15-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым
“Құдайға жақын болғанымыз қандай игі!”
“Менің Құдайға жақын болғаным қандай игі!” (ЗӘБ. 73:28).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехобаға жақындай берудің маңызы мен онымен достығымыздың игіліктері.
1, 2. а) Біреумен дос болғымыз келсе, не істеуіміз қажет? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?
СІЗДІҢ жақын досыңыз кім? Онымен қалай дос болып кеткен едіңіз? Біраз уақыт араласып, басынан өткізген қиындықтарын, оған не ұнайды, не ұнамайды — соның бәрін біліп алған боларсыз. Бойындағы жақсы қасиеттерін көріп, тәнті де болған шығарсыз. Сөйтіп-сөйтіп, ол адаммен жақын болып кеттіңіз.
2 Көргеніміздей, біреумен дос болу үшін оған уақыт бөліп, әрекет жасау керек. Ехоба Құдаймен дос болу да тура солай. Бұл мақалада біз Ехобаға жақын болу үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз. Бірақ алдымен Ехобаға жақын болудың несімен игі екенін көрейік.
3. Ехобамен дос болудың игіліктері жайлы неге ойланып тұруымыз керек? Мысал келтіріңіз.
3 Ехобаға жақын болудың игі екенімен бәріміз де келісеміз. Бірақ біз оның несімен игі екені туралы ойланып тұруымыз керек, сонда Ехобаға жақындай беруге талпына түсеміз (Зәб. 63:6—8). Мысалы, көп адам дұрыс тамақтанудың, жаттығу жасаудың, жеткілікті демалып, көп су ішудің маңызды екенін біледі. Бірақ білсе де, істемейді. Өйткені денсаулыққа пайдасы туралы ойлана бермейді. Егер ойланса, үзбей істеуге талпынар еді. Тура солай, Ехобаға жақын болудың игі екенін түсініп қана қою жеткіліксіз. Біз Ехобаға әрі қарай да жақындай түскіміз келсе, онымен дос болудың игіліктері жайлы ойланып тұруымыз керек (Зәб. 119:27—30).
4. Зәбүр жыршысы Зәбүр 73:28-де не деген?
4 Зәбүр 73:28 оқыңыз. Зәбүрдің 73-тарауын жазған адам леуі руынан шыққан, әрі ол Ехобаның ғибадатханасында ән-күймен байланысты қызмет атқарған. Ол Ехобаға бірталай жыл адал қызмет еткен көрінеді. Бірақ бірде ол тура жолдан таюға шақ қалды. Қуанышқа орай, ол “Құдайға жақын болғаны қандай игі” екенін түсінді. Ал Ехобамен дос болудың игіліктері қандай?
“ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫН БОЛҒАНЫМЫЗ” БІЗДІ БАҚЫТҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ
5. а) Неге Ехобаға жақындаған сайын бақытты бола түсеміз? ә) Нақыл сөздер 2:6—16 тармақтарға сай, Ехоба беріп жатқан даналықтың қандай игілігін көріп жүрсіз?
5 Ехобаға жақын болған сайын, біз бақытты бола түсеміз (Зәб. 65:4). Мұның бір себебі — оның Сөзіндегі ақыл-кеңестердің арқасында басымызды тауға да, тасқа да соғып, өмірден таяқ жемейміз (Нақыл сөздер 2:6—16 оқыңыз). Киелі кітапта: “Қандай бақытты даналықты тапқан адам, Парықтылыққа үйренген жан!”— деп тура айтылған (Нақ. с. 3:13).
6. Зәбүр жыршысы не үшін түңіліп кетті?
6 Ехобаға жақын болғанымыз ешқашан көңіліміз түспейді дегенді білдірмейді. Біздің де еңсеміз түсетін кездер болады. Зәбүрдің 73-тарауын жазған адам да бірде өмірден түңіліп кетті. Оған құдайсыз адамдар қаннен-қаперсіз, шалқып өмір сүріп жатқандай көрінді. Ол сол адамдарға тіпті қызғана қарады (Зәб. 73:3—7, 12). Бұны әділетсіз көріп, ашынғаны сонша — Құдайға қызмет еткеннен келіп-кетер пайда жоқ деп ойлады. Сол үшін де: “Мен жүрегімді бекерге таза сақтаппын, Кінәратсыз екенімді көрсету үшін қолымды босқа жуыппын”,— деді ол (Зәб. 73:13).
7. Мұңайған кездері не істегеніміз маңызды? (суретті де қараңыз.)
7 Бірақ зәбүр жыршысы түңіліп жүре бермей, “Құдайдың айбынды ғибадатханасына” барды. Сол жерде Ехоба оған ойын түзеуге көмектесті (Зәб. 73:17—19). Біз де мұңайған кезімізде Ехобаға жүгінгеніміз жөн, өйткені ол біздің не күй кешіп жатқанымызды жақсы түсінеді. Егер дұға етсек, Киелі кітапта және қауымда айтылатын ақыл-кеңестерге құлақ ассақ, қайғы-мұңымызды жеңуге күш табамыз. Тіпті жүйкеміз тозып, күйзеліп кетсек те, Ехоба бізді жұбатып, жанымызды жайландыра алады (Зәб. 94:19)a.
Зәбүрдің 73-тарауын жазған леуілік “Құдайдың айбынды ғибадатханасының” алдында тұр (7-абзацты қараңыз)
“ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫН БОЛҒАНЫМЫЗ” ӨМІРІМІЗГЕ МӘН КІРГІЗЕДІ
8. Ехобаға жақын болғанымыздың тағы қандай игілігін көріп жүрміз?
8 Ехобаға жақын болғанымыздың арқасында біз мәнді де мағыналы өмір кешіп жатырмыз. Сондай-ақ болашаққа зор үмітпен қараймыз (Ерм. 29:11). Ехобамен достығымыздың осы екі игілігіне жеке-жеке тоқталайық.
9. Ехобаға жақын болғанымыз өмірімізге қалай мән кіргізді?
9 Құдайға жақын болмағанда, өміріміздің мәні болмас еді. Бүгінде Құдай жоқ дейтін адамдар өмірге не үшін келгендерін түсінбейді. Сол үшін де олар өмірдің еш мәні жоқ, адамдар түбінде құрып жоқ болады деп пайымдайды. Ал біз Киелі кітапты оқығанның арқасында “Құдай бар екенін” білеміз, сондай-ақ ол “өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сенеміз” (Евр. 11:6). Адам Ехоба Құдайға ғибадат ету үшін жаратылған. Біз жаратылысымызға сай өмір сүріп жүргендіктен, қазірдің өзінде өміріміз мәнді де мағыналы (Мұс. 5-ж. 10:12, 13).
10. Зәбүр 37:29-ға сай, Ехобаға үміт артатындардың болашағы қандай?
10 Көп адам жұмыс істеп, ақша тапсам, бала-шағамның қызығын көрсем, жасарымды жасап, әдемі қартайсам дейді. Олардың өмірден бар күтетіндері — осы. Олар Құдайға мүлдем үміт артпайды, өйткені оның адамзатқа қандай болашақ уәде етіп отырғанын білмейді. Ал біз Құдайдың керемет уәделерін білеміз (Зәб. 25:3—5; Тім. 1-х. 6:17). Құдайға жақын болғанымыздың арқасында біз сол уәделердің жүзеге асатынына кәміл сенеміз. Бізді алда шегі жоқ бақытқа толы өмір күтіп тұр. Ең бастысы, жұмақта біз Құдайымыз Ехобаға мәңгі бақи ғибадат ететін боламыз (Зәбүр 37:29 оқыңыз).
11. Құдайға жақын болғанымыздың тағы бір игілігі қандай және Құдайға жақын болғанымыз оның өзін қандай сезімге бөлейді?
11 Құдайға жақын болғанымыздың айтпасқа болмас тағы бір игілігі бар. Ехоба күнәсіна өкінген қызметшілерін кешіреді (Ишая 1:18). Соның арқасында бұрынғы жасаған күнәларымыз үшін өзімізді жегідей жемейміз (Зәб. 32:1—5). Ехобаға жақын болғанымыз Ехобаның өзіне де қуаныш сыйлайды (Нақ. с. 23:15). Ехобамен достығымыздың игіліктері бұл ғана емес, сіз оның басқа да көптеген игіліктерін көріп жүргеніңізде күмән жоқ. Ал қазір Құдайға әрі қарай да жақындай беру үшін не істеуіміз керектігін қарастырайық.
ҚҰДАЙҒА ОДАН САЙЫН ЖАҚЫНДАЙ ТҮСІҢІЗ
12. Құдайға жақындау үшін сіз қандай қадамдар жасадыңыз?
12 Егер шомылдыру рәсімінен өткен болсаңыз, демек, сіз Құдайға жақындау үшін біраз нәрсе істедіңіз. Атап айтқанда, Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх жайлы шындықтарды зерттеп білдіңіз, бұрын жасаған күнәларыңыз үшін өкіндіңіз, Құдайға берік сенім дамыттыңыз және оның еркіне сай өмір сүруді үйрендіңіз. Бірақ Құдайға жақындай түсу үшін бұл нәрселерді әрі қарай да істей беруіңіз қажет (Қол. 2:6).
13. Ехобаға жақындай түсу үшін не істеуіңіз керек?
13 Ехобаға жақындай түсу үшін, біріншіден, Киелі кітапты үзбей оқып-зерттеңіз. Бірақ Киелі кітапты оқығанда, тек Құдай жайлы білуім керек деп ойламаңыз. Өзіңізге қатысты тұстарын да байқауға тырысыңыз. Ехобаның сізге қатысты еркі қандай, ол сіздің не істегеніңізді қалайды, қай принципті өмірде қолданғаныңыз дұрыс — соны да көруге тырысыңыз (Ефес. 5:15—17). Екіншіден, Ехобаның осыған дейін сізге қалай көмектесіп келгені жайлы ой жүгіртіп, оған деген сеніміңізді нығайта беріңіз. Үшіншіден, Ехоба жек көретін нәрселерді жек көріңіз және сол нәрселерді істейтін адамдардан аулақ жүріңіз (Зәб. 1:1; 101:3).
14. Қорынттықтарға 1-хат 10:31-ге сай, Ехобаға ұнамды болу үшін рухани істерден бөлек тағы не істеуіміз керек? (Суреттерді де қараңыз.)
14 Қорынттықтарға 1-хат 10:31 оқыңыз. Біздің әрбір ісімізден Ехобаға ұнағымыз келетіні көрініп тұру керек. Бұл үшін қауымға, уағызға барып жүргеніміз жеткіліксіз. Біздің күнделікті істеріміз де Ехобаны қуанту керек. Мысалы, барлық істе адал болғанымыз және қолда барымызды өзгелермен бөліскеніміз Ехобаға ұнайды (Қор. 2-х. 8:21; 9:7). Ол өмір сыйын құрметтегенімізді де қалайды. Сондықтан тамаққа, ішімдікке келгенде ұстамды болғанымыз, қолымыздан келгенше денсаулығымызды күткеніміз маңызды. Қарапайым болып көрінген істерде де Ехобаны қуантатын болсақ, оған барған сайын жақындай береміз (Лұқа 16:10).
Ехобаны қуантудың кейбір жолдары: көлікті абайлап жүргізу, денсаулықты күту үшін жаттығу жасап, дұрыс тамақтану, қонақжай болу (14-абзацты қараңыз)
15. Ехоба біздің өзгелерге қалай қарағанымызды қалайды?
15 Ехоба өзіне қызмет ететіндерге де, етпейтіндерге де мейіріммен қарайды (Мат. 5:45). Ол бізді де солай етсе екен дейді. Сондықтан ол бізді “ешкімді тілдемей, даукес болмай, қайта, бәріне бірдей жұмсақтық танытуға” шақырады (Тит. 3:2). Осы сөздерді есте ұстасақ, Ехобаға қызмет етпейтін адамдарды өзімізден төмен санамаймыз (Тім. 2-х. 2:23—25). Барлық адамға Ехоба сияқты жақсы қарайтын болсақ, оған жақын бола түсеміз.
ҚАТЕЛІК ЖАСАП ҚОЙСАҚ ТА, ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАЙ АЛАМЫЗ
16. Қате көзқарас танытқаны үшін зәбүр жыршысы қандай күй кешті?
16 Қателік жасап қойған кездері “енді Ехобаның сүйіспеншілігіне лайық емеспін” деп ойлаған кезіңіз болған ба? Мақаланың басында айтылған зәбүр жыршысы да осылай ойласа керек. Ол: “Мен жолдан таюға шақ қалдым, Аяғым тайып кете жаздады”,— деді (Зәб. 73:2). Кейін ол Ехобаға: “Мен сана мен түсініктен жұрдай едім, Көз алдыңда түйсіксіз хайуанға ұқсадым”,— деді (Зәб. 73:21, 22). Осы сөздеріне қарағанда, ол қате көзқарасы үшін Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылып қалдым деп қорықса керек.
17. а) Көңілі құлазып тұрса да, зәбүр жыршысы не істеді? ә) Біз оған қалай еліктесек болады? (Суреттерді де қараңыз.)
17 Зәбүр жыршысы Ехобаның ықыласынан айырылып қалдым деген ойға жол берген болса, онда оның бұл күмәні көп ұзамай сейілді. Көңілі қанша құлазып тұрса да, ол Ехобаға жақын болудың маңызын ұмытпады. Мұны оның мына сөздерінен көреміз: “Ал енді үнемі өзіңмен біргемін, Сен мені оң қолымнан ұстап жетелеп жүрсің. Ақыл-кеңесіңмен маған жол сілтейсің, Ал ақырында салтанатқа жеткізесің” (Зәб. 73:23, 24). Қателіктеріміз үшін еңсеміз түскенде, біз де Ехобадан көмек іздейік. Өйткені ол — “көңілімізге медет болар жартасымыз” (Зәб. 73:26; 94:18). Тіпті үлкен қателік жасап, аяғымыз тура жолдан тайып кетсе де, біз Ехобаға қайта орала аламыз. Өйткені ол — “кешіруге дайын” Құдай (Зәб. 86:5). Ендеше, қателіктерімізді ойлап қиналғанда, Ехобадан алыстамай, қайта, оған бұрынғыдан бетер жақындай түсейік (Зәб. 103:13, 14).
Рухани әлсіреген кезде Ехобаға жақындай түсу үшін рухани істермен көбірек айналысқанымыз дұрыс (17-абзацты қараңыз)
БІЗ ҚҰДАЙҒА МӘҢГІ БАҚИ ЖАҚЫНДАЙ БЕРЕМІЗ
18. Неге біз Ехобаға мәңгі бақи жақындай береміз?
18 Біз Ехобаға мәңгі бақи жақындай береміз, өйткені біз оны ешқашан толықтай танып-біле алмаймыз. Киелі кітапта: “О, неткен зор Құдайдың баталары! Неткен мол даналығы мен білімі! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, жолдарын оның ешкім зерттеп бітпес!”— деп дәл айтылған (Рим. 11:33).
19. Зәбүр кітабындағы сөздер бізге қандай сенімділік береді?
19 Зәбүр 79:13-те: “Біз, өз халқың әрі жайылымыңдағы отарың, Саған мәңгі алғыс айтамыз, Ұрпақтан ұрпаққа даңқыңды жариялаймыз”,— делінген. Біз Ехобаға етене жақын жүрсек, онымен достығымыздың игілігін мәңгі көреміз. Ол біздің “көңілімізге медет болар жартасымыз, мәңгілік үлесіміз” болады (Зәб. 73:26).
32-ӘН Ехобаның жағына шық
a Ұзақ уақыт уайымға салынып, мұңға батып жүрген адамдарға кәсіби маманның көмегі қажет болуым мүмкін. Көбірек білу үшін 2023 жылғы “Күзет мұнарасының” № 1 санын қараңыз.