30-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
97-ӘН Құдай Сөзімен өмір сүру
Киелі кітаптағы негізгі шындықтар қашанда пайдалы
“Бәрін білсеңдер де,.. шындықта берік тұрсаңдар да, бәрібір бұларды ұдайы естеріңе салып отырмақпын” (ПЕТ. 2-Х. 1:12).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехобаға қызмет етіп жүргенімізге қанша уақыт болмасын, Киелі кітаптағы негізгі шындықтар әрқашан да пайдалы.
1. Киелі кітаптағы негізгі шындықтарды білгенде өміріңіз қалай өзгерді?
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ негізгі шындықтарды білгенде, көзіміз ашылып, өміріміз түбегейлі өзгерді. Құдайдың есімі Ехоба екенін алғаш естігенде, оны жанымызға жақын тартып, онымен дос болып кеттік (Ишая 42:8). Өмірден өткен жақындарымыз о дүниеде азапталмайтынын біліп, бір жеңілдеп қалдық (Уағ. 9:10). Ал бүкіл жер беті жұмаққа айналатынын білгенде, болашағымыз қаншалықты жарқын екенін түсіндік. Сондай-ақ адам демде өте шығатын 70 не 80 жыл емес, мәңгі өмір сүретінін білдік (Зәб. 37:29; 90:10).
2. Негізгі шындықтар рухани толысқан мәсіхшілер үшін де пайдалы екені Петірдің 2-хаты 1:12, 13-тен қалай көрінеді?
2 Киелі кітаптағы негізгі шындықтардың күшін елемей жүрмейік. Елші Петір тіпті “шындықта берік тұрған” мәсіхшілерге хат жазып, олар онсыз да жақсы білетін ілімдерді естеріне салған (Петірдің 2-хаты 1:12, 13 оқыңыз). Сол уақыттары қауымның ішінде жалған ұстаздар мен Құдайдан қорықпайтын адамдар бауырластарға рухани қауіп төндіріп тұрған еді (Пет. 2-х. 2:1—3). Петір бауырластардың сенімін нығайту үшін кейбір ілімдерді қайтадан естеріне салды. Өйткені сол ілімдер оларға соңына дейін адал тұруға көмектесетініне сенімді болды.
3. Неге барлық мәсіхшілердің негізгі шындықтарды естен шығармай, ой жүгіртіп жүргендері маңызды? Мысал келтіріңіз.
3 Рухани толысқан сайын, Киелі кітаптағы негізгі шындықтарды жаңа қырынан көре бересің. Мысалы, тәжірибелі аспаз бен аспаз болуды енді үйреніп жүрген адамды салыстырайық. Екеуіне бірдей азық-түлік берілді делік. Тәжірибелі аспаз жылдар бойы тамақ істеп жүргендіктен, сол азық-түліктен неше түрлі, керек десең, жаңа тағамдар да дайындап бере алады. Ал аспаз болуды енді үйреніп жүрген адам бірден олай ете алмайды. Тура сол сияқты, зерттеушіден айырмашылығы, Ехобаға ұзақ уақыттан бері қызмет етіп жүрген мәсіхші негізгі шындықтарды жаңа қырынан көре алады. Өйткені шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін ол әртүрлі жағдайларды бастан кешеді, түрлі қызметтер атқарып көреді. Өмірде өзгерістер болған сайын, жаңа жағдайда негізгі ілімдерді жаңа қырынан байқап, олардың пайдасын жаңаша көре береді. Ал қазір келесі негізгі үш шындықтан толысқан мәсіхшілер не үйрене алатынын көрейік.
ЕХОБА — ЖАРАТУШЫ
4. “Ехоба — Жаратушы” деген негізгі шындық өмірімізге қалай әсер етті?
4 Киелі кітапта айтылғандай, “бәрінің Жаратушысы — Құдай” (Евр. 3:4). Жер мен ондағы тіршілік аса дана әрі құдіреті шексіз Жаратушының арқасында пайда болды. Адам баласын да Құдай жаратқандықтан, оған ішіміз де, сыртымыз да түгел аян. Сондықтан біз үшін ненің жақсы екенін ол ғана біледі. Құдай адамдарды жақсы көреді және оларды қамқорлап жүреді. “Ехоба — Жаратушы” деген осы бір ғана шындық өмірімізге мән беріп, мағынаға толтырды.
5. Кішіпейіл болып қалу үшін нені естен шығармауымыз керек? (Ишая 45:9—12)
5 “Ехоба — Жаратушы” деген шындық қаншалықты кішіпейіл болуымыз керектігін түсінуге көмектеседі. Кезінде Әйүп Ехоба жайлы қате тұжырым жасап, өзінің әділ екенін дәлелдемек болды. Сол кезде Ехоба өзінің құдіреті шексіз Жаратушы екенін оның есіне салды (Әйүп 38:1—4). Сонда Әйүп тәубеге келіп, Ехобаның жолдары мен ойлары адамдікінен тым биік екенін түсінді. Ишая пайғамбар да пенде Құдайдың даналығынан ешқашан асып түсе алмайтынын көрсетіп, былай деген: “Сазбалшық Құмырашыға: “Не істеп жатырсың?”— дей ме?” (Ишая 45:9—12 оқыңыз).
6. Жаратушымыздың қаншалықты асқақ екені жайлы ой жүгірткеніміз неге маңызды? (Суреттерді де қараңыз.)
6 Ехобаға ұзақ уақыттан бері қызмет етіп жүрген мәсіхші абай болмаса, Ехоба мен оның Сөзіне жүгінудің орнына, өз ақылына сенім артып кетуі мүмкін (Әйүп 37:23, 24). Бұған жол бермес үшін, оның Жаратушының ұшан-теңіз даналығы мен шексіз құдіреті жайлы терең ой жүгірткені маңызды (Ишая 40:22; 55:8, 9). Сонда ол кішіпейіл болып, өзінің ойын ешқашан Ехобанікінен жоғары қоймайды.
Өз ой-пікірімізді Ехобанікінен де артық санап кетпес үшін не істеуіміз керек? (6-абзацты қараңыз)
7. Рахела бауырласқа ұйымдағы өзгерістерді қабылдауға не көмектесті?
7 “Ехоба — Жаратушы” деген шындық Словениядағы Рахела бауырласқа ұйымдағы өзгерістерді қабылдауға көмектескен. Ол былай дейді: “Маған ұйымда басшылықты қолға алған бауырластардың шешімдерін түсіну кейде қиын. Мысалы, ер бауырластарға сақал қоюға болады дегенде, Басқарушы кеңестің үндеуінa көріп шықсам да, бұл өзгерісті қабылдай алмадым. Сақал қойған бауырлас алғаш рет сахнаға шыққанда, бұл маған өте ерсі көрінді. Содан кейін Ехобаға дұға етіп, осы өзгерісті қабылдауға көмектесуін сұрадым”. Рахела Ехобаның көк пен жерді жаратқан Жаратушы екені жайлы ой жүгіртті, соның арқасында Ехоба өз ұйымын бұрыс бағыттауы мүмкін емес екенін түсінді. Сізге де жаңа түсініктер мен ұйымдағы өзгерістерді қабылдау қиын ба? Онда кішірейіп, Жаратушымыздың қаншалықты дана, қаншалықты құдіретті екені жайлы ой жүгіртіп көріңіз (Рим. 11:33—36).
ҚҰДАЙ ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТКЕ СЕБЕПШІ ЕМЕС
8. Құдай қайғы-қасіретке не үшін жол беріп отырғанын білгеніміздің қандай пайдасын көріп жүрміз?
8 Құдай қайғы-қасіретке не үшін жол беріп отырғанын білмегендіктен, біреулер Құдайды кінәласа, біреулер “Құдай жоқ” деп, одан баз кешіп кеткен (Нақ. с. 19:3). Ал біз қайғы-қасіретке Ехоба емес, күнә мен кемелсіздігіміз себепші екенін білеміз. Ехоба қайғы-қасіретті тоқтатпай, неге оған жол беріп отырғаны да бізге мәлім. Ехобаның шыдамдылығының арқасында миллиондаған адам оны танып-біліп, жуырда ол қайғы-қасіретті біржола жоятынын біліп жатыр (Пет. 2-х. 3:9, 15). Осы негізгі шындықты білгеніміз бізге жұбаныш беріп, Ехобаға одан сайын жақындата түседі.
9. Ехоба қайғы-қасіретке не үшін жол беріп отырғаны жайлы әсіресе қай кезде ой жүгірткеніміз маңызды?
9 Ехоба қайғы-қасіретті біржола жойғанша, бізге де шыдамды болу қажет. Айтуға оңай, әрине. Бірақ өзіміз не жақынымыз әділетсіздік көрсе, қайғылы жағдайға душар болса, “Ехоба қиналғанымызға қашанғы қарап отыра береді” деп налитын шығармыз (Абқ. 1:2, 3). Сондайда ең дұрысы — Ехоба әділдердің қасірет шегуіне не үшін жол беретінін еске түсіріп, сол жайлы ой жүгіртуb (Зәб. 34:19). Сондай-ақ Ехобаның қайғы-қасіретті біржола жоямын деген ниеті жайлы ойланғанымыз дұрыс.
10. Анна бауырлас қайғысын қалай жеңді?
10 Ехобаның қайғы-қасіретке не үшін жол беретінін білгеніміз бізге қайғының ауыр жүгін көтеруге көмектеседі. Үнді мұхитындағы Майотта аралында тұратын Анна бауырлас былай дейді: “Бірнеше жыл бұрын анам қайтыс болды. Оның жоқтығына көну маған өте қиын. Бірақ бұлай болғанына Ехоба кінәлі емес деп қайта-қайта өзіме айтып отырамын. Керісінше, ол қайғы-қасіретті жоюға және марқұмдарды тірілтуге асық екені жайлы ойланамын. Бұл шындықтар жаныма жай беріп, тыныштық сыйлайтыны сонша — кейде бұған қайран қаламын”.
11. Ехоба қайғы-қасіретке не үшін жол беретінін білгеніміз бізді не істеуге талпындырады?
11 Құдайдың қайғы-қасіретке не үшін жол беріп отырғаны жайлы шындық бізді уағыздай беруге талпындырады. Петір Ехобаның шыдамдылық танытып отырғанын айтқан соң: “Сендердің жүріс-тұрыстарың қасиетті, ал іс-әрекеттерің Құдайға шын берілген адамдарға тән болу керек”,— деп жазған (Пет. 2-х. 3:11). Уағыз ісі де “Құдайға шын берілген адамдарға тән” іс-әрекеттерге жатады. Көктегі Әкеміз Ехоба сияқты біз де адамдарды жақсы көреміз. Олар да жаңа дүниеде өмір сүрсе екен дейміз. Ехоба сіздің аумағыңыздағы адамдарға да шыдамдылық танытып отыр. Сол адамдарға шындықты жеткізіп, Ехобамен қызметтесу үлкен мәртебе емес пе?! (Қор. 1-х. 3:9).
БІЗ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ
12. “Соңғы күндері” өмір сүріп жатқанымызды білгеніміздің қандай пайдасы бар?
12 Киелі кітапта “соңғы күндері” адамдардың қалай өзгеретіні нақты сипатталған (Тім. 2-х. 3:1—5). Қайда қарама, осы пайғамбарлықтың орындалып жатқанын көріп жүрміз. Адамдардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы барған сайын нашарлап жатқаны Құдай Сөзінің сенім артуға тұрарлық екеніне одан сайын көзімізді жеткізеді (Тім. 2-х. 3:13—15).
13. Лұқа 12:15—21 тармақтарда жазылған Исаның мысалы бізді не жайлы ойлануға талпындыру керек?
13 Соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды білгеніміздің арқасында өмірімізді әлдеқайда маңызды істерге арнаймыз. Өмірімізді неге арнайтынымыз бейжай қарайтын нәрсе емес екенін көрсету үшін Иса бір мысал келтірген (Лұқа 12:15—21 оқыңыз). Құдай бай кісіні не үшін “түйсіксіз” деп атады? Байлығы үшін бе? Жоқ, өмірде ненің маңызды екенін ұқпағаны үшін. Бұл адам “өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдайдың көз алдында бай болмады”. Оның бұнысы үлкен қателік болды. Құдай оған: “Бүгін түнде жаның алынады”,— дегендіктен, бірдеңені өзгерту тым кеш еді. Бұл мысалдан не түйеміз? Осы дүниенің ақырында өмір сүріп жатқандықтан, бізде де уақыт аз. Сондықтан былай деп ойланыңыз: “Мақсаттарымнан уақыт аз қалғанын түсінетінім көріне ме? Балаларымды қандай мақсаттарға талпындырып жүрмін? Күшімді, уақытымды, қаражатымды көбіне қайда жұмсаймын — өзіме байлық жинауға ма, әлде көкте байлық жинауға ма?”
14. Мики бауырластың жағдайынан көретініміздей, соңғы күндері өмір сүріп жатқанымыз жайлы ой жүгірту неге маңызды?
14 Соңғы күндері өмір сүріп жатқанымыз жайлы ой жүгіртсек, бұл біздің өмірлік мақсаттарымызға да әсер етеді. Осы жайлы Мики деген бауырлас былай дейді: “Мектепті бітірген соң университетке түсіп, зоология мамандығын таңдағым келді. Өйткені маған жануарлар әлемі қатты ұнайтын. Бірақ менің тұрақты ізашар болсам, қажеттілік бар жерге көшсем деген ойым да бар еді. Сол кезде рухани толысқан достарым көп көмектесті. Олар мені университетте оқып жүріп рухани мақсаттарға жету қаншалықты мүмкін болатыны жайлы ойланып көруге талпындырды. Сондай-ақ осы дүниенің ақыры жақын екенін есіме салды. Өзім де жұмақтағы өмірді елестетіп, өзіме ұнайтын жануарларды мәңгілік бойы зерттейтінім туралы ой жүгірттім. Сөйтіп, мен университетке түспей, аз уақыттың ішінде бір курс оқып алдым. Соның арқасында ыңғайлы жұмыс тауып, ізашарлықты бастадым. Ал кейін қызмет аясын кеңейтіп, Эквадорға көшіп кеттім”. Қазір Мики күйеуімен Эквадорда аудандық қызметте жүр.
15. Ізгі хабарға құлақ аспаған адамдардан неге күдер үзбеуіміз керек? Мысал келтіріңіз. (Суреттерді де қараңыз.)
15 Соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды есте ұстасақ, уағыз ісіне шұғыл іс деп қараймыз. Адамдар ізгі хабарға бір дегеннен құлақ аспай жатса, бұған көңіліңіз түспесін. Өйткені уақыт өте адамдардың ойы өзгеруі мүмкін. Бұған бір дәлел — Исаның бауыры Жақып. Ол Исамен бір үйде өсті, оның жасаған кереметтерінен, берген тәлімдерінен тегін адам емес екенін көріп жүрді. Бірақ сонда да Исаның соңынан ермеді. Жақып Иса қайта тірілгеннен кейін ғана оның Мәсіх екенін мойындап, ізбасары болды. Ол тіпті құлшыныспен қызмет етіп, қауымның тірегіне айналдыc (Жох. 7:5; Ғал. 2:9). Ендеше, шындыққа қызықпаған туыстарымыз бен басқа да адамдарға ізгі хабарды тағы бір айтып көруден тартынбайық. Бұны уақытты текке құрту деп ойламайық. Өйткені біздің қазір айтқан хабарымыз біраз уақыттан кейін, тіпті зор алапат басталғанда, естеріне түсіп, жүректеріне әсер етуі мүмкінd.
Туыстарымыздан күдер үзбеуге не көмектеседі? (15-абзацты қараңыз)f
НЕГІЗГІ ШЫНДЫҚТАРДЫ БАҒАЛАЙ БЕРЕЙІК
16. Киелі кітаптағы негізгі шындықтардың қандай пайдасын көріп жүрміз? (“Негізгі шындықтарды өзгелерге жақсырақ түсіндіру үшін... ” деген қоршауды да қараңыз.)
16 Адал да ақылды құл беріп отырған рухани ас-судың кейбірі бұрын-соңды ізгі хабарды естіп көрмеген адамдарға арналған. Бұлар: апта сайынғы көпшілікке арналған баяндамалар, jw.org сайтындағы кейбір мақалалар мен видеолар және көпшілікке арналған журналдар. Бірақ бұл материалдардың пайдасын біз де көре аламыз. Солардың көмегімен Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз артады, оның Сөзіне деген сеніміміз нығаяды, сондай-ақ негізгі шындықтарды өзгелерге жақсырақ түсіндіре аламыз (Зәб. 19:7).
17. Негізгі шындықтар жайлы әсіресе қай жағдайларда ой жүгірту маңызды?
17 Әрине, Киелі кітаптағы шындықтарға қатысты түсінігіміз жаңарып жатса, бұған қуанамыз. Бірақ біз негізгі шындықтарды да қатты бағалаймыз. Өйткені бізді Ехобаға алғаш рет жақындатқан — сол шындықтар. Осы мақаладан білгеніміздей, бұл шындықтардың пайдасын қазір де көре аламыз. Ұйымдағы өзгерістерді қабылдау қиын болып, өз ойымыз дұрысырақ көрініп жатса, кішіпейілділік танытып, ұйымды жетелеп отырған дана да құдіреті шексіз Жаратушы екенін есте ұстайық. Егер өзіміз не жақынымыз қиналып жүрсе, шыдамдылық танытып, Ехоба қайғы-қасіретке не үшін жол беріп отырғаны жайлы ой жүгіртейік. Ал өмірімізді неге арнайтынымызды шешкенде, соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды ескерейік. Лайым, Ехоба ашқан негізгі шындықтар бәрімізге даналықпен әрекет етуге және соңына дейін адал болып қалуға көмектесе бергей!
95-ӘН Таң шапағы жарқырай түсуде
a “Басқарушы кеңестің үндеуі (№ 8, 2023)” деген видеоны қараңыз.
b “Барлық қайғы-қасіреттің жақында жойылатынына неге сенімдіміз?” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2007 жыл, 1 маусым, 12—16 беттер).
d “Ехоба зор алапатта адамдарды қалай соттайды?” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2024 жыл, мамыр, 8—13 беттер).
e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ақсақалдардың кездесуінде ер бауырластың айтқан ұсынысымен қалғандары келіспеді. Кейін сол бауырлас жұлдызды аспанға қарап, Ехоба дана да құдіретті Жаратушы екені жайлы және Ехобаның ойы оның ойынан әлдеқайда маңызды екені жайлы ой жүгіртіп тұр.
f СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас жеке зерттеуде соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейтін айғақтарды қарастырды. Бұл зерттеуі оны әпкесіне хабарласып, уағыздауға талпындырды.