13-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
4-ӘН “Ехоба — менің Бағушым”
Ехобаның қолы қысқа емес
“Ехобаның қолы қысқа ма еді?” (МҰС. 4-Ж. 11:23).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехоба қалай да қамымызды жасайтынына сенімімізді арттыру.
1. Исраилдіктерді Мысырдан алып шыққанда, Мұсаның Ехобаға сенім артқаны неден көрінеді?
ЕВРЕЙЛЕРГЕ арналған хатта сенімін серік еткен адамдардың тізімі жазылған. Олардың арасында Мұса да бар (Евр. 3:2—5; 11:23—25). Исраилдіктерді Мысырдан алып шыққанда Мұса өз сенімінің қаншалықты берік екенін көрсетті. Ол перғауыннан да, оның әскерінен де еш тайсалмады. Ехобаға толық сенім артқан ол халықты Қызыл теңізден де өткізді, қуаң далада да бастап алып жүрді (Евр. 11:27—29). Исраилдіктердің көбісі Ехобаның қамқоршы Құдай екеніне күмәнданғанда да Мұса берік сенімінен таймады. Ехоба Мұсаның сенімін ақтап, қуаң далада халқына ішетін су да, жейтін тамақ та беріп отырдыa (Мұс. 2-ж. 15:22—25; Зәб. 78:23—25).
2. “Ехобаның қолы қысқа ма еді?” деген сұрақты Ехоба Мұсаға не үшін қойды? (Мұсаның 4-жазбасы 11:21—23)
2 Мысырдан шыққаннан кейін шамамен бір жыл өткен соң, Мұса күмәнға бой алдырып қойды. Ол Ехобаның халыққа ет беремін деген сөзіне сене алмады. Миллиондаған адамға қаңыраған қу далада сонша етті Ехоба қайдан табатынын Мұса еш түсінбеді. Сонда Ехоба одан: “Ехобаның қолы қысқа ма еді?”— деп сұрады (Мұсаның 4-жазбасы 11:21—23 оқыңыз). Мұндағы “Ехобаның қолы” деген тіркес оның киелі рухына, яғни әрекет етуші күшіне нұсқайды. Ехобаның Мұсаға қойған сұрағы “Сонда істеймін деген нәрсемді істеуге менің шамам жетпейді деп ойлайсың ба?” дегенді де білдіреді.
3. Күмәнға бой алдырған Мұса мен исраилдіктердің оқиғасын қарастырғанымыз не үшін пайдалы?
3 Сіздің де Ехоба қажетіңізбен қамдайтынына күмәнданған кезіңіз болған ба? Қалай болған күнде де, Мұса мен исраилдіктердің оқиғасы бәріміз үшін де пайдалы. Қазір сол оқиғаны толығырақ қарастырып көрейік. Сондай-ақ Ехобаның қолы қысқа емес екеніне көзімізді жеткізетін Киелі кітаптағы бірнеше принципті де талқылайық.
МҰСА МЕН ИСРАИЛДІКТЕРДЕН САБАҚ АЛЫҢЫЗ
4. Исраилдіктердің күңкілдей бастауына не себеп болды?
4 Исраилдіктер Мысырдан шыққан кезде, “көптеген жатжұрттықтар да” оларға еріп шықты. Олар Уәде етілген жерге жеткенше ұлан-ғайыр шөл даланы біраз уақыт кезіп жүрді (Мұс. 2-ж. 12:38; Мұс. 5-ж. 8:15). Бір күні жатжұрттықтар күнде манна жей беруден жалыға бастады. Кейін оларға қосылып исраилдіктер де күңкілдеп шықты (Мұс. 4-ж. 11:4—6). Олар Мысырда жеген тамақтарын аңсай бастады. Жұрт күңкілдеп, шағымдарын Мұсаға айта бергендіктен, ол жұрт сұраған тамақты мен тауып беруім керек деген ойда қалса керек (Мұс. 4-ж. 11:13, 14).
5, 6. Жатжұрттықтар исраилдіктерге қалай жаман әсер етті және біз бұдан қандай сабақ аламыз?
5 Жатжұрттықтардың қанағатсыздығы мен ризашылықтан жұрдай болғаны исраилдіктерге жаман әсер етсе керек. Біз де осындай рух танытатын адамдардың арасында өмір сүріп жатқандықтан, абай болмасақ, Ехобаның қамқорлығына көңіліміз толмай, беріп жатқанын азсына бастауымыз мүмкін. Егер бұрынғы өмірімізді аңсай бастасақ немесе өзгелердің жақсы өміріне қызығатын болсақ, қолда барымызды қанағат тұтудан қалуымыз мүмкін. Алайда шүкіршілік етіп, барға риза болуды үйренсек, әлдеқайда бақыттырақ боламыз.
6 Тағы бір назар аударатын жайт, исраилдіктер Ехобаның берген уәдесін ұмытты. Олар ағы мен балы ағыл-тегіл жерде молшылықта өмір сүрмек еді. Бірақ Ехобаның бұл уәдесі шөл далада емес, Уәде етілген жерде орындалмақ-тын. Біз де осы дүниеде қолымыз жетпей жүрген нәрселерді ойлаудың орнына, Ехоба уәде еткен жұмақта ештеңеден тарықпай, баршылықта өмір сүретініміз жайлы ойланайық. Сондай-ақ Ехобаға көбірек сенім артуға талпындыратын Киелі кітаптағы тармақтар жайлы ой жүгіртейік.
7. Ехоба бізге әрдайым көмек қолын созатынына неге сенімді болсақ болады?
7 Ехобаның Мұсадан “Ехобаның қолы қысқа ма еді?” деп сұраған себебі — ол өзінің қолы құдіретті ғана емес, ұзын екенін де айтқысы келсе керек. Исраилдіктер айдалада жүрсе де, Ехобаның қолы оларға жететін. Ол “қолын созып, зор құдіретпен” халықты етпен тойындырды (Пат. 2-ж. 17:36). Ендеше, біз де қандай қиындыққа тап болмайық, қай жерде жүрмейік, Ехоба ұзын қолын созып, көмекке келетініне сенімді болайық (Зәб. 138:6, 7).
8. Шөл даладағы исраилдіктердің қателігін қайталамас үшін неден сақ болуымыз керек? (Суретті де қараңыз.)
8 Ехоба халыққа сұраған еттерін беру үшін желмен бірге қаптатып бөдене ұшырып әкелді. Сол кезде исраилдіктер Ехобаның осындай кереметіне ризашылық білдірудің орнына, ашкөздікке салынды. Олар қомағайлықпен күн демей, түн демей бөдене ұстады. Ехоба “ашкөздік танытқан” сол адамдарға қаһарын төгіп, оларды өлімге ұшыратты (Мұс. 4-ж. 11:31—34). Бұл оқиға бізді де ойландыру керек. Біз қомағайлыққа, ашкөздікке салынып кетуден мейлінше абай болғанымыз жөн. Тұрмыс деңгейіміз қандай болмасын, бәріміз де “қазынаны көкте жинайық”, яғни Ехобамен және Исамен достығымызды нығайта беру үшін күш салайық (Мат. 6:19, 20; Лұқа 16:9). Сонда Ехоба біздің қамымызды ойлайтынына ешқашан күмәніміз болмайды.
Халық шөл далада қандай рух танытты және біз бұдан қандай сабақ аламыз? (8-абзацты қараңыз)
9. Біз не нәрсеге толықтай сенімді бола аламыз?
9 Бүгінде де Ехоба өз халқына көмек қолын созуға асық. Әрине, бұл ешқашан ақшадан тарықпаймыз, ешқашан қарнымыз ашпайды дегенді білдірмейдіb. Бірақ Ехоба бізді еш уақытта тастамайды. Қандай қиындық көрсек те, бізді қолдап, күш беріп отырады. Қазір екі жағдайға жеке-жеке тоқталайық. Қаржылай қиындықтарға кезіккенде және ертеңгі күннің қамын жасағанда, Ехобаның қолы қысқа емес екеніне сенетінімізді қалай көрсете алатынымызды талқылайық.
ҚАРЖЫЛАЙ ҚИЫНДЫҚТАРҒА КЕЗІККЕНДЕ
10. Біз қандай қаржылай қиындықтарға кезігуіміз мүмкін?
10 Осы дүниенің соңы таяған сайын, экономикалық ахуалдың нашарлай түсетіні анық. Саяси өзгерістер, әскери қақтығыстар, табиғи апаттар, әлемде жаңа пандемияның басталуы — мұның бәрі күтпеген шығынға, жұмыссыздыққа, үйден я дүние-мүліктен айырылуға әкеп соғуы мүмкін. Соның салдарынан ақша табу үшін жаңа жұмыс іздеуге, не болмаса отбасымызбен басқа жерге көшіп кетуге мәжбүр болатын шығармыз. Осындай жағдайға тап болып жатсақ, Ехобаның қолы қысқа емес екеніне сенетінімізді қалай көрсете аламыз?
11. Қаржылай қиындықтар туындағанда не істесеңіз болады? (Лұқа 12:29—31)
11 Қаржылай қиындықтар туындағанда, ең алдымен бар уайымыңызды Ехобаға айтыңыз (Нақ. с. 16:3). Одан дұрыс шешім қабылдау үшін даналық, “сарыуайымға салынбау” үшін жантыныштығын сұраңыз (Лұқа 12:29—31 оқыңыз). Сондай-ақ қолда барымды қанағат етуді үйретші деп өтініңіз (Тім. 1-х. 6:7, 8). Бұдан бөлек, қаржылай қиындықтарды қалай шешуге болатынына қатысты ізденіс жасап, басылымдарымызды қарап көріңіз. Бұл ретте jw.org сайтындағы мақалалар мен видеолар көптеген адамға пайдасын тигізген.
12. Мәсіхші шешім қабылдағанда отбасын ескеру үшін қандай сұрақтар жайлы ойланғаны жөн?
12 Кейбір бауырластар отбасынан жырақта жұмыс істеп, бірақ артынан бұның дұрыс болмағанын түсініп өкінген. Қандай да бір жұмысқа келіспес бұрын, ақшасын ғана емес, ол жұмыстың рухани күйіңізге қалай әсер ететінін де ескеріңіз (Лұқа 14:28). Дұрыс шешім қабылдау үшін келесі сұрақтар жайлы ойланыңыз: Жұбайымды жалғыз қалдырып жұмыс істеуге кетіп қалсам, бұл некеме кері әсерін тигізіп жүрмей ме? Бұл жұмысқа тұрсам, қауымға, қызметке бара аламын ба? Бауырластарыммен араласа аламын ба? Ал балаларыңыз бар болса, мына сұрақ жайлы тіптен мұқият ойланыңыз: Қастарында болмасам, балаларымды “Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіре” аламын ба? (Ефес. 6:4). Бұл орайда Киелі кітапқа сай өмір сүрмейтін отбасыңыз бен достарыңыздың айтқанына ермеңіз. Жұмыс мәселесінде Ехоба сияқты ойланып, оның ақыл-кеңесіне сай әрекет етіңізc. Мысалы, батыс Азияда тұратын Тони есімді ер бауырласты шетелде жұмыс істеуге бірнеше рет шақырған. Алайда дұға етіп, әйелімен ақылдасқан соң, ол бұл ұсыныстардан бас тартты. Оның орнына, шығындарын азайтып, ақшаны үнемдеген дұрыс деп шешті. Қазіргі жағдайын айтып Тони былай дейді: “Мен бірнеше адамға Ехобаны танып білуге көмектестім. Балаларым да өте құлшынысты, шындықты жақсы көреді. Отбасымызбен көзіміз жеткені — Матай 6:33-тегі сөзге сай өмір сүрсең, Ехоба ешқашан қалдырмай, әрдайым қажетіңді береді екен”.
ЕРТЕҢГІ КҮННІҢ ҚАМЫН ЖАСАҒАНДА
13. Қартайған шағымызда тапшылық көрмес үшін қазірден не істегеніміз дұрыс?
13 Қартайған шағымда жағдайым қандай болады екен деп уайымдап жүрсек, Ехобаның қолы қысқа емес екенін ұмытпағанымыз жөн. Әрине, Киелі кітап бізді еңбек етіп, ертеңгі күннің қамын алдын ала жасауға талпындырады (Нақ. с. 6:6—11). Сондықтан алдағы уақытқа азын-аулақ ақша жинап қойған дұрыс. Киелі кітапта ақшаның адамды қандай да бір шамада қорғайтыны айтылған (Уағ. 7:12). Бірақ абай болатын бір жайт бар: есіл-дертіміз тек ақша табу болып кетпеу керек.
14. Ертеңгі күннің қамын жасағанда неге Еврейлерге 13:5-тегі сөздерді естен шығармауымыз керек?
14 Иса бірде адам өзі үшін байлық жинап, бірақ “Құдайдың көз алдында бай болмаса”, бұнысы қаншалықты ақымақтық болатынын айтты (Лұқа 12:16—21). Біз ертең не болатынын, басымызға қандай жағдай түсетінін білмейміз (Нақ. с. 23:4, 5; Жақ. 4:13—15). Мәсіхтің ізбасары болғандықтан да күтпеген қиындықтарға кезігуіміз мүмкін. Сондықтан Иса айтқандай, біз “бар дүниемізден бас тартуға” әрдайым дайын болуымыз керек (Лұқа 14:33). Мысалы, бірінші ғасырда Яһудеядағы мәсіхшілердің дүние-мүліктері талан-таражға салынғанда, олар бұны қуанышпен қабылдады (Евр. 10:34). Бүгінде де қаншама бауырласымыз саясатты қолдамағандары үшін жұмысынан, мүлкінен айырылып жатыр (Аян 13:16, 17). Бұл бауырластардың дүние-мүліктерімен оңай қоштасқан себебі — олар Ехобаның “мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын” деген уәдесіне кәміл сенеді (Еврейлерге 13:5 оқыңыз). Ендеше, ертеңгі күннің қамын жасау үшін қолымыздан келгенді істейік. Бірақ басымызға күтпеген жағдайлар түсіп жатса, Ехобаның ешқашан қалдырмайтынына сенейік.
15. Мәсіхші ата-ананың балаға деген көзқарасы қандай болу керек? (Суретті де қараңыз.)
15 Кейбір елдерде ерлі-зайыптылар қартайған шағымызда қамымызды ойлайтын біреу болсын деп, балалы болып жатады. Олар қартайған ата-ананы бағу перзенттің міндеті деп пайымдайды. Негізінде, Киелі кітапта бала ата-ананың емес, ата-ана баланың қамын жасау керектігі айтылған (Қор. 2-х. 12:14). Әрине, қартайған шағында ата-ана баласының қандай да бір көмегіне жүгіне алады. Бала да ата-анасы көмекке мұқтаж кезінде қуана-қуана көмектесуі қажет (Тім. 1-х. 5:4). Бірақ, ата-аналар, балам өскенде қамымды жасайды деп емес, Ехобаға аянбай қызмет етеді деп тәрбиелеңіз. Мәсіхші ата-ана үшін баласының Ехобаға қызмет етіп жүргенінен артық қуаныш бар ма?! (Жох. 3-х. 4).
Ехобаға сенім артатын ерлі-зайыптылар шешім қабылдағанда Киелі кітап принциптерін назарда ұстайды (15-абзацты қараңыз)d
16. Болашақта бала өз-өзін асырай алу үшін ата-ана не істей алады? (Ефестіктерге 4:28)
16 Балаңызға өскенде қалай ақша табу керектігін үйреткенде, Ехобаға сенім артудың қаншалықты маңызды екенін айтып отырыңыз. Бұны өз үлгіңізбен де көрсеткеніңіз абзал. Балаңызға еңбек етудің маңыздылығын кішкентайынан үйрете беріңіз (Нақ. с. 29:21; Ефестіктерге 4:28 оқыңыз). Ал мектеп жасындағы балаңызды сабақты жақсы оқуға талпындырыңыз. Балаңызға мектептен кейін қандай білім алатынын шешуге көмектескенде, жеке зерттеу жасап, Киелі кітап принциптеріне сай әрекет етіңіз. Сонда болашақта балаңыздың өзін асырауға да, Ехобаға толық уақыт қызмет етуге де мүмкіндігі болады.
17. Біз не нәрсеге сенімді бола аламыз?
17 Ехобаның адал қызметшілері мынаған сенімді болса болады: олардың қамын жасауға Ехобаның құдіреті де жетеді, қалауы да бар. Осы дүниенің ақыры таяған сайын, Ехобаға деген сенімімізді сынға алатын жағдайлар көбеюі мүмкін. Бірақ не болса да, Ехоба бізді әрдайым қамқорлайтынына титтей де күмәніміз болмасын. Қандай жағдайға кезікпейік, қай жерде жүрмейік, Ехоба бізге көмек қолын соза алады. Өйткені Құдайымыз Ехобаның қолы қысқа емес!
150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік
a 2023 жылғы “Күзет мұнарасының” қазан айындағы санынан “Оқырман сауалдарын” қараңыз.
b 2014 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 қыркүйектегі санынан “Оқырман сауалдарын” қараңыз.
c 2014 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 сәуірдегі санынан “Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды” деген мақаланы қараңыз.
d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ехобаға сенім артатын бір ерлі-зайыпты қыздарына хабарласып жатыр, ол күйеуімен бірге Патшалық сарайының құрылысында қызмет етіп жүр.