28-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын
Неге ақылдаса білген жөн?
“Ақылдасатындар даналыққа ие болар” (НАҚ. С. 13:10).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ақыл-кеңестің бар пайдасын көру үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз.
1. Оң нәтижеге қол жеткізудің ең жақсы жолы қандай? (Нақыл сөздер 13:10; 15:22)
БӘРІМІЗ ДЕ жоспарларымыз жүзеге асып, қабылдаған шешімдеріміз оң нәтиже әкелгенін қалаймыз. Киелі кітапта айтылғандай, бұған қол жеткізудің ең жақсы жолы — ақылдасу (Нақыл сөздер 13:10; 15:22 оқыңыз).
2. Ехоба бізге нені уәде етеді?
2 Біздің ақыл сұрап жүгінетін ең басты тұлғамыз — Әкеміз Ехоба. Киелі кітапта ол: “Сені көзімнен таса қылмай, ақыл-кеңес беремін”,— деп уәде етеді (Зәб. 32:8). Ехоба ақыл-кеңесін беріп қана қоймай, бізге көз қырын да салып жүреді. Бұл деген сөз, ол бізге ақыл-кеңесінің бар пайдасын көруге көмектеседі.
3. Бұл мақалада не қарастырамыз?
3 Бұл мақалада Құдай Сөзінің көмегімен келесі төрт сұраққа жауап аламыз: 1) Ақыл-кеңестің пайдасын көру үшін маған қандай қасиеттер қажет? 2) Ақыл-кеңесті кімнен сұрағаным дұрыс? 3) Өзгелердің кеңесін қабылдауға дайынмын ба? 4) Менің орныма біреу шешім қабылдағаны дұрыс па?
АҚЫЛ-КЕҢЕСТІҢ ПАЙДАСЫН КӨРУ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚАСИЕТТЕР ҚАЖЕТ?
4. Ақыл-кеңестің пайдасын көру үшін бізге қандай қасиеттер қажет?
4 Ақыл-кеңестің пайдасын көру үшін қарапайым да кішіпейіл болғанымыз маңызды. Неге? Өмірде бәрін бастан кешу, бар білімге ие болу мүмкін емес болғандықтан, біз өзгелердің ақыл-кеңесіне мұқтажбыз. Қарапайымдылық пен кішіпейілділік жетіспейтін адамға Ехоба көмектесе алмайды. Өйткені ондай адам Құдай Сөзін оқығанда, бұл ақыл-кеңестер маған қажет деп ойламайды. Ағып жатқан су тасты жағалап өте шығатынындай, Құдайдың ақыл-кеңестері оның санасына сіңбейді (Миха 6:8; Пет. 1-х. 5:5). Ал қарапайым да кішіпейіл адам Киелі кітаптағы кеңестерді бірден бойына сіңіріп, бар пайдасын көреді.
5. Дәуіт патшаны қандай жетістіктері менмен етуі мүмкін еді?
5 Қазір Дәуіт патшадан қандай үлгі алуға болатынын көрейік. Ол сегіз қырлы, бір сырлы болса да, кішіпейілділігінен айнымаған. Оның ән-күйден хабары болған. Ол тіпті Саул патшаның алдына арнайы шақыртылып, арфада ойнаған (Сам. 1-ж. 16:18, 19). Ал кейін өзі патша болып майланғанда, Ехоба оған киелі рухын дарытты (Сам. 1-ж. 16:11—13). Қаншама жауларын сұлатқан, алып Ғолиятты құлатқан Дәуіттің атағы жер жарып тұрды (Сам. 1-ж. 17:37, 50; 18:7). Тек биіктен көрініп жүрген Дәуіттің орнында басқа біреу болғанда, менменсіп, өзгелердің кеңесіне құлақ аспас па еді?! Бірақ кішіпейіл Дәуіт әрдайым кеңеске құлақ түре білді.
6. Дәуіттің құлағы кеңеске түрік болғанын қайдан білеміз? (суретті де қараңыз.)
6 Таққа отырған соң Дәуіт патша қасына көп кеңесшілер жинаған (Шеж. 1-ж. 27:32—34). Ол патша болмай тұрып та айтылған кеңестерге құлақ аса білген. Ер адамдар былай тұрсын, бірде ол тіпті әйел адамның кеңесіне құлақ асты. Бұл әйел алғысты білмейтін, өркөкірек Набалдың әйелі Әбигел еді. Оның кеңесін кішіпейілділікпен қабылдағанның арқасында Дәуіт райынан қайтып, қолын қанға малмады (Сам. 1-ж. 25:2, 3, 21—25, 32—34).
Дәуіт патша кішіпейілділікпен Әбигелдің кеңесіне құлақ асты (6-абзацты қараңыз)
7. Дәуіт патшадан қандай сабақ аламыз? (Уағыздаушы 4:13) (Суреттерді де қараңыз.)
7 Дәуіт патшадан қандай сабақ аламыз? Біздің де қандай да бір қабілет-дарынымыз, қандай да бір шамада билігіміз бар шығар. Ондай кезде “мен бәрін білемін, маған ешкімнің ақылы қажет емес” деген ойдан мейлінше аулақ болғанымыз жөн. Керісінше, Дәуіт сияқты кез келген кеңеске, оны кім айтса да, құлағымыз түрік болсын (Уағыздаушы 4:13 оқыңыз). Сонда қателік жасаудан аулақ болып, өзімізге де, өзгелерге де кесірімізді тигізбейміз.
Кез келген кеңеске, оны кім айтса да, құлақ түре білгеніміз жөн (7-абзацты қараңыз)c
АҚЫЛ-КЕҢЕСТІ КІМНЕН СҰРАҒАН ДҰРЫС?
8. Неге Жонатан ең жақсы кеңесші болды?
8 Дәуіт патшадан алар тағы бір сабағымыз бар. Ол Ехоба Құдайды жақсы көретін әрі жағдайды жақсы білетін адамдардың кеңесіне құлақ асқан. Бірде Саул патшаның ойында не бар екенін білгісі келгенде, Дәуіт Жонатанның ақылына құлақ асты. Неге бұл жағдайда Жонатан ең жақсы кеңесші болды? Біріншіден, Жонатан Ехобаны жақсы көрді. Екіншіден, әкесі Саулды одан артық кім білуші еді?! (Сам. 1-ж. 20:9—13). Ал біз Дәуіт патшаға қалай еліктесек болады?
9. Ақыл-кеңес іздегенде кімге жүгінгеніміз жөн? Түсіндіріңіз. (Нақыл сөздер 13:20)
9 Ақыл-кеңес іздегенде біз де Ехобаны сүйетін және жағдайды жақсы білетін адамға жүгінгеніміз жөнa (Нақыл сөздер 13:20 оқыңыз). Бір ер бауырластың үйленетін ойы бар делік. Оның жар таңдауға қатысты кіммен ақылдасқаны дұрыс? Әрине, бойдақ достары оған Киелі кітапқа негіздеп жақсы кеңестер бере алар. Бірақ ол өзімен жақсы араласатын, рухани толысқан әрі некелері баянды ерлі-зайыптымен ақылдасса, әлдеқайда тиімді кеңестер еститіні анық. Өйткені олар Киелі кітаптағы кеңестерден бөлек, некеде өз білген-түйгендерімен де бөлісе алады.
10. Бұл мақалада әрі қарай не қарастырамыз?
10 Сонымен, ақыл-кеңестің пайдасын көру үшін қандай екі қасиет қажет екенін және кіммен ақылдасқан дұрыс екенін көрдік. Ал енді өзгелердің кеңесін қабылдауға дайынбыз ба және біздің орнымызға біреу шешім қабылдағаны дұрыс па — соны көрейік.
ӨЗГЕЛЕРДІҢ КЕҢЕСІН ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫНБЫЗ БА?
11, 12. а) Біз неден аулақ болуымыз керек? ә) Ақыл-кеңес қажет болғанда Робоғам патша қалай әрекет етті?
11 Кейбір адамдар ақыл-кеңес іздеп жүргендей көрінеді, бірақ шын мәнінде өздері қабылдап қойған шешімді қолдайтын адамдарды іздейді. Ондайлар біреудің ақыл-кеңесін қабылдауға дайын емес. Бізбен де бұлай болып жүрмес үшін, Робоғам патшадан сабақ алғанымыз жөн.
12 Робоғам әкесі Сүлейменнен кейін билік етті. Халық шалқып өмір сүріп жатса да, Сүлеймен патшаның артқан жүгін тым ауыр көрді. Сондықтан олар Робоғамнан сол жүкті жеңілдетуді сұрады. Робоғам ойлануға уақыт сұрап, халықты таратып жіберді. Ол алдымен Сүлейменнің кеңесшілері болған үлкен кісілерден ақыл сұрады, бұнысы өте дұрыс болды (Пат. 1-ж. 12:2—7). Бірақ ол сұрауын сұрап алып, олардың ақылына құлақ аспады. Неге? Бәлкім, ол не істейтінін алдын ала шешіп қойып, сол шешімін қолдайтын адамдарды іздеген шығар. Құрдастарының берген кеңесі құлағына майдай жаққаны да содан болар. Сөйтіп, ол халықты қайтадан жинап, құрдастарының кеңесіне сүйеніп шешімін айтты (Пат. 1-ж. 12:8—14). Содан кейін халық жікке бөлініп кетті, ал Робоғам патша қиындықтан көз ашпады (Пат. 1-ж. 12:16—19).
13. Ақыл-кеңесті қабылдауға дайын екенімізді қалай тексерсек болады?
13 Робоғам патшаның жағдайынан алатын сабағымыз — біреуге ақыл-кеңес сұрап барсақ, берген кеңесін қабылдауға дайын болайық. “Біреудің берген кеңесі ұнамай қалса, айтқанын елемей қоямын ба?” деп өзіңізді тексеріп көріңіз. Қазір бір мысал келтірейік.
14. Біреу ақыл-кеңес бергенде нені есте ұстауымыз керек? Мысал келтіріңіз. (Суретті де қараңыз.)
14 Бір ер бауырлас жалақысы жоғары жұмыс тапты делік. Ол алдымен ақсақалымен ақылдасып көреді. Ол бұл жұмысқа тұрса, отбасынан ұзақ уақыт бойы жырақта жүруге тура келетінін айтады. Сонда ақсақал оған Киелі кітаптан тармақтар келтіріп, оның басты жауапкершілігі отбасының рухани күйін қамдау екенін түсіндіреді (Ефес. 6:4; Тім. 1-х. 5:8). Егер ер бауырлас бұл ақсақалдың кеңесін жақтырмай, өзіне ұнайтын кеңесті естігенше, басқалардан ақыл сұрай берсе ше? Онда оны ақыл-кеңес іздеп жүрген адам деуге бола ма, жоқ әлде ол не істейтінін шешіп қойып, сол шешімін қолдайтын адамды іздеп жүр ме? Ұмытпайық, “адам жүрегі бәрінен де алдамшы” (Ерм. 17:9). Әдетте құлағымызға жақпаған кеңес — дәл бізге қажет кеңес.
Сіз шынымен ақыл-кеңес іздеп жүрсіз бе, жоқ әлде қабылдап қойған шешіміңізді қолдайтын адамды ма? (14-абзацты қараңыз)
БІЗДІҢ ОРНЫМЫЗҒА БІРЕУ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАҒАНЫ ДҰРЫС ПА?
15. Біз неден абай болуымыз керек және неге?
15 Ешкім біреудің орнына шешім қабылдай алмайды, әркім өзі шешім қабылдау керек (Ғал. 6:4, 5). Әрине, біз Киелі кітапқа не толысқан мәсіхшілерге жүгініп, ақыл-кеңес іздей аламыз. Бірақ абай болатын бір жайт бар. Кейде біз шешім қабылдаудан қашып, сенім артатын біреуден “менің орнымда болсаң, не істер едің” деп төтесінен сұрауымыз мүмкін. Я болмаса біреудің қандай шешім қабылдағанын көріп, артынан қайталай салуымыз мүмкін.
16. Қорынт қауымында пұттарға бағышталған етке қатысты қандай мәселе туындады және оны жеу-жемеуді кім шешу керек еді? (Қорынттықтарға 1-хат 8:7; 10:25, 26)
16 Бірінші ғасырда болған бір жағдайды қарастырайық. Қорынт қауымында пұттарға бағышталған етке қатысты мәселе туындады. Пауыл оларға: “Біз пұттың түкке де тұрмайтынын әрі тек бір ғана шынайы Құдай бар екенін білеміз”,— деп жазған (Қор. 1-х. 8:4). Осы сөздерге сүйеніп, қауымда кейбіреулер пұттарға бағышталып, кейін базарда сатылған етті жегенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаған. Ал басқалары ар-ұждандары жол бермегендіктен мұндай етті жеуге болмайды деп шешкен (Қорынттықтарға 1-хат 8:7; 10:25, 26 оқыңыз). Негізі, бұл әркімнің жеке шешімі еді. Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерді біреу үшін шешім қабылдауға не біреудің істегенін қайталай салуға ешқашан талпындырмаған. Әркім “өз іс-әрекеті үшін Құдай алдында есеп беретінін” ол жақсы түсінген (Рим. 14:10—12).
17. Өзгелердің істегенін қайталай салсақ не болуы мүмкін? Мысал келтіріңіз. (Суреттерді де қараңыз.)
17 Бүгінде бізбен де ұқсас жағдай болуы мүмкін. Мысалы, қан фракцияларының қайсысына келісетінін, қайсысына келіспейтінін әр мәсіхші өзі шешедіb. Әрине, бұл тақырыпты жан-жақты зерттеп, толық түсіну оңай емес. Бірақ бұл мәселеде әр мәсіхші өз жүгін өзі көтеруі тиіс (Рим. 14:4). Егер біз өзгелердің қандай шешім қабылдағанын көріп, қайталай салсақ, ар-ұжданымыз әлсіреуі мүмкін. Ар-ұждан дұрыс тәрбиелену үшін Киелі кітапқа негіздеп жеке шешім қабылдап үйренгеніміз маңызды (Евр. 5:14). Сонда өзгелердің ақыл-кеңесіне қай кезде жүгінеміз? Егер жеке зерттеу жасаған соң да Киелі кітап принциптерін қалай қолдануды түсінбей жатсақ, толысқан мәсіхшінің көмегіне жүгіну орынды болады.
Өзгелердің кеңесіне жүгінбес бұрын, өзіміз жеке зерттеу жасауымыз керек (17-абзацты қараңыз)
АҚЫЛ-КЕҢЕС ІЗДЕУДЕН ТАЛМАҢЫЗ
18. Ехоба бізге қалай көмектесіп жатыр?
18 Шешім қабылдауды өзімізге қалдырып, Ехоба бізге үлкен сенім артып отыр. Бізге көмек болсын деп ол өзінің Сөзін берді. Ақыл-кеңесін айтып, Киелі кітаптағы принциптерді түсінуге көмектесетін достар да сыйлады. Иә, дұрыс шешім қабылдауымыз үшін көктегі Әкеміз бәрін жасап қойған (Нақ. с. 3:21—23). Бұл үшін оған риза екенімізді қалай көрсетсек болады?
19. Ехобаны қуанту үшін не нәрсеге ұмтыла бергеніміз жөн?
19 Бала ақылы кіріп, толысып, Ехобаға қызмет етуді таңдап жатса, ата-ана үшін бұдан асқан қуаныш бар ма?! Тура солай қызметшілері рухани толысып, өзгелермен ақылдасып, дана шешім қабылдап жатса, Ехобаның жүрегі қуанышқа толады.
127-ӘН Қандай адам болуым керек?
a Мәсіхшілер қаржы, денсаулық не басқа да мәселелер бойынша Ехобаға ғибадат етпейтін адамдардың кеңесіне жүгіне алады.
b Қан фракциялары туралы көбірек білу үшін, “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабын қараңыз (39-сабақ, 5-тақырыпша және “Қосымша ізденіңіз”).
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ақсақалдар кездесуінде дауыс көтеріп сөйлеген ер бауырласқа бір ақсақал кеңес беріп жатыр.