21-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
21-ӘН Патшалықты бірінші орынға қояйық
Тұрақты қаланы зарыға күтейік
“Біз келешекте болатын қаланы зарыға күтудеміз” (ЕВР. 13:14).
НЕГІЗГІ ОЙ
Еврейлерге 13-тараудағы Пауылдың кеңестері бүгін де, болашақта да біз үшін пайдалы.
1. Иса Иерусалимге қатысты қандай пайғамбарлық айтты?
ӨЛЕРІНЕН бірнеше күн бұрын, Иса шәкірттеріне күндердің күнінде “Иерусалимді әскерлер қоршап” алатынын айтты (Лұқа 21:20). Сол әскерді көргенде, олар еш кідірмей, тез арада Яһудеядан қашу керек еді (Лұқа 21:21, 22).
2. Елші Пауыл Яһудея мен Иерусалимдегі мәсіхшілерді не нәрсеге талпындырды?
2 Рим әскері Иерусалимді қоршап алардан бірнеше жыл бұрын, елші Пауыл Яһудея мен Иерусалимдегі мәсіхшілерге хат жазды. Бұл хат бүгінде Еврейлерге арналған хат деп аталады. Пауыл өз хатында маңызды кеңестер айтып, мәсіхшілерді алда болатын жойқын алапатқа дайындады. Иерусалим “тұрақты қала” болмағандықтан, Пауыл оларды “келешекте болатын қаланы зарыға күтуге” талпындырды (Евр. 13:14). Мәсіхшілер қаламен бірге өздері де жойылып кетпес үшін үй-жайлары мен кәсіптерін тастап, қашуға дайын болулары керек еді.
3. Елші Пауыл “келешекте болатын қала” деп нені айтқан және неге біз сол қаланы күтіп жүрміз?
3 Яһудея мен Иерусалимді тастап айдалаға қашқан мәсіхшілерді кейбіреулер ақымақ көріп мазақ еткен шығар. Бірақ бәрін тастап қашқандарының арқасында мәсіхшілер аман қалды. Бүгінде біз де ақшаға, адамдарға үміт артпағанымыз үшін келеке-мазаққа қалып жатамыз. Қанша күлкіге қалсақ та, біз бұл дүниеге еш сенім артпаймыз, өйткені оның тұрақсыз әрі өткінші екенін білеміз. Біз “іргетасы берік қаланған қаланы”, яғни “келешекте болатын” Құдай Патшалығын күтіп жүрмізa (Евр. 11:10; Мат. 6:33). Осы мақаланың әр тақырыпшасында келесі үш сұраққа жауап аламыз: 1) Пауылдың жазған хаты бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге “келешекте болатын қаланы” күтуге қалай көмектесті? 2) Пауыл мәсіхшілерді қаладан қашуға қалай дайындады? 3) Пауылдың кеңестері бүгінде біз үшін қай жағынан пайдалы?
СІЗДІ ЕШҚАШАН ТАСТАМАЙТЫН ҚҰДАЙҒА СЕНІМ АРТЫҢЫЗ
4. Неге мәсіхшілер үшін Иерусалим жай қала емес еді?
4 Иерусалим мәсіхшілер үшін жай қала емес еді. Бұл қала олардың тыныс-тіршілігінің ошағы болды. Б. з. 33 жылы құрылған алғашқы қауым да, басқарушы кеңес те осы қалада еді. Оның үстіне, көптеген мәсіхшілердің бұл қалада жайлы үйлері, жиған-терген дүние-мүліктері болды. Бірақ Иса оларға бәрін тастап, Иерусалимнен, тіпті Яһудеядан кету керек болатынын ескертті (Мат. 24:16).
5. Қаладан оңай кету үшін Пауыл мәсіхшілерге нені түсіндірді?
5 Мәсіхшілер қаланы қимай, сол жерде қалып кетпес үшін, Пауыл оларға Иерусалимнің енді Ехоба үшін қасиетті емес екенін айтты. Ғибадатхананың да, діни қызметкерлердің де, шалынып жатқан құрбандықтардың да Ехоба үшін еш құны қалмады (Евр. 8:13). Бұған қоса, қала тұрғындарының басым көпшілігі Мәсіхтен бас тартты. Иерусалим бұдан бұлай таза ғибадаттың орталығы болмағандықтан, қала да, ондағы ғибадатхана да жойылмақ еді (Лұқа 13:34, 35).
6. Еврейлерге 13:5, 6-дағы Пауылдың сөздері неге өте уақытылы болды?
6 Пауыл Еврейлерге арналған хатын жазған кезде, Иерусалим дүркіреп тұрған қала еді. Бір Рим жазушысының айтуынша, сол заманда Иерусалим атағы жер жарған, әйгілі қала болған. Иерусалимде жылына үш рет мейрам өткендіктен, түрлі елдерден яһудилер ағылып келетін. Содан қала экономикасы әжептәуір өсіп отырған. Бұл қалада мәсіхшілердің де табыс көзі жақсы болғанға ұқсайды. Пауылдың оларды: “Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолда барды қанағат тұтыңдар”,— деп ескерткені де содан шығар. Ол Ехобаның “мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын” деген уәдесін де естеріне салды (Еврейлерге 13:5, 6 оқыңыз; Мұс. 5-ж. 31:6; Зәб. 118:6). Пауылдың бұл сөздері Иерусалим мен Яһудеяда тұрып жатқан мәсіхшілер үшін өте уақтылы болды. Өйткені Пауылдың хатын алғаннан кейін көп ұзамай-ақ олар үй-жайларын, кәсіптерін, бар жиған тергендерін тастап, жаңа жерде жаңа өмір бастамақ еді.
7. Неге біз қазірден бастап Ехобаға сенім артуды үйренуіміз керек?
7 Алар сабағымыз. Біз өмір сүріп жатқан осы дүние “зор алапатта” жойылады (Мат. 24:21). Сондықтан бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты біз де сергек әрі дайын болуымыз керек (Лұқа 21:34—36). Зор алапатта бізге де үй-жайымызды, бар дүние-мүлкімізді тастап кетуге тура келуі мүмкін. Сол кезде Ехоба өз халқын тастамайтынына сенім арту қаншалықты маңызды болады десеңізші! Сол үшін біз Ехобаға сенім артуды қазірден бастап үйренуіміз керек. Өзіңізді былай деп тексеріп көріңіз: “Ертеңгі күнді қаншалықты уайымдаймын? Шешімдерім мен жоспарларымнан не байқалады — Ехобаға сенім артатыным ба, әлде ақшаға ма?” (Тім. 1-х. 6:17). Бірінші ғасырдағы мәсіхшілермен жағдайымыз ұқсас болғандықтан, біз олардан көп нәрсеге үйрене аламыз. Бірақ біздің басымызға түсетін зор алапат олардікінен әлдеқайда қиын әрі ауыр болмақ. Олай болса, сол уақытта нақты не істейтінімізді қайдан білеміз?
БАСШЫЛЫҚТЫ ҚОЛҒА АЛҒАНДАРҒА МОЙЫНСҰНЫҢЫЗ
8. Иса шәкірттеріне қандай нұсқау берген?
8 Пауыл Еврейлерге арналған хатын жазған соң, бірнеше жылдан кейін Иерусалимді Рим әскері қоршап алды. Мұны көрген мәсіхшілер Иерусалимнің жақында жойылатынын әрі қаладан тез арада қашу керектігін түсінді (Мат. 24:3; Лұқа 21:20, 24). Бірақ олар қайда қашу керектігін білді ме? Иса: “Яһудеядағылар тауларға қашсын”,— деп айтқан (Лұқа 21:21). Бірақ ол нақты қай тауға қашу керектігін айтпаған ғой. Айналадағы сонша таудың қайсысына қашу керектігін мәсіхшілер қайдан білген?
9. Қай тауға қашу керектігін анықтау неге мәсіхшілерге қиынға соқпақ еді? (Картаны да қараңыз.)
9 Яһудеяның айналасында таулар көп болған. Мысалы: Хермон тауы, Самария таулары, Ғалилея таулары, Ливан таулары және Иордан өзенінің бойындағы таулар (Картаны қараңыз). Сол тауларда орналасқан кейбір қалалар бір қарағанда қауіпсіз болып көрінсе керек. Мысалы, Гамла қаласы өте биік таудың басында тұрған. Жаулар бұл қалаға оңайлықпен шыға алмайды деп ойлаған кейбір яһудилер Гамланы бассауғалауға қолайлы қала деп қарастырған. Бірақ кейін Гамлада яһудилер мен римдіктердің арасында қиян-кескі соғыс болып, қала тұрғындарының көбісі қаза тапқанb.
Мәсіхшілер қашып кете алатын таулар көп еді, бірақ бәрі бірдей қауіпсіз болған жоқ (9-абзацты қараңыз)
10, 11. а) Ехоба мәсіхшілерге қалай нұсқау берген көрінеді? (Еврейлерге 13:7, 17) ә) Мәсіхшілер басшылықты қолға алғандарға мойынсұнудың қандай игілігін көрді? (Суретті де қараңыз.)
10 Ехоба басшылықты қолға алған ер адамдар арқылы мәсіхшілерге нақты нұсқау берген көрінеді. Евсевий деген тарихшы бұл туралы былай деген: “Иерусалимдегі тағайындалған ер адамдар Құдайдан аян алған. Соғыс басталмай тұрып Құдай оларға қаладан кетіп, Переядағы Пеллаға барыңдар деген нұсқау берген”. Расында да, Пелла мәсіхшілер үшін ең қауіпсіз қала болып шықты. Біріншіден, Пелла Иерусалимге жақын болғандықтан, оған жету қиын болмаған. Екіншіден, Пеллада көбінесе яһудилер емес, өзге ұлт адамдары тұрған. Сондықтан олар римдіктер мен тәуелсіздік үшін күрескен яһудилердің арасындағы соғысқа араласпаған (Картаны қараңыз).
11 Пауылдың “басшылықты қолға алғандарға мойынсұныңдар” деген кеңесіне құлақ асқан мәсіхшілер Пеллаға қашты (Еврейлерге 13:7, 17 оқыңыз). Сөйтіп, олар жандарын аман сақтап қалды. Тарихтан көретініміздей, “іргетасы берік қаланған қаланы”, яғни Құдай Патшалығын күткен сол қызметшілерін Ехоба бір сәтке де тастаған жоқ (Евр. 11:10).
Пелла жақын әрі қауіпсіз қала болды (10, 11-абзацтарды қараңыз)
12, 13. Қиын-қыстау кезеңде Ехоба өз халқына қалай бағыт-бағдар береді?
12 Алар сабағымыз. Ехоба халқына нұсқауларын басшылықты қолға алған ер бауырластар арқылы береді. Киелі кітапта бұған дәлелдер жетіп артылады (Мұс. 5-ж. 31:23; Зәб. 77:20). Ехоба қиын-қыстау кезеңде халқын жетелеу үшін бағушылар тағайындап отырған. Қазір де ол бізге тағайындалған ер бауырластар арқылы бағыт-бағдар береді.
13 Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде “басшылықты қолға алған” ер бауырластар қауымдарға уақытылы нұсқаулар беріп отырды. Сол кезеңде қауым кездесулерін қалай өткізуге қатысты ақсақалдар нақты нұсқаулар алды. Пандемия басталғаннан кейін көп ұзамай-ақ конгрестер 500-ден астам тілде өткізілді. Бауырластар конгресс бағдарламасын интернет, теледидар, радио арқылы көріп, тыңдады. Бұндай конгрестер тарихта бұрын-сонды болған емес. Осылай рухани ас-суды үзбей алып отырғанның арқасында бірлігімізге еш сызат түспеді. Бұл Ехоба болашақта да өз халқын жетелеп жүретініне сенімділік ұялатады. Алда қандай жағдай болмасын, Ехоба басшылықты қолға алған ер бауырластар арқылы бізге жол сілтеп отырады. Көргеніміздей, алдағы шешуші кезеңде Ехобаға сенім артып, оған мойынсұну аса маңызды болмақ. Бірақ дүниені дүр сілкіндіретін зор алапатқа дайын болып, сол кезде дұрыс әрекет ету үшін бізге тағы екі қасиет қажет. Ол қандай қасиеттер?
БАУЫРЛАСТАРҒА СҮЙІСПЕНШІЛІК ПЕН ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚ ТАНЫТЫҢЫЗ
14. Еврейлерге 13:1—3 тармақтарға сай, Иерусалимнің жойылатын уақыты таяғанда мәсіхшілердің қандай қасиеттер танытқаны маңызды еді?
14 Зор алапат басталғанда бауырластарымызға қазіргіден де көп сүйіспеншілік танытуымыз керек болады. Осы жағынан бірінші ғасырдағы мәсіхшілер жақсы үлгі қалдырған. Олар әрдайым бір-бірін қолдап, бір-біріне көмектесіп жүрген (Евр. 10:32—34). Иерусалимнің жойылатын уақыты таяғанда олардың бір-біріне бұрынғыдан бетер сүйіспеншілік пен қонақжайлылық танытқандары маңызды болды (Еврейлерге 13:1—3 оқыңыз). Бізге де осы дүниенің соңы таяған сайын бауырластарға қазіргіден де көп сүйіспеншілік таныту керек болады.
15. Қаладан қашып шыққан мәсіхшілердің бір-біріне сүйіспеншілік пен қонақжайлылық танытқандары неге маңызды болды?
15 Иерусалимді қоршап алған Рим әскері аяқ астынан кері шегінген кезде, мәсіхшілер қаладан қашып кетті. Бірақ олар өздерімен көп зат ала алмады (Мат. 24:17, 18). Сондықтан олар Пеллаға барар жолда бір-бірінің көмегіне мұқтаж болды. Пеллаға келгеннен кейін де оларға жейтін тамақ, киетін киім, тұратын жер қажет еді. Демек, мәсіхшілерде бір-бірінің “мұқтаждықтарын қанағаттандырып”, сүйіспеншілік пен қонақжайлылық көрсетудің мүмкіндіктері көп болған (Тит. 3:14).
16. Мұқтаждық көріп жүрген бауырластарға қалай сүйіспеншілік танытсақ болады? (Суретті де қараңыз.)
16 Алар сабағымыз. Қазіргі таңда да сүйіспеншілік бізді мұқтаждық көріп жүрген бауырластарымызға көмектесуге талпындырады. Мысалы, көбіміз соғыстың не табиғи апаттың кесірінен бассауғалап келген бауырластарға рухани және материалдық жағынан көмек көрсетудеміз. Украинадағы соғыстан қашып келген бір әйел бауырлас былай дейді: “Ехоба бізге бауырластар арқылы нұсқаулар беріп, көп қамқорлық көрсетті. Украинада жүргенде де, Венгрияға барғанда да бауырластар бізді құшақ жая қарсы алып, қажетімізді қамдап жүрді. Қазір Германияда да бауырластардың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрміз”. Егер бауырластарға мұқтаж кездерінде қонақжайлылық пен қамқорлық көрсетсек, Ехобаның өзімен қызметтес боламыз (Нақ. с. 19:17; Қор. 2-х. 1:3, 4).
Бассауғалап жүрген бауырластарымыз қолдауымызға мұқтаж (16-абзацты қараңыз)
17. Бауырластарға қонақжайлылық пен сүйіспеншілік танытуды неге қазірден үйренгеніміз дұрыс?
17 Зор алапат кезінде біз бір-біріміздің көмегімізге қазіргіден бетер мұқтаж боламыз (Абқ. 3:16—18). Сол уақытта бауырластардың қонақжайлылығы мен сүйіспеншілігіне зәру боларымыз сөзсіз. Сондықтан осы қасиеттерді танытуды Ехоба бізге қазірден үйретіп жатыр.
АЛДА БІЗДІ НЕ КҮТІП ТҰР?
18. Бірінші ғасырдағы еврей мәсіхшілерден қандай сабақ аламыз?
18 Нұсқауларға мойынсұнып, тауларға қашқан мәсіхшілер Иерусалимнің басына түскен жойқын алапаттан аман қалды. Үй-жайын тастап кеткен сол қызметшілерін Ехоба ешқашан тастаған жоқ. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерден біз қандай сабақ аламыз? Біз алда не болатынын бүге-шігесіне дейін білмейміз. Бірақ, Иса айтқандай, әрдайым дайын жүруіміз керек (Лұқа 12:40). Сондай-ақ Еврейлерге арналған хаттағы Пауылдың кеңестеріне құлақ асқанымыз жөн. Ехоба: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деп бізге де уәде беріп отыр (Евр. 13:5, 6). Ендеше, мәңгі тұратын қаланы — Құдай Патшалығын — әрі қарай да зарыға күтейік. Күтуден талмасақ, сол Патшалықтың баталарын мәңгі көреміз (Мат. 25:34).
157-ӘН Мәңгілік тыныштық
a Киелі кітап заманында кейбір қалалардың өз патшасы болған. Сондай қалаларды бөлек бір патшалық деп есептеуге болатын (Мұс. 1-ж. 14:2).
b Бұл жағдай б. з. 67 жылы, яғни мәсіхшілер Яһудея мен Иерусалимнен қашып кеткеннен кейін көп ұзамай болған.