Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w23 ақпан 14—19 бет.
  • “Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар!”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар!”
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙЛАРДЫ БАҚЫЛАҒАНДА БАЙСАЛДЫ БОЛЫҢЫЗ
  • ӨЗІМІЗГЕ САҚ БОЛУ ДЕГЕН НЕ?
  • УАҚЫТЫМЫЗДЫ БАРЫНША ТИІМДІ ПАЙДАЛАНАЙЫҚ
  • Неге “сергек болуымыз” керек?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
  • Исаға еліктеп сергек бол
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Шыдаммен күтіңдер!
    2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Сергек болыңдар!” адамзатты соттайтын уақыт туды!
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
w23 ақпан 14—19 бет.

8-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар!”

“Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар!” (ПЕТ. 1-Х. 5:8).

144-ӘН Зор сыйға назар тігейік

АҢДАТПАa

1. Иса шәкірттеріне заманның аяғы қашан болатынына қатысты не деді және не деп ескертті?

ИСАНЫҢ өлерінен бірнеше күн бұрын төрт шәкірті оған келіп: “Осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрайды (Мат. 24:3). Осылай олар Иерусалим мен ондағы ғибадатхананың қашан жойылатынын білгісі келсе керек. Бірақ Иса оларға Иерусалим мен ғибадатхананың жойылуын ғана емес, бүгінде біз өмір сүріп жатқан “заманның аяғы” туралы да айтып берді. Ал бұның қашан болатынына қатысты Иса: “Сол күнді не сағатты ешкім — көктегі періштелер де, Ұл да — білмейді, Әкем ғана біледі”,— деді. Сондықтан барлық шәкірттерін: “Сергек болыңдар”,— деп ескертіп кетті (Мар. 13:32—37).

2. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге сергектік сақтау қаншалықты маңызды болды?

2 Бірінші ғасырдағы еврей мәсіхшілерге сергектік сақтау керек еді, өйткені аман қалулары соған байланысты болды. Иса оларға Иерусалим мен ғибадатхананың жойылатын уақыты жақындап қалғанын қалай білуге болатынын айтып кетті. Ол: “Иерусалимді әскерлер қоршап алғанын көргенде, оның қаңырап бос қалатын кезі жақын қалғанын білесіңдер”,— деді. Осыны көргенде оларға “тауға қашу” керек болатын (Лұқа 21:20, 21). Кейін римдіктер келіп, Иерусалимді күйреткенде, мәсіхшілер Исаның ескертуіне құлақ асып, аман қалғандарына қатты қуанды.

3. Бұл мақалада не қарастырамыз?

3 Бүгінде біз мына зұлым заманның ақырында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бізге де қырағы болып, сергектік сақтау қажет. Бұл мақалада біз әлемдік жағдайларды бақылағанда қалай байсалды бола алатынымызды, өзімізге сақ болу нені білдіретінін және қалған уақытымызды қалай барынша тиімді пайдалана алатынымызды қарастырамыз.

ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙЛАРДЫ БАҚЫЛАҒАНДА БАЙСАЛДЫ БОЛЫҢЫЗ

4. Әлемдегі жағдайлар неге бізді қызықтыруы керек?

4 Әлемде болып жатқан жағдайлар бізді қатты қызықтыратыны түсінікті-ақ, өйткені Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың қалай орындалып жатқанын білгіміз келеді. Мысалы, Иса Шайтанның дүниесінің соңы жақындап қалғанын көрсететін нақты оқиғаларды атап кеткен (Мат. 24:3—14). Елші Петір де сенімді берік сақтау үшін, пайғамбарлықтардың қалай орындалып жатқанына ден қоюымыз керектігін айтқан (Пет. 2-х. 1:19—21). Соңғы Аян кітабы да: “Бұл — Құдайдың өз құлдарына жуырда болатын жайттарды көрсету үшін Иса Мәсіхке берген аяны”,— деген сөздермен басталады (Аян 1:1). Сондықтан біз әлемдік жағдайларға мұқият ден қойып, Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалуын бақылап жүреміз. Кейде тіпті бұл ішімізге сыймай, басқалармен талқылағымыз келіп тұрады.

Әлемдегі оқиғаларды екі түрлі қабылдаған ерлі-зайыптылар. 1. Бір ерлі-зайыпты теледидардан әлемдік лидерлердің бейбітшілік жайлы келісім жасасқанын көріп отыр. Кейін олар Патшалық сарайында екі әйел бауырласқа өздерінің пікірлерін сеніммен айтып жатыр. 2. Басқа ерлі-зайыпты Басқарушы кеңестің үндеуін көріп отыр. Кейір олар әдебиет арбасына келген ер адамға уағыздап жатыр.

Киелі кітап пайғамбарлықтарын талқылағанда неден қашық, ал неге асық болуымыз қажет? (5-абзацты қараңыз)b

5. Біз не нәрседен сақ, ал не нәрсеге ынталы болуымыз керек? (Суреттерді де қараңыз.)

5 Алайда Киелі кітап пайғамбарлықтарын талқылағанда, өзімізше болжап, тұжырымдаудан сақ болуымыз қажет. Өйткені осылайша қауым бірлігінің бұзылуына түрткі боп қалуымыз мүмкін. Мысалы, жаңалықтардан әлемдік көшбасшылардың қандай да бір қақтығысты тоқтатып, бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатамыз деп жатқанын естідік делік. Сол кезде Салоникалықтарға 1-хат 5:3-тегі пайғамбарлық орындалып жатыр деп жорамалдағанша, Ехобаның ұйымы шығарып жатқан соңғы мәліметтерге ден қояйық. Әңгімемізді сол мәліметтерге ғана негіздесек, қауымдағылардың жікке бөлінбей, “пікірлері бірдей болуына” септігімізді тигіземіз (Қор. 1-х. 1:10; 4:6).

6. Петірдің 2-хаты 3:11—13 тармақтардан қандай маңызды ой түйеміз?

6 Петірдің 2-хаты 3:11—13 оқыңыз. Елші Петірдің сөздері Киелі кітап пайғамбарлықтарын қарастырғанда байсалды болуға көмектеседі. Ол “Ехобаның күнінің келгенін күтіп, оны есімізде мықтап ұстауға” шақырған. Есте ұстағандағы мақсатымыз — Армагеддонның келетін “күні мен сағатын” анықтау емес, қайта, сол уақытты пайдаланып, “жүріс-тұрысымызды қасиетті, ал іс-әрекетімізді Құдайға шын берілген адамдарға тән” ету (Мат. 24:36; Лұқа 12:40). Демек, біз адал жүріп-тұруға және Ехоба үшін қызметте не істесек те, оны жақсы көргендіктен істеуге талпынамыз. Ал бұл үшін өзімізге сақ болуымыз керек.

ӨЗІМІЗГЕ САҚ БОЛУ ДЕГЕН НЕ?

7. Өзімізге сақ болу деген нені білдіреді? (Лұқа 21:34)

7 Әлемдік оқиғаларға ден қоюымызбен қатар, Иса бізді: “Өздеріңе сақ болыңдар!”— деп ескерткен (Лұқа 21:34 оқыңыз). Өзіне сақ болатын адам Ехобамен қарым-қатынасын қызғыштай қорғап, оны бұзатын кез келген нәрседен аулақ жүреді. Осылайша Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылмайды (Нақ. с. 22:3; Яһд. 20, 21).

8. Елші Пауыл мәсіхшілерге қандай кеңес берген?

8 Өзімізге сақ болу керектігін елші Пауыл да айтқан. Мысалы, ол Ефестегі бауырластарға: “Қалай әрекет ететіндеріңе мұқият ден қойыңдар, ақылсыз емес, дана болыңдар”,— деген (Ефес. 5:15, 16). Шайтан біздің Ехобамен достығымызға тынбай шабуылдай береді, сондықтан оған қарсы тұру үшін, “Ехобаның еркін танып-біле беру” керек (Ефес. 5:17).

9. Белгілі бір жағдайға қатысты Ехобаның еркін қалай білеміз?

9 Киелі кітапта Ехобамен достығымызды бұзатын жайттардың барлығы жазыла бермеген. Көп жағдайда бізге онда тікелей айтылмаған мәселелерге қатысты шешім қабылдау керек болып жатады. Осындайда дұрыс шешім қабылдау үшін, “Ехобаның еркін” сезе білуіміз қажет. Ал бұл жүйелі түрде Құдай Сөзін зерттеп, ой жүгірткеннен келеді. Ехобаның еркін тани беріп, “Мәсіхтің ой-санасын” жетілдіре түссек, нақты басшылық болмаған кезде де дұрыс шешім қабылдап, “дана бола” аламыз (Қор. 1-х. 2:14—16). Кейбір нәрселердің рухани күйімізге қауіпті екені бірден көрініп тұрады, ал кей жағдайларда ол мүлдем байқалмауы мүмкін. Қазір сол туралы көбірек білейік.

10. Қандай қауіпті әрекеттерден аулақ болуымыз керек?

10 Аулақ болатын қауіпті әрекеттерге қырындау, шектен тыс ішу, мешкейлік, ауыр сөздер айту, қатыгез ойын-сауық түрлерін қарау, порнография, тағы сол сияқтылар жатады (Зәб. 101:3). Жауымыз Ібіліс Ехобамен қарым-қатынасымызға сызат түсірудің бірде-бір мүмкіндігін қалт жібермейді (Пет. 1-х. 5:8). Абай болмасақ, Шайтан санамыз бен жүрегімізге қызғаныш, арамдық, ашкөздік, жеккөрушілік, тәкаппарлық пен өкпе-реніштің тұқымын сеуіп кетуі мүмкін (Ғал. 5:19—21). Басында бұл сезімдер аса бір мән беретіндей проблема болып көрінбейтін шығар. Бірақ одан арылу үшін бірден әрекет етпесек, ол улы өсімдіктей қаулап өсіп, пәлеге ұшыратады (Жақ. 1:14, 15).

11. Қандай жасырын қауіп бар және неге одан аулақ жүруіміз керек?

11 Жасырын қауіптердің бірі — жаман орта. Мынадай жағдайды елестетейікші: сіз мәсіхші емес адаммен жұмыс істейсіз делік. Ехоба куәгерлері жақсы адамдар екенін білсін деп сіз оған жақсы қарап, көмектесіп тұруға тырысасыз. Арасында екеуіңіз түскі асты бірге ішіп тұрасыздар. Бір қарасаңыз, онымен күнде түстенетін болыпсыз. Арасында ол өнегесіз әңгімелер айтып қалғанда, біртүрлі болып қаласыз да, ал уақыт өте оған етіңіз үйрене бастайды. Бір күні жұмыстан кейін ол “шаршағанымызды басайық” деп ішіп қайтуды ұсынады, сіз келісесіз. Келе-келе оның айтқандарын мақұлдап, ойларыңыз бір жерден шығатын болады. Енді қалай ойлайсыз, сіздің іс-әрекетіңіз де сол адамдікіндей болып кетуі мүмкін бе? Көп ұзамай сондай күйге жетеріңіз анық. Әрине, біз барлық адамға сый-құрметпен қараймыз, бірақ ұмытпайық, бірге жүретін адамдарымыз бізге қатты әсер етеді (Қор. 1-х. 15:33). Сондықтан Иса айтқандай, өзімізге сақ болып, Құдайдың принциптерін ұстанбайтын адамдармен жөнсіз араласпайық (Қор. 2-х. 6:15). Қайта, көреген болып, жасырын қауіптен аулақ жүрейік.

УАҚЫТЫМЫЗДЫ БАРЫНША ТИІМДІ ПАЙДАЛАНАЙЫҚ

12. Исаның шәкірттері заманның соңы келгенше немен айналысулары керек еді?

12 Исаның шәкірттері заманның соңын қол қусырып күтіп отырмады. Иса оларға арнайы бір іс тапсырып, “Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін ізгі хабарды жариялауды” бұйырды (Ел. іс. 1:6—8). Бұл бір ғаламат жоба еді! Шәкірттері осы істі жан-тәндерімен атқару арқылы уақыттарын барынша тиімді пайдаланды.

13. Уақытты неге барынша тиімді пайдаланған жөн? (Қолостықтарға 4:5)

13 Қолостықтарға 4:5 оқыңыз. Өзімізге сақ болу үшін, уақытты қайда жұмсап жүргенімізге ықтият болғанымыз өте маңызды. Себебі кез келгеніміз “кездейсоқ жағдайларға тап болып”, өміріміз шорт үзіліп кетуі мүмкін (Уағ. 9:11).

Екі әйел бауырлас бір әйелмен Киелі кітапты зерттеу сабағын өтіп жатыр. Олар “Патшалық сарайында не үшін жиналамыз?” деген бейнероликті көрсетіп отыр.

Уақытымызды барынша тиімді пайдалануға не жатады? (14, 15-абзацтарды қараңыз)

14, 15. Уақытымызды барынша тиімді пайдалануға не жатады? (Еврейлерге 6:11, 12) (Суретті де қараңыз.)

14 Уақытымызды барынша тиімді пайдалану деген Ехобаның еркін орындауды және онымен достығымызды бекемдей беруді білдіреді (Жох. 14:21). Біз “берік болуымыз, мызғымай тұруымыз және Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектенуіміз” керек (Қор. 1-х. 15:58). Сонда осы дүниенің соңы я өміріміздің соңы келгенде, бізде ешқандай өкініш болмайды (Мат. 24:13; Рим. 14:8).

15 Иса әлі де шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп, жетелеп келеді. Шәкірттері жер-жерде Құдай Патшалығын жариялау үшін, Иса өз тарапынан барлығын істеп жатыр. Ехобаның ұйымы арқылы ол бізге уағыздауды үйретіп, уағызға қажетті құралдармен жабдықтауда (Мат. 28:18—20). Ал біз өз тарапымыздан не істейміз? Уағыздау мен тәлім беру ісіне барымызды саламыз және Ехоба осы зұлым заманды жоймайынша, сергектік сақтаймыз. Еврейлерге 6:11, 12-дегі (оқыңыз) кеңеске құлақ ассақ, үміт отын “соңына дейін” сөндірмейміз.

16. Біз не нәрсеге бекінгенбіз?

16 Ехоба Шайтанның дүниесін жоятын күн мен сағатты белгілеп қойған. Сол күн келгенде, ол өзінің Сөзінде жазылған пайғамбарлықтарды бірін қалдырмай іске асырады. Бірақ кейде бізге заманның соңы жуық арада келмейтіндей көрінуі мүмкін. Алайда Ехобаның күні “еш кешікпейді!” (Абқ. 2:3). Сондықтан “Құтқарушы Құдайымызды шыдаммен күтіп”, “бар назарымызды Ехобаға тігейік!” (Миха 7:7).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Әлемдік жағдайларды бақылағанда байсалды болу деген нені білдіреді?

  • Өзімізге сақ болуға не жатады?

  • Уақытымызды барынша тиімді пайдаланудың жолдары қандай?

139-ӘН Жұмақта жүргеніңді елестет

a Бұл мақалада біз әлемдік жағдайларды көргенде, байсалды болудың және қырағылық сақтаудың маңыздылығын білеміз. Сондай-ақ өзімізге сақ болу үшін не істеуіміз керектігін және қалай уақытымызды барынша тиімді пайдалана алатынымызды көреміз.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жоғарыда: бір ерлі-зайыпты жаңалық қарап отыр. Кейін қауымға барғанда, көрген жаңалыққа байланысты өз пікірлерін қауымдағы бауырластарға ынты-шынтысымен айтып жатыр. Төменде: бір ерлі-зайыпты Киелі кітап пайғамбарлықтарына қатысты соңғы түсінікті біліп отыру үшін, Басқарушы кеңестің үндеуін көріп отыр. Олар адамдарға адал да ақылды құл дайындаған әдебиеттерді ұсынып тұр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу