12-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
119-ӘН Сеніміміз берік болғай
Сеніміңізбен өмір сүріңіз
“Біз көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүреміз” (ҚОР. 2-Х. 5:7).
НЕГІЗГІ ОЙ
Қабылдаған шешімдеріміз Ехобаға қаншалықты сенім артатынымыздың көрсеткіші.
1. Неге елші Пауыл өткен өмірі үшін еш өкінбеді?
ЕЛШІ ПАУЫЛДЫҢ өлімге кесілетін уақыты таяп қалған еді. Бірақ ол өткен өміріне қарап, ештеңеге өкінбеді. Сол себепті де ауыз толтырып: “Мен... мәреге жеттім, сенімімді сақтап қалдым”,— деген (Тім. 2-х. 4:6—8). Пауыл әрдайым дұрыс шешімдер қабылдаған, сондықтан Ехобаның ықыласына бөленгеніне сенімді болған. Біз де Ехобаның ықыласына ие болып, оны қуанту үшін дұрыс шешімдер қабылдағанымыз маңызды. Ал бұл үшін не істеуіміз керек?
2. Сеніммен өмір сүру деген нені білдіреді?
2 Пауыл өзінің хатында: “Біз көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүреміз”,— деп жазған (Қор. 2-х. 5:7). Оның бұл сөздері нені білдіреді? Тек көргенімен өмір сүретін адам сезімдеріне, көріп-естіген нәрселеріне сүйеніп шешім қабылдай салады. Ал сенімімен өмір сүретін адам Ехоба Құдайды ескеріп шешім қабылдайды. Өйткені Киелі кітаптағы ақыл-кеңестерге құлақ асса, бұның игілігін көретініне және сол үшін Ехоба міндетті түрде сый беретініне сенеді (Зәб. 119:66; Евр. 11:6).
3. Сенімімен өмір сүретін адам қандай баталарға кенеледі? (Қорынттықтарға 2-хат 4:18)
3 Әрине, барлығымыз көзге көрініп тұрған нәрсеге қарап шешім қабылдауға бейімбіз. Бірақ маңызды мәселелерде көзбен көріп, құлақпен естіген нәрселерге ғана сүйеніп шешім қабылдайтын болсақ, артынан опық жеп қалуымыз мүмкін. Өйткені көзге көрініп тұрған нәрселер алдамшы. Бірде болмаса бірде Ехобаның еркіне не ақыл-кеңесіне қайшы әрекет етіп қоюымыз мүмкін (Уағ. 11:9; Мат. 24:37—39). Ал егер сенімімізге сүйенер болсақ, қабылдаған шешімдеріміз Ехобаға ұнайтын болады (Ефес. 5:10). Оның ақыл-кеңестерімен жүру бізді шын бақытқа жеткізіп, жанымызды тыныштыққа бөлейді (Зәб. 16:8, 9; Ишая 48:17, 18). Сенімімізбен өмір сүруді доғармасақ, болашақта мәңгі өмірге жетеміз (Қорынттықтарға 2-хат 4:18 оқыңыз).
4. Сенімімізбен өмір сүріп жатқан-жатпағанымызды қалай анықтасақ болады?
4 Біз көргенімізбен өмір сүріп жүрміз бе, әлде сенімімізбен бе — бұны қалай анықтасақ болады? Бұл үшін өзіңізге келесі сұрақтарды қойып көріңіз: Шешім қабылдағанда қандай жайттарды ескеремін? Тек көзге көрініп тұрған нәрселерді ме? Әлде Ехобаның кеңестерін де ескеремін бе? Бұл мақалада біз жұмысқа тұрғанда, жар таңдағанда және ұйымнан нұсқаулар алғанда көргенімізге ғана емес, сенімімізге сүйеніп әрекет етудің маңызын қарастырамыз. Қазір осы үш салаға жеке-жеке тоқталып өтейік.
ЖҰМЫСҚА ТҰРҒАНДА
5. Жұмысқа тұрарда қандай жайтты ескергеніміз дұрыс?
5 Бәріміз де отбасымыздың ештеңеден тарықпай, жақсы өмір сүргенін қалаймыз (Уағ. 7:12; Тім. 1-х. 5:8). Жұмыста жалақың жоғары болса, күнделікті шығындарыңды жаба аласың, тіпті алдағы уақытқа аз-маз ақша да жинап қоя аласың. Ал жалақың аз болса, тапқан табысың ең қажет деген нәрселердің өзіне әрең жетеді. Сондықтан жұмысқа тұрарда қанша ақша төлейтінін ескерген дұрыс. Алайда тек ақшасын ғана ескерсеңіз, онда сіз сеніміңізбен емес, көргеніңізбен өмір сүргеніңіз.
6. Жұмысқа қатысты шешім қабылдағанда сенімімізбен өмір сүретініміз неден көрінеді? (Еврейлерге 13:5)
6 Таңдаған жұмысымыз Ехобамен қарым-қатынасымызға қалай әсер ететінін ескерсек, сенімімізбен өмір сүргеніміз. Жұмысқа тұрмас бұрын былай деп ойланыңыз: Бұл жұмысқа тұрсам, Ехоба жек көретін істерді істеуге тура келіп жүрмей ме? (Нақ. с. 6:16—19). Рухани істерге кедергі болмай ма? Ұзақ уақыт отбасымды көрмей, үйден жырақта жүруім мүмкін бе? (Філіп. 1:10). Егер бұл сұрақтарға “иә” деп жауап берсеңіз, жұмыс таба алмай қанша қиналсаңыз да, бұндай жұмысқа келіспегеніңіз жөн болады. Біз Ехобаның қызметшілері болғандықтан сенімімізбен өмір сүреміз, яғни ол қалай да қамымызды жасайтынына сенеміз (Мат. 6:33; Еврейлерге 13:5 оқыңыз).
7, 8. Хавьер бауырлас сенімімен өмір сүретінін қалай дәлелдеді? (Суретті де қараңыз.)
7 Оңтүстік Америкада тұратын Хавьерa есімді ер бауырлас сеніммен өмір сүрудің маңыздылығын түсінген. Ол былай дейді: “Жұмыс істеп жүрген компаниямда жоғарылау мақсатында жаңа қызметке өтініш білдірдім. Оның жалақысы да көп еді, жұмыстың өзі де маған ұнап тұрды”. Алайда Хавьердің ізашар болсам деген де ниеті бар еді. Ол әрі қарай былай дейді: “Компания менеджері өтінішімді қабылдап, мені сұхбаттасуға шақырды. Бірақ оған бармас бұрын, Ехобаға дұға айтып алдым. Өйткені мен үшін ненің дұрыс екенін ол жақсырақ білетініне сенімді болдым. Мен бар болғаны жұмыста жоғарылап, жалақымды жақсартқым келді. Бірақ бұл жұмыс рухани мақсаттарыма жетуге кедергі етсе, бұндай жұмысқа келіспеймін деп шештім”.
8 Хавьер тағы былай дейді: “Сұхбат кезінде менеджер маған жиі қосымша жұмыс істеу керек болатынын айтты. Бірақ мен оған Құдайға қызмет ететіндіктен, бар уақытымды жұмысқа арнай алмайтынымды түсіндірдім”. Сөйтіп, Хавьер бұл жұмыстан бас тартты. Ол екі аптадан кейін ізашарлық қызметті бастады. Ал бірнеше айдан кейін көп уақыт алмайтын жаңа жұмыс тапты. Хавьер былай дейді: “Ехоба дұғама жауап беріп, ізашар болуға ыңғайлы жұмыс таптым. Сол жұмыстың арқасында қазір Ехобаға қызмет етуге де, бауырластарыма көмектесуге де уақытым жетеді. Осындай жұмысымның барына қатты қуанамын”.
Жұмысыңызда қызметіңізді жоғарылатуды ұсынса, шешіміңізден Ехобаға сенім артатыныңыз көрініп тұрсын (7, 8-абзацтарды қараңыз)
9. Трезор бауырластың оқиғасынан қандай ой түйдіңіз?
9 Ал қазір істеп жүрген жұмысымыздан сенімімізбен өмір сүретініміз көрінбесе ше? Ондай кезде не істеуіміз керек? Конгода тұратын Трезор бауырластың жағдайын қарастырайық. Ол былай дейді: “Менің жұмысым өмірде бір-ақ рет келетін тамаша жұмыс болды. Жалақысы бұрынғы жұмысымнан үш есе көп болатын, адамдардың алдындағы беделім де әжептәуір өсіп қалған еді”. Бірақ тым көп жұмыс істегендіктен, Трезор жиі қауымға бармай қалатын. Бұл аздай, әріптестері өздерінің артын жабу үшін оны өтірік айтуға үгіттейтін. Трезор бұл жұмыстан шыққысы келді, бірақ жұмыссыз қаламын деп қорықты. Бұл жағдай немен бітті? Трезор былай дейді: “Абақұқ 3:17—19 тармақтар жайлы ой жүгірттім. Кіріссіз қалсам да, Ехоба қалай да қамымды жасайтынына еш күмәнданбауым керектігін түсіндім. Сөйтіп, жұмыстан шығып кеттім”. Трезор сөздерін былай деп түйіндеді: “Жұмыс берушілер ақша үшін адам бәріне дайын деп ойлайды, көп ақша төлесек, отбасын да, Құдайын да ұмытады дейді. Сондай адамдардың қатарында болмағаныма қатты қуанамын. Жұмыстан кеткенімнің арқасында қазір Ехобамен қарым-қатынасым берік. Шамамен бір жылдан кейін Ехобаның көмегімен тұрақты жұмыс таптым. Ақшасы тым көп болмаса да, күнімді көруге жетеді. Ең бастысы, рухани істерді атқаруға жеткілікті уақыт бөле аламын. Ехобаны өмірде басты орынға қойғанда бәрі керемет болып кетпейді, қандай да бір уақыт қаржылай қиналуың мүмкін, бірақ Ехоба міндетті түрде қамыңды жасайды”. Расында да, Ехобаның ақыл-кеңесі мен уәделеріне сенсек, қиын уақытта да сенімімізбен өмір сүреміз және міндетті түрде батаға кенелеміз.
ЖАР ТАҢДАҒАНДА
10. Жар таңдағанда не нәрсеге назар аударған маңызды, бірақ неден сақ болған жөн?
10 Неке — Ехобаның сыйы. Адамның неке құрғысы келетіні де кәдімгі жайт. Болашақ жар таңдағанда қыз бауырласb ер бауырластың мінезіне, сырт келбетіне, абыройына, ақшасына, отбасының алдындағы міндеттеріне және сол бауырластың қасында өзін қалай сезінетініне мән беруі мүмкін. Әрине, бұның бәрін ескерген маңызды. Бірақ қыз бауырлас тек осыларға назар аударса, оның сенімімен емес, көргенімен өмір сүргені.
11. Болашақ жар іздеп жүрген бауырластар сеніммен өмір сүретіндерін қалай көрсете алады? (Қорынттықтарға 1-хат 7:39)
11 Ер не әйел бауырлас жар таңдағанда Киелі кітап кеңестеріне жүгінсе, Ехоба мұндай бауырластарды мақтан тұтады. Ехобаның ақыл-кеңесіне құлақ асатын бауырлас біреумен кездесуді бастамас бұрын өзінің “албырт шақтан” өткенін күтеді (Қор. 1-х. 7:36). Сондай-ақ ол болашақ жарының бойынан Ехоба Киелі кітапқа жаздырған жақсы күйеу мен жақсы әйелге тән қасиеттерді іздейді (Нақ. с. 31:10—13, 26—28; Ефес. 5:33; Тім. 1-х. 5:8). Ал егер Куәгер емес адам көңіл білдіріп жатса, ол Қорынттықтарға 1-хат 7:39-дағы (оқыңыз) “тек Иеміздің ізбасарымен” неке құру керек деген нұсқауға мойынсұнады. Осының бәрін істеп жүрген бауырластар өздерінің сеніммен өмір сүретіндерін көрсетеді, яғни Ехоба оларды әрдайым эмоциялық жағынан қолдап-демейтініне берік сенеді (Зәб. 55:22).
12. Роса бауырластың оқиғасынан не түйдіңіз?
12 Колумбияда ізашар болып қызмет ететін Роса бауырластың оқиғасын қарастырайық. Жұмысында бір жігіт оның қасынан шықпай, көңіл білдіріп жүріпті. Роса да оны ұнатып қалады. Ол былай дейді: “Бір қарағанда ол жігіт өте жақсы адамдай көрінді. Ол үнемі жан-жағындағы адамдарға көмектесіп жүретін, ешқандай жаман әдеті де жоқ еді. Оның мені қаншалықты құрметтейтіні, көңілімді табуға тырысатыны маған кәдімгідей ұнайтын. Тек Куәгер еместігі болмаса, оның бойында жақсы күйеуге тән қасиеттердің бәрі бар еді”. Роса әрі қарай былай дейді: “Сол уақыттары мен жалғызсырап, қасымда тірек болатын адамымды тапсам ғой деп жүрген едім. Бауырластардың арасынан да өзіме сай келетін ешкімді кездестірмедім. Сондықтан ол жігітке “жоқ” деп айту өте қиын болды”. Бірақ Роса тек көзге көрініп тұрған нәрсеге назар аудармай, Ехобамен достығын да ойлады. Сөйтіп, ол әлгі жігітпен байланысын үзіп, бар назарын рухани істерге аударды. Көп ұзамай Роса Патшалықты жариялаушыларға арналған мектептен өтті. Ал қазір арнайы ізашар болып қызмет етіп жүр. “Ехоба батасын үйіп-төгіп, мені бақытқа бөлеп жүр”,— дейді Роса. Жүрегіңде бір нәрсені қатты қалап тұрғанда сеніммен өмір сүру оңай емес, бірақ сеніммен өмір сүретін адам артқа қарап еш өкінбейді.
ҰЙЫМНАН НҰСҚАУЛАР АЛҒАНДА
13. Ұйымнан нұсқаулар алғанда сенімімізге емес, көргенімізге сай әрекет етуге не себеп болуы мүмкін?
13 Біз жиі жергілікті ақсақалдардан, аудандық бақылаушылардан, филиалдан, я болмаса Басқарушы кеңестен ғибадатымызға қатысты әртүрлі нұсқаулар алып тұрамыз. Бірақ кейбір кездері қандай да бір нұсқаудың не үшін берілгенін түсінбей жатамыз. Ондай кезде берілген нұсқаудың жақсы нәтиже әкелетініне күмәнданып, тіпті сол нұсқауды берген бауырластардың кемелсіздігіне тым қатты мән беріп кетуіміз мүмкін.
14. Ұйымнан нұсқаулар алғанда сенімімізбен өмір сүретінімізді қалай көрсетсек болады? (Еврейлерге 13:17)
14 Сенімімізбен өмір сүрсек, барлық жағдай Ехобаның қадағалауында екеніне және ол біздің жағдайымызды бәрінен де жақсы білетініне сенеміз. Соның арқасында нұсқауларға бірден мойынсұнып, тіпті бұны зор ықыласпен істейміз (Еврейлерге 13:17 оқыңыз). Ал мойынсұнушылығымыз қауымның ауызбіршілігін сақтайтынын жақсы түсінеміз (Ефес. 4:2, 3). Сондай-ақ басшылықты қолға алған бауырластардың кемелсіздігіне қарамастан оларға мойынсұна берсек, Ехоба міндетті түрде батасын беретініне сенеміз (Сам. 1-ж. 15:22). Ал қандай да бір нәрсені шынымен түзеу қажет болса, Ехоба мұны өз уақытында істейтініне сенімдіміз (Миха 7:7).
15, 16. Ұйымнан келген жаңа нұсқауға күмәнмен қараса да, бір ер бауырлас сенімімен өмір сүретінін қалай көрсетті? (Суретті де қараңыз.)
15 Сеніммен өмір сүрудің маңыздылығын көрсететін бір жағдайды қарастырайық. Перуде испан тілі кең таралса да, адамдардың көбісі байырғы тілдерде сөйлейді. Сол тілдердің бірі — кечуа тілі. Бауырластар аумақтарындағы кечуа тілінде сөйлейтін адамдарды жылдар бойы белгілі бір тәсілмен іздеген. Алайда елде кейбір заңдар өзгергендіктен, бауырластар кечуа тілінде сөйлейтін адамдарды іздеп-табуға қатысты жаңа нұсқаулар алды (Рим. 13:1). Сонда кейбір бауырластар аумақты өңдеу енді қиындайтын болды деп уайымдап қалды. Бірақ олар сонда да жаңа нұсқауға мойынсұнды, соның арқасында Ехобаның батасына кенелді. Олар кечуа тілінде сөйлейтін көптеген адамды тапты.
16 Жаңа нұсқауға күмәнданғандардың арасында Кевин бауырлас та болды. Ол кечуа тілді қауымында ақсақал болып қызмет етеді. “Енді кечуа тілінде сөйлейтін адамдарды қалай таппақпыз деп дал болдым”,— дейді ол. Сол кезде не істегенін айтып Кевин былай дейді: “Мен Нақыл сөздер 3:5-те жазылған сөздерді есіме алдым. Сондай-ақ Мұсаның оқиғасы жайлы көп ойландым. Ол исраилдіктерді Мысырдан алып шыққанда, Ехоба оған халықты Қызыл теңіздің алдына әкелуді айтты. Бір қарағанда, бұл нұсқау ақылға сыймайтындай көрінді. Өйткені халық тығырыққа тіреліп, мысырлықтардың уысына түскендей болды. Алайда мойынсұнғаны үшін Ехоба Мұсаға батасын беріп, мүмкін емес жолмен халқын құтқарып қалды” (Мұс. 2-ж. 14:1, 2, 9—11, 21, 22). Осылай ой жүгірткені Кевинге жаңа әдіске бейімделуге көмектесті. Бұның қандай нәтиже әкелгені жайлы ол былай дейді: “Ехоба осыншалықты батасын төгеді деп ойламаппын. Бұрын біз қызметте талай жерді кезсек те, кечуа тілінде сөйлейтін бір-екі адамды ғана табатынбыз. Ал қазір көбінесе кечуа тілінде сөйлейтін адамдар көп шоғырланған жерлерді өңдейміз. Соның арқасында қызығушылар, қайта барулар мен Киелі кітап зерттеулері әжептеуір көбейді. Қауымға келушілердің де саны арта түсті”. Мінеки, көргеніміздей, сеніммен өмір сүретін қызметшілерін Ехоба ешқашан батасыз қалдырмайды.
Бауырластарға кечуа тілінде сөйлейтін адамдарды қайдан табуға болатынын айтып, жол сілтегендер көп болды (15, 16-абзацтарды қараңыз)
17. Бұл мақаладан не білдік?
17 Бұл мақалада біз сенімімізбен өмір сүруіміз керек үш маңызды саланы қарастырдық. Бірақ біздің сеніммен өмір сүретініміз өмірдің барлық саласында, мысалы, көңіл көтеру я ойын-сауық түрін таңдағанда, білім алуға қатысты шешім қабылдағанда, бала тәрбиелегенде көрініп тұру керек. Ендеше, қандай шешім қабылдамайық, көзге көрініп тұрған нәрселерді ғана емес, Ехобамен қарым-қатынасымызды, оның ақыл-кеңестерін және қамдарыңды ойлаймын деген уәдесін есте ұстайық. Осылай біз “мәңгі бақи өз Құдайымыз Ехобаның есімімен жүреміз” (Миха 4:5).
156-ӘН Сенімім бар
a Кейбір есімдер өзгертілген.
b Бұл абзац қыз бауырласқа қатысты айтылғанмен, мұндағы кеңестер ер бауырласқа да қатысты.