киелі кітап бізді болуы да, болмауы да мүмкін нәрселерді тым көп ойлай бермей, Ехобаға арқа сүйеуге шақырады (Мат. 6:34). Егер Киелі кітапты күнде оқып, ой жүгіртіп жүрсек, қажет кезде қажет принциптерді еске түсіре аламыз.
9. Киелі кітаптағы оқиғалар Ехоба біздің көмекшіміз екеніне көзімізді қалай жеткізеді?
9 Сондай-ақ Киелі кітапта Ехобаға сенім артып, оның көмегін көрген адамдардың оқиғалары жазылған. Олар да біз секілді кәдімгі адамдар болған (Евр. 11:32—34; Жақ. 5:17). Сол оқиғаларды оқып, ой жүгіртсек, Ехоба біздің де “панамыз әрі күшіміз, қиын кезде жанымыздан табылар көмекшіміз” екеніне көзіміз жетеді (Зәб. 46:1). Қиын шақта Ехобаға сенім артып, ештеңеге қарамай оған қызмет ете берген адамдардың үлгісі бізді де сенім танытып, табанды болуға талпындырады (Жақ. 5:10, 11).
10. Құдай Сөзінің пайдасын толық көру үшін не істесеңіз болады?
10 Не істесеңіз болады? Киелі кітапты күнде оқып, қазіргі жағдайыңызға көмек болатын тармақтардың тізімін жасап, сақтап жүріңіз. Бұл ретте “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасы керемет көмек. Көп бауырластар күндерін осы кітапшамен бастауды әдетке айналдырған. Ондағы тармақтар бізге күнделіктісін күнде жігер беріп тұрады. Мысалы, Мэриa бауырластың жағдайын алайық. Оның әкесі де, анасы да бір уақытта қатерлі ісікпен ауырған. Өмірлерінің соңғы айларында оларға күтім жасау қиындай түскенде, Мэриге еш берілмеуге күнделікті тармақтар көмектескен екен. Ол былай дейді: “Мен күнде таңертең күнделікті тармақты оқып, ой жүгіртіп жүрдім. Соның арқасында еңсемді басқан ауыр ойлардан сәл болса да алаңдап, Ехоба жайлы, оның бізге беріп жатқан тамаша тәлімдері жайлы ойландым” (Зәб. 61:2).
БАУЫРЛАСТАР
11. Қиындыққа кезігіп жүрген жалғыз біз емес екенімізді білгеніміз берілмеуге қалай көмектеседі?
11 Бізге табанды болуға көмектесу үшін Ехоба аяулы бауырластарды берді. “Дүниежүзіндегі барлық бауырластардың да [біз сияқты] қасірет шегіп жүргенін білгеніміздің” өзі жалғыз емес екенімізді түсініп, берілмеуге көмектеседі (Пет. 1-х. 5:9). Басыңызға қиындық түсіп жатса, мынаны ұмытпаңыз: тура осы қиындық басқа бауырластардың да басында бар. Олар сол қиындыққа берілмей, табандылықпен күресіп жүр. Осыны ұмытпай есте ұстағаныңыз сізге де табанды болуға көмектеседі (Ел. іс. 14:22).
12. Бауырластар бізге қалай көмектеседі, ал біз оларға қалай көмектесеміз? (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4)
12 Бауырластарымыз бізге қиындықта табанды болуға көп көмектеседі. Пауылдың жағдайында да солай болған. Ол үй қамауында отырғанда, бауырластар оны жұбатып, жігерлендіріп, қажетімен қамдап отырған. Кейін Пауыл хаттарында сол бауырластардың атын атап, алғысын білдірген (Філіп. 2:25, 29, 30; Қол. 4:10, 11). Бүгінде бізбен де тура солай. Қиындықпен күресуге көмек қажет болып жатса, бауырластарымыз қасымыздан табылады, ал оларға көмек қажет болғанда, біз олардың қасынан табыламыз (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқыңыз).
13. Майя бауырласқа қиын шақта табанды болуға не көмектесті?
13 Ресейдегі Майя бауырлас та қиын шақта бауырластарынан жұбаныш тапқан. 2020 жылы полиция Майя бауырластың үйіне тінту жүргізген. Кейін сенімі жайлы өзгелерге айтқаны үшін оны айыптап, қылмыстық іс қозғаған. Майя бауырлас былай дейді: “Сол кездері қиналып жүргенімде, бауырластар маған хабарласып, хат жазып, жақсы көретіндерін айтып жүрді. Бауырластар менің үлкен отбасым екенін бұрыннан білетінмін, бірақ 2020 жылы болған жағдайдан кейін бұған одан сайын көзім жетті”.
14. Қиналғанда бауырластардың көмегін көру үшін не істесеңіз болады? (Суретті де қараңыз.)
14 Не істесеңіз болады? Қандай да бір қиындықпен күресіп жүрсеңіз, бауырластарыңыздан алыстамай, оларға жақын болыңыз. Ақсақалдардан көмек сұрауға ұялмаңыз. Өйткені олар “желден қорғайтын сая, жаңбырлы дауылдан бассауғалайтын пана” (Ишая 32:2). Сондай-ақ бауырластардың бәрі қиындық көріп жүргенін ұмытпаңыз. Сондай бауырластарға жақсылық жасап, сүйеніш бола біліңіз. Сонда өзіңіз де қиындыққа мойымай, қуанышты болып қаласыз (Ел. іс. 20:35).
Бауырластарыңызға жақын болыңыз (14-абзацты қараңыз)c
ҮМІТ
15. Үміті Исаға қалай күш берді, ал біз үмітімізден қалай күш алсақ болады? (Еврейлерге 12:2)
15 Бізге табанды болуға көмектесу үшін Ехоба үміт берді (Рим. 15:13). Исаның өзі де үмітінің арқасында өміріндегі ең қиын сәтте табанды болып қалды (Еврейлерге 12:2 оқыңыз). Алдағы уақытта Әкесінің есімі ақталатынын, көкте онымен қайтадан қауышатынын, майланған бауырларымен бірге билік ететінін білгені оған күш берді. Біз де Құдай дайындап қойған жаңа дүниеде мәңгі өмір сүретінімізді ойлап, содан күш алайық. Сонда Шайтанның дүниесінде кезігіп жатқан қиындықтардың ешбіріне берілмей, соңына дейін табанды болып қаламыз.
16. Анна бауырлас үмітінен қалай күш алған және оның сөздерінен не түйдіңіз?
16 Ресейде тұратын Анна бауырласқа үміті қалай күш бергенін көрейік. Оның күйеуі тұтқындалып, уақытша тергеу изоляторына әкетілген. Сол кезде Анна былай деген екен: “Дұға мен болашақ туралы жарқын ойлар маған мұңаймауға көмектеседі. Өз-өзіме бір күні бұл да бітер деп қайта-қайта айтып отырамын. Ехоба міндетті түрде жеңіп шығады, демек, біз де”.
17. Үмітіңізді бағалайтыныңызды қалай көрсетсеңіз болады? (Суретті де қараңыз.)
17 Не істесеңіз болады? Ехоба уәде етіп отырған тамаша болашақ жайлы ой жүгіртіп тұрыңыз. Жаңа дүниеде Ехобаның баталарына шомылып, бақытты өмір кешіп жатқаныңызды елестетіңіз. Сонда жұмақтағы өмірдің қасында қазіргі “көріп жатқан қиындықтарыңыз уақытша әрі жеңіл” болып көрінеді (Қор. 2-х. 4:17). Сондай-ақ осы тамаша үмітіңіз жайлы өзгелерге қолдан келгенше айтып жүріңіз. Ехобаны да, оның уәделерін де білмейтін адамдар қаншама қиындықтарға көміліп жүр. Олардың қалай қиналып жүргенін елестетіп көріңізші. Сіздің айтқан бір-екі ауыз сөзіңіздің өзі сол адамдардың қызығушылығын оятып, Құдай Патшалығы жайлы білуге талпындыруы мүмкін.
Ехоба уәде еткен тамаша болашақ жайлы ой жүгіртіңіз (17-абзацты қараңыз)d
18. Ехоба уәделерін орындайтынына неге сенімді болсақ болады?
18 Қиындықтарды абыроймен еңсеріп, соңына дейін адал болып қалған Әйүп Ехобаға былай деді: “Сенің қолыңнан келмейтін нәрсе жоқ екенін, Ой-ниетіңнің орындалмай қалуы мүмкін емес екенін енді білдім” (Әйүп 42:2). Біз де Әйүп сияқты Ехобаның ниеті міндетті түрде жүзеге асатынына және оған ештеңе де кедергі бола алмайтынына сенімді болайық. Сонда біз кез келген қиындықты еңсере аламыз. Мынадай мысал келтірейік. Ауыр дертке шалдыққан бір әйел талай дәрігердің табалдырығын тоздырып, ем іздейді. Бірақ ешкім оны емдей алмайды. Бірақ әйел берілмей, тағы бір білікті маманға жолығады. Ол мәселенің неде екенін анықтап, бұл ауруды емдеудің жолын білетінін айтады. Әйел ауруынан айыққанша біраз уақыт кететінін білсе де, иығынан жүк түскендей жеңілдеп қалады. Үмітінің пайда болғанының өзі оған ауруымен әрі қарай күресе беруге күш береді. Тура солай, үмітімізге, яғни жұмақта барлық қиындықтарымыз шешілетініне сенімді болсақ, бұл бізге табанды болуға күш береді.
19. Соңына дейін табанды болып қалу үшін не істеуіміз керек?
19 Көргеніміздей, бізге табанды болуға көмектесу үшін Ехоба төрт амал қарастырған. Олар: дұға, Киелі кітап, бауырластарымыз және үмітіміз. Осы сыйлардың пайдасын көруге барынша тырысайық, сонда Ехоба бізді Шайтанның дүниесіндегі кез келген қиындықтан алып шығады (Філіп. 4:13).
33-ӘН Уайымыңды Ехобаға арт
a Бұл мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Айлар жалғасып, мезгілдер алмасып жатса да, қарт ер бауырлас қиындыққа мойымай, табанды болып жүр.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Айлар жалғасып, мезгілдер алмасып жатса да, қарт ер бауырлас қиындыққа мойымай, табанды болып жүр.
d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Айлар жалғасып, мезгілдер алмасып жатса да, қарт ер бауырлас қиындыққа мойымай, табанды болып жүр.