14-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
8-ӘН Ехоба — біздің қорғанымыз
“Кімге қызмет ететіндеріңді... шешіп алыңдар”
“Ал мен болсам үй ішіммен Ехобаға қызмет етемін” (ЕШУА 24:15).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехобаға ғибадат етуді таңдауға бізді не талпындырғанын еске түсіреміз.
1. Шын бақытты болғымыз келсе, біз не істеуіміз керек және неге? (Ишая 48:17, 18)
ЕХОБА бізді қатты жақсы көреді. Ол біздің қазір де, болашақта да бақытты ғұмыр кешкенімізді қалайды (Уағ. 3:12, 13). Ол біздің бойымызға небір ерекше қабілеттер дарытқан. Бірақ ол бізге өз қадамымызға өзіміз бағыт беретіндей, дұрыс пен бұрысты өзіміз ажырататындай қабілет бермеген (Уағ. 8:9; Ерм. 10:23). Сондықтан да біз Құдайға тәуелдіміз. Шын бақытты болғымыз келсе, оған қызмет етіп, оның дұрыс пен бұрысқа қатысты заң-талаптарына сай өмір сүруіміз қажет (Ишая 48:17, 18 оқыңыз).
2. Шайтан бізді не нәрсеге сендіргісі келеді және Ехоба оның өтірікші екенін дәлелдеу үшін не істеді?
2 Шайтан адамдар өз-өздеріне билік етіп, Ехобасыз-ақ бақытты болады дегенге сендіргісі келеді (Мұс. 1-ж. 3:4, 5). Бұның өтірік екенін дәлелдеу үшін Ехоба адамдардың қолына аз уақытқа билік берді. Адамның билік етуі ешқандай жақсылық әкелмегенін өзіміз де көріп жүрміз. Алайда Киелі жазбаларда Ехобаға қызмет еткеннің арқасында қаншама адамның мәнді де мағыналы өмір кешкені жазылған. Солардың бірі — Құдайдың Ұлы Иса Мәсіх. Бұл мақалада біз алдымен Ехобаға қызмет етуді таңдауға Исаны не талпындырғанын қарастырамыз. Кейін неге көктегі Әкеміз Ехоба ғибадатымызға әбден лайық екенін көреміз. Ал соңында Ехобаға қызмет етуді таңдауға бізді не талпындыратынын қарастырамыз.
ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІ ТАҢДАУҒА ИСАНЫ НЕ ТАЛПЫНДЫРДЫ?
3. Иса қандай таңдаудың алдында тұрды және ол қандай таңдау жасады?
3 Бірде Исаның өзі де таңдау алдында тұрды. Ол шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін көп ұзамай, Шайтан оған жержүзінің барлық патшалықтарын ұсынып, өзіне бір рет табынуды сұрады. Сол кезде Иса қандай таңдау жасайтынын көрсетіп: “Кет қасымнан, Шайтан! Киелі жазбада “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қызмет ет!” деп жазылған ғой”,— деді (Мат. 4:8—10). Исаны бұндай таңдау жасауға не талпындырғанын көрейік.
4, 5. Исаның Ехобаға қызмет етуді таңдаған себебі неде?
4 Исаның Ехобаға қызмет етуді таңдаған басты себебі — ол көктегі Әкесін бар жүрегімен жақсы көреді (Жох. 14:31). Оның үстіне, Иса Ехобаға қызмет ету дұрыс екенін түсінген (Жох. 8:28, 29; Аян 4:11). Ол Ехобаның Жаратушы екенін, қаншалықты сенімді әрі жомарт Құдай екенін жақсы біледі (Зәб. 33:4; 36:9; Жақ. 1:17). Ехоба Исаға әрдайым шындықты айтқан және одан ешбір игілігін аямаған (Жох. 1:14). Ал Шайтан, керісінше, кісі өлтіруші. Сараң әрі тек қара басын ойлайтын ол небір өтірікті айтуға дайын (Жох. 8:44). Иса кімнің кім екенін біліп тұрғандықтан, Ехобадан теріс айналып, Шайтанға қызмет ету ойына да келмеген (Філіп. 2:5—8).
5 Исаның Ехобаға қызмет етуді таңдаған тағы бір себебі — адал қызметі қандай тамаша нәтиже әкелетінін ойда ұстады (Евр. 12:2). Адал болып қалса, Ехобаның есімін киелі ететінін және адамзатты күнә мен өлімнен азат ете алатынын ол жақсы түсінді.
ЕХОБА ҒИБАДАТЫМЫЗҒА ӘБДЕН ЛАЙЫҚ
6, 7. Бүгінде неге көп адам Ехобаға қызмет етпейді және неге Ехоба біздің ғибадатымызға әбден лайық?
6 Бүгінде көп адам Ехобаға қызмет етпейді. Өйткені олар Құдайдың керемет қасиеттерінен, оның адамзат үшін жасаған бар жақсылығынан бейхабар. Пауылдың заманында да адамдар білместікпен өмір сүрген. Солардың арасында афиналықтар да болды (Ел. іс. 17:19, 20, 30, 34).
7 Пауыл афиналықтарға шынайы Құдай “барлығына өмір, тыныс және қажеттінің бәрін беретінін” айтып түсіндірген. Кейін артынан: “Оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз”,— деді. Ехоба “бір адамнан күллі халықтарды шығарған” Жаратушы болғандықтан, біз оған ғибадат етуге міндеттіміз (Ел. іс. 17:25, 26, 28).
8. Ехоба ешқашан не істемейді? Түсіндіріңіз.
8 Ехоба Жаратушы әрі бүкіл әлемнің Әміршісі болғандықтан, адамдарды өзіне қызмет етуге мәжбүрлей алар еді. Бірақ Ехоба мұндайға ешқашан бармайды. Өйткені оған қызмет етуді адамдар өзі таңдаса екен дейді. Оның қандай Құдай екеніне, бізді қаншалықты жақсы көретініне өзіміздің көзіміз жету үшін Ехоба бізге мол білім беріп жатыр. Ол мүмкіндігінше көп адамның оған қызмет етуді таңдап, мәңгі өмір сүргенін қалайды (Тім. 1-х. 2:3, 4). Сондықтан да ол бізге өзінің тамаша ниеті жайлы және адамдар үшін дайындап қойған жарқын болашақ жайлы бәріне айтуды тапсырды. Ол бізге бұл істі шебер атқаруды үйретіп те жатыр (Мат. 10:11—13; 28:19, 20). Оған қызмет етуді таңдағандар бірлікте ғибадат етсін деп оларды қауымға жинады, сондай-ақ қамқор да мейірімді бағушылар берді (Ел. іс. 20:28).
9. Ехобаның сүйіспеншілігі мол екені неден көрінеді?
9 Ехобаға қызмет етпейтін адамдардың өміріне қарап, Ехобаның сүйіспеншілігі қаншалықты мол екенін көруге болады. Ойлап көріңізші: талай ғасырдан бері миллиардтаған адам ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзім білем деп, өз беттерінше өмір сүріп келеді. Соған қарамастан, Ехоба бұл адамдарға өмірдің қызығын көруге жол беріп отыр (Мат. 5:44, 45; Ел. іс. 14:16, 17). Ехоба оларды сүю, сүйікті болу, отбасын құру, еңбегінің рақатын көру сияқты бақыттан айырмады (Зәб. 127:3; Уағ. 2:24). Бұл көктегі Әкеміздің барлық адамды жақсы көретінін дәлелдейді (Мұс. 2-ж. 34:6). Ал қазір Ехобаға қызмет етуді біз не үшін таңдағанымызды және сол үшін ол бізді қандай баталарға бөлеп жатқанын еске түсірейік.
ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІ ТАҢДАУҒА БІЗДІ НЕ ТАЛПЫНДЫРДЫ?
10. а) Біз Ехобаға бірінші кезекте не үшін қызмет етеміз? (Матай 22:37) ә) Ехобаның шыдамдылығына не үшін ризасыз? (Зәбүр 103:13, 14)
10 Ехобаға қызмет ететініміздің басты себебі — біз де Иса сияқты Ехобаны ерекше жақсы көреміз (Матай 22:37 оқыңыз). Ехобаның тамаша қасиеттерін танып-білген сайын онымен дос болуға деген ықыласымыз да арта береді. Мысалы, Ехоба — өте шыдамды Құдай. Исраилдіктер мойынсұнбай кеткен кезде ол: “Өтінем,.. жаман жолдарыңнан қайтыңдаршы”,— деп жалынып сұраған (Ерм. 18:11). Ехоба адамның кемелсіз, топырақ екенін ешқашан естен шығармайды (Зәбүр 103:13, 14 оқыңыз). Осындай шыдамды, әрдайым кешіруге дайын Құдайға мәңгілік бойы қызмет еткіңіз келері сөзсіз.
11. Ехобаға қызмет етуді таңдағанымыздың тағы бір себебі неде?
11 Ехобаға қызмет ететініміздің тағы бір себебі — біз бұның дұрыс екенін білеміз (Мат. 4:10). Оның үстіне, адал қызметіміз қандай тамаша нәтиже әкелетінін түсінеміз. Адал болып қалсақ, Ехобаның есімінің киелі болуына үлес қосамыз, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдейміз және көктегі Әкеміздің жүрегін қуантамыз. Ехобаға қызмет етуді таңдағандарды тамаша болашақ күтіп тұр. Олар Ехоба Құдайға мәңгі бақи ғибадат ететін болады! (Жох. 17:3).
12, 13. Джейн мен Памның оқиғасынан қандай ой түйеміз?
12 Ехобаға қызмет етуді кішкентай балалар да таңдай алады. Өскен сайын олардың Ехобаға деген сүйіспеншіліктері де өсе береді. Мысалы, Джейн мен Памa деген әпкелі-сіңлілі бауырластарды алайық. Олар Киелі кітапты зерттей бастағанда жастары небәрі 11-де және 10-да еді. Ата-аналары өздері зерттемесе де, қыздарына зерттеуге рұқсат еткен. Бірақ оларды бәрібір апта сайын өздерімен бірге шіркеуге апарып жүрген. Джейн былай дейді: “Куәгерлер маған Киелі кітаптан көп нәрсе үйретті. Сол білгендерім есірткі қабылдап, азғын өмір кешіп жүрген құрдастарымның қысымына қарсы тұруға көмектесті”.
13 Бірнеше жылдан кейін бұл екі қыз жариялаушы болды. Тағы сәл уақыттан кейін екеуі ізашарлық қызметті бастады. Кейін қартайған ата-анасына қарап жүргенде де олар бұл қызметтерін тоқтатпады. Өткенге көз тастап Джейн былай дейді: “Ехоба өз достарына шексіз адал екеніне көзім жетті. Ол қызметшілерін ешқашан тастамайды, өйткені Тімөтеге 2-хат 2:19-да айтылғандай, “Ехоба өз меншігіндегілерді біледі”. Расында да, Ехобаға қызмет етуді таңдап, оны шын сүйетіндер Ехобаның қамқорлығында жүреді.
14. Сөзімізбен және ісімізбен Ехобаның есімін жаладан қалай тазарта аламыз? (Суретті де қараңыз.)
14 Біз Ехобаның есімі бар жаладан тазарса екен дейміз. Сол үшін де адамдарға оның шын мәнінде қандай Құдай екенін айтқымыз келеді. Мынадай жағдайды елестетіңізші: біреу сіздің мейірімді, жомарт досыңызды жамандаса, оны мейірімсіз, өтірікші деп айыптаса, не істер едіңіз? Досыңызды бірден жақтап шығарыңыз анық. Бүгінде Шайтан мен оның жақтастары небір өтірік таратып, Ехобаның атына кір келтіріп жүр. Ендеше, біз де досымыз Ехобаны қызғыштай қорғап, ол жайлы шындықтарды жария етейік (Зәб. 34:1; Ишая 43:10). Ехобаға жан-тәнімізбен қызмет еткіміз келгендіктен, біз оны сөзімізбен де, ісімізбен де қорғауға дайынбыз.
Сіз Ехобаның есімін қорғап жүрсіз бе? (14-абзацты қараңыз)b
15. Ехоба үшін өмірін өзгерткен елші Пауыл қандай баталарға кенелді? (Філіпіліктерге 3:7, 8)
15 Ехобаға қызмет етуді бастау үшін, я болмаса бұрынғыдан көбірек қызмет ету үшін біз өмірімізді өзгертуіміз керек. Мысалы, елші Пауыл Ехоба үшін өмірін түбегейлі өзгерткен. Ол Мәсіхтің соңынан еру үшін жұрт алдындағы дәрежесінен де, лауазымынан да бас тартты (Ғал. 1:14). Ехобаға қызмет етуді таңдағанының арқасында Пауылдың өмірі мән-мағынаға толы болды. Бұдан да кереметі — ол Мәсіхпен бірге көкте билік етеді. Пауыл Ехобаға қызмет етуді таңдағаны үшін ешқашан өкінбеген. Демек, біз де өкінбейміз (Філіпіліктерге 3:7, 8 оқыңыз).
16. Джулия бауырластың оқиғасынан не түйдіңіз? (Суреттерді де қараңыз.)
16 Ехобаға қызмет етуді бәрінен жоғары қойсақ, өміріміз қазір де, болашақта да мән-мағыналы болады. Джулия бауырласымыздың оқиғасын қарастырайық. Ол кішкентай кезінен шіркеуде хор айтып жүрген. Джулияның ерекше даусын бір кәсіби опера әншісі байқап, оған ұстаздық етеді. Көп ұзамай Джулия танымал болып, зәулім концерт залдарында ән айта бастады. Музыкалық академияда оқып жүрген кезінде бір студент оған Құдай жайлы шындықты, оның есімі Ехоба екенін айтады. Сөйтіп, Джулия аптасына екі рет Киелі кітапты зерттей бастайды. Ақырында, ол Ехобаға қызмет етуді таңдап, атақтан да, мансаптан да бас тартады. Бұндай шешімге келу оңай болмағанын айтып Джулия былай дейді: “Құдай берген дарыныңды қор қылма деп жатқандар көп болды. Бірақ мен өмірімді Ехобаға қызмет етуге арнағым келді”. 30 жыл бұрын жасаған осы таңдауы үшін Джулия өкіне ме? “Ехобаға қызмет етуді таңдағаныма қатты қуанамын, болашақта ол менің бар жүрек қалауымды орындайтынына еш күмәнім жоқ”,— дейді ол (Зәб. 37:4).
Ехобаға қызмет етуді бәрінен жоғары қойсақ, өміріміз мәнді де мағыналы болады (16-абзацты қараңыз)c
ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІ ТОҚТАТПАҢЫЗ
17. Уақыттың аз қалғаны Ехобаға қызмет етуді таңдағандар мен таңдамағандар үшін нені білдіреді?
17 Біз қысылтаяң уақытта өмір сүріп жатырмыз. Елші Пауыл былай деп жазған: “Азғана уақыт” қалды, “келе жатқан ол келіп жетеді, еш кешікпейді” (Евр. 10:37). Оның бұл сөздері нені білдіреді? Ехобаға қызмет етуді әлі таңдамағандар тезірек әрекет ету керек, өйткені белгіленген уақыт таяп қалды (Қор. 1-х. 7:29). Ал Ехобаға қызмет етуді таңдап қойғандар үшін Пауылдың сөздері жұбаныш береді, өйткені олардың көріп жүрген азабы “азғана уақыттан” соң бітеді.
18. Ехоба мен Иса біздің не істегенімізді қалайды?
18 Иса шәкірттерін ұдайы соңынан еріп жүруге шақырған (Мат. 16:24). Ехоба да шындықта бірталай жыл жүргендердің еш берілмей, әрі қарай да талмай қызмет ете бергенін қалайды. Рас, Ехобаға қызмет етемін деген таңдауымызға адал болу оңай емес. Бірақ адалдығымыздың әкелер жемісі мол екенін ұмытпайық. Ехобаға талмай қызмет ете берсек, қазір де, болашақта да мән-мағынаға толы өмір кешеміз (Зәб. 35:27).
19. Джен бауырластың оқиғасынан қандай ой түйдіңіз?
19 Ехобаға қызмет ету үшін көп нәрседен бас тарту керек деп ойлайтындар көп. Жастар, сендер де солай ойлайсыңдар ма? Сендерге Ехобаға қызмет етуді таңдаған адам бар қызықтан құр қалатындай көріне ме? Джен есімді жас ер бауырлас былай дейді: “Бұрын маған Ехоба куәгері болсаң еркіндігің шектелетіндей көрінетін. Сыныптастарым қыдырып, қыздармен жүріп, атыс ойындарын ойнап жүргенде, мен қауымда я қызметте жүретінмін. Оларға қарап қатты қызығатын едім”. Бұндай көзқарасы Дженге қалай әсер етті? Ол былай дейді: “Мен екіжақты өмір кеше бастадым. Басында бәрі қызық болды. Бірақ қызықтың бәрі көп ұзамай-ақ қызық болудан қалды, өйткені істеп жүрген нәрселерім маған шын бақыт сыйламады. Сөйтіп, “маған керек емес” деп ойлаған Киелі кітап шындықтары жайлы қайтадан ойлана бастадым. Сөйтіп, Ехобаға бар жүрегіммен беріліп қызмет етіп көрейін дедім. Содан бері Ехоба әрбір айтқан дұғама жауап беріп келеді”.
20. Біз не нәрсеге бекінуіміз керек?
20 Зәбүр жыршысы Ехобаға былай деген: “Аулаларыңда мекендесін деп, Өзің таңдап алған, өзің жақындатқан адам неткен бақытты!” (Зәб. 65:4). “Мен болсам үй ішіммен Ехобаға қызмет етемін” деген Ешуаға еліктеп, біз де Ехобаға ғибадат ете беруге нық бекінейік (Ешуа 24:15).
28-ӘН Ехобаның досы болайық
a Кейбір есімдер өзгертілген.
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір топ адам Конгресс сарайының алдында Куәгерлерді жамандап, айқайлап тұр. Қастарынан бір әйел өтіп бара жатыр. Кейін ол әдебиет арбасының қасына келіп, бауырластардан шындық жайлы біліп жатыр.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қойылым ретінде түсірілген суреттерде Джулия бауырластың мансаптан бас тартып, Ехобаға қызмет етуді таңдағаны бейнеленген.