16-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
87-ӘН Келіп, сергіп қалыңдар!
Бір-бірімізге жақын болғанымыз қандай игі!
“Бауырлардың бірлікте тұрғандары қандай игі, қандай жағымды!” (ЗӘБ. 133:1).
НЕГІЗГІ ОЙ
Бір-бірімізге жақын болуға көмектесетін кеңестер мен бауырластарға жақын болғанымыздың игіліктері.
1, 2. Ехоба не нәрсеге бейжай қарамайды және ол біздің не істегенімізді қалайды?
БІЗДІҢ адамдарға қалай қарайтынымыз Ехобаға бәрібір емес. Иса да бізді өзгелерді өзімізді сүйгендей сүюге шақырған (Мат. 22:37—39). Өзгелер дегенге Ехобаға сенбейтін адамдар да жатады. Егер оларға да жақсы қарайтын болсақ, онда Ехобаға еліктегеніміз. Өйткені Ехоба “жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін төккізіп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбыр жаудырады” (Мат. 5:45).
2 Ехоба барлық адамды жақсы көреді. Бірақ заң-талаптарын орындайтын адамдарды ол ерекше сүйеді (Жох. 14:21). Сүйікті қызметшілерін біз де жақсы көрсек, бұл Ехобаға қуаныш сыйлайды. Сол үшін де ол бізді “бір-біріңді барынша сүйіңдер”, “бір-біріңді туған бауырлардай жақсы көріңдер” деп шақырады (Пет. 1-х. 4:8; Рим. 12:10). Біз туған бауырларымыз бен жақын адамдарымызды шын көңілмен жақсы көреміз ғой. Ехоба бауырластарды да тура солай жақсы көргенімізді қалайды.
3. Сүйіспеншілікке қатысты нені есте ұстауымыз керек?
3 Сүйіспеншілік гүл сияқты, өсу үшін оны үнемі күтіп-баптау қажет. Сондықтан да елші Пауыл мәсіхшілерге: “Бауырластарды әрдайым жақсы көріңдер”,— деп кеңес берген (Евр. 13:1). Ехоба бауырластарға деген сүйіспеншілігіміздің бір орында тұрмай, арта бергенін қалайды. Бұл мақалада біз бауырластарымызға жақын болу неге маңызды екенін және оларды әрдайым жақсы көру үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз.
БАУЫРЛАСТАРҒА ЖАҚЫН БОЛҒАНЫМЫЗ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
4. Зәбүр 133:1-де айтылған бірлігімізді бағалау үшін не істеуіміз керек? (Суреттерді де қараңыз.)
4 Зәбүр 133:1 оқыңыз. Құдай қызметшілерінің бірлігін көріп сүйсінген зәбүр жыршысының сөздермен біз де келісеміз. Расымен де, біз бірлігі жарасқан тату-тәтті халықпыз. Бірақ арамыздағы бірлікті қалыпты жағдай санап, бағаламай кетіп жүрмейік. Өйткені адам бір нәрсені қанша ұнатып, қанша тәнті болса да, күнде-күнде көре бергеннен көзі үйреніп кетеді. Біз де бауырластарды жиі көре бергеннен арамыздағы сүйіспеншілік пен бірлікке көзіміз үйреніп, оларды бағаламай кетуіміз мүмкін. Бұған жол бермес үшін не істеуіміз керек? Әрбір бауырлас қауым үшін, мен үшін қаншалықты бағалы деп ойланып тұрайық. Бұлай ой жүгірту бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсуге көмектеседі.
Арамыздағы таңғажайып бірлікке көзіңіз үйреніп кетіп жүрмесін (4-абзацты қараңыз)
5. Арамыздағы сүйіспеншілік өзгелерге қалай әсер етуі мүмкін?
5 Адамдар қауымымызға алғаш рет келгенде, көздеріне бірден түсетіні — арамыздағы сүйіспеншілік. Кейбіреулер осыны көріп-ақ шындықты тапқандарына көздері жетіп жатады. Бұлай болуы бекер емес, өйткені Иса: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жох. 13:35). Читра деген қызбен болған жағдай да бұны растайды. Ол Киелі кітапты зерттеп жүргенінде бірінші рет аймақтық конгреске келеді. Конгрестің бірінші күні біткен соң, ол тәлімгеріне былай дейді: “Туған ата-анамның өзі мені құшақтап, бауырына басқан жоқ еді. Ал бүгін бауырластар мені 1 рет емес, 52 рет құшақтады. Бауырластар арқылы Ехобаның өзі мені құшақтап жатқандай болды. Оның осындай үлкен отбасына мен де қосылғым келеді”. 2024 жылы Читра шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехобаның отбасына қосылды. Расында да, сүйіспеншілігіміз бен игі істерімізді көріп, көп адам Ехобаға қызмет етуге талпынып жатады (Мат. 5:16).
6. Бауырластарға жақын болғанымыз неге өзіміз үшін қорғаныш?
6 Елші Пауыл мәсіхшілерді: “Ешқайсысың күнәға азғырылып, жүректерің қасарысып кетпеу үшін, күн сайын бір-біріңді жігерлендіріп отырыңдар”,— деп талпындырған (Евр. 3:13). Бұдан көретініміздей, бауырластарға жақын болғанымыз өзіміз үшін қорғаныш. Мысалы, тура жолдан таюға шақ қалып жатсақ, Ехоба бізге байқампаз бауырласты көмекке жіберуі мүмкін (Зәб. 73:2, 17, 23). Қасымызда дер кезінде көмекке келетін бауырластарымыздың болғаны неткен керемет!
7. Сүйіспеншілік пен бірліктің қандай байланысы бар? (Қолостықтарға 3:13, 14)
7 Ехобаның ұйымында әрбір бауырлас сүйіспеншілік танытуға бар күшін салатындықтан, біз мұның көп игілігін көріп жүрміз (Жох. 1-х. 4:11). Мысалы, сүйіспеншілік бізді “бір-бірімізді кеңпейілмен кешіруге”, “өзара төзімді” болуға талпындырады, соның арқасында арамызда мызғымас бірлік бар (Қолостықтарға 3:13, 14 оқыңыз; Ефес. 4:2—6). Жер бетінде біздікіндей ынтымақ-бірлігі жарасқан бірде-бір ұйым жоқ деп нық сеніммен айта аламыз.
“БІР-БІРІҢЕ... ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІҢДЕР”
8. Неге арамыздағы бірлік тек Ехобаның арқасы дей аламыз?
8 Әлемнің шартарабында жүрсек те бүтін бір халық болғанымыз — Ехобаның жасаған кереметі. Ол болмағанда, кемелсіз адамдардың арасында мұндай бірлік ешқашан болмас еді (Қор. 1-х. 12:25). Бізге “бір-бірімізді сүюді... Құдай үйретіп жатыр” (Сал. 1-х. 4:9). Бір-бірімізді сүю үшін не істеуіміз керектігін ол бізге өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы айтады. Демек, бауырластарды сүюді үйренгіміз келсе, Құдай Сөзін тыңғылықты оқып-зерттеп, білгендерімізді іске асырғанымыз маңызды (Евр. 4:12; Жақ. 1:25). Бұған Ехобаның халқы бар күшін салып та жүр.
9. Римдіктерге 12:9—13 тармақтарға сай, бірінші болып құрмет көрсету деген нені білдіреді?
9 Ехоба бізге бір-бірімізді сүюді қалай үйретіп жатқанын көрейік. Мысалы, Пауылдың Римдіктерге 12:9—13 тармақтардағы (оқыңыз) сөздерін алайық. Бұл тармақтардағы “бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер” деген сөздер бір-бірімізді бірінші болып сүюіміз керектігін білдіреді. Ал сүю кеңпейілмен кешіру, қонақжайлылық таныту, қолда бармен бөлісу сияқты игі істерді қамтиды (Ефес. 4:32). “Бұларды маған кім, қашан істейді екен” деп күтіп отырмайық, қайта, өзіміз бірінші болып әрекет етейік. Сонда, Иса айтқандай, “алғаннан гөрі берген бақытты” екеніне көзіміз жетеді (Ел. іс. 20:35).
10. Құрмет көрсету мен еріншек болмаудың қандай байланысы бар? (Суреттерді де қараңыз.)
10 Тағы бір назар аударатын жайт, Пауыл “бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер” деген соң, артынан бірден “еріншек болмай, істеріңді ынта-жігермен атқарыңдар” деген. Ісін ынта-жігермен атқаратын адам еңбекқор келеді және өзіне сеніп тапсырылған істі тиянақты атқарады. Нақыл сөздер 3:27, 28-де: “Қолыңнан келіп тұрғанда, мұқтаждарға жақсылық жасаудан тартынба”,— делінген. Ендеше, біреудің көмекке мұқтаж екенін байқасақ, қол ұшын беруге асығайық, бұны кейінге қалдырып жүрмейік. Мен болмасам, әйтеуір біреу көмектеседі ғой деп ойламайық (Жох. 1-х. 3:17, 18).
Мұқтаж бауырластарға көмектесуге өзіміз бірінші болып ұмтылуымыз керек (10-абзацты қараңыз)
11. Бауырластарға жақын болып қалу үшін не істегеніміз маңызды?
11 Өзгелерге құрмет көрсетудің тағы бір жолы — кешіруге асық болу. Киелі кітапта Ехоба бізді кешірімді болуға қайта-қайта шақырады. Мысалы, Ефестіктерге 4:26-да: “Күн батпай тұрып ашуларыңды басыңдар”,— делінген. Осылай етсек, біз келесі 27-тармақта айтылғандай, “Ібілістің өзімізге ықпал етуіне жол бермейміз”. Ал Қолостықтарға 3:13-те: “Бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер”,— деп жазылған. Бауырластармен жақын болып қалғымыз келсе, ең дұрысы — олардың қателіктері мен олқылықтарына мән бермей-ақ қоя салу. Осы кеңестерге құлақ асып кешірімді болсақ, “киелі рух арқылы иемденген бірлігімізді сақтап қаламыз” (Ефес. 4:3). Бір сөзбен айтқанда, кешірімді болмасақ, бірлік те болмайды.
12. Өзгелерді кешіруге Ехоба бізге қалай көмектесе алады?
12 Жасыратыны жоқ, кейде кешіру өте қиын болып жатады. Бірақ киелі рух үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Пауыл “туған бауырлардай жақсы көру” мен “еріншек болмау” туралы айтқан соң, “рухтың әсерімен жалындай беріңдер” деген (Рим. 12:11). “Жалындау” деген сөз бір істі құлшыныспен, зор ықыласпен атқаруды білдіреді. Демек, рухтың әсерімен біз бауырластарды ерекше ықыласпен сүйіп, ерекше ықыласпен кешіре аламыз. Ендеше, Ехобадан киелі рух сұраудан талмайық (Лұқа 11:13).
“ЖІККЕ БӨЛІНБЕЙ... ТОЛЫҚТАЙ БІРЛІКТЕ ТҰРЫҢДАР”
13. Арамыздағы бірлікке не қауіп төндіруі мүмкін?
13 Қауымдарымыз түрлі ортадан шыққан “әртүрлі адамдардан” құралған (Тім. 1-х. 2:3, 4). Сондықтан киім киюге, сырт көрініске, денсаулықты күтуге, көңіл көтеруге қатысты көзқарасымыз да әртүрлі. Абай болмасақ, бұндай түрлі көзқарасымыз оп-оңай жікке бөлінуге әкеп соғуы мүмкін (Рим. 14:4; Қор. 1-х. 1:10). “Бір-бірімізді сүюді бізге Құдай үйретіп жатқандықтан”, жеке бастың мәселелерінде менің көзқарасым, менің таңдауым бәрінікінен дұрыс деп тұрып алудан аулақ болғанымыз жөн (Філіп. 2:3).
14. Бауырластарды барлық кезде жігерлендіргеніміз неге маңызды?
14 Жікке бөлінушілікті болдырмаудың тағы бір жолы — бауырластарды барлық кезде жұбатып, жігерлендіру (Сал. 1-х. 5:11). Соңғы уақытта қауымға келмей кеткен және қауымнан аластатылған бауырластарымыздың көбі қайтып келіп жатыр. Біз оларды құшақ жая қарсы аламыз! (Қор. 2-х. 2:8) Он жыл бойы қауымға келмеген бір әйел бауырлас былай дейді: “Патшалық сарайына кіріп келгенімде, бауырластардың бәрі қолымды алып амандасып, мені жылы жүзбен қарсы алды”. Қауымдағылардың жылы амандасқанының өзі қаншалықты әсер еткенін айтып, ол тағы былай деді: “Ехобаның өзі мені құшақ жая қарсы алып, маған еңсеңді көтеріп, қуан деп жатқандай болды” (Ел. іс. 3:19). Егер біз “бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандарды” сергітуге тырыссақ, Мәсіхтің нағыз көмекшісі боламыз (Мат. 11:28, 29).
15. Ынтымақ-бірлігімізді нығайтудың тағы бір жолы қандай? (Суреттерді де қараңыз.)
15 Ынтымақ-бірлігімізді нығайтудың тағы бір жолы — сөздерімізге мән беру. Әйүп 12:11-де: “Сөзді құлақ, Дәмді тіл ажыратпай ма?”— делінген. Әзірлеген тамағымызды қонақтарға ұсынбас бұрын дәмін татып көретініміздей, өзгелерге бірдеңе айтпас бұрын ойланып алғанымыз жөн (Зәб. 141:3). Сонда айтқан сөзіміз әрдайым өзгелерді жігерлендіріп, сергітіп, “пайдаларына асатындай” болады (Ефес. 4:29).
Сөйлемес бұрын сөзіңіздің дәмін татып көріңіз (15-абзацты қараңыз)
16. Әсіресе кімдер айтатын сөздеріне мұқият болу керек?
16 Күйеулер мен ата-аналар не айтатындарына әсіресе мұқият болғандары жөн. Олардың сөздері әрдайым көңілді сергітетіндей болу керек (Қол. 3:19, 21; Тит. 2:4). Ақсақалдар да Ехобаның отарын әрдайым жігерлендіріп, жұбатып жүрулері тиіс (Ишая 32:1, 2; Ғал. 6:1). Киелі кітаптағы: “Уақытында айтылған сөз қандай жақсы!”— деген дана сөздерді ешқашан естен шығармайық (Нақ. с. 15:23).
“ІС ЖҮЗІНДЕ ӘРІ ШЫН ЖҮРЕКТЕН СҮЙЕЙІК”
17. Бауырластарды шын көңілмен жақсы көретінімізді қалай көрсетсек болады?
17 Елші Жохан: “Бір-бірімізді сөз жүзінде не ауызбен ғана емес, іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік”,— деген (Жох. 1-х. 3:18). Бауырластарды шын көңілмен сүю үшін, біз оларға жақын болуымыз керек. Бұл үшін не істесек болады? Қауымға барғанда, қызметке шыққанда бауырластармен араласып, жақынырақ танысып алыңыз, үйлеріне қал-жағдайларын сұрап барыңыз. Осылай етсек, бір-бірімізді сүюді Құдайдан үйреніп жатқанымызды дәлелдейміз (Сал. 1-х. 4:9). “Бауырлардың бірлікте тұрғандары қандай игі, қандай жағымды” екеніне де көзіміз жете түседі (Зәб. 133:1).
90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік