11-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
57-ӘН Барша жанға уағыздайық
Исаға еліктеп, құлшыныспен уағыздаңыз
“Иеміз Иса... оларды өзі баратын әрбір қала мен басқа да жерлерге өзінен бұрын екі-екіден жіберді” (ЛҰҚА 10:1).
НЕГІЗГІ ОЙ
Бізге Иса сияқты құлшыныспен уағыздауға көмектесетін төрт жайт.
1. Ехобаның халқын мына дүниедегі адамдардан не ерекшелендіреді?
ЕХОБАНЫҢ халқы уағыз ісіне құлшыныспенa атсалысады. Оларды осы дүниедегі мәсіхшілерден ерекшелендіретін де — осы (Тит. 2:14). Бірақ кейде уағыздауға ықыласымыз болмайтын кездер болады. Мына ақсақалдың сөзімен сіз де келісетін шығарсыз, ол: “Шыны керек, кейде уағызға шығуға мүлдем зауқым соқпайды”,— дейді.
2. Уағыздауға деген ынтамыздың басылып қалуына не себеп болып жатады?
2 Бізге уағыздаудан гөрі ұйымдағы басқа қызмет түрлерін атқару көбірек ұнап жатады. Бұған не себеп болуы мүмкін? Мысалы, Патшалық сарайларын соғу не жөндеу жұмыстарына атсалысқанда, табиғи апаттан зардап шеккен бауырластарға көмектескенде немесе бауырластарымызды жігерлендіргенде, нәтижесін бірден көріп, атқарған ісімізден қанағат аламыз. Бауырластармен иық тіресе қызмет ету бізге көп қуаныш сыйлайды, өйткені арамызда сүйіспеншілік пен бірлік бар, атқарған еңбегімізді де олар байқап, бағалайды. Ал уағызда жағдай мүлдем басқаша. Кейбір аумақта жылдар бойы уағыздап жүрсек те, шындыққа қызығатындар аз. Ал кейбіреулер тіпті хабарымызды жақтырмай, ұрысып тастайды. Бұл аздай, осы дүниенің ақыры жақындаған сайын, бізді уағыздағанымыз үшін қуғындайтындар көбейеді (Мат. 10:22). Осының бәріне қарамастан, уағыздауға деген ынта-жігеріміз сөнбей, керісінше жалындай түсу үшін не істесек болады?
3. Лұқа 13:6—9 тармақтардан Исаның құлшынысы жайлы не білеміз?
3 Уағыз ісін зор ынтамен атқару үшін Исадан үлгі алғанымыз маңызды. Оның уағыздауға деген ықыласы бір сәтке де бәсеңдемеді. Керісінше, құлшынысы күннен-күнге арта түсті (Лұқа 13:6—9 оқыңыз). Бірде Иса мысал келтіріп, өзін жүзімшіге теңеді. Жүзімші інжір ағашын үш жыл бойы күтіп-баптаса да, бірде-бір жемісін көрмейді. Сонда да ол жеміс беріп қалар деген үмітпен ағашты кестірмейді. Тура солай, Иса яһудилерге үш жыл бойы уағыздаса да, оған құлақ асқандар аз болды. Бірақ адамдардың немқұрайдылығы Исаның құлшынысын еш сөндірмеді. Қайта, біреуі болмаса біреуі құлақ асар деген үмітпен одан сайын жанын салып уағыздады.
4. Бұл мақалада қандай төрт жайтқа назар аударамыз?
4 Бұл мақалада біз Исаның жердегі қызметінің соңғы алты айына ерекше назар аударамыз. Оның сол жарты жылда танытқан құлшынысы біздің де құлшынысымызды арттырады. Қазір Исаға көмектескен төрт жайтқа назар аударайық: 1) Ол Ехобаның еркін ойда ұстады, 2) Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға ден қойды, 3) Ехобаның қолдап-демейтініне сенді және 4) адамдардан үмітін үзбей, оң көзқарас танытты.
ОЛ ЕХОБАНЫҢ ЕРКІН ОЙДА ҰСТАДЫ
5. Исаның Құдай еркін бәрінен жоғары қойғаны неден көрінеді?
5 Ехобаның өзі тапсырғандықтан, Иса “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды” зор құлшыныспен уағыздады (Лұқа 4:43). Жер бетінде жүргенде ол бар назарын уағыз ісіне аударды. Тіпті өлетін уақыты таяғанда да “қалалар мен ауылдарды аралап, жұртқа тәлім беріп” жүрді (Лұқа 13:22). Ізгі хабарды уағыздайтындар көп болсын деп шәкірттерін де үйретіп кетті (Лұқа 10:1).
6. Ұйымда атқарып жүрген түрлі қызметіміздің уағыз ісімен қандай байланысы бар? (Суретті де қараңыз.)
6 Ехоба мен Иса тапсырған уағыз ісі бүгін де ең басты іс болып табылады (Мат. 24:14; 28:19, 20). Әрине, ұйымда атқарып жүрген кез келген қызметіміз уағыз ісімен тікелей байланысты. Мысалы, Патшалық сарайларын соққанның арқасында адамдарды қауымға шақыра аламыз. Ал Бетелдегі қызметтің арқасында уағыз ісі тиянақты атқарылады. Табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектескенде, біз бауырластарға керек-жарақтан бөлек, рухани көмек те көрсетеміз. Соның арқасында олар рухани істерді, соның ішінде уағыз ісін де тез арада қолға алады. Уағыз ісінің маңыздылығын түсінсек және бұл Ехоба тапсырған басты іс екенін ұмытпасақ, уағызға жүйелі түрде атсалысуға ықыласты боламыз. Венгрияда ақсақал болып қызмет ететін Януш бауырлас: “Мен жиі өз-өзіме “ұйымдағы міндеттерің уағыз ісін алмастырмайды, сен бірінші кезекте уағыздаушысың” деп айтып отырамын”,— дейді.
Ізгі хабарды уағыздау — Ехоба мен Иса тапсырған ең басты іс (6-абзацты қараңыз)
7. Неге Ехоба біздің талмай уағыздай бергенімізді қалайды? (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4)
7 Ехоба сияқты біз де адамдарды ойласақ, уағыздауға деген ынтамыз артады. Ехоба мейлінше көп адам ізгі хабарды естіп, құлақ асса екен дейді (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4 оқыңыз). Ол бізге адамдардың өмірін құтқаратын бұл хабарды шебер уағыздауды да үйретіп жатыр. Мысалы, “Адамдарды сүйіңіз, шәкірт дайындаңыз” деген кітапшада көптеген тиімді кеңестер бар. Онда шәкірт дайындау үшін адамдармен қалай әңгіме бастау керектігі жақсы түсіндірілген. Адамдар хабарымызды қазір қабылдамаса да, зор алапатта қабылдап қалуы мүмкін, өйткені оларға сондай мүмкіндік берілетін көрінеді. Зор алапатта адамдар айтқан хабарымызды еске алып, Ехобаға бет бұрсын десек, қазіргі уақытты қалт жібермей, құлшыныспен уағыздай берейік.
ОЛ ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАРҒА ДЕН ҚОЙДЫ
8. Пайғамбарлықтарды жақсы түсінгендіктен, Иса уақытын қалай пайдаланды?
8 Иса Киелі жазбалардағы пайғамбарлықтарды жақсы білді. Сондықтан ол өзінің қашан және қалай өлетінін білді (Лұқа 18:31—34). Жердегі қызметі небәрі үш жарым жылға созылатынын да түсінді (Дан. 9:26, 27). Сол себепті де Иса уақытын мейлінше тиімді пайдаланды. Ол өзіне тапсырылған істі соңына дейін жеткізу үшін жан-тәнімен уағыздады.
9. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды жақсы түсінгеніміз құлшыныспен уағыздауға қалай көмектеседі?
9 Біз де Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды жақсы түсінсек, зор құлшыныспен уағыздаймыз. Білетініміздей, осы дүниенің соңы барған сайын таяп келеді. Біз куә болып жүрген оқиғалар мен адамдардың пиғылының жаман жаққа өзгеруі Киелі кітапта соңғы күндердің белгісі деп сипатталады. Бұған қоса, Англо-Америка дүниежүзілік державасының және Ресей мен оның одақтастарының бақталастығын да көріп жүрміз. Бұл да Киелі кітаптағы пайғамбарлықтың орындалуы. Онда “ақырғы уақытта” оңтүстік патшасы мен солтүстік патшасы текетіресетіні айтылған (Дан. 11:40). Ал Даниял 2:43—45 тармақтардан білетініміздей, Англо-Америка дүниежүзілік державасы алып мүсіннің табанын бейнелейді және өте жақын арада Құдай Патшалығы бүкіл адами үкіметтердің тас-талқанын шығарады. Бұл пайғамбарлықтардың бәрі уақыттың қаншалықты аз қалғанын көрсетеді емес пе?! Ендеше, қалған осы аз уақытты барынша ұтымды пайдаланып, уағыз ісін шұғыл атқарайық.
10. Ізгі хабарды зор ынтамен уағыздай беруге пайғамбарлықтардың тағы қандай септігі бар?
10 Пайғамбарлықтарды жақсы білудің тағы бір пайдасы — ізгі хабардың өзгелерге айтуға тұрарлық хабар екенін түсінеміз. Доминика Республикасында қызмет ететін Керри деген әйел бауырлас былай дейді: “Ехоба адамдар үшін таңғажайып өмір дайындап қойған. Бұндай керемет жаңалықты өзгелерге айтқың келіп тұрады. Бүгінде адамдар неше түрлі қиындықтармен арпалысып жүр. Сондай адамдарды көргенде, олар да Ехобаның тамаша уәделерін білу керек қой деп қаламын”. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар бізді еш тартынбай, әрбір мүмкіндікті пайдаланып уағыздауға талпындырады, әрі уағыз ісінде Ехобаның өзі қолғабыс ететініне көзімізді жеткізеді. Венгриядағы Лейла бауырлас былай дейді: “Мен ізгі хабарды барлық адамға, тіпті тыңдамайды-ау дегендерге де айтқым келеді. Өйткені Ишая 11:6—9 тармақтардан түсінгенім, Ехобаның көмегімен кез келген адам өзгере алады”. Ал Замбиядағы Кристофер бауырлас былай дейді: “Марқа 13:10-дағы пайғамбарлыққа сай, қазір ізгі хабар бүкіл дүниежүзі бойынша таралып жатыр. Осы пайғамбарлықтың орындалуына өз үлесіңді қосу бір ғанибет емес пе?!” Ал сізге зор ынтамен уағыздай беруге қай пайғамбарлық көмектесіп жүр?
ОЛ ЕХОБАНЫҢ ҚОЛДАП-ДЕМЕЙТІНІНЕ СЕНДІ
11. Құлшыныспен уағыздай беру үшін неге Исаның Ехобаға сенім артқаны маңызды еді? (Лұқа 12:49, 53)
11 Исаның құлшыныспен уағыздауының тағы бір сыры — ол Ехобаға сенім артты. Иса әрдайым құрметпен, ізеттілікпен сөйлесе де, адамдар оның айтып жүрген хабарын жақтырмай, оны жек көріп кетті (Лұқа 12:49, 53 оқыңыз). Тіпті діни жетекшілер Исаға тісін қайрап, оны бірнеше рет өлтірмекші болды (Жох. 8:59; 10:31, 39). Бірақ өзгелердің наразылығы мен қарсылығы Исаны тоқтатпады. Ехобаның қолдауына сенімді болғандықтан, ол алған бетінен қайтпай, зор құлшыныспен уағыздай берді. Иса былай деген: “Мен жалғыз емеспін, өзімді жіберген Әкем менімен бірге... Ол мені жалғыз қалдырған жоқ, өйткені мен әрқашан оған ұнайтынды істеймін” (Жох. 8:16, 29).
12. Иса шәкірттерін қуғын-сүргінге қарамастан уағыздай беруге қалай дайындады?
12 Иса шәкірттеріне де Ехобаға сенім артудың маңыздылығын айтып отырған. Ол Ехобаның әрдайым, тіпті қуғын-сүргін кезінде де көмекке келетініне сендірді (Мат. 10:18—20; Лұқа 12:11, 12). Бірақ ол шәкірттеріне сақ болуды да ескертті (Мат. 10:16; Лұқа 10:3). Адам ізгі хабарды тыңдағысы келмесе, оны еш мәжбүрлеудің қажеті жоқ екенін айтты (Лұқа 10:10, 11). Ал қуғындалғанда басқа қалаға қашыңдар деп нұсқау берді (Мат. 10:23). Исаның өзі де өте сақ болған. Бойын құлшыныс кернесе де, Ехобаға толық сенім артса да, ол басын орынсыз қатерге тіге бермеген (Жох. 11:53, 54).
13. Ехобаның сізге көмектесетініне неге сенімді бола аласыз?
13 Бүгінде біз де ізгі хабарды айтқанымыз үшін қудаланамыз (Аян 12:17). Сондай кезде құлшынысымызды жоғалтпау үшін бізге Ехобаның көмегі қажет. Ал Ехоба бізге әрдайым көмектесуге дайын. Бұған неге сенімдіміз? Есімізде болса, Жохан 17-тарауда Иса Ехобадан елшілерін қорғауды сұрап дұға еткен. Елшілердің істері кітабын оқитын болсақ, Ехоба Исаның сол дұғасына жауап бергенін көреміз. Ол аяусыз қуғынға ұшыраған елшілерге құлшыныспен уағыздай беруге көмектесті. Ехоба Исаның дұғасына әлі күнге дейін жауап беріп келеді. Өйткені Иса Ехобадан елшілерін ғана емес, олардың уағызына құлақ асатындарды да қорғауды сұраған. Сол құлақ асқан адамдардың бірі — сізсіз. Демек, Ехоба кезінде елшілерге қалай көмектескен болса, сізге де дәл солай көмектеседі (Жох. 17:11, 15, 20).
14. Ештеңе де құлшынысымызды бәсеңдете алмайтынына неге сенімдіміз? (Суретті де қараңыз.)
14 Осы дүниенің соңы жақындаған сайын, құлшынысымызды бәсеңдететін жайттар көбеюі мүмкін. Бірақ қандай жағдай болмасын, біз ешқашан қолдаусыз, көмексіз қалмаймыз (Лұқа 21:12—15). Иса мен шәкірттері сияқты біз де адамдармен дауласудан аулақпыз. Шындыққа құлақ аса ма, жоқ па — мұны шешуді өздеріне қалдырамыз. Кейбір елдерде ісімізге тыйым салынса да, бауырластар еш тайсалмай уағыздап жүр. Себебі олар өздеріне емес, Ехобаға арқа сүйейді. “Уағыз ісі толық атқарылу” үшін Ехоба тура бірінші ғасырдағыдай бүгін де өз қызметшілеріне күш-қуат береді (Тім. 2-х. 4:17). Ұмытпаңыз, Ехобаға сенім артсаңыз, құлшынысыңызды ештеңе де сөндіре алмайды.
Ісімізге тыйым салынса да, құлшынысты бауырластар сақтықпен уағыздап жүр (14-абзацты қараңыз)b
ОЛ ҮМІТІН ҮЗБЕЙ, ОҢ КӨЗҚАРАС ТАНЫТТЫ
15. Иса адамдардан үмітін үзбегенін қайдан білеміз?
15 Иса ешқашан адамдардан үмітін үзбеген. Сол үміті оған құлшыныспен уағыздай беруге серпін берген. Б. з. 30 жылының аяғында Иса көп адамның ізгі хабарға құлақ асуға дайын екенін байқады. Ол адамдарды пісіп, жинап алуға дайын тұрған егіндікке теңеді (Жох. 4:35). Ал бір жыл өткен соң, ол шәкірттеріне: “Жинайтын егін көп”,— деді (Мат. 9:37, 38). Біраз уақыт өткен соң тағы да: “Жинайтын егін көп... Сондықтан егіннің Иесінен оны жинауға жұмысшылар жіберуін өтініңдер”,— деді (Лұқа 10:2). Иса ізгі хабарға құлақ асатын адамдардың міндетті түрде болатынына кәміл сенді. Ал бұл сенімі ақталғанда, зор қуанышқа кенелді (Лұқа 10:21).
16. Исаның мысалдары оң көзқарас танытуға қалай көмектеседі? (Лұқа 13:18—21) (Суретті де қараңыз.)
16 Шәкірттерінің құлшынысы бәсеңдемес үшін, Иса оларды оң көзқарас танытуға талпындырып отырған. Бірде ол шәкірттеріне екі мысал айтып берді (Лұқа 13:18—21 оқыңыз). Бірінші мысалында ол Патшалық жайлы хабарды өте үлкен ағаш болып өсетін қыша дәніне теңеді. Бұл мысалмен Иса ізгі хабарға құлақ асатындар көбейіп, өте үлкен өсім болатынын айтқысы келді. Ал екінші мысалында ол Патшалық хабарын ашытқымен салыстырды. Бұл мысалымен Иса ізгі хабардың өте кең тарайтынын және хабарға құлақ асқан адамдардың өмірі өзгеріп жатқаны көзге бірден байқалмайтынын айтқысы келді. Осылай Иса шәкірттері айтып жүрген хабар сөзсіз мол нәтиже әкелетінін көрсетті.
Иса сияқты біз де ізгі хабарға құлақ асатындар табылатынына сенімдіміз (16-абзацты қараңыз)
17. Неге біз әрі қарай да зор ынта-жігермен уағыздай беруіміз керек?
17 Құлшыныспен уағыздай беру үшін, дүниежүзі бойынша қандай жетістіктерге жетіп жатқанымыз жайлы ойланып тұрайық. Жыл сайын миллиондаған адам Еске алу кешіне келеді. Ал Киелі кітапты зерттеп жүргендер қаншама! Сондай-ақ жүз мыңдаған адам шомылдыру рәсімінен өтіп, бізбен бірге уағыз ісіне атсалысып жүр. Айтып жүрген хабарымызға әлі қанша адам құлақ асатынын біз білмейміз. Бірақ нақты білетініміз — қазір Ехоба ұлы жамағатты жинап жатыр (Аян 7:9, 14). Ізгі хабар әлі мол жеміс әкелетініне егіннің иесі Ехобаның өзі сеніп тұрса, біз де соған сеніп, зор құлшыныспен уағыздай беруіміз керек емес пе?!
18. Адамдар бізге қарап нені түсінгенін қалаймыз?
18 Исаның шәкірттері қашан да ізгі хабарды құлшыныспен уағыздайтын адамдар ретінде танылған. Мысалы, елшілердің батылдықпен сөйлеп тұрғанын көрген жұрт оларды танып, “Исамен бірге жүргендерін естеріне түсірді” (Ел. іс. 4:13). Бүгінде біз де Исаның құлшынысты ізбасарлары ретінде таныла берейік!
58-ӘН Татулықты сүйетіндерді іздейік
a СӨЗ МӘНІ: Бұл мақаладағы “құлшыныс” деген сөз Ехобаға ынта-жігермен, зор ықыласпен қызмет етуді білдіреді.
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жанармай құйдыруға келген ер бауырлас сол жерде жұмыс істейтін жігітке абайлап уағыздап жатыр.