Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 наурыз 8—13 бет.
  • Ехоба мен Иса сияқты ойлануды үйренейік

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба мен Иса сияқты ойлануды үйренейік
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЕХОБА СИЯҚТЫ ОЙЛАНЫҢЫЗ
  • КІШІПЕЙІЛ БОЛЫҢЫЗ
  • “БАЙЫППЕН ОЙЛАНЫҢЫЗ”
  • Ол ұстазынан кешіруді үйренді
    Сенімін серік еткендер
  • Кішіпейіл Құдайымыз Ехобаға еліктейік
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Ол сынақтарда адалдық сақтады
    Сенімін серік еткендер
  • Ол Иса Мәсіхтен кешіруді үйренді
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 наурыз 8—13 бет.

10-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

31-ӘН Құдаймен бірге жүргейсің!

Ехоба мен Иса сияқты ойлануды үйренейік

“Мәсіх тәнінде азап шеккендіктен, сендер де осындай ой қалып танытуға дайын болыңдар” (ПЕТ. 1-Х. 4:1).

НЕГІЗГІ ОЙ

Петір Исаға қарап Ехоба сияқты ойлануды үйренді, біз де үйрене аламыз.

1, 2. Ехобаны сүю деген нені білдіреді және Иса Ехобаны сүйетінін қалай дәлелдеді?

ҚҰДАЙ ЗАҢЫНДА ең басты заң қайсысы екенін көрсетіп, Иса былай деген: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, бар күш-қуатыңмен және барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (Лұқа 10:27). Ехобаны сүю деген тұла бойымызда не бар, соның бәрін қамтиды. Біздің не сезінетінімізден, не қалайтынымыздан, күш-қуатымызды қайда, қалай жұмсайтынымыздан Ехобаны жақсы көретініміз көрініп тұру керек. Бұл ғана емес, біз Ехобаны барлық ақыл-ойымызбен де сүюіміз керек. Бұл деген барлық жағдайда Ехоба сияқты ойлана білуді білдіреді. Әрине, біз Ехобаның ой қалпын ешқашан да толық танып-біле алмаймыз. Бірақ “Мәсіхтің ой-санасын” танып-біле берсек, Ехобаның ой қалпын біршама түсіне аламыз. Өйткені Иса көктегі Әкесінің ой-санасын түгел танып-білген және оның ой қалпын айна қатесіз танытқан (Қор. 1-х. 2:16).

2 Иса Ехобаны барлық ақыл-ойымен сүйді. Ол өзіне қатысты Құдайдың ой-ниетін жақсы білді және сол ниетіне сай әрекет ету үшін азап шегуге де дайын болды. Әкесінің ой-ниетін жүзеге асыруға бар назарын аударғандықтан, Иса өзіне берілген тапсырмадан бір сәтке де алаңдамады.

3. Петір Исаға қарап нені түсінді және ол мәсіхшілерді не істеуге шақырды? (Петірдің 1-хаты 4:1)

3 Басқа елшілер сияқты Петір де жиі Исаның қасында жүрді. Сондықтан ол Исаның сөздеріне, әрекеттеріне қарап, оның қалай ойланатынын түсінді. Петір өзінің бірінші хатында мәсіхшілерді Исанікіндей “ой қалып танытуға дайын болыңдар” деп шақырғанa (Петірдің 1-хаты 4:1 оқыңыз). Бұл тармақтағы “дайын болыңдар” деп аударылған тіркес түпнұсқада әскери термин, сөзбе-сөз “қаруланыңдар” деп аударылады. Демек, біз Иса сияқты ойлансақ, бейнелі мағынада қаруланып, күнәкар бейімділіктерімізге және Шайтанның дүниесіне қарсы соғысуға дайын боламыз (Қор. 2-х. 10:3—5; Ефес. 6:12).

4. Бұл мақалада не қарастырамыз?

4 Бұл мақалада біз Иса қалай ойланғанын және онікіндей ой қалып таныту үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз. Исаға еліктеп, біріншіден, Ехоба сияқты ойлануды үйренеміз, сонда бауырластармен пікірлес болып, ойымыз бір жерден шығады. Екіншіден, қалай кішіпейіл бола алатынымызды талқылаймыз. Үшіншіден, байыппен ойланудың, яғни дұға ете отырып, Ехобаға арқа сүйеудің маңызын көреміз.

ЕХОБА СИЯҚТЫ ОЙЛАНЫҢЫЗ

5. Петір қай кезде Ехоба сияқты ойланудан қалды?

5 Бірде Петір Ехоба сияқты ойланудың орнына, өз түсінігіне сүйеніп кетті. Иса елшілеріне діни жетекшілердің қолына түсетінін, ақырында азапталып өлтірілетінін айтты (Мат. 16:21). Бірақ исраилдіктер сонша күткен Мәсіхті Ехоба өлімге қия салады деген ой Петірдің ақылына еш сыймаса керек (Мат. 16:16). Сөйтіп, ол Исаны былайырақ алып шығып: “Ием, өзіңізді аяңыз. Мұндай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!”— деді (Мат. 16:22). Петір Ехоба сияқты ойланбағандықтан, Исамен де ойлары бір жерден шықпады.

6. Иса Ехобамен бірдей ойланатынын қалай көрсетті?

6 Иса көктегі Әкесі Ехобамен бірдей ойланған, сондықтан ол Петірге: “Менен аулақ кет, Шайтан! Сен жолыма тосқауыл қойып жатырсың, өйткені Құдайдың емес, адамның ойын айтып тұрсың!”— деді (Мат. 16:23). Петір сөздерін жаны ашып айтса да, Иса оны тыңдағысы келмеді. Өйткені жанаяр болып өлімнен қашу Ехобаның ой-ниетіне қайшы еді. Бұл жағдайдан Петір Ехобамен бір бағытта ойлануды әлі де үйрену керектігін түсінді. Бұл бәріміз үшін де жақсы сабақ.

7. Ехобамен бірдей ойлану үшін Петір бейімделуге дайын екенін қалай көрсетті? (суретті қараңыз.)

7 Уақыт өте Петірмен тағы бір жағдай болды. Сол кезде оның Ехобамен бір бағытта ойланғысы келетіні анық көрінді. Сүндеттелмеген өзге ұлт адамдарының Құдай халқының қатарына қосылатын уақыты келгенде, Ехоба Петірді Корнел деген кісіге уағыздауға жіберді. Корнел басқа ұлттан шыққан алғашқы мәсіхші болмақ еді. Яһудилер әдетте басқа ұлт адамдарымен араласпайтындықтан, Петірге алған тапсырмасы біртүрлі көрінген шығар. Бірақ Петір Ехобаның өзге ұлт адамдарына қатысты ой-ниетін түсінгенде, бірден көзқарасын өзгертіп, бейімделді. Сөйтіп, ол Корнелдің “шақыруынан бас тартпай”, оның үйіне барды (Ел. іс. 10:28, 29). Петірдің уағызын тыңдаған Корнел мен оның бүкіл үй-іші шомылдыру рәсімінен өтті (Ел. іс. 10:21—23, 34, 35, 44—48).

Корнел Петір мен оның серіктерін ертіп, үйіне баспалдақпен көтеріліп келе жатыр.

Петір Корнелдің үйіне кіріп келе жатыр (7-абзацты қараңыз)


8. Ехобамен бір бағытта ойланатынымыз неден көрінеді? (Петірдің 1-хаты 3:8)

8 Жылдар өте Петір мәсіхшілерді “бәрің де пікірлес... болыңдар” деп шақырды (Петірдің 1-хаты 3:8 оқыңыз). Ехобамен бір бағытта ойланбасақ, бауырластармен пікірлес бола алмаймыз, ойымыз да бір жерден шықпайды. Мысалы, Киелі кітапта: “Құдай Патшалығын. . . әрдайым бірінші орынға қойыңдар”,— делінген (Мат. 6:33). Қауымыңызда бір бауырлас осы сөздерге сай ізашар болуды не басқа да толық уақытты қызметті бастауды ұйғарса, не істейсіз? “Өзіңді ая” деп артқа тартасыз ба, жоқ әлде “алған бетіңнен қайтпа” деп қолдау көрсетесіз бе? Егер қолдау көрсетсеңіз, бауырласыңызбен де, Ехобамен де бір бағытта ойланғаныңыз.

КІШІПЕЙІЛ БОЛЫҢЫЗ

9, 10. Иса асқан кішіпейілділіктің үлгісін қалай көрсетті?

9 Өлер алдындағы түні Иса Петірге және қасындағы басқа да елшілерге кішіпейіл болудың маңыздылығын үйретті. Ол елшілерімен соңғы рет ас ішу үшін Петір мен Жоханға орын дайындауды тапсырды. Олар ас ішетін орын дайындағанда, аяқ жуу үшін шылапшын мен су да дайындап қойса керек. Бірақ елшілердің аяғын жуып шығуға кім дайын болар екен?!

10 Осы жағдайды пайдаланып, Иса асқан кішіпейілділіктің тамаша үлгісін көрсетті. Ол үлкен басын кішірейтіп, құлдар атқаратын іске кірісті. Иса жамылғысын шешті де, беліне сүлгі байлап, шылапшынға су құйып алды (Жох. 13:4, 5). Он екі адамның аяғын жууға біраз уақыт кететінін білсе де, Иса бәрінің, тіпті өзіне сатқындық жасайтын Яһуданың да аяғын жуып шықты. Бұны көріп елшілер аң-таң болса керек. Сонда Иса елшілеріне былай деді: “Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? Мені “Ұстаз”, “Ием” дейсіңдер. Бұларың дұрыс, өйткені мен солмын. Егер Иелерің әрі Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңнің аяқтарыңды жууларың керек” (Жох. 13:12—14).

Кішіпейіл екеніміз өзіміз және өзгелер жайлы не ойлайтынымыздан да білінеді

11. Петір Исадан кішіпейіл болуды үйренгенін қайдан білеміз? (Петірдің 1-хаты 5:5) (Суретті де қараңыз.)

11 Петір Исадан үлгі алып, кішіпейіл болуды үйренді. Бұны қайдан білеміз? Иса көкке көтерілгеннен кейін, Петір туылғаннан ақсақ бір адамды керемет түрде сауықтырды (Ел. іс. 1:8, 9; 3:2, 6—8). Таңдай қақтырған бұл жағдай жұрттың көзіне бірден түсті (Ел. іс. 3:11). Осы сәтте Петір “жұрттың құрмет-қошеметіне бөленіп қалайын” деп ойлады ма? Ол атақты, беделді болуға ерекше мән беретін ортада туып-өссе де, халықтың мадағын қабылдаудан бас тартып, бар атақ-даңқты тек Ехоба мен Исаға жаудырды. Ол: “Исаның есімі мен оның есіміне деген сеніміміздің арқасында сіздер танитын әрі көріп тұрған осы адам күшке ие болды”,— деді (Ел. іс. 3:12—16). Кейінірек Петір өз хатында мәсіхшілерді “кішіпейіл болыңдар” деп талпындырды. Түпнұсқа тілде ол “кішіпейілділікті киіп алыңдар” не “кішіпейілділікті белдеріңе байлап алыңдар” дегенге нұсқайтын сөздер қолданған. Оның бұл сөздері Исаның беліне сүлгі байлап, елшілердің аяғын жуып шыққан жағдайды еске салады емес пе?! (Петірдің 1-хаты 5:5 оқыңыз).

Петір жасаған кереметі үшін бар мадақты өзіне емес, Ехоба мен Исаға жаудырды. Біз де кішіпейілділік танытып, жасаған жақсылығымыз үшін мақтау мен сый күтпейік.

Петір жасаған кереметі үшін бар мадақты өзіне емес, Ехоба мен Исаға жаудырды. Біз де кішіпейілділік танытып, жасаған жақсылығымыз үшін мақтау мен сый күтпейік (11, 12-абзацты қараңыз)


12. Петірге еліктеп, кішіпейілділік қасиетін дамыта беру үшін не істегеніміз маңызды?

12 Петірге еліктеп, біз де кішіпейілділік қасиетін дамыта беруіміз керек. Адам өзінің кішіпейіл екенін айтқан сөздерімен көрсете алады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Біздің қаншалықты кішіпейіл екеніміз өзіміз және өзгелер жайлы не ойлайтынымыздан да білінеді. Сол үшін де Петір “кішіпейілділік” дегенде түпнұсқада “ой-санаңда кішіпейіл болу” дегенге нұсқайтын сөз қолданған. Егер біз ой-санамызда кішіпейіл болсақ, жасаған жақсылығымызды көзге түсу үшін емес, Ехобаны және өзгелерді сүйгендіктен істейміз. Еңбегімізді ешкім байқамаған жағдайда да Ехобаға және бауырластарымызға қуанышпен қызмет ете берсек, бұл да кішіпейілділіктің белгісі болып табылады (Мат. 6:1—4).

“БАЙЫППЕН ОЙЛАНЫҢЫЗ”

13. “Байыппен ойлану” деген нені білдіреді? Түсіндіріңіз.

13 “Байыппен ойлану” деген нені білдіреді? (Пет. 1-х. 4:7). Байыппен ойлана білетін мәсіхші ұдайы дұға етіп, Ехобаға сенім артады. Барлық нәрсені біле бермейтінін түсінгендіктен, ол өз-өзіне тым сенімді болып кетуден аулақ. Сондай-ақ ол Ехобамен қарым-қатынасын өмірде бәрінен де жоғары қояды. Сондықтан шешім қабылдарда Ехобаның ойымен санасып, ол бұл жағдайға қалай қарайды деп ойланады.

14. Петір қай жағдайда байыппен ойланбады?

14 Өлер алдындағы түні Иса шәкірттеріне: “Басыма түсетін жағдайға бола осы түні бәрің мені тастап кетесіңдер”,— деген еді. Сол кезде Петір асығыстық жасап, сенімділікпен: “Басыңызға түскен жағдайға бола бәрі тастап кетсе де, мен сізді ешқашан тастамаймын!”— деді. Сол түні Иса қасындағы бірнеше шәкіртіне: “Азғырылмау үшін сергек болып, ұдайы дұға етіңдер”,— деп ескертті (Мат. 26:31, 33, 41). Петір Исаның осы сөздеріне құлақ асып дұға еткенінде, Исаның шәкірті екенін жұрт алдында мойындауға батылы жеткен болар еді. Бірақ Петір Исаны танитынын мойындамай, кейін сол үшін ар-ұжданы мазалап, қатты қиналды (Мат. 26:69—75).

15. Иса ең қиын деген сәтте қалай байыппен ойланды?

15 Иса болса әрдайым Ехобаға сенім артқан. Кемелді бола тұра, ол қайта-қайта дұға етумен болды. Соның арқасында қанша қиын болса да, батылдық танытып, Ехобаның ой-ниетіне сай әрекет етті (Мат. 26:39, 42, 44; Жох. 18:4 , 5). Өлер алдындағы түні Исаның Ехобаға арқа сүйеп, қайта-қайта дұға еткені Петірдің санасында өшпес із қалдырса керек.

16. Петірдің байыппен ойлануды үйренгені неден көрінді? (Петірдің 1-хаты 4:7)

16 Уақыт өте Петір де ұдайы дұға етіп, Ехобаға көбірек сенім артуды үйренді. Қайта тірілген Иса Петір мен өзге де елшілерге көрініп, оларға уағыз ісінде қолғабыс ететін киелі рух берілетінін уәде етті. Бірақ Иса оларға сол уақыт келгенше Иерусалимнен ешқайда кетпеңдер деген нұсқау берді (Лұқа 24:49; Ел. іс. 1:4, 5). Петір сол уақытты күтіп жүргенде не істеді? Ол басқа мәсіхшілермен бірге үздіксіз “дұға етіп жүрді” (Ел. іс. 1:13, 14). Кейін ол өзінің бірінші хатында мәсіхшілерді де байыппен ойланып, дұға етуге және Ехобаға арқа сүйеуге шақырды (Петірдің 1-хаты 4:7 оқыңыз). Иә, Петір Ехобаға көбірек сенім артуды үйреніп, қауымның берік тірегіне айналды (Ғал. 2:9).

17. Қабілет-дарынымыз қандай болмасын, біздің әрдайым не істегеніміз маңызды? (Суретті де қараңыз.)

17 Байыппен ойлану үшін Ехобаға жиі дұға еткеніміз маңызды. Қабілет-дарынымыз қандай болмасын, бәріміз де Ехобаның көмегіне мұқтаж екенімізді мойындауымыз керек. Әсіресе маңызды шешімнің алдында тұрғанда, Ехобадан бағыт-бағдар сұрап дұға етейік. Сонда оған сенім артатынымызды және ол бізді ең дұрыс жолға бағыттайтынына сенетінімізді көрсетеміз.

Петір дұға етіп, Ехобаға арқа сүйеуді үйренді. Біз де маңызды шешімнің алдында тұрғанда байыппен ойланып, Ехобаға дұға етейік (17-абзацты қараңыз)b


18. Біз не нәрсеге ұмтыла беруіміз керек?

18 Біздің Ехобаның тамаша қасиеттеріне еліктей алатындай етіп жаратылғанымыз неткен ғанибет! (Мұс. 1-ж. 1:26). Әрине, біз Ехобаға жүз пайыз ұқсай алмаймыз (Ишая 55:9). Алайда біз Петірге ұқсап мейлінше Ехобанікіндей ой қалып таныта аламыз. Ол үшін Ехоба сияқты ойлануды, кішіпейіл болуды және байыппен ойлануды үйрене берейік!

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Ехоба сияқты ойланатынымызды қалай көрсете аламыз?

  • Кішіпейілділік қасиетін дамыту үшін не істегеніміз маңызды?

  • “Байыппен ойлану” үшін не істеуіміз керек?

30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым

a Петірдің 1-хаты 4:1-дегі “ой қалып” деген тіркес “көзқарас”, “ой-пікір” немесе “ойлану” деп те аударылады.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жұмысқа тұруға келген қыз бауырлас өз кезегін күтіп отырғанда, іштей дұға етіп отыр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу