“Халықты менің алдыма жина”
1. Бүгінде өтетін конгрестер мен исраилдіктердің Мысырдан шыққаннан кейін болған жиыны қай жағынан ұқсас?
1 Мысырдан шыққаннан кейін көп ұзамай Ехоба Мұсаға исраилдіктерді Синай тауының етегіне жинауды бұйырды. Ол жерде халық Құдай алдындағы қорқынышқа ие болу үшін Құдай сөзін тыңдап, балаларына да тәлім бере алатын (Заң. қ. 4:10—13). Бұл есте қаларлық әрі сенім нығайтарлық жиын болғанында сөз жоқ! Ехобаның қазіргі халқы тәлім алу үшін облыстық және халықаралық конгрестерге келесі бірнеше ай ішінде жиналатын болады. Бұл жиынның толық пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?
2. Конгреске “дайын болу” үшін не істеуіміз керек?
2 “Дайын бол”. Ехоба исраилдіктерге Синай тауында өтетін тарихи жиналысқа “дайын болуды” бұйырған (Мыс. ш. 19:10, 11). Тура сол сияқты облыстық конгреске тек бағдарламаға қатысатындар ғана емес, онда баратындардың бәрі де жақсылап дайындалу керек. Мысалы, көбісіне жұмыстарынан сұрану үшін қам жасау керек. Бәлкім, сенің жағдайың Нехемияның жағдайына ұқсас шығар. Артаксеркс патшаның сарайында шарапшы болған Нехемия Иерусалимге барып, оның қабырғаларын қайта тұрғызу үшін патшадан сұранғысы келеді. Алайда ол патшаның бұған келіспеуі мүмкін екенін білген. Сонда Нехемия дұға етіп, патшаға өтінішін ілтипаттылықпен әрі батылдықпен айтады. Нәтижесінде патша оған рұқсат етеді, тіпті құрылыс жобасын қолдап, көмектеседі! (Нех. 2:1—9). Алайда саған жұмыстан сұранумен қоса, конгресс болатын жерге жету мен жататын орын табу туралы да қамдану керек болар. Бұл ретте көмек керек болса, ақсақалдар қуана-қуана көмектесе алады. Конгрестің әр күніне ерте келуді жоспарла және еститіндерімізге “бұрынғыдан да мұқият ден қою” үшін дайын бол (Евр. 2:1).
3. Бағдарламаға жүрегімізді дайындауға не көмектеседі?
3 Дайын болудың тағы бір маңызды жолы — тыңдау және үйрену үшін жүрегімізді дайындау (Езра 7:10). Конгрестің бағдарламасы jw.org веб-сайтымызда алдын ала шығатын болады. Бағдарламада барлық баяндамалардың тақырыптары мен оларға негіз болған бір-екі жазба орындары жазылады. Бағдарлама конгресс болатын апталар алдында отбасылық ғибадат өткізуге көмектесетін керемет мәлімет көзі болып табылады. Кейбір жариялаушылар оны басып шығарып, конгресс кезінде ұнаған ойларын қысқаша жазып отыру үшін қолданады.
4. Ата-аналар конгресс бағдарламасының көмегімен балаларына қалай тәрбие бере алады?
4 Балаларыңа да тәрбие беріңдер. Синай тауында жиналудың тағы бір себебі — исраилдіктер “балаларына да... тәрбие берулері” керек еді (Заң. қ. 4:10). Облыстық конгресс ата-аналарға осы сөздерді жүзеге асыруға керемет мүмкіндік береді. Ата-аналар бағдарлама барысында балаларын қастарына алып отырулары және оларға мұқият тыңдауға көмектесулері керек. Әр күннің соңында және отбасылық ғибадат кештерінде отбасылар бағдарламаны бірге талқыласа болады.
5. Облыстық конгрестің пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?
5 Синай тауының етегінде өткен маңызды жиын исраилдіктерге Құдай халқы болу мәртебесін бағалауға көмектескен (Заң. қ. 4:7, 8). Алда келе жатқан облыстық конгресс бізге де солай етуге көмектесу мақсатымен дайындалған. Үш күн бойы біз Шайтан дүниесінің шөл даласынан шығып, рухани жұмағымызда жігер беретін бауырластарымызбен араласа аламыз және рухани сергітетін тәлім ала аламыз (Ишая 35:7—9). Ехобаның күні жақындаған уақытта, бауырластарымызбен араласып, өзара жігерленуге мүмкіндік беретін кездесуімізді қалдырмауға бел буайық! (Евр. 10:24, 25).