Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w23 ақпан 8—13 бет.
  • Киелі кітаптың бар нәрін сарқып алыңыз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Киелі кітаптың бар нәрін сарқып алыңыз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • МӘНІН ТҮСІНІП ОҚЫҢЫЗ
  • ҚҰДАЙ СӨЗІНЕН ҚАЗЫНА ТАБЫҢЫЗ
  • ҚҰДАЙ СӨЗІНІҢ ЫҚПАЛЫНА БОЙСҰНЫҢЫЗ
  • ҚҰДАЙ СӨЗІН ОҚУ БАҚЫТҚА БАСТАЙДЫ
  • Оқуға көңіл бөл
    Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз
  • Құдай Сөзінің әсері күшті
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • “Сөзді жүзеге асырушы болыңдар”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Құдай Сөзін оқудан рақат тап
    Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
w23 ақпан 8—13 бет.

7-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Киелі кітаптың бар нәрін сарқып алыңыз

“Заңда не деп жазылған? Оны қалай түсінесің?” (ЛҰҚА 10:26).

97-ӘН Құдай Сөзімен өмір сүру

АҢДАТПАa

1. Киелі жазбалар Иса үшін маңызды болғанын қайдан білеміз?

ЖЕРДЕ болған кезінде Иса адамдарға қалай тәлім берген? Ол Киелі жазбаларды өте жақсы білген әрі сөз арасында көп рет келтіріп отырған. Оның шомылдыру рәсімінен өте сала айтқан бірінші сөздері де, өлер алдында айтқан ақырғы сөздері де Киелі жазбалардан едіb (Мұс. 5-ж. 8:3; Зәб. 31:5; Лұқа 4:4; 23:46). Осы аралықтағы үш жарым жылдың ішінде де ол көпшілік алдында Киелі кітапты оқып, үзінділерін келтіріп, мәнін түсіндіріп жүрген (Мат. 5:17, 18, 21, 22, 27, 28; Лұқа 4:16—20).

Коллаж: 1. Кішкентай Иса ата-анасын тыңдап отыр. 2. Жасөспірім Иса отбасымен бірге мәжілісханада Құдай Сөзін тыңдап отыр. 3. Есейген Иса шиыршық оқып тұр.

Жазбаларды сүйгені Исаның бүкіл өмірі мен іс-әрекеттерінен көрініп тұрған (2-абзацты қараңыз)

2. Иса қалай бала кезінен Жазбалармен таныс болды? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

2 Иса кішкентайынан-ақ Құдай Сөзін оқып, тыңдап өскен. Үйде ол ата-анасының аузынан Жазбалардағы сөздерді естіп, құлағына құйып жүргені сөзсізc (Мұс. 5-ж. 6:6, 7). Демалыс күні отбасымен бірге мәжілісханаға барған сайын да, ол Жазбаларды мұқият тыңдайтын (Лұқа 4:16). Кейін ол Жазбаларды өзі оқи алатын болды. Иса Жазбаларды беске біліп қана қоймай, оларды жақсы көрген әрі білгендері оны іс-әрекетке талпындырған. Мысалы, небәрі 12 жасында ғибадатханада болған жағдайды еске алсақ, Мұса Заңын жетік білетін ұстаздар “оның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалысқан” (Лұқа 2:46, 47, 52).

3. Бұл мақалада не жайында талқылаймыз?

3 Біз де Құдай Сөзін жетік біліп, жақсы көріп кетуіміз үшін, оны жүйелі түрде оқуымыз қажет. Дегенмен құр оқып қана қоймай, оның бар нәрін сарқып алу үшін не істесек болады? Бұл үшін Иса Заңды жетік білеміз деген дін мұғалімдеріне, парызшылдар мен саддукейлерге не дегенін талдап көрейік. Бұл кісілер Киелі жазбаларды қанша рет оқыса да, оны еш пайдаларына асырмаған, өйткені Иса айтқан мына үш жайтты істемеген: 1) оқығанды түсіну, 2) рухани қазына табу, 3) Құдай Сөзінің ықпалына бойсұну. Ендеше осы үш жағынан қалай жақсара алатынымызды қарастырып көрейік.

МӘНІН ТҮСІНІП ОҚЫҢЫЗ

4. Лұқа 10:25—29 тармақтардағы әңгімеден көрінетіндей, біз Құдай Сөзін қалай оқығанымыз жөн?

4 Құдай Сөзін оқығанда, оның мәнін түсініп оқығанымыз жақсы. Әйтпесе, оқығанымыздың пайдасы болмай қалады. Исаның Мұса Заңын жетік білетін бір кісіге айтқан сөзін алайықшы (Лұқа 10:25—29 оқыңыз). Ол Исадан мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеу керектігін сұрағанда, Иса оның назарын Құдай Сөзіне аударып: “Заңда не деп жазылған? Оны қалай түсінесің?”— деп сұрайды. Ол Құдайды және өзге адамды сүю керектігін айтып, тармақтардан дұрыс жауабын келтіреді (Мұс. 3-ж. 19:18; Мұс. 5-ж. 6:5). Заңды мүдірмей айтып бергенімен, артынша ол: “Сонда мен нақты кімді сүюім керек?”— деп сұрайды. Осылайша сол сөздердің мәнін түсінбегені белгілі болады. Түсінбегендіктен, ол оны өмірінде де іске асырмаған.

Түсініп оқуды бәріміз де үйрене аламыз

5. Дұға ету мен асықпай оқудың қандай пайдасы бар?

5 Құдай Сөзін жақсырақ түсіну үшін, оны оқу әдебін қалыптастырғанымыз жөн. Бұған қандай қадамдар жататынын көрейік. Жазбаларды түсіну үшін бізге Ехобаның көмегі қажет, сондықтан оқымас бұрын дұға айтыңыз. “Алаңдамай оқиыншы” деп, одан киелі рухын сұраңыз. Сосын асықпай оқыңыз, сонда оқығаныңызды көңіліңізге тоқи аласыз. Бұл үшін дауыстап оқысаңыз немесе аудиожазбасын қосып, көз жүгіртіп отырсаңыз болады. Осылайша сезімдеріңіз іске қосылып, оқығаныңызды жақсырақ түсініп, есте сақтайсыз және көбірек сабақ ала аласыз (Ешуа 1:8). Ал соңында тағы да дұға етіп, Ехобаға Киелі кітапты бергені үшін рақмет айтыңыз әрі білгеніңізді өмірде қолдануға көмек сұраңыз.

Коллаж: 1. Әйел бауырлас қысқа жазба жазып, Киелі кітабына жапсырып қоймақшы. 2. Ер бауырлас планшетіне жазу жазып, бояп, мақаланы зерттеп жатыр. 3. Әйел бауырлас “JW Library” қосымшасында Киелі кітапты сызып, жазбаға жазып, зерттеп отыр.

Түсініп оқып, оқығанды есте сақтау үшін, ойларды түртіп отыру қаншалықты маңызды? (6-абзацты қараңыз)

6. Оқығанда сұрақтар қойып, ойларды қағазға түртіп отырудың қандай пайдасы бар? (Суретті де қараңыз.)

6 Киелі кітапты жете түсінуге көмектесетін тағы екі қадам бар. Біріншісі — сұрақтар қою. Бір оқиғаны оқып жатқанда, мына сұрақтар бойынша ойланыңыз: “Негізгі кейіпкерлер кім? Кім кімге сөйлеп жатыр және не үшін? Бұл жағдай қай жерде, қай уақытта орын алған?” Мұндай сұрақтар сізге негізгі ойларды сүзіп алуға және олардың желісін жоғалтпауға көмектеседі. Сондай-ақ ойларды қағазға қысқаша түртіп отырыңыз. Ойыңызды жинақтап, қағаз бетіне түсіргенде, оқығаныңызды жақсырақ түсіне бастайсыз әрі есіңізде де жақсы сақталады. Жазбаға сұрақтарыңызды, ізденген мәліметті, түйіндеген ойларды, білгеніңізді өмірде қалай қолданатыныңызды немесе жалпы қандай әсер алғаныңызды түсірсеңіз болады. Осыларды түртіп отырғанның арқасында Киелі кітап Ехобаның жеке сізге арнаған Сөзі екенін тереңірек сезінесіз.

7. Киелі кітапты оқығанда қандай қасиет қажет және не үшін? (Матай 24:15)

7 Иса Құдай Сөзін түсінуге көмектесетін бір маңызды қасиетті атап өткен. Ол — қырағылық (Матай 24:15 оқыңыз). Қырағылық деген — мәліметті саралап-салмақтап, бір оймен басқа ойдың байланысын, айырмашылығын көре білу және бірден көрінбейтін, астарында жатқан ойды аңғара білу қасиеті. Иса айтқандай, бұл қасиет қандай пайғамбарлықтың орындалып жатқанын түсіну үшін де қажет. Сондай-ақ оқығанымыздың барынша пайдасын көру үшін де қырағылық қажет.

8. Қырағылықпен оқу үшін не істеуге болады?

8 Ехоба қызметшілеріне қырағы болуға көмектеседі. Сондықтан оған дұға етіп, осы қасиетті дамытуға көмек сұраңыз (Нақ. с. 2:6). Сосын өзіңіз де талпынып, оқып жатқаныңызды жан-жақты талдаңыз және бұрын білгендеріңізбен байланыстырыңыз. Осы орайда “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралы” сияқты зерттеуге арналған құралдар көмек болады. Солардың арқасында Киелі кітаптағы үзіндінің мәнін түсінесіз және өмірде іске асырудың жолдарын білесіз (Евр. 5:14). Осылай қырағылықпен оқыған сайын, Жазбаларға тереңірек бойлай бересіз.

ҚҰДАЙ СӨЗІНЕН ҚАЗЫНА ТАБЫҢЫЗ

9. Саддукейлер Жазбалардағы қандай маңызды шындықты елеусіз қалдырған?

9 Саддукейлер Еврей жазбаларының алғашқы бес кітабын бастан-аяқ білетін, бірақ сонда жатқан маңызды шындықтарды елемейтін. Олар Исаны сынайын деп, қайта тірілу жайлы сұрақ қойған кезін алайықшы. Сонда Иса оларға былай деген еді: “Мұсаның кітабындағы тікенді бұта туралы әңгімеден Құдайдың оған “мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын” деген сөздерін оқымап па едіңдер?” (Мар. 12:18, 26). Бұл сұрақ нені аңғартты? Саддукейлер осы үзіндіні қанша оқыса да, астарында жатқан қайта тірілу жайлы шындықты назарларына ілмеген (Мар. 12:27; Лұқа 20:38)d.

10. Оқыған кезде нені қалт жібермеген жөн?

10 Біз бұдан қандай сабақ аламыз? Киелі кітаптан қай тармақты я қай үзіндіні оқысақ та, одан алар тәлімді қалт жібермейік. Бетінде жатқан негізгі ілімдерді ғана қанағат тұтып қоймай, тереңде жатқан принциптер мен шындықтарды қазып шығаруға тырысайық.

11. Тімөтеге 2-хат 3:16, 17-ге сай, Киелі кітаптан қалай қазына табуға болады?

11 Ал рухани қазынаны қалай табамыз? Тімөтеге 2-хат 3:16, 17-де (оқыңыз) не айтылғанына көңіл бұрайықшы. Онда “Киелі жазбалардың бәрі” 1) тәлім беруге, 2) әшкерелеуге, 3) түзетуге және 4) тәрбиелеуге тиімді делінген. Демек, Киелі кітаптың әрбір кітабының, тіпті біз көп жүгіне бермейтін кітабының да осындай төрт пайдасы бар. Ендеше, Киелі кітапты оқығанда “Ехоба жайлы, оның ниеті мен принциптері жайлы қандай тәлім аламын?” деп ойланыңыз. Оқығаныңыз сізді қай жағынан әшкерелейді? Жаман бейімділіктеріңізді байқатты ма? Бұл тармақтар одан арылып, тура жолдан таймауға қалай көмектеседі? Қандай да бір бұрыс пікірді, мысалы қызметтегі адамның пікірін, осы үзіндінің көмегімен қалай түзетуге болады? Бұл тармақтар сізді Ехоба сияқты ойлануға қалай тәрбиелейді? Осылай төрт жағынан сабақ алуға тырыссаңыз, мол қазына тауып, Киелі кітаптың көбірек пайдасын көресіз.

ҚҰДАЙ СӨЗІНІҢ ЫҚПАЛЫНА БОЙСҰНЫҢЫЗ

12. Иса парызшылдарға “оқымап па едіңдер” деуімен нені көрсетті?

12 Тағы бірде Иса парызшылдарға: “Оқымап па едіңдер?”— дегенде, олардың Жазбаларды дұрыс ниетпен оқымағанын әшкерелеген (Мат. 12:1—7)e. Сол жағдайда парызшылдар Исаның шәкірттерін Демалыс күнін бұзды деп айыптаған болатын. Иса оларға Жазбалардан екі оқиғаны және Ошия кітабынан бір тармақты келтіреді. Осылайша парызшылдардың Демалыс күнінің түпкі мәнін ұқпағанын және мейірімділік танытпағанын көрсетіп береді. Неге Құдай Сөзі оларға әсер етпеген? Себебі олар өздерін емес, басқаларды сынау үшін оқыған және тәкаппарлық көздерін тұмшалап, өздеріне сабақ алмаған. Осындай көзқарастың кесірінен оқығандарының парқына жетпеген (Мат. 23:23; Жох. 5:39, 40).

13. Киелі кітапты қандай ниетпен оқуымыз керек және неге?

13 Ендеше, парызшылдар сияқты болмай, Киелі кітапты дұрыс ниетпен, дұрыс көзқараспен оқиық. Кішіпейіл әрі үйренуге дайын болайық. Біз жүрегімізге “себіліп жатқан... сөзді жұмсақтықпен қабылдауымыз” керек (Жақ. 1:21 сілт.). Ал егер өзгелерді сынау үшін не менмендікпен оқысақ, Киелі кітаптың үйрететін мейірімділік, жанашырлық, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерін бойымызға сіңіре алмай қаламыз.

Құдай Сөзінің ықпалына бойсұнып жүргеніміз неден білінеді? (14-абзацты қараңыз)f

14. Құдай Сөзі бізге ықпал етіп жатқан-жатпағанын неден білеміз? (Суреттерді де қараңыз.)

14 Құдай Сөзінің ықпалына бойсұнып жатқан-жатпағанымызды басқа адамдарға қалай қарайтынымыздан білуге болады. Мысалы, оқығандары жүректеріне жетпегендіктен, парызшылдар “кінәсіздерді айыптайтын” (Мат. 12:7). Демек, Құдай Сөзі бізді тәрбиелеп жатқанының бір көрсеткіші — біздің басқаларға деген көзқарасымыз. Мәселен, біз біреудің жақсы жақтарын айтуға асықпыз ба, әлде жаман жақтарын ба? Мейірімді болып, адамды кешіре саламыз ба, әлде қателігін жіпке тізіп, ұзақ уақыт ренжіп жүреміз бе? Осындай сұрақтармен өзімізге шынайы баға берсек, Құдай Сөзі біздің ойымызға, сезімдерімізге және іс-әрекетімізге ықпал етіп жатқан-жатпағанын білеміз (Тім. 1-х. 4:12, 15; Евр. 4:12).

ҚҰДАЙ СӨЗІН ОҚУ БАҚЫТҚА БАСТАЙДЫ

15. Иса Киелі жазбаларға қалай қараған?

15 Иса Киелі жазбаларды қатты жақсы көрген. Оның Құдай Сөзіне деген көзқарасы қандай болатыны жайлы Зәбүр 40:8-де былай деп айтылып кеткен: “Өзіңнің еркіңді орындауға құштармын, уа, Құдайым. Заңыңды жүрегімнің түкпірінде ұстаймын”. Жазбаларды жанына серік еткенінің арқасында Иса бақытты болып, Ехобаға адал қызмет еткен. Біз де Киелі кітапты сүйіп оқып, оны бойымызға сіңірсек, бақытты әрі жемісті боламыз (Зәб. 1:1—3).

16. Құдай Сөзінің бар пайдасын көру үшін не істесеңіз болады? (“Иса сізді түсініп оқуға шақырады” деген қоршауды қараңыз.)

16 Исаның айтқан сөздерінен және үлгісінен үйрене отырып, Киелі кітапты оқу тәсілімізді шыңдай берейік. Киелі кітапты жақсырақ түсіну үшін, дұға айтайық, асықпай оқиық, сұрақтар қояйық және түйгендерімізді түртіп отырайық. Сондай-ақ қырағылықпен оқиық, яғни Киелі кітапқа негізделген әдебиеттердің көмегімен оқығанымызды талдайық. Аса таныс емес кітаптардан да рухани қазына тауып, Киелі жазбаларды жақсырақ қолданайық. Бұған қоса, дұрыс ниетпен оқып, Құдай Сөзінің ықпалына бойсұнайық. Осы кеңестерді қолдансақ, Құдай Сөзінің бар нәрін бойымызға сіңіреміз әрі Ехобаға жақындай түсеміз (Зәб. 119:17, 18; Жақ. 4:8).

Иса сізді түсініп оқуға шақырады

  • Оқығаныңызды түсінуге күш салыңыз және қырағылық танытып, өмірде қалай іске асыратыныңызды көруге тырысыңыз (Мат. 24:15; Лұқа 10:25—37).

  • Киелі кітапты тереңінен қазып, қазына табыңыз (Мар. 12:18—27).

  • Құдай Сөзінің ықпалына бойсұнып, адамдармен қарым-қатынасыңызды жақсартыңыз (Мат. 12:1—8).

КИЕЛІ КІТАПТЫ ОҚЫҒАНДА ...

  • түсініп оқу үшін не істеу керек?

  • рухани қазына табу үшін не істеу керек?

  • Құдай Сөзінің ықпалына бойсұну үшін не істеу керек?

95-ӘН Таң шапағы жарқырай түсуде

a Біз, Ехобаның қызметшілері, Киелі кітапты күнделікті оқуға тырысамыз. Оны бізден басқа да адамдар оқиды, бірақ мәнін түсіне бермейді. Ондай адамдар Исаның кезінде де болған. Исаның оларға айтқан сөздерінің астарына үңілсек, Киелі кітаптың бар пайдасын көретіндей оқуды үйренеміз.

b Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, киелі рухпен майланғанда, адам болып келгенге дейінгі жады қайтып оралған көрінеді (Мат. 3:16).

c Мәриям Жазбаларды жақсы білген әрі одан үзінді келтірген (Лұқа 1:46—55). Дегенмен Жүсіп пен Мәриямның Жазбалардың бір-бір данасын сатып алуға жағдайлары жетпесе керек. Демек, олар мәжілісханада Құдай Сөзі оқылғанда асқан зейінмен тыңдап, кейін соны еске түсіріп, айтып отырған көрінеді.

d 2013 жыл, 1 ақпандағы “Күзет мұнарасы” журналының “Құдайға жақындаңыз. Ол... тірілердің Құдайы” деген мақаласын қараңыз.

e Матай 19:4—6 тармақтарға қарасаңыз, Иса бұл жерде де парызшылдардан: “Оқымап па едіңдер?”— деп сұраған. Олар жаратылыс жайлы үзіндіні оқыса да, ол жақтағы Құдайдың некеге қатысты көзқарасын елеусіз қалдырған.

f СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жиналыста аудио мен видеоға жауапты ер бауырлас бірнеше қателік жасап қойды. Жиналыс біткен соң ер бауырластар оның қателігін емес, күш салғанын айтып мақтап жатыр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу