Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 мамыр 8—13 бет.
  • Ехобадан жұбаныш табыңыз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобадан жұбаныш табыңыз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЕХОБА БІЗДІ МЕЙІРІММЕН КЕШІРЕДІ
  • ЕХОБА БІЗГЕ ҮМІТ БЕРЕДІ
  • ЕХОБА ҚОРҚЫНЫШЫМЫЗДЫ СЕЙІЛТЕДІ
  • Ехоба “жүрегі жаралы жандарды сауықтырады”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Беймәлім жайттарға келгенде, қарапайым болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Жұбаныштың қайнар көзі Ехобадан үйреніңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Ехоба сізді ешқашан жалғыз тастап кетпейді
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 мамыр 8—13 бет.

20-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

7-ӘН Ехоба — біздің панамыз

Ехобадан жұбаныш табыңыз

“Ол — қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі” (ҚОР. 2-Х. 1:3).

НЕГІЗГІ ОЙ

Тұтқында жүрген яһудилерді жұбатқанындай, Ехоба бізді де жұбатады.

1. Тұтқында жүрген яһудилердің жағдайын сипаттап беріңіз.

БАБЫЛДА тұтқында жүрген яһудилердің қандай күй кешкенін ойлап көріңізші. Туып-өскен елдері тас-талқаны шығып, үйінді болып жатыр. Ал өздері болса ата-бабаларының және өздерінің күнәлары үшін жер аударылып кетті (Шеж. 2-ж. 36:15, 16, 20, 21). Әрине, олардың Бабылда қандай да бір шамада еркіндіктері болды, соның арқасында ел қатарлы тіршілік етті (Ерм. 29:4—7). Десе де жат елде олардың жағдайлары мәз емес еді. Дау жоқ, оларға салса, ол жерде бір күн де қалмас еді. Олардың қандай күй кешкенін бір тұтқын яһудидің сөздерінен көреміз. Ол: “Бабыл өзендерінің жағасында отырып, Сионды еске алғанда, біз зар иледік”,— деген (Зәб. 137:1). Расында да, тұтқында жүрген яһудилер еңселері езіліп, зар илеген. Бірақ олар осындай қиын шақта жұбанышты қайдан тапқан?

2, 3. а) Ехоба тұтқындағы яһудилердің қамы үшін не істеді? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

2 Ехоба — “жұбаныш атаулының қайнар көзі” (Қор. 2-х. 1:3). Сүйіспеншілігі мол Құдайымыз Ехоба өзіне жақын адамдарды жұбатуға асық. Ол тұтқынға айдалған яһудилердің кейбіреуі түзеліп, өзіне қайта оралатынын күні бұрын білген (Ишая 59:20). Сондықтан яһудилер жер аударылмай тұрып 100 жылдан аса уақыт бұрын Ехоба Ишая пайғамбарға бір кітап жаздырды. Ол кітаптың қандай мақсатпен жазылғанын Ишаяның келесі сөздері көрсетеді: “Жұбатыңдар, менің халқымды жұбатыңдар!— дейді сендердің Құдайларың” (Ишая 40:1). Иә, тұтқында жүрген яһудилердің көңіліне медет болсын деп, Ехоба пайғамбарына жұбаныш сөздерін алдын ала жаздырған.

3 Тұтқындағы яһудилер іспетті біз де ара-тұра жұбанышқа мұқтаж боламыз. Осы мақалада Ехоба тұтқын яһудилерді қандай үш жолмен жұбатқанын көреміз. Біріншіден, ол өкінгендерді кешіретінін уәде еткен. Екіншіден, халқына үміт сыйлаған. Үшіншіден, қорқыныштарын сейілткен. Осы үш жағдайдан Ехоба бүгінде бізді қалай жұбататынын көреміз.

ЕХОБА БІЗДІ МЕЙІРІММЕН КЕШІРЕДІ

4. Ехоба халқына өзінің мейірімді Құдай екенін қалай көрсетті? (Ишая 55:7)

4 Ехоба — “қайырымы мол Әке” (Қор. 2-х. 1:3). Ол қайырымдылығы мен мейірімділігін көрсетіп, өкінген тұтқын яһудилерді кешіруді уәде етті (Ишая 55:7 оқыңыз). Ол: “Мәңгілік айнымас сүйіспеншілігіммен саған мейірім танытамын”,— деген (Ишая 54:8). Сонда Ехоба халқына мейірімділігін қалай көрсетпек еді? Әрине, яһудилер күнәларының салдарын тартпақ еді. Бірақ Ехоба халықтың Бабылда мәңгі қалмайтынын уәде етті. Олар белгілі бір уақыт аралығында ғана тұтқындықта болмақ еді (Ишая 40:2). Осыны білгені өкінген яһудилерді қалай жұбатты десеңізші!

5. Неге біз тұтқын яһудилерге қарағанда Ехобаның мейірімділігін тереңірек түсінеміз?

5 Біз бұдан не түйеміз? Ехоба — өз қызметшілерін дарқан көңілмен кешіретін Құдай. Біз тұтқын яһудилерге қарағанда Ехобаның кешірімділігін әлдеқайда тереңірек түсінеміз. Өйткені Ехобаның жомарттықпен кешіруіне не арқау болып отырғанын жақсы білеміз. Ишаядағы пайғамбарлықтар жазылғаннан кейін жүздеген жылдар өткен соң, Ехоба өзінің сүйікті Ұлын жерге жіберіп, оны бүкіл өкінген жандар үшін төлем ретінде берді. Ехоба осы құрбандықты негізге алып, “күнәларымызды кешіреді”, яғни толықтай өшіреді (Ел. іс. 3:19; Ишая 1:18; Ефес. 1:7). Біздің Құдайымыз неткен мейірімді еді!

6. Неге біз Ехобаның мейіріммен кешіретіні жайлы ой жүгіртуіміз керек? (Суретті де қараңыз.)

6 Егер сіз бұрынғы қателігіңіз үшін әлі де қынжылып жүрсеңіз, Ишая 55:7-дегі сөздер сізге жұбаныш болсын. Кейде біз өкінгеннен кейін де өзімізді жегідей жеп жатамыз. Әсіресе жасаған қателіктеріміздің салдарын көріп жүрсек, ерекше қиналуымыз мүмкін. Бірақ біз күнәмізді мойындап, теріс жолдан қайтқан болсақ, Ехоба бізді кешіргеніне сенімді болуымыз керек. Ехоба күнәларымызды кешірген соң, оларды енді қайтып есіне алмайды (Еремия 31:34 салыстырыңыз). Ендеше, Ехобаның өзі еске алмайтын күнәларды ойлай берудің еш қажеті жоқ. Ұмытпайық, Ехоба үшін біздің бұрынғы қателіктеріміз емес, қазіргі істеріміз маңызды (Езек. 33:14—16). Сәл шыдасақ, жаңа дүниеде мейірімді Әкеміздің арқасында қателіктеріміздің салдарынан да біржола құтыламыз.

Ер бауырлас нық сеніммен келе жатыр. Коллаж: Суретте оның бұрынғы өмірі мен қазіргі өмірі салыстырылған. Оның бұрынғы өмір салты: 1. Атыс ойындар ойнап отыр. 2. Ішімдікке сылқия тойып, темекі тартып отыр. 3. Компьютерден ұятсыз бейнелер көріп отыр. Оның қазіргі өмірі: 1. Патшалық сарайында еден жуып жатыр. 2. Қарт әйел бауырласқа көңіл бөліп жатыр. 3. Ер бауырласпен қызметте жүр.

Ехоба үшін бұрынғы қателіктеріміз емес, қазір не істеп жүргеніміз маңызды (6-абзацты қараңыз)


7. Жасырып жүрген күнәміз болса, ақсақалдарға баруға бізді не талпындырады?

7 Ал егер жасаған ауыр күнәмізді жасырып, сол үшін ар-ұжданымыз қинап жүрсе, не істеуіміз керек? Киелі кітапта айтылғандай, мұндайда ақсақалдардың көмегіне жүгінуіміз керек (Жақ. 5:14, 15). Әрине, біреудің алдында қателігіңді мойындау оңай емес. Бірақ күнәмізға өкінсек және Ехоба мен ол тағайындаған ақсақалдардың мейірімді де сүюші екенін есте ұстасақ, күнәмізді ашық мойындауға талпынамыз. Мысалы, Артурa бауырлас Ехобаның мейірімділігінен қалай жұбаныш тапқанын айтып, былай деді: “Мен бір жылдай порнография көріп жүрдім. Бірде ар-ұждан жайлы баяндамадан кейін, әйелімнің және ақсақалдардың алдында күнәмді мойындадым. Сол кезде иығымнан зілдей жүк түскендей болды. Бірақ сонда да істеген ісім үшін іштей қынжылып жүрдім. Ақсақалдар маған Ехоба менен теріс айналмағанын, ол бізді сүйгендіктен түзететінін айтып сендірді. Олардың жылы сөздері көңілімді орнықтырып, Ехоба мені толық кешіргеніне көзімді жеткізді”. Қазір Артур тұрақты ізашар және қызмет көмекшісі. Расымен де, өкінген кезімізде Ехобаның бізді мейіріммен кешіретіні неткен жұбаныш!

ЕХОБА БІЗГЕ ҮМІТ БЕРЕДІ

8. а) Ехоба тұтқын яһудилерге қандай үміт берді? ә) Ишая 40:29—31 тармақтарға сай, Ехобаның үміт сыйлағаны өкінген яһудилерге қалай әсер етпек еді?

8 Адами тұрғыдан қарағанда, тұтқында жүрген яһудилер үшін ешқандай үміт жоқ еді. Өйткені Бабыл империясы өз тарихында тұтқындарын ешқашан босатқан емес (Ишая 14:17). Алайда Ехоба өз халқына үміт беріп, оларды азат ететінін уәде етті. Ал Ехоба уәде етсе, оған ешкім де тосқауыл бола алмайды (Ишая 44:26; 55:12). Ехоба үшін Бабыл тозаң іспетті болды. Үрлесе, жоқ болады да кетеді (Ишая 40:15). Ехоба сыйлаған бұл үміт яһудилерге жұбаныш бермек еді. Бұл ғана емес, Ишая жазғандай, “Ехобаға үміт артатындар күш-қуатқа ие болмақ-тын” (Ишая 40:29—31 оқыңыз). Иә, бұл үміттен оларға қанат бітіп, “қырандай қалықтамақ” еді.

9. Ехобаның уәделері орындалатынына сенуге тұтқын яһудилерде қандай негіз бар еді?

9 Ехоба тұтқын яһудилерге уәде беріп қана қоймай, сол уәделерге сенуге негіз де берді. Қалайша? Яһудилер бұған дейін көптеген пайғамбарлықтардың орындалғанын өз көздерімен көрген. Мысалы, ассириялықтар солтүстік Исраил патшалығын басып алып, халқын жер аударып жіберді (Ишая 8:4). Бабылдықтар болса Иерусалимнің күл-талқанын шығарып, тұрғындарын тұтқынға әкетті (Ишая 39:5—7). Седекия патша да екі көзі ойылып, Бабылға әкетілді (Ерм. 39:7; Езек. 12:12, 13). Осылай Ехобаның сөздері дәлме-дәл орындалды (Ишая 42:9; 46:10). Бұның бәрі яһудилердің бойына сенімділік ұялатып, Ехобаның азат етемін деген уәдесі де орындалатынына көздерін жеткізсе керек!

10. Осы соңғы күндері үмітіміз бұлыңғыр тартып кетпес үшін не істеуіміз керек?

10 Бұдан не түйеміз? Еңсеміз түскен кездері үмітімізден жұбаныш тауып, күшке ие бола аламыз. Біз өмір сүріп жатқан уақыт ерекше қиын. Ол аздай, жауларымыздан да түрлі қарсылықтар көреміз. Бірақ біз бұдан түңіліп кетпеуіміз керек. Өйткені Ехоба бізге тамаша үміт берген. Біз мамыражай тыныш заманда қаннен-қаперсіз мәңгі өмір сүреміз. Бұл үмітіміз жүрегімізде де, санамызда да жаңғырып тұру керек. Әйтпесе, лас терезеден сұлу табиғат көмескіленіп қалатынындай, үмітіміз де бұлыңғыр тартып кетеді. Ендеше, бейнелі тереземіз таза болу үшін, яғни үмітіміз қанық болу үшін не істеуіміз керек? Жаңа дүниеде өміріміз қаншалықты керемет болатынын жиі елестетіп тұрсақ болады. Бұл орайда үмітіміз жайлы мақалалар, видеолар, әндер жақсы көмек болады. Сондай-ақ Ехобаға дұға еткенде, сол тамаша өмірді аңсап, күтіп жүргенімізді айтсақ болады.

11. Ауыр дертке шалдыққан бір бауырлас не нәрседен күш алып жүр?

11 Ауыр дертке шалдыққан Джой есімді әйел бауырласымыздың жағдайын алсақ, ол үмітінен жұбаныш пен күш алып жүр. Ол былай дейді: “Көңілім құлазыған сәттері мен бар сезімімді Ехобаға ақтарып айтамын. Өйткені оның жанымды түсінетінін білемін. Ехоба дұғаларымды жауапсыз қалдырмай, маған “адам күшінен асқан күш” беріп келеді” (Қор. 2-х. 4:7). Сондай-ақ Джой бауырласымыз ешкім “мен науқаспын” демейтін заман жайлы ой жүгіртіп, өзінің сонда жүргенін елестетеді (Ишая 33:24). Біз де Ехобаға жүрегімізді ақтарып дұға етейік, үмітімізден назарымызды тайдырмайық, сонда күш-қуатқа ие боламыз.

12. Ехобаның уәделеріне сенім артуға бізде қандай негіз бар? (Суретті де қараңыз.)

12 Тұтқын яһудилердің жағдайындағыдай, бізде де Ехобаның уәделеріне сенуге толық негіз бар. Қаншама пайғамбарлықтар біздің де көз алдымызда орындалып жатыр. Мысалы, Англо-Америка державасының “жартылай берік, жартылай морт сынғыш” екеніне куә болып жүрміз (Дан. 2:42, 43). Сондай-ақ “түрлі жерлерде. . . жер сілкіністері” болып жатқанын естіп жатырмыз, ізгі хабар да “барлық халықтарға” уағыздалуда (Мат. 24:7, 14). Бұдан басқа да қаншама пайғамбарлықтар орындалып жатыр. Бұның бәрі Ехобаның әлі орындалмаған пайғамбарлықтары да орындалатынына сенімділік береді.

Қыз бауырлас Киелі кітаптан оқыған пайғамбарлықтары жайлы ой жүгіртіп отыр. Коллаж: 1. Әдебиет арбасының қасында тұрған ерлі-зайыпты бір жігітке уағыздап тұр. 2. Ер кісі ұлымен табиғи апаттан қирап қалған үйлерге қарап тұр. 3. Даниял 2-тарауда жазылған Навуходоносордың түсіндегі мүсіннің аяғына тас соғылып жатыр. 4. Адамдар жер бетінде орнаған жұмақта мәз-мейрам болып жүр.

Қазір орындалып жатқан пайғамбарлықтар Ехобаның уәделері міндетті түрде орындалатынына сенімділік береді (12-абзацты қараңыз)


ЕХОБА ҚОРҚЫНЫШЫМЫЗДЫ СЕЙІЛТЕДІ

13. а) Яһудилердің жағдайы қалай қиындамақ еді? ә) Ишая 41:10—13 тармақтардан көретініміздей, Ехоба тұтқын яһудилерді қалай жұбатты?

13 Ехоба өз халқын жұбатып, үміт берсе де, азаттыққа шығар алдында олардың жағдайлары қиындайтынын білген. Ехоба яһудилердің тұтқында болатын уақыты аяқталуға таяған кезде, ықпалы күшті бір патша Бабылдың айналасындағы халықтарды жаулап, кейін Бабылдың өзіне де шабуыл жасайтынын алдын ала айтқан (Ишая 41:2—5). Сол кезде яһудилерге қорқудың қажеті жоқ еді. Өйткені Ехоба халқын алдын ала жұбатып: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын. Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын”,— деген (Ишая 41:10—13 оқыңыз). Ехоба “мен сенің Құдайыңмын” деп не үшін айтқан? Яһудилер оған ғибадат ету керектігін еске салу үшін бе? Жоқ. Мұны халық онсыз да білетін. Бұл сөздерімен Ехоба әрдайым олардың қастарында болып, көмектесетінін айтқан (Зәб. 118:6).

14. Ехоба тұтқын яһудилердің қорқынышын сейілту үшін тағы не істеді?

14 Ехоба тұтқын яһудилердің қорқынышын сейілту үшін тағы не істеді? Ол өзінің шексіз құдіреті мен даналығын көрсету үшін оларды көкке назар тігуге шақырды. Ехоба жұлдыздарды жаратқанын, сонымен қатар олардың әрқайсысының атын білетінін айтты (Ишая 40:25—28). Сансыз жұлдыздардың атын білетін Ехоба өз қызметшілерінің атын білмеуі мүмкін емес! Ехобаның алып жұлдыздарды жаратуға құдіреті жетсе, өз қызметшілерін құтқаруға да құдіреті жетеді. Расымен де, тұтқын яһудилерде қорқуға да, уайымдауға да еш себеп жоқ еді.

15. Ехоба тұтқын яһудилерді алдағы жайттарға қалай дайындады?

15 Сондай-ақ Ехоба халқын алдағы жайттарға дайындады. Ишая кітабының басында-ақ Ехоба халқына былай деген: “Ішкі бөлмелеріңе кіріңдер де, Есіктеріңді жауып алыңдар. Құдайдың қаһары басылғанша, Азғана уақыт жасырына тұрыңдар” (Ишая 26:20). Кир патша Бабылды басып алғанда, яһудилер осы сөздерге сай әрекет етсе керек. Бір грек тарихшысының айтуынша, Кир патша Бабылға кіргенде, сарбаздарына сыртта жүрген адамдардың бәрін жаппай қыруды бұйырған. Сол кезде Бабыл тұрғындарының жандары ұшып, зәре-құттары қалмаған шығар! Ал яһудилер Ехобаның нұсқауларына құлақ асқанның арқасында аман қалса керек.

16. Алда болатын жайттарды неге қатты уайымдамауымыз керек? (Суретті де қараңыз.)

16 Бұдан не түйеміз? Бізді адамзат тарихында ешқашан болмаған зор алапат күтіп тұр. Сол кезең басталғанда, бүкіл жер бетінде адамдар дал болып, зәре-құттары қалмайды. Ал Ехобаның халқы ондай күй кешпейді. Өйткені біз Ехоба біздің Құдайымыз екенін білеміз. “Құтқарылуымыз жақын” екенін түсініп, бойымызды тік ұстап, нық тұрамыз (Лұқа 21:28). Тіпті одақтасқан халықтар шабуылдаған кезде де сол қалпымыздан айнымаймыз. Сол уақытта Ехоба бізді қорғау үшін періштелерін жібереді және қажетті нұсқаулар береді. Ал сол нұсқаулар қалай беріледі? Мұны уақыты келгенде білеміз. Десе де Ехоба нұсқауларын қауымдар арқылы береді деп күту орынды. Біздің жағдайымызда бізге қорғаныш болатын “ішкі бөлмелер” сол қауымдар болуы мүмкін. Енді сол алдағы жағдайларға қалай дайындалсақ болады? Қазірден бастап бауырластарымызға етене жақын болайық, ұйымнан келген нұсқауларға мойынсұнайық және Ехобаның өзі ұйымын жетелеп отырғанына сенімді болайық (Евр. 10:24, 25; 13:17).

Зор алапат кезінде бауырластар бір бөлмеде жиналып, бірге Киелі кітап оқып отыр. Бауырластар терезеге қарап отыр, ал бір ер бауырлас пердені ашып, олардың назарын жұлдызды аспанға аударып жатыр.

Ехобаның бізді құтқаруға құдіреті жететіні жайлы ой жүгіртсек, зор алапатты ойлап қатты уайымдамаймыз (16-абзацты қараңыз)b


17. Ехобадан жұбаныш табу үшін не істеуіміз керек?

17 Тұтқын яһудилерді қиын жағдай күтіп тұрды, бірақ Ехоба оларға барынша жұбаныш берді. Біздің жағдайымызда да Ехоба тура солай істейді. Ертеңгі күніміз қандай болмасын, жұбанышты Ехобадан табайық. Бұл үшін Ехобаның мейіріммен кешіретініне сенімді болайық. Үмітіміз санамызда жаңғырып тұрсын. Ехоба біздің Құдайымыз болғандықтан, бізде қорқуға еш себеп жоқ екенін де ұмытпайық.

КЕЛЕСІ ТАРМАҚТАРДАН ҚАНДАЙ ЖҰБАНЫШ ТАБАМЫЗ?

  • Ишая 55:7

  • Ишая 40:29—31

  • Ишая 41:10—13

3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің

a Кейбір есімдер өзгертілген.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бірнеше бауырлас бірге жиналып отыр. Терезеден жұлдызды аспанға қарап отырған олар Ехобаның өз халқын құтқаруға құдіреті жететініне сенімді.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу