29-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
87-ӘН Келіп, сергіп қалыңдар!
Кеңесті қалай берген жөн?
“Сені көзімнен таса қылмай, ақыл-кеңес беремін” (ЗӘБ. 32:8).
НЕГІЗГІ ОЙ
Дұрыс берілген кеңес өзгелердің пайдасына асады.
1. Неге бәріміз кеңес бере білуіміз керек?
БІРЕУГЕ кеңес беруді ұнатасыз ба? Біреулер ұнатса, біреулер онша ұнатпайды, өйткені кеңес беруден қысылады. Бірақ ұнатсақ та, ұнатпасақ та, бәрімізге арагідік біреуге кеңес беру қажет болады. Негізі, бауырластарға қажет кезде кеңес бере білу сүйіспеншілікке жатады. Ал сүйіспеншілік — шынайы мәсіхшілерді ерекшелендіретін бірден-бір қасиет (Жох. 13:35). Сондай-ақ Киелі кітапта “шын көңілден кеңес беретін жан дос” жүректі қуантатыны айтылған (Нақ. с. 27:9).
2. Ақсақалдарға қандай қабілет қажет және неге? (“Апта ішіндегі кездесуде кеңес беру” деген қоршауды да қараңыз.)
2 Кеңес бере білу — әсіресе ақсақалдарға қажет қабілет. Өйткені Ехоба мен Иса қауымды қамқорлауды осы ер кісілерге тапсырған (Пет. 1-х. 5:2, 3). Қауымда баяндама айтқанда, ақсақалдар Киелі кітапқа негіздеп барлық бауырласқа кеңес бере алады. Қажет болғанда, жеке де кеңес береді. Сондай-ақ олар қауымнан алыстап кеткен бауырластарға ақыл-кеңес айтып, қауымға оралуға көмектеседі. Осы орайда ақсақалдар, олардан бөлек біз де кеңес беруді қалай үйрене аламыз?
3. а) Кеңес беруді қалай үйренсек болады? (Ишая 9:6; “Кеңес бергенде Исаға еліктеңіз” деген қоршауды да қараңыз.) ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?
3 Кеңес беруді үйренудің жақсы жолы — Киелі кітаптағы кейіпкерлерден үйрену. Солардың ең үздігі — Иса Мәсіх. Киелі кітапта ол “Керемет кеңесші” деп аталған (Ишая 9:6 оқыңыз). Бұл мақалада келесі сұрақтардың жауабын аламыз: біреу кеңес сұрап келсе, не істеуіміз керек? Адамға сұрамаса да кеңес беру қажет болғанда, қалай әрекет етуіміз керек? Кеңесті қай кезде және қалай берген дұрыс?
БІРЕУ КЕҢЕС СҰРАП КЕЛГЕНДЕ
4, 5. Біреу кеңес сұрап келсе, ең алдымен не жайлы ойланғанымыз жөн? Мысал келтіріңіз.
4 Біреу кеңес сұрап келсе, не істейсіз? Сенім артып келгеніне риза болып, бірден ақыл-кеңес айтуға кірісесіз бе? Бірақ асықпағаныңыз жөн. Алдымен “бұл жағдайда мен дұрыс кеңес бере аламын ба?” деп ойланып көріңіз. Кейде ең дұрысы — өзіміз кеңес бермей, дұрыс кеңес бере алатын басқа біреуді табуға көмектесу.
5 Мысалы, мынадай жағдайды елестетіңіз. Жақын досыңыз өзінің ауыр дертке шалдыққанын біліп, сізбен ақылдасуға келеді. Ол ізденіс жасап, бірнеше ем түрін тапқанын айтады. Соның қайсысын таңдаған дұрыс деп сізден кеңес сұрайды. Сіз оған өзіңіз ең дұрыс деп есептейтін ем-шара түрін айта салғыңыз келетін шығар. Бірақ сіз дәрігер емессіз, ол ауру туралы да жақсы білмейсіз. Олай болса, бұл жағдайда сіздің кеңес бергеніңіз орынды ма? Әлде досыңызға медицинадан хабары бар адамды табуға көмектескеніңіз дұрыс бола ма?
6. Біреуге кеңес бермей тұрып, неге шамалы күткен дұрыс?
6 Ал кеңес сұрап келген адамның мәселесі сізге өте таныс болса әрі не істеу керектігін нақты біліп тұрсаңыз ше? Ондай кезде де асықпай, шамалы уақыт күткеніңіз дұрыс. Бұл неге маңызды? Нақыл сөздер 15:28-де: “Әділ өз жауабын ойлап берер”,— делінген. “Не айтатынымды біліп тұрсам, несіне ойланамын?” дейтін шығарсыз. Бірақ ізденіс жасап көру, дұға ету, ой жүгірту ешқашан артық етпейді. Осылай етсеңіз, беретін кеңесіңіз Ехобаның ойымен толық сай келетініне сенімді боласыз. Қазір Натан пайғамбармен болған бір жағдайды қарастырайық.
7. Натан пайғамбармен болған жағдайдан не түйеміз?
7 Дәуіт патша Натан пайғамбармен сөйлесіп, Ехобаға арнап ғибадатхана соққысы келетінін айтты. Сонда Натан оны бірден қолдай кетті. Бірақ оның асықпай, Ехобаның ойын біліп алғаны жөн еді. Өйткені Ехоба ғибадатхананы Дәуіт соққанын қалаған жоқ (Шеж. 1-ж. 17:1—4). Осы жағдайдан көретініміздей, кеңес бергенде “сөйлеуге... баяу болу” даналыққа жатады (Жақ. 1:19).
8. Біреуге кеңес бермей тұрып, неге жақсылап ойланып алғанымыз жөн?
8 Біреуге кеңес бермей тұрып, жақсылап ойланып алудың тағы бір келелі себебі бар. Егер біреу кеңесімізге құлақ асып, артынан опық жесе, бұған біз де кінәлі болып қаламыз. Сондықтан біреуге кеңес беру жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес. Бұл — үлкен жауапкершілік.
СҰРАМАСА ДА КЕҢЕС БЕРУ ҚАЖЕТ БОЛҒАНДА
9. Ақсақалдар кеңес бермей тұрып, не нәрсеге көз жеткізу керек? (Ғалаттықтарға 6:1)
9 Ақсақалдар шалыс қадам жасаған бауырласқа өздері барып кеңес беруі қажет (Ғалаттықтарға 6:1 оқыңыз). “Шалыс қадам” деген ауыр күнәға апаруы мүмкін іс-әрекеттерді білдіреді. Ақсақалдар шалыс қадам жасаған адамға мәңгілік өмірге апаратын жолдан ауытқып кетпеуге барынша көмектеседі (Жақ. 5:19, 20). Бірақ кеңес бермей тұрып, олар оның шынымен де шалыс қадам жасағанына көз жеткізіп алу керек. Өйткені шалыс қадам болып көрінген нәрсе, шын мәнінде шалыс қадам болмауы мүмкін. Ехоба құқық бергендіктен, әр адам ар-ұжданына сай шешім қабылдауға ерікті (Рим. 14:1—4). Ал адамның шалыс қадам жасағанына нақты көздері жетсе, ақсақалдар оған қалай кеңес беру керек?
10—12. Сұрамаған адамға кеңес бергенде, ақсақалдар не істеу керек? Мысал келтіріңіз. (Суреттерді де қараңыз.)
10 Елші Пауыл айтқандай, адам шалыс қадам жасап жатқанын өзі аңдамауы мүмкін. Ақсақалдар сондай адамға кеңесті төтесінен беретін болса, ол “маған не үшін кеңес беріп жатыр” деп, төбесіне жай түскендей болуы мүмкін. Сондықтан кеңес бермес бұрын, ақсақалдардың сол адамды дайындап алғаны жөн болады.
11 Күтпеген жерден адамға кеңес беру қатты топыраққа дән еккенмен тең. Әдетте егінші дән екпес бұрын, жерді жыртып, жұмсартып алады. Содан кейін ғана дәнін егіп, артынан суарады. Тура солай біреуге кеңес беруді ұйғарған ақсақал да алдымен адамның жүрегін дайындап алу керек. Сөйлесуге қолайлы уақыт туғанда, ақсақал сол адамға барып, оны шын көңілден уайымдап жүргенін айтса болады. Егер кеңес беруші қамқор, жұмсақ адам ретінде танымал болса, оның берген кеңесін өзгелер жеңіл қабылдайды.
12 Адам кеңесті қабылдауға дайын болу үшін ақсақал тағы не істей алады? Ол кез келген адам ара-тұра қателік жасап қою мүмкін екенін айтып өтсе болады (Рим. 3:23). Кейін құрметпен, жұмсақ үнмен Киелі кітаптан тармақтар келтіре отырып, оның қандай шалыс қадам жасағанын анық түсіндіргені абзал. Адам өзінің қандай қателік жасағанын түсінген соң, ақсақал дән егеді, яғни түзелу үшін не істеу керектігін қарапайым сөздермен нақты айтады. Содан кейін суаруға кіріседі, яғни адамды шын жүректен мақтап, онымен бірге дұға етеді (Жақ. 5:15).
Сұрамаған адамға кеңес бергенде, сүйіспеншілік пен асқан мұқияттылық қажет (10—12 абзацтарды қараңыз)
13. Адам кеңесті дұрыс түсінгеніне ақсақалдар қалай көз жеткізе алады?
13 Ескеретін бір жайт, адам берілген кеңесті басқаша түсініп қалуы әбден мүмкін. Бұлай болмас үшін ақсақалдар не істесе болады? Айтылған кеңестің негізгі тұстарын шегелеп өту үшін, оған ізетпен сұрақтар қойса болады (Уағ. 12:11). Осылай олар адам кеңесті қаншалықты дұрыс түсінгеніне көз жеткізе алады.
КЕҢЕСТІ ҚАЙ КЕЗДЕ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ БЕРГЕН ДҰРЫС?
14. Неге ашу үстінде кеңес бермеген дұрыс? Түсіндіріңіз.
14 Бәріміз де кемелсіз болғандықтан, бірде болмаса бірде әйтеуір біреуді ренжітіп қоямыз (Қол. 3:13). Киелі кітапта тіпті бір-біріміздің кейде ашуымызға тиетініміз айтылған (Ефес. 4:26). Бірақ ашуланып тұрғанда ешқашан біреуге кеңес айтпаған дұрыс. “Өйткені ашудың жетегіндегі адам Құдайдың әділдігіне сай әрекет етпейді” (Жақ. 1:20). Ашу үстінде кеңес берсеңіз, тек отқа май құясыз. Сонда біз ашуымызға тиген адамға ештеңе демеуіміз керек пе? Әрине, ол адамға не сезініп тұрғанымызды айтуға болады, бірақ алдымен ашуымызды басып, сабырға келген жөн. Сонда ғана ол адаммен әңгімеміз жақсы нәтиже әкеледі. Осы орайда Әйүпке кеңес берген Елихуден үлгі алсақ болады.
15. Елихуден қандай үлгі аламыз? (Суретті де қараңыз.)
15 Доссымақтары жапқан жаладан күйініп, өзін ақтап әлек болған Әйүпті Елиху бірнеше күн бойы үнсіз тыңдап отырды. Бір жағынан Әйүпке жаны ашыса, бір жағынан қатты ашуы келді. Әйүптің Ехоба жайлы орынсыз сөздер айтып, өзін тым көп ойлап кеткені Елихуге ұнамады. Бірақ ол сонда да сөйлейтін сәтін шыдаммен күтті. Қолайлы уақыт туғанда Елиху құрметпен әрі жұмсақтықпен Әйүпке кеңес беріп, ойын түзеді (Әйүп 32:2; 33:1—7). Бұл жағдайдан маңызды бір сабақ аламыз: қолайлы уақытта әрі құрметпен айтылған кеңес — ең жақсы кеңес (Уағ. 3:1, 7).
Басында Әйүпке ашуланса да, Елиху оған жұмсақтықпен әрі құрметпен кеңес берді (15-абзацты қараңыз)
КЕҢЕС БЕРУ МЕН ОНЫ ҚАБЫЛДАЙ БІЛУДІ ҮЙРЕНЕ БЕРЕЙІК
16. Зәбүр 32:8-де айтылған сөздерден қандай сабақ аламыз?
16 Осы мақаланың негізгі тармағында айтылғандай, Ехоба бізді “көзінен таса қылмай, ақыл-кеңес береді” (Зәбүр 32:8 оқыңыз). Бұл деген сөз, Ехоба кеңес берген соң, сол кеңестің пайдасын көру үшін бізге көмектесіп, көз қырын салып жүреді. Біз де біреуге кеңес бергенде Ехобаға еліктейік. Адам берген кеңесіміздің пайдасын көріп, түзелгенше, оған көз қырымызды салып, қолдау көрсетіп жүрейік.
17. Киелі кітапқа негіздеп нақты кеңес беретін ақсақалдар не үшін бағалы? Түсіндіріңіз. (Ишая 32:1, 2)
17 Кеңес беру де, оны қабылдай білу де әсіресе қазіргі уақытта маңызды (Тім. 2-х. 3:1). Киелі кітапқа негіздеп нақты кеңес беретін ақсақалдар “құла түздегі су көздеріндей” (Ишая 32:1, 2 оқыңыз). Құлағымызға жағатын емес, қажет кеңесті бере алатын достарымыз нағыз достар. Олардың кеңесі “күміс табаққа салынған алтын алмадай” бағалы (Нақ. с. 25:11). Ендеше, кеңес беруді және оны қабылдай білуді үйрене берейік.
109-ӘН “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”